Өлең, жыр, ақындар

Журналистік сұхбат немесе әңгіме-дүкен әдебі

         Журналистика – ой мен сөздің тоғысқан шеберханасы, ал сұхбат – сол шеберхананың алтын қазығы, нағыз шеберлік мектебі. Сұхбат – бұл жай ғана әңгіме емес, ол – таным мен талғам тоғысқан, пікір мен пайым өлшенген, сөз бен сана сүзгіден өткен интеллектуалдық әрекет. Сондай-ақ жай ғана сөз алмасу емес, көңілдің көрігін қыздыратын, пікірдің парқын арттыратын ұлы дүние. Жақсы сұхбаттың негізі – журналистің терең білімі мен сұңғылалығында жатыр. Ол тақырыпты жетік меңгеріп, кейіпкерінің болмысын зерттемейінше, әсерлі сұхбат жасау мүмкін емес. Әрбір сәтті сұхбаттың артында үлкен дайындық, зерделі зерттеу, салмақты сараптау тұрады. Сұхбат берушінің өмір жолын, кәсіби қызметін, дүниетанымын саралай білген журналист қана әңгіме арнасын еркін бағыттай алады. Бұл – сұхбаттың ақпараттық тереңдігі мен мазмұндық байлығын қамтамасыз ететін басты қағида. 

         Осы  орайда, қазақ журналистикасының көрнекті теоретигі, профессор Т. Қожакеев: «Ең алдымен, ол әңгімені сыпайы, әдепті түрде, екі жаққа да жайлы, тиімді бағытта жүргізе білуі керек. Халыққа ең қажетті, олардың білгісі келіп отырған мәселелерді дәл ашатын, нақты да керекті жауап алуға болатын сұрақтар қоюға тиіс. Әрі берілген жауап, айтылған әңгіменің оқырмандарды қызықтыратын ең қажетті жерлерін таңдап ала білуге міндетті. Қозғалған мәселенің сипатына, онда нендей жайттардың ашылу қажеттігіне орай, әңгімелесушінің кім екеніне қарай интервьюдің  ең тиімді түрін таңдау да – өнер» деп атап көрсетеді. Сұрақ сұхбаттың тірек діңгегі екенін де естен шығармауымыз қажет. Ол ойды өрбітеді, әңгімені тереңдетеді әрі тың дерек алудың бірден-бір құралына айналады. Қойылған сұрақ қаншалықты ұтқыр, мағыналы, мазмұнды болса, алынатын жауап та соншалықты салмақты әрі мәнді болмақ. Кейде сұхбаттың табиғилығы бұзылып, тым ресми, жаттанды сипат алатын тұстар кездеседі. Мұның себебі – журналистің әңгімеге еркіндік бере алмауы, кейіпкердің ой ағысын тежеп, оны қасаң қағидаға байлауы дер едік. 

        Ал зерттеуші В.М. Теплюктің сұхбат алу жөніндегі пікірі журналистиканың нәзік қырларын ашып көрсетеді. Ол: «Журналистің әңгімеге «еркін енуі», адамдармен байланыс, қарым-қатынас орната білуі материалдың сәтті шығуына көп жағдайда ықпал етеді. Осы тұста журналист өзіне жайлы жұмыс жағдайын жасап, кейіпкерінің еркін сезінуіне септігін тигізетіндей әрекет таңдап алуы тиіс…» – деп жазады. Бұл ойдың түп-тамыры журналистикадағы ең маңызды қағидалардың бірі – сенім мен жайлы атмосфера қалыптастыруға келіп тіреледі. Себебі журналист – тек ақпарат жинаушы ғана емес, ол – сұхбаттасушымен диалог орнатушы, әңгімеге бағыт беруші, психологиялық ахуалды реттеуші де. Егер тілші сұхбат берушімен еркін қарым-қатынас орнатып, оны ашық әңгімеге жетелей алмаса, алынған ақпарат та жалаң әрі тереңдіктен жұрдай болып шығуы мүмкін. Сондықтан сұрақтар белгілі бір жүйемен өрбісе де, журналист сұхбаттың табиғи өрбуіне мүмкіндік жасауы тиіс. Сөзден сөз туып, ойдан ой таралып, әңгіменің желісі өздігінен өріліп жатса, бұл – нағыз сәтті сұхбаттың көрінісі.

        Сұхбат – ақпарат ағыны мен ой тереңдігін тоғыстыратын, журналистиканың мәйегі саналған дара жанр. Ол – тек сұрақ қою мен жауап алудың қарапайым үдерісі емес, шындықтың шыңына бастайтын дара жол, терең ой мен байыпты пайымның алаңы. Бұл жанрдың салмағын, құрылымдық жүйесін, атқарар міндетін профессор Т.С. Амандосов пен Т.Қ.Қожакеев өз еңбектерінде терең талдап, оның журналистикадағы рөлін айқындап берген.

        Профессор Т.С. Амандосов сұхбаттың ақпараттық болмысын ерекше бағалап: «Күн тәртібінде өмірдің өзі ұсынып отырған қоғамдық маңызы бар мәселе жөнінде журналист белгілі бір адамның ой-пікірін біледі, немесе сол мәселе жөнінде одан түсініктеме алады, онымен сөйлеседі, осыларды өңдеп, қорытып жазады, міне, осы талаптарға сай жазылған материал газеттің хабар жанрының бір түрі – интервью болып табылады» – деген тұжырым жасайды. Бұл ой сұхбаттың ақпарат берудегі басты ұстанымын көрсетеді. Журналист тек белгілі бір жайттың куәгері болмауы тиіс, ол – ақиқатқа үңілер зерделі сарапшы, халыққа қажетті деректі сұрыптап жеткізер білікті дәнекер. Сұхбаттың салмақтылығы мен құндылығы да – дәл осы ақпаратты жүйелеу шеберлігінде.

         Ал профессор сұхбаттың қоғаммен байланыс орнатудағы рөлін тереңінен тарқатқан Т.Қ.Қожакеев: «Интервьюдің мақсаты – қоғамдық маңызы зор бір мәселе, оқиға, тың бастама, қызықты құбылыс жөніндегі соған қатысы бар, өзі араласқан беделді де білікті адамдардың, мамандардың пікірімен жұртшылықты таныстыру» – деп көрсетеді. Бұл – сұхбаттың ақпарат алудың ғана емес, белгілі бір ойды қоғамға жеткізудің пәрменді құралы екенін айқындайтын тұжырым. Демек, кез келген журналист әрбір сұрақты ой елегінен өткізіп, кейіпкердің ойын ашық айтуына мүмкіндік беріп, оқырманның көкейіндегі сауалға жауап беруі тиіс.

        Жоғарыда аталған қос ғалымның пайымдары сұхбат жанрының тек жаңалық тарату емес, тереңнен толғап, ой түйіндейтін сараптамалық сипаты барын аңғартады.

        Қазіргі журналистиканың басты мәселелерінің бірі – этиканың екінші орынға ысырылуы. Журналистің негізгі миссиясы – қоғамға шынайы, нақты ақпарат жеткізу болғанымен, оны жеткізудің әдебі сақталмаса, сұхбаттың да, журналистиканың да құндылығы жоғалады. Бүгінде кейбір тілшілер сенсация қуып, әңгімелесушінің жеке өміріне қол сұғып, арандатушы сұрақтар қойып, сұхбат этикасын елемей жатады. Мұндай әрекет журналистиканың беделін түсіріп қана қоймай, қоғам мен БАҚ арасындағы сенімді де әлсіретеді. Сұхбат алу өнері – журналистің сауатты, мәдениетті, сабырлы болуын талап етеді. Ақпарат алудың жолы көп болғанымен, оның барлығы бірдей этикалық нормаларға сай келе бермейді. Сондықтан журналистің кәсібилігі оның ақпарат алу шеберлігімен ғана өлшенбейді, оның әдептілігі, қарым-қатынас мәдениеті, әрбір сөзінде адамгершілік қағидаларын ұстануы да үлкен рөл атқарады. Нағыз кәсіби журналист өз сауалдарымен тек ақпарат жинап қоймай, әңгімелесушінің ашылып сөйлеуіне жағдай жасап, қоғамға шынайы, мәнді, мәдениетті диалог ұсынуы тиіс. Егер тілші әдептен аттамаса, журналистика да өз қадірін сақтайтыны анық. 

         Кейіпкерден сұхбат алатын журналистке қойылатын талаптар да жетерлік. Себебі сұхбат алу – үлкен жауапкершілік пен журналист мәдениеттілігін, білімділігі мен ұқыптылығын қажет ететін күрделі үдеріс. 

Масс-медианың әр саласын, яғни газет-журналдар, радио мен телевизияның қалыптары әртүрлі болғанымен, ұсынылатын сұхбат жанрының бағыттары ұқсас болып келеді. Өйткені газетте де, радио мен телевизияда да сұхбаттың басты мақсаты – қоғамдық маңызы бар мәселе, жарқын бастама, қызықты құбылысқа қатысы бар беделді адамдардың, мамандардың пікірімен халықты таныстыру.

        «Жас қазақ» газетінде сұхбат жанры «Біздің сұхбат» атты айдармен берілгені көпке белгілі. Бұл айдардың өзіне тән бірқатар ерекшеліктері болды. Мысалы, «өмірдерек» деп аталатын тақырыпшада сұхбат берушінің өмірбаяны, қайда білім алғаны, қызмет жолының басталғаны, нендей атақ-дәрежелерге жеткені, қазіргі қызметі, жанұясы туралы мәліметтер беріледі. 

Екіншіден, газеттің қалыбы үлкен болғандықтан сұхбат әңгімеге айналады.  Өйткені басылым журналистері кейіпкерге көкейде тұрған бірнеше сұрақтарын қойған сәтте келелі мәселелер қозғалады. Дегенмен, аталмыш газеттің бір нөмірінде екі-үш, тіпті одан да көп сұхбаттардың жарияланғаны өтірік емес. Бұл да бір «Жас қазақтың» өзіне ғана тән ерекшелігі. Айта кетерлігі, «Жас қазақ» газетінде жарияланған сұхбат сұрақтары көңілге қонымды болып, оқырман көкейіндегі басты сауалдарға жауап береді. Ал сапалы сұрақтардың қойылуы – журналистің сұхбат беруші мен белгілі бір саланы жан-жақты зерттегенін білдіреді. 

        Ал әр аптаның жұма күнінде шығатын Қазақстан Республикасының әдебиет, мәдениет және өнер газеті – «Қазақ әдебиетінде» сан алуан тұлғалармен сұхбат құрылады. Негізінен көбісі бұл газетті тек әдебиет пен мәдениет, руханият тақырыптарын ғана қозғайды деп ойлайды. Бірақ қателеседі. Бұл сөзімізге нақты мысалдар келтіріп өтейік. 

        2025 жылдың қаңтар айында «Қазақ әдебиетінде» «Алихан Байменов: Саясат – құндылықтар майданы» атты сұхбат жарияланды. Астана мемлекет­тік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы, Академияның құрмет­ті профессоры, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы прези­денті, Мем­лекет және қоғам қайраткері Алихан Байменов журналист Мөлдір Райымбековаға саясат пен саясаткер, руханият, ел мүддесі туралы ой қозғап, ұлт­тық идеологияның алғышарт­тары жөнінде тарқата айтып берді. Сұхбат өте сәтті шыққан дер едік. Өйткені журналист Алихан Байменовтың саясаткер ғана емес, шығармашылыққа жаны жақын жан екенін де тұлғалық болмысы арқылы керемет ашқан. 

         «Анам халық ауыз әдебиетін жақсы білетін, бізге айтып отыратын. Осының бәрінің әсері болар, өлең жазуды мақсат тұтпасам да, кейбір әсерлі сәт­терде сезімдерім өз-өзінен ұйқаспен шыға бастады. Мысалы, Баграт Шинкубаның империяның қысымымен туған жерін тастап кетуге мәжбүр болған ұбыхтардың қайғылы тағдырын баяндайтын «Кеткендердің соңғысы» кітабын оқығанда тұңғыш рет орыс тілінде (кітап орыс тілінде еді) шумақтар туындады. Бірте-бірте әзіл шумақтар жазып, аудармамен де әуестендім» – деген Алихан Байменовтың жауабы қалың оқырманға оның сөз өнеріне деген ынтасының жоғары екенін көрсетіп, өлеңге әуес болғанын аңғартты. Сондай-ақ аудиторияның ерекше қызығушылығын оятты. 

         Журналист Мөлдір Райымбекованың: «Қазір де оппозициялық «Ақ жол» партиясындамын», – деген екенсіз бір сұхбатыңызда. Көпшілік оппозиция мен билік жүйесін бір-біріне мүлде араз тараптар ретінде қарастырады. Ал, сіздіңше, оппозиция дегеніміз не, оппозиционер кім?» – деген сұрағы өте орынды қойылған. Өйткені қазіргі заманда оппозиция мен оппозиционер деген ұғымдарды түсінбей жатып, сырттан тон пішетіндер жетерлік. Бұған белгілі саясаткер былай деп жауап береді: «Билікте де, оппозицияда да періште жоқ, бірақ тәрбие, құндылықтар және жауапкершілік пенделіктен ұлт мүддесін жоғары қоюға жетелеуі тиіс. Ал пенделіктен сақтандыруда әділ сот пен таза сайлаудың маңызы ерекше. Билік пен оппозицияны біріктіретін құндылықтар – тәуелсіздік, демократия және ұрпақтар арасындағы сабақтастық. Бұл құндылықтар Конституцияда бекітілген және барлығымызға міндет. Сонымен қатар оппозиция да, билік те өзіне тілемейтінді өзгеге тілемеуі, өзі бармайтын жерге өзгені итермеуі керек. Егер оппозиция да, билік те халыққа қызмет етуді мақсат тұтса, олардың мұраты ортақ болады». 

        Қысқасы, мерзімді басылымдардағы журналистік сұхбат пен әңгіме-дүкен әдебінде журналистің тапқырлығы мен білгірлік қасиеті жоғары бағаланады. 

        Ал тележурналистің тікелей эфир кезінде істеген әр қимылы, іс-әрекеті миллиондаған көрерменге жол тартатындықтан, нағыз мәдениеттілік пен әдептіліктің, ақыл-ой мен тәжірибенің тоғысар көрінісі осы тұста байқалады. Жаңалықтарға, сұхбат хабарларына, өзге де бағдарламаларға шыққанда тележүргізушілердің өз сөздерін: «Сәлеметсіздер ме, құрметті көрермендер!», «Қайырлы кеш, қазақ елі!» деп амандасудан бастап, хабар аяқталар тұста: «Келесі эфирде жүздескенше, аман-сау болыңыздар!», «Қош-сау болыңыздар!» деп көреременге амандық, саулық тілеп қоштасуы – әдептіліктің ең озық үлгісі. 

       Енді телевизия арқылы көрермен жүрегінен орын тапқан әрі сұхбат жанрына негізделген бірнеше бағдарламаларды атап өткен жөн болар. «Хабар» арнасындағы Нұртілеу Иманғалиұлының«Бетпе-беті», Қасым Аманжолдың «Қазақстан» Ұлттық арнасынан көрсетілген «Шынның жүзі», Жұмабай Шаштайұлының «Үзеңгі жолдасы» тұлғаның болмысын, портреттік қырын ашып, қоғамды толғандырған тақырыптарды бүкпесіз талқылауды мақсат еткен салмақты әрі мән-мағынаға толы хабарлар болды. 

       Сұлтан Оразалиннің «Сұхбат» хабары қатары қатары сиреп бара жатқан сөз зергерлері мен ерекше талант иелерінің табиғи болмысын, салиқалы әңгімесін қаз-қалпында көрерменге ұсынуды мақсат етті. 

Журналистік сұхбат жайлы сөз қозғағанда Сағат Әшімбаевтың «Парыз бен қарызын», Шерхан Мұртазаның «Ұлт пен санасын», Бейбіт Құсанбектің «Өмір – өзен» хабарын айтпай кету әбестік болар. 

       Осы орайда Сағат Әшімбаевтың «Парыз бен қарыз» хабарының бір шығаралымындағы журналистік сұхбаттың ерекше көрініс тапқан тұсы мен әңгіме-дүкен әдебін талдап көрелік. 

       1990 жылы түсірілген хабардың «Рухани мәдениет туралы сөз» шығарылымында Бақытжан Момышұлы, Фариза Оңғарсынова, Дулат Исабеков сынды елге есімі белгілі бірқатар тұлғалар қонақ ретінде шақырылады. Дөңгелек үстелге отырған қонақтар қазақ халқының ақсаңдап бара жатқан рухани мәдениеті туралы ой-пікірлерін ортаға салып, талдап, таразылайды. Сағат Әшімбаевтың сұхбатты жүргізудегі журналистік шеберлігі шақырған әр қонағын зерттеп, айтып жүрген ой-толғамдарын бағамдай алуында дер едік. Оған дәлел – хабар басталғанда Бақытжан Момышұлын таныстырып жатқан кезде айтқан сөзі. 

      – Бақытжан ағамыз көп романдарды, повестерді орыстан аударған кәдімгі белгілі аудармашы. Өзі де төл шығармалар жазған біздің жазушымыз. Ал енді Бәке, сіз осы мына өткенде бір әңгімеде рухани мәдениет деген мәселеміздің жаныңызға өте жақын екенін, сіз осы төңіректе көптен ойланып, толғанып жүргеніңізді айттыңыз. Сол себепті де шақырып отырмыз. Осы жайынды не ойлайсыз? Ендігі сөздің кезегі сізде». 

Бұл жерден аңғаратынымыз, журналист сұхбат жүргізбес бұрын алдына келген кейіпкерді жақсылап зерттеп алса ғана әңгіме-дүкен сәтті шығады. Екіншіден, сұхбат барысында Сағат Әшімбаевтың әдептілігі, өз-өзін ұстауы, әр қонағына сыпайылықпен «жұмсақтық» таныта сөйлеуі көрермен жүрегін жаулауға себеп болды. Үшіншіден, тұла бойды білім нәрімен толтыру, мәселені жан-дүниемен сезіне әрі сезіндіре алу секілді аспектілер Сағат Әшімбаевтан табылды. Нағыз сұхбат «Парыз бен қарыздай» болуы керек. Өкінішке қарай, қазір мұндай сұхбаттар жоқтың қасы. Рейтиң қуалаған журналистердің ошақ қасынан алыстай алмаған жағдайы көңіл көншітпейтіні сөзсіз. Әрине, іздесеңіз қазір де сұхбаттың түр-түрі бар. Дегенмен, сұхбат жанрының өркендеп, биікке шыққан шыңын тек көне мерзімді басылымдардың бетін парақтап,  «Алтын қорды» ақтарғанда ғана таба аламыз.  

        Журналистік сұхбат – ақпарат алудың және оны көпшілікке ұсынудың маңызды тәсілі. Алайда ол тек сұрақ қойып, жауап алудан тұрмайды. Бұл – тілші мен кейіпкер арасындағы сенімді қарым-қатынасқа, өзара сыйластық пен түсіністікке негізделген күрделі процесс. Әңгіме-дүкен әсерлі шығу үшін журналист тек кәсіби шеберлікті меңгеріп қана қоймай, әдептілік пен қарым-қатынас мәдениетін де жетік білуі керек.

       Біздің басты міндетіміз – ақпаратты бұрмаламай, объективті жеткізу. Ол үшін әңгіменің табиғи өрбуіне мүмкіндік беріп, қандай жағдай болмасын бейтараптық сақтау маңызды. Егер тілші кейіпкердің жауабына ықпал етуге тырысса немесе өз пікірін тықпаласа, әңгіменің мәні бұзылып, оның сапасы төмендеуі мүмкін. Сондықтан әр журналист ашықтық пен әділдікті басты қағида ретінде ұстануы тиіс.

       Сондай-ақ, кәсіби маман үшін тыңдай білу өте маңызды. Әңгіме барысында сұрақтар ғана емес, кейіпкердің берген жауабы да ерекше рөл атқарады. Егер тілші қарсы тараптың сөзін бөлмей, мұқият тыңдап, қажет жерінде нақтылай түссе, бұл әңгімеге тереңдік береді. Кейде күтпеген ақпарат айтылып қалуы мүмкін, мұндай жағдайда бағытты жылдам өзгертіп, әңгімені қызықты арнаға бұруға да дайын болу қажет.

       Сұхбатта сұрақтардың құрылымы да ерекше мәнге ие. Тым күрделі немесе екіұшты сауалдар әңгіменің ашық өрбуіне кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан алдын ала жоспар жасап, тақырыпқа сай сауалдарды ретімен дайындаған дұрыс. Дегенмен, кейде әңгіменің табиғи түрде дамуына мүмкіндік беру үшін дайындалған сұрақтардан ауытқуға да болады.

       Әңгімелесудің соңғы кезеңі – оны дұрыс аяқтау. Тілші қандай форматта жұмыс істесе де, кейіпкерге уақыты мен берген жауаптары үшін ризашылығын білдіруі керек. Бұл тек сыпайылық белгісі ғана емес, болашақта тағы да байланыс орнатудың тиімді жолы. Егер әңгіме еркін стильде өткен болса, оны жеңіл әзілмен немесе жылы лебізбен қорытындылаған жөн.

        Журналистік әңгіме – тек ақпарат алмасу құралы ғана емес, сондай-ақ адаммен дұрыс қарым-қатынас орната білу өнері. Оның сәтті шығуы тілшінің кәсіби шеберлігіне, әдептілігіне және сөйлеу мәдениетіне байланысты. Егер сұрақтар нақты қойылып, жауап берушіге өз ойын ашық жеткізуге мүмкіндік жасалса, тыңдаушыға да, оқырманға да пайдалы контент ұсынылады. Осы қағидалар сақталған кезде ғана сұхбат құрушы журналистің жұмысы сапалы әрі нәтижелі болмақ.

 

Дана САДЫРҚАН, Әйгерім ТӨКЕН, Шұғыла САБЫР,

Журналистика факультетінің 3-курс студенттері

Жетекші: ф.ғ.к., доцент Жақсылықбаева Римма


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар