«Абай жолы» эпопеясы арқылы қазіргі қазақ прозасы күллі дүние жүзі әдеби классиканың шырқау шыңына шықты. Бұл да аз, әлемнің
басқа елдерінде де оған тең келетін шығарма табу қиын. Бұл — менің ойымша, ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі.Луи Арагон
Бұл тамаша эпопея бізге тұтас бір әлемді сыйға тартты, табиғаттың, тұрмыстың небір ғажайып картиналарымен, адам құштарлықтарын сипаттауымен бізді іңкәр етті.
Николай Тихонов
Мұхтар Әуезов — сарқылмайтын, бітпейтін, жасарып, жаңғыратын, өмірдің өзіндей, жапырағы мәңгі жап-жасыл, жалғаса беретін құбылыс.
Рымғали Нұрғали
Әуезов үлкен гуманист адам еді. Ол өз халқын, оның биік мәдениетін шексіз сүйетін. Өзге халықтың әдебиетін өз халқының әдебиетіндей терең түсініп, оны құрмет тұтып, үнемі қошеметтеп отыратын.
Александр Корнейчук
Мұхтар Әуезов «Менің өмірбаяным» деген мақаласында: «Менің аталарым ХІХ ғасырдың бас кезінде Орта Азия жақтан кеп, тобықты руына сіңіп кетіпті», — деп жазған, Смағұл Сәдуақасовтың сұрағына жауап ретінде жазылған «Өз жайымнан мағлұмат» деген хатында: «Менің тегім — қожа. Алғашқы шыққан жерлері Қаратау деуші еді… Тобықты ішіне менің үшінші атам Бердіқожа бірталай туысқандарын ертіп, найман ішінен келген», — дейді.
Жазушының ата-бабасы Орта жүзде өте ықпалды адам болған Ақтайлақ бидің ұйымдастырып, сұратуымен Аягөз жеріне келіп қоныстанады. Жаназа шығаратын молдалар азайып кеткендіктен, Ақтайлақ би Түркістаннан отыз шақты қожаны отбасымен арнайы көшіртіп алады. Құнанбай сияқты сұлтандар мен би-болыстарға хабар жіберіп, қожаларды таратады. Сонда Құнанбай Мұхтардың атасы, өзімен замандас Бердіқожаны қоярда-қоймай жүріп көшіріп алып, шұрайлы қоныс Архатты береді. Бердіқожа кесек тұлғалы, сөзге шебер, беделді адам болады.
«Абай жолының» бірінші кітабында Бөжей арызбен Қарқаралыға барғанда, Құнанбай тарапынан осы Бердіқожа да барады. Оның Үсен, Бурахан, Әуезхан, Кенжехан, Самархан деген бес ұлы, төрт қызы болған. Құнанбай Бураханды үнемі қасына ертіп жүреді екен. Бұл да романда бар. «Абай жолында» суреттелетін Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғаным — осы Бердіқожаның қызы.
Мұхаммед пайғамдардың қызы Бибі Фатима мен күйеу баласы Әзірет Әлінің екі ұлынан тараған ұрпақ «қожа» деген атауға ие болған. Дін тарихында бұларды «Сейіт қожалар» деп атайды
М.Әуезовтің бүркеншік аттары (псевдоним) — Қоңыр, Жаяу сал, М.Ә. Ал Ж.Аймауытұлы мен М.Әуезовтің «Екеу» деген бүркеншік атпен «Абай» журналында жарияланған «Абайдың өнері һәм қызметі» (1918, №2), «Абайдан соңғы ақындар» (1918, №5) деген мақалалары екі жазушының көптомдық жинақтарына енгізілген. Сондай-ақ «Екеу» деген бүркеншік атпен жарияланған «Көркем әдебиет туралы» (Еңбекші қазақ, 1927) деген мақала авторлары Абдолла Байтасов пен Даниял Ысқақов екендігі жөнінде С.Мұқанов, Т.Жұртбай т.б. пікірлері бар. Бұлар да осы атты пайдаланды ма, жоқ па деген дүдәмал сауал туындайды.
Мұхтар Әуезов Шығыс Қазақстан облысы (бұрынғы Семей облысы) Абай ауданының Қасқабұлақ Бөрілі аулында 1897 жылы үш қыздан кейін туған.
Мұхтардың атасының есімі — Әуезхан. Ағайындары Әуез деп атап кетіпті. Әуезден Мұхтардың әкесі Омархан туады. Ал жазушының әжесі — Дінәсіл — Ақтайлақ бидің бес ұлдың ішінде жалғыз қыз болып, еркелеп өскен немересі. Найманның қаракерей тегінен тарайтын бір тайпадан «он жеті ақын шыққан» сыбан руынан шыққан. «Абай жолы» романында Барлас деген атпен берілген ақын Дулат Бабатайұлы Абай ауырғанда көңілін аулап, қасында бір ай жайдан-жай қонақ боп жатпаған. Ол — Құнанбай ауылына сыйлы Дінәсілдің туысы.
Әуездің екінші әйелі Сақыштан туған Ахмет Әуезов «Бала Мұхтар» (1967 ж.), «Жас Мұхтар» (1977 ж.) атты естелік-кітапшалары арқылы жұртшылыққа жақсы таныс.
Мұхтар атасы Әуезден арабша хат таныды. Бұл туралы жазушы «Менің өмірбаянымда»: «Атамыз бізді өзінше оқытатын. Бұл оның өзіне оңайырақ соққан шығар… Ал аздап қара таныған соң өлеңнің бірінен соң бірін жаттадым. Өлеңдер біртүрлі ұзақ, түсініксіз. Ара-арасында Фошкин, Лермонтып, Крылоп, Татьян мен Анегин тәрізді бұрын құлақ естімеген, оқшау өзгеше есімдер естіліп қалады. Молдаға ұқсап, атамыз бізге таң атқаннан күн батқанға дейін кітаптан бас алғызбайтын», — деп жазады. Осы келтірілген мысалдардан Әуез атасының хат танығаннан кейін оқушыларына тек қана Абай шығармаларын жаттатқанын байқауға болады.
Абайдың бүкіл қарасөзі мен өлеңдерін ғана емес, А.С.Пушкин, И.А.Крылов, М.Ю.Лермонтовтан аударған тәржімелеріне дейін бес жасынан жаттап өскен М.Әуезовтің абайтанушы болуына бірден-бір ықпал жасаған адам — Әуез атасы екенінде дау жоқ. Ауылы аралас, қойы қоралас құдандалы адамдар болғандықтан, Дінәсіл әжесі Абай ауылына сыбаға апарған кезде Мұхтар да ілесіп барады екен. Бірде әжесіне «Үйге қайтайық» деп қыңқылдай бастағанда Абайдың «Қой, қарағым, жылама» деген дауысы мен байсалды көзқарасы жазушының мәңгібақи есінде қалып қояды.
Бұл туралы Зейнолла Қабдолов «Менің Әуезовім» деген роман-эссесінде былай деп жазды: «Мұхтар Абайдың қабырғаға ілінген суретін көріп, қатты ашуланып: «Мынау — Абай емес, Абайдың көзі емес» деген екен. Әуез атасынан кейін бала Мұхтардың өміріне әсер еткен екінші адам — Қасымбек.
Ол — Әуездің Сақыш деген әйелінен туған бес ұлдың бірі. Жаңаша оқуды қалай бастағанын білу үшін жазушының өз сөзіне жүгінейік: «Оқуды 5-6 жасқа келген соң өзімнің үлкен әкемнен (Әуез атасын айтып отыр) оқи бастадым. Сол кісінің алдынан хат танығаннан кейін, әкеммен бір туысқан ағам Қасымбек қасына алып, Камали (Камалидин) деген хазіреттің медресесінде Семейде бір жыл (1908 ж.) мұсылманша оқытты да, артынан орысшаға берді. Орыс оқуына әуелі өзі дайындады.
Содан кейін бір қыс ішінде ауылнай школдан Әбіш Қасенов деген Семей семинариясын бітіріп шыққан қазақ учителінен оқып, келесі жыл күз Семейдің «5 классный городской училищесіне» түстім. Содан әрі мектептегі оқу тәртіппен кетті». М.Әуезов бес кластық училищеге 1912—1913 оқу жылында түсіп, 33 оқушының ішінен келесі сыныпқа үздік бағамен (грамотамен) көшірілген екі оқушының бірі болады. Соңғы курста оқып жүргенде 14 жастағы болашақ жазушы «Есімде қалған бір күн» тапсырмасына орай «Дауыл» (Ураган) атты ең алғашқы шығармасын жазады.
Осы училищенің директоры И.Я.Малахов «… оқып жүрген үш-төрт қазақ және орыс балаларының арасында орта бойлы, толықша келген, кең маңдайлы қазақ баласы ерекше көзге түсетін. Әсіресе, оның көзі әсерлі еді. Үлкен, ойлы көзімен бүкіл дүниенің бәріне ынтыға қарайтын… Бұл бала Мұхтар еді.
Тамаша қабілеттілігі өз ойын дұрыс жеткізе білуі, көргенін, естігенін және оқығанын әсте ұмытпайтындығы, зеректігі оны жолдастарының арасында даралап тұратын. Мен бірде-бір мұғалімнен Мұхтар қай сабақтан болсын нашар жауап берді дегенді естіген емеспін», — деп жазады. Училищеде жүргенде болашақ жазушы Семей қаласында құрылған «Ярыш» футбол командасының құрамында ойнайды, сондай-ақ жүгіру, шаңғы тебу сияқты үйірмелерге қатысады. Спорт тақырыбы бойынша қабырға газетін шығарып, халық музыка аспаптарының оркестрін ұйымдастырады.
Аталмыш училищеден кейін 1915-1919 жылдары Семейдегі мұғалімдер семинариясында оқиды. Осы оқу орнындағы ұстазы В.И.Попов: «Ол әрқашан да байсалды сыпайылығымен, мұғалімдері мен жолдастарына деген қарым-қатынастағы ұстамдылығымен, маңғаздығымен (иә, иә, иә, рас айтамын, маңғаздығымен) тіпті өз класының ішінде бөлек тұратын еді де, курстас достарының арасында өте абыройлы болатын. Орыс тілін өте жақсы игерген ол эрудициясымен бізді таңқалдырушы еді», — деп сүйсіне жазған еді.
1917 жылы Жүсіпбек Аймауытұлымен бірігіп жазған «Қазақтың өзгеше мінездері» деген алғашқы мақаласы «Алаш» (Ташкент, 30 наурыз, №16) газетіне басылса, Тұрағұл Абайұлымен бірігіп жазған «Адамдық негізі — әйел» атты мақаласы «Сарыарқа» газетіне (Семей, 5 қыркүйек, №12), «Оқудағы құрбыларыма» атты мақаласы да осы газеттің 14 қыркүйектегі санына шығады.
1918 жылы Жүсіпбек Аймауытұлы екеуі Семейде «Абай» журналын шығарып, «Екеу» деген атпен мақалалар жариялай бастайды. Сондай-ақ «Алаш жастары» одағын құрып, түрлі үйірмелердің ашылуына ұйытқы болады. Әуезов 1918 жылы 5-13 мамырда Омбы қаласында өткен Жалпы қазақ жастарының құрылтайында орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады.
Семинарияны бітіргеннен кейін қоғамдық-саяси жұмысқа араласа бастаған. 1920 жылы Семей губревкомының (губерниялық революциялық комитет) жанынан ашылған қазақ бөлімінің меңгерушісі және «Қазақ тілі» газетінің ресми шығарушысы болады. 1920 жылы «Ес-аймақ» деген мәдени-ағарту қоғамын құрады, жазушының «Еңлік-Кебек», «Ел ағасы», «Бәйбіше-тоқал» пьесаларын осы қоғам мүшелері сахналайды.
1921 жылы Қазақ АКСР Орталық атқару комитетінің (ОАК) төралқа мүшелігіне сайланып, онда кадр мәселесімен айналысады. Сол жылы «Қорғансыздың күні» әңгімесі «Қызыл Қазақстан» журналының №3-4 сандарында жарияланады. Осы жылдары «Сөніп-жану», «Қыр әңгімелері», «Үйлену» сияқты әңгімелерін жазды. 1922 жылы күзде Ташкенттегі Орта Азия университетіне тыңдаушы болып оқуға түседі әрі «Шолпан» және «Сана» журналдарына жұмысқа орналасады. Осы басылымдарда «Қыр суреттері», «Қыр әңгімелері», «Үйлену», «Оқыған азамат», «Кім кінәлі», «Заман еркесі» («Сөніп-жану») әңгімелері мен «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі», «Қызыл сұңқарлар» т.б. мақалалары (екі мақала да «Қоңыр» деген бүркеншік атпен берілген) жарияланады. 1923жылы қазіргі Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетінің тіл-әдебиет бөліміне оқуға түседі. Арасында бір жарым жыл үзіліс жасап, 1925-1928 жылдары қайта жалғастырып, бітіріп шығады. Үзіліс жылдары Семейде «Таң» журналын шығаруға ұйытқы болады.
1925 жылдың бір өзінде бұл журналға жазушының «Жетім», «Барымта», «Қаралы сұлу», «Кінәмшіл бойжеткен», «Ескілік көлеңкесінде», «Жуандық», «Бүркіт аңшылығының суреттері» атты жеті әңгімесі, Мамин-Сибиряктан бір аудармасы, «Қобыланды батыр» жыры туралы мақаласы жарияланады. Осы жылы «Қаракөз» пьесасын жазып, 1926 жылы жарияланған конкурста бірінші орын алады. «Әдебиет тарихы» атты монографиясы 1927 жылы кітап болып шығады.
Осы жылы жазда Ілияс Жансүгіровпен бірге Жетісу өңірін аралап, болашақ шығармаларына материал жинайды. Ленинградқа (Санкт-Петербург) қайтып оралысымен, осы материалдар негізінде «Қараш-Қараш оқиғасы» повесін, «Қилы заман» романын, «Хан Кене» пьесасын жазады.
1930 жылы Әуезов «қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымының мүшесі, ұлтшыл, байшыл» деген айыппен Ташкентте қамауға алынып, Алматыға жеткізіледі. Ахмет Байтұрсынұлының «Жаңа өкімет бізге сенбейді. Біздің көзімізді көрген сен тірі қалуың үшін кешірім сұра» деген ақылымен газетке ашық хат жазып, түрмеден шығады. 1932 жылы Қазақ педагогика институтының (қазіргі Абай атындағы Қаз ҰПУ) аға оқытушысы болып қызмет істейді.
1934-1961 жылдар аралығында қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де ұстаздық қызмет атқарады. Сондағы Қазақ әдебиеті кафедрасының негізін қалайды. Осы жылдары студенттерге арнап «Қазақ халқының ауыз әдебиеті», «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Қазақ халқының суырыпсалма айтыс өнері», «Туысқан халықтар әдебиеті», «Абайтану» секілді жалпы және арнаулы курстардан дәріс оқыды.
М.Әуезов шығармашылығының үлкен бір саласы — Абай жайындағы еңбектері. Бала кезінен ақынның өлеңдерін жаттап, ұлылығын құлағына сіңіріп өскен М.Әуезов бұл тақырыпқа әңгіме («Татьянаның қырдағы әні»), зерттеу («Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы»), либретто, пьеса, сценарий, роман-эпопея («Абай жолы») жазды. «Абай жолы» шығармасы алғаш «Абай» деген атпен (1942 жылы бірінші, 1947 жылы екінші кітабы) жарық көрген.
Жазушы 1961 жылы 27 маусымда Мәскеу қаласындағы Кремль ауруханасында операция кезінде қайтыс болды. Қазақстан үкіметі қабылдаған арнайы қаулыға сәйкес ұлы жазушының есімін мәңгі есте қалдыру мақсатымен ҚР ҰҒА-ның Әдебиет және өнер институтына және Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрына жазушының аты берілді. Тұрған үйі әдеби-мемориалдық музейге айналды. Республика көлемінде мектептер, көшелер және Алматының бір ауданы жазушы есімімен аталды. 1997 жылы Францияда қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовтің туғанына 100 жыл толуына арналған Қазақстан күндері өтті.
Оқуға кеңес береміз:
Мұхтар Әуезовтың нақыл сөздері
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі