Құштарлық
Екі келмес, бір-ақ келер өмір бұл,
Солмасын тек, солмасыншы көңіл-гүл.
Жанарымыз жұмылып бір кеткенше,
Жетелейді арман-сағым көгілдір.
Түнеріп сол күндерде тұрды аспаным,
(Таяғы тағдырдың ұрмас бәрін).
Қарсы алдым балалармен қатар барып,
Әкемнің жаудан қайтқан құрдастарын.
Кенеттен қар жауғанда жапалақтап,
Баладай қуандым қол шапалақтап.
Бір әйдік Аяз ата келе жатты,
Мұрты аппақ, кірпігі аппақ, сақалы аппақ.
Жатыр, міне, тырысып «тулақ» дала,
Бұйрат-бұйрат боз құммен бунақталып.
Тұяқ тірер бір тұлдыр таппай құйын,
Секіреді Каспийге, тулап барып.
Дейміз әркез: байымайды ел неге,
Кілті мұның көктеме, әлде, жерде ме?
Күн көрістен қажып жүрген халқымыз,
Белшесінен батар қашан теңгеге.
Басыма ойлар келіп ала-құла,
Жүргенде жыр ілікпей қаламыма.
«Қарағым, аунап-қунап қайтсаңшы» деп,
Болады шақырғандай дала мына.
Жар басында жалқы өскен талшыбық,
Тас төбемнен қарайды әркез шаншылып.
Таңда көрсем бір уыс боп тұрады,
Балғын дене мөлдір шыққа малшынып.
Көңілімнің айдынына қаз қонып,
Өз-өзімнен жүрем кейде мәз болып.
Өмірімнің күзі кіріп тұрса да,
Қас қағымда қалғандайын жаз келіп.
Жүйкелері жаратылған темірден,
Біз қай кезде арылармыз жебірден?
Күннен-күнге келе жатыр көбейіп,
Момындардың ақысын жеп семірген.
Азаматың болса елде көшелі,
Қиналғанда, жол табады деседі.
Ақылдының айтқанымен жүрсек біз,
Сонда ғана өркеніміз өседі.
Оралым, сол аязың, бораның да,
«Ақ тайлақ» ойнақтап жүр орамыңда.
Жүгіріп шықты, міне, қарсы алдымнан,
Асыққан баладайын қол алуға.
Қызды өсіріп, ер жеткізіп баланы,
Өмір шіркін заулап өтіп барады.
Бізге дейін дәл осылай болды ғой,
Бізден кейін осылай боп қалады.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі