Өлең, жыр, ақындар

Қоштайдың қулықтары

Сауыр тауының теріскейіндегі белгілі біреу Құпқысары ауданындағы мұңғұлдардан бір ат ұрлап әкеледі. Мұңғұлдар ізге түсіп, Қоштай қоңсы отырған ауылдан күмәнданады. Және «ұрлаған атты қайтарып берсеңдер» деп қысым жасайды. Ауыл ақсақалдары мұңғұлдың шынуаңынан қорқып ат ұрлап әкелгендігін мойындайды да, пәлені екі үйлі кірмеге жабады. Ұрлап әкелінген аттың көзі жоқ болғандықтан, аттың құны үшін бір жақсы атан түйе беруге екі үй кірмені зорлайды. Осы ауылдағы байдың жылқышысы Қоштайдың нақақ күйгелі отырған екі отбасына қабырғасы қатты қайысады. Ауылдың білекті адамдарына:

— Бұл қу сүйектерді қанша қысқандарыңмен май шыға ма? Аттың құны үшін менің жалғыз атанымды беріңдер, — дейді. Мұңғұлдардың қысымынан тез құтылуға асыққан ауыл ақсақалдары:

— Екі үй кірмемен қалай бітісесің? — дейді Қоштайға.

— Өздері біліп берсе қолынан, бермесе жолынан аламын, — дейді Қоштай жымиып.

Әуел біліктілері бұл сөздің мәнісін түсінбесе де, даудан тез құтылғандарына қуанып, Қоштайдың жалғыз атанын мұңғұлдарға жетектетіп қоя береді.

Мұңғұлдар кетісімен Қоштай түйесін алып қалудың қамына кіріседі. Ол түстік жердегі Қарағайты деген иен сайда жолдың бір қалтарыс жерінде жалаңаштанып, батпаққа аунап алып, мұңғұлдарды тосып жатады. Әлден уақытта түйені жетектеген екі мұңғұл сайды өрлеп, Қоштайдың жасырынып жатқан жерінің қасынан өте береді. Қоштай екі мұңғұлдың соңынан қуып жетіп, түйенің бұйдасын түбінен кеседі де,
бұйданы өзі тістеп, еріп отырады. Біраз жүрген соң Қоштай бет-аузын тыржыйтып, шабына тартып тұра қалады. Артына қараған мұңғұлдар мына сұмдықты көріп, «бағлап, бағлап» (Бағлап — мұңғұл тілінде «ойбай», «құдай» деген мағынада.) деп бұйданы тастай сап қаша жөнеледі. Қоштай аты мен қиімін тастаған жерге келіп, жуынып-шайынады да, түйесін жетектеп ауылына қайтады.

Кейін Қоштайдың түйесінің ауылда жүргенін көрген ауыл адамдары Қоштайға:

— Түйе жершіл мал ғой, жануар қашып келген екен, — дейді.

Сонда Қоштай:

— Иә, менің жалғыз атаным берекелі болды ғой, сендерді де, нақақ күйген екі үйді де, мұңғұлды да, өзімді де қарық қылды, — деп жүре беріпті. Бұл сырды ел кейін білген екен.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз