(новелла)
I
Чарлз Грентердің сенімді де адал достарының бірі ол туралы кезінде: "Се n'est pas un homme, c'est un batient"1 деген еді, — міне, енді қазан айының қара суық таңында, Челсидегі Оклистрит көшесінің бойында, оның соңынан ұрлана басып келе жатқан қатпа қара арық адам осы сөздің растығына анық көзі жеткендей. Аяғындағы зілдей бәтеңкесінен бастап басындағы қазандай қалпағының астындағы кірпіш беті мен төртбұрышты жирен сақалына дейін мұздай сірескен Грентер — шындығында қылыш кеспес, оқ өтпес қара тастай қатты, Таусоғардай алып көрінеді екен — үстіндегі сұрғылт костюмі күннің ашық сәулесінде жалт-жұлт етіп, оның жүзін тіптен сұсты көрсетеді; мұндай мол пішінді, кесек бітімді жанды дауыл болмаса жел шайқауы қиын шығар — нағыз су астында жүзетін кеменің капитаны болатын-ақ адам! Оның соңынан мысықша басып келе жатқан қатпа қара кісі оған бір-екі рет тақап келіп, сосын тағы да артта қалып қойған — тегі, алдында таудай қопарылып бара жатқан "дәудің" мысы баса берсе керек.
Биылғы жаздың аса ыстық болғанына қарамастан төңірек әлі жап-жасыл еді, тек ағаштар ғана аздап сарғайып, кейбір жапырақтары жалп-жалп етіп жерге құлап жатыр — бұл қоңыр күз дейтін қоңыржай күндердің келгені ғой. Грентер үйіне жақындап қалған кезде, өзен бойында шамалы жүріп қайтуды ойлады ма, ол жолдан шығып, қалың ағаштардың ішіне қарай бұрылған. Бұның өзі соңынан еріп келе жатқан қатпа қараны батылдандырып жіберді де, енді одан бір адым да қалмауға тырысып еді. Үсті басы кір-кір, киімдері алба-жұлба, ғұмыр бойы тек кезбелікпен күн кешкен сияқты осы адам бір сәт тоқтай қалып маңайына анықтап қарап алды да, жақын маңда ешкім жоқ екеніне көзі жеткен соң, Грентермен жылдам қатарласа беріп:
Кешіріңіз, сэр он фунт!.. Ауызбастырыққа... Сонда мен тісімнен шығармайтын боламын.
Мұндай тосын талаптан жалт құрылған кездегі Гретердің бірден өзгере қалған бет құбылысынан "сыртқы түр қашан да алдамшы" дегенді аңғаруға болатын еді. Қатпа қараға алғашында үдірейе, үрке қараған ол біртүрлі сескеніп қалғандай болды да, артынша оған жиіркене, мысқылмен көз салып тұрып, кең шалбарының қалтасын сылдырлата, ашу-ызадан ба, әлде түкке түсінбеген таң қалыстан ба, кесек бетіндегі ұсақ әжімдеріне дейін жыбырлап, дірілдеп кеткен. Бірақ ұстамды түрде, мысқылмен жымия тұрып:
— Сізді түсінбей тұрмын? — деді күтпеген жерде биязы үнмен.
— Өмірде не болмайды, сэр. Міне, ақыры қақпанға түстіңіз. Мен сіздің қай жерде тұратыныңызды, кіммен тұратыныңызды, әйеліңізді... бәрін де білемін, он фунт бере салыңыз да жүре беріңіз — ал мен тісімнен шығармаймын.
— Не жөнінде?
— Ана бір қызға барып жүргеніңіз жөнінде. Міне, қазір де сол қыздың үйінен шығып келе жатырсыз. Он фунт. Бұл көп ақша емес қой. Ал мен сөзімде тұратын адаммын.
Бетінде әлі де күлкі үйіріліп тұрған Грентер кекесінмен мырс ете қалды.
— О, Құдай! Мынау нағыз бопса ғой!
— Мені тыңдап алыңыз, мәртебелі мырзам, "шешінген судан тайынбас", мен енді бұл он фунтты не істесем де алмай қоймаймын. Қазір қалтаңызда жоқ болса, кешкі сағат алтыда тура осы жерге әкеліп беріңіз. — Кенет оның көзі аш қасқырдың көзіндей қызарып шыға келген. — Тек ешқандай қитұрқысыз! Сіз енді бәрібір құтыла алмайсыз!
Грентер оны бас-аяғына дейін бір шолып өтті де, сосын оған ту сыртын беріп, су жаққа ойлана қарап тұрып қалған.
— Сонымен, сэр, сіздің екі сағат уақытыңыз бар: алтыға дейін. Байқаңыз, мен қитұрқы дегенді ұнатпайтын адаммын.
Қырылдаған дауыс құмыға өшіп, аяқ тықыры біртіндеп алыстай берді. Грентер жалғыз қалған. Мысқылды күлкі еріндерінде әлі де жыбырлап тұр еді, бірақ енді ол күлкіден гөрі түрпіге айнала бастаған; ыза мен өкініштен өзегі өртеніп барады — сыпайы-сырбаз жазықсыз жапа шеккен, парасатты адамның өкініші! Бұл алаяқ қайдан тап бола қалды? Тегі, басқан ізін ылғи да аңдып жүрген ғой, бұл оны байқамаған ғой... Грентердің құлақ-шекесіне дейін қызарып кетті. Оһ, жексұрын!
Осының бәрі оған түкке тұрғысыз, тіпті көңіл аударуға да тұрмайтын дүние сияқты көрінген. Сөйтсе де тұрмыс-тіршіліктің талай сынынан өткен сірі жанға, неге екені белгісіз, бұл қатты әсер еткен. Құдай-ау, гүл сатушы сол әйелге бұл неше рет барып еді? Үш-ақ рет. Соның бәрінде де оның ауыр жағдайын Қайырымдылық қоғамына жеткізу үшін барған. Иә, ол әйелдің жағдайы қиын еді, бейшара еді. Оған жақсылық жасаймын деп енді өзінің тұтылып отырғаны мынау. Рас, тұтылды! Бопсаға ұрынды! Бәрінен бұрын басына қонған мына бір ойдан арыла алмай қиналады: сол гүл сатушы әйелге барғанын өз әйеліне айтып, оның да кіріп шығуына неге мүмкіндік жасамады екен? Жоқ, өйте алмады. Себебі, Ольга оны монтаны, өтірік бейшара боп көрінеді деп ойлар еді. Міне, енді, шындығында, солай болып шыққан сияқты. Қалай десең де, бір шикілік бар мұнда! Әйтпесе... ол әйелдің бұл іске қатысы болмаса, жаңағы жексұрынның әй-шәй жоқ, бұған жетіп келіп, ақша талап ететіндей не жөні бар? Өз сыбайласын қорғап қалу үшін ол енді өтірік куәлік етуі де әбден мүмкін. Оған, әрине, әйелі сенетін болады. Айқай-шудың көкесін сонда көресің! Осының бәрі отбасының берекесі үшін қандай лас, нас дүние десеңші!
Грентер өзін соншама көңілсіз сезінді. Ол бір сәт бүкіл адам баласына деген сенімін жоғалтқандай болды. Бұны да қойшы, ал мына қорлықты қайтесің, қайдағы бір жексұрын ұялмай-қызармай бұдан ақша талап етеді. Бұл не сұмдық! Қорлағаны ма, басынғаны ма? Дереу полицияға хабарласа қайтеді! Грентер қаққан қазықтай тұрған жерінде қатып қалған: ағаш басынан үзіліп түскен бір сары жапырақ қазандай қалпағына кеп қонақтады, ал кішкентай бір күшік бұны шам діңгегі деп ойласа керек, аяғына жанаса қалып... бұтын көтере берді... Жоқ, бұл жағдай түкке тұрғысыз дүние емес! Абыройлы-беделді адамгершілігі мол, таза жүректі адамға бұны жай ғана нәрсе деп есептеуге болмайды. Егер полицияға хабарласа, сөз жоқ, оны ұстайды, қамайды, кем дегенде бір жылға түрмеге отырғызады, ал кез келген жаза істелген қылмыспен ешқашан сәйкес келе бермейтінін Грентер жақсы біледі. Суға қарап тұрған ол ертеңгі күні өз басына, әйеліне, анау әлгі Қайырымдылық қоғамына, гүл сатушы әйелге, тіпті, жаңағы жексұрынның өзіне бір қара бұлттың төніп келе жатқанын, ол бұлт бұлардың әйтеуір біреуіне немесе бәріне бір-ақ қара нөсерін аямай төгіп өтетінін сезгендей болды. Қалай ойласаң да, бұның ешкімге жақсылық әкелмейтіні анық. Бопсалау деген — қылмыс атаулының ең жиіркенішті түрі ғой. Бұның өзін адамның барлық іс-әрекеттерінің ішіндегі барып тұрған зұлымы, шығаннан шыққан аярлығы десе де болады — өрмекшінің торына түскен кез келген тіршілік иесі өстіп қиналып өледі, олар өмірден өстіп түңіліп, өстіп бар сенімінен айырылады! Мұндай сәтте арың таза болмаса, онда тіпті құрыдым деп есепте. Бірақ солар тазалығы әркімде бола бере ме? Мысалы, бұның өз жаны сүттен ақ, судан таза ма екен? Егер гүл сатушы сол әйел мөлдіреген жап-жас болмаса, оның тұңғиық қара қоңыр көздері мен сүйкімді даусы өзіне тартып тұрмаса, бұл оған бір емес, бірнеше рет барар ма еді? Адамдарға шын қайырымдылық жасағысы келсе, оның жанында отыратын анау кәртамыс, арық қара әйелге неге жасамайды сол қайырымдылығын? Ар тазалығы алдындағы адалдығы қайсы сонда бұның? Алайда... адамның жылы жүзі, сүйкімді қылығы бұған ұнап тұрса, оған қарағанда тұрған не бар, әрі-беріден соң бұл дегеніңіз — талғамы жоғары, талабы биік жанның өзін-өзі құрметтеуі емес пе? Бұны түсінетін Ольга қайда, адамдық, адамгершілік деп емешегің үзіліп бара жатса, сен анау сіріңке сатып отыратын ақсақ кемпірге немесе бүкіл орам бойында қайыр тілеп тұратын мүскіндер мен мүсәпірлерге неге барып тұрмайсың дер еді ол Жә, болар іс болды, енді тек бар қауіп-қатерге дайын болуы керек. Бірақ дәл қазір не істеуі керек? Полицияға барғаны жөн бе? Әлде әйеліне? Немесе ана әйелге соғып, оның бұл бопсалауға қатысы бар ма, жоқ па деген мәселені анықтап алғаны дұрыс па? Ал мүмкін кешкі алтыны күтіп, жаңағы сүмелекке әкесінің көрі қай жерде екенін көрсетіп жібергені жөн шығар? Грентер бұл ойларының дәл қайсысын оң шешім деп қабылдарын білмеді. Бірақ қайсысын қаласа да қателеспейтінін сезген, тек барлық жағдайда да батыл болуы керек!
Етектегі өзеннің манағы алас ұрған ақ көбік арыны басылған, күн көзіне шағылысқан майда толқындар енді шымыр-шымыр етіп, еңіске қарай баяу ғана лықсып жатыр. Тылсым дүниенің өстіп тыныштала бастауы көкірегі қыз-қыз қайнаған Грентерді де біртіндеп сабасына түсіре беріп еді.
Міне, ол үлкен қаланың ортасындағы арынды өзеннің жағасында тұр — қарны тоқ, көйлегі көк, аса бай болмаса да, әйтеуір, өз тапқаны өзіне жетеді, - ал жанында... анау гүл сатушы әйел сияқты немесе қара бақыр үшін қара басын қатерге байлаған жаңағы малғұн сияқты мың-мыңдаған мүскіндер қалт-құлт етіп әрең жүр. Бұл үшін мына өзен — жанына рақат табатын эстетикалық қайнар көз, ал олар үшін — мүмкін... жаны үзіліп бара жатқан кезде бір түйір нәр іздейтін соңғы жер.
"Сенетін ештеңем қалмады. Енді алақан жайғаннан басқа амалым жоқ"... Ол әйел тура осылай деген. Мүмкін өзіне аяушылық тудыру үшін мүсәпір мүскіндердің бәрі осылай дейтін шығар. Олардың қайсысына сенесің! Әлгіндегі алаяқтың да сөзі осы емес пе.
Қалай болғанда да бұл мәселені әділетті шешкенге не жетсін! Солай шешер де еді, егер тек барлық жайдың анық-қанығын біліп тұрса... Бірақ, өкінішке қарай, қазір бұл ештеңеге көзі жетіп тұрған жоқ қой.
"Жоқ, оны мұндай арам, мұндай жақсылықты білмейтін сорлы дегенге сенгім келмейді, — деп ойлады ол - Оған қайта барып, дұрыстап сөйлесуім керек".
Осы ойға бекіген ол дереу Окли-стрит көшесімен кері бұрылып, қыздың үйіне қайта жетті де, керосин иісі мүңкіген басқышпен жоғары көтеріліп, жартылай ашық тұрған есікті жайлап тықылдата бастады; арғы жақтан келіншектің әлдекімнен тапқан кішкентай баласы көрініп отыр екен, тегі, оны жаңа ғана емізген болса керек, енді қазір гүлге арналған себет ішінде тып-тыныш күйде Грентерге жаутаңдай көз салады. Құдды бұған: "Байқа, сені біреулер менің әкем екен деп қалып жүрмесін. Ал оған қандай дәлелің бар?" дейтін сияқты. Грентер кенет еріктен тыс осыдан он бес — он алты ай бұрын қайда болғанын еске түсіре бастады. Құдайға шүкір — Лондонда емес, әйелімен бірге бүкіл шілде, тамыз... қыркүйек айларында Британияда болыпты. Грентер қалтасындағы тиындарын сылдырлатып тұрып, баладан көз алмаған. Былайда үлкенірек көрінгенімен, бұл бала кемінде төрт айлық болу керек. Қызыл иегін көрсетіп өзі күлген болады. "Дя!" деп бұған кішкентай қолдарын созып қояды. Грентер қалтасын сылдырлатқанын қойып, бөлмеге назар салған. Бұл мұнда алғаш рет бұдан бір ай бұрын келіп еді. Көшеде кездейсоқ танысқан қыз бұған жағдайының ауырлығын айтып, мұңын шаққаны бар. Соны өз көзімен көрейін деп келсе, расында, мұндағы тірлік адам төзгісіз екен. Оған қатты жаны ашыған бұл кейін тағы да келген, ал бүгін... үшінші рет. Онысы — ақшаны желге шашып жүргем жоқ па, көрейінші деген еді. (Дәлірегінде, менікі тек сондай ниет, дегені ғой). Шындығында, бөлменің тарлығы сондай, жалғыз төсек пен баланы жатқызатын гүл себетінің өзі мұнда әрең сыйып тұрғандай — бөтен біреу келсе, отыратын жер де жоқ, нағыз құйрық айналмас қуыстың өзі.
Бірақ бұл неғұрлым ұзақ тұрған сайын, соғұрлым көз алдындағының бәрі жиіркенішті көрінген. Бір сәт осы жерге несіне келіп жүрмін деп те ойлады. Ниеті ақ екені рас, алайда сол ниеттің арты мынадай бәлеге ұрындырып тұр ғой...
Бұл кетуге ыңғайланып, енді бұрыла бергенде басқышпен көтеріліп келе жатқан әйелдің өзін көрді. Қолында дорба. Тегі, баласына тәтті бірдеңе сатып әкеле жатса керек, әлдебір жағымды иіс білінді. Бұрын қалай байқамаған, жақ сүйегі тым шығыңқы екен ғой. Қап-қара қасы да доғадай иілген. Нағыз сыған дерсің! Ол дөп-дөңгелек әдемі қара көзімен бұған жымия қараған.
— Мен сізден бірнәрсені білейін деп, қайта оралып тұрмын, — деді бұл өзінің жіңішке даусымен.
— Иә, құлағым сізде.
— Сіз бір арық қара кісіні... аздап қылилау, бұрын әскерде болған... білесіз бе?
— Ал аты кім оның, сэр?
— Білмеймін, ол мені осы сіздің үйіңізден бастап, өзен жағасына дейін аңдып барды да, ақыры бопсалауға көшті. Ал бопса дегеннің не екенін білесіз бе сіз?
— Жоқ, сэр.
Әйел бұның жанынан мысықша басып өте шықты да, баласын қолына көтеріп алып, бетін оның артына жасырған күйі көз қиығын Грентерге қадаған. Грентердің қабағы түйіліп, екі езуі салбырай қалып еді. Бойын адам түсінгісіз бір сезім билеген. Ол ақындық көк езулікті ұнатпаса да, әйелдің осы сәттегі жабайы да мазасыз түрі оған әлдебір құбыжықты, баяғы бір үңгірлерді мекендеген хайуан тектес адамды, мысықты, жыланды еске түсірген. Әрине, бопсаға оның әбден қатысы бар, бұған ешқандай күмәндануға болмайды. Тіпті қатысы болмаған күннің өзінде, ол барлығын да біледі!
— Бұл өте қауіпті ойын, — деді ол зілденіп. — Сіз оған айтыңыз, менімен ойнағанын қойсын, әйтпесе осы күніне зар боп қалады.
Ол басқыштан түсіп бара жатып:" Адам жанына үңілетін ең оңтайлы сот жаңағы еді ғой. Ал сен одан қашып бара жатырсың" деп ойлады. Осы ойдың қатты мазалағаны сондай, ол сыртқа шыққан кезде, кілт тоқтай қалғанын өзі де сезбей қалды. Машинасын жуып жатқан жүргізуші бұған сұқтана қараған. Чарлз Грентер жылдам басып жүріп кетті.
II
Грентер өз пәтеріне кірген кезде, әйелі шағын қонақ бөлмесіне шай дайындап жатыр екен. Бұл өзі орта бойлы, қоңыр-қара көзді, сәл жалпақтау бетіне ылғи да опа жағып жүретін әп-әдемі әйел еді. Түпкі тегі поляктардан шыққан. Адамгершілік-имандылық жағынан мен одан әлдеқайда артықпын деп есептейтін Грентер дәл қазіргі сәтте осы ойынан өте ыңғайсызданған. Қайтесің, жайшылықта адамның басына қандай ой келмейді, әйтпесе бұның одан қай жері артық?!. Әсіресе мына бопсалаудан кейін оның алдында Грентер өзін тіпті кінәлі адамдай сезініп отыр. Өзің шыққың келмеген биік тұғырға шығып алып, енді одан күрт түсіп кету қандай ыңғайсыз десеңші!
Қара мауытымен қапталған жұмсақ креслоға отырған соң, ол жапырақтардың сарғая бастағанын айтқысы келіп еді, бірақ әйелінің көзқарасы мен жымиысынан осы бірдеңені сезіп тұрған жоқ па деп күдіктене қалған да, әңгімесін кенет алыстан шиыруға кіріскен.
— Сен осы әйтеуір бірде басқа адамдар қалай тұрады екен деп ойлап көрдің бе? — деді ол.
— Сонда кімдерді айтасың,Чарлз?
— Әрине, біз сияқтыларды емес; анау әлгі сіріңке сататын, гүл сататын адамдарды — бір сөзбен айтқанда, күндерін әрең көріп жүргендерді айтам да.
— Жоқ, олар туралы ойлаған емеспін.
Осы бір сұмдық кездесулер жөнінде бұл оған қалай айтса екен — айта отырып, бұрынғы тұғырынан қалай құламауға болады?!.
— Ал мені бұл қатты ойландырады. Егер сенсең, басқаның жанына үңілген сайын мен ылғи да бір өзіме жаңалық ашқандай болып отырамын.
Әйелі тағы да жымиған. Осы жымиыстың өзі "басқаның жаны дейсің, ал сен менің жаныма үңіліп көрдің бе?" дейтін сияқты. Шындығында, оның жанында да, тәнінде де славяндық нышандар көп-ау осы! Адамға мейірлене қарайтын әдемі нұрлы көздері; сол жалпақтау бетіндегі көзге сүйкімді көрінетін жылы шырайы, бәрі-бәрі де славяндарды еске түсіреді. Жұмбақ құбылыс, өте жұмбақ құбылыс! Күн сайын жанында жүретін, әр кезде иегінің астында тұратын осы жұмбақтың шешуін іздегеннен гөрі бұл әмсе көзін алысқа тіктейді, көңіл құсы көз жетпес қияндарды шарлайды. Қандай қасиетсіздік десеңші.
— Мен кейде, — деді ол сөзін одан әрі жалғастырып, — олардың орнында өзім болсам, қайтер едім деп ойлаймын.
— Сен бе? Қойшы әрі! Мынадай үлкен денеңмен қалайша сен олар сияқты бейшара боласың. Көр де тұр, ертеңгі күні саған корольдің өзі зейнетақы тағайындайтын болады.
Грентер қалта түбін сыңғырлатып, креслодан тұра берген. Оның көз алдынан әр түрлі көріністер бірінен соң бір көлбеңдеп көше бастап еді.... бетінде күн сәулесі ойнап, шымырлай ағып жатқан өзен... сосын бұралқы иттей бұдан бірдеңе дәметкен қатпа қара жексұрын — міне, ол аузын ашып, қырылдай сөйлеп тұр...сосын... кішкентай қолдарын ербеңдетіп, бұған қарай талпына түскен себеттегі сәби... одан соң қап-қара сыған көзді әйел; ең соңында — полициялық сот... сот алдында — өзі... заңның барлық қатал талабымен бұдан жауап алып жатыр.
Кенет ол күлбілтелегенді қойып, турасынан бір-ақ басқан.
— Бүгін мені жағалауда бопсаламақшы болды.
Әйелі жауап қатқан жоқ. Қызығы сол, Грентер оған ашулана мойын бұрғанда, ол екі құлағын қос қолымен жаба қойып еді.
— Ызыңдай бергеніңді қоясың ба, жоқ па осы сен! Қарғыс атқыр! Бұның бір ауыз сөзін естімегенін қарашы.
— Мен күтпеген жағдайға тап болдым, — деді бұл тағы да. — Тайтстриттің бір бұрышында гүл сатып тұратын анау қызды... әйелді білесің ғой?
— Білем. Нағыз бетбақтың өзі!
— Ім! Мәселе мынада... Бірде мен одан гүл сатып алып тұрғанымда, ол маған тұрмыс жағдайының өте ауырлығын айтып, жыларман болып еді. Бұның айтқаны рас па, жоқ па, анықтап көрейінші деп, мен сосын оның үйіне кіріп шыққанмын. Рас, тіршілігі адам төзгісіз екен. Мен оны аядым да азын-аулақ ақша тастап кеттім... Сосын тағы бірде... білесің бе... мен берген ақшаны ол қалай пайдаланды, неге жұмсады, біле кетейінші деп былайша айтқанда, түсінесің ғой... мен оның үйіне тағы да барғанмын...
"О, Чарлз!" — деп әйелі ерін ұшынан сыбыр етті де қойды, ал Грентер әңгімесін тезірек аяқтағысы келіп, асыға түсіп еді.
— Ал бүгін, мына қызықты қара, үйге келе жатқан кезімде...әлдебір ұсқынсыз адам соңымнан қалмай еріп отырды да, дәл жағалауға жеткен сәтте... маған қоқан-лоқы жасап, қорқытқан болып, он фунт ақша талап етті.
Грентер осы сөздерді айтып тұрғанда, арт жағынан қыстыға тұншыққан бір қызық дыбысты естіген. Шұғыл бұрылып қараса, әйелі креслоға шалқая жатып, аузын алақанымен басқан күйі шиқ-шиқ күліп отыр екен.
Грентер бәрінен бұрын осыдан қорыққанын енді ғана түсінген. Еркектік тұғырдан қай күні құласам, сол күні әйелім мазақ етіп, масқара етіп күледі-ау деп қорыққан! Иә! Адалдық жағынан арты ашылып қалғаннан гөрі ар-намыстың аяққа тапталғанынан қорыққан бұл! Түйедей басымен біреуге күлкі болудан өткен қандай қорлық бар. Ал бұл расында түйедей еді. Құдайдың өзі бұны қай жағынан да әйелден үлкен етіп жаратқан ғой...
— Мен бүл жерде ешқандай күлкі көріп тұрғам жоқ! — деді ол түсін суытып. — Бопсалау дегеніңіз — қылмыс атаулының ішіндегі жиіркеніштісі.
Әйел күлгенін қоя қойды; екі тамшы жас бетінен үзіліп түскен.
— Сен оған сұрағанын беріп тындың ба?
— Әрине, бергем жоқ.
— Сонда не деп қорқытады?
— Саған айтып қоямын дейді...
— Нені айтпақшы?
— Әлгі әйелге екі рет ақ ниетіммен кіріп шыққанымды өзінше сан құбылтатын болар. — Опалы беттен ағып түскен екі тамшы жастан айғыз-айғыз екі із қалған. Соған ызалана қарап тұрып, ол тағы да: — Әрине, ол сенімен таныс емес қой, — дегенді қосып қойды.
Әйелі опа жаққан бетін орамалмен сүрте бастап еді, бөлме ішінде қазотының иісі аңқыды.
— Егер шынымен-ақ бұның артынан бір шикілік көрсең, нағыз күлкіге сен сонда бататын сияқтысың-ау, — деді бұл.
— О, жоқ, Чарлз! Ал расында... мұнда бір шындық болуы да мүмкін ғой?
Грентер оған қадала қарады.
— Өкінішке қарай, бұ жағынан сені қуанта алмаймын: мұнда мысқалдай да шындық жоқ.
Әйелі орамалмен аузын жаба қойып, жалт бұрылды да бөлмеден шыға жөнелді. Грентер өз бөлмесіне барып, камин алдына отырды. Демек адал күйеу болу дегеніңіз күлкілі нәрсе болғаны ма? Кенет бұның басына мынадай ой келген: "Егер менің әйелім осының бәрін ойыншық көретін болса, сонда қалай... сонда оның өзі де?.. Жо-жоқ, мүмкін емес! Бұл сұмдық ой! Бұл өте әділетсіз де харам ой! Атаңа нәлет, әлгі жексұрын мұны бопсалап қана қоймай, бүкіл жан дүниесін ластап кеткендей, енді көкірегінде қалғаны — тек күмән-күдік қана секілді. Жақын жердегі шіркеудің қоңырауы соғылды. Сағат алты боп қалды! Әлгі алаяқ ендігі жағалауға келіп, өзіне "тиесілі" он фунтын күтіп тұрған шығар. Грентер орнынан тұрды. Бұның қазіргі міндеті — жағалауға барып, ол адамды полицияға ұстап беруі керек.
"Тоқта! Мен неге оған баруым керек, — деді ол сосын ызаланып. — Өзі келсін мұнда! Маған керегі сол! Ақша сұрағанның, бопсалағанның не екенін көрсетейін мен оған!"
Десе де өз ойынан өзі ыңғайсызданып қалды. Мынадай алпамсадай денесімен шынашақтай бейшараға күш көрсетуі керек пе! Өмірде бұл ешкімге, тіпті, бала кезінде де біреуге қол көтеріп көрген жоқ-ты. Ол терезенің алдына келді. Бұл жерден оған ымырт қараңғысы үйіріле бастаған ағаштардың арасынан әр зат ап-анық көрінген... әне, дәл өзі — бұл ойлағандай-ақ, ол бейнебір бұралқы иттей жағалау бойында ерсілі-қарсылы сенделіп жүр... бұны күтіп...
Грентер терезенің алдына қалта түбін сылдырлатып тұрып, оған әрі тәкаппар, әрі ызалы, әр мысқылды түрде ұзақ көз салған. Бұл жексұрын бұдан әрі не істер екен? Мына үлкен үйдегі бүкіл пәтерді түгел тіміскілеп шыға ма? Мүмкін ана бикеш те — гүл сатушы әйел.. қазір онымен бірге жүрген шығар... Жоқ, ол жалғыз сияқты.. Әне, ол маңайына алақ-жұлақ қарап алып, көрінбей кетті. Бір орнында тыпыршып, ызаланып тұрған Грентер қалтасын қалай жыртып жібергенін өзі де аңғармай қалған: тиындар сау етіп еденге төгілді де, бір-бірлеп дөңгелей жөнелді. Ол соңғы тиынын жинап алып, қалтасына енді салып үлгіргенше... есік қоңырауы шыр ете қалған — дәл бұған дейін оның келер-келмесіне аса сеніп тұрған жоқ еді — ақыры мұнда да жеткен екен! Грентер бірден бойын тіктеп алып, дәлізге қарай беттеді. Бұлар үй қызметшісін ұстамайтын, сондықтан әйелі екеуінен басқа пәтерде ешкім жоқ еді. Қоңырау екінші рет шылдыр ете қалғанда, әйелі де дәлізге шыққан.
— Бұл сені мәз қылған әлгі сүмелек қой. Ал енді көріп қал оның кім екенін, — деді Грентер қабағын түкситіп.
Ол әйелінің жүзінен әрі кінәлі, әрі мысқылды нышан аңғарды да, ішкі есікті айқара ашып жіберді.
О, әрине! Соның өзі! Міне, алдында тұр. Итиген сүмелектің түрі электр жарығында тіптен жиіркенішті көрінеді. Жүрек айнытар жексұрын біреу, бірақ, қайтесің, кедейшіліктен әбден азып-тозып біткен бейбақтың өзі! Шалбар-шалбар беті әлденеден қорыққандай тыржың-тыржың етеді, тұла бойы қасқыр талаған иттей алба-жұлба, тек неден болса да тайынбаймын дегендей аш көздері ызбарланып, ұшқын атып тұр.
— Кіріңіз, — деді Грентер. — Байқаймын, менің әйеліме бірдеңе айтқыңыз келеді ғой.
Ол шегіншектей берді.
— Бұған өзіңіз мәжбүр етпесеңіз, сіздің әйеліңізбен сөйлесуге менің тіпті де құлқым жоқ, — деді ол мейлінше ақырынырақ сөйлеуге тырысып. — Маған бес фунт бере салыңызшы... Бес-ақ фунт! Сосын бірден кетіп қаламын. Ерлі-байлы екі адамның арасына от тастаудың жақсы емес екенін мен де білем.
— Кіріңіз, — деді Грентер қайталап. — Әйелім сізді күтіп отыр.
Ол орнынан қозғалған жоқ, мына бәлеге қайдан тап болдым, енді қалай сытылып кетсем дегендей, бүгежектей тұрып, кеберсіген еріндерін жалай берді.
— Жарайды, менімен ойнағыңыз келген, — деді ол кенет. — Бірақ байқаңыз, кейін қатты өкінетін боласыз!
— Жоқ, егер сен кірмей кетсең, мен сонда өкінетін боламын. Сен өте қырыс жігіт көрінесің, сонымен қатар барып тұрған жексұрын адамсың!
— Ал менің мұндай болуыма кім кінәлі? — деді ол жұлып алғандай. — Айтыңызшы кім?
— Сіз кіресіз бе, жоқ па өзі?
— Иә, кірем.
Ол кірді, Грентер есікті тарс еткізіп жаба қойды. Енді не істер екен? Бұны үйге кіргізді не, сұр жыланды, я құтырған итті кіргізді не — бәрібір еді, бірақ Грентер іштей рақаттанып қалған: бұл иттің әуселесін енді көруге болады!
— Ал енді мұнда кіріңіз, өтінем! — деп, ол қонақ бөлмесінің есігін нұсқады.
Сүмелек неме ішке кірді де, көзін жыпылықтата берді, тегі, жарқыраған шам жарығы мысын басып жіберсе керек. Грентер камин алдында тұрған әйелінің жанына келді.
— Байқаймын, мына мырзаның сенде аса маңызды шару асы бар сияқты.
Кенет бұны әйелінің бөздей бозара қалған өңі таң қалдырған: шынымен-ақ қорқып қалғаны ма? Грентер бір сәт алдында тұрған екі адамның да қуыстана түскенін сезіп, іштей масаттанып қалған.
— Ал не істейміз? — деді бұл мысқылмен. — Мүмкін менің шыға тұрғаным жөн шығар?
Грентер есікке таман жақындап барып, екі құлағын қолдарымен жаба берді. Сөйтіп тұрып сүмелек адамның бұған ұрлана қарап қойып, әйелінің қасына келгенін байқады; еріндері жыбыр-жыбыр етіп, бірдеңені жылдамдата айтып жатыр... сосын әйелі оған жауап қайтара бастады. "Ау, мен несіне құлағымды жауып тұрмын?" деп ойлады бұл Сосын қолын төмен түсірген кезде, сүмелек адам бұған бұрылып:
— Мен кетемін, сэр, байқамай жаза басқан екенмін. Сіздерді мазалағаныма өте өкінемін, — деді.
Әйелі қайтадан каминге бұрылды; Грентер алғашында ойланбай-ақ есікті ашып қалғанын өзі де сезбеген, сосын сүмелек адам жанынан өте бергенде шап беріп оны ұстап алды да, өз бөлмесіне сүйрей кіргізіп, есікті сарт жауып, кілтін қалтасына сала қойды.
— Әп, бәлем! Қолыма түстің бе!
Сүмелек адам не істерін білмей қипақтады да қалды, еденде жыртық бәтеңкесі тыпыр-тыпыр етеді.
— Маған қол көтермеңіз, мырза. Әйтпесе, байқаңыз, қалтамда пышағым бар.
— Саған қолымды былғап қайтем! Қазір полицияға тапсырам. Іс бітті сонымен!
Оның көзі алақтап кетті, сосын жын ұрғандай лаулап жанып жатқан каминге қарай ығыса берді.
— Он фунт деген сіз үшін ақша ма еді, оны бере салғаннан сіз кедей боп қалмас едіңіз ғой, — деді ол ұялған тек тұрмас дегендей.
Грентер жымиды.
— Байқаймын, сен бопсалау дегеннің не екенін білмейді екенсің, көгершінім. Бұл — адам қолы жасайтын барлық қылмыстың ішіндегі ең оңбағаны ғой.
Грентер осылай деді де, телефонға жақындады. Сүмелек адамның алақ-жұлақ еткен ала көздері бөлме ішін шарлап кеткен.
— Жоқ, — деді ол әлдеқандай батылсыздау үнмен. — Бұлай істемеңізші, өтінем!
Оның ышқына шыққан даусы әсер етті ме, әлде бір-ақ сәтте бейшара күйге түскен мүскін түрі аянышты көрініп кетті ме — Грентер кілт тоқтай қалған.
— Мен егер полицияға хабарламасам, сен қазір осы үйден шыққан бойда бірінші кезіккен адамды бопсалауға кірісетінің анық қой. Сен мына түріңмен у жыланнан да қауіптісің!
Сүмелек адамның еріндері дірілдеп кетті, сосын аузын алақанмен жауып тұрып:
— Мен де сіз сияқты адаммын. Тек амалсыз осындай жағдайға ұрынып тұрмын — бар болғаны — осы-ақ! Сенбесеңіз маған қараңызшы!
Грентер оның дірілдеп тұрған қолдарын үстірт шолып өтті.
— Дұрыс айтасың. Бірақ сен сияқтылар адамның бүкіл сенімін басып-жаншып, өлтіріп тынады! — деді бұл қызбаланып.
— Тоқтаңыз, сэр! Егер сіз менің орнымда болсаңыз, білер едіңіз сонда ақша сұрағанның не екенін! О, Құдай! Осы жарты жыл бойы мен не көрмедім! Жұмыс іздеп бармаған жерім, баспаған тауым қалды ма: Біреуге жалындым, біреуге жалбарындым — арымды аяққа таптадым, бірақ ештеңе таппадым. — Ол терең күрсінді. — Мендей адам, енді кімге керек? Бұл қандай өмір сонда? Итөмір! Атасына нәлет мұндай өмірдің! Ал сосын сізді көргенде, кешіріңіз, көйлегі көк, тамағы тоқ, бетінен қаны тамып тұрған өзіңіздей зорды көргенде, өзімді ұстай алмай қалдым да, ақша сұрадым. Иә, иә, өзімді ұстай алмай қалдым, кешіріңіз!
— Жоқ, — деді Грентер қатал түрде. — Мені бүйтіп алдай алмайсың. Бұны мен ешқандай да кездейсоқтық деп ойламаймын. Бәрін де күні бұрын ойластырып, кесіп-пішіп қойғансыз. Бопсалау — ең лас, ең жексұрын іс. Мұндай істі тек харам ойлы адамдар ғана жасайды. Бұл жолда кімдерді құрбан ету, кімдердің жүрегін жаралап, кімдердің сеніміне дақ түсіру — сендер үшін түкке тұрмайтын дүние. — Грентер осы сөздерді айта тұрып, телефон тұтқасына қол созған.
Сүмелек адам қалшылдап кетті.
— Тоқтаңыз! Менің де тамақ ішуім керек, киінуім керек. Мен бұл өмірде жап-жалаңаш періште сияқты боп жүре алмаймын ғой.
Жып-жылы, жайлы бөлмеде сүмелек адам ашына сөйлеген. Ол сөзін бітіргенше Грентер де жұмған аузын ашқан жоқ.
— Кешіре көріңіз бізді, сэр! Кешіріңіз! Менің бұдан басқа да уайым-мұңым жеткілікті. Полицияны шақырмай-ақ қойыңызшы. Бұдан кейін еш уақытта мұндайға жоламаймын... ант етемін... аяй көріңізші мені! Осы жазалағаныңыз да жетер маған. Босатыңызшы мені, сэр!
Грентер өз бөлмесінің тас қабырғаларындай сіресе қатып тұрып қалған, бірақ ішкі жан дүниесі бір алапат күреске тап болып еді; ол — аяушылық сезімі мен адамдық парызы арасындағы күрес емес, кек алу мен әлдебір сұмдық күштің арасындағы арпалыс еді; бір бейшара адамға өз билігін пайдаланып қалу — оған, Грентер деген зор тұлғаға тым жарасымсыз, өте ұят іс боп көрінген.
— Босатыңызшы мені, сэр, — қырылдаған дауыс тағы да естілді. — Адамшылық жасаңызшы маған!
Грентер телефон тұтқасын орнына қойып, есікті ашып жіберді.
— Жарайды, бара бер!
Сүмелек адам бөлмеден зыта жөнелді.
— Алла риза болсын! — деді ол шығып бара жатып. — Бақытты болыңыз! Ал әйеліңізге қатысты мәселеде айтарым мынау: мен сөзімді қайтарып алдым. Мен оны өмірі көрген емеспін. Оған айтқанымның бәрі былшыл, сенбеңіз!
Грентер ауыз ашып үлгергенше ол табалдырықтан бір-ақ секіріп, ғайып болды: сосын басқышта тарпылдата басып жүгіріп бара жатқан аяқ дыбысы ғана естілген. "Ал әйеліңізге қатысты мәселеде айтарым мынау — мен сөзімді қайтып алдым. Мен оны өмірі көрген емеспін. Оған айтқанымның бәрі былшыл, сенбеңіз!" О, құдайым! Бұл жексұрын бұның өзін ғана емес, әйелін де бопсалап үлгірген екен ғой! Бәсе, оның көзінде де бір үрей бар сияқты еді. "Оған айтқанымның бәрі былшыл!.." Бұл әйеліне қарап еді, оның опа жаққан беті дір ете қалды. Қорқып тұр! Бопсадан! Ал бұл ана жексұрынды босатып қоя берді! Қарай гөр қара мысықтың қайда жатқанын... Бопса — адам жасайтын қылмыстардың ішіндегі ең оңбағаны!.. Оның әйелі!.. Япыр-ай, ол не істемек енді?..
Орыс тілінен аударған Д. Әшімханұлы
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі