Өлең, жыр, ақындар

Айбек Құндақбаев "Құмар ойын"

...Жансақтау бөлімінде алай-дүлей көңілмен, не болғанын білмей Мирас дал-дұлы шығып отыр. Бұл құдды бір ақырғы күні секілді. 

Бала күнінен алғыр, тәрбиелі Мирас жаңа қалаға келгелі ортаның түр-түрін көріп, өзіне таңсық дүниелермен таныса бастады. Қаладағы күндері үшін жалғыз өзі жүріп, балам ішсін-жесін, көрсін-білсін деп еңбек етіп жүрген анасы Күләшқа алғыс айтумен болды. Жайлы мектепке де үйренісіп, жаңа достар тапты. Ең жақын досына айналған сыныптасы Мәди мен Жұмабек Мирасқа көмектесу үшін үнемі қаланы аралатып, арлы-берлі сапырылысқан адамқараның көп шоғырланатын жері — паркті де көрсетіп, қаланың жазылмаған заңдарын айтып, шынайы достық лебіздерін білдіретін.

Бір күні Мирас үйіне тұнжырап, үнсіз кіреді де: 

— Мені өмірге алып келгеннен кейін қатарымнан қалдырмау — сіздің міндетіңіз, неге менде ғана ескі телефон? — деп оң-солынан көргеніне қызығып, анасына зіркіл дауыспен үн қатады. 

Ана байғұстың жүрегінде қанжар қадалатын орын қалмай күлген қалпын сақтап "аламыз, балам" деп, соңғы үлгідегі айфон телефонын алып береді. Бала әдеттегіше айтқан сөзі ханның бұйрығындай орындалып отырғанына тағы бір разы болып, анасына алғыс білдіреді. Солай күндер өтіп, айлар жылжыған қалпында бала Мирас мектеп бітіріп, өмірдің бір сатысын артқа қалдырды. Адам үлкейген сайын мәселелері де үлкейіп, көбейе түседі деген рас екен-ау. Ұлының мектеп бітіріп, оқуға түсуі де жалғыз басты анаға ауыр түскені хақ. Күніге екі мектептің еденін мұнтаздай етіп жуып, ұлы Мирасты оқыту үшін көлденең кескеннің көлеңкесінде қалмасын деген ниетпен тіртінектеп жинаған ақшасымен оқуға түсірді. Бар арманы — баласын жанарымен жер сүзетін емес, еңсесін тіктеп, білімді, көзі ашық азамат ету еді.

Мирас еш алаңсыз анасының тілеулестігінің, қолдауының арқасында ақылы негізде өзі қалаған Алматы қаласына оқуға түседі. Бастапқы күндері үйінде жалғыз қалған анасына хабарласып, хат алмасып тұрды. 

Бір күні университет қабырғасында жүріп, үзіліс уақытында аудиториясына кірмес бұрын апасына қоңырау соғып: 

— Апа, халіңіз қалай? Маған ақша салып жіберіңізші. 

— Амансың ба, құлыным? Сабағың қалай? Сен білімді азаматсың, қолыңнан барлығы келеді, — деген тілегін айтып болғаны сол еді, тұтқаны қойып жібереді. Анасы түсінбей, сабақ оқып жүр ғой, уақыты болмай жатқан болар деп өзінің ақ пейілімен барынша ағартып алған сыңай танытады. 

Бала жүрегі сол ақшаның еңбекпен келгенін сезсін бе... ештеңе болмаған кейіпте аудиториясына кіріп, лекциясын жалғастырады. Сабақ біте салысымен группаласы Мансұр Мирастың анасынан ақша сұрап алғанын сезгендей, жанына келіп "жүр, саған бұл қаланың бас бармақпен көрсете алатын жеріне апарайын" деп жетектей ала жөнелді. 

Олар қаланың құжынаған кептелісіне қарамастан қала шетіндегі "Лотоға" келеді. Қабырға жазуларын көріп, ішіндегі жарық шамдарына көзі түсіп тұрғанда Мирастың үрейі үрленіп, сенімінің желі тарс жарылды. 

—Мансұр, қай жерге келдік? 

—Бұл — жалғыздықтан құтқаратын, шаршағанды басатын, таршылықтан кеңшілік өмірге қадам басатын жер, —деп өзінің жұбатуға қолданатын сөзін сендіре айтты. 

—Мирас, сенде ақша бар ма? 

—Анам берген ақша ғана, артық ақша жоқ! 

—Сол жетеді. Екі есе қылып қайтарып аламыз, болмай жатса анаң сен үшін жұмыс жасап жатыр ғой, тағы ақша сұрап ала саласың, — деп жапан түзде жайдақ атты бір арқанмен құрықтағандай бала санасын улап алады. Мирасқа келіспеске таңдау қалдырмайды. 

Ақша екі еселенді. Бұл ақша Мирастың құлқынын ашып, тағы да ойнауға қамшы болады. Жеңіл жолмен ақша табуға үйренген Мирастың әр күні сол қала шетіндегі "Лотода" өтеді. Жеңеді, жеңіледі, түрлі эмоцияларды алады. Жеңілген сайын құмар ойынның тереңіне сүңги береді. Ағысы қатты бұл ойын өзіне түскен адамды жағаға оңайлықпен шығара салуы екі талай. Ақшасы түгесіліп айфонын да сатып, барлық амалды жасап болған Мирас сыныптас достары Жұмабек пен Мәдиден қарызға ақша сұрайтынды шығарды. Әдеттегідей ол ақша да сынаптай қолдан сусыйды. 

Осы уақыт аралығында Мирас бірде-бір рет университет сабағына қатыспайды. Бұны білген кураторы анасы Күләшқа хабарласады. 

Телефон шырылын естіген ана "Құлыным хабарласты" деп пол жуып жүрген шүберегі мен қолындағы шелегін тастай сала, жерден қазына тапқандай қуанып телефонды көтереді. 

Алло, — деп жуан дауыспен, өктемдеп сөйлеген ер адамның даусы шығады. Ана жүрегі әлденені сезгендей кілт ете қалып: 

—Алло, тыңдап тұрмын, кім екен? 

—Мен — Мирас Құспановтың кураторы. Мирас сабаққа келмегелі айдан асты. Келіп оқысын, олай болмайды екен, онда оқудан шығарамыз. Көптің бірі болсын, — деп анасының жауабынсыз ашулы кейіпте телефонды қоя салады. Дәрменсіз ана көз моншақтары үзіліп отыра қалады. Дереу ұлының нөмірін теріп хабарласқанымен, жаны бостандықты қалайтын, тәні тұсауда қалған баланың телефонын ала алмайды. Осы сәтте Мирастың ақша сұрап хабарласқанын айтпақшы болып сыныптас достары Мәди мен Жұмабек Мирастың апасының үйіне келеді. 

—Қалайсыз, апа? Мирастан хабар бар ма? 

—Бізге соңғы рет хабарласқанда ақша сұраған еді, одан кейін мүлде хабарласпай кетті. 

Жанарына жас алған апасы: 

—Ээ, қарақтарым! Мен де хабарласа алмай отырмын, қайда жүрсе де аман болса екен. Оқуына да бармай жүрген көрінеді. Сендерге хабарласса айтыңдаршы. Жалғызым еді... Хабарсыз қалдым. Қандай болса да, менің балам ғой,— деп бозторғайдай шырыл қағып, сол ұядан ұшқан балапанын іздеп әлек. 

Көзін өрмекші торындай байлап алған құмар ойынды жеңу үшін Мирас жоғалтқан ақшаны және анасы маңдай терімен еңбек етіп жинап алған телефонды қалай да қайтарып аламын деген оймен ақша іздейді. Өз телефоны болмағандықтан Мирас Мансұрдың телефонымен сыныптас достарына хабарласы, ақша сұрай бастайды. Жұмабек телефонды алып: 

—Бұл кім екен? 

—Досым, мен — Мирас, таныдың ба? 

Жоғалған затын тапқандай досының даусын естіп Жұмабек қуана: 

—Иә, таныдым, досым, қалайсың? Бұл кімнің номері?

—Группаласымның. 

—Аа, Мирас, сені апаң іздеуде. Хабарын біліп тұрсаң қайтеді? Ауылда жүргенде біз көмектесіп тұрамыз, тек жағдайын біліп, даусыңды естіртіп тұрсаң соның өзі алаңдаулы анаңа үлкен күш қой. Бұл лекцияны тыңдағысы келмей Мирас телефонды сөндіре салады. Бұл оның өмір сүрудегі соңғы үміттерінің бірі еді. Сөйтіп жүріп қарызға кірген Мирас ұрлық жасауға дейін барады. Бұл операциясы жүзеге аспай тұрып, тағы жеңіліс табады. Осылайша Мирасты тергеу бөліміне қамап, анасына хабарласады. Анасы ешқандай сезімсіз әлсіз күйде тұтқаны көтеріп, тынысын күрсіне алып тыңдап тұрады. 

—Алло, саламатсыз ба? 

—Саламатсың ба! 

—Мирас Құспановтың анасы сіз бе? 

Тағыда жаны көз алдына көрініп, жүрегі алқымына жетіп: 

—Иә, мен, — деп тіл қатады. 

—Сіздің балаңыз ұрлыққа қатысы бар болуы мүмкін деген күдікпен ұсталды. Алматы қаласы, тергеу бөлімшесіне келуіңіз сұралады. 

Балам деп өбектеген ананың жұдырықтай тілімделген жүрегі бір сәтке тоқтап, арғы өмірге түрлі бейнелер жол сілтейді. 

 Күләш апа жалғыз ғой, көмектесіп қайтайық,— деп Мәди мен Жұмабек үйге кіре бергенде, ақ жаулықтың жер жастанып жатқанын көреді. Жедел жәрдем шақырып бірден ауруханаға жеткізеді. Сыныптастары Мирасқа қалай хабарласып айтарын білмей тұрғанда, Жұмабекке Мирас группаласының нөмерімен телефон соққаны есіне түсіп, дереу қоңырау шалады. Мирасқа хабар жеткен сәттен уақытша тергеу бөлімінен амалын тауып шыға салып, ауруханаға бет алады.

Жансақтау бөлімінде алай-дүлей көңілмен, не болғанын білмей Мирас дал-дұлы шығып отыр. Бұл құдды бір ақырғы күні секілді. 

Операция уақыты аяқталды. Мирас жалт-жұлт еткен бір сәуле көрінердей есікке телміруде. 

Дәрігер шығып: апаларыңыз бір өлімнен аман қалды,— деген сөзі естілгенде, Мирастың құмар ойыннан қалған өлі денесін ыстық қан зулап өткендей болып, жаңа өмір сыйлады. 

Ең жақыныңның амандығы, анаңның сен үшін жасаған еңбегі, саған деген сенімі — барлығы қымбат екенін біліп, жеңіл жолмен келген ақшаның берекеті болмайтынын түсінді. 

Анасының жанына барып, етегін жасқа толтырып қуанғаннан, істері үшін өкінгеннен жылаған бала анасынан кешірім сұраған қалпында құшағына ентелей түседі. Балам деп емірене айтқан даусымен, басынан сипаған алақаны баланың мойнындағы бүкіл мәселені шешіп, ауыртпалықтан арылтқандай. Бала бойын жүрегі жарылып кетердей қуаныш биледі. Бұл қуаныш лото жеңісінен де мың есе артық еді. Дәл осы күні Мирас нағыз жеңіске жетті.


Пікірлер (10)

Аяжан

Керемет жазылған????
Мирастың лото жеңісінен мың есе артық жеңісі жүректі тебірентті ????????

Аяжан

Керемет жазылған…
Мирастың лото жеңісінен мың есе артық жеңісі жүректі тебіренті????

Гүлсім

Ойың ұшқыр жазарың көп болсын. Керемет!

Салима көрші апаң!

Керемет жазба, өсіп келе жатқан жастарды ойландыратын, ана махаббатын сезіндіретін , өте керемет.
Шығармашылығын шыңдала берсін

Салима көрші апаң!

Керемет жазба!

Гүлнар

Тамаша. Қаламың ұштала берсін. Шығармашылық табыс тілеймін.«Тортай мінер ақ боз атқа» мінуіңе тілектеспін.

Гүлнар

Тамаша. Шығармашылық табыс тілеймін. Үлкен жазушы бол.

Айткул

Өте керемет осы күнгі жастарға сабақ болатын әңгіме

Айткул

Өтә керемет

Айман кқрші апаң Аралдан

Өте керемет жазылған әңгіме, жастарды ойландыратын, сабақ болаиын, ата-ананың балаға деген ықыласын ұғындыратын өзекті мәселе екен, шабытың шындала берсін.

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар