Өлең, жыр, ақындар

Майшабақ пен шыныкөз

(Балықшының жұмысшылар жиналысында айтқан әңгімесі)

Жолдастар, мен — балықшымын. Балық аулаудың арқасында мен социализмге аяқ баса алдым. Ол қалай болды дейсіздер ме? Жарайды, тәптіштеп айтып берейін.

Біздің өзен-көлдерімізде акуладан сәл ғана кішірек бір балық өмір сүреді, біз оны Шыныкөз деп атаймыз. Өте қу балық, өте шақар, өте мешкей. Ол майшабақтарды жақсы көреді. Әлгі, кәдімгі құйттай, шынашақтай балық ше... соны көрсе-ақ болды,— Шыныкөз құтырып кетеді: байғұстарды қуып жүріп қылғытады.

Әрине, майшабақтарға да жан керек, қарағаннан қарап жүріп қырылғысы келмейді. Олар Шыныкөзден қорғанудың тәсілін тауып бағады, оның келе жатқанын алыстан-ақ біле қояды. Иісінен сезе ме, басқа бірдеңесінен сезе ме,— оларын мен білмеймін. Шыныкөз жетіп келген сәтте олар жандәрмен жиналып, шоғырлана қалады, ұзындығы біржарым метр балықтай боп тұтасып жата қалады: құдды қамал соғып, қорғанысқа көшкені дерсің.

Шыныкөз әй-шәйге қарамай ұмтылады,— сол сәтте майшабақтар оған қабыршақтарын оқша жаудырады да жібереді. Басы-көзіне қабыршақ жабыса қалған Шыныкөз ештеңені көре алмай дымы құриды да, байтал түгіл бас қайғы боп жайына кетеді.

Су бетіне жыпырлап қабыршақ шықса-ақ болды,— біз, балықшылар, су астында қырғын майдан басталғанын түсіне қоямыз. Су беті ақың тастан жасалған алқадай жалтырай қалады. Біз ілгекбас бақанды дереу суға сүңгітеміз де, басы-көзін қабыршақ жауып сенделіп жүрген Шыныкөзді іліп суырып аламыз.

Жолдастар! Шыныкөзді суырып алған соң не істейтінімізді айтып іштеріңізді кептірмей-ақ қояйын, өйткені, сіздер оны бізден кем білмейсіздер. Біз Шыныкөзді асып жіберіп, сорпасын ішеміз немесе сарымсақ турап қосып, баптап қуырып жейміз. Яғни, біз Шыныкөзді су астынан сопаң еткізіп суырып алуға шеберміз, мүлт жібермейміз. Тек сіздер оның көзін қалайда көрмейтін етіп қойсаңыздар екен. Әйтпесе, ол біздің байғұс майшабақтарымыздың тұқымын құртып жібереді.

* * *

Мен халайыққа пайдасы болсыншы деп шығарылған жүздеген мысалдарды естідім де, оқыдым да. Бірақ, солардың бірде-бірі маған мына балықшының бейқам ниетті әңгімесіндей күшті әсер ете алған емес.

Балықшы бұл әңгімесін қиыстырып ойынан шығарған жоқ, көзімен көргенін, қолымен істегенін айтты да қойды.

Бұл — біздің еліміздің көзі ашық барша жарандарына өте қажет сабақ! Тіршілік ету үшін неғайбыл тәуекелге бел буып, теңіздің бермесін сұрапыл шайқаспен тартып алып жүрген балықшының сөзіне құлақ түрелік! Біздің міндетіміз — жыртқыштың көзін құрту ғана. Оны бақанмен іліп алу — балықшы жолдастардың шаруасы. Олар қапы қалмайды!


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз