Өлең, жыр, ақындар

Бөбек

Нұрдәулетті стадионға көп баратындардың бәрі біледі десең асыра айтқан болмаспыз. Рас, ағын біле бермес, ал түсін танитындар, біздіңше, көп табылуға тиіс. Бұлай деуімізге себеп бар.

Бұл өзі қызық адам. Қызық болғанда, өзгеден ерек туған, ерекше сырлы жан емес. Өзіміз күнде кездесіп жүрген кәдімгі қарапайым жан, қатардағы дәрігер. Жүріс-тұрысында да атай қоярлық оғаштық жоқ. Мінезі ауыр, сөзге сараң, тіпті, тұйық деуге де болады. Онымен қызметтес жеңгейлер: «Біздің Нұрдәулет Нәбиевич қыз мінезді жігіт» деп те жүретінін білеміз.

Сол Нұрдәулеттің өз арнасынан асып кететін бір ғана кезі бар. Ол — футбол. Оның бұл ойынға деген құмарлығын сөзбен айтып жеткізу киын. Футбол десе, ішкен асын жерге қоятын талай құмарпаздарды көріп едік, ал, бірақ, мына кісінің құмарлығына пар келетіндер әй, сірә, табыла қоймас. Алматыда жылына неше рет футбол ойыны болса, сонша рет көзге бір шалынбай қалған емес... Ойын шүу деп басталысымен-ақ одан маза кетеді, орнында бір минут тыныштық тауып отыра алмайды. Доп қай жаққа ұшса, ол сол жаққа бұрылып, жайында отырғандарды да әбден ығыр етеді. Ол да ештеңе емес-ау, доп қақпа алдына бармасын да, бара қалса, қызықтың көкесі сонда болды дей бер. Мұндай кезде ол өзін де, өзгені де ұмытып, шыдай алмай орнынан тұрып кетеді, немесе айқайлап жібереді. Егер қақпаға төніп келген доп қапылыста ауыт кетін қалса, «қап» деп санын алақанымен бір салып қалып, сылқ етіп отыра кететін әдеті де бар.

Нұрдәулеттің бұл декбірсіздігін жаратпай, кейбіреулер оған алакөзімен қараса, екінші біреулер ойынға соншама беріліп күйіп-піскенін қызықтап, миығынан күле қарайды. Әсіресе, балалар оның барлық қимылын бағып:

— Анаң қара!—деп жамырай күліп, шуласып отырады.

Міне, оны жұртқа белгілі, қызық адам дейтініміз де осыдан.

Жайшылықта өте ұстамды, салмақты адамның стадионда осынша өзгеріп кететіні, шынында да, адам күлерлік қызық мінез. Егер ол мұндай ойындармен өзі шұғылданып жүрсе, яки спортсмен болса, бір сәрі дер едік. Мұның басында оның бірде-бірі жоқ болса қайтесіз. Оны айтасыз-ау, бұл кісінің ертемен тұрып гимнастика ойнайтынына да күдіктіміз. Көршілерінің айтуына қарағанда, жігітіміз бұған да салақ деседі. Ал біреу ойнаған футболға оның сонша жан салатыны ғажап-ақ.

Расымызды айтайық ,кәзір бізге ол да ғажап болып отырған жоқ. Басқа бір жай жұмбақ болып отыр. «Дниамо» стадионы адамға әлдеқашан толып бітті. Минск мен Алматы футболшылары ойын аланына шығып сапқа тұрын жатыр. Енді бірер минутта ойын да басталмақ. Мына қызықты қараңыз, өмірі болмаған бір оқиғаға дөп болып отырмыз. Өмірі кешігуді білмейтін Нұрдәулет әлі келмеген. Әдетте, 20—30 минут бұрын келіп, көруге ең қолайлы деген, батыс жақ орта шендегі алдынғы орынға жайғасатын Нұрдәулетіміздің бұл кешігуі ғажап. Бұл қалай? Қызметтен босай алмай қалды ма? Мүмкін емес. Клиникадан сағат үште босайды... Ендеше оған не болды екен?..

Ол ақыры келмеді. Әрдайым оның көзге түсіп отыратынына үйреніп кеткендіктен бе, қалай, бүгінгі ойында оның жолдастарына бір көңілсіздік пайда болды. Тегінде бұл селқостықтың төркіні онда да болмай, басқада жатуы да мүмкін... Алматы футболшыларының қақпасына доптың бір емес үш өткендігі, олардың өте орашолақ ойнағаны көп адамның қытығына, оның ішінде Нұрдәулет жолдастарының қытығына тиюі ықтимал. Әйтседе, оншасын анық білмедік. Біздің анық білетініміз Нұрдәулет футболға келмеді. Ал, төтенше бір жұмыс болып қалмаса, ол келуге тиіс еді деген ой басқа қайта-қайта оралып соға береді. Міне, соның себебің білуге асығып отырмыз.

2

Нұрдәулеттің Тұраш деген төрт-бес жасар баласы бар. Өте бір сүйкімді бала өзі. Бұп-бұйра шашы ұйысып, аузын томпайта, өзінше үлкен болғансып, отты қара көздерін мөлдірете қарап тұрғанда, тіптен сүйкімді болып кетеді. Кейде аздап тентектігі де бар. Алайда, онысын бұл арада есепке алмай отырмыз. Оған бұдан басқа ешбір «мін» тақпайсыз. Әңгіме айт десең — әңгіме айтады, ән сал десең — ән салады... Не тілесең, соны істейді. Жатырқап, томсарып тұру деген онда аз кездеседі.

Ол саған мұндайда бар өнерін көрсетіп қалады. Барлық ойыншығын жинастырып, алдыңа тізеді. Үш дөңгелекті велосипед! де дереу пайда болады. Әдемі суреттері бар әліппе кітабын да ұмытпайды.

— Оқып жіберші,— дейсің күліп.

Ешқандай бөгеліс жоқ. Мектеп табалдырығын әлі аттамаса да, білетін адамдай:

— Мынау «А», мынау «Б» деп әріптерді мұрнынан тізіп айта бастайды да, аздан соң кідіріп, кейбіреуін қалдырып кетеді. Әсіресе, айтуға қиын әріптерге, соның ішінде «Р»- ға соқпайды. Қолыңмен әдейілеп қанша нұсқап, көрсетсең де, не аржағындағы «С» әрпін, не бержағындағы «П» әрпін жып өткізіп айта қояды.

— Жоқ, ол емес, мына әріптің атын айтпадың ғой сен,— дейсің оған сұқ қолыңды «Р»-дың үстіне төндіріп.

— Айттым ғой,— дейді ол өзінше сені нандырам деп ойлап.

— Айтқан жоқсың.

— Жаңа айттым ғой.

Оның титімдей мұрнының үстін жыбыр еткізіп, қулық жасаған болмысы күлкіңді келтіреді. Сөйлете беруге қызығасың.

— Сен жалтарма, айтып бер.

— Айтпаймын...

— Неге айтпайсың?

— Бұл жаман...

— Неге жаман? — дейсің күліп, «әріп» деген сөзге тағы да жуымағанын қызықтап.

— Мынау жаман,— дейді кішкентай саусағымен «Р» әріпін көрсетіп.

Не дерсін оған. Тілі келмегенге мұнысы кәдімгідей намыстанған болғаны. Бірақ, ұзаққа бармайтын бала намысы. Енді бір кішкене еліктірсең, бұл намысын ұмытып та кетеді. Бұған:. «Тұраштың ақылы кәп, қазір айтып береді» деп арқаға қағудың өзі де жеткілікті.

— И,— дейді аузын жып еткізіп.

Мұнысы «Р» дегені.

Құтылдым ба, жоқ па, деген адамша, ол кітапты дереу жиып, машиналарын қолға алады.

— Мынау «Победа», мынау «Москвич»...

«Өскенде кім боласын» — деп сұра дейді Нұрдәулет сізге сыбырлап.

— Шофи болам,— деп жауап береді бөбек, бұл сұрағына.

Оның ойынша дүние жүзінде шоферліктен асқан өнер де, кәсіп те жоқпен тең.

— Несі бар, бұл да жаман мамандық емес,—деп Нұрдәулет сылқ-сылқ күледі.

— Шофер болғанда не істейсің?

— Папамды футболға апаям. Дүкенге нан тасимын. Сосын ойнамаймын...

Өстіп тұрғанда көшеден машина даусы естілсе, қуанғаннан «мама, машина» деп үйді басына көтере айқай сап ас үйге жүгіреді ол. Бұл кезде сізді де, ойыншықтарын да ұмытып кетеді.

— Тұрашжан, мұнда кел, киін. Қазір футболға барамыз,— денді Нұрдәулет.

Тұраш ас үйден жүгіре шығып, қайтадан әкесіне келеді. Содан кейін әкелі-балалы екеуі киініп алып, стадионға тартады.

Футбол болатын күні Нұрдәулеттің салты, міне, осылай болушы еді. Бүгін сол салт өзгергенін өздеріңіз де көріп отырсыздар. Біз жаңа соның себебін біліп келдік.

3

Алматыда көк қақпалы кең аулалар көп. Бұлар әр көшеден, әр мүйістен кездеседі. Сыртынан қарасаң, жай тұрған үйлердің бірі деп ойлайсың. Есігінен үңілсең, асыр салған кілең кішкентай сәбилерді көресің. Сонда барып мұның балалар бақшасы екенін білесің. Егер осындай бақшаларды аралай берсең, Алматыны бөбектер қаласы деп ойлауға болар еді. Жалғыз Алматы ғана емес-ау, зер сала көре берсең, еліміздің барлық қаласын осылай деп атар едің.

Несі бар, қаласаң, солай деп-ақ ата. Қалаларымыздың бүгіні де, ертеңі де сол бөбектерге арналған. Онда салынып жатқан зәулім үйлер де, күні-түні тынымсыз жұмыс істеген алып заводтар да, ұзақ таңды ұйқысыз өткізіп, сарғая отырудан туған ғылым жаңалықтары да, роман, поэмалар да — бәрі де бүгінгі бөбектің, ертеңгі түлектің қамы. Ендеше бөбектер қаласы деудің түк те сөкеттігі жоқ дер едік.

Өзі теңдес басқа бөбектер тәрізді. Тұраштың да күндізгі тіршілігі балалар бақшасында өтеді. Сара апай немесе Нұрдәулеттің өзі қызметке бара жатып сонда апарып тастайды да, жұмыстан келерде ала қайтады.

Тұраш бұл күнде балалар бақшасына әбден үйреніп алған. Өткен жылы бармаймын деп бірер рет қыңқыл шығарғаны да болушы еді. Оны да ұмытты: Қазір есі-дерті балалар бақшасы болады да тұрады. Онда толып жатқан кішкентай жолдастары бар. Солармен ойнауға асығады. Қосылып ән айтады, би билейді, тәрбиеші апай бұларға ерінбей жүріп өнер үйретеді.

Ой, несін айтасың! Мұнда неше түрлі қызықтар болып жатады!..

Тұрашқа, әсіресе, өзінен ересек бөбектердің ісі өте тансық көрінеді. Олардың анда-санда көрсетіп тұратын өнері оны мейлінше қызықтырады. Кішкентай көкірегіне мен қашан солардай болам деген арман ұялады. Биыл ол тәрбиешіге: «Мен қашан өлең айтамын» деген тілекті де білдірді.

— Осы жаз,— деп қуантты оны тәрбиеші,— сен де концертке қатысасың. Қазірден бастап соған әзірлік жасаймыз.

...Жадырап жаз келді. Дүние жасарып, бейне біздің бөбектердің өміріндей жайнап, құлпырып кетті. Балалар бақшасының кең ауласындағы жеміс ағаштары гүл тастап, бастары ақшыл көк, жасыл толқынға малынды. Аула ішінде беседкаларға баратын жіңішке жолдардың екі жағына егілген неше алуан гүлдердің жұпар исі мұрныңды жарып, әрі қызылды-жасылды түрлері көзді тартып, бақшаға ерекше бір көрік бітірді. Мәуелеген сол бау саясында, гүл арасында жүрген кішкентай адамдардың тәтті қылығы назар аудара қараған сайын көңілді ұйытып, қызықтырған үстіне қызықтыра түсті.

Бөбектер қаласының Тұраш тәрбиеленетін бақшасында бүгін бір думан өтіп жатты: кішкентайлармен бірге үлкендер де бас қосқан. Бұл үлкендер: әкелер мен шешелер еді. Бұлар сағат төртке осында шақырылған. Әр бөбек өз әке-шешесіне келуді қалаған соң, олар әдейі жиналып, отыр. Бұлардың ішінде бірен-саран ағалар да бар екенін көреміз. Солардың арасынан жиырмалар шамасындағы бір жас улан көбірек көзге түседі. Бөбектер оны жан-жақтан қоршап алған. Біреулері сол жігіттің омырауына, біреулері аузына қарайды. Таяу тұрғандары оның көкірегіндегі орақ-балғалы алтын жұлдыз бен комсомол значогін әлсін-әлсін шұқып, дамылсыз көреді. Жақын келе алмай, алысырақта тұрғандары мойнын созып, еңбек ерінің омырауынан көз алмайды. Сол алыстан мойнын созғандардың бірі — Тұраш. Ол қолмен ұстап көрер ме еді деп қызығып-ақ тұр.

— Папа, анандай сенде неге жоқ? — дейді ол әкесіне Еңбек Ерінің көкірегін нұсқап.

Нұрдәулет бұған ұтымды және бала көңіліне қонымды жауап таппай сәл бөгеліп:

— Ол батырларға ғана беріледі,— деді аздан соң.

— Ә, сен неге бати болмайсың?

— Мұның да жауабы қиын соқты.

— Болам әлі,— деді ол.

— Қашан боласың?

— Жұмысты өте жақсы істеймін. Сонда боламын...

Нұрдәулет бала сұрағы бұған да әзір тұрғанын аңғарып, әңгіменің бетін дереу басқа жаққа бұрады.

— Сен ана ағаңның сөзін тыңда. Ол сендерге қызық әңгіме айтады.

— Не әңгіме айтады?

— Тс-с, тыңда!..

Баланын назары тағы да жас жігіттің көкірегіндегі әсем жұлдыз бен значокке ауды.

— Ал, анау сенде неге жоқ, папа?

— Мен үлкенмін, оны жастар — комсомол мүшелері ғана тағады.

— Мен кішкентаймын ғой, маған неге әпеймейсің?

— Сен сондай жігіт болып өскенде, комсомолға мүше болғанда тағасың.

Тұрашты бұл жауап та қанағаттандырып тұрған жоқ. Оның тез өсіп кеткісі келеді. Комсомол мүшесі де болсам, Алтын Жұлдыз тақсам деп те ойлайды. Бөбегінің бұл талабын әке де жақсы байымдап отыр. Ол бала көкейіне қондыра жауап бере алмаса да, іштей қуанышты. Тынысы кең, жақсы дәстүрі бар бөбектер қаласы, Алтын Жұлдызды ағалар, қаршадайынан ізгілікті талпындырған көк қақпалы бақша баласын жақсы адам болуға тәрбиелейтініне күмәнданбайды...

Тәрбиеші бөбектердің концерті басталғанын жариялады. Балалар тым-тырыс орындарына отыра қалысты. Әр ата-ана өз баласы қандай өнер көрсетер екен деп ынтыға кішкентай сахнаға көз тігеді.

Бөбектер біреуі жаттаған өлеңін айтып, біреуі би билеп, біреуі ән шырқап өздерінше думан құрды. «Біз — совет баласы» деген өлеңді айтып бір кезде сахнаға Тұраш та шықты.

Бұл, бөбектердің әдеттегі сауықтарының бірі еді. Бірақ бұл Тұраш үшін де, Нұрдәулет үшін де төтенше күн болды. Тұраш бүгін бірінші рет топ алдына шығып, бірінші рет өз енерін көрсетті. Ақын жазған өлеңмен қауымға өз сөзін айтып, сәби жанының қылаусыз сырын топ алдына жайып салды.

Әке қуанышы да одан аз болмады. Бала қуанышын білсе де, бала өнерінің қуанышын әлі татып көрмеген Нұрдәулет жан болып дүниеге келгелі байқамаған жаңа сөзімнің балын татты.

Жаңа түйін тастап келе жатқан алма бағы секілді, жаңа ғана басталып келе жатқан сәби талап пен сәби өнерді көргеніне шаттанып қайтты үйіне ол. Неше құмар болса да, футболдан тап осы жолы қалғанына ол онша өкінбеген болар...

Апрель, 1951.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар