Жеңіске 76 жыл толуына және өзіміздің биыл орта мектеп бітіруіміздің 35 жыл толғанына арналады.
Әкем Қожахметов Қолғанат пен анам Қоңырбайқызы Күлжәмиланың рухына арнаймын.
Менің 2018 жылы 7 мамырда жарияланған «Жеңіс күні немесе туған жер ұғымы» деген әңгімемнің жалғасы іспетті Жеңістің 75 жылдығына арнап 2020 жылы 15 мамырда жарияланған «Туған жер туралы әңгіме» атты шығармам бұдан үш жыл бұрын, 2018 жылдың 14 шілдесінен бастап жазыла бастаған дүние болатын. Оның арасында онымен бірге қатарласа отырып «Мұғалімдер күні бүгін», «Қазақтың Бауыржаны және қазақ рухы», «Ұстаз Ақанжан Келімбетов ағайдың өлеңдері» атты шығармаларым да жазыла отырып, жарияланды. Ал аталмыш әңгіме әу бастан 2018 жылдың 14 шілдесінен бастап 2019 жылға дейін «Туған жер туралы әңгіме немесе өзіміздің үй жақ» деген атпен жазылып келе жатқан еді. Сондықтан да оның алғашқы сөйлемі де әу баста «Туған жер дегеніміз, мүмкін, әр адам үшін де, ең алдымен, өзін дүниеге келтірген Әкесі мен Анасы және Сақан айтқандай, «өзіміздің үй жақ» шығар» деп басталатын. Сонымен бірге бұл шығарма 2019 жылғы 5 қазан күні жарияланған «Ұстаз Ақанжан Келімбетов ағайдың өлеңдері» шығармасынан кейін-ақ іле-шала жариялануға дайындалған шығарма болатын. Бірақ Жеңістің 75 жылдығына қарсы жарияланған дұрыс деген оймен кейінге қалдырылған еді. Ал 2020 жылғы Жаңа жыл басталып кеткеннен кейін сол әу бастан 2018 жылдың 14 шілдесінен бері қарай жазылып келе жатқан осы шығарманың «өзіміздің үй жақ» деген бөлігі алынып тасталды. Оған осы «өзіміздің үй жақ» деген бөлікте аты аталатын Сақан деген кейіпкердің 2020 жыл бастала бере дүниеден өткені себепші болды. Сондықтан әу бастан, 2018 жылдың 14 шілдесінен бері қарай жазылып келе жатқан шығарманың осы бөлігі енді тек оның кейіпкерінің дүниеден өткеніне байланысты ғана шығармаға қосылып отырған сияқты болып қалды. Сондықтан шығарманың осы бөлігі әңгімеден алынып тасталып, тек «Туған жер туралы әңгіме» деген бөлігі ғана 2020 жылғы 15 мамырда жарияланған болатын.
Ол өзі жайлы жазылып жатқанын білген жоқ. Бірақ осыдан бес жыл бұрын, мектеп бітірудің 30 жылдық тойы өткен кезде, яғни 2016 жылы айтқан әңгімесінде: «Ана сенің «Көкесінің көлігі» дейтін әңгімеңді мен оқып шықтым. Осы әңгімені мен бұрында да естіген едім, сенің папаң туралы ауылда «бірінші боп үй салған кісі, бірінші боп жеңіл мәшине мінген адам» деп бұрыннан айтылатын» деп алып: «Өзіміздің үй жақ жайлы жазған ештеңең жоқ па? Өзіміздің үй жақ жайлы жазсайшы. «Қайрат» жайында да жазсайшы», – деді. Яғни «өзіміздің үй жақ» деген сөз де сол кезде осы Сақанның өз аузынан шыққан сөз болатын. Сақан деп отырғанымыз – 2016 жылғы 5 шілдеде сайтта жарияланған «Ананың көңілі» әңгімесіндегі Сақан. Бірақ Сақан деген есім әңгіменің тек кейіпкері ретінде ғана қойылған есімі болса, ал оның өмірдегі өз есімі басқа. Сондықтан «Ананың көңілі» әңгімесінің де бір кезде өзі айтқан әңгімеден алынып жазылып отырған дүние екенін ол білген жоқ.
Енді бүгінгі әңгімеге келер болсақ, бұрын жазылған шығарманың кезінде алынып тасталған «өзіміздің үй жақ» деген бөлігі енді биыл мектеп бітірудің 35 жыл болғандығына байланысты Мұғалімдер күніне орай беріліп отыр. Кейіпкеріміздің азан шақырылып қойылған шынайы есімі де осы әңгіменің ішінде айтылады. Бұл шығарманың Сақан жайлы бөлігі сол 2019 жылға дейін жазылған қалпында берілген.
***
Туған жер дегеніміз, мүмкін, әр адам үшін де, ең алдымен, өзін дүниеге келтірген Әкесі мен Анасы және Сақан айтқандай, «өзіміздің үй жақ» шығар. Сақан деп отырғанымыз – 2016 жылы 5 шілдеде жарияланған «Ананың көңілі» әңгімесінің кейіпкері Сақан. Бірақ Сақанның өмірде өзінің шын ныспысы бар. Сол әңгімеге қойылған Сақан деген атымен атай берейік. Сақан бірде «біз жайлы жазған жоқсың ба?» деп сұрады. Дәлірек айтқанда, біз жайлы деген жоқ, үй жақ деп сөйледі. «Өзіміздің үй жақ жайлы жазған ештеңең жоқ па? Өзіміздің үй жақ жайлы жазсайшы. «Қайрат» жайында да жазсайшы», – деді. Бұл әңгіме 2016 жылы болған. Сақанның үй жақ деп сөйлейтін себебі бар. Өйткені Сақан Қызылорда облысының Қазалы ауданына қарасты Энгельс атындағы совхоздың орталық Ленин көшесінің бойында көрші тұрған, үй жақта ойынды бірге ойнаған, мектепке де бір жылы барып, бір жылы бітірген құрдас (ол «Б» сыныбында оқыды, оның алғашқы ұстазы Жүсіпов Жанұзақ ағай). Яғни Сақан 2016 жылы айтқан әңгімесінде «өзіміздің үй жақ» деп сол ауылды айтып отыр еді. Болмаса Сақанның өзі деген әлдеқашаннан-ақ 90-жылдардан бастап-ақ әйел, бала-шағасымен Қызылорда қаласында тұрып, Қызылорда қаласында қызмет істейді ғой.
***
...«Совхоз үй сала бастады» деп ілгеріде айтылғандай, сол кезде әкемнің жұмыс істеген орны да, кеңсесі де – совхоз салған байланыс бөлімшесінің ғимараты да біздің үйге қарама-қарсы, көшенің қарсы бетіне орналасқан болатын. Бұл – орталық көше. Көшеге кезінде Ленин есімі берілген. Кейін Темірбай Емешов есімі берілді. Бұдан бұрын жазылған «Байланыс бөлімшесі» әңгімесіндегі ғимарат сол болатын. Сақанның «үй жақ» деп отырған жері де – осы жер. «Қайрат» деп отырған жері де – осы жер.
«Қайрат» дегеніміз – сол 80-жылдардағы Энгельс совхозының орталық бөлігіндегі футбол командасының аты болатын. Одан басқа сол 80-жылдарда Энгельс совхозының басқа бөлігінде «Шахтер», «Чайка» деген де футбол командалары болды.
Бұл – ауыл орталығы. Егер үйден аулаға шығып-ақ, көше жақ беткейге көз тастасаңыз, совхоздың орталық мекемесінің барлығы да көзге көрініп тұрар еді. Анадай жерде, көшенің қарсы бетінде мәдениет Үйі ғимараты, оған қарама-қарсы бетте мектептің интернаты, оның жанында ауылдық Кеңес кеңсесінің үйі, кітапхана да сонда орналасқан. Оған қарсы бетте жағалай жапсарлас салынған дүкендер – шаруашылық заттар, мәдени заттар, азық-түлік дүкені және осы жерге байланыс бөлімшесінің кейінгі ғимараты салынған. Ал киімдер дүкені байланыс бөлімшесінің бұрынғы үйінің жанында болды. Және де сол жерде орналасқан тұрмыстық қызмет көрсету үйі, жинақ кассасы және автобус аялдамасы, ал мына жақта жазғы клуб үйі, балабақша және мектеп және Энгельс кеңшарының кеңсесі көзге көрініп тұрады. Қызылорда облысының Қазалы ауданына қараған Энгельс атындағы совхоздың орталығы – осы.
Осы жерде, яғни Сақан айтқандай, «өзіміздің үй жақта» үйлері жақын, бір көшенің бойында көрші тұратын көп бала бала кездерінде бірге ойнады. Сол балалар ішінен кейін өскесін туған жер, туған ауданымыз Қазалы ауданының салық саласының бастығы болатын (Қазалы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы) жоғары білім алған қаржы маманы және жоғары заң білімін алған заңгер, мектепте бізден кейін оқыған жасы кіші, сол кезде үйі бізбен көрші тұрған бала Фердоуси Әбілқасымұлы Қожабергенов те бір кезде бала күндерінде осы жерде тұрып, осы жерде ойнады. Сонымен бірге кейіннен басқа да мамандық иесі болған әр түрлі жастағы көп балалар бала кезде бір кезде осы жерде тұрып, осы жерде ойнап өсті. Ал Сақан сол жердегі ойын балаларының ішіндегі ойынды ұйымдастырушы, көшбасшы бала болды. Жалпы, өмірдегі кез келген қарапайым жандар арасында көшбасшы болғысы келген адам деген әр түрлі болуы да мүмкін. Соның бірі «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп қазақтың дана ақыны Абай ақын айтқандай, ақылға сүйеніп көшбасшы болатын адамдар. Сақан осы өз ақылына сеніп көшбасшы болған ұлдардың қатарына жатады. Сондықтан Сақан сол жердегі ойын балаларын дұрыс нәрсеге қарай, өмірде мәні бар, мағынасы бар, адамға берерліктей тәлім-тәрбиесі бар нәрселерге қарай бастады.
Балалар үшін басқа да түрлі ойындарды өзі бас боп ұйымдастырумен қатар, сол кезгі ойын балалары үшін алдымен өзінің ауласына турник орнатқан осы Сақан болатын. Ол басқа балаларға да ортақ турник болды. Зілтемірді де Сақан жасап көрді. Оның жанында спорттық 16 келілік кір тасы да тұратын. Бокс қолғабын да Сақан тауып алып келді, оны алыстағы туыс балалары арқылы алды. Сақанның пішен қорасы сол кезгі ойын балалары үшін күрес алаңына айналды. Бірақ Сақан сол кезде әкесінен осы үшін ескерту алғаны бар. Сақанның әкесі өзімізге орыс тілінен сабақ беретін еді. Ал ағасы күреспен айналысқан ер адам болды. Ағасы мектепті біз мектепке барар 76-да бітіріп кеткен. 27-түлек. Кітапты өте көп оқыған жан. Сол уақытта, біздің ойын баласы күнімізде көбіне сыртта – екі жыл мерзім армияда, сонан соң оқуда жүрді. Жалпы, Сақанның үйінде де кітап қоры қалыптасқан семья болатын. Оны өз балаларына оқысын деп қалыптастырып берген – мұғалім болып қызмет істейтін әке.
Ол уақыттың, 80-жылдар балаларының көбінесе өздеріне үлгі-өнеге тұтқан тұлғалары Москва-80 Олимпиадасының әйгілі спортшылары болды. Мысалы, Москва-80 Олимпиадасының әйгілі спортшысы, грек-рим күресінің балуаны Жақсылық Үшкемпіров (Ол кезде 80-жылдарда СССР-де грек-рим күресі 1948 жылдан бастап классикалық күрес деп аталатын, ал 1991-ден кейін грек-рим атауын қабылдады. Ал өткен тарихында бұл күрес әсіресе кәсіпқой балуандардың арасында француз күресі деп аталған. Себебі әу бастағы негізі Ежелгі Грекия, Римдіктерден бастау алатын бұл күрестің XVIII ғасырдың аяғы, XIX ғасырдың басынан бастап даму орны енді Франция болды. Күрестің қазіргі заманғы ережесі салынды. Күрестің ережесі бойынша грек-рим күресінің еркін күрестен айырмашылығы балуанның кілем үстінде қарсыласты алуы оны тек белден жоғары қолмен ұстау арқылы, аяқтың қатысуынсыз жүзеге асады. Сол кезеңде күрес халықаралық деңгейде әлемге танылып, чемпионаттар ұйымдастырыла бастады. Қазақ халқының спорт тарихында әлемдік спорт аренасына шыққан тұңғыш қазақ, кәсіпқой спортшы, атақты балуан, халықаралық чемпионаттардың бірнеше дүркін жеңімпазы Мұқан (Қажымұқан) Мұңайтпасов осы француз күресі және еркін күрестің балуаны. Еркін күрестің отаны Ланкашир (Англия) болып саналады, кейін бұл күрес Америкаға келді), сондай-ақ боксшы Серік Қонақбаев, грек-рим күресінің балуаны Шәміл Серіков, боксшы Виктор Демьяненко сияқты т.б. да Қазақ еліндегі белгілі спортшы тұлғалардың есімдері ол кезде тек бір қазақ ауылының балаларына ғана емес, сол кездегі өзге де қазақ ауылдарының балаларына үлгі-өнеге, есімдерінің өзі оқушы балалардың дұрыс бағытта өсулеріне тәрбие боп тұрған жандар еді десе болады.
Жалпы, қазақ халқының спорттық тарихында Олимпиадаға барған тұңғыш қазағымыз – Изатулла деген ауылдан шыққан әйгілі желаяқ, атақты қазақ спортшысы Ғұсман Қосанов. Ғұсман Қосанов 1960 жылы Римдегі жазғы Олимпиадаға қатысып, жеңіл атлетикадан Рим Олимпиадасының күміс медалін таққан. Сол кезде Италия журналистері оны ұлты қытай деп көрсетеді. ССРО құрама командасы Қытай желаяқтарымен күшейтілген, соның бірі Ко-Сан деп жазған қазақ спортшысы Қосанов туралы сол кезгі өз газеттеріне. Әйгілі спортшы өзінің ғұмырбаяндық дерегі туралы «Тұғырға шығар жол» деген атпен деректі повесть жазды. Бұл кітап 1990 жылы Алматы қаласынан «Жалын» баспасынан басылып шығып, ол сол кезде Қызылорда қаласының кітап дүкендеріне де түскен болатын. Әдеби жазбасы Өмірзақ Жолымбетовтікі.
Жалпы, қазақ халқының әйгілі спортшысы, СССР-дің спортына еңбегі сіңген шебер Ғұсман Қосанов есімі туралы айтыла қалғанда, әр қазақ баласының тілінің ұшына салған жерден еріксіз әйгілі қазақ спортшысы, СССР-дің спортына еңбегі сіңген шебер, қазақ спортындағы даңқты жеңіл атлет Әмин Тұяқовтың есімі де орала кетері шүбәсіз. «Тұғырға шығар жол» аталған кітабында спортшының өзі де «Әмин Тұяқов жайлы айтпасам менің спорттық өмірбаяным толық та болмас еді» деп жазды. Сонымен бірге кітап мазмұнынан қазақ оқырманы Әбдісалан Нұрмаханов, Әбілсейіт Айханов сияқты т.б. да қазақтың әйгілі спортшыларының есімдерімен де жүздеседі.
Ал қазақ халқының спорттық тарихында Олимпиада чемпионы болған тұңғыш қазағымыз – баскетболшы Әлжан Жармұхамедов. 2001 жылғы 22 наурызда республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген журналист Өмірзақ Жолымбетовтің еңбегінде келтірілген деректер бойынша оның толысқан дер шағындағы бойы 2 метр 07 сантиметр болған. 1972 жылы Германияның Мюнхен қаласында өткен жазғы Олимпиадада ССРО-ның баскетбол құрама командасы финалдық ойында АҚШ баскетбол құрама командасымен кездесіп, 51:50 есебімен жеңіске жетеді. Осы Олимпиадада сол СССР-дің баскетбол құрамасында ойнаған қазақ жігіті Әлжан Жармұхамедов чемпион атанады. 2001 жылы 22 наурыз күні республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде журналист Өмірзақ Жолымбетовтің қазақ жастарының арасынан шыққан тұңгыш Олимпиада чемпионы, баскетболшы Әлжан Жармұхамедов жайында жазылған «Жұлдыздар алыстан жарқырайды» атты еңбегі жарық көрді.
Ал, жалпы, қазақ халқының спорт тарихында кеңестік уақыттағы Қазақ елінің Олимпиадаға жіберген тұңғыш өкілі – ол Евгений Семенович Кадяйкин. Бұл қазақстандық, алматылық спортшы 1956 жылы Австралияның Мельбурн қаласында өткен жазғы олимпиалық ойындарға жеңіл атлетика спортынан қатысып, әлемнің небір мықтыларымен бірге бақ сынасқан. Бұл спортшы туралы жоғарыдағы «Тұғырға шығар жол» атты деректі повесінде қазақтың әйгілі спортшысы Ғұсман Қосанов та үлкен ықыласпен баяндайды.
Тәуелсіздіктен кейін де Қазақ елі бірнеше Олимпиадаларға қатынасқаны белгілі. Соның бірі 2012 жылы өткен Лондон Олимпиадасында әйелдер боксынан тұңғыш рет жүлдегер атанып, қола медаль алған спортшы қыз Марина Вольнова біздің туған жеріміздегі тарихы терең қарт Қазалы қаласының перзенті екендігі баршаға аян. Осы қуаныштан соң-ақ іле-шала Қазалы ауданындағы есімі белгілі қаламгер-редактор Шамша Айтуғанов басқаратын Қазалы аудандық «Қазалы» газеті мен Қазалы ауданындағы есімі белгілі сатирик-ақын, редактор Марат Көптілеуов басқаратын Қазалы ауданынан шығатын «Тәуекел туы» басылымдарының бірінші беттеріне бір мезетте қатарласа жарияланған осы жолдар авторының сол қуанышқа арналған «Маринасы бар елдің» атты өлеңінде мынадай жолдар болған еді:
Жанкүйердің болған сәтте алаңы,
Лондон жақтан жақсы хабар тарады.
Тұңғыш рет боксынан қыздардың
Марина қыз жеңіп апты қоланы.
Біледі үміт артарын да кімге ел,
Намысты қыз бағасын да білген ер.
Қарт Қазалы толқып тағы тұрды ма, –
Өз перзентін деген сәтте жүлдегер.
Күткен шақта Лондон жақтан таң нұрын,
Тілекші елдің көзден жасы тамды мың.
Розасы, Мәдинасы бар елдің
Қандай жақсы Маринасы бар бүгін!
Сақан сол уақытта ауылда алғаш болып өзінің ауласынан волейбол алаңын жасады. Сақан оның бәрін де өзі қолымен істеп шықты, сонан соң волейбол ойынын қалай ойнауы керектігін де ережесін балаларға да өзі үйретті. Оны сол кезгі ұғыммен совхозға кіріп жұмыс істегесін «Совхоздың жігіттері» деп атайтын Энгельс атындағы совхоздың жасы үлкен жігіттері мен сол кезгі №25 мектептің жоғары класының волейболшы ұлдарының ауылдағы мектептің волейбол алаңында ойнап жатқан ойындарына қарап отырып зердесіне тоқып алған болатын. Ауладағы жасалған осы волейбол алаңында күн сайын кешке осы көшенің балалары волейбол ойынын ойнайтын. Сол кезгі № 25 мектептің жоғары класының волейболшы ұлдарының қатарына, мысалы, 64-жылғы Рахаддинды алуға болады. Ол мектепті 1981 жылы бітірді, 32-түлегі. Ол сол кезде №25 мектепте оқып жүрген кезінде спортқа да және өнерге де жақын болған оқушы болды. Ал өмірдің өзінде өнердің жолын таңдады. Мәдени-ағарту училищесінде, Құрманғазы консерваториясында оқыды. Армияда болды. Теңізші болды.
Сонымен бірге №25 мектепті 1982 жылы бітіріп шыққан 1965 жылғы Шәке, Аралбектерді алуға болады. Олар да мектептің 80-жылдардың басындағы тарихында №25 орта мектептің сол кезгі волейболшы ұлдары болды. Жалпы, мектептің байырғы тарихында волейболшы оқушыларды дайындауда физрук ағай Мұрат Қуатбаевтың рөлі өте зор болған. Ол еркін күреспен шұғылданған ұстаз. Алматыдан физкультура институтын бітірген. Мектептің одан кейінгі тарихындағы физкультура пәні ұстазы, 80-жылдарда физкультура техникумын тамамдаған волейболшы (мектептің 81-жылғы түлегі) Өмірзақ Сәрсенов бастаған ұстаздар да осы Мұрат ағайдың бір кез сабақ берген шәкірттері.
Физрук Мұрат Қуатбаев ағайдың 90-жылдардағы айтқан әңгімесі бойынша Энгельс атындағы совхоздың өткен тарихында волейболшылары волейболдан аудандық жарыста бірінші орын ұстай алған. «Адамның нағыз жұмыс істейтін кездері жас кезі екен» дейтін Мұрат ағай 90-жылдардағы айтқан әңгімесінде. Ол сол 90-жылдарда ұстаздық қызметпен бірге №25 орта мектептің кәсіподағының төрағасы болды.
Физрук Мұрат ағай 70-жылдардағы тарихта мектепті 75-жылы бітірген ұл-қыздарға да ұстаздық етті, яғни ауылдың 1958 жылғы ұл-қыздарына да тәрбие берген класс жетекшісі болды. Олар менің мектептен кейін хат тасушы боп істеген Гүлзада деген апайымның кластастары. Сонымен бірге 70-жылдардағы тарихта физрук Мұрат ағай мектепті 78-жылы бітірген ұл-қыздарға да ұстаздық етті, оларды да тәрбиелеген класс жетекшісі болды. Олар менің 61-жылы туған ағам Ғабдолдың кластастары.
Жалпы, Мұрат Қуатбаев ағайдың өмірдегі өзіне тән бір ерекшелігі кітапты жанына көп серік еткен ұстаз болды. Яғни Мұрат Қуатбаев ағай өмірде тек дене қимылы, күреспен айналысқан жан ғана емес, сонымен бірге көркем әдебиетті де өте көп оқыған ер адам.
Жалпы, қазақ спортының тарихын білуде қазақ кітаптарының және қазақ баспасөзінің алатын маңызы өте жоғары тұрады. Соның ішінде әсіресе қазақ журналистикасындағы спорт тақырыбын жазуға маманданған журналистердің алатын орны зор. Қазақ спорт журналистикасындағы Сейдахмет Бердіқұлов және Несіп Жүнісбаевтың есімдері кезіндегі қазақ ауылдарындағы қазақтың әр баласына таныс болған есімдер. Кезінде «Лениншіл жастың» спорт беті, шағын көлемді «Спорт» газеттері совхоздарда, қазақ ауылдарында тұратын қазақ балалары үшін де үлкен рухани азық болған дүниелер еді. Ал олардың ағалары үшін «Советский спорт» газетінің орны бөлек болды. Мұндай рухани дүниелердің бәрі де, газеттерді былай қойғанда, сонымен бірге қазақ әдебиетіндегі белгілі қаламгерлердің жаңа шығармалары жарияланатын, сол кезгі тиражы өте мол болған, сол кезде бір ғана Энгельс совхозында екі үйдің бірі жаздыртып алған «Жұлдыз» әдеби журналы, екі айда бір шығатын әдеби-көркем басылым, әдебиеттің есігін аға буын қаламгерлер алдында әуелде жасқа тән әдеппен имене ашып, сосын базбірінің өзі де әдебиетке кездейсоқ келмегендігін байқатып, сол аға буын қаламгерлердің сапына барып қосылып, баба жыраулар заманынан бері жалғасып келе жатқан төл әдебиетіміздің сарбазынан сардарына айналған – сол кезгі жас буын қаламгерлердің шығармалары жарияланған «Жалын» альманахы (кейіннен журнал), көпшілік халық сүйіп оқыған «Мәдениет және тұрмыс» және «Қазақстан әйелдері», сонымен бірге совхоздағы қызметкер қыз-келіншектер жаздыртып алған «Советская женщина» журналдары, №25 мектептің оқушы балалары жаздыртып алған «Пионер» журналы, театр, кино шеберлері актер, актрисалардың бейнесі жарияланған көркем суреттерімен-ақ оқырманына эстетикалық тәрбие беріп тұратын «Жаңа фильм» журналы және қоғамдағы кейбір келеңсіз кемшіліктерді өткір сынаған фельетондар жарияланған «Ара» сатиралық журналы, ұстаздар жаздыртып алатын «Қазақстан мектебі», «Білім және еңбек» журналдары, ауыл дәрігерлері жазылатын «Здоровье» журналы, ауылдың барлық кішкентай балаларының сүйікті басылымына айналып кеткен, журнал тарихында қазақтың атақты ақындары басшылық жасаған «Балдырған» журналы т.б. басылымдар – бәрі де сол кезде Энгельс атындағы совхоздың байланыс бөлімшесі арқылы өтті. Халыққа конверттерге салынған хаттармен, ашықхаттармен, жеделхаттармен, сәлемдемелермен бірге хат тасушылар арқылы жетті. Сондықтан да әсіресе алыс аймақ ауылдық жердегі елді мекендердегі пошта байланысы қызметі мен оның хат тасушы кәсібінің маңызы өте жоғары тұрады. Ал әу баста қандай болған еді? Сол газетті өздері оқи алатындай сауаты бар оқу үйі меңгерушілері мен кітапхана қызметкерлерінің сол газеттерді жаңалыққа жаны құмар боп тұрған еңбекші қауымға өздері оқып беріп, газет жаңалықтары жайлы жеткізіп берген де кездері болған. Себебі бұрынғы тарихта еңбекші қауым әлі де толықтай сауаттана алмай жатыр еді. Оған арасында Ұлы Отан соғысы да кедергі жасады. Сондықтан да бір кезгі оқу үйінің меңгерушілері мен кітапхана қызметкерлерінің бір кезде еңбекшіл бұқара халықтың арасында мәдени-ағарту жұмыстарын жүргізудегі еңбегі өте зор болды. Енді сол халық сол газеттерді совхоздағы байланыс бөлімшесі арқылы үйлеріне топтап-топтап өздері жаздырып алып оқитын еді. XX ғасырда қазақ халқы өзге де Совет халықтарымен бірге осы жолды жүріп өтті.
Ғылым мен білімнің ғасыры, атом ғасыры, космос ғасыры деп есептелген XX ғасырды қорытындылау мақсатында XX ғасырдан XXI ғасырға өтетін кезеңде XX ғасырдың «ғалам кейіпкерлерін» анықтау үшін алдын ала төрт-бес жыл бойы әлемнің жер-жерінде сұрау салу жұмыстары жүргізілген. Ол сауалнаманы шетелдердегі қоғамдық ұйымдар мен мекемелер, газеттер және журналдар, алуан тілде сөйлейтін эфирлер мен экрандардың өкілдері, беделді фирмалар мен компаниялар ұйымдастырған. Соның нәтижесінде қаншама сауалнамаға қатысушылардың пікірлері дауыс беру арқылы екшеліп, сарапталады. Сонымен сауалнаманың қорытындысында дүниежүзі халқы XX ғасырдың «Ғасыр мемлекеті» деп XX ғасыр басына дейін адамзаттың тарихында мүлде болмаған, жұмысшылар мен шаруаларды ұлтына қарамастан бір елдің туының астына әлеуметтік мәселелер біріктірген СССР-ді атады. Ал XX ғасырдың «Ғасыр қылмыскері» деп дүниежүзі халқы Адольф Гитлердің есімін атады. Ал XX ғасырдың «Ғасыр шпионы» деп СССР-дің агенті Рихард Зоргенің есімін атады. Ал XX ғасырдағы «Ғасырдың жүрек жұтқан азаматы» деп СССР-дің ғарышкері Ю.А.Гагаринді атады.
Ал XX ғасырдың «Ғасыр фирмасы» деп 1946 жылы Акио Морита іргесін қалаған видеотехникалар, аудиоаппаратуралар, телевизорлар шығаратын электрон компаниясы, жер бетіндегі ірі-ірі мемлекеттердегі заводтары миллиардтаған таза табыс түсіріп жатқан Жапонияның «Сони» фирмасын атады.
Ал XX ғасырдағы «Ғасырдың ең бай адамы» деп әлемдегі ең ірі «Майкрософт» компьютер корпорациясының негізін қалаған, ол кезде жасы 44 жастағы шын мәніндегі «компьютер данышпаны», ол жасаған бағдарламалар жүйесін компьютер әлемінің 85% пайдаланатын, ол кездегі жеке табысы 85 миллиард доллар құрап, планетаның ең бай бизнесмені деп саналған Билл Гейтстің есімін атады.
Бұл сауалнаманың толық қорытындысын Тәуелсіздік алып, кейбір мәселелерге жаңаша көзқараспен қарайтын сәт келгенде, яғни 91-жылдан кейінгі кезеңде, әсіресе ауылдық елді мекендегі мектепте қызмет істейтін мұғалімдерге Тәуелсіз еліміздің азат санадағы жас ұрпағын тәрбиелеп шығару ісінде өзінің әр түрлі тақырыптағы бай материалдарымен, оның ішінде тарихи тақырыптағы материалдарымен сол кезде көп көмекшілік жасаған, құрамында кәсіби біліктілігі жоғары журналистер қызмет атқаратын Тәуелсіз еліміздің бас газеті – «Егемен Қазақстан» өзінің 2000 жылғы 31 мамыр күнгі нөміріне жариялаған болатын.
XX ғасыр қорытындылана бере енді алдағы ғасыр компьютер ғасыры деп есептелген – XXI ғасырды қарсы алу үшін ұйымдастырылған, жылдағы өтіп жатқан жаңа жылдық іс-шаралардан өзгеше деп саналған жаңа жылдық кештер сол кезде әр жерде де ұйымдастырылғаны белгілі. Сондай кештің бірін сол кезде Қазалы ауданының білім бөлімі де ұйымдастырған болатын. Осы білім бөлімі ұйымдастырған, келе жатқан ғасырға арналған жаңа жылдық кешке қатысу үшін Қожабақыдағы орналасқан № 25 орта мектеп әкімшілігінің ұйғарымымен жаңа жылдық кеш өтетін орын – Қазалы қаласындағы орналасқан № 95 орта мектепке Қожабақы мектебінен сол кезде екі мұғалім қызметкер жіберілген болатынбыз. Оның бірі Қожабақы мектебінің сол кезгі бастауыш мұғалімі, Жанат атты педагог әрі әнші-өнерпаз мұғалима. Сонда осы кеш үстінде оқылған «Ғасыр тоғысындағы ой» өлеңінде мынадай жолдар болған еді:
Ризамыз табиғат осы берген барына –
Тек өзгеге кетпесек құлдық ұрып табына.
Компьютерді меңгерген ұлы мен қызы қазақтың
Қара шалдың да тәлімін сіңірсе екен қанына.
Ғасыр келіп қалыпты, келді, міне, ғажап күн!
Жаңа ғасыр кешірмес жалқаулығын қазақтың.
Жаңа ғасыр келгенде тарихқа енер ғасырдың
Қалып қойса өзімен ұлтымдағы азап-мұң.
Елдігімізді сақтадық қандай қиын кезде де,
Кедей халық емеспіз іске дағы сөзге де.
Жаңа ғасыр келгенде ұлы мақсат біреу-ақ –
Қазақ деген халықты мойындату өзгеге!
Ал жаңа XXI ғасыр бастала бере, яғни 2001 жылы Қожабақының тарихында болған елеулі жаңалықтың бірі – Қожабақы Қожабақы болғалы оның топырағынан тұңғыш рет республикалық дәрежедегі білімнің бәйгесіне мектептің шәкірті шықты. Ол – Қожабақының мектебінің сол кезгі 10-сынып оқушысы Гүлайым Досболқызы Байназарова. Мұғалімі – Ғабиден Қожахмет. Осымен бірге Қожабақыда болған тағы бір елеулі жаңалық – Қожабақы мектебі компьютерленді. Яғни Қожабақыға қаздай тізіліп су жаңа компьютерлер келді. Соған дейінгі тарихында конфискацияны, аштықты, колхоздастыруды басынан өткізген, электрленген, радиоланған, телефон байланысы тартылған, телевизия хабарлары жеткізілген Қожабақы ауылы енді Тәуелсіздік кезгі тарихында компьютерленді. Қожабақының сол кезгі тарихында мемлекет жіберген компьютерлерді мамандардан қабылдап, қожабақылық жас өскінге компьютерді алғаш үйреткен мұғалімдер жетекшісі – ол физиканың мұғалімі Қанат Қуандықов болды. Міне, осы оқиғадан кейін барып қана енді былай қарай Қожабақының тарихында да компьютердің тарихы, интернет тарихы басталады. Бұл бір ғана Қожабақы ауылының тарихы емес, азат Қазақстанның барша қазақ ауылдарына ортақ тарих болатын. Әлемдегі адамзат өз өмірінде байланыс саласында пошта байланысынан интернетке дейінгі жолды жүріп өтті. Қазақ та әлемдік дамудан қалмай ілесіп сол жолды жүріп өтті.
Жазушы Қалмұқан Исабаевтың 1975 жылы шыққан «Жолдас комендант» атты кітабына енгізілген, бұл кітап біздің үйге сол кезде сатылып алынған болатын, «Соната» әңгімесінде 1945 жылы немістер дамудан артта қалған азиялық «малғұндар» деп санаған жауынгерлерге бөлме төбесіндегі люстраны көрсетіп: «Мұны люстра дейді, ішінде бірнеше лампочкасы бар. Мынаны басып қалсаңыз электр деген қуат сым бойымен барып ана люстраны тұтатады. Электр Европаның барлық елінде бар» деді. Ал телефонды көрсетіп: «Ал, мынау, телефон. Бұл арқылы осы жерден тура Берлин, Парижбен сөйлесуге болады. Европа халқы үйлерінде отырып-ақ, осы арқылы басқа қалалармен сөйлесе береді» деді. Радионы көрсетіп: «Бұл – радио! Мұнымен дүние жүзінің қалаларынан концерт, музыка тыңдауға болады. Радио деген Европада, соның ішінде Германияда өте көп» деді.
Расында да, салыстыра отырып қарасақ, сол кезгі өзіміздің Қожабақы ауылында сол кезде әр пәтердің ішінде жарқырап люстра жанып тұрмаған болатын және әр пәтер ішінде мазасыз дауыспен телефонның үні шырылдап жатқан жоқ еді. Ал сонан соң Қожабақыда XX ғасырда, Совет кезінің өзінде-ақ туған кейінгі ұрпақ анасынан туыла салысымен-ақ, бесігінде жатып-ақ деуге болады, төбеде жарқырап жанып тұрған электр лампасын көріп өсті, сөйлеп тұрған телевизор және радионың үнін естіп өсті, шырылдап жатқан телефонның даусын естіп өсті. Ал олардың қараторы жүзді ағалары өздерінің отбасын асырау үшін айлық жалақы алатын Энгельс совхозындағы күнделікті жұмысында қуатты электр күшімен жұмыс істеп тұрған ағаш жонатын, темір жонатын станоктарда жұмыс істеп жатты. Ал беліне монтердің белдігін тағынған енді бірінің ағалары, мысалы, Энгельс совхозының байланыс бөлімшесінің электр монтерлері байланыс қызметін пайдаланып отырған халықтың мүддесі үшін телефон, радио желілерінде орын алып отырған зақымдануларды жою үшін байланыс желілері тартылған бағананың басына көтеріліп бара жатты. Ал ол маманмен бірге қатарласып келесі бір бағанада сақтандырғыш белдікті тағынған енді бірінің ағалары, мысалы, Энгельс совхозының электриктер бригадасының маманы да электр желісінде орын алып отырған ақауды жөндеу үшін электр желісі тартылған екінші бір бағананың басына көтеріліп бара жатты. Бұл енді Ұлы Отан соғысының кезіндегі бұрынғы ауылдардан өзгерген басқа ауыл еді, ауыл дегеніміз қазақ деген сөз.
Тыңдарманға белгілі «Балымша» әнінде «Балымша, электрдің шамынша» деген сөздер бар. Сыр бойындағы белгілі өнерпаз, атасы Ешнияз сал, одан туған Кете Жүсіптің баласы Мұзарап Жүсіпұлы Сырдағы мәдени-ағарту қызметінде жүрген қыздарға арнаған бұл туындысын шығарғанда қырдағы қазақ ауылдарына әлі электр шамы жетпеген еді дейді әнге баға берген дәстүрлі өнер мамандарының «Айқын» газетінде көрсетілген дерегінде. Мамандар туындыны 1946 ж. шықты деп көрсетеді. Балымшаның 20 жасында 1930 ж. шығуы мүмкін деген одан арғы дерек те айтылған, бірақ 1946-дан бері емес.
Кезінде әкем сатып алған 1972 жылы шыққан қазақ халқының тұңғыш энциклопедиясының дерегі бойынша 1958-1966 жылдарда елдегі совхоздар түгел, колхоздар 95% электрленген. Ал 1970 жылы 8 мың ұсақ селолық электр станциялары тоқтатылып, Қазақстандағы колхоз-совхоздар 90% мемлекеттік энергетика жүйесіне қосылған.
Электр XX ғасырда қазақ ауылдарына жаңалық болып келді. Осымен бірге қазақ өміріне жаңа заттар, олармен байланысты жаңа атаулар енді. Ондай атаулар өзге тілден енеді. Ал электр жайлы мағлұмат Совет мектебінің шәкіртіне алғаш рет орта мектептердің физика пәні бағдарламасы арқылы оқытылады. Электр байланысының техника құралдары жайлы да балаға алғаш жалпы білім беретін мектептердің физика пәні оқытады. Электр жайлы мағлұматты алғаш рет бізге ауылдағы №25 мектептің оқу ісі меңгерушісі, физиканың мұғалімі Жалғасбаев Сәбит ағай оқытқан болатын. Мұны кейіннен Қызылордадан өзіне үй салып аламын дегенше Қызылорда қаласының Шанхай бөлігінде де бір кезде өзіне пәтер жалдап тұрған сыныптасымыз («А» сыныбы) Жангелді Тағыбаевтың да бір кезде өзінің жұмысына байланысты еске алғаны бар. Өйткені ол сол кезде электрмен жұмыс істейтін әлдебір заттарды жөндеумен айналысып жүрді. Ондай істерге өзі ауылда жүргенде бала күнінде құмар болды. Жалғыз Жангелді емес, оның отбасында өскен өзге балалары да құмар болды. Кейін Жангелді Тағыбаев тұрақты бейнетаспаға түсіруші маманға айналды. Онын есімін Қызылорданың асабаларының базбірі білсе де керек. Себебі ол өз жұмысына байланысты сол асабалармен жұмыстас болды. Мысалы, асаба болған қызылордалық есімі белгілі әзіл-сықақ артисі Құрманбек Боранбаевпен де біраз жұмыстас болды. 2016 жылы елдің ішінде отырған кластастардың, мысалы, Молдабек Қаражанов («А» класы), Серік Қайыпов («Б» класы), Орынбай Жолдыбаев («А» класы), Асылбек Өтебәлиев («Б» класы), Ғалымжан Пұшпақбаев («А» класы), Әзілхан Жармаханов («Б» класы), Айтуған Тұтқышбаев («А» класы) сияқты ауылдағы жігіттердің бастамасымен, сырттағы сыныптастардың қолдауымен 30 жылдыққа байланысты өткен үш күндік тойдың алдын ала шақыру билетін де дайындап, тойды таспаға түсіріп, компьютерде монтаждаған маман да осы Жангелді Тағыбаев болды.
«Балымша, электрдің шамынша». Электр XX ғасырда қазақтың тұрмысы түгіл, дәстүрлі әндегі қазақ әні өлеңіне де тыңдаушыны елең еткізер жаңалық болып енді. Бірақ қазақтың күнделікті тұрмысында өзінің байырғы заттары да мүлде қолданудан шығып қалған жоқ.
Бұған нақты мысалды алыстан іздемей-ақ, 70-жылдардың іші, 80-жылдардың бас шағында өткен Энгельс совхозындағы балалық шақтағы өз шаңырағымыздан да іздеп көруге болады. Қолданудан шығып қалып, есік алдындағы қоржын бөлме ескі үйде тұрақтаған мес пен кебежені және өзіміздің үйдің ішінде ілулі тұратын қоржынды қоспағанда, шешемнің қыстай қолынан түспейтін ұршығы; жазда қызылды-жасылды түрлі-түске боялған жіптері керіліп аулада құрулы тұратын алаша тоқитын өрмегі; бір дөңгеленген тастың үстіне бір дөңгеленген тасты қойып қойып, оны тартқышпен айналдыра отырып талқан тартып алатын қол диірмені; үйдегі сиырлардың сүтінен Гүлзада екеуі кезектесіп айран пісетін күбісі; бізге, балаларға, сөк (тары), күріш (салы) түйдіретін келісі; күз түсе жығылып, жаз шыға бере ішіне отыру үшін аулаға тігіліп қойылатын киіз үйі; бірі үлкендеу, бірі кішілеу келген үйдегі беті оюланған екі бірдей сандығы – бұлар қазақтың байырғы тұрмыс салтынан келе жатырған заттары. Бұл заттардың атаулары кітап бетіне кірген қазақтың төл ауыз әдебиетінде де кездеседі.
Тағы да мысалды алыстан іздемей-ақ, сол 70-жылдардың іші, 80-жылдардың бас шағындағы өткен Энгельс совхозындағы балалық кездегі өз үйімізден іздеп көрсек, бір кезде қолданыстан шығып қап, семьямыз бұрын қоныстанған есік алдында тұрған қоржын там ескі үйде кебеженің жанында тұрақтап қалған патефонды қоспағанда, жоғарыдағы аталған заттармен бірге сол кезде үйде қатар тұрған сатып алынған пайдаланудағы кір жуғыш машина, шешемнің өзі іс тігетін сатылып алынған екі бірдей тігін машиналары, шешемнің сүт т.б. да тез бұзылатын тағамдарын салып сақтайтын кішкентай «Саратов» тоңазтқышы, одан соң сатылып алынған «Бирюса» тоңазтқышы, телефон, телевизор, радио, радиола сияқты заттар, сол кезгі жоғарғы класс оқушысы Ғабдолға сатып алып берілген фотоаппарат пен оның сурет шығаруға арналған барлық құралдары, Ғабиттың жеке өз меншігіндегі өзі үзбей жаңалықтар тыңдайтын батареямен жұмыс істеп тұрған транзисторы және де электр фонары, Ғабит пен әкемнің өздеріне қырыну үшін сатып алған екі бірдей «Харьков» электр ұстаралары және де әкем үй тұрмысына қажет болғаны үшін сатып алған заттар – екі есікті шифоньер, одан соң сатып алынған үш есікті шифоньер, ақ түсті буфет, қоңыр түсті сервант, тумбочкалар мен шкафтар, кітаптар қойылатын этажерка, темір кереует және де диван және де жималы төсек – раскладушка сияқты заттар – бұлар қазақ халқының өмір-тұрмысына кейіннен келген дүниелер. Бұлардың атаулары қазақтың төл ауыз әдебиетінде кездеспейді және базбірінің жұмысы да электрге тәуелді.
Аса көрнекті орыс жазушысы, советтік сатирик М.Зощенконың бір топ әңгімесі «Мейлің жыла, мейлің күл» деген атпен қазақ тіліне аударылып 1992 жылы Министрлер Кабинетінің Іс Басқармасы Өндірістік бірлестігінің баспаханасынан басылып, ол сол кезде Қызылорда қаласының газет, кітап сататын киоскісіне де түскен болатын. Аудармашы Орынбасар Сүлейменұлы. Осындағы жазушының 1924 жылы жазған «Диктофон» әңгімесінде жаңалықтардың бір елде ойлап табылып, екінші елге келуі жайында баяндалатын мынадай жолдар бар:
Қалай десең де американдар – зерек халық. Қаншама таң-тамаша жаңалықтар ашып, қанша ұлы өнертабыстарын ойлап тапты олар. Бу күшін пайдалану, «Жиллет» хауіпсіз ұстарасы, Жердің өз осінде айналуы – осының бәрін ашып, ойлап тапқан американдықтар мен кейбір ағылшындар.
Мінеки, және бір жаңалық: адамзат тағы бір бақытқа кенелді – американдықтар дүние жүзіне айрықша машина – диктофонды тарту етті.
Әрине, мүмкін бұл машина бұдан біраз жыл бұрын дүниеге келген шығар, бірақ оны бізге осы биыл ғана, атап айтқанда, 1920 жылы жіберді.
Электр және электр байланысының техника құралдары. Кезінде сол игіліктерді Қожабақы және Қожабақы сияқты өзге де қазақ ауылдарына алғаш рет тартып жеткізіп беру үшін сол кезде қанша адам мен сол сала мамандарының маңдай терлері төгілген болатын. Ал байланыс жайлы дереккөздеріне сүйеніп айтсақ, Қазақ жерінде: «Электр байланысының техника құралдары мен телевизияны пайдалану 1950-1960 жылдарда басталды».
Ал осы заманның өзінде де байланыс құралдары жайлы интернет бетіндегі ақпарат көздерін оқып отырсаңыз: «Осы заманғы байланыс құралдарының көмегімен Жер шарының ең шалғай орналасқан аудандарымен, тіпті ғарышпен де байланыс жасалады, – дей келе: – Бірақ дүниежүзінде байланыс жүйесі біркелкі таралмаған, тіпті адамзаттың тең жартысына жуығы «телефон» дегеннің не екенін де білмейді» деп көрсетеді.
Сол сияқты, XX ғасырдағы қазақтар үшін Қазақ жеріндегі пошта қызметін пайдаланып тапсырыспен посылторгтан өзіне зат алдыру да 30-жылдардың басында-ақ үрдіске айнала бастаған дүниенің бірі болған деп айтуға болады. Оған мысалды жазушы Мамытбек Қалдыбаевтың батыр Б.Момышұлы жайлы жазылған «Ұмытылмас кездесулер» кітабындағы «Кітап оқуға құмарлық» әңгімесінен байқауға болады.
Онда батыр Бауыржан армияға 1932 жылғы алынғанға дейінгі уақытта Жуалы аудандық Советінде жауапты секретарь боп жүргенде мекемесіне келген Москва көркем әдебиет баспасының елден заказ қабылдайтын агентінің қолына ұстаған портфеліне қалай қызыққаны жөнінде айтып беретіні бар. Батыр бұл жайлы әңгімесінде:
Кітаптарға жазылдым ғой. Менің қызыққыш, аңғал екенімді аңғарды ма (портфеліне қайта-қайта көз алмай қарап, жақсы екен дей берсем керек) шал Москвадағы посылторгтың адресін берді. – Егер маған портфель жіберіңіздер деп жазсаң жібереді, – деді. Шыдам бар ма, дереу почтаға тарттым, – дейді.
Сол сияқты, кешегі совхоз кезінде де Қожабақының барлық тұрғыны осы қызметті өздеріне пайдаланды. Сол тұрғындардың біреуі әкемнің жанында кезінде оператор болған ағам Ғабит. Ол сол кезде көптеген заттарды пошта арқылы сатып алды. 70-жылдарда 10-сыныпта оқитын, мектепті 1978 жылы бітірген кіші ағам Ғабдол фотоға түсіру өнеріне қызығып, фотографиямен айналысқысы келген еді. Ол фотомен біз бастауышта жүрген кез – 70-жылдар аяғында айналысты. Оның түсірген фотолары фотоальбомдарда әлі де сақталған. Сол 70-жылдарда арнайы фонарьдың қызыл жарығы жанып тұрған қараңғыланған бөлмеде фото шығарып отыру оның сол кез сүйікті ісіне айналған еді. Сол кезде оған керекті фотоаппарат, фотобачок, фотоувеличительден бастап, фото шығару процесі кезінде қажетті қызыл свет, пинцеттерге дейін, яғни фотоға түсіріп, оны шығару процесі аяқталғанға дейінгі қажетті барлық заттарын үлкен ағам Ғабит өзі Москва қаласынан пошта арқылы алдыртқан болатын. Және де сол кезгі мектеп оқушысы оның қызығушылығымен дене шынықтыруға арналған құрал-жабдықтар – гантель (гантель пружинная) және де эспандер (эспандер плечевой) сияқты жаттығуға арналған спорттық заттарды да Ғабит өзі Москва қаласынан пошта арқылы сатып алды. Ғабит өзіне «Харьков-22» электр ұстарасы мен электр фонарын да пошта арқылы Москвадан алдыртты. 1984 жылы мен 8-сынып бітіргенде маған арнап сатып алып берілген волейболдың добы мен қол сағатты да Ғабит өзі Москвадан пошта арқылы тапсырыспен алдыртқан еді. Егер ол пошта қызметкері, хат тасушы Гүлзадаға «Каталогты жұмыстан қайтарыңда үйге ала қайтшы» десе, онда тапсырыс бергелі жатқаны.
Сол кезеңдерде Ғабиттың адресіне
«468242 с/з Энгельса Кзыл-Ординская Казалинский рн Колганатову Габиту»
деп келген заттардың бірінде жіберуші жақтың мекенжайы
«109440 г. Москва Ж-440, Таганская ул., 58 Московская база хозтоваров РОСПОСЫЛТОРГА» деп көрсетіледі.
Фирмалар мен компаниялардың тауарларды каталог бойынша сатуы және пошта арқылы жіберуі әлемде алғаш XIX ғ. 2-жартысында Америка Құрама Штаттары, Канада, Германия секілді мемлекеттерде басталған. СССР-де 1924 жылдан басталады.
РСФСР Сауда министрлігіне қарасты посылторгтың базаларынан заттарды пошта арқылы сатып алу – біздің үйде сол өзі кезінде ауылдың байланыс бөлімшесін басқарған әкемнің кезінен қалған үрдіс. Мен №25 орта мектепке 1-сыныпқа барған 1976 жылы әкем өзі маған Москва қаласынан пошта қызметі арқылы тапсырыспен ранец оқушы портфелін, ал 1-сыныпты бітірген жылы жазда Москва қаласынан пошта қызметі арқылы тапсырыспен «Школьник» велосипедін сатып алып берген болатын. Пошта қызметін әкеммен қатар жақсы білетін Ғабит та сосын оны жалғастырып отырды. Ол біздің кей оқу құралымыз, соның ішінде оқушы дәптерлерін де, қалың дәптерлерді де, блокноттарды да пошта арқылы Москвадан тапсырыспен алдыртты. Мұндай оқу құралдары мен тұрмыстық кей жаңа заттар шкафта ұсталатын. Ол кітап салуға арналған шкаф еді. Оның ішінде тағы жоғарыдағы заттармен қатар, аузы кілттелген, кішкене кілті шешемде болатын кішкентай чемодан-балетка ішінде шешемнің әмиянындағы жүретін, арасында дүкеннен сатып алынатын азық-түлік немесе затқа жұмсалатын немесе бізге күнделікті клубқа киноға беретін ақшасынан бөлек артық ақшасы, сондай-ақ әкемнің үкіметтен Ұлы Отан соғысы қатысушысы ретінде алған төсбелгісі мен медальдары, шешемнің «Ана даңқы» ордені, «Ана даңқы» медальдары және осы төсбелгі, орден мен медальдардың куәліктері сақталады.
Мұнда кітаптар қойылмайды, олар этажеркада тұрады. Мұнда ол кітаптардан бөлек Москва қаласынан 1954 жылы Шет тілдер мен ұлт тілдер сөздіктерінің баспасынан шыққан орысша-қазақша сөздік (50000 сөз, жалпы редакциясын басқарған филология ғылымының докторы, профессор Н.Т. Сауранбаев) және медицина ғылымының докторы, профессор, қазақтың ұлтжанды дәрігер ғалымы Арғын Сүлейменов пен медицина ғылымының кандидаты Мамет Исамбаевтың қазақ әліпбиі негізінде «Қазақстан» баспасынан 1968 жылы шыққан «Медициналық анықтамасы» және тағы бір ұлтжанды қазақ ғалымы, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген дәрігері Естөре Оразақовтың «Қазақстан» баспасынан 1967 жылы шыққан «Дәрігерлік кеңес» еңбегі және А.М. Емельяновтың Москвадан 1974 жылы «Экономика» баспасынан шыққан («Қазақстан» баспасы, қазақша аудармасы, 1975) «Экономиканың және ауыл шаруашылық өндірісін басқарудың негіздері» курсы бойынша методикалық құрал» және Алматыдан 1972 жылы Қазақ Совет Энциклопедиясының Бас редакциясы шығарған қазақ халқының тұңғыш энциклопедиясы тұрады.
Шкаф кілті шешемде болады. Кілт сұраған бізден шешем «Қандай пәнге жаңадан дәптер арнамамақсың?» деп сұрар еді. Сосын шешем шкаф кілтін беріп жатып: «Дәптерді бүлдірмей пайдалан. Дәптер де адам еңбегімен жасалатынын білесің бе?» дер еді.
Жоғарыдағы кезінде әкем сатып алған қазақтың атақты дәрігер ғалымдарының көпшілікке арнаған медициналық тақырыптағы еңбектері кейін бізге Н.В. Гоголь атындағы Қызылорда пединститутының Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығында оқып жүргенде 3-курста 2-семестр кезінде оқытылған «Медициналық дайындық» пәнінде де кішкене жәрдемін тигізген еді. Пәнді жоғары медицина білімі бар кәсіби маман – Қызылорда қалалық ауруханасының терапевт-дәрігері жүргізді. Ол жақсы педагог болды. Сондықтан ба, біздің 19-оқу тобында оқыған студенттердің көбі – болашақ орта мектеп мұғалімдері бұл пәнді қызығушылықпен ынта қойып оқыды және пәннің қорытындысында бұл пәннен комиссия қабылдаған емтиханды көбі жақсы көрсеткіш бағаға да тапсырып шықты.
Бұл 19-оқу тобымыздың 1-курстан бастап болған старостасы жаңақорғандық қыз Құттықыз болды. Ол оқу орнын үздік бітірген. Профорг Шынар, ал комсорг Нұржамал болды. Топта ұлдардан менен өзге Берік, Семетей есімді Көкшетаудың жігіттері оқыды. Бұл менің институттың ақылы дайындық курсы тобынан кейінгі 1989 жылы студент атанғасын оқыған К-19 тобы. Мен одан кейін де К-10 оқу тобымен де оқып, пединститутты 1994 жылы сол топпен бітірдім. К-10 оқу тобы да, К-19 да институтты 1994 жылы тамамдады. Ал осында 1995-1999 жылдар арасында оқығанда әуелі 1995 жылғы 28 шілдедегі шыққан бұйрықпен (Институтқа құжатым өткізілген күн 1995 жылғы 14 шілде. Қолхаттың нөмірі №160) күндізгі бөлім 1-курстағы ИП-З5 оқу тобының студенті болып, сонан соң институт ректоры Б.С, Досманбетовтің берген рұқсатымен, 1995 жылғы 19 желтоқсанда шыққан бұйрықпен сырттай бөлім 2-курс П-14 оқу тобына ауысып оқып, 1999 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетін Мемлекеттік біліктілік комиссиясының 1999 жылғы 4 наурыздағы шығарған шешімімен берілген «Заңгер-оқытушы» біліктілігімен бітіріп шықтым. Бұл топта құқық қорғау саласы қызметкерлері оқыды. П-14 тобында оқыған Қазалының студенттерін атай кетсек, милиция мектебінің бұрынғы түлегі заңгер, Қазалы ауданы бойынша МТК-ның майоры, сонан соң Қазалы аудандық ішкі істер бөлімінің подполковнигі, тергеу бөлімі бастығы Нағашыбай Нарымбетов, Қазалы аудандық ішкі істер бөлімінің аға лейтенанты Бигелді Дәрменов және Қазалы аудандық ішкі істер бөлімі қызметкері Сәуле Қайназарова және де бізбен курстас студент, П-24 орыс оқу тобында оқыған қазалылық мектептің құқық пәні мұғалімі, кейіннен Қызылорда облыстық балалардың құқығын қорғау басқармасының басшысы болған Арман Қаржаубаевтар оқыды. Олар сол кезде бұл жерде 4 жыл оқығанда «Құқықтану» кафедрасындағы заңгер оқытушы-ғалымдар өтіп жатқан сабақтардан бірде-бір қалмаған тәртіпті шәкірттер болды.
Тек жоғарыдағы медицина ғалымдарының кітаптары ғана емес, сонымен бірге кезінде тағы да әкем сатып алған қазақ тіл білімі саласы ғалымдары арасында да жақсы таныс оқулық деп айтуға боларлық кітап Ғ. Әбухановтың «Қазақ тілі» оқулығы да (лексика, фонетика, морфология мен синтаксис) мен 1989 жылы жазда Н.В. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының «Тарих-филология» факультетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына құжат тапсырған кезде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына оқуға түсудің талапкерге қойылатын сол уақыттағы заңды талабы бойынша ана тілі мен әдебиетінен алынатын жазбаша (орта мектепте оқытылатын оқу бағдарламасынан, болмаса еркін тақырыпқа шығарма жазу жұмысы) түсу емтиханынан соң барып қабылданатын қазақ тілі мен әдебиетінен орта мектептік бағдарламадан алынатын ауызша түсу емтиханына дайындалу кезінде де елеулі түрде жәрдемін тигізген еді.
Сонымен бірге кезінде әкем сатып алған тағы екі кітап та тек институтқа сол мамандыққа түскесін барып қана назар аударарлық дүниелерге айналды. Бұл кезінде әкем Энгельс совхозының байланыс бөлімшесінің бастығы болып істеп жүргенде сатып алған кітаптың бірі Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының «Ғылым» баспасынан 1967 жылы жарыққа шығарған, ғылыми қызметкерлер мен жоғары оқу орны студенттеріне арналған «Қазақ тілінің грамматикасы» (II бөлім. Синтаксис. Редакторлар алқасы: М. Балақаев, Т. Қордабаев, А. Хасенова, А. Ысқақов. Жауапты шығарушы: Н. Ысқақова) кітабы болса, ал әкем сатып алған кітаптың екіншісі Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының «Ғылым» баспасынан 1969 жылы жарыққа шығарған, қазақ тілі говорларының лексикалық жүйесі жайында недәуір мәлімет беретіндей 6000-ға жуық сөз қамтылған, ғылыми қызметкерлер мен жоғары оқу орны студенттеріне, мұғалімдер мен баспасөз қызметкерлеріне арналған, осы салада тұңғыш құрастырылған көлемді еңбек «Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі» еді. Құрастырушылар: Ж. Досқараев, Қ. Айтазин, Ш. Бектұров, Ж. Болатов, Ғ. Қалиев, О. Нақысбеков, Ә. Нұрмағамбетов, С. Омарбеков, Ш. Сарыбаев. Редколлегия: Ғ. Мұсабаев (жауапты редактор), І. Кеңесбаев, Ғ. Қалиев, О. Нақысбеков, Ж. Болатов, Ш. Сарыбаев.
1989 жылғы жаз айында Қызылорда пединститутының «Тарих-филология» факультетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына түсу үшін (Институтқа құжатым қабылданған күн 27 маусым, 1989 жыл. РАСПИСКА №1) тапсырған түсу емтихандарымды Қызылорда педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиетіне 1989 жылы бізден, талапкерлерден, түсу емтихандарын алған емтихан комиссиясы 4 (жақсы) деген бағаларға бағалап, Қызылорда пединститутының қазақ тілі мен әдебиетіне сол 1989 жылы бөлінген 21 орынның біріне 1989 жылғы 2 тамыздағы шыққан бұйрықпен 1-курсқа студент болып қабылданғаннан кейін, 1994 жылы жаз айында осы пединститутты бітіру үшін тапсырған емтихандарымды бізге Мемлекеттік емтихандарын өткізген емтихан комиссиясы 5 (өте жақсы) деген бағаларға бағалап, Мемлекеттік емтихан комиссиясының 1994 жылғы 17 маусымдағы шығарған шешімі бойынша берілген «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» деген дипломмен бірге Қызылордадағы «Насихат» кітап дүкенінен, Қызылорданың «Шұғыла» ықшамауданындағы орналасқан «Мирас» кітап дүкендерінен менің де оқып жүрген уақта әр кезеңде сатып алып тұрған азын-аулақ кітабымды көріп, шешем кітабыңды салып қой деп осы кезде жоғарыдағы шкаф кілтін маған ұстатты. Осыдан бастап соған дейін уақыт шешемде сақталған, әкемнің осы шкафта тұрған құжаттарының жартысы менің иелігіме көшті.
Ал әкемнің документтерінің 40-жылдардың ішінде толтырылған жартысын мен оқушы күнімде ойнап жүріп, сарайдағы ескі сандық ішіндегі қара папкада жатқан жерінен көрген едім. Олар үйден ескі сандықпен қатар аңдамай шығып қалған. Аулада кезінде әкем салдырған бірнеше сарай, құрылыс болды. Бірақ үнемі құлыптаулы тұратын бұл сарайға ешкім кіре бермейтін. Онда қолданыстан шығып ескірген заттар шығарылған. Бұл сарайға сонымен бірге киіз үйдің сүйегі жиналып қойылады. Жығылған киіз үй жабдықтары күзде кіргізіліп, жиналады. Өрмек те сол сарайға қойылады, бақан да сонда тұрады. Ал жазда үй тігілетін кезде сарай ашылып, киіз үй алынады. «Шаңырақты бақанмен көтеріп ұстап тұр», – дейді шешем сол кезгі оқушы бала маған, жанына Гүлзаданы алып, өзі бас боп киіз үйді есіктің алдына өзі тігіп жатып. Сәлден кейін дөңгеленген шаңырақты жан-жағынан қатарласа шаншылған уықтар нық көтеріп ұстап тұрады.
Жалпы, біздің туған жеріміздің тарихында Энгельс совхозы құрылған 1963-ке дейінгі кезеңде ол жерде колхоз болды. Энгельс совхозы құрылған 1963-ке дейінгі кезең және Энгельс атындағы совхоз құрылған 1963-тен кейінгі кезең. Біздің туған жердің советтік кездегі тарихының өзі де іштей өзі осылай бөлініп тұрады. Міне, әкем туған жердің тарихының осы колхоздық кезеңі уақытында, яғни 1963-ке дейінгі кезеңде мектеп шәкірті, соғыстағы Қызыл Армия қатарында қызыл әскер, колхоз басқармасының секретары, мектептің меңгерушісі, мұғалім және №9 Аранды ауылдық Советінің секретарьлығына сайланды. Он екі жыл мәдени-ағарту жұмысында істеді (Аранды ауылдық Советіне қарасты оқу үйі және кітапхана үйі: 1947-1951 жылдар және 1954-1963 жылдардың арасы), он екі жыл қатарынан № 9 Аранды ауылдық Советінің депутаттығына сайланды (1947-1959 жылдар арасы).
Ал 1963 жылғы ақпанда колхоздар негізінде Энгельс совхозы құрылғаннан кейін барып, сол 1963 жылдың мамырында жаңа құрылған Энгельс атындағы совхоздың байланыс бөлімшесінің бастығы қызметіне тағайындалады. 1965 жылдың 14 наурызынан бастап Аранды ауылдық Советінің депутаттығына сайланады. Әкемнің өзіне жеке үй салып жүрген кезі де осы кез, оған 1967 жылы кірген.
Жоғарыдағы құжаттар колхоздық кезеңде толтырылған. Ол құжаттар ішінде 1943 жылы әкеме Армиядағы бөлімде ішіне кітапша иесі әкемнің қолын қойдыртып берілген қызыл әскер кітапшасы және кеңестік Отанды қорғау үшін шайқаста жарақат алғаны жөніндегі 1944 жылы берген, санитарлық қызметтің бастығы қолын қойған анықтама құжаты және Ленинград қаласында медкомиссия бастығы, медицина қызметінің капитаны Вайсманның 1944 жылы берген құжаты және ауданның әскери комиссары Қазалы қаласында 1944 жылы берген, әкемді денсаулық жағдайына байланысты әскери міндеттен босату жөнінде ішіне әкемнің майданнан келген өңіріне гвардиялық белгісі тағылған әскери формасымен түсірген фотосуретін жабыстырған куәлік құжаты және 1945 жылы Сартөбе аулсоветі төрағасы Ізбақышев пен секретары Өтеповтің және 1947 жылы Жданов колхозы төрағасы Дұрысбаев пен секретары Елубаевтың және 1948 жылы Жданов колхозы төрағасы Дұрысбаев пен секретары Келмағанбетовтің, Аранды аулсоветі төрағасы Баймаханов пен секретары Байдуллаевтың және 1949 жылы Аранды аулсоветі төрағасы Баймаханов пен секретары Әбдіхалықовтың берген құжаттары және 1950 жылы Жданов колхозының төрағасы Әли Сағымбаевтың Аранды аулсоветінің оқу үйінің меңгерушісі әкемді партияға кандидаттыққа ұсынып қолын қойған және оның астына Жданов колхозы бастауыш партия ұйымы секретары Келмағанбетов те қолын қойған кепілдемесі жатты. Бұл құжаттар сарайдағы сандық ішіндегі ескірген папкада мен көрген оқушы күннен кейін де тағы да он шақты жылдай уақыт жатып қалды. Әкем осы қара папканы бұрынғы колхоздық кезеңдегі қызметтерінің бірінде ұстаған болу керек деп ойлаймын.
1994 жылғы күз айларының бірінде осы сарайдағы кейбір ескірген заттарды алдын ала жинастырып қойғаннан кейін, Бейбіт, Орынбай, Айтуғандар осы жігіттердің бірінің трактор тележкасына салып шығарып тастаған еді (Айтуған, Бейбіт сол уақта совхозда трактор жүргізген жігіттер. 1994 жылғы ауыл тарихында Энгельс с-ы әлі бар. Директоры Оңдасын Жарасов). Соның алдында ғана жоғарыдағы әкемнің құжаттарын алып, үйдегі өзге құжаттарына қостым. Ал бұдан кейін де жаңарған, жаңғырған уақыт ескі заттар, киім, бұйымның маңызын түсірсе де, бұрын толтырылып, мөр басылып, бастықтар қол қойған құжаттардың маңызын жоймады, қайта бұрынғыдан да арттыра түсті. Кітаптың да маңызын жойған жоқ. Жоғарыдағы Бейбіт («А» сыныбы), Орынбай, Айтуғандар мектептің 86-жылғы түлектері. Бейбіт бізге биологиядан сабақ берген ұстаз, жоғары категориялы мұғалім Есіркеп Әбдірниязов ағайдың баласы.
***
Сақан мектепте өте үздік оқыды. Бәріміз бірге оқыған екі сынып оқушыларының арасынан математика пәніне келгенде аса жүйрік оқушы осы Сақан болды. Атап айтқанда, Қожабақы мектебінің 80-жылдардағы тарихында оқу үлгерімі жағынан өте үздік көзге түскен дара ер бала болды. Сондықтан 1979 жылы бастауышты Нұғыман ағайдың алдынан енді бітіріп келген бізге Қожабақы мектебінің тарихында өте үздік математик ұлдар болған (мектептің осы екі шәкіртіне апайдың сол кезгі берген бағасы), Қожабақы мектебін 1954 жылы «Күміс медальға» бітірген түлегі Әби Дәулеткерімовті, 1974 жылы «Алтын медальға» бітірген түлегі Айнұр Қошқарбаевты бізге әр сабақ сайын аузынан тастамай үлгі етіп айтатын математика пәнінен дәріс берген ұстазымыз Айнаш апай оны да жоғары бағалап, болашағынан үміт күтті.
Сақан мектепті бітіргесін Алматы қаласына оқуға барып, түсе алмағасын сонда қап құрылыста істеп, бір жылдан соң 1987 жылы жазда 18-ге толуына байланысты күзгі шақырылыммен Совет Армиясы қатарына алынып, оны 1989 жылы күзде аяқтағасын Қызылордадан инженер мамандар дайындайтын оқуды бітірді. Болашақ жарын да сол жерден тапты. Бертінге дейін Қызылордада іргелі екі жоғарғы оқу орны болды. Оның бірі – жалпы білім беретін мектептерде қызмет істейтін педагог кадрларды дайындайтын жоғары оқу орны да (Қорқыт Ата атындағы Қызылорда пединституты (бұрынғы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда пединституты), ал 1996 жылы оқу орны Қорқыт Ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университеті болып қайта құрылды), ал екіншісі – инженер мамандарын дайындайтын жоғарғы оқу орны. Ал 1998 жылы осы екі жоғары оқу орны қосылып, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті содан барып құрылғаны белгілі.
Қызылорданың политехникалық институтының іргетасы 1976 жылдан, Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының Қызылорда филиалынан басталады. Аталмыш оқу орны 1990 жылы Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институты болып қайта құрылды. Ал 1992 жылы бұл жоғарғы оқу орнына институттың оқытушы-профессор және студенттерінің ұсынысымен және Қызылорда қаласы халқының қолдауымен қызылордалық атақты күрішші, күріштен өнім алудан дүниежүзілік рекорд жасаған екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ыбырай Жақаев атаның есімі берілген. Ал 1996 жылы Ыбырай Жақаев атындағы Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институты Ыбырай Жақаев атындағы Қызылорда политехникалық институты боп қайта құрылды.
Сақан деп отырғанымыз, жоғарыда айтылғандай, «Ананың көңілі» әңгімесіндегі Сақан. Сақан бұл әңгімені ілгеріде туған жерге барып, әке-шешесіне құран оқытып қайтқан өзінің бір сапарында Қызылорда қаласындағы өз үйінде дастарқаны басында әңгімелесіп отырғанда айтқан болатын. Онда Қызылорданың «Мерей» ықшамауданында тұратын кезі. Сол кезде ауылдағы үй жақта тұратын көршіміз Бодан ағаның үйіне барып, бас-көз боп жүріңіз дедім дейді. Сонда көршіміздің анасының айтқаны. Бодан Сәденов совхозда жүргізуші болды. Оның анасы Іңкәр әже Ұлы Отан соғысы тылында қажырлы еңбек еткен әйел адам ретінде бағаланатын және көпті көрген, көп жасаған адам ретінде жаңа бас қосқан жастар да бата алатын. Сақандар ауылда аз ру екені рас. Олар Қарамашақтан, ал біз Жаманақтан тараймыз. Қарамашақ та, Жаманақ та Әлімнің баласы. Қарамашақтарды Төртқара деп, ал Жаманақты Шекті деп те айтады. Бірақ азан шақырылған аттары – Қарамашақ, Жаманақ. Әлімнің енді бір баласының аты – Ұланақ. Ұланақты Қаракесек деп атайды. Қарамашақтың Төртқара деп, Жаманақтың Шекті деп аталуларының өзіндік түсінігі бар. Ал Ұланақтың Қаракесек аталуының себебі Әлімнің әкесі Қаракесекпен байланыстырылып түсіндіріледі. Жалпы, Әлімнің әкесі Қайырбай-Қаракесектен үш ұл туған: Байсары, Әлім, Шөмен. Байсарының анасы бөлек те, Әлім мен Шөменнің анасы бір. Қағаз анадан туған. Төртқара, Шектімен қоса Әлімнің алты баласының ішіндегі Қаракесекті де қозғаған себебіміз – әкемнің нағашы жұрты осы Қаракесек руы. Әкемнің анасы Ұлболсын ана Қаракесектің қызы. Сондықтан Қаракесектер әкеммен қатты қалжыңдасады екен. Әкем де кезінде нағашы жұрты – Қаракесектерді анамның шығып отырған жері деп іштартып тұрған көрінеді. «Қаракесектердің қалжыңы» әңгімесінде де бұл туралы айтылған.
Әкемнің нағашы атасы Қаракесек Ерімбеттің ұлы болмаған, бірақ алты қызы болған. Олар Ұлболсын, Қызболған, Мақпал, Мауыты, Масаты және Мейірхан. Әкем осы алты қыздың бірі – Ұлболсын анадан дүниеге келген. Ал Қожабақы ауылы білетін жүргізуші Қазыбек Нәшенов ағамыз осы алты қыздың бірі – Мейірхан әжеден туған. Мейірхан әже беріге дейін өмір сүрді. Шешем 1942 жылы дүниеден озған өзінің енесі Ұлболсын анамыз туралы айтқан бір әңгімесінде: «Келін болып түскенімде үлкендер жағы: «Шырағым, енең бір әйел затының ішіндегі естісі болған жан еді. Анасына мына ортаншы бала көбірек тартқан» деп отыратын» дейтін кейін есейген соң Қазалы аудандық партия комитетінде және Қазалы аудандық білім бөлімдерінде жауапты қызметтер істеген маман, мектептің директоры болған, аудандық мәдениет бөлімінің бастығы болған, Қазалының білім бөлімі тарихындағы есімі белгілі педагог маман болған әкемнің туған інісі Байболат Қарақұлов ағамыз туралы.
Ал өзіміздің нағашы жұртымыз – Кетелер. Шешем – Кетенің қызы. Ал Кете руына байланысты Кетебике анамен байланыстырыла айтылатын әңгіме бар. Шешемнің өз атасы Кете Оразбайдан төрт ұл туған. Олар: Кеулімжай, Әміржай, Мамырбай және ең кішісі 1900 жылы туған шешемнің әкесі Қоңырбай. Ал нағашы атасы, «бес Сырлыбайдың» бірі – Мәметектен тараған Бәйкеннен үш ұл, бір қыз. Олар: Алмағанбет, Бердіш, шешемнің шешесі Жәніке және Тойбазар.
Кішкененің Үсенінен шыққан ескі сөз, есті сөздің көмбесі, қазалылық белгілі тарихшы, ұстаз Ақанжан Келімбетов 2001 жылы Қызылордада өз шаңырағында дастарқаны басында отырып айтқан әңгімесінде осы Кішкененің Асанының Мәметегіне берген бағасында: «Асанның Мәметегі деген сөз қонған ру еді. Одан кезінде ақын шыққан жер» деді. Ал Кішкененің Үсен руынан шыққан тағы бір ақын Нұрсұлтан Жұбатұлының ақындық қуаты жайлы пікірінде: «Нұрсұлтан Жұбатов деген – бауырынан жараған жүйрік» деп баға берді. Біз тұңғыш рет республикада ғылыми жоба етіп қорғап шыққан ақын Байназар Өтепұлы да осы Кішкененің Үсен руынан шыққан ақын болатын. Яғни Ақанжан ағайдың айтуында, адам баласы үшін сөздің жолын ұстану деген де – бір қасиет екен. Өйткені сөз өнері деген де екінің бірінің бойына қона бермейтін қасиет көрінеді. Мысалы, атақты Кіші жүз Жақайым Жетес би кезінде мешіт ұстап Кішкененің алты баласын бір-бірінен алаламай сабақ беріп сауаттандырған Кішкененің Жолшара руынан шыққан Рамберді ишанды бойына сөз қонғандығы үшін де қатты құрметтеген. Өйткені Рамберді ишан тек дін жолын ғана емес, сонымен бірге сөздің де жолын ұстанған тілмар жан болған, өлең де жазған кісі. Бұл туралы халық уағында Жетес биден: «Өзіңіз атақты Жетес би бола тұра Рамбердіні сонша құрметтеп оның алдында не үшін кішірейесіз?» деп сұрағанда, сонда Жетес би Рамберді туралы: «Мен бір атқа мінсем, Рамберді екі атқа мініп жүрген жоқ па» деп жауап берген дін иесі ишанның сонымен бірге тілмар, сөзге де шешен адам екенін меңзеп.
Тәуелсіздіктен соң 1998 жылы Қазалының Бірлік ауылында Рамберді ишан мешіті ашылды. Алдын ала сол кезгі Қазалы ауданының әкімі Болатбек Пұсырманов және сол кездегі Аранды ауылдық округінің әкімі Шаттық Ахметовтер келіп сөйлеп ашады деп жоспарланған, Кішкененің Жолшара руынан шыққан, талай жылдар басшы қызметтерде істеген белгілі педагог Амангелді Есетов ағай жүргізеді деп күтілген Бірлік ауылындағы Рамберді ишан мешітінің ашылу салтанатының сценарийін жазып дайындау мақсатында Бірлік ауылында өткен мәслихатқа Қожабақы ауылынан кеп қатысып жүргенімізде жоғарыдағы әңгімені сол жерге жиналған үлкендердің аузынан дастарқан үстінде естіген едік. Сценарийге бір керегі болар деп айтқан еді. Мына Рамберді ишанды кей адам тек мешіт ұстаған, діннің жолын ұстанған адам деп қана ойлап жүр, ол сонымен бірге сөздің де жолын ұстанған адам, өлең де жазған кісі деді. Сценарийге кіргізілді. Ол уақытта Кішкененің Жолшарасының ішіндегі уәжді сөз айтар ақсақалдарының бірі және аудандағы ақсақалдардың бірі, 40 жыл уақыт жергілікті сайланбалы мемлекеттік билік органы – Советтің атқару комитетінің төрағасы болған Темірбай Емешұлы ақсақал бар. Бізді өз көлігімен мешіттің ашылуына байланысты мәслихат ішінде болсын деп арлы-берлі қатынатып жүрген – сол Темірбай Емешов ақсақалдың үлкен ұлы, Кішкененің Жолшарасы, ол да 40 жыл басшы қызметте істеген, комсомолды басқарған, 30 жылдан аса уақыт мектеп басқарған №25 орта мектептің сол кезгі директоры Алмас Темірбайұлы.
Әжемнің ағалары Алмағанбет пен Бердіштің балаларын Қожабақы жақсы біледі. Ал әжемнің інісі Тойбазар Бәйкенов туралы Бозкөл ауылының тұрғындары жақсы біледі. Сонымен бірге шешемнің әкесі Қоңырбайдың бір ағасы Кеулімжайдың ұлы, ұста кісі Кете Жүсіп туралы да Бозкөл ауылында тұратындар жақсы біледі. Оның ағасы Кеулімжай ұлы Жүгініс атамыз да ұста болған. Ол менің оқушы бала күнімде 45 шақырым жердегі аудан орталығы – Жаңақазалы поселкесінен қашырмен келетін. Қашырын есіктің алдына байлап қойып, шешемнің, яғни немере қарындасының, қолынан шай ішіп алып, шөп басына аттанып кетеді. Сонда жатып шөп орады. Ол қашырмен қаладағы малының қыстық шөбін совхоздан дайындап алу үшін келген.
Жалпы, Қоңырбайдың бір ағасы Кеулімжайдан Жүгініс, Жүсіп, Нәзипа тараса, ал шешем айтулы молда болған адам еді деп отыратын енді бір ағасы Мамырбайдан Базаргүл, Нәзігүл, Зейнолла, Нағи тарайды. Әміржайдан бала жоқ.
Мен бастауышта оқып жүрген кез 70-жылдарда әжем жаз айында науқастан қысылып үзілейін жатқанда сол күні жанына жоғарыда аталған Бозкөлде тұратын інісі Тойбазар Бәйкенов кеп отырды. Ол кісі сонда мені жұмсап: «Өмірзаққа айтшы, Жәніке қысылып жатыр деп айт» деді. Өмірзақ деп отырғаны – осы қысылып жатқан әжем мен жанында отырған інісі Тойбазар ағаларымыздың үлкен ағалары Алмағанбеттің Энгельстің сауда саласының кеңсесінде істейтін қызметтегі ұлы еді. Әжем дүние салғанда адамдар: «Әй, Жәнікедей кемпірлер енді тумас. Бұл кемпірлердің сүйегі мықты еді ғой», – деді. Өйткені олар 1941-1945 жылдар арасындағы соғыстың тылдағы ауыртпалығын иығына көтере алған адамдар болатын. Қазақ тарихындағы айтылатын тәркілеудің кезін де көрді, аштық кезін де көрді, ұжымдастыру уақытын де өткерді. Онда Оразбаев Қоңырбай мен Оразбаева Жәніке жас семья болатын. Тұңғышы Абылай Қоңырбаев 1925 жылғы. Абылай Қоңырбаев Қожабақы ауылында тұрды. Бізден бір жыл кейін оқыған Роза есімді жалғыз қызы болды. Роза бала күнінде үйге жиі келетін. Оны Гүлзада апамның ізіне ерген жалғыз сіңлісі дейтін. Ал шешем бірде мен мектепте оқып жүрген 80-жылдары өзінің ағасы Абылай Қоңырбаев туралы: «Абылай бұрын да үйленген. Үйінде де болып едім. Абылай бұрын қалада тұрды. Абылайдың содан қалада баласы бар» деді. Кейін Жұмаділдә есімді Абылай Қоңырбаевтың ұлы да әкесінің туған-туыстарымен іздеп қатысты. Ал інісі туралы шешемнің: «Адам сыйлауға келгенде өте әдепті бала еді. Сабаққа келгенде алғыр бала еді. Әбділда өмірден ерте кетті ғой» деп сөйлейтін өзінің ізіне ерген Әбділда Қоңырбаев деген де інісі болған.
Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін соғысқа аттанып кетіп, майданға артиллерист ретінде кіріп, 1942 жылы желтоқсан айында ұрыс даласында хабарсыз кеткен шешемнің әкесі Қоңырбай Оразбаев 1941 жылғы соғысқа дейінгі уақытта сатушы, сауда қызметкері боп істеген жан. Сондықтан тек ол тарихтан хабары бар адамдар ғана шешемді: «Бұл деген Қоңырбай піркәншіктің қызы ғой» деп сөйлейтін. «Піркәншік» сөзі тарихи тұрғыдан алғанда қазақ тіл білімінің лексикасының қорындағы тарихи сөз. Сөздік бойынша берілетін мағынасы «Сауда қызметкері, сатушы» деген ұғым-түсінік беріледі. «Піркәншік» сөзі қазақтың тілші-ғалымдарының ғылыми еңбегіндегі келтірілген деректер бойынша қазақ даласына XIX ғасырда орыс отаршылдығы арқылы капиталистік қарым-қатынастардың дендеп енуіне байланысты XIX ғасырдың 2-жартысынан бастап сол кезгі баспасөз бетінде айқын көрініс таба бастаған сөздердің қатарына жатады.
Егер Қазалының 1941-1945 жылдағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі тарихын оқып отырсаңыз, онда тылда ерлерше еңбек еткен әйел жандар қатарында Салтанат Қарақұлова есімді әйел адамның есіміне де көзіміз түсер еді. Ол жөнінде аудан тарихы жөнінде баяндалған, 1998 жылы басылып шыққан тарихи еңбек – «Ортаймаған қазаны – қасиетті Қазалы» (Авторлар: Н.Т.Мұсабаев, тарих ғылымының кандидаты А.Н.Мұсабаева. Жауапты шығарушы журналист Ж.Мәкенәлиев) кітабының «Елдік пен ерлік» бөлімінде де айтылады. Осы соғыс кезінде тылда ерлерше еңбек еткен әйел адамдардың қатарындағы Салтанат Қарақұлова біздің Аранды қырының тұрғыны. Біздің бала күнімізде ауылда, яғни Қожабақы ауылында тұрды. Сонымен бірге, айта кетсек, біздің сол мектеп оқушысы күнімізде кейін, 2001 жылы біз сол Қожабақы ауылынан тұңғыш рет және ауданда әдебиет секциясынан тұңғыш жазылған, сонан соң республикалық ғылыми жобада филолог ғалымдардың алдында «Халық ақыны Байназар Өтепов шығармашылығындағы ел тағдыры және ақын өлеңдерінің көркемдік мәні» деген тақырыпта қорғап шыққан (республикалық ғылыми жобалар жарысының II дәрежелі дипломы, қорғаған – 1985 жылы туған Г. Байназарова), 1984 жылы дүниеден өткен ақын Байназар Өтепов те ауылда, Қожабақы ауылында тұрды. Бірде бізді, мектептің алқызыл галстук таққан бір топ мектеп пионерлерін – «Қызыл ізшілер» тобын мектептің сол 80-жылдардағы тәрбие істерін ұйымдастыруда рөлі өте зор болған маманы, аға пионер вожатый Роза Әбдірашева апайдың ауылдың колхоздық кезеңінің куәсі болған басқа да бірнеше жасы үлкен кісілердің шаңырағымен бірге сол кезеңнің куәгері Байназар Өтеповтің шаңырағына да ол кісінің аузынан әңгіме тыңдап, жазып алуға бастап алып барғаны бар.
Сол жоғарыда аты аталған Салтанат Қарақұлованың бір кезде өзі көзі көрген Ұлы Отан соғысынан қайтпай қалған шешемнің әкесі Оразбаев Қоңырбайға кезіндегі берген бағасында Қоңырбай Оразбаев жайында: «Қоңырбайдың мінезінде азаматтығы бар жан болды. Қоңырбай деген аттың үстінде тіп-тік отыратын қою қара мұртты кісі еді» деп суреттеген еді. Біздің үйде кешегі 90-жылдарға дейін шешем дүниеден өтемін дегенше аттың екі ер-тоқымы және аттың екі қамшысы сақталып келді. Бұл ер-тоқымның біреуі соғыстан қайтпаған шешемнің әкесі Қоңырбай Оразбаевтың ер-тоқымы болса, ал екінші ер-тоқым әкемнің ер-тоқымы. Екі аттың қамшылары да әкемнің қамшылары.
Әкем аттың жайын бала күнінен білген. Оған шешемнің айтқан мына әңгімесі дәлел бола алады. «Әкең алғаш елден армияға алынғанында, командир орыс жігіті екен. Сонда әлгі орыс жігіті әкеңнен: «Аттың жайын білесің бе?» деп сұрапты. Әкең өзі соғыста болған кезі туралы айтқанда осылай деп айтатын. Әлгі орыс жігіті: «Аттың жайын білесің бе?» – деп сұрады дейді. «Білем» дейді әкең. Неге білмесін, ауылда өскен бала емес пе?».
Қызыл әскер кітапшасы бойынша әкем жаяу әскерде, гвардиялық бөлімде, яғни Ленинград майданындағы 63-гвардиялық атқыштар дивизиясының 190-гвардиялық атқыштар полкінің 1-атқыштар ротасында болған «стрелок», атқыш қызметінен бұрын әуелі артиллериялық әскерде, яғни 87-жеке артиллерия дивизионының артиллерия паркінде «ездовой» қызметін атқарған. Сосын артиллериядан соғыс кезінде Ленинградта және оның маңайында орналасқан, Ленинград майданы штабына тікелей бағынатын, майдан қолбасшылығының соңғы резервінде тұрған 36-запастағы атқыштар бригадасының 389-запастағы атқыштар полкінің 2-батальонының 4-ротасына ауыстырылған. Сондықтан жоғарыдағы орыс командирдің тарапынан әкеме «Аттың жайын білесің бе?» деп қойылған сұрақ осы алғаш «ездовой» қызметіне бағытталғанда қойылған сұрақ деп ойлаймыз. Өйткені артиллериядағы солдат «ездовойлардың» жұмысы осы аттарға байланысты, артиллерия әскеріндегі жүк арбаларына жегілетін аттарды басқаратын делбешілер қызметі.
Сонымен бірге айта кетсек, әкем 1944 жылдың тамыз айында майданнан, Қызыл Армиядан оралған соң, әскери міндетті оның денсаулық жағдайын комиссариаттың 1944 жылғы 4 қыркүйектегі медкомиссиясына салып куәландырғаннан кейін, оны әскери міндеттен босату туралы Қазалы ауданы әскери комиссары қол қойған КС №0133 санды куәлікке («СВИДЕТЕЛЬСТВО об освобождении от воинской обязанности» куәлігі) сурет жиегіне әскери комиссариаттың дөңгелек гербтік мөрі басылып түсіп, әкемнің майданнан келген үстіндегі әскери киіммен түсірілген фотосуреті жабыстырылған.
Яғни 1944 жылдың тамыз айында соның алдында ғана 1941 жылдың 8 қыркүйегінен 1944 жылдың 27 қаңтарына дейін 872 күн неміс әскерінің қоршауында тұрған Ленинградтан сол қалада орналасқан әскери госпитальдің медицина қызметі капитаны, медкомиссия бастығы Вайсман қолын қойып, №268 әскери эвакогоспитальдің дөңгелек мөрі басылып түсіп куәландырылған №188575 санды құжатпен шығып, Қазалының патшалы Ресейге қараған тарихында салынған өзінің Қазалы теміржол стансасынан түсіп, сол кезгі ауданда майданға көмек беріп жұмыс істеп жатқан колхоздардың біреуі (Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін 1946 жылғы көрсеткіш бойынша Қазалы ауданында әлі 61 колхоз жұмыс істеп жатты. «Ортаймаған қазаны – қасиетті Қазалы» тарих кітабынан алынған. Авторлары: Н.Т. Мұсабаев, А.Н. Мұсабаева. Жауапты шығарушысы Ж.Мәкенәлиев. 112-бет) – өзінің туған колхозы №9 Аранды ауыл Советіне қарасты Жданов колхозына қарай асыға басып келе жатқан, әкесі Қожахмет 1934 жылы, анасы Ұлболсын 1942 жылы дүниеден өткен, алдындағы Жданов колхозындағы семьясында өзін жолына қарап күтіп отырған 16 жастағы інісі Байболат (Қарақұлов), 11 жастағы інісі Баймұрат (Қожахметов) есімді туған екі інісі бар, сол кезде өзімен бірге келе жатқан, сол кезгі Армиядағы жауынгердің жеке басын куәландыратын бірден-бір құжаты Қызыл әскер кітапшасының (1941 жылғы 7 қазандағы Сталиннің Бұйрығымен енгізілді) «Прохождение службы» бөліміндегі Армиядағы соңғы қызмет еткен бөлімі – 63-гвардиялық дивизияның полкі 190-гвардиялық полкінің «190-й Краснознам. гвардейский стрелковый полк» деп жазылған дөңгелек гербтік мөрі басылып түсіп, командирдің қолы қойылған жазбада әскери атағын «Гвардии рядовой» деп деп көрсеткен (Рядовой – воинское звание, установленное в вооруженных силах многих государст в для солдат. В Советских Вооруженных Силах введено в 1943 г., до этого – красноармеец. Сохраняется в современной России. Орыс тіліндегі тарихи сөздіктен алынған), суретте әскери киім киген, кеудесінің оң жақ омырауына гвардия белгісі тағылған, сол кезгі өзінің Аранды қырына Ұлы Отан соғысынан келе жатқан сол кезгі 19 жастағы солдаттың бейнесі – осы.
Сонымен бірге әкемнің 1944 жылы тамыз айында Армия қатарынан келген соң өзінің туған колхозында комсомол жастардың қатарына қабылданып, сол кезгі істеген алғашқы қызметтері – өзінің туған колхозы №9 Аранды ауылдық Советіне қарасты Жданов атындағы колхоздың басқарма секретары және мектеп меңгерушісі, мұғалім қызметтері кезінде де әкем сол қызметтері уақытында да өз жұмыстарын атқа мініп жүріп істеген. Мысалы, шешемнің әкемнің мұғалім боп жүрген кезі туралы айтқан: «Жиналыстан шыққан ба, алды кешқұрым, екі мұғалім жігіт боп ауданнан салт атпен келе жатқан ғой. Ол уақытта оқу бөлімі бергі қалада» деп басталатын тағы да бір әңгімесінде де сол уақытта мұғалімдік жұмыста жүрген әкемнің атқа мініп жүргенін көреміз. Сондықтан да жоғарыда айтылған біздің үйде тұрған әкеме тиісті ер-тоқым мен қамшылар әкемнің сол бір уақыттардағы 40-жылдардың орта шенінен бастап істеген алғашқы кезгі қызметтері, яғни әкемнің сонау бір уақыттарда атқа мінген кезінен қалған естеліктер.
Егер шешем соғыс басталар 1941 жылы 13 жастағы жасөспірім қыз болса, ал әкем Ұлы Отан соғысы басталған 1941 жылы 16 жасар жасөспірім бала болды. Әкем де 1941 жылғы Ұлы Отан соғысына дейін-ақ Совет мектебіне барып, Совет мектебінде оқыған. Шешем де сол кезде Совет мектебіне барып, советтік мектепте оқыған. «Баяғыда латын қарпімен жазушы едік-ау» дейтін шешем бұл туралы.
Біздің қазақ жазу тарихында 1929 жылға дейін араб графикасына негізделіп жасалған әліпби қолданыста болса (мысалы, қазақ тілінің дыбыстық заңдылығына сәйкес реформаланған Ахмет Байтұрсынов жасаған ұлттық әліпби, «төте жазу» сол кезде қолданыста болды. Біздің қазақ жазуы тарихымызда талай қазақ баласы осы әліпбимен сауатын ашты), ал 1929 жылдан 1940 жылға дейін біздің қазақ жазуы тарихында латын графикасына негізделіп жасалған қазақ әліпбиі қолданыста болған болатын. Мысалы, әкемнің 1943 жылы жасы 18 жасқа толуына байланысты заңға сәйкес Армия қатарына алынып, 1943 жылдың наурызынан 1944 жылдың тамыз айына дейін Армияда болған кезінен қалған құжаттың бірі – оның ұрыс кезінде жарақат алғандығын және оның майданда болғандығымен байланысын куәландыратын құжат – 1944 жылдың 9 наурызы күні кеңестік Отан үшін шайқаста жарақат алды деп жазылған «Справка о ранении» деген санитарлық қызметтің бастығы қол қойған анықтама құжат болса, осы анықтаманың сыртқы бетіне соның алдында ғана, яғни Ұлы Отан соғысы басталар алдында ғана, 1940 жылға дейін біздің жазу тарихымызда қолданыста болған латын графикасына негізделіп жасалған қазақ алфавитімен басылып шыққан мектеп оқулығының бетінен қиып алынған қағаз жабыстырылған. Ол оқулықтың бетінен қиып алынған қағазды анықтама құжат жыртылып кетпесін деген оймен 1944 жылы елге келген соң әкем жабыстырған болу керек. Осы анықтама құжаттың сыртқы бетіне қиылып жабыстырылған оқулық қағазында текст бар. Сол мәтінді біз бала күнімізде қызық көріп оқып отыратынбыз. Оның әріптерін танып оқуға бірден-бір көмекші болған – бізге мектепте оқытылатын шет тілі пәні.
Бізді 7 жасқа толған соң мектепке 1-сыныпқа оқуға қабылдап алып, бастауышта сабақ берген алғашқы ұстазымыз, ақын Нұғыман Әбдіразақов ағайдың алдынан 1979 жылы бастауыш мектепті бітіріп үлкен мектепке келгеннен кейін-ақ, біздің мектепте оқытылатын пәндеріміздің қатарына шет тілі деген пән қосылған еді. Бір класты екіге бөлді. Ана топқа ағылшын тілі, бізге француз тілі пәні жүргізілді. Ағылшын тілін оқыған топтарға №25 мектептің жоғары білімді ағылшын тілінің ұстаздары сабақ берсе, ал бізге жоғары білімді шет тілінің мұғалімі, француз тілінің маманы, жоғары категориялы педагог Қуаныш Кәдірова апай сабақ берді. Ол №25 мектепте шет тілінен Тәуелсіздік алған жылдардан кейін де сабақ берген ұстаз. Ал №25 мектептің ағылшын тілі пәнінен сабақ берген байырғы тәжірибелі ұстаздарының бірі – ол жоғары категориялы педагог Гүлжамал Қожамқұлова апай болатын. Ол апай да №25 мектепте ағылшын тілінен Тәуелсіздік алған жылдардан кейін де сабақ берген ұстаз.
Сонымен бірге біздің сол оқушы күнімізде, яғни 80-жылдардың ішінде Қызылорда облысының орталығындағы Н.В. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының ағылшын және француз тілі мамандықтары бойынша жоғары білім алып оқып жатқан бір топ студенттері Қожабақы ауылына келіп, Қожабақы мектебінен практикадан өтті. Олар сыныптарға сабақ беруге және сынып жетекшілікке бекітілді. Бізге Алмажан деген студент апай бекітілген еді. Ол апай осы практикасының кезінде Қуаныш апайдың орнына бізге француз тілі пәнінен сабақ жүргізді, математика пәнінен дәріс берген ұстазымыз Айнаш апайдан кейінгі біздің сынып жетекшіміз, қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәндерінің ұстазы Жанділда Сүндетов ағаймен қатар бізге сынып жетекші де болды. Бір сөзбен айтқанда, класпен толыққанды жұмыс жүргізді. Оқушылар апайды құрметтеп шығарып салды.
Шет тілі пәні кейін біз өзіміз де жоғарғы оқу орнында, Қазақ филологиясы мамандығында оқып жүргенде де оқытылды. «Қазақ филологиясы және тарих» факультетінің студенттеріне шет тілі пәні ретінде араб тілі пәні жүрді. Одан бізге араб тілінің жоғары білімді маманы, Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті түлегі Баймаханова Шолпан апай сабақ берді. Араб тілі пәнін болашақта қазақ тілі пәнінің мұғалімі болатын студенттер ден қойып оқыды. Сондай студенттердің қатарына, мысалы, сол кезде біздің топта оқыған Жұлдыз, Жанарларды ерекше атауға болады. Олар орыс тілі пәнін оқуда да белсенділік танытты. Ал орыс тілі пәнін оқытқан – оқытушы Мұхит Ақдәулетов. Сонымен бірге Шолпан апай бізге жақсы тәрбиеші де болған еді. Тек Шолпан апай ғана емес, сол кезде қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі берілген (1989 жылы 22 қыркүйекте заңмен қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі берілді) 1989-90 оқу жылынан бастап оқу орнында өз алдына факультет болып құрылып, дербес шаңырағын көтерген «Қазақ филологиясы және тарих» факультетіндегі Қазақ тілі, Қазақ әдебиеті және сондай-ақ Тарих кафедрасының барлық ұстаздары да бізге өз өнегелі істерімен жақсы тәрбиеші болды деп толық айтуға болады.
Сол кезде біздің курсымызға қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірінен немесе жыраулық поэзия кезеңінен (Қазақ әдебиеті тарихы пәнінің лекция сабақтары) оқып тұрған дәрістерін көбіне «Біз өткен сабағымызда...» деп бастап алып, «Қорыта келгенде,...» деген сөздермен аяқтап отыратын факультеттің кафедра меңгерушісі, әдебиетші ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегенов сол кезде факультеттің өнер жолында және сабақта үздік көзге түсіп жүрген студент қыз балаларын бізге, 1-курс студенттеріне, әр кезде мақтаныш ете сөйлейтін еді. «Сендер енді 5 жылдан соң бұл жерден «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» деген диплом алып шығасыңдар!» деген сөзді 1-курстарға әр уақытта көтеріңкі леппен айтатын ұстаз педагог ғалым сол арқылы 1-курстықтарға өнер мен білім жолын үлгі етті. Ол ой-пікірдің бәрі де педагог ұстаздың өзі алдында дәріс беріп келе жатқан студенттерін сол кезде бізге, 1-курстарға, сырттай мақтаныш етіп айтып таныстырып отыратын «Анау 5-курстағы оқитын Қалдыгүл, анау 2-курстағы Лена, анау 2-курстағы Жібек, Гүлжаһан» деген сияқты сөйлемдері ішінде жататын.
Сонымен бірге белгілі ғалым Темірхан Тебегенов 1-курстарға алдымен Ұлт баспасөзінің оқырманы болуды және Қызылорданың Н.Бекежанов театрының тұрақты көрермені болуды насихаттады. Біз осы 1989-1990 оқу жылында Қызылорда пединститутының 1-курсында оқып жүрген кезде 1990 жылы 22 наурыздан бастап алғашқы саны жарық көрген, тұңғыш редакторы белгілі қазақ редакторы Жарылқап Бейсенбайұлы болған «Ана тілі» Ұлт басылымына сол кезде бізге, 1-курс студенттеріне, жазылуға бағыт беріп, ұлттық сананың оянуына ықпал еткен ұстаз.
Ал айта кетсек, театр сыншыларынан жақсы баға алған Қызылорда театры сол кезең уақытында да керемет қойылымдарымен өз көрерменін қуантқан театр. Сондай қойылымдар бірін сол кезгі уақыт өлшемімен атасақ, біз 1988-1989 оқу жылында осы Қызылорда пединститутының жеті айлық, ақылы дайындық курсында оқып жүргенде ақын-драматург Иранбек Оразбаевтың пьесасы бойынша сахналанған «Күшігінен таланған» спектаклінің театрда премьерасы қойылған еді. Сахналаған – театрдың бас режиссеры Ерғали Оразымбетов. Біз осы театрдан сонымен бірге студенттік шақта режиссер Хұсейін Теміров қойған талай спектакльдердің де көрермені болдық.
Ал ұстаздың сол кезде бізге, 1-курс студенттеріне, анау Қалдыгүл деп сырттай мақтан етіп айтатын студенті кейін республикада қазақ тіл білімі саласындағы есімі белгілі тілші-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, ал сол кезде факультетте 5-курста оқып жүрген студент, сонан соң оқу орнын үздік дипломға аяқтап шығып, сонан соң біздің 19-оқу тобымызға морфологиядан сабақ жүргізген ұстаз (Қазіргі қазақ тілі пәнінің семинар сабақтары) – Есенова Қалдыгүл апай. Сонымен бірге Қалдыгүл апайдың сол кезгі 5-курстағы оқитын курстасы, оқуды үздік бітірген ақын Нұрлыбек Сафин де, кейіннен қазақ журналистикасы мен әдебиетіндегі есімі белгілі қаламгер Нұрлыбек Саматұлы, сол кезде бізге, 19-оқу тобымызға, жыраулық поэзия кезеңінен (XV-XVIII ғасырдағы әдеби мұраларымыз. Қазақ әдебиетінің тарихы пәнінің семинар сабақтары) сабақ жүргізді. Ол сол кезде профессор Медеуәлі ағайға «Жалғыз тал» атты өлең арнаған ақын. Профессор Медеуәлі Бимағанбетов ағай курсымызға синтаксистің дәріс сабақтарын оқыған ұстаз. Ал аталмыш өлең 1990-1991 оқу жылында біз осы Н.В. Гоголь атындағы Қызылорда пединститутында 2-курста оқып жүрген кезде облыстық газет редакторы Нұрділда Уәлиев басқаратын Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінің жастарға арналып шыққан бетінде 1990 жылғы 23 қараша күні жарық көрді. «Менің «Жалғыз тал» дейтін жалғыз өлеңім бар. Оңашада соны оқып, көзіме жас аламын... Өйткені жастайымнан жалғыз өстім ғой» дейді профессор ұстаз «Жалғыз тал» өлеңінің эпиграфында. «Көрінбей қалар қараңғы түссе күндізгі із, Көлеңке басқан көңілге келіп күн кіргіз. Бір өлеңімен жылату мыңды мықтылық, Мың өлең жазып тебіренте алмай жүрміз біз» дейді Қызылорда пединститутының сол кездегі оқытушысы, ақын, әдебиетші Нұрлыбек Сафин ұстазға арнаған өз өлеңінде. Қызылорда пединститутының жастарының өлеңдері берілген нөмірдегі бұл жыр астында сонымен бірге 10-оқу тобында оқыған группаласымыз Айнұр Аралбаеваның да «Жек көрем» атты өлеңі берілген. «Махаббатты сатқандарды жек көрем, Сырттан сөзбен атқандарды жек көрем. Еркін жүріп алға аттасаң бір қадам, Етегіңнен тартқандарды жек көрем» дейді Айнұр «Жек көрем» атты өлеңінде. Ал ұстаздың сол кезде бізге, 1-курстарға, анау Лена деп сырттай мақтан етіп айтып отырған студенті сол кезде факультетте 2-курста оқитын студент, сол кезде-ақ қазаққа есімі белгілі айтыскер ақын және қазақтан танымал әндерімен бағасын алған әнші-композитор, барша қазаққа есімі белгілі өнер иесі атанған Елена Әбдіхалықова.
Ал әкеме жоғарыдағы 1944 жылдың 9 наурызы күні кеңестік Отан үшін шайқаста жарақат алды деп санитарлық қызметтің бастығы қол қойып, толтырған анықтама құжаттың сыртқы бетіне жабыстырылған қағаздағы латын графикасына негізделіп жасалған қазақ алфавитімен жазылған мәтіннің тақырыбы «ТАЙГАДА» деп аталады.
Онда оқулық балалардың ұғым-түсінігін кеңейту мақсатымен оларға тайга жайлы мәлімет беріп отыр. Алғашқы абзацында «Мыңдаған километр жерге ит тұмсығы батпайтын тайга орманы созылып жатыр. Мұның кей жерлерін өзендер ғана кесіп өтеді, кей жерлерінде көлдер ғана ұшырайды. Ғасырлар бойы жасаған шырша, пихта, самырсын, лиственница ағаштары керегедей тұтасып тұр. Анда-санда әр жерден ақ қайыңдар көзге түседі. Қай жер болса сол жерде қираған ағаштардан адам аяқ алып жүре алмайды» деп келетін текстің жоғары жағында «Өз жерлеріңнің күн райы жыл мезгіліне қарай қалай өзгеретінін естеріңе түсіріңдер» деп оқулық балаларға тапсырма да берген.
Мұнда пихта, лиственница ағаштарының атауы қазақша атаумен берілмеген, орыс тіліндегі күйінде берілген. Ал кезінде әкем 1954-1963 жылдардың арасында Қазалы ауданындағы Максим Горький атындағы колхозының (Қазалы ауданының қазіргі Қожабақы ауылы) кітапхана меңгерушісі болып қызмет істеп жүрген уақытында Қазалыдан сатып алып, сонан соң кітаптың алғашқы ішкі бетіне фамилиясын жазып, фамилиясы жанына қолын қойып, оның астына «5.VI-1956 жыл. Сатып алынды Қазалыдағы кітапхана дүкенінен» деп жазу түсіріп кеткен, 1954 жылы Москва қаласынан Шет тілдер мен ұлт тілдер сөздіктерінің баспасынан шыққан орысша-қазақша сөздіктің (50000 сөз, жалпы редакциясын басқарған филология ғылымының докторы, профессор Н.Т. Сауранбаев) 526-бетінде пихта жайлы самырсын (солтүстік жақта өсетін ағаш) деп көрсетілсе, ал сөздіктің 317-бетінде лиственница ағашы жайлы бал қарағай, сағыз қарағай деп көрсетіледі. Ал сөздіктің 272-бетінде кедр жайлы да самырсын, бал қарағай; сибирский кедр сибирь бал қарағайы деп көрсетілген.
«Баяғыда латын қарпімен жазушы едік-ау» деп шешемнің өткен күнді еске алып сөйлегеніндей, біз қазақ жазуының тарихында 1929 жыл мен 1940 жылдардың арасында қолданыста болған латын графикасына негізделіп жасалған қазақ әліпбиімен 1989-1994 жылдардың арасында Қызылорда қаласындағы Н.В. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығында оқып жүргенде де кездестік. Өйткені мұнда болашақ орта мектеп мұғалімдері үшін «Қазақ жазуының тарихы» пәні жүргізіледі. Бұл пәнді біздің курсқа Н.В. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының белгілі тілші-ғалым профессоры Әли Байжолов ағай жүргізді. Бұл пән болашақ қазақ тілі мамандарына біздің бабаларымыз қалдырған баға жетпес тарихи-мәдени мұрамыз тас жазба ескерткіштеріндегі көне түркі жазуынан бастап оқытылады. Егер Қызылорда пединститутының тілші-ғалым профессоры Әли Байжолов ағайдың сол кезде біздің курсымызға жаздыртқан (Қызылорданың пединститутына 1989 жылы оқуға түскен қызылордалық студенттер және Көкшетау облысынан келген 25 студенттен құралған (КЯЛ) 19, 39-топтар және де орыс мектебіне қазақ тілі пәнінен беру үшін дайындалған (КРШ) 29-топ) «Қазақ графикасының тарихы» курсы лекциясы дәптерінің парақтарын бүгінде де қайтадан бір парақтап көрсек, онда тілші-ғалым Ә. Байжолов бұл пән бойынша оқыған лекциясының кіріспесінде «Соңғы жылдары (1973-1974 жылдардан бастап) жоғары оқу орындарында көне түркі, араб, латын графикасы курсы оқытыла бастады. Мақсат – халықтың мұрагерлік үлгіде графикасының тарихынан мәлімет беру» деп сол кезде бізге, студенттерге, өзі оқытып жатқан пәнінің оқытылу мақсатын да жаздырта кеткен екен.
СССР-дің білім беру саласында 1930 жылы шыққан үкіметтің қаулысымен негізделген барлық жерде 1930-1931-оқу жылынан бастап жалпыға бірдей міндетті төртжылдық бастауыш білім алуды жүзеге асыру, сосын СССР-дің білім беру саласында Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезеңде жалпыға бірдей міндетті жетіжылдық білімді жүзеге асыру (1958 жылы 24 желтоқсандағы шыққан заңмен соған дейінгі жалпыға бірдей міндетті жетіжылдық білім жалпыға бірдей міндетті сегізжылдық білімге айналды. Осыған байланысты барлық жетіжылдық мектептер сегізжылдық мектептерге айналдырылды. Оған көшу 1962-1963 жылдарда толық аяқталды) және сонымен бірге жалпыға бірдей орта білім – осылай кезең-кезеңмен жүзеге асырылды. Орта білім алу СССР-дің білім саласында сол кезге дейін он сынып болса, 58-дегі реформадан кейін орта білім алу он бір сынып болды. Ал 1964-1966 жылдары СССР-де орта білім қайтадан он сынып болды. СССР-дің білім беру саласында 1966 жылы мектептерді 10 мен 11-сыныптар қатарласып бітірді және осы 1966 жылы 11-сыныптықтардың соңы бітірді.
Жасы 18-ге 1943 жылы толып Қызыл Армияға алынамын дегенше 1942 жылы Қожабақыдағы (М.Горький мектебі) жетіжылдық білім беретін мектепті толық емес орта біліммен бітіріп шыққан әкем (осы мектеп 40-жылдар аяғына қарай толық орта білім беретін мектепке айналды) өмірде кейін қызметіне және сол кезгі толық орта білім алу қажеттілігіне байланысты өз атына 1965 жылдың 16 июні күні берілген мектеп аттестатында «Кешкі жұмысшы жастар мектебінің он бірінші класын толық бітіріп шықты» деген толық орта білімге де қол жеткізсе, ал өмірде күнделікті үй тіршілігінде үй шаруасы, бала тәрбиесімен айналысқан шешем болса, өмірде толық орта білім алмаған, яғни орта білімі жайында аттестаты жоқ.
Жалпы, 30-жылдары міндетті бастауыш білім беру туралы қаулылардың жүзеге асуы негізінде «әйел теңсің, праваң сен ал – деген осы заң» деп Жамбыл ақын жырлағандай, совет қыздарының, ал алға кеткен халықтармен салыстырып қарағанда сол кезде кей салаларда әлі де кенжелеген біз сияқты халықтарда әсіресе қазақ қыздарының оқуға тартылып, қоғамға араласуы үлкен маңызды мәселе болып тұрса да, сол кездегі қазақ қыздарының қатарының оқуы әлі де кешеуілдеген сияқты. Оның нақты бір мысалын алып қарасақ, бір ғана Қожабақы мектебінен 40-жылдардың аяқ шенінде алғаш рет толық орта біліммен бітіріп шығып тұрған түлектерінің қатарына көз жүгіртсеңіз, сайдың тасындай болған алғашқы түлектер – ер-азаматтар атына көзіңіз түсер еді.
Сол алғаш рет толық орта біліммен бітірген түлектердің ішінде кейін өз оқырманына:
Соның бәрін зердеммен танып жүрем,
Жанартау боп ішімнен жанып жүрем.
Бірақ көзге түсуге құштар емен,
Көлеңкеде сондықтан қалып жүрем.
Қуса да қызыл сөздің қысырағын,
Біреулердің даңқы мен ісі мәлім.
Не тындырсам мен соны місе тұтпай,
Азырқанып айтуға қысыламын,
– деп жазған № 25 мектептің өмір жолда қалам ұстаған барлық түлектерінің ішінде әрдайым көшбасшы орында тұратын тұлғасы, Н.В. Гоголь атындағы Қызылорда пединститутының тарих факультетінің түлегі, Сыр елі журналистикасының тарихындағы есімі белгілі тұлға журналист, Сыр өңірінің журналистикасы тарихындағы есімі белгілі редактор, оқырмандарға белгілі бірнеше жыр кітаптарының авторы, есімі белгілі ақын, Қазақстанның Жазушылар одағының мүшесі Сейіл Боранбаев бар. Сол түлектердің ішінде:
Ыстықсың, туған жерім – Аранды қыр,
Көргенше сағынамын қараңды бір.
Көз тоймас көктемдегі келбетіңді,
Кестелеп жаза алмадым жарамды жыр,
– деп өзінің туған жерін ақындық жүрекпен жырға қосқан Н.В. Гоголь атындағы Қызылорда пединститутының тарих факультетінің түлегі, жас ұрпаққа зерделі тәлім беріп, олардың бойына, ең алдымен, тарихи сана қалыптастыра алған тарихшы маман және сонымен бірге сөз өнерінің майталманы және өзінің туабітті табиғи болмысымен-ақ Қазалы ауданының зиялы азаматтарының деңгейіне көтеріле алған ақын-ұстаз Ақанжан Келімбетов бар. Сол алғашқы орта білім алған түлектер ішінде сонымен бірге №25 мектеп тарихындағы белгілі тарихшы маман, мектептің шәкірттерінен шыққан осы ақын тұлғалар Сейіл Боранбаев, Ақанжан Келімбетов және де тағы да бір ақын Әнес Нарымбетовтің сыныптасы Ақберген Шүленбаев та бар. Есімі құрметпен аталатын бұл ұстаз өмірде ұстаздық қызметімен қатар фотограф та болған. Оның 1953 жылғы ұлы Мархабат Шүленбаев осы әкесінің сыныптасы А.Келімбетовтің өлеңдерін жатқа оқи алатын Қожабақыдағы бірден-бір адам болды. Мархабат Шүленбаев мектепті 70-жылы бітірген. Ол сол жылдарда мектепте жұмыс істеген, 90-жылдарда өзінің айтуында, көбіне-көп суретші Болатбек ағайға көмекші болып жүріпті. Мектеп тарихында істеген Болатбек деген ағай жайлы адамдар: «Сурет деген – үлкен дүние. Оның тілін түсіну кез келген жанға өте қиын. Соның тілін түсіне алатын, соған білімі жете алатындай бұрын Болатбек деген суретші ағай істеген осы №25 мектепте» дейтін. Ал Мархабат Шүленбаев кейіннен совхозда, онын ішінде фермада істеді, ферманың тракторын да жүргізді. Мархабат Шүленбаевтың қатары біз енді 1 жасқа кеп жатқанда, кейін біз де оқыған №25 мектеп түлегі болған жігіттер болатын. Сондықтан бұл жігіттердің балалық уақыттан есейген жастық кезеңдері, олардың армияда боп келген кездері осы 70-жылдардың ішіне сәйкес келеді.
Жалпы, 70-жылдар ішінің де өзіне тән тыныс-тіршілігі бар. Ол кездің де жігіттерінің гитарада ойналған сол уақыттан біздің бала көңілімізге ұялап қалған өздерінің көше әндері болды. Ал Энгельстің 80-жылдағы гитарашылары ол әндерді қайталап ойнаған жоқ. Өз уақытының көше әндерін айтты.
Осы 70-жылдар іші біздің де № 25 орта мектептің 1-класына оқуға алынып, 1976-1979 жылдар ішінде Қожабақыдағы № 25 орта мектептің бастауыш класында оқып жүрген кезіміз. Мектеп тарихында сол 1976-дан бастап мектеп директоры Амангелді Есетов ағай болса, ал совхоз тарихында біз бастауышта оқып жүрген кезде 1975-тен бастап совхозды совхоз директоры Жөкелов Бүркіт басқарып тұрды. Осы совхоз директорының ұлы Жөкелов Алматбек те бастауышта Нұғыман Әбдіразақов ағайдан сол уақытта бізбен бірге тәлім алған болатын.
2014 жылдың 26 сәуірінде «Сыр бойында» жарық көрген Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дің доценті Айман Айтбаеваның Сыр бойындағы тұңғыш тарих ғылымдарының докторы, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дің профессоры Өтеубай Қожақұлы жайлы жазылған «Тарихты тереңінен зерделеген» атты мақаласында 1954 жылы дүниеге келген, 1976-1980 жылдар ішінде Гурьев қаласындағы педагогикалық институттың тарих факультетінде оқыған болашақ ғалым, ұстаз туралы сол тұстағы замандастары сияқты моральдық байлықты мұрат тұтқан, тазалықты, адалдықты, темірдей тәртіпті, қоғамдық мүддені ту етіп ұстанған буынның өкілі дей келе: «Бұл буын санымен емес, сапасымен де, туған жылымен емес, қосқан үлесімен де көңіл марқайтатын көрікті, төл дамуымызға белес бола аларлық бедер қоса алған тарихи буын дегенге қосылар едім» деп баға береді.
Бір айта кетерлігі, бір кезде өзіміз 1988-1989 жылдары Қызылорда педагогикалық институтының жанындағы жеті айлық, ақылы кешкі дайындық курсында оқып жүрген кезімізде тарих пен қоғамтану пәндерінен осы пединституттың 1989 жылғы түсу емтиханына дайындап дәріс берген ұстаз, ал оқуға түскен соң, 1989-1994 жылдар арасында осы педагогикалық институттың «Қазақ филологиясы және тарих» факультетінде оқып жүрген кезімізде біз оқыған факультетте деканның орынбасары боп қызмет істеген ұстаз (1989-1994 жылдар арасында факультеттің деканы болған филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлы Кәрібозов) тарихшы ғалым Өтеубай Қожақұлының өзінің туған қаласы Қазалы қаласынан 1972 жылы Ғани Мұратбаев атындағы №17 орта мектебін бітіріп шыққан жылдары да және болашақ тарихшы ғалымның орта мектептен кейінгі жылдарда Қазалы ауданындағы XXII партсъезд атындағы совхозда еңбек еткен жылдары да және 1976-1980 жылдар арасында Гурьев қаласындағы пединститутта тарих және қоғамтану мамандығы бойынша жоғары білім алып жүрген жылдары да осы біз сөз етіп отырған Қожабақының мектебін толық орта біліммен бітіріп шыққан алғашқы түлектерінің бірі, тарихшы ұстаз Ақберген Шүленбаевтың ұлы Мархабат Шүленбаев арқылы қозғалып кетіп отырған 60-70-жылдардың уақыттарына сәйкес келеді және Қорқыт Ата университетінің доцент ғалымы Айман Айтбаева өзінің жоғарыдағы мақаласында сол кезгі буынға ерекше баға беріп отыр. Бұл бір ғана тарихшы ғалым ұстаз Өтеубай Қожақұлына берілген баға емес, оның сол 60-70-жылдардың ішінде есейіп өмірге азаматтық көзқарастары қалыптасып үлгерген барлық аға, іні, өзге де құрбы-құрдас замандастарына берілген жоғары дәрежедегі әділ баға деп түсінуге болады.
Ал осы әңгіме боп отырған 60-70-жылдардың уақыттарын еске түсіретін ең бір басты дүниенің бірі – ол сол 70-жылдардың ішінде біздің де бала санамызға сол кезеңдегі Қазақ радиосының эфирі арқылы мызғымастай болып сіңісіп орнығып қалған 60-70-жылдардың ішіндегі қазақ әндері еді. Оған қоса сол 70-жылдардың ішінде өзіміздің үйіміздегі тұрған, сатып алынған, ойналған музыкаға сай түрлі-түсті жарығы құбылып жанып тұратын музыкалық қондырғы орнатылған, радиоқабылдағышы және пластинка ойнатқышы бар II класты «Гамма-В» радиоласынан №25 орта мектебін 1973 жылы бітіріп шыққан үлкен ағам Ғабит және №25 мектепті 1978 жылы бітіріп шыққан одан кейінгі ағам Ғабдол, яғни сол 70-жылдардың ішінің жігіт болған жастары жиі қойып ойнатып жататын, сол 70-жылдардың ішіндегі тек қана қазақ ұлты тұратын колхоз-совхоздарда тұратын өзге де қазақ қыз-жігіттерінің сол кезеңдегі сүйікті музыкаларына, әндеріне айналған, әйгілі Совет эстрадасының әншісі, композитор, әзірбайжан халқынан шыққан атақты өнер адамы Полад Бюль-Бюль оглы орындаған «Долалай», «Шейк» сияқты әндер және советтік эстрадаға Батыстан келген ән, әннің түпнұсқасы ағылшын тілінде айтылатын, Ұлыбританияда регги стилі танымал болған кезде 1968 жылы аты аңызға айналған Ливерпульдық топ «Битлз» тобы жазып, орындаған (әні мен сөзі: Джон Леннон және Пол Маккартни), негізі осы топтың орындауындағы ән, әннің атауындағы сөз йоруба тілінен алынған фраза «Жизнь продолжается, Өмір жалғасады» деген мағына беретін «Облади-Облада» сияқты әндер де сол 70-жылдардың ішінен-ақ біздің бала санамызға осы үйіміздегі тұрған «Гамма-В» радиоласы арқылы сіңіп қап қойған. Тұрмыстық радиоэлектрондық құрылғы – радиоланың СССР-дегі дәуірі XX ғасырдың 40-70-жылдарына сәйкес келеді. 60-жылдарға дейін ол кең тарала қойған жоқ, ал 60-жылдардың аяғынан бастап Совет елінің әр семьясында болды.
Бұл әкем сатып алған, ойналған музыкаға сәйкес түрлі-түсті жарықтары құбылып жанып тұратын цветомузыкалық қондырғы орнатылған, радиоқабылдағышы және пластинка ойнатқышы бар екінші класты «Гамма-В» радиоласы Муром радио заводынан 1965 жылдан бастап 1969 жылға дейін шығарылған. Осы кезең арасында осы радиоланың заводтан 380944 экземпляры шықты.
Ал Энгельс совхозының өзінде де телевизия хабарлары көрсетіле бастаған тұста, 70-жылдардың басында тағы да үйге әкем сатып алған «Ладога-203» телевизоры сол 70-жылдардың басында Ленинград қаласынан шыққан. Телевизордың әкемнің документтері арасында сақталып қалған құжатында да телевизор Ленинградтан, Козицкий атындағы заводтан шықты деп көрсетіледі. Біз 90-жылдарға дейін концерт, кино, хабарларды осы үйіміздегі «Ладога-203» телевизоры арқылы тамашаладық. Қазақтың атақты балуаны Жақсылық Үшкемпіров классикалық күрестен Олимпиада чемпионы болған әйгілі 80-жылғы Москва-80 Олимпиадасының жарыстарын да бізге Энгельс совхозында осы үйдегі «Ладога-203» телевизоры көрсетіп тұрды.
Ал Тольятти қаласындағы Волга автомобиль заводынан (СССР-дегі сол кездегі ең заманауи және ең озық завод болған (АвтоВАЗ) Волга автомобиль заводының жастар жұмылдырылған Бүкілодақтық комсомолдық екпінді құрылысы 1967 жылдан басталып салынып, 1970 жылға дейін пайдалануға берілген) алғашқы алты көлігі 1970 жылғы 19 сәуірде жасалып шыққан, АвтоВАЗ-дан жаңа шыққан СССР-дегі «Жигули» автокөлігінің алғашқы моделі – ВАЗ-2101-ді әкем 1975 жылы 25 тамыз күні сатып алды.
АвтоВАЗ шығарған автокөліктерге кепілді жөндеу жұмыстарын жүргізетін Шымкент қаласындағы техникалық қызмет көрсету станциясының толтырған әкемнің автокөлігінің сервис кітапшасындағы автокөлікті сату алдындағы дайындау талонына 1975 жылдың 25 тамызы күні қосалқы бөлшектер нөмірі № 1541084, двигатель нөмірі № 1003015, моделі ВАЗ-2101 пайдалануға дайындалған деп жұмысты жүргізген ұйымның мөртаңбасы басылып, жауапты тұлғаның қолы қойылған. АвтоВАЗ-дан шыққан әкемнің автокөлігінің сервис кітапшасындағы жазылған ескертпеде «Торгующая организация обязана выдать Вам автомобиль после проведения предпродажной подготовки с соответствующей отметкой в талоне сервисной книжки. Без проведения этих работ эксплуатация автомобиля не допускается» деп көрсетілген.
Әкем автокөлігін ол кезде Шымкент облысының орталығы боп тұрған Шымкент қаласынан сатып әкелді. «Жигулидің» тарихында алғашқы алты көлігі 1970 жылдың 19 сәуірінен бастап жасап шығарылған «Жигули» автокөлігінің әуелде бағасы советтік ақшамен 5500 рубль тұрды, сонан соң ол баға көтерілді. Әкемнің 1975 жылғы тамызда алған түсі жасыл ВАЗ-2101 автокөлігінің мемлекеттік тіркеу нөмірі 95-18 КЗЖ болды. Тольяттидегі АвтоВАЗ-дан 1970 жылдан бастап жасап шығарыла бастаған «Жигули» автокөлігінің алғашқы моделі – ВАЗ-2101 итальяндық «Фиат» концернімен Кеңес жағының алдын ала арада жасалған келісіміне орай Европада соның алдыңғы жылдарында ғана «Жыл автомобилі» атағын жеңіп алған итальяндық Fiat 124 моделінің негізінде жасалынған автокөлік. Совет басшыларының арманы орындалды, шығарған жеңіл автокөліктері европалық деңгейге ие болды. Соның айғағындай болып, автокөлік тек социалистік елдерге ғана емес, Германия (ГФР, ГДР), Швейцария, Австрия, Ұлыбритания, Франция, Египет, Нигерия сияқты мемлекеттерге де экспортталды. «Жигулидің» шетелдерге шығарылған экспорттық нұсқасының аты – LADA. Батыс Европада әлі де ВАЗ-2101 әуесқойларының клубтары бар.
Әкем 1975 жылы тамызда өзінің «Жигули» ВАЗ-2101 автокөлігін сатып алған соң, 1975 жылы 10 қыркүйекте республикалық автоәуесқойлар ерікті қоғамының мүшесі боп тіркелген. Әкемнің фотосуреті жабыстырылып, фотосурет жиегіне автоәуесқойлар қоғамының дөңгелек мөрі басылып, әкеме берілген автоәуесқойлар қоғамының № 161178 нөмірлі мүшелік билетіне республикалық автоәуесқойлар ерікті қоғамының Қазалы аудандық Советінің төрағасы Тоқсанбаев қол қойған. Әкем сол кезде өзінің сатып алып мінген автокөлігін басқаруды үш адамға – шешемнің нағашы туысы автомеханик Бидағұл Берденовке және өзінің бөлесі кәсіби жүргізуші Қазыбек Нәшеновке және өз қарамағындағы жүргізуші куәлігі бар электр монтері Дайрабай Жұмабаевқа сеніп тапсырды.
Менің бала кезімде 70-жылдарда аудан орталығы Жаңақазалы мен Энгельс арасындағы 45 шақырымдық жол бойында болған өмірдегі нақты оқиғаға құрылған «Көкесінің көлігі» әңгімемде әжемнің ағасы Бердіштің баласы автомеханик Берденов Бидағұл басқарып келе жатқан әкемнің осы ВАЗ-2101-не қатысты мынадай жолдар бар:
« – Әй, Бидағұл! Осы «Жигули» жүйрік пе, әлде «Москвич» жүйрік пе?
Бидағұл өзінің дағдылы күлкісіне салып хы-хы-хы-лап күліп алды. Сонан соң:
– Жигулиге» не жетсін, Қолеке, «Жигули» жүйрік қой, – деді.
...Сол-ақ екен, «Жигулидің» бауыры жазылып сала берді. Көп ұзамай «Москвичтің» адымын аштырмаған күйі жанынан зу етіп өте шықты да, «Энгельс атындағы совхоз» деген жазуы бар тақтайшаға маңдай шамдарын жарқ еткізіп бір түсіргенде барып, жылдамдығын бір-ақ бәсеңдеткен еді. «Жигули» енді ауыл орталығына қарай бастай беретін ұзын көшеге түсіп алып, ақырын жүріп келе жатты». 2000 жылы XX ғасырды қорытындылаған кезде бұрынғы советтік, кейінгі ресейлік «За рулем» журналының жүргізген Бүкілресейлік сауалнаманың нәтижесіне орай сауалға жауап берген ресейліктердің көбісі XX ғасырдың ең жақсы отандық автокөлігі деп осы ВАЗ-2101-ді атаған. Ал 2004 жылдың 8 маусымы күні 1970 жылдан 1983 жылға дейін Тольяттидегі АвтоВАЗ-дан 2710930 данасы жасап шығарылған, сөйтіп тек автоөндірісі дамымаған елдерге ғана емес, Батыс нарығына да сәтті экспортталған, шетелдерге шығарылған экспорттық нұсқасының атауы – LADA 1200, кеңестік автоөндірісінің аңызына айналған көлік, кезінде басқа де Совет азаматтарымен бірге жоғарыда айтылғандай 1975 жылы Энгельс атындағы совхозда қарапайым Совет адамы әкемдер де жиған адал ақшасына сатып алып мінген СССР-дегі «Жигули» автокөлігінің алғашқы, тұңғыш моделі – ВАЗ-2101-ге Ресейдің астанасы Москва қаласында ескерткіш тұрғызылды. ВАЗ-2101-дің ескерткішінің Москва қаласында тұрған адресі: улица Привольная, 70
Енді 80-жылдарға келетін болсақ, 70-жылдардағы біздің бала күніміздегі сол кездегі радиодан беріліп жататын қазақ әндері мен біздің буынымыздың да есейіп армияда болған кездері болып саналатын 80-жылдар ішінде шыққан, сол кезгі радиодан беріліп жататын қазақ әндері арасында елеулі түрде айырмашылық болды. Бұл кездің жастарының киім сәні де 70-жылдармен салыстырғанда күрт өзгерді. Ал бір ғана Энгельсті мысалға алып сөйлесек, жоғарыдағы айтылған пластинка ойнатқыштарды бұл кезде енді кассеталық магнитофондар алмастырды.
Ол кезеңнің жастарының да сүйіп тыңдаған музыкалық топтары мен өз әндері болды. Өзгесін былай қойғанда, сол 80-жылдардың ішінде құрылған даңқты «Ласковый май» тобының солисі Юрий Шатуновтың айтқан «Белые розы» әнінің өзі де СССР-дің түкпір-түкпірінде тұратын әр түрлі ұлт замандастарымен бірге, тек қана қазақ ұлты тұратын колхоз-совхоздарда тұратын, соның ішінде біз сөз етіп отырған Энгельс атындағы совхоздың, Қожабақының жастары да бар, сол кезеңдегі талай жастың жүрегін жаулады.
80-жылдардың іші, яғни 1986 жыл, біздің де № 25 орта мектебін бітіріп шыққан уақытымыз. Қазақ тілінің мұғалімі Жанділда ағайдан кейінгі бітіруші 10-сыныптағы сынып жетекшіміз орыс тілінің мұғалімі Сахиев Қуантқан ағай болды. «Б» сыныбын бітірткен жетекші физрук Мұрат Қуатбаев ағай. Мектеп тарихында 1985 жылдан бастап мектеп директоры Алмас Темірбайұлы болса, ал совхоз тарихында біз мектеп бітірген жылы Энгельс атындағы совхозды совхоз директоры Ермағанбет Жұбатқанов басқарып тұрды. Ол қырманға да жиі кеп, көретін. Біз, сол жылы және оның алдында мектеп бітірген кей балалар, ол балалар ішінде бізбен бітірген Адай (Арыстан) Әбдіқадыров та бар, осы 1986 жылғы Энгельс совхозының күзгі жиын-терін маусымы кезіндегі қырманында жұмыс істедік. Совхоз тарихында 1986 жылғы күріш ору кезіндегі Энгельс совхозы қырманына меңгеруші боп маман кадрдың бірі Аманов Мырзағабыл басшылық жасады. Ол Энгельсте спортты серік еткен ер адамдардың бірі болды. Ол бұдан бұрын жарияланған «80-жылдардағы ұстаздар» шығармасында айтылған бізге мектепте тарихтан сабақ берген ұстазымыз Рахима Файзекеева апайдың жолдасы. Және совхоз тарихында 1986 жылы күріш жинау кезіндегі Энгельс совхозының қырманындағы жұмыстарға агроном Гауһар Әбдірова да басшылық жасады. Ол комсорг болды және жергілікті аудандық Советке сайланды. Ол оның алдында трактор тізгіндеген. Советтер дегеніміз – сайланбалы өкілді мемлекеттік биліктің органы. Соғыс уақытында Советтерге сайлау болған жоқ. Еңбекшілер депутаттарының жергілікті Советтерінің соғыстан кейінгі өткен алғашқы сайлауы 1947 жылы өтті. Еңбекшілер депутаттарының Советтері дегеніміз – бұл еңбекшіл халық деген сөз. Советтік демократия бойынша депутат билікті еңбекшіл халықтың атынан жүзеге асыратын өкілді тұлға. Себебі оны билікке халық сайлайды.
Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан Конституциясында да (3-бабы) «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп көрсетіледі. Осы 3-бап мазмұны бойынша халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді.
Кезінде әкемнің кітаптарының ішінде советтік заң жинақтары, кодекстер сақталған. Бұл жинақтар оған тек ауылдық жердегі байланыс бөлімшесінің басшысы ретінде ғана емес, сонымен бірге неше жыл қатар ауылдық жергілікті Советке сайланған (соғыстан кейінгі өткен алғашқы сайлауда 1947 жылдан бастап сайланған) депутат ретінде де қажет болғандығы белгілі. Себебі тиісті заңдармен берілген өкілеттіктері бойынша жергілікті Советке сол әкімшілік-аумақтық бірліктің территориясында шаруашылық және әлеуметтік-мәдени құрылысты басқару, сол аумақта қоғамдық тәртіптің қорғалуын қамтамасыз ету, сол аумақта заңдардың сақталуы мен азаматтардың құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету міндеттері тұрса, онда елдің сенімімен сол Советтің жұмысына сайланып отырған адам ретінде Аранды ауылдық Советінің әрбір депутатының да сол заңдылықтардан хабары бар адам болуы керек еді.
Біз Энгельс атындағы совхоз қырманында 1988 жылы да күріш егу, көктемгі егістің маусымы кезінде де жұмыс істедік. Бұл жолы Энгельс атындағы совхоздың құрылыс бөлімінде жұмыс істеп жүрген жерімізден құрылыс басшыларының бірі (Энгельс совхозының құрылыс бөлімінің бастығы Болат Асаубаев) – құрылыс мастері Жеткербай Ысқақовтың жұмсауымен жіберген Энгельс совхозының көктемдегі күріш тұқымын себу маусымы кезіндегі қырманының жұмысшысы болдық. Ал 80-жылдар аяғына қарай Энгельс совхозының тарихында Энгельс атындағы совхоздың совхоз директоры қызметіне Рахманберген Жұмағанбетов келді. Ол одан бұрын да ауданда жауапты қызметтерде болған кадр. Ол бұдан бұрын жарияланған «80-жылдардағы ұстаздар» шығармасындағы айтылған, 1996 жылы менің қаламымнан тұңғыш рет туған «Біз, қазақ, ежелден еркіндік аңсаған» атты тарихи тақырыпқа құрылған сахналық көріністер енгізілген алғашқы сценарийімнің Қожабақы ауылдық мәдениет Үйінің сахнасына Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 5 жылдығына арнап қойылуына тікелей өзі басшылық жасап жүрген сол кезгі Аранды ауылдық округінің әкімі және бұдан бұрын жарияланған «Ұстаз Ақанжан Келімбетов ағайдың өлеңдері» шығармасындағы айтылған, 1997-98 оқу жылынан бастап Қожабақы ауылдық мектебінде менің жетекшілігімде жұмыс істеген Барлыбек Сыртанов атындағы «Жас заңгер» құқық үйірмесі мүшелерімен 1999 жылы өткен кеште «Қазақстан Республикасындағы сайлау құқығы» тақырыбында әңгіме кездесу өткізіп отырған сол кезгі Аранды ауылдық округі әкімі аппаратының салық жөніндегі маманы, учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Рахманберген Жұмағанбет.
Ал 1988 жылғы көктемгі егіс егу маусымы кезіндегі Энгельс атындағы совхоздың қырманындағы біздің жұмыстарымызға басшылық жасаған маман кадр Энгельс атындағы совхоздың байырғы агрономы Ақылбай Жақсыбаев болды. Ол бұдан бұрын жарияланған «Мұғалімдер күні бүгін» шығармасында айтылған, бізге мектепте географиядан сабақ берген ұстазымыз Балжан Нұрпейісова апайдың жолдасы. Яғни қазақтың музыка өнеріндегі даңқты күйші Дина Нұрпейісованың туған немересі Нұрпейісова Балжан апай Сыр еліндегі Асандарға келін болған. Оның ішінде Асанның Қожабергендері.
Асанның Қожабергені ішінен ақын шығарған ру. Қазалылық белгілі ақын Жетіскен Мәкенәлиевті ел осы Асанның Қожабергенінің ішінен шыққан ақын деп айтады. Ал Сейіл ақынды қарапайым халық Асанның Дәулетиярларының ішінен шыққан ақын деп айтады. Жоғарыда аты аталған азамат Рахманберген Жұмағанбет те осы Асанның Қожабергендерінің ішінен шығып, Қазалы ауданында елге басшылық еткен елеулі азаматтардың бірі болды.
Ал 1988 жылғы көктемгі күріш егу маусымы кезіндегі совхоз қырманындағы тұқымды себер алдындағы улау жұмысында менің жанымда ол да құрылыстан мастер Ж. Ысқақовтың жұмсауымен жіберген Ақан Кәдірбаев істеді. Ақан Кәдірбаев соның алдында Германияда әскери міндетін өтеген, сосын Теміртауда жұмысшы болған 66-жылғы Энгельс совхозының жігіті. Ал Ақан оның алдында мектепте оқып жүргенінде аға пионер вожатый Роза Әбдірашева апай басқарған Гагарин атындағы дружина пионерлерінің барабаншы баласы болды. Пионерлердің кернейшісі оның сыныптасы, досы Нұртуған Домбаев болды. «Мұғалімдер күні бүгін» шығармасындағы «Үзілмесін ешқашан достар әні» атты менің өлең шумақтарым 1983 жылы мектеп бітірген осы жігіттердің 2013 жылғы өткен 30 жылдығына арналған. Бұл дружина советінің председателі Жеңіс Өтепбергенова болды. Ол сол кезде пионер жиыны үстінде бізден, отряд советі председательдерінен, рапорт қабылдайтын. Сосын өзі рапортты аға пионер вожатыйға тапсырады. Ол 1965 жылғы, 82-жылы бітірген. Оның әкесі Қуандық Өтепбергенов мен әкемнің жанына еріп жүрген кішкентай бала кезімде, 70-жылдар ішінде, Энгельсте халыққа мәдени қызмет көрсету саласында істеді. Киномеханик болды. Ол сол 70-жылдары әкемнің жанында жүретін жақын інілерінің бірі болды. Әкем кейде мені қасына ертіп киномеханиктің жұмыс орны будкасына да бас сұғатын. Сонда оны будкада қашан көрсең де Энгельс совхозының клубына кешке қойылатын киноны күндіз қоюға дайындап жатады. 70-жылдардың аяғы, 80-жылдардың бас кездерінде Энгельстің жазғы клубына қойылған «Иван и Коломбина» және «Кадкина всякий знает» сияқты фильмдерді көрерменге әкеліп қойған киномеханик осы Қуандық Өтепбергенов ағамыз болатын. Ондай кезде жоғарыда айтылған оқушы Жеңіс апамыз кейде есік алдында көпшілікке билет сатып тұрады. Қуандық ағамыз 80-жылдары жұмысы совхозға ауысып кетті. Оның орнына киномеханик боп Жасталап Оңдабаев ағамыз келді. Ол Асанның Мәметегінен шыққан айтулы термеші. Бұл кезде билет сатып осы кісінің үйіндегі Құрманкүл апамыз тұратын. Біздің оқушы бала күндерімізде Энгельстің мәдениет Үйінің директоры спортшы балуан Ерлан Қарабалаев ағамыз болды. Көпшілікке мәдени қызмет көрсетудің бірі – кино. Осымен бірге оқушы балалар санасына қатты әсер етер дүниенің де бірі – кино. Мысалы, сол 80-жылдар ішінде біздің мектеп оқушысы бала күнімізде Энгельс атындағы совхоздың жазғы және қысқы клубтарына қойылған «Поговорим, брат...», «Грачи», «Сыщик», «Пираты XX века», «Непобедимый» сияқты т.б. да фильмдер Энгельс совхозының 80-жылдардағы оқушы балаларының сүйікті фильмдеріне айналған кинолар болатын.
Ауыл тарихында ең бір тұрақты кино көрермен болған жан – ол Егізбай Исапов ағамыз болды. Жұрт оны киноға ақшаны бір айға алдын ала бір-ақ төлеп қояды дейтін. Оның мамандығы – тракторшы. Совхоз берген тракторын жұмыстан соң мұнтаздай сыпырылған есік алдына доғарып, кешкі асын ішіп, шолақ жең ақ көйлегін киіп, мәдениетті түрде клубқа кино көруге кетіп бара жататын сол кезгі еңбекшіл Совет адамы деп жүрген жандардың бірі – осы тракторшы Егізбай Исапов ағаларымыз. Біздің төменгі кластағы бала күнде олар бұрынғы үйлерінде тұрды. Сосын кеңшардағы еңбек адамы ретінде совхоз салған үлкен үйге көшті. Оның Жаңылған атты ақ шашты анасы болды. Оны балалар ақ әже дейтін.
Тарихта мектеп жасынан асып кеткен ересектердің өзін сауаттандыру ісі соғысқа дейін-ақ ауыл әйелдері үшін қызыл отау, мәдени жорықтар ұйымдастыру арқылы жүзеге асқанымен, 1917 жылғы революцияға дейін-ақ өмірге келген, Кеңес үкіметі орнаған шақта мектеп жасынан асып кеткен ересек адам әжем Жәніке үлкен кісілерге тән әдетпен ғибратты ескі, есті әңгімелерді айтып отыра алған адам болғанымен, сауаты болмады, хат танымады. Ал Совет заманының орнаған шағы 1928 жылы өмірге келіп, үкіметтің 1930 жылы 14 августе қабылдаған қаулысы бойынша жасы 8-ге келген (ал 1944-45 оқу жылынан бастап сол кезгі қаулы бойынша жасы 7-ге келген) ұл да, қыз да міндетті түрде мектепке барып, оқуға тиісті болған кезеңге балалық шағы сәйкес келген шешем болса өз өмірінде ауылдан сыртқа шыққан балаларына хатты әр уақытта өзі жазып отырған шеше.
Біз осы салыстыруға қарап отырып-ақ, адам үшін бала күнде мектепке барудың өмірде қандай маңыз, рөлі болатынына тағы да анық көз жеткіземіз. Сондықтан да, айта кетсек, балалық шағы 30-жылдардың іші мен 40-жылдардың басына, яғни балаларды сол кезгі шыққан заңмен жаппай міндетті түрде мектепте оқытудың уақытына сәйкес келген шешем болса сол өзін сауаттандырып, әріп танытқан мұғалім деген халықтың арқасында өмірде қаншама қазақ жазушысы шығармаларымен және қазақ баспасөзімен сусындаған адам. Жоғарыда аталып кеткен басылымдар «Жұлдыз» әдеби журналы, «Жалын» альманахы (журнал), «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері» журналдарының шешем өмірде тұрақты оқырманы болған жан. Қазақ қаламгері шығармаларының ішіндегі шешемнің өзі бір ең ұнатып оқыған шығармаларының бірі – ол қазақтың қаламгері Тынымбай Нұрмағамбетовтің әңгімелері еді. Жалпы, Тынымбай Нұрмағамбетовтің қандай шығармасы болмасын біздің үйде көп айтылатын. Бұл қазақ қаламгерінің шығармаларын бәрі де ұнатып оқыды, бәрі де жақсы көріп оқыды.
Ал сол кезден көз алдымда бір көрініс боп қалған шешемнің үлкен әсермен оқыған туындысының бірі – ол Ә.Тәжібаевтың «Жаданов әңгімелері» еді. Шешем балалары Ғабит пен Гүлзадаға бұл туындыдан алған әсерін сол кезде көпке дейін әңгімеледі. Кітап – қазақ ақыны Әбділда Тәжібаевтың прозасы. 1982 жылы «Жалын» баспасынан шықты.
«Жаданов әңгімелері» шығармасының бас кейіпкері Ленинград консерваториясының студенті, жас композитор, рояль, гитара, домбыра сияқты музыка аспаптарында ойнайтын, онымен қоса спортпен, бокспен де, еркін күреспен де айналысқан қазақтың жас жігіті Әскербек Жадановтың өмірдегі қилы тағдыры, оның Ленинград консерваториясының студенті, болашақ дирижер қазақ қызы Гауһармен арадағы таныстықтан кейінгі кіршіксіз адал махаббаты және жас жігіттің осы кезде өз айналасынан табыла кеткен жамандық ниетте ойлайтын жандардың бірін-бірі сүйген ғашықтарды бірінен-бірін айырып жіберу мақсатымен жасалған қастандық жаласымен айыпталып, таудағы ресторандағы төбелес кезінде милиция сержантына пышақ ұрған осы деген айыппен жазықсыз істі болып, қатал режимдегі колонияға түскен кезі және одан әрі жас жігіттің колониядағы өмірі және бұл күрес жолындағы жас тағдырына өзінің өмір жолында кездескен айналадағы жақсы ниетте ойлайтын адамдардың араласуы арқылы жеңе отырып (мысалы, ішкі істер қызметкері, тергеуші майор Козлов т.б.), заңмен кінәсіздігі дәлелденіп, колониядан ақталып босап шығып, ақыры шығарма соңында сүйген қызы Гауһарға қосылып бақытты боп, тағы бір Жаданның өмірге келгені баяндалады. Жадан – оның өзін кішкентай кезінен ұлттық танымда тәрбиелеген атасының аты. Ол ұлына өз атасының атын қойды.
Жалпы, ақын Ә.Тәжібаевтың поэзиясымен бірге, қара сөздері өте әсерлі оқылады. Ақынның бес томдық шығармалар жинағының прозалық туындылары енгізілген 5-томы 1981 жылы «Жазушы» баспасынан басылып шықты. Бұл кітап та сол 80-жылдардың ішінде біздің үйдің кітап сөресінен орын тепкен кітаптардың бірі. Ақынның бес томдық шығармалар жинағының прозалық шығармалары енгізілген бұл 5-томын да кезінде шешем ерекше зейін қойып оқып шықты.
Ә.Тәжібаевтың поэзия жолдары «Сыр жырларын» 80-жылдарда қазақтың дәстүрлі ән өнеріндегі әйгілі әнші, ұстаз Ғарифолла Құрманғалиевтің төл шәкірті, дәстүрлі ән мектебіндегі Қызылорданың топырағында туған Батыс Қазақстан ән мектебінің өкілі және сонымен бірге қазақтың кәсіби деңгейде домбырамен ән салу өнерінде оның әнін сүйіп тыңдаған тыңдармандары үшін бейне бір Әскербекке ғана тән өз үнін, өз жолын да қалыптастыра алған әнші Әскербек Еңкебаев радиодан орындады. Шешем бұл әнді де сүйіп тыңдады. Жалпы, Ә.Тәжібаевтың «Сыр жырлары» жас ұрпақтың өзінің туған жеріне деген патриоттық сезімін оятуда, баланы табиғатты бүлдірмеуге, оны аялауға үйретуде, оған экологиялық тәрбие беруде әр мектеп ұстазы үшін таптырмас құрал. Өлеңде туған жер перзенті өзінің туған жерінің табиғатына нұқсан келтіргісі келмейді. Тіпті сол табиғаттың ажырамас бір бөлшегі болып табылатын өзінің туған жерінің құстарына да мылтық кезенгісі жоқ.
– Құс аулауға шығамысың?
– Шығамын.
– Атқаныңды жығамысың?
– Жығамын.
– Мә, мылтығым, атамысың?
– Атамын.
– Сен атып қайт,
– Мен дем алып жатамын.
– Құсың қайда, қарағым-ау?
– Атпадым.
– Таппадың ба тоғайдан құс?
– Таппадым.
− Көп еді ғой көлде де құс...
– Көп екен.
– Неге атпадың?
– Түк дәлелім жоқ екен.
– Атуға сен қимадың ба?
– Қимадым.
Туған жердің құстарын да сыйладым, –
дейді туған жер перзенті.
Әбділда Тәжібаев ақын бұл күнде дүниеден өтті. Абыз ақын өмірден өткен 1998 жыл шешемнің де өмірден өткен жылы. Одан беріде Әбділда Тәжібаевтың өлеңдерін бір кезде радиодан ән қып орындаған Әскербек Еңкебаев та дүниеден өтті. Бірақ бүтін бір Қызылорда облысының халқын қаншама заманнан бері омырауынан нәр беріп асырап келе жатқан туған жердің ұлы өзені Сыр-Ана бар. Бұрынғыша ағып жатыр. Онда Сырдың тентек, ойынпаз, ерке ағысы алып қашқан қазақтың бойжеткен қызының сырғасы әлі күнгі ағып бара жатқан секілді. Ол өлеңінде жырланғандай, Сыр ағысы ала қашқан ақын Әбділда Тәжібаевтың әпкешінің сырғасы:
Сырым менің, Сырым менің сырласым,
Секілді едің бала күнгі құрдасым.
Ойнаушы едім ағысыңмен алысып,
Алып қашқан әпкешімнің сырғасын.
Ақын Ә.Тәжібаев әдебиетке алғаш келгенде, С.Мұқанов Әбділдалардан қазақтың Горькийлері шығады деген еді. Расында да, Қазақстан Тәуелсіздігі тұсындағы тарихта Горький оған орын берді. Әу бастағы іргетасы 1867 жылдан, яғни бүгінгі Қызылорда облысының орталығы Қызылорда қаласы өзінің өткен тарихында Ресей империясының Түркістан генерал-губернаторлығына қарасты Сырдария облысының (әкімшілік орталығы – Ташкент қаласы) құрамындағы Перовск уезінің орталығы болып тұрған кезінен бастау алатын Сыр бойындағы іргелі тарихы бар кітапхана – М.Горький атындағы облыстық кітапхана Қазақ елінің Тәуелсіздігі тұсында 1999 жылдан бастап қазақ ақыны Әбділда Тәжібаевтың есімімен аталады.
***
«Өзіміздің үй жақ жайлы да жазсайшы. «Қайрат» жайында да жазсайшы». Әңгіменің әлқиссасы Сақанмен басталған еді. Сол Сақанның дүниеге келіп жатқан күні туралы үлкен ағам Ғабит талай рет айтқан мына бір әңгіме бар еді. Онда мен дүниеге келгеніме 2,5 ай болған. «Сенің бесігің аулада тұрған еді, – дейтін ағам дәл сол күнді есіне ала отырып. – Апамның үй шаруасынан қолы босамай жатыр еді, бесікті мен тербетіп отырғанмын». Біз дүниеге келгенде, 1956 жылғы ағам Ғабит 13 жасар өзі әлі ойын баласы болған. Айта кетсек, Ғабиттың өзінің ауылда бала болып көбірек ойнаған жерлері – руы қожа, Ұлы Отан соғысы ардагері Әли Серікбаевтың үй жағы болған. Өйткені ол үйде Ғабиттың Жеңісбай атты құрдасы болған. Ғабит мектептегі оқушы күнінде көбіне сол Жеңісбайға баратын болған. Одан кейінгі 1961 жылы туған кіші ағам Ғабдолдың ауылда бала боп көбірек ойнаған жерлері – руы қожа, Ұлы Отан соғысы ардагері Шәки Кәрібаевтың үй жағы болған. Өйткені ол үйде Ғабдолмен жастары қарайлас келген Темірбек, Өмірбек атты ұлдар болған. Ғабдол сол ұлдармен көп ойнаған.
Енді жоғарыдағы әңгімені әрі қарай жалғастырсақ, осы кезде біздің аулаға бір кезде Қожабақыда Фердоуси Әбілқасымұлы Қожабергеновтің үйінен кейін тұрған көрші, Қожабақыдағы №25 орта мектептің орыс тілінің маманы Тәжімбет Есназаров ағай кіріп келіпті. Ағам өзі табиғатынан ақкөңіл кісінің дәл сол сәттегі қуаныштан есі шығып кеткен кейпін тағы бір көз алдына елестетіп, күліп алатын. Әкем жұмысында болса керек. Ол кісі кіре салып: «Жақсыгүл босанды ғой!.. Күлжәмила қайда?! Күлжәмила қайда?!» деген екен аулада алдымен көзге түскен ағам Ғабитқа. Балалы болғанға қатты қуанған сәтте көршілерінен сүйінші сұрағалы кірген ғой. Айта кетсек, Энгельс совхозында селолық аурухана болды. «Апыл-ғұпыл ішкен ас, асқазанға түскен тас», «Арақпен достасқаның, денсаулықпен қоштасқаның», «Арақ ішіп, темекі шеккен, денсаулықтың түбіне жеткен» – бұл бір уақытта, 80-жылдарда осы совхоздағы ауылдық ауруханада адамдар үшін жазулы тұрған жазулар болатын. Сол аурухана жанында әйелдер босанатын перзентхана болды. Сол Энгельстегі перзентханада Мейрімхан Құрманәлиева есімді сауатты, білімді акушер маман істеді. Ол талай сәбиге кіндік шеше болған. Шешемнің айтуында, 1969 жылғы Энгельс тарихында да акушер маман осы Мейрімхан Құрманәлиева болған. «Қолғанат кіндігіңді кескеннен кейін, Мейрімханның өзі келіп көріп тексеріп кетті ғой, бәрі де дұрыс деді» дейтін шешем. Дәрігер вызовқа шақырылған, ол кешігіп жеткен. Осыған байланысты кіндігімді әкем кескен. «Апам үйде» дедім» дейді ағам. Үйге кіріп кеткен екен, апам қуанышты хабарды естіп, сүйіншісін береді. «Сонда балалы болғанына қатты қуанып кетіп бара жатты, – дейтін Ғабит. – Сен осы күні бірге ойнап жүрген көршің өмірге осылай келіп жатқан еді», – дейді тағы. Сол дүниеге кеп жатқан бала бір күні 2006 жылы шілдеде 37 мүшелге де толды. Сонда баяғы бесіктегі бала оған сол 2006 жылы шілдеде былай деп өлең арнаған-ды:
Өлшегендей уақыттың бақ-таланын,
Ұқтырғандай бір соның топқа мәнін.
Мүшелге толып жатыр осы бүгін
Баласы Әлімұлы Төртқараның.
Онымен көреді енді әзілдеп кім,
Алдыдан жақсылық боп сезілмек күн.
Мүшелге толып жатыр осы бүгін
Ұрпағы ұстаз болған Тәжімбеттің.
Анадан Жақсыгүлдей тараған-ды,
Ата-ана елден жақсы баға алды.
Өзі де қатарынан оза шауып,
Жасынан көзге түсіп дараланды.
Өмірдің ілескендей бағамына,
Үлгерді ойынға да, сабағына.
Сыйласып Жұлдыздайын әпкесімен,
Үлгі етті Жиеней сынды ағаны да.
Осындай мол қабілет еншілер кім,
Ортадан өз орныңды еншіленгін.
Волейбол, «айкол-сайкол», «орта мәшік»,
Ойыны онсыз өтпеді көршілердің.
Біреулер өмір сүрсе сенгенімен,
Жәкеңнің өмір жолын мен де білем,
Өмірден тауып енді өз орынын,
Жоғары білім алды еңбегімен.
Айтайық жалғастырып тағы да ойды,
Көркемдеп көрейікші ағын ойды.
Кете аруы Фариданы жар еткен ұл
Бұл күнде қызметте абыройлы.
Басында баспанасын бүтіндеген,
Жігіт пе дәл осылай күтінбеген,
Зәулім үй хан сарайдың ортасында,
Ұрпағы өсіп жатыр шүпірлеген.
Жалғасты әке-шаңырақ оты мұнда,
Сыйлады жатын дағы, жақынын да.
Кешегі «Восход» мінген кенже ұлдың
Бұл күнде иномарка тақымында.
2016 жылы жарияланған «Ананың көңілі» әңгімесіндегі есімі Сақан деп алынған кейіпкердің аты – Тәппетов Жарас Тәжімбетұлы.
***
Қожабақыдағы №25 мектепті 1986 жылы бітіріп шыққан ұл-қыздарының 2016 жылдың 24-26 маусымы арасында 30 жылдық тойлары өткен болатын. Осы мерейтой себепші болып сол 2016 жылдың 27 маусым және 7 желтоқсанында 1998 жылы қыркүйекте және 1999 жылы сәуірде шыққан «Қожабақы мектебінің вальсі» (вальстің алғаш орындалған күні 1999 жылдың Жеңіс күні мейрамы, Қожабақы ауылы сахнасында алғаш орындаған Айзат Досболқызы Байназарова, № 25 мектептің 1999 жылғы түлегі) және де «Қожабақы мектебінің термесі» (терменің алғаш орындалған күні 1998, Мұғалімдер күні, Қожабақының сахнасында алғашқы орындаған Серік Қуандықұлы Өтепбергенов, № 25 мектептің 2000 жылғы түлегі) жазылды.
Осы арада атай өтсек, вальсті жазғызған филармония маманы Таңшолпанның мамасы мектептен кейін Қызылордаға тұрмысқа шыққан, мектептің осы 1986 жылғы түлектері қатарындағы бірге оқыған сыныптасымыз Күмісай Құлманова болатын («А» класы, алғашқы ұстазы Нұғыман Әбдіразақов ағай). Яғни, атай кету керек, 1993 жылы туған тумысынан қызылордалық филармония маманы Таңшолпан Қазиева 2016 жылы өзі ол мектепте оқушылық күндерін өткізбесе де, өз анасының шәкірттік шақтарын өткізген мектебінің вальсін жазғызған болатын. Таңшолпанның ұсынысымен Қожабақы мектебінің вальсін орындаған: Қызылорда облыстық филармониясының жас әншісі Ринат Үсенов.
Төменде сол 1999 жылы өмірге келген «Қожабақы мектебінің вальсінің» сөзі мен Жеңіске арналған «Соғысты көрген тағдырлар» және де 2016 жылы жазылған «Отыз жыл болды ұядан ұшқан күнге» өлеңдері беріліп отыр.
Қожабақы мектебінің вальсі
Бойында ұлылықтың жатқан ізі,
Келешек ғасырға да мақтан – ісі.
Шуақты, шежірелі тарихы бар
Мектебім – ауылымның мақтанышы.
Қайырмасы:
Сырға толы өткені,
Ізгіліктің көктемі.
Білімге кең жол ашқан –
Қожабақы мектебі.
Шашқызып шәкіртіне жүрек кенін,
Оятқан ізгілікке жүректерін.
Бұл күнде ел біледі, құрметтейді
Мектептің мақтанышы – Түлектерін.
Білімнің бағалаған нарқын ұям,
Сақтаған дәстүрлерін, салтын ұям.
Болашақ ғасырларға шуақ шашып
Жайнай бер мәңгілікке, алтын ұям!
Соғысты көрген тағдырлар
Қиындық кезең сындары
Ерліктің отын маздаттың.
Соғыстың сұрапыл жылдары –
Тағдыры талай боздақтың.
Аттанып ердің дүрмегі,
Отан деп келді сөз басы.
Соғыстың күңгірт күндері –
Жесірдің ащы көз жасы.
Алыстап жылдар барады,
Білініп уақыт бағасы.
Соғыстың зарлы заманы –
Жетімнің қайғы-наласы.
Ерлікке толып өткені,
Ұмытылмай тұрды ер ісі.
Соғыстың соңғы көктемі –
Солдаттың асқақ Жеңісі.
Жақыны қамығып ойланған,
Тағдыры солай болса бір.
Оралмай қалып майданнан
Хабарсыз кетті қаншама ұл.
Тап келіп қиын кезеңге,
Үміттің жібін жалғаттың.
Жесірі еді әжем де
Хабарсыз кеткен солдаттың.
Жалғанбас үміт бекерге,
Елдегі көңіл – толы арман.
Майдангер еді әкем де
Соғыстан аман оралған.
Десек те жылдар өтесің,
Көңілде үміт алаң ба.
Хабарсыз кеткен әкесін
Жол қарап тосқан анам да.
Өтсе де жылдар көшкіндей,
Білінер жоқтың бағасы.
Әкемнің сонда қос бірдей
Хабарсыз кеткен ағасы.
Тарихты білер Далам бар,
Кетсе де ұрпақ алға тым.
Сондықтан әр кез адамдар
Еске алар соғыс солдатын.
Өссе де ұрпақ тербеле,
Демейік өткен солғындар.
Ұмытылмай жатсын кеудеде
Соғысты көрген тағдырлар.
Жеңістің мәнін ұғасың,
Бағасын білсең бұл күннін.
Сұрапыл жылдар куәсін
Құрметтей, ұрпақ, жүр бүгін!
Отыз жыл болды ұядан ұшқан күнге
Отыз дейтін шамшырағы тұр өрде,
Дегендей-ақ өткен жолды түгенде.
Кеше олар іні болып еді баршаға,
Өздері енді аға боп жүр біреуге.
Аға боп жүр кешегі ерке ұл бүгін,
Жары ашып ақ боз үйдің түндігін.
Арман қуып ұшқан қызы кешегі,
Кішілерге жеңге болып жүр бүгін.
Өзі бата алған кеше үлкеннен
Аға болып орын апты ұл төрден.
Кеше олар туған жердің төсінде
Нұра жақтан балалықпен гүл терген.
Армандары шақырғандай жырақтан,
Жандарында сосын жастық гүлі атқан.
Кеше олардың сезімдерін сыр етіп
Көше әндері албырт жанын жұбатқан.
Сол әнменен талай кешін өткерген,
Әнге ұйыған қара көзден от көрген.
Әндер еді әуендері әдемі,
Ал сөздері қарапайым боп келген.
Оның сөзін әлі жұрттар біледі,
Гитарада айтылатын үнемі.
Сол әнменен шаттанатын ару жүз,
Жастықпенен албырайтын ұл өңі.
Бет желпіген кешкі самал ескенде,
Айтылатын талай-талай кештерде.
Сол гитара ару қыздың жігітін
Шығарып сап тұрды сосын әскерге.
Мақсаттары қолын бұлғап көш белден,
Әуенменен жастық арман көшке ерген.
Сол гитара сол арудың жігітін
Күтіп алып тұрды сосын әскерден.
Есейді сосын, жылдар жылжып өтпек-ті,
Артқа тастады балалықты, мектепті.
Ал сонан соң бір кездегі балаң ұл,
Ұл мен қызға өздері әке боп кетті.
Ергенменен жылдар дейтін ағынға,
Балалығы жүрді ұя сап жанында.
Сосын келіп бір-біріне хат жазды:
«Жиналыңдаршы тағы да бір ауылға!»
Тағы да бір ашылсын сыр сандығы,
Мектеп жақта балалықтың қалды үні.
Сабақ берген ұстаздардың кешегі,
Бірі ортада, өмірде жоқ ал бірі.
Құрдас, дейді, деме уақыт тапшы ғой,
Жиналып алып, айтайықшы жақсы ой.
Жасайық, дейді, қарт ұстазға құрмет,
Той болғаны, ой болғаны жақсы ғой!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі