Қожа есегіне жем бере-бере жалығып, бір күні әйеліне:
— Бүгіннен бастап есекті сен күтіп бағатын бол, — десе керек. Әйелі келіспей, екеуінің арасында біраз ұрыс-керіс болады. Ақыры, екеуі де томсарып отырып алады және қайсысы бұрын тіл қатса, сонысы есекті суғарып, жем беретін болады.
Қожа бұрышқа барып, бірнеше сағат бойы теріс қарап үндеместен, сіресіп отыра береді. Әйелі әбден жалыққан соң, шәлісін жамылып көршісіне барады да, кешке дейін сонда болады. Азан шақыратын мезгіл тақап қалады. Қожаның әйелі көршісіне үйінде болған жағдайды айтады:
— Біздің үйдегі кісінің қыңырлығын сұрама, — дейді Қожаның әйелі, аштан өлуге бар, бірақ сөйлемейді. Ас-су беріп жіберсек қайтеді. — Әйелдер шара аяққа күріш көже құйып, бір баладан Қожаға беріп жібереді.
Сол екі арада мынадай оқиға болады. Қожаның әйелі үйден шығып кеткен кезде үйіне ұры түседі, барлы-жоқты іске татыр мүлкін жинап алып, ұры ақырында Қожа отырған бөлмеге келіп кіреді. Кожа бұрышта теріс қарап, еш нәрсені елемей отыра береді. Ұры «ә» дегенде сасып қалғанмен, Қожаның айғай салмай мелшиіп отырғанын көрген соң, «е, тіл-құлақтан айрылып, топ болып қалған адам екен ғой» деп ойлап, аспай-саспай, Қожаның көзінше қалған дүниесін тағы да жинап, буып-түйіп алады. Сірә, қызық көрген болу керек, «сәлдесін шешіп алайын, сонда да шіркін тіл қатпас па екен», деп, Қожаның басынан сәлдесін де шешіп алады. Сонсоң алған заттарын арқалап, шығып жүре береді.
Ұры кете салысымен көрші бала келіп, бұрышта қаққан қазықтай болып отырған Қожаға:
— Сізге тамақ беріп жіберді, — дейді.
Қожа үйінің тоналғанын, сәлдесінен айрылғанын, сондықтан әйелінің үйге тез жетуі керек екенін ыммен хабарламақ болып ысқырады, сонсоң қолын басынан үш айналдыра былғап төбесін нұсқайды. «Қожа ымдап қолындағы асты басымнан үш айналдыр да төбеме құя сал», — деп айтып отыр екен деп түсінеді бала. Түсінігін жалма-жан жүзеге асырады. Аяқты Қожаның басына төңкере салады. Ыстық күріш көже Қожаның басын, бет-аузын күйдіріп кетеді. Бірақ әлі де қасарысып, жақ ашпайды.
Көрші бала үйіне қайтып кеп, Қожаның үйінің есік-терезесі, кебеже, сандық біткеннің бәрі ашық, есіктен төрге дейін заттардың шашылып жатқанын айтады. Қожамен екеуінің арасында болған оқиғаны да айтады.
Қожаның әйелі бір пәленің болғанын іші сезіп, үйіне тұра жүгіреді.
Үй-ішінің астан-кестеңі шығып жатқанын көріп шыдай алмай:
— Ойбай-ай, мынау не сұмдық! — деп бағанағы қалпын бұзбай бұрышта мелшиіп отырған күйеуін барып бас салады.
Сол-ақ екен Қожа:
— Бар, есекті суғарып, жем беріп кел, — депті.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі