(Текес көпіріндегі оқиға)
Сол оқиғадан бір күннен кейін Жанғаным жолға шыққан. Бұлар мінген автобус Текес ауылынан өтіп, Жаңа Текес жаққа бұрыла бергенде керді, алдыңғы күні нөсерде таудан аққан жойқын су өзекті терең орып, иір-қиыр жыра жасай, жер бедерін әбден-ақ аяусыз айғыздапты. Қап-қара лайсаң тұнба тұнған жыра-сайларды, құлаған жарларды көріп, бойын тағы да өткендегідей жайсыз сезім билей бастады.
Жаңа Текесте бірнеше үйді су алып кетіпті, — деді жолаушылардың бірі. Ол да рас шығар. Тасқынның мына айра-жайра іздері соны айғақтағандай, көрген кісінің көңіліне қарадай үрей үйірілгендей.
Дараты жақтан келетін жолдағы көпірді су ағызып кетіпті, — деді тағы біреу.
Жолаушылар оң қапталдағы терезеге жапыр-жұпыр үңілісті. Тек, Жанғаным ғана ол жаққа қарауға дәті бармағандай, бір сәт жүзін бұрмастан отырып қалды. Сол жаңбырлы түні тасқын ағызып әкеткен көпірдің дәл аузына келіп, кейін қайтқандары есіне еріксіз оралды.
Дегенмен, көзінің қиығын тастап қарағанда көпірдің орнындағы опырылған жарқабақты көріп, қорқынышқа бой алдырғандай іші мұздап, қалтырап кетті. Осы жасына дейінгі ең бір қатерлі түнді басынан өткергенін енді түйсінгендей.
«Ойпырым-ай, қандай қауіптен аман қалғанбыз?!» деп ойлап келеді. Жайына қарап жүрмей, жаманатқа қала жаздағаны-ай! Қасындағы бірқауым ағайын-жұрт мұны қолпаштап еріп жүрді емес пе сол күні? Іштеріндегі ең үлкен дегені де өзі еді ғой. Тәңірінің есіркегені-ай! Қорғаушы періштесі болғаны да. Желеп-жебегені ғой... Жолдағы көрінген нышандарды осылайша жорамалдай бастады...
Сол күннің оқиғасы бүге-шігесіне дейін тізбектеліп, көз алдына келе қалды.
...Ауылға қыдыра келген мұны кептен көріспеген сыйлас қайнысы Нұрболат пен келіні Гүлжанат көкке шығарып, қыдыртқысы келетінін айтқанда, «әуреленіп қайтесіңдер» деп бірден келісе қоймаған. Қайта-қайта қолқалай берген соң:
Қай жаққа апармақсыңдар? — деген сыпайылық үшін.
Онша қашық емес. Дараты жаққа. Бір ағайындарымыз бие байлап отыр еді. Қозы піскен кез, бір марқасын шығындап, қымыз ішіп қайтайық. Жол-жөнекей бір қызық әңгіме айтамын, — деп, Гүлжанат сөзінің соңын әдетінше сыңғырлаған күлкісімен көміп жіберді.
Жанғанымның кеңседе сарылып қолжазба қарап, одан қалды кітап кеміріп отырып, күн көрмей қан-сөлсіз бозарған өңінде қуаныш белгісіндей бір сәуле жүгіріп өткендей, лезде жадырай қалды.
Ол Гүлжанаттың «Қызық әңгіме айтамын» дегеніне онша еліге қоймады. « Ауыл арасындағы тентек қайныларының оғаш қылығынан басқа не айтар дейсің?!» Оның көңілін елең еткізген басқа нәрсе. «Дараты». Осы бір жер атауы оның санасында қазақы сөз тіркесінде көп ұшыраса қоймайтындығымен емес, марқұм енесінің аузынан жиі естігендігінен жатталып қалғандай еді. Көп естігенімен — көрмеген, бүгін соның сәті түсейін деп тұрғанына қуанғандай болғаны рас.
Түске қарай еркегі бар, әйелі бар біраз адам сықасып мінген машина Бозтөбеге қарай зымырап бара жатты. Бұл өңірде көктем кеш шығады. Көктем кешіккен соң жаз қайдан тез келе қалсын, ол да асықпай жетеді. Қазір мамыр айының басы болғанымен жаздан гөрі көктем дерліктей. Ертеңгілік маужыраған дүние тегіс балауса көкке малынып тұр. Күн жанға жайлы шуағын төгіп, лүп еткен жел жоқ, тұп-тұнық, жып-жылы қызғылт сарғыш нұршуақ уыздай ұйып қалғандай. Жаймашуақ күнге бетіңді төсеп, бала кездегідей жүгіре берсе, жүгіре берсе ғой... Жанғаным қиялына ерік беріп отыр.
Тәте, әңгіме айтайыңшы, — деген дауыстан селк ете түсті.
Ауылдан ұзап шыққан бұлардың көліктері Нарынқолға кірмей, Тұмсықты айналып, Қостөбеге қарай бет түзеген екен. Сағымға оранған Қостөбе, одан әрі буалдыр мұнар жапқан көкжиек көз ұшында бұлдырайды. Қостөбе қол созым жерде тұрғандай, қазір-ақ жетіп барарлықтай-ақ. Бірақ, бұлар жақындаған сайын ол сиқырмен шегіне түсетіндей, жеткізер емес. «Қостөбе» деп атын қалай дәл тауып қойған? Енді бой жете бастаған арудың қос анарындай дала төсінде үшкілдене бұлтия қалыпты. Машина ырғағымен тербелген бұларға қос анар көтеріліп басылып, көтеріліп басылып, бейне тыныстап жатқандай.
Біршама жүрген соң машина тас жолдан шығып, солға қарай қиғаштай тартып, жолсызбен шоқырықтай жөнелді. Қостөбе бір бүйірде қалды.
Жанғаным жасырақ кезінде іссапарымен көп жүрген еді, талай елді, талай жерді көрді. Ойлап отырса, даланың соқпақ жолдарымен де аз жүрмепті. Сонда көсілген ұшы-қиырсыз даланың не көрсеткіш тақтасы, не ен-таңбасы жоқ таусылып бітпейтін қара жолымен керек жеріне дәл тауып алып баратын ауылдың машина айдайтын қара домалаң балаларының жер танығыштығына үнемі тәнті болатын. Қазір бұлар мінген көлік иесі — Нұрболат та ойпақ-қырат белдермен тура тартып келеді. Өрі көп шайқалтпауға тырысып, аса ептілікпен тайпалтып-ақ әкеле жатыр. Төңіректе қыбыр еткен жан жоқ. Бейне көк теңіздей дала алқабында жүзген кемедей. Айнала алып кеңістік, ал бұлар соның бетіндегі жалғыз ноқаттай.
Ол зейінін тіктеп, қанша ойласа да, Даратыны елестете алмаушы еді. Мінекей, жал-жал белестері көлбей сағымға бөгіп жатқан кең жазира — Дараты екен. Бір белестен соң бір белес. Жал-жал жоталарды қуалай қараса, олардың тау сілемдерінің етегі екені аңғарылады. Жоталар бірте-бірте жайдақтала келіп, жазықтыққа ұласып, созылып жатыр. Әрбір жотаның тауға тірелер қолтығында бір-бір шопан қыстауы орын тепкен.
Бұлардың көліктері сондай бір белдің қырқасына қоныстанған шопан үйінің алдына келіп тоқтады. Машинадан түсе-түсе қалған бұлар даланың кәусар ауасын кеуде кере жұтып, төңіректен көз айыра алмай тұрып қалды. Өңірге тұтастай көк барқыт кілем төсеп тастағандай. Аяқ асты кісі басуға қимастай шоғыр-шоғыр гүл. Бұлардың төңіректен жанарларын айыра алмай тұрғанын байқаған шопан жігіт:
Күн қызуы артқан сайын көк те көтеріліп келеді. Мал да тойынып қалды. Бұл Дараты — ежелден құт қонып, ырыс дарыған жер ғой. Түгін тартсаң, майы шығады, — дейді табиғатқа дән риза пейілін білдіріп.
Сен малыңның жайын айтпай, қонақтарды үйге бастасаңшы, — Гүлжанат жеңгелігін танытып, билеп-төстей жөнелді. Үнінде өзімсінген еркелік табы жатыр. Жеңгесінің ескертуінен кейін үй иесі қалбалақтап, бұлардан ішке кіруді өтінді.
«Қайнысын бекер сөгеді-ау, — деп ойлады Жанғаным. — Жыл он екі ай табиғатқа тәуелді дала перзенті болған соң оны айтпағанда қайтсін!»
Бұл үйге кіруге асыққан жоқ — Дала көрінісіне көз сала тұрып, Ілияс ақынның «Жер түгі» дейтін өлеңін есіне алды.
... Биікте бітед шөптен сарыкүйік,
Тістеніп жатыр жұлып, малы сүйіп,
Қымызын сарыкүйіктің ішеміз деп,
Албандар қоныстайды құстай биік.
Тауқонақ, шәйшөп, жаңқа, құлынембес,
Сүттіген, еңілік, мейіз, киізкиік... —
деп кете бермеуші ме еді. «Сарыкүйіктің қандай қасиеті бар, биікте өсетін еңлік қандай гүл болды екен?» деп ойлап қоюшы еді. Бүгін көзбен көріп, қолмен ұстардай сезім билеп:
Бұл жерде еңілік гүлі бар шығар. Көрсетіңіздерші, — деді, шопан жігітке, өзінің жасына лайықсыздау болса да білмегенін сұраудан еш қысылмай-ақ.
Ой, тәте-ай! Сіз де қызық екенсіз. Гүл көп қой, қайсы бірін түстеп жүр дейсіз? Біз көбінде ат үстінде жүреміз емес пе!? — Жұрт ду күлді.
Жанғаным өзінің қолайсыз сауалынан тосылып, жұқалтаң қабағына кірбің жүгірді. «Бекер-ақ сұраған екенмін».
Тәте, қазір қымызға қанып алыңыздар. Жас марқаның етінен сірне дайын болғанша мен сіздерді көлге апарып келейін. Гүлдің төресін сол арадан тересіздер, — деді Нұрболат әңгіме тақырыбын өзгертіп, әрі арадағы қолайсыздықты жуып-шайып.
Бұл өңірдегі басын таудан алатын арынды — Байынқол, Текес секілді өзендерді білгенімен, көл барын естімеген бұл елеңдей қалған.
Көлге алып келе жатып, оның жай-жапсарын Нұрболат өзі түсіндірді:
Кезінде Текес өзенін осы арадан бөгеп, ГЭС салмақшы болып еді ғой. Сол кезде салынған бөгет қой бұл. Кейін заман өзгеріп, уақыт өте келе аяқсыз қалды ғой. Бірақ тоспаға әжептәуір су жиналып, кәдімгідей кішігірім көлге айналды. Балығы да бар. Демалысқа таптырмайтын жер қазір.
Келген бойда оған өздерінің де көздері жетті. Балалар суға шомылып, жігіттер балық аулап, әйелдер жағы су жағалай серуендеп, әркім өзіне лайық ермек тауып, мәре-сәре.
Көл жағасының көрінісі шынында да әдемі еді. Жанғаным айнадай жарқыраған су бетіне, желмен сағымдай құбылған кең жазира алқапқа қарап тұрып енесінің Даратыны неліктен жақсы көргенін енді ұғына бастағандай...
... Жарықтық енесі тыным таппайтын еңбекқор жан еді ғой. Өз қолына қарап қалған қарт анасы мен қабырғасы қатпаған бауырын бағу қамымен қаршадайынан қара жұмысқа араласып, ерте пісіп-қатып алған ол жұмыс таңдамайтын. Өзі де қол-аяғы балғадай — бойлы-сойлы. Көпшіл, көңілінің қалтарысы жоқ, көкейіндегісін бүгежектемей айтып тастап қарап отыратын жанының тазалығы оны айналасына сыйлы еткендей. Осы Даратыда жастайынан егіншілер мен пішеншілер қосында сақа келіншектермен бірге ортақ қазанда аспазшы болып істеген дейді. Ол бір ала жаздай үй көрмейтін науқандық жұмыс қой. Жылда өзі сұранып баратын көрінеді...
Оның да өз себебі жоқ емес шығар. Даратының әр маусымдағы көз тоймас көркемдігін керуді, көктемнің жазға, жаздың күзге ауысардағы сан алуан бояуларына жанарын суғарып, жұпарын бойына сіңіріп, көкорай шалғынын белуардан кешіп жүруді — ауылдағы бұйығы тірліктен артық санаған сыңайлы ғой. Ақ жауынға жүзін төсей, сан мәрте сыңғырлай күлген шығар. Таңғы шықты басып, жалаңаяқ талай жүгірген болар. Дала төсінде құлындай ойнап, бой жетті, жар құшты, перзент сүйді. Бұдан артық бақыт бар ма? Бірақ, басы жұмыр пенде бақытқа тойған ба?!
Бұл келін болып түскен жылдары енесінің әлі ажары таймаған, күш-қуаты бойында, қимылы ширақ кезі еді... Үй шаруасынан гөрі апырып-жапырып істейтін сырт жұмысын тәуір көріп тұратын. Ара-тұра науқандық шаруаларға да шығып жүрді.
Осы жұмысты қоймайсың ба? — деп ренжіген баласына:
Үйде отыратын кез де келер. Жасым болса, зейнетке таяп келеді, колхоздан қол үзбейін, еңбеккүн жүре берсін, — дейтін еді, жарықтың. Сөйтсе, тіпті де еңбеккүн үшін емес, Даратыны бір көріп, салқын саумал ауасын жұту үшін де келетіндей көрінеді қазір Жанғанымға.
Жасы ұлғая әркім де жастық шағы өткен жерді аңсап тұратын болар-ау. Оны Жанғаным енді түсініп жүр. Енесінің сол уақыттағы жасына қазір өзі де келді ғой. Енесінің кейбір әдеттері мен әрекеті бұған біртүрлі оғаштау көрінетіндей еді. Ал, қазір ойлап қараса, еш ерсілігі жоқ, ап-анық, ұғынықты нәрсе екен. Ол кезде енесін түсінуге оның жасы да, өресі де жетпегендей. Соны қырың жылдан кейін барып ұққандай.
Дараты туралы сөз болғанда оның отты жанарында нұр ойнап, дидарына лып етіп шыға келетін мерейлі шуақты қалай ұмытсын?! Сонда, бәлкім, гүл жазира дала төсінде өткен алаңсыз жастық кезі, базарлы жылдары есіне оралатын болар. Көпке дейін әлгі әсерден айырылып қалмайын дегендей, өзімен-өзі отырып қалушы еді. Неге қуанып, неден мұңайды екен баладай бейкүнә, адал да аңғал, ғазиз жан? Ол нәзік жұмбағын өзімен бірге мәңгілікке ала кетті... Оны енді Жанғаным қанша ойласа да шеше алмақ емес.
Суды бойлап келе жатып Жанғаным: «Бүгін енем жарықтықтың есіме түсе бергені несі?» — деп ойлады. «Құран дәметіп жүр ме екен? Үйге жеткен соң мешітке барып,құран бағыштайыншы» деп қойды.
Оның ойын Нұрболаттың:
Ауа райы бұзылайын деді. Әй, жігіттер, ау-шуларыңды жинаңдар. Жаңбыр жаумай тұрғанда әлгі келген үйімізге жетіп алайық, — деген сөзі бөліп жіберді. Сонда байқады, солтүстік-батыс жақты шудаланған буда-буда бұлт торлай бастапты. Бұлт демде көлбеу биіктеп, бір жамбастай жылжып, қарақошқыл тартты. Бірте-бірте қоюланып барады. Жанғаным мұншалықты қою қара бұлтты көптен көрмеген екен. «Бұршақ жауар ма екен?» — деді қасындағылардың бірі. Бірте-бірте бұлт тау жаққа қарай жөңкіле көшіп, бұрынғысынан бетер ұмар-жұмар түйдектеле түсті.
Жақсы болды, тау тартып кетті, — деп қуанды Нұрболат.
Олар шопан үйіне келгенде сирек тамшылар терезеге тиіп, сытырлай тама бастады. «Көрінген ауылдан, көрінбеген бұлт жуық» деген осы-ау.
Олар дайын асты ішті де аз-кем отырып, кеш түспей тұрғанда ауылға жетіп алуды ойлап, жолға жиналды. Бұл кезде зілмауыр сұр бұлт аспанды тұтас жауып, көкжиекті тегіс қымтап, айнала күңгірт тарта бастаған екен. Таулы жерде күн онсыз да ерте батады ғой, төңірекке лезде ымырт үйіріле бастады.
Сіздер Қостөбе жақпен қайта алмайсыздар. Жолда машиналарыңыз батпаққа тығылып қалуы мүмкін. Айналма жолмен жүргендеріңіз жөн. Әлгіндегі өздеріңіз барған көлден ары қарай жол — жақсы. Кезінде ГЭС саламыз деп тас төселген, қатқақ. Жаңа Текестің тұсынан шығып, көпірден еткен соң Нарынқол — Алматы үлкен тас жолына қосыласыздар. Сәл алыстау болғанымен — сенімді, — деді жер жағдайын жақсы білетіндер. Мұны көлік жүргізуші Нұрболат та қош көрген.
Бұлар үй иелерімен риза-қош айтысып, сыртқа шыққанда жаңбыр тығыз сіркіреп тұр еді.
Олар қырат-қыратты қуалай, шөптесін жерлермен әупірімдеп жүріп, ГЭС-тің жолы деген тастаққа ілінді. Енді машинаның жүрісі де біршама түзелді.
Бұлардың жолға шығуын күтіп тұрғандай-ақ сол екі арада нөсер төпеді-ай келіп. Машина жарығынан жаңбырдың ірі-ірі тамшылары алдарын көлегейлеген пердедей, тұтасып көрінеді. Жолдың үсті де, екі жағы да көлкіген суға айналды. Ауытқып кетпеу үшін абайлап жүруге мәжбүр болғандай. Баяу ілбіп келеді. Байқамай қияс шығып кетсең, жол жиегіндегі жыраға күмп берерің сөзсіз.
Қап-қара бұлт жаңа тауға қарай ауып кеткен секілді еді. Қайта айналып жаууын қарашы. — Мұны айтып Нұрболат алға мойнын соза ұмсынып, рульге одан сайын жабыса түседі.
Тауға жаумағанын қайдан білесің? Ол жақта бұдан да қатты шығар-ау, — дейді Гүлжанат сөз қосып.
Кенет жол ортасында жұдырықтай аппақ құстың бұларға қарап отырғанын байқап, екпіндерін баяулатты. Көлік жақындағанда аппақ құс аулаққа ұшудың орнына қанатын жайып жіберіп тура машинаға қарай зулап, маңдай шынысына соғыла жаздап тайқып кетті.
Үкі, үкі, — десті отырғандар.
Үкі түнде ұшушы ма еді?
Түнде ұшпағанда қашан ұшады?
Жаңбырда ұша бере ме дегенім ғой.
Отырғандар өзді-өзі дуылдасып кетті.
Жанғанымның есіне бала кезде естігендері түсті. Әжесі: «Үкі — қасиетті құс. Ол кез келген кісіге көрінбейді. Екі жағдайда көрінуі мүмкін, — деуші еді ол. — Оны аса бақытты жан көруі ықтимал, не бір жаманшылықтың алдында соры қайнаған біреуге кездеседі», — дейтін.
Жанғаным өз ойымен өзі. Үкінің қасиетті құс екені рас болса, рас шығар. Әйтпесе, оның екі-үш талын пәле-жаладан, тілден-көзден сақтасын деп баланың бесігіне, қыздардың тақиясына тақпас еді ғой. Бір құдіреті болған соң тағады да. Халық ішінде «үкілеп ұстау» деген сөз бар ғой. Бұл да өте биік қастерлеуді білдіреді.
Ол әже бауырында кене аңыз-әңгімелерді көп естіп өскендіктен бе, осындай нанымдарға бала жастан қатты сенгіш. Егер әлгі құстың үкі екені рас болса, араларындағы біреу — маңдайының бағы бес елі, ырыздығы артық жаратылған жан, не соры соншалықты қалың бейбақ. «Қайсымыз болдың екен?» Ол тіс жарып, ешкімге еш нәрсе демеді, бірақ көңілі алаңдап, мазасы кете бастады. Жүрегі төмен тартып, қобалжып, бойын белгісіз үрей билегендей, өзін жайсыз сезінді. «Осы қонақтыққа несіне келістім екен? Кісі көңілі қалмасын деген көңілшектігімнен көп жапа шегіп жүрсем де, өзімнің ойлағанымда тастай қатып тұрып алмай, біреудің айтқанына келісе кететінім-ай. Бір сылтау тауып, бармаймын десем, мені ешкім зорлап алып шықпас еді ғой» деп, өзін-өзі іштей жеді. Елжіреуік қой. Бір ғұлама жазушының: «...Еркектің шыдамсызының басын жұтып, әйелдің шыдамсызының абыройын төгіп тынатын қандай қара пәленің басы әрқашан сол бір елжіреуік сезімнен басталатын-ды», — деп жазғанын есіне алды. Елжіреуіктігі басына тиіп жүрсе де, арыла алмай-ақ қойды...
Бұлар әлі келе жатыр, әлі келе жатыр. Жаңбыр толассыз құйып тұр. Бұл неғылған таусылмайтын жол, бұл неғылған толастамайтын жаңбыр?
Мұның тұнжырап келе жатқанын байқаған Гүлжанат:
Шаршадыңыз-ау, тәте. Сәл шыдаңыз, аз жер қалды. Қазір көпірден өте шығып, бұйырса, тас жолға қосыламыз. Ар жағы күнде жүріп жүрген жеріміз ғой, — деп көңіл аулаған болады. Оның жолдан емес, ойдан шаршап келе жатқанын қайдан білсін?
Иек астында күркіреген судың сарыны жетті құлаққа. Гүрілдеп-сарылдаған айбынды үні түнді жаңғырықтырады. Жақындаған сайын айқындала түсті. Көпірге жақындады-ау, шамасы. Жігіттер жол жайын әңгімелеп кетті.
Көпірдің қарсы беті тіктеу сияқты еді. Қаттырақ жүріп, екпініңмен шығып кетпесең болмас.
Өзім де солай ойлап келемін...
Бұлар көпірге апаратын еңіске жылдамдықпен енді құлдилай бергенде алдарынан шамын бір жағып, бір өшірген жеңіл машина қайқаң етіп шыға келді. Тұстарына қапталдаса, жанай тоқтады да, екі-үш жігіт түсе қалып, бұларға көпір жақты нұсқап, әлденелерді айта бастады. Машинадан шығып, олармен сөйлесіп келген Нұрболат орнына отыра беріп:
Жаңа ғана мына көпірді тасқын алып кетті деп тұр, мына жігіттер, — деді өңі құп-қу болып.
«Алла, Құдай-ай, өзің сақтай гөр!» Жанғанымның аузына түскен сөз осы болды. Бәрі де бір сәт тып-тыныш бола қалды. Машина ақырын-ақырын шегініп, жол жиегіне шығып кетпейін дегендей, еппен бұрылып, кейін қарай бағыт түзегенше «ләм» деспеді. Әлгі машина түн қараңғылығына еніп, көзден ғайып болыпты. Күркіреген өзен біртіндеп артта қалды. Жаңбыр құйып тұр. Гүлжанат мойнын созып, жан-жағына қаран:
Әлгі машинаны жер жұтып кетті ме? Алдымызда жарығы көрінбейді ғой. Қай жаққа қарай бұрылса да, жазық далада жарығы көрінуі тиіс еді ғой, — деді таңдана.
Бәрі жаңбыр суы сорғалаған терезеден далаға қарасты. Айнала — тастүнек. Жылт еткен от көрінбейді. Тек өздері отырған машинаның шамы алдыңғы жаққа бірқауым жерге дейін себезгілеген сәуле шашып келеді. Түскен жарықтан су-перде қиғаш тартылғандай болып, жаңбырдың қиғаштай жауып тұрғанын байқатады. Сірә, жел күшейсе керек.
Олар бағанағыдан да ақырын, бағанағыдан да сақтықпен келе жатыр. Әркім өз ойымен. Қорқыныштарын іштеріне бүгіп, сыртқа шығарғысы келмейтін сияқты. Тым-тырыс. Бір кезде тастақтың таусылып, қара жолға шыққандарын сезді. Тоқтап, жігіттер жер шолды, ары қарай қалай жүрерлерін ақылдасып алып, ілбіп жүріп кетті. Бәрі де демдерін іштеріне тартып, үнсіз отыр. Қазір кімнің де болса, «бір қатерден құтылдық-ау, енді тас жолға тезірек іліксек екен» деп тілеп отырғаны аян. «Кемедегінің жаны бір» деген-ау. Машина біресе оңға, біресе солға бұлт-бұлт етіп, әйтеуір, тоқтаусыз жүріп келеді. Түнде жолдың ұзап кететіні-ай. Бағана демде жетіп келген секілді еді ғой. «Аман-есен ауылға жетсек екен». Бойларындағы әлгіндегі үрей тараса керек, митыңдаған жүрістен кейбіреуі қалғи бастады. Көлікте кірпік ілмей сақ отыру — Жанғанымның қашаннан бергі әдеті. Ол алдындағы түпсіз терең қараңғылықтан көз айырмайды. Көңілі орнына түсіп, бойының қалтырағаны аз да болса басылғандай. Көз қиығын Нұрболатқа тастап қояды. Ол рульге жабысқан бойы қатып қалғандай, селт етпейді. Бар зейіні — алда. Күндізгі кербез сұлу даланы түн тұмшалап, бар құпиясын ішіне бүккен құбыжық тылсымға айналдырғандай. Түнде жүрудің үрейлі қаупін әбден сезініп келеді.
Бірқалыпты баяу жылжып келе жатқан машина тас жолға жете бере, өрге қарай ышқына барып тоқтап, кейін сырғып кетіп, шоңқиды да қалды.
Батқан жерімізді-ай, — деп өкінген Нұрболат рульден қолын босатып, шалқайып отырды.
Жанғанымнан басқасы далаға шығып, машинаны айнала қарап жүр. Бұл орнынан қозғалмады. Шыққанда мұның қолынан не келеді? Дегенмен, отыра берудің де жөнін таппай, бұл да түсті. Жер миы шыққан батпақ екен.
Отыра бермедіңіз бе, — деп жатыр ғой. Оларына рақмет.
Жігіттер зыр жүгіріп, әрекет жасауда. Бірі бұта-бүрген, тас іздеп жүр. Бірі күрек алып, дөңгелекті балшықтан аршуда. Даланың қара жолымен жүріп үйренген жігіттердің көрген құқайы бір осы дейсің бе? Сасар емес, дөңгелектің астына табылған бұта, ағаш, тас төсеп, бірі итеріп, бірі сүйемелдеп лезде алып шықты. Тас жолға дейін жанамалап итеріп барып, өздері сосын бірақ отырды. Дөңгелегі тас жолға ілінісімен машина да «Ауыл қайдасың?» дегендей, зымырады ғой. « Құдайға тәуба, тәуба, тәуба», — деді Жанғаным да терең тыныстап.
Олар үйге жеткенде түн ортасы ауып кеткен еді. Көпірдегі жағдай туралы тіс жарып, бір-біріне әңгіме айтуға батпады. Не ойласа да іштерінде. Ерте тұрған Гүлжанат жеті шелпек пісіріп, құдайы таратты...
* * *
Тағы бір қонып, ертесінде бұл жолға шыққан.
Судың жойқын ізімен тасқын ағызып әкеткен көпірдің опырылған жарқабағын көргенде сол түнгі оқиғаны қайтара бастан кешкендей. Бойының қалтырағаны басылар емес. Көпірдің жоқтығын білмей, ағынмен келіп, буырқанған суға қойып кетуден бір тылсым күш құтқарып қалды ғой. Жасаған иенің құдіреті болар, бұларға ана бір машинаны қарсы жолықтырған.
Ол машинадан бұрын алдарынан аппақ құс ұшып шықты емес пе? Оның тегін құс емес екенін Жанғаным сонда сезіп, іштей секем алған. Тек қалай жорырын білмеді ғой. Кенет, кенет оның санасын найзағайдай жарқ етіп, бір ой осып өтті. Аппақ үкідей болып ұшып жүрген енесінің рухы болмасын?!
«...Адам қайтқан соң оның рухы өзі бақытты ғұмыр кешкен жерде ұшып жүреді екен» дегенді таяуда ғана бір жерден оқып еді. Ендеше тура солай! Енесінің рухы Даратыда ұшып жүрмегенде қайда жүрсін? Ол бұларды жаманаттан сақтандырып, қанатын жайып машинаның алдын көлегейлегісі келгендей тыпырлады емес пе? «Жүрмеңдер! Кейін қайтыңдар!» дегісі келгендей қарсы ұшты ғой. Қалайша соны бұлар ұқпаған? Одан сайын көпірге қарай ентеледі. Дәл көпірдің аузында ұшырасқан, қайдан келгені де, қайда кеткені де белгісіз машина да жұмбақ.
Жанғанымның жанындағы орынға жайғасқан шүйкедей кейуана да жұрт жапырлап жатқан жаққа мойнын созын:
Сол күні көпірден бір машина суға кетіпті дейді. Ішінде өрімдей үш жас жігіт бар көрінеді, — деп бетін сипады. «Астапыралла» деп үш қайталаған Жанғаным жағасын ұстады. «Алланың жазуы-ай».
Бір апаттан аман қалғандарына Жасаған иеге шексіз алғысын жаудырып, білетін дұғаларын іштей қайталап, тәубесіне келуде.
...Оған өздеріне қарсы ұшырасқан машина да тегін еместей, көпірде суға кетіпті деген машинамен екеуінің арасында бір тылсым жұмбақ байланыс бардай көрінді... Ол тек Жасаған иеге ғана аян!
* * *
Жаңа Текесті жанай өткен автобус Қайнарға бет түзеді. Жанғаным орындығының арқалығын шалқайтып, шаршаулы жүзін сол жаққа бұрып отырды. Жол амандығын тілеп, суланған жанарымен сағымдай бұлдыраған көгілдір тауларға қараған. Ол оқиғаны қайтып есіне алмауға тырысты. Үйіне қашан жетерін ойлады. Оның алдында Алматыға, одан Астанаға дейін ұзақ жол жатыр еді...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі