Өмір өзі тудырған ертегіден артық ертегі жоқ.
Андерсен
Неапольде трамвай қызметшілері ереуілдеген еді: қаңыраған қалың вагон Ривьера Қияидің о шеті мен бұ шетіне шейін қазша тізіле қалды да, сыпыра бір сынапша сумаңдаған, думанды, дырду неаполитандық вагон жетекшілері мен кондукторлары Жеңіс алаңына шоғырлана кетті. Бұлардың бастарынан асып, бақ шарбағының үстін ала жіптіктей боп көкке шапшыған фонтан суы әуеде жалт-жұлт етеді; ұлан-асыр қаланың түкпір-түкпіріне шаруа қуып жолы түскен жұрттың қалың нөпірі: баяғы бip приказчик, шебер, ұсақ саудагер, тігінші атаулы ереуілшілерді егесе, екілене, кіжіне ортаға алған. Зілді күлкі, зіркілдеген сөздер гуілдеп, неаполитандықтар көңілдегі ойын ауызбен айтқандай қолының қимылымен ап-анық жеткізіп, тағат табар емес.
Теңізден майда-қоңыр самал есіп, сабақтары ғажайып пілдің ырабайсыз сирағына оғаш мезгеген қалалық бақтың шомбал құрмалары қара-көк бұтақтарын желпуішше баяу ғана тербетіп, ырғала қалған. Самбырлаған дауыстары мен сыңғырлаған күлкілері аумаған торғайша әуені жаңғырықтырған, неаполитан көшелерінің жалаңаш-жалпы балалары айналада асыр салады.
Көне өрнекке бейім келген қала шаңқиған күн сәулесіне шомып, күмбірлеген күйге бөленген; өкпе-наз бен өрекпіген қиқуға, күңіренген күйше, күркірей үн қосып, шығанақтың көкпең-көк толқыны жағадағы жартасты тепкілеп жатыр.
Қара-нөпірдің шыжалақтаған шаң-шұңына жауап қайырмай, түнере иін тіресіп, бақ шарбағына асылып, көше-көшеге жұрт үстінен жалтақтай көз жүгіртіп тұрған ереуілшілер топты ит қамаған бір топ бөріні еске салғандай. Бір өңкей киінген осы бір адамдардың беріспеске бел буып, бекініп алғандығы жұртқа айдан анық еді, сөйтіп олардың бұл қылығы қара-нөпірдің қытығына бұрынғыдан да бетер тигенмен, бірақ олардың ішінде темекісін жайбарақат қана сорып, ереуілдің өредей өш дұшпандарына ақыл айтып тұрған философтар да жоқ емес:
— Э, мырза! Бала-шағаның кеспесіне жетпесе қайтпексің?
Ағылған күймеге қара-нөпірдің бөгеу болмауын бақылап, муниципальдық полицияның шытырая киінген агенттері екіден, үштен топ құрған. Бұлар жазықтылар мен жазғырушылардың екеуіне де жайбарақат қарап, едіреңдеп, екіленіп кеткен көздері екі жағына да бірдей жай ғана әзіл айтып, былқ етпей бейтарап тұр. Жазатайым жанжал шығып кетпесін деп, көшедегі үйлердің қабырғаларын бойлай қолдарына қалақтай ғана, қып-қысқа мылтық алған атқыштар отряды сап түзеген. Бастарында үшкіл қалпақ, үстерінде шолтиған плащ; бұттарында екі жақ жамбасына сорғалаған қаннан аудырмай, қып-қызыл сыздық басқан осы бірнемелер адамның аса бір сойқанды тобы болатын.
Керілдескен сөз, кекесінді күлкі, айтысқан кінә, ақыл атаулы аяқ астынан жым болып, жиналған топтың төбесінен, жұртты табыстырып-татуластырғандай бір тосын самал желпіп өткен секілденіп еді, түнере қарай қалған ереуілшілер тас түйіндей иін тіресе түсіп, нөпір ішінен:
— Солдаттар келе жатыр!— деген дауыстар саңқ ете қалды.
Сол-ақ екен, ереуілшілерді келемеждеп, еліре ысқырған дыбыстар мен қошаметтей әңгірлеген дауыстар құлаққа шалына кетті де, үстінде үлбіреген сұр костюмі, басында қаңбақтай жеңіл қалпағы бар күбідей біреу тіпті тас төселген көшеде тайтаңдап билеп те қоя берді. Жиналған жұрт арасымен баяу сырылып вагондарға қарай бет алып, қайсыбіреулері вагон алаңшаларына кеп шыға бастаған кондукторлар мен вагон жетекшілері енді бұрынғыдан да бетер түксиіп, қаңқулап тұрған нөпірді қақ жара жүріп, сұстана кіжініп алған. Жұрт жым бола берді.
Аяқтарын тақ-тұқ басып, сол қолдарын өз-өзінен біркелкі сермеп, санта Лючия жағалауынан тәлтиген сұрғылт солдатсымақтар ойнақтай аяңдап келе жатқан еді. Өздері қаңылтырдан осал жасалған бұрамалы ойыншықтан тіпті аумай қалған. Қабағын шытынып, ернін жирене шүйіріп, бұларды бастап келе жатқан сұңғақ бойлы, сұлу офицердің қасында секектей басып, дедек қаққан қоқырайған қалпақты күбідей біреудің екі қолы ауада ербеңдеп, ауызы сөзден тіпті тыным табар емес.
Топырлаған жұрт вагондардан ығысқан кезде солдаттар, аумаған сұрғылт моншақша, вагондарды бойлай бытырап, алаңшалардың қасына кеп тоқтай қалып еді, бірақ алаңшаларда тұрған ереуілшілер орындарынан тырп еткен жоқ.
Жаңағы қоқырайма қалпақты мен оны қау-қаулап ортаға ала кеткен және бір әлденендей маңғаз адамдар қолдарын екілене сермеп:
— Ақырғы рет... Ulima voita! Естіп тұрмысыңдар? — деп айқай салды.
Басын иіңкіреп, мұртын керенау ғана ширатып тұрған офицердің қасына қоқырайған қалпағын бір сілкіп, жүгіріп жетіп келген адам барқырап бажылдай сөйлеп бірдеме деп еді. Офицер оған көзінің қиығымен бір қарап алып, сыптай боп омырауын жөндеп қойды да, қатты дауыстап бұйрық берді.
Сол-ақ екен, әр вагон алаңшасына екі-екі солдаттан қарғып-қарғып шықты да, алаңшалардан вагон жетекшілері мен кондукторлар іле-шала сыпырылып түсе-түсе қалысты.
Бұл көрініс қаптап тұрған қара нөпірге күлкілі көрініп, ысқырған, қарқылдаған, азан-қазан айқай аяқ астынан бұрқ ете түскенмен, бірақ сол сәтте-ақ су сепкендей бола қалды да, сұрланған жүздері сұстиып, көздері таңдана шатынаған жұрт вагондардан үн-түнсіз жапырыла шегініп, жұбын жазбастан алдыңғы вагонға қарай таяй берді.
Сөйткенше болмай, алдыңғы вагонның доңғалағынан екі-ақ адым жерде аппақ қудай басынан фуражкасын алып, рельс үстінде кесе-көлденең жатқан бір солдат пішінді вагон жетекшісі көзге түсе кеткен еді, шалқасынан сұлаған өзінің мұрты тіпті көкке сұстана тікірейіп алған екен. Оның қасына сол жерде маймылша жылмаңдаған және бір тәлтиген жас жігіт барып жата қалып еді, оған ілесе жерге тағы да талай адам келіп асып-саспастан құлай-құлай кетісті...
Дүрілдеген нөпір ішінен мадоннаны сескене шақырған дауыстар саңқылдап, қайсыбіреулер кіжіне балағаттап, бажылдаған әйелдер күңірене-күрсініскенде, көз алдындағы көрініске қайран қалған балалар, аумаған резинка допша, айналада секіріп асыр салып жүрген еді.
Әлде не деп өкси бажылдаған қоқырайма қалпақты адамға қарап офицер иығын жай қысып қана қойды, өйткені вагон жетекшілерінің орнына солдаттарды отырғызуға тиіс екендігіне қарамастан, оның қолында ереуілшілермен күресу жөнінде берілген бұйрық жоқ болатын.
Солай болған соң, жанында қау-қаулап жүрген әлденедей жарамсақ адамдары бар жаңағы қоқырайма қалпақты атқыштар жаққа қарай ұмтылған еді, жылжи жөнеліп, жетіп келген олар рельсте жатқан адамдарды тұрғызбақ болып, солардың үстіне төне-төне қалысты.
Апыр да топыр, арпалыс басталғанмен, бірақ шаң шалып, сұрғылт тартқан күллі нөпір тұтқиыл селт етіп, азан-қазан, уда-шу болып, рельске қарай лап берді де, манағы қаңбақтай жеңіл қалпақты адам басынан қалпағын ала салып, аспанға атып, елдің алдымен бір ереуілшінің қасына кеп сұлай кетті, сөйтіп өзі оны иыққа қағып, қолпаштап құлағына айқайлап та қойды.
Сол-ақ екен, оған ілесе бұл жерде осыдан дәл екі минут бұрын болмаған әлденедей бір дуылдаған жайдары жандар, аяқтарын біреу қырқып түскендей, рельс үстіне жағалай қылжиып құлай бастады. Өздері бір-біріне күліп, бет-ауыздарын қисаңдатып әрі қоқырайма қалпақтының дәл тұмсығының астында перчаткасын бұлғаңдатып, оған өзінің әсем басын сілкіп, әлдене деп мырс етіп тұрған офицерге қарап айқайлап та қояды.
Сөйтіп, рельске жұрт топырлаған үстіне топырлап, әйелдер қолдарындағы себеттері мен әлденедей түйіншектерін лақтырып, балалар, бейнебір жаураған итше бүктетіліп, әлде бір әдемі киінген адамдар шаңға былғанып, жерге аунай берді.
Төменде доңғалақтардың астында үйме-жүйме боп жатқан адамдарға қарап, алдыңғы вагонның алаңшасында таяныштан қарманып, мойындарын көкке созып, бүкірейіп, аяқтарын теңселе басып, қарқылдап тұрған бес солдат бұл кезде манағы бұрамалы қаңылтыр ойыншыққа ұсаудан қалған болатын.
... Жарты сағаттан соң күллі Неапольді аралап, шақырда-шұқыр шарылдап, зымырап бара жатқан трамвай вагондарының алаңшаларында жеңіп шыққандар миықтарынан күлісіп тұрған еді, сөйтіп:
— Бильетти?! — деп сып-сыпайы ғана сұрап, вагондарды жағалап жүргендер де осылар болатын.
Оларға қызыл және сары қағаздарды ұсынып жатқан жұрт көздерін қысып, күлімдеп, біп-биязы ғана күңкілдесіп қояды.
Аударған Фатих Дінисламов
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі