Әли бүгін ерте тұрды. Ондағы мақсаты кеше үйдің артындағы тамның түбінен кездестірген ұлуды қайта көру болатын. Момақан жәндікке қатты қызықты, бірақ, соңына дейін бақылай алмады.
Алғаш көргенде қатты таң қалды. Дәл қасынан өтіп бара жатып, бармақ басындай иір қабыршақты байқап, тоқтай қалды. Дереу тізерлеп отыра қап, еңкейіп көп үңілді.
Қандай қызық? Тас сияқты қап-қатты боп көрініп, иіріліп тұрған қабықтың ішінен бірдеңе жыбырлап шығып келеді. Өзі жап-жұмсақ сияқты. Ұстап көрген жоқ, бірақ сондай екенін ап-анық білді. Не болды екен ол?
Көз алмай шамалы тұрды. Әлгі нәрсе анық көріне бастады. Аздан кейін созылып, ұзара түсті. Сонда байқады, өзінің ұзын мұрты бар екен. Онысы жыбыр-жыбыр етеді.
Алғашында иір қабыршақ ішіне кіріп кеткен басқа құрт па деп ойлаған. Ұзарып шыққан соң құрт емес екенін білді. Құрт болса, қабыршаққа қамалмай, тез-тез алыстап кетер еді. Мынау асығатын емес. Жыбырлап шығып жатыр, шығып жатыр. Құрт емес екеніне тағы бір дәлел — оның денесінің жуандығы мына қабыршақтың үлкен аузымен бірдей екен. Ондай үлкен құрт болмайды ғой. Болса да сыймайды. Және мынаның сыртында түк жоқ, қызылшақа.
Сәлден соң мұртты жәндік баяу сырғып жүре бастады. Жұмсақ, дымқыл топыраққа болмашы із қалдырып алға жылжыды.
Жұп-жұмсақ бәленің мұрты ғана емес, көретін көзі де бар секілді, басын жан-жағына бұрып, тұмсығымен алдын түртіп қояды. Жүруге қолайлы жол іздесе керек.
Еңкейе түскен Әли оның аузы да бар екенін аңдады. Тынымсыз ашылы-жабылып тұрады екен. Соған қарағанда, кездескен нәрселердің арасынан азық тауып жейтін болса керек.
Көзін алмаған Әли оның жылжи-жылжи жолдан алыстап, там түбіне жеткенін көрді. Сонымен ғана тынбай ол тамға жабысып, жоғары өрлей бастады. Бір қызығы, ұясынан шықпай, арт жағындағы дәу сүйретпесін сүйреп барады. Күшті екен өзі.
Әли ары қарай қадағалай алмады. Дәл осы кезде алға озып кеткен ағасы қайтып келіп, «жүр-жүрдің» астына алды да, сүйрей жөнелді.
— Әли, ол кәдімгі ұлу ғой, оған неге сонша қадалып қалдың. Ондай ұлулар толып жатыр, — деді ағасы.
Әли түнде талайға дейін ұйықтай алмады. Есіне әлгі ұлу түсе берді. Аяғы бар бар сияқты, болмаса тік қабырғаға қалай өрмелейді? Осы сұрақ мазалады. «Ертең барып бәрін анықтап көру керек» деді балбырап ұйықтап бара жатып.
Содан, міне, ентігіп жеткен беті. Ұлу тұр орнында. Өрлеп келіп, кешегі орнынан сәл жоғарылап тоқтапты. Бірақ ішіндегі әлгі мұртты бәле жоқ. Қолына алып қарап, ештеңе таба алмады. Әлде қабыршағын тастап, басқа жаққа кетіп қалды ма екен?
Таяу маңнан көрінбейді.
Дәл осы кезде артынан ағасы жетті.
— Неғып жүрсің мұнда? — деді тамға үңіліп.
— Ұлу… кешегі ұлуды көрейін деп келгем. Келсем жоқ. Қабығы ғана қалыпты.
Ағасы күлді.
— Соны да білмейсің бе? — деді сосын Әлиге қарап мырс етіп. — Ұлу деген жаңбыр жауғанда ғана шығады. Басқа кезде қабығының ішіне кіріп алады.
Әли тағы да таң қалды. «Ағам қандай көп біледі! Ал мен мұның ешбірін білмеймін!» деп ойлады ішінен.
Әли ұлуды жерге қойып, кері бұрылды. Ағасы анандай жерге ұзап кеткен екен. Одан «ұлудың аяғы бар ма?» деп сұрап алғысы келіп, ағасының артынан жүгіре жөнелді.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі