Мен әңгімелегелі отырған әрі әдеттегідей, әрі адам айтса нанғысыз бұл оқиғаға біреу сенер-ау деп әсте үміттенбеймін. Рас, мен өзіме-өзім сенбегендіктен оған әрине, тек есуас адам ғана илануы ықтимал. Ал мен есуас емеспін, мұның бәрі көрген түс те емес. Алайда күні ертең мен жарық дүниемен хош айтысамын, сондықтан бүгін мінәжат етіп, күнәмді жеңілдетуім керек. Менің бар мақсатым — кейбір үй ішінде болған оқиғаларды көп аса данышпансымай, қысқаша, тұжырымдап қана жұртқа баяндап беру. Айтып-айтпай не керек, бұл оқиғалар мені әбден титықтатты, олар мені қажытты, түбіме жетті. Әйтсе де солардың сырын ашқым келмейді. Талайларға тірі жанға зияны жоқ, шектен тыс шытырман қиял болып көрінсе де, менің өз басым одан әбден үрейім ұшқаны анық. Кейінірек, мүмкін менің зәре-құтымды алған есуастықтың не екенін оп-оңай түсіндіріп беретін ақылды біреу табылар да, ондай адам, әрине, ойыма алсам, жаным түршігетін сол оқиғаны менен гөрі көкейге қонымды етіп, жүйелі түрде — ең бастысы аса үрейлі етпей — тек заңдылықтар мен нәтижелер тізбегі ретінде білгірлікпен баяндап берер.
Бала күнімнен мен момын да тіл алғыш, елгезек болып өстім. Не болса, соған жаным ашып тұратын, сол үшін де мені құрбы-құрдастарым мазақтаушы еді. Әсіресе мен әртүрлі жан-жануарларды жақсы көретінмін,— ата-анам болса үй хайуанаттарын ұстауға қарсы болмайтын. Қолым қалт етсе, соларды азықтандырып әлекке түскенде, сылап-сипағанда төбем көкке жетуші еді. Жылдар өткен сайын бұл мінезім бойыма сіңіп, кейін өскен соң да өмірде көңіл көтерер одан артық ермек тапқан емеспін. Айнымас, ақылды итті тәуір көрген, адамға оның әрқашан адал қызмет ететінін айтып жатудың қажеті жоқ. Адамға тән тұрлаусыз достық пен алдамшы адалдықтың не екенін көргендер хайуандардың риясыз да алғаусыз адалдығын жан-тәнімен сезінеді.
Мен ерте үйлендім, бақытым жанып, жарымның мінез-құлқы да өзім сияқты болды. Үй хайуанаттарын жақсы көретінімді байқаған ол реті келгенде менің көңілімді аулап, қолдап отырды. Біздің үйімізде құстар, алтын балықтар, асыл тұқымды иттер, үй қояндары, маймыл мен мысық өсірілетін.
Мысық аса ірі, әдемі, бармақтай аласы жоқ, шым қара, әрі керемет ақылды болатын. Ол жөнінде сөз болғанда, табиғатында ырымшыл менің әйелім қара мысықты қашан да құбылмалы пері санайтын халықтың ескіден келе жатқан ұғымын ишарат ететін. Әрине, оны ол әзілдеп айтатын, ал мен болсам оны осындай бір сәті келіп отырғандықтан да бастан-аяқ баяндап беруге ұйғардым.
Плутонды (мысық солайша аталатын) мен айрықша тәуір көруші, онымен үнемі ойнаушы едім. Оған әрқашан өзім тамақ беретінмін. Ол үйде жүрсем менің ізімнен екі елі қалмайтын. Тіпті көшеге шықсам соңымнан ілесе шығатын, үйге тастап кетуге қаншама әлек болушы едім.
Біздің достығымыз талай жылға созылды, бұл екі арада әзәзіл жын-шайтанның азғыруымен менің мінез-құлқым (ұяттан жүзім күйсе де мойындауға мәжбүрмін) бұзылды. Күннен күнге көңіл-күйім кетіп, тұнжырап, ашушаң, айналадағыға селт етпейтін енжар бола бастадым. Мен әйеліме зекіп, айқайлайтынды шығардым. Ақыры оған тіпті қол көтеретін де болдым. Бұл өзгерісті менің жақсы көретін жан-жануарларым да сезе бастады. Мен көңіл бөлуді қойғаным былай тұрсын, тіпті оларға зәбір көрсететін де болдым. Алайда Плутон дегенде, өзгеше қараушы едім, кейде әлдеқалай еркелеп, қасыма келсе, әйтпесе мәнәйім көзіме түсе қалса, үй қояндарын, маймылды, тіпті итті ойланбай-ақ зәбірлейтінім сияқты мен оған әсте тимеуші едім. Бірақ менің бойымдағы дерт асқына берді — ал ішкілікке құштарлықтан асқан сұмдық дерт жоқ,— ақыры қартайып, енді ызашыл бола бастаған Плутон да менің дөрекі мінезімнен қасірет шеге бастады.
Бірде өзім жақсы көретін кабакта болып, тоя ішіп, түнде кеш оралдым, күндізгідей емес, мысығым жаныма жоламай, қашқалақтай берген сияқты көрінді. Мен оны ұстап алдым. Дөрекілігімнен қорқып, онша қатты болмаса да ол қолымды тістеп алы, қанатып қойды. Сол кезде менің ызам келіп өзімді өзім ұстай алмай кеттім. Ашуланғаным соншалық, тіпті кеудеме демім сыймады, жыным ұстап, тұла-бойымды керемет кек кернеді. Мен бешпетімнің қалтасынан бәкімді алып, тілін аштым да, мысықты алқымнан қылқындырып қысып ұстап тұрып, бір көзін ойып алдым. Осы сұмдық қатыгездігімді айтсам бетімнен отым шығады, өртеніп қалшылдап кетемін.
Ертеңіне, түнгі ішкіліктен соң ұйықтап, шараптың уыты таpaп, есімді жиғаннан кейін барып, өзім істеген өрескел істен әрі өкінгендей, әрі үрейім ұшқандай болдым; бірақ оның өзі менің жан дүниемде бәлендей із қалдыра қоймаған екі талай сезім ғана болатын-ды. Мен қайтадан ішіп кеттім, оның бәрін кейін шараппен тұншықтырып тастадым.
Бірте-бірте мысықтың жарасы да жазыла бастады. Рас үңірейген көздің ұясын көргенде, зәрең зәр түбіне кетеді. әйтсе де ауырғаны басылғанға ұқсайды. Ол бұрынғысынша үй ішін кезіп жүреді, бірақ мені көрді дегенше, зыта жөнеледі. Менің жүрегім аяушылықтан әлі жұрдай бола қоймаған-ды, сондықтан бір кезде маған үйір мақұлықтың енді өшпенділігін жасыра алмай зыта жөнелетіндігіне алғашқыда өкініп те жүрдім. Әйтсе де бұл сезім орнын көп ұзамай өшпенділік басып алды. Содан барып мені мүлдем құрдымға құлдыратып тыну үшін бойымда қасарысқан қарама-қайшылық рухы пайда болды. Философтар оны елемейді. Ал мен болсам, қарама-қайшылықтар рухы әменде адам жүрегін оятатын ең құдіретті күшке — бөлінбес, бастапқы қабілетке немесе адамның өз табиғатын танытатын сезімге жататынына жан-тәніммен алғаусыз сенемін. Талай мәрте жағымсыз, немесе тек олай жасауға болмайтындықтан ғана еш себеп-сылтаусыз, мән-мағынасыз жүздеген әрекеттер жасамаған кім бар? Ақылға қонбайтын нәрсені, заңды бұзуды тек тыйым салынғандықтан ғана үнемі аңсап тұрмаймыз ба осы? Сонымен, мүлде менің түбіме жету үшін бойымда қарама-қайшылықтар рухы пайда болды. Адам сырын ұғып болмас өзін-өзі қинауға, азаптауға — өз табиғатын қорлауға деген осы бейімділік, әйтеуір жамандық жасау үшін жамандыққа бейімділік — тілсіз бейшара мақұлықты азаптауды әбден шегіне жеткізуге итермеледі. Бір күні таңертең мысықты ұстап алып, аспай-саспай мойныңа тұзақты салдым да бұтаққа асып қойдым — өкініштен көзімнен жас сорғалап, жүрегім зар жыласа да астым,— оның бір кезде маған үйір болғанын білгендіктен, оған озбырлық жасап, әділеттіктен аттағанымды сезе тұрып, әдейі астым,— қандай күнәға — менің мәңгі өлмейтін жанымды сұмдық қарғысқа ұшыратуы мүмкін болған күннің өзінде де — тіпті қайырымы мол, құдіреті күшті құдайдың рақымы жете бермейтін сұмдық күнәға батқанымды біле тұра астым.
Сол сұмдықты жасаған күні түнде мені «өрт» деген айқай шырт ұйқыдан оятты. Менің төсегімнің алдындағы шымылдық лапылдап жанып барады екен. Бүкіл үй өрт құшағында. Әйелім, қызметшіміз бен менің өзім де өртеніп кете жаздадық. Менің тамтығым қалған жоқ. Барлық мүлкімізді өрт жалмап қойды, содан бері өкініш өксігін баса алмай келемін.
Бұл бақытсыздықтың себебі мен салдарын іздеп, оны өзімнің қатыгездік әрекетіммен байланыстырып әбігерленбеуге менің батылым жетеді. Тек бүкіл оқиғаның егжей-тегжейін сүзіп өткім келеді — көзге ілінбес, тіпті күмәнді жәйттің өзін қарғыс қалдырғым келмейді. Өрт болған күннің ертеңіне өрттің орнына барып қайттым. Үйдің бір қабырғасынан басқасы түгел құлапты. Менің төсегімнің бас жағындағы екі бөлменің аралығындағы жұқа қабырға ғана аман қалыпты. Оның сылағы да түспеген — сол қалпында — оны мен қабырғаның жақында ғана сыланғанынан болар деп ойладым. Соның жанына көп адам жиналыпты, бәрі бір жерге шұқшия да сұқтана қарап тұр. «Ғажап!», «сұмдық!» сияқты құпиялы сөздер көңіл қытықтайды. Мен жиналған жұртқа жақындадым, қабырғаның ағараңдаған бетінде алып мысықтың барельефі — бейнесі сияқты бірдеңе көрінеді. Мысық бейнесінің дәлдігіне қайран қалғандайсың. Мысықтың мойныңда байланған жібі де бар.
Алғашқыда бұл елес — оны басқаша айта алмаймын,— менің үрейімді ұшырып қайран қалдырды. Алайда ойлана келе сәл көңілім сабасына түскендей болды. Мысықты үйдің жанындағы бақ ішіне асып қойғаным есіме түсті. Өрт кезіндегі аласапыран дүрбелеңде баққа жұрт қаптап кетіп, сонда біреу жіпті қиып, мысықты алып ашық терезеден менің бөлмеме лақтырып жіберген болса керек. Мүмкін солай етіп ұйықтап жатқан мені оятқысы келген де болар. Менің қатыгездігімнің құрбаны болған мысықты, қабырға құлап, жаңадан ғана сыланған аралық қабырғаға жапсырып тастаған болуы ықтимал. Мен көрген сілем өрт кезінде үйтілген сол мысықтың жатқан орны болуға тиіс.
Әлгі баяндалған ғажап құбылысты оп-оңай түсіндіріп, ар-ұятымды ақтап, көңілімді жұбатқаныммен бәрі бір ол көкірегімде өшпес із қалдырды. Ұзақ айлар бойы мысықтың бейнесі қыр соңымнан қалмай қойды; содан сырттай, тек сырттай өкініш тәрізді бір сезім көңіліме қайта ұялағандай болды. Тіпті мен мысықты өлтіргеніме опық жегендей болдым, тәуір көретін сол мысығым тұқымдастардың ішінен соған ұқсас біреуін енді өзім күні-түні шықпайтын болған ескі жатақтардан іздестіре бастадым.
Бір күні түнде құдай қарғаған бір жерде қалғып-мүлгіп отырғанымда әлгі үйдің бар жиһазы болып табылатын джин әлде ром құйылған абажадай үлкен кеспектің үстінде тұрған қап-қара бірдеңеге назарым ауды. Сол тосын нәрсені бұған дейін қалай байқамағаныма қайран қалып, әлгі кеспектен көз айырмай біраз отырдым. Мен орнымнан тұрып барып, оны қолыммен сипадым. Қарасам, өзі ірі, бір ғана айырмашылығы болмаса, нағыз Плутоннан айнымайтын қара мысық екен. Плутонының терісінде бір тал ақ қылшығы жоқ еді. Ал мына мысықтың алқымында солғындау ақ теңбілі бар.
Менің көңіл аударғаныма қуанып кетті білем, жаймен сипай беріп едім, ол мияулап орнынан атып тұрды да қолыма сүйкене бастады. Ал мен болсам дәл сондай мысықты іздеп жүргенмін. Сол заматында оны сатып алғым келді; бірақ үйдің қожасы ақшадан бас тартты. Өйткені оны мұнда бұрын-соңды көрмеген, оның қайдан пайда болғанын білмейді де екен.
Мен мысықтың басынан сипай бердім, үйге қайтуға ыңғайланған кезімде ол маған ілесуге сыңай білдірді. Мен қарсылық жасағаным жоқ; жолшыбай мен оны ауық-ауық еңкейіп басынан сипап қойдым. Үйде тез үйренісіп кетті де, менің әйелім де оны жақсы көретін болды.
Бірақ мен өзім оны барған сайын жек көре бастадым. Бұлай болады деп ойлаған жоқ едім; алайда қалайша мұндай болғанын білмеймін, оның жақсы көріп, еркелегені ызамды келтіріп, ашуымды қоздырды. Бұл сезім барған сайын үдеп, нағыз кекшілдікке айналды. Енді мысықты көргім келмейтін болды, оның көзін жоюға бұрынғы бір жасаған қатыгездігім есіме түсіп, сол ғана қол байлау болып жүрді. Апталар өтіп жатты, әйтсе де оны ұрмақ түгіл, маңдайынан шерткенім жоқ; бірақ мысқылдап, там-тұмдап бойымды жеккөрушілік сезімі билей бастады, мен сол қарғыс тигрден обадан қашқандай қашатын болдым.
Бір күні таңертең Плутон сияқты бір көзінен айрылып шыға келгенде мен сол мысықты өлердей жек көре бастадым. Алайда оны әйелім бұрынғыдан бетер жақсы көретін болды. Өйткені, бұрын айтқанымдай, ол да бір кездегі өзім сияқты күнделікті тіршілік-тынысымның сарқылмас мөлдір бұлағы болған ұяң да нәзік сезімді жан еді.
Бірақ менің жек көрушілігім күшейген сайын мысықтың маған үйірлігі арта түскен сияқты. Ол менің қыр ізімнен қалмайтын болды, оның неге екенін адам біліп болмайды. Мен отырдым дегенше ол орындығымның астына кіреді, әйтпесе қарғып алдыма отырып алады да, еркелеп әбден зықымды шығарады. Бір жаққа кетейін деп орнымнан тұрдым болды, аяғыма оралады, кейде сүрініп құлай жаздаймын, немесе өткір тырнақтарымен бүріп, киімімді жыртқанына қарамай кеудеме өрмелеп шығып алады. Сондай сәттерде оны табан астында қатыра салғым да келеді, бірақ ондайда менің бұрын жасаған кінәм есіме түседі де, жасырмай айтсам ол да емес, ең бастысы — сол мақұлық алдындағы үрей мені тежеп қалады.
Әділіне келсек, оның өзі әлдебір нақты бақытсыздық алдындағы үрей де емес, тіпті сол сезімді басқа сөзбен қалай айтуға болатының да білмеймін. Сол мысықтан пайда болған сұмдық үрейдің әлегінен адамның ақылына сыймайтын елеске сенушіліктің үдей түскенін жайшылықта ғана емес, тіпті осы қазір мына тордың ішінде отырған шақта мойындаудың өзі ұят. Мен өлтірген мысықтан бұл ғажап мақұлықтың өзі жоғарыда айтқан жалғыз айырмашылығы — омырауындағы солғын ақ жолағын жұбайым да талай мәрте көрсеткен болатын. Бұл дақтың аумағы едәуір, айналасы жайылыңқылау екені, мүмкін оқушылардың есінде шығар; тіпті аңғарып болмайтындай, мұндай қисынсыз нәрсеге менің ақыл-ойым көпке дейін жетпей қойды — әйтпесе бірте-бірте кем-кемдеп ол ақыры айқындала түсті. Сол кезден бастап оның неге ұқсағаның ауызға алуға үрейім ұшады — ең алдымен міне сол үшін де оған өшіктім, одан зәре-құтым қалмады — егер шамам келсе сол қарғыс атқыр құбыжықтан заматында-ақ құтылған болар едім — сол кезден бастап біліп қойғайсыз,— үрейлі — Дар ағашын — Үрей мен жауыздықтың — Қасірет пен Ажалдың қанқұйлы да қатерлі құралын елестететін болды.
Енді мен бұл жалғандағы пенденің барып тұрған бақытсыз бишарасы болдым. Мен өлтірген мысыққа ұқсас қарғыс атқыр мақұлық, сол қарғыс атқыр мақұлық бақшиын қарап, мені — құдіреті күшті тәңірдің бейнесімен жасалған адамды соншалықты жан төзгісіз қасіретке душар етті! Иә-иә! Күні-түні тыныштық дегеннің не екенін ұмыттым. Күндіз бір пәс қасымнан аттап шықпайды, түн болса түсімде бір сұмдықтармен арпалысып сағат сайын оянамын, бетім сол мақұлықтың ыстық лебін сезсе, кеудемді зіл батпан салмағы басып жағады — өмірімнің ақырына дейін жан-жүрегімді жеген сол ғаламатты ысырып тастауға шамам келмейді.
Бұл қасірет менің жан дүниемнен ақырғы ізгілік сезімін аластады. Мен енді қастандылықтан — адамның миына келмейтін ең барып тұрған қара ниет, қастандықтан бөтен ештеңе ойламайтын болдым. Әдеттегі тұнжыраған тұйықтығын бүкіл жан-жануар атаулыға, барша адамзат баласы атаулыға деген өшпенділікке айналды: Менің жөн-жосықсыз аяқ астынан бұрқан-тарқан болатын жүгенсіз долылығымнан әсіресе әмәнде бетіме келуді білмейтін, сабырлы да салмақты әйелім мейлінше көп тауқымет тартты.
Бірде шаруамыз болып, екеуміз кедейліктің кесірінен өзіміз тұрған ескі үйдің подвалына түстік. Ізімнен ілесе шыққан мысық аяғыма орала берді де, тік баспалдақтан түсіп келе жатып сүрініп кеттім, оқыста мойын омыртқам үзіліп кете жаздады, ашу қысып, есім шығып кетті. Бұған дейін тежеп келген үрейді ұмытып, балғаға тап бердім, енді болмағанда мысықты сол жерде шарт шауып тастауға бар едім. Әйтеуір әйелім қолымды ұстап қалды. Оған қарағанда дию-перінің ашуы да түкке тұрмайтындай долылықпен қолымды жұлып алдым да оның басын балғамен қақ айырдым. Ол тіл тартпай сұлап түсті.
Сол қанішерлікті жасағаннан кейін мен асықпай-саспай енді өлікті жасырудың айласын қарастыра бастадым. Көршілердің көзіне түспей оны күндіз немесе түн жамылып алып шыға алмайтынымды жақсы білдім. Басыма әрқилы ойлар келді. Алғашқыда мүрдені бұтарлап шауып-шауып, пешке жақпақ болдым. Содан соң үйдің подвалына апарып көмуге ұйғардым. Одан кейін маған ауладағы құдыққа тастаған жөн болар деген, әйтпесе жәшікке салып шегелеп, жүк тасушыны жалдап әкеліп, үйден алып шықсам деген ой келді. Ақыры, бәрінен де оңтайлы әдіс тапқандай болдым. Мен кезінде орта ғасырдағы билеушілер жасағандай өлікті екі қабырғаның ортасына салып, жымын білдірмей қоса өріп жіберуге ұйғардым.
Бұл үшін подвал ыңғайлы-ақ болатын. Қабырғасы онша мықты қаланбаған, оның үстіне жақында ғана асығыс салынған, сыздан қазірдің өзінде әр жері қопарылып түсіп жатыр. Сондай-ақ бір қабырғасында сәндік үшін пеш пе, әлде ошақ па, соған ұқсас бірдеңе жасалған, кейін кірпішпен қаланып, сыртында сыланған кертпешек болатын. Мен сол арадағы кірпіштерді оп-оңай бұзып алып, орнына мүрдені салып, ең тәжірибелі деген адам қарағанның өзінде де сезіктенбейтіндей етіп қайта өріп, сылап тастайтыныма еш күмәндығым жоқ.
Менің есебім дұрыс болып шықты. Сүйменді салып, қабырғадағы кірпіштерді оп-оңай бұзып алдым да екі қабырға аралығына өлікті тікесінен тұрғызып қойып, кірпіштерді қайтадан орнына қаладым. Жат көзге түспей әк, құм және жөке тауып әкелдім де, сылақ лай жасап, қайта қаланған қабырғаны бұрынғыдан айнымайтындай етіп сылап тастадым. Біткен соң байқап көріп едім, бәрі дұрыс екен. Қабырғаға ешкім қол тигізбегендей. Мен едендегі қоқыстың қиқымын қалдырмай тазалап жинап алдым. Содан соң өз ісіме өзім масаттана қарап тұрып:
— Ең болмағанда, осы сапар еңбегім зая кетпеді, әйтеуір,— дедім.
Содан соң барып осы зор бақытсыздыққа себепкер болған малғұнды іздей бастадым; енді оны қалай да өлтіруге ұйғардым. Сол кезде көзіме түскенде ол мысықтың ажалы жетіп еді, бірақ шамасы менің жақындағы ашуымнан зәресі ұшқан айлалы мақұлық құрдымға кеткендей зым-зия жоқ болып шықты. Жексұрын мысық жоқ болған кезде еңсемді басқан ауыр жүктен арылып, кеудемді керемет рақат сезімі кернегендей болғанын ауызбен айтып та, тіпті қағазға жазып та жеткізу әсте мүмкін емес. Түні бойы ол көзіме түспеді; ол үйге келгелі бері алаңсыз тыныш ұйықтаған алғашқы күнім де сол болды. Иә, жасалған ауыр қылмыс жанымды жегідей жесе де, мен ұйып ұйықтадым.
Екінші, үшінші күн де өтті, бірақ менің жәбіршім көзіме түспей қойды. Менің қайтадан еңсем көтеріліп, тынысым кеңи бастады. Құбыжық қорқынышы алды-артына қарамай үйден қашып кетті! Мен енді оны қайтып көрмейтін болдым! Қандай рақат! Өткенге өкіну ойымда жоқ! Жүрдім-бардым ғана жауап алынды, бірақ мен одан оп-оңай ақталып шықтым. Тіпті үйге тінту жүргізген де болды — әрине, ештеңе таба алмады Мұнан былай бақытты болатыныма менің енді күмәнім қалмады.
Жұбайымды өлтірген соң төртінші күні күтпеген жерден полиция cay ете қалды, қайтадан үйді мұқият тінтіп шықты. Алайда құпия қуысты таба алмайтынына кәміл сендім, сондықтан көңілім еш қобалжыған жоқ, Полицейлер үйді тінтіген кезде менің олармен бірге болуымды талап етті. Олар бұрыш-бұрыштың, қуыс-қуыстың бәрін тіміскіледі. Ақыры үшінші әлде төртінші мәрте подвалға қайта түсті. Мен міз бақпадым. Алаңсыз ұйқы құшағына енген бейкүнә жандай жүрегім тіпті лүп еткен де жоқ. Мен бүкіл подвалды айналып шықтым. Тіпті қолымды қаусыра ұстап алып асықпай-саспай ерсілі-қарсылы теңселіп жүрдім. Полицейлер өз шаруаларын бітіріп, енді қайтуға ыңғайланды. Мен көңілім тасып, өзімді-өзім билей алмай кеттім. Масаттанғанымнан оларды алаңсыз иландыру үшін ең болмаса бір ауыз сөз айтып қалуға ұйғардым.
— Мырзалар,— дедім мен олар тінтуді аяқтап, баспалдақпен көтеріліп бара жатқан кезде,— сіздердің күдіктеріңіз қалмағанға мен қуаныштымын. Бәріңізге де денсаулық және аздаған сыпайыгершілік тілеймін. Айтқандайын, мырзалар, мүмкін мұның өзі жақсы салынған үй, (еркін сөйлесем деп лепірген көңілге елігіп мен өзімнің не айтып, не қойғанымды абайлай алмай қалдым) тіпті, мен мұны аса тамаша құрылыс деген болар едім. Қаланған қабырғасында — сіздер асығып тұрсыздар ма,— мүлде сызаттың ізі де жоқ.— Сол кезде есалаң қызбалыққа салып, қолымдағы таяқпен өзімнің құдай қосқан қосағымның мүрдесі қаланған қабырғаның кірпішін тарсылдатып соққылай бастадым.
Құдіреті күшті құдайым, мені жын-сайтанның тырнағынан қорғап, сақтай көргейсің! Соққыдан шыққан дыбыс сейіле бергенде көрден үн қатты!.. Алғашқыда құдды жылаған баладай үзіліп-үзіліп шыққан баяу дауыс лезде жан түршігер зарлы да ащы айқайға, адам үніне ұқсамайтын дауысқа айналды, оның өзі жыртқыштың ұлығанындай үрейі ұшқан, бір жағынан әлденеге масаттанған жанның күңіренгеніндей, бұл күнәкарлар мәңгі азап шегіп, жын-сайтандар масайрайтын дозақтың түнегінен шығып жатқандай.
Маған қандай есуастық ойлар келгенін айтпай-ақ қоюыма болады. Есім шығып кеткендіктен де қарсы беттегі қабырғаға барып жабыстым. Үрейі ұшып, үрпиіскен полицейлер баспалдақта қалшиып тұра қалды. Бірақ кенет ондаған қуатты қолдар қабырғаны тас-талқан етіп, қирата бастады. Ол лезде құлап түсті. Менің әйелімнің ісініп, бұзыла бастаған, қан-қан мүрдесі көрінді. Кезінде мені адам өлтіруге итермелеген, енді міне өзінің жан ұшырған зарлы даусымен жендеттің қолына ұстап берген құзғын малғұн қып-қызыл аузын ақситып, ақшиған жалғыз көзі жалт-жұлт етіп мүрденің үстінде отыр. Мен сол құбыжықты кезінде тірідей тас табытқа салып қабырғаға өріп тастасам керек.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі