Адам өмірі — түрлі сынақтар мен қуаныштардан тұрады. Кейде өмірге деген құлшынысы жоғары адамның өзі қиындыққа тап болғанда, мойынына түскен жүктің ауырлығынан сынып қалуы мүмкін. Мұндай жағдайлар әсіресе жастар арасында жиі кездеседі. Қазіргі уақытта жасөспірімдер түрлі қиындықтар мен күйзеліске алып келетін мәселелерге тап болуда. Оған достарымен қарым-қатынасы, мектептегі жағдайы, отбасылық мәселелері және өзіндік дамуға уақыттың жетіспеуі сияқты факторлар әсер етеді.
Әсіресе, мектеп бітіруші түлектер үшін ең күрделі кезең — Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ). Жыл сайын мыңдаған түлек осы сынаққа дайындық барысында күйзеліске түсіп, психологиялық қиындықтарға тап болады. Уақыт тапшылығының болуы, дайындыққа уақыттың жетпеуін сезіну,қорқыныш пен стресс тудырады.Мектептегі қысым – мұғалімдер мен ата-ананың жоғары талаптары оқушыға қосымша психологиялық ауыртпалық әкеледі.Болашақ туралы ойлар – “Мен мамандықты дұрыс таңдадым ба?”, “Жаңа ортамен қалай тіл табысамын?”, “ҰБТ-дан төмен балл алсам, не болады?” деген сұрақтар оқушыны мазалап, сенімсіздік тудыруы мүмкін. Дегенмен, бұл қиындықтардан арылуға болады.Оқушылардың түсінуі керек басты нәрсе- ҰБТ тағдырды шешетін жалғыз мүмкіндік емес .
Бүгінгі таңда стрестен арылудың көптеген жолдары көрсетіледі.Мектеп бітіруші түлектерге, ҰБТ алдында аса тиімді болатын 4 күйзелістен арылатын жолдарды айта кетсек:
Уақытты тиімді пайдалану
Көп оқушылар ҰБТ жақындаған уақытта күні-түні оқуға кірісіп, ұйқысыздыққа, әлсіздік сезіміне тап болады. Осы әдіспен оқитын баланың ақпаратты қаншалықты меңгеретіні белгісіз. Бұл – дұрыс емес әдіс. Күніне нақты жоспар бойынша дайындалу, уақытылы демалу және ұйқы режимін сақтау өте маңызды.
Физикалық белсенділік
Оқушылар сабақ оқумен ғана шектеліп, физикалық қозғалысты ұмытып кетеді. Бұл денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Күнделікті таңертеңгі жаттығу жасау, сабақ оқу кезінде көз бен денеге арналған жеңіл жаттығулар орындау – денсаулықты сақтауға көмектеседі. Сонымен қатар, тыныштықта медитация жасау ми жұмысын жақсартады.
Дұрыс тамақтану
Тамақтану – адамның күні бойындағы энергиясына жауап беретін фактор. Қазіргі таңда жастар арасында зиянды тағамдарға әуестік көп. Майлы, тәтті тағамдардан бас тартып, жеміс-жидектер мен табиғи өнімдерді тұтыну керек. Дұрыс тамақтану – ағзаның дұрыс жұмыс жасауы мен ми белсенділігін арттыруға ықпал етеді.Сонымен қатар,витаминдерге бай тағамдарды тұтыну қажет.
Өзіңе сенім арту
Кез келген қиындықты жеңудің жолы – өз-өзіңе сену. Мақсат қойып– оған жету жолдарын жоспарлау.Өзіңді қолдау – “Мен бұл сынақтан өте аламын!”, “Мен дайынмын!” деген ойларды санаға орнықтыру қажет. ҰБТ-ға дайындық барысында демалуға да уақыт бөлу керек. Кітап оқу, музыка тыңдау, өзіңнің сүйікті ісіңмен айналысу – мидың демалуына және күйзелістен арылуға көмектеседі. Емтихан алдында миды шамадан тыс шаршатуға болмайды.ҰБТ тапсыруға бірер күн қалғанда жаңа сабақ оқу емес,өткенді қайталаған дұрыс.
ҰБТ – жасөспірімдер үшін маңызды әрі күрделі кезең. Оған психологиялық тұрғыдан дайын болу қажет. Жоғарыда айтылған кеңестер күйзелісті азайтуға көмектеседі. Осы қағидалар сақталса,грант иегері атану да оңай болады.
“Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап”
деп Абай атамыз айтқандай, өз біліміңе сеніп, уайымға берілмеу керек. Әрбір қиындық – жаңа мүмкіндік. Ең бастысы- өз күшіңе сену!
№177 мектеп-гимназия
Автор: Амал Дана
Тахмина
Өте тамаша !