Өлең, жыр, ақындар

Шеберлік

(новелла)

Мен оны сонау бала кезімнен білетінмін, ол менің әкемнің етігін тігуші еді. Ол өзінің үлкен ағасы екеуі кішкентай бір көшедегі бірге біріктірілген екі шеберханаға иелік ететін. Бұл өзі сол уақыттағы Бест-Эндегі ең сәнді шеберханалардың бірі болатын.

Мұндағы барлық іс сондай бір байыпты, байсалды тынысынан ешқашан жаңылған емес. Маңдайшасы да бұл шеберхананың қожалары — әлдебір корольдік әулеттің мүшелері деп айқайлап тұрмайтын. Одан тек: "Ағайынды Геслер" деген екі-ақ сөзді оқисың, ал терезесінен көретінің — бірнеше жұп аяқ киім ғана. Әлі есімде, еш уақытта ауыстырылмайтын осы бір аяқ киімдер мұнда қайдан келген, қалай тап болған деген ой ылғи да менің басымда тұрушы еді: өйткені ол етікті әрқашан тек тапсырыспен тігетін және тіккендері біреуге шақ келмей қалуы мүмкін емес-ті. Сонда қалай, көрнеуге қойған әлгі аяқ киімдерді сатып алған ба? Бұл да ақылға сыймайды. Себебі, өзі өңделген бір тілім былғарыны ол еш уақытта шеберханасында ұстаған емес. Бұған қоса осы аяқ киімдер өте әдемі еді: би салтанатында киетін бір жұп туфли — таңғаларлық сұлу дүние — мата қосып өңдеген, лакталған былғары — түріне қарап-ақ көзің тойғандай; атқа мінгенде киетін қоңыр қара етік — сырты айнадай жарқырайды — бір қызығы, бүгін тігілгендей көрінетін бұларды жүз жыл киілген дегенге ешкім сенбес. Осының барлығы тек аяқ киім тігудің құдіретіне кімдердің қолы жеткенін көрсететіндей еді: бұл аяқ киімдерді аяғыңа кигенде ғана олардың өз бойына қандай керемет қасиеттерді сіңіре білгенін сезе алатының рас-ты. Бұны, әрине, мен көп кейін ғана түсінгем. Дегенмен тіпті жасым он төртке толып, өзіме аяқ киім тіктіруге мүмкіндік алған кезімде-ақ ағайынды Геслерлер тігіп берген бәтеңкеге сондай көңілім толып, әдемілігіне қайран қалғаным бар. Аяқ киім тігуді мен сол кездің өзінде нағыз ғажап өнер деп білгем, қазір де сондай ойдамын.

Әлі есімде, бірде оған өзімнің кіп-кішкентай аяғымды соза түсіп:

— Мистер Геслер, аяқ киім тігу өте қиын деген сөз рас па? — дегем ұяңдау тіл қатып.

Ол қулана жымиып, жирен сақалын сипай отырып:

— Нағыз искусстф — осы, — деген ағылшын тілін бұрай сөйлеп.

Оның кіп-кішкентай денесінің өзі құдды былғарыдан жаратылғандай еді, әжім торлаған өңі сап-сары, толқынданып тұратын шашы мен сақалы да сарғыш, бетінде тігінен созылған терең екі терең сызығы бар, көмейінен күңгірлеп сөйлейтін адам болатын. Былғары дегеніңіз өңдеуге де, қалыпқа түсіруге де оңай көне бермейтін қырыстау материал ғой. Оның беті де тура сондай еді, тек көкшіл-шегір көздерінен жан дүние жайсаңдығы анық сезіліп тұратын.

Үлкен ағасы оған өте ұқсас көрінетін — жүйкені жеген ауыр жұмыстан әбден титықтап, жағы суалып, өңі бозарып көрінсе де, мен бала кезімде бұл екеуінің дәл қайсысымен сөйлесіп тұрғанымды әңгіме соңына дейін айыра алған емеспін. Ал сосын, егер ол: "Мен інімнен сұрайтын болат" дегенді айтпаса — оның өзі болғаны, ал айтса — онда үлкен ағасы болғаны.

Кейбір адамдар қартая бастағанда қара тиындарын есептеп, біреуге бір бақырын да артық жібермей қазымырланып кететіні болады ғой, ал ағайынды Геслерлер ешқашан артық-ауысты есепке алған емес. Екі жұп етікке төлейтінің әлдеқайда көбірек екенін біле тұрып, сенің шеберханаға кіріп, етікшіге аяғыңды созуың да, жылтыраған металл жиекті көзілдірік астынан сығалаған көкшіл көзге тура қарауың мүмкін емес еді. Сөйте тұра кемдеу есептелген екі етіктің құны сенің әлі де оларға тұрақты клиент болып қала беретініңе сеніміңді арттыратын.

Сосын оған тым жиі барудың да реті жоқ-ты: өйткені ол тігіп берген аяқ киімді тепкілеп кисең де жуық арада тоза қоймайтын, бейне әр тігісінде бір сыр жатқандай, керек десеңіз, уақытқа да бас имейтін ерекше қасиет бар еді оларда.

Бұл шеберханаға басқа шеберханалардың көбіне кірерде басыңда тұратын: "Өтінем, тезірек қызмет ете көріңізші, асығыспын!" деген оймен кірмейсің. Жоқ, оның табалдырығын храмға келгендей салтанатты түрде аттайсың да, жалғыз ағаш орындыққа отырып, оны күте тұрасың. Мұнда әдеттегідей ешкім бола қоймайды. Содан көп өтпей-ақ шеберхана үстіндегі біршама қараңғы, былғары иісі мұрныңды қытықтайтын бөлме жақтан не оның, не ағасының бет-жүзін көресің. Көмейден құмыға шыққан дауыс, жіңішке ағаш басқышта тырп-тырп еткен үй сандалының дыбысы — сөйтіп ол алдыңа да келеді: пиджаксыз, көйлегінің жеңі түрулі, белінде былғары алжапқыш, бойы сәл еңкіш, ұйқыдан жаңа ғана оянғандай көздері жыпылықтай береді.

— Сәламатсыз ба, Геслер мырза! — деймін мен. — Маған юфтьтан бір пар бәтеңке тігіп бермейсіз бе?

Ол бір ауыз тіл қатпастан мені жалғыз қалдырып, тағы да жоғары көтеріле жөнеледі немесе басқа бөлмеге кіріп кетеді, ал мен былғары иісін жұтып, ағаш орындықта отыра беремін. Сәлден соң ол тамырлары білеуленген арық қолымен бір тілім алтын-қоңыр юфтьті ұстап, қайтып келеді. Сол бір тілім материалға қарап тұрып:

— Қандай жақсы былғары! — дейді. Мен де өзімше тамсанып қоямын.

— Сен қашан біткенін қалайт? — дейді ол сосын әдеттегідей ағылшын тілін бұрай сөйлеп.

— Мүмкіндігінше тезірек, — деймін мен.

— Екі аптадан кейін, — дейді ол. Немесе, егер бұл оның үлкен ағасы болса:

— Мен інімнен сұрайтын болат, — дер еді. Бұдан соң мен ақырын ғана:

— Рақмет сізге! Сау болыңыз, Геслер мырза! — деймін.

— Сау болат! — дейді ол әлі де қолына ұстап тұрған бір тілім материалға қарап тұрып.

Ал мен есікке қарай беттеп бара жатып, оның тоқыма туфлиінің тықырын басқыш жақтан естимін — құдды ол өзінің арман әлеміне жетуге асыға түскендей. Мен оған бұрын маған еш уақытта тігіп көрмеген әлдебір жаңа үлгіге тапсырыс берген кезімде, бұның өзі нағыз ритуалға айналып кетер еді: ол менің аяғымнан ескі бәтеңкемді шешіп алады, сосын оған сүйсіне де сынай қарап ұзақ отырады. Ол сонда осы бәтеңкені тігіп жатқан кездегі көңіл күйіне қайта келгендей ризашылық кейіп танытып бір қояды да, артынша өз қолынан шыққан шын мәніндегі "өнер туындысын" бүлдіріп-тоздырған адамға қабақ шытқандай болады. Сонан соң менің аяғымды бір жапырақ қағаз бетіне салып, қарындашпен табанымды екі-үш рет айналдыра сызып алады да, сезімтал қолдарымен аяғымның әр жерін тағы да сипап көре бастайды, тегі, маған дәл қандай бәтеңке керектігін көз алдына әбден елестетіп алғысы келетін секілді.

Мен оған мына бір сөздерді айтқан күнді ешқашан ұмытпақ емеспін.

— Геслер мырза, білесіз бе, сіздің маған тігіп берген соңғы бәтеңкеңіз шытынап-шытынап жарылып қалды.

Ол маған: бұл сөзіңізді қайтып алмас па екенсіз, әйтпесе жұмсартыңқырап айтып көріңіз дегендей недәуір уақыт тесіле қарап отырып қалды да, сосын:

— Оның жарылып қалуы мүмкін болмайт, — деді.

— Өкінішке қарай, солай болады.

— Сіз оны кимей тұрып сулап алмайт па?

— Жо-жоқ, су тигізгем жоқ!

Ол әлгі бәтеңкені есіне түсіргісі келді ме, еденге тесіле үңіліп отыра қалды, ал мен оған ауыр да жайсыз тиетін әңгімені несіне қозғадым деп өкінемін.

— Сіз оны кейін қайтарат, — деді ол ақыры. — Мен оны көретін болат.

Мен бір мезет тіпті сол жарылып қалған бәтеңкелерімді аяп кеткендей едім: оған әрі сынай, әрі мұңдана қараған оның мүскін халін мен сондай анық елестеткенмін.

— Кейбір бәтеңкелер, — деді ол баяу тіл қатып. — Жаратылысынан жаман боп туат. Егер оған ештеңе істей алмасам, мен сізге ақшасын қайтарып берет.

Мен оған өмірімде бір-ақ рет шұғыл жағдайға сәйкес үлкен бір дүкеннен сатып алған бәтеңкемді киіп барғанмын. Ол маған бұрынғыдай былғары түрлерін де көрсетіп жатпастан тапсырысымды қабылдап алған. Қабылдап тұрғанда бәтеңкеме көз қиығын қайта-қайта сала бергенін сезе қойдым. Ақыры ол шыдамады-ау деймін:

— Бұл менің бәтеңкем болмайт, — деді.

Оның даусынан не реніш, не өкініш, тіпті ешқандай ұнатпаған сыңай да байқалмады, әншейін бір сабырлы ғана айтылған сөз — осының өзі-ақ маңдайымнан суық терімді бұрқ еткізген.

— Бұл сіздің аяғыңыздың мына жерін қысат, — деп ол бәтеңкемнің езулігін саусағымен нұсқаған. — Ол үлкен дүкен өзін сыйламайды. Фуй!

Кенет ол әлдебір жарасының аузы жарылып кеткендей ызалана жылдам сөйлей жөнелді. Мен сонда оның бірінші рет өз жұмысының ауырлығына шағынғанын естігенім бар.

— Олар бәрін де алып қойды, — деді ол. — Жақсы жұмыстарымен емес, жарнамамен алады. Олар бізден бәрін алды, ал біз жұмысымызды сондай сүйеміз. Ал енді не болғанын қараңыз, менде қазір жұмыс жоқтың қасы. Жыл сайын азаят, азаят. Сіз түсінет?

Оның жағы суалған түріне қарап отырып, мен кенет бұрын өзім аңғармаған талай сырды, тіршілік қамы жолындағы аяусыз күрес пен ащы шындықты алғаш рет түсінген едім. Сондай-ақ оның сарғыш сақалына қаншама ақтың жылдам түсіп үлгергеніне де мен енді ғана мән бергенмін.

Осы бір қарғыс атқан бәтеңкені не үшін дүкеннен сатып алғанымды мен оған өзімше түсіндірген болдым. Оның жүдеу жүзі мен жабырқау даусының маған соншама әсер еткені сондай, бірнеше жұп аяқ киімге бірден тапсырыс беруіме тура келген. Бірақ... о Немезида! Ол тігіп берген бәтеңкелер бұрынғылардан да мықты болып шығып еді, соның арқасында оған барудың екі жыл бойы еш қажеті болмай қалған.

Ақыры бірде оған кіргенімде, шеберхана терезелерінің бірінде басқа бір етікшінің аты-жөні жазулы тұрғанын көрдім, ол — әрине, корольдер әулетінің мүшесі екеніне дау жоқ-ты. Маған таныс бұрынғы ескі етіктер енді баяғы құрметті орнынан ығысып, терезенің елеусіз бір жағына көшіпті. Іші тарыла түскен шеберхана қазір тіптен күңгірттене түскендей, былғары иісі де тым қоюланып кеткен секілді. Әдеттегі тоқыма сандалдың тырп-тырп еткен дыбысын да мен енді ұзағырақ күтіп қалып едім. Әйтеуір не заматта металл жиегі тотыға бастаған көзілдірік астынан маған сығырая қарап келе жатқан таныс көзді де көрдім-ау.

* * *

— Бұл мырза... сіз бе едіңіз? — деді ол.

— А! Геслер мырза, — дедім мен міңгірлеп. — Байқайсыз ба, сіз тігіп берген бәтеңкелер тым ұзақ киіледі ғой. Қараңызшы, бұны әлі де біраз сүйрете тұруға болады. — Мен оның қарсылыққа толы көзқарасына шыдап тұра алмай:

— Сіз өз шеберханаңызды не істедіңіз? — дедім асығыстау тіл қатып.

— Ол тым қымбатқа түсе бастады. Сіз өзіңізге бірдеңе тіктірет? — деді ол сабырлы түрде.

Маған керегі екі жұп бәтеңке болса да, мен үшеуге тапсырыс беріп, шығып кеттім. Осы сәтте мені бір белгісіз күдік билеген: оның ойынша мен оған қарсы бірдеңе ұйымдастырып жүрген адам сияқтымын, дәлірегінде мен оның идеалына қарсы секілдімін. Бірақ мұндай істе менің не шатағым бар? Арада талай айлар өткенде: "Қой, шалға бір көмегімді көрсетейін... Барайын оған! Мүмкін менің тапсырысымды оның ағасы қабылдар" деген оймен шеберхана есігін ашқанмын.

Мен оның ағасының тым биязы адам екенін білуші едім, маған ол іштей ренішті болса да онысын сыртқа шығармайтыны анық.

Шындығында да, сәтіне орай, шеберханада мені қолына бір тілім былғары ұстаған оның ағасы қарсы алғандай болды.

— Саламатсыз ба, Геслер мырза! Жағдайыңыз қалай? — Ол маған тым тақап келді де, үңіле қарады.

— Жаман емес, — деді ол ақырын ғана. — Бірақ... менің ағам өліп қалды.

Сонда ғана мен оның өзін таныдым. Қалай қартайып, жүдеп кеткен десеңші! Мен бұрын оның ешқашан ағасы туралы айтқанын естіген емес едім. Жан жүрегіме дейін езіліп кеткен мен: "Қандай өкінішті!" дегеннен басқа ештеңе айта алмай қалдым.

— Иә, — деді ол — Ол жақсы адам еді, ол сондай жақсы бәтеңкелер тігуші еді, міне, енді өліп қалды. — Бейшара өлу себебін қалайда бірдеңе етіп түсіндіргісі келгендей ол қолымен басын нұсқады. Осы тұста мен оның шашы тура ағасынікі сияқты соншама сиреп қалғанын байқадым.

— Екінші шеберханадан айырылып қалғанымыз оның түбіне жетіп кетті, — деді ол сосын. — Сіз бәтеңке тіктіргіңіз келет? — Ол баяғыдай бір тілім былғарыны менің алдыма тосты. — Міне, былғары қандай керемет!

Мен бірнеше жұпқа тапсырыс бердім. Оларды алғаннан кейін мен көпке дейін бұл шеберханаға бас сұққам жоқ. Өйткені оның соңғы тіккен бәтеңкелері бұрынғыдан да мықты болып шыққан, оларды тоздыру деген тіпті мүмкін емес еді. Ал сосын мен шет елге кетіп қалғам.

Арада бір жыл өткенде ғана Лондонға қайта оралдым. Орала салып бірінші кезекте ескі достың шеберханасына бет бұрдым. Мен кеткен кезде ол алпыстан жаңа асқан шағы болатын, ал енді қайта көрген сәтте оған жетпіс бесті бергендей болдым. Арса-арса боп әбден қартайған, беті әжімнен көрінбейді, қолдары да қалтырай бастапты. Тіпті ол мені бірден танымаған да.

— Геслер мырза! — дедім мен жүрегім қысыла түсіп. — Сіз қандай керемет бәтеңкелер тігесіз! Қараңызшы, мына тігіп бергеніңізді шет елде жүргенде аяғымнан бір шешпей кидім, сөйте тұра әлі жартылай да тозған жоқ, рас қой?

Менің юфтьтен тігілген бәтеңкеме ұзақ қарап отырған оның бетіне кенет қан жүгіргендей болды. Аяғымның дөңес тұсына дейін қол жүгіртіп өткен ол:

— Мына жері қысқан жоқ па? Бұл өзі бір қиын бәтеңке болғаны есімде, — деді.

Мен оған бұл бәтеңкенің өте ыңғайлы екенін сендіріп бақтым.

— Сіз тағы да бәтеңке тіктірет? — деп сұрады ол. Мен оны өте тез істейт. Қазір бос уақытым өте көп.

— Иә, иә, тігіп беріңізші, өтінем. Маған әр түрлі көп аяқ киім керек, — дедім мен бастырмалата сөйлеп.

— Мен сізге жаңа үлгіде жасайт, сіздің аяғыңыз өсіп кеткен, мен солай ойлайт.

Ол менің табанымды қарындашпен айналдыра сызып алған соң, башпайларымды ұстай отырып:

— Мен сізге ағамның өліп қалғанын айтқан? — деді сұраулы пішінмен.

Оған көз салудың өзі аянышты еді: аруақтай боп қалай арып кеткен десеңші! Мен тезірек кетуге асықтым.

Мен бұл тапсырыстарымды енді еш уақытта алам деп үміттенген жоқ едім, бірақ құдайдың бір сәтті күні бірнеше жаңа аяқ киімнің үйіме келіп тұрғанын көргенім. Қағазбен оралған үлкен буманы ашып, одан төрт жұп бәтеңкені суырып алдым да, бірінен соң бірін киіп көре бастадым. Ғажап! Түр-пішіні мен үлгісі тұрғысынан да маған баяғы тігіп бергендердің бәрінен асып түскен екен бұлар. Бір бәтеңкенің ішінен төлемақы қағазы да шыға келді.

Бұл баға да әдеттегі бағамен бірдей, бірақ мені таңғалдырған басқа жағдай: бұрын ол жаңа тоқсан басталмай жатып еш уақытта маған мұндай қағаз жібермейтін. Бұл қалай? Мен бірден төменге түсіп, чек жаздым да, сол сәтте-ақ оған аттандырып жібердім.

Сосын бір апта өткенде, өзіме таныс шеберхананың жанынан өтіп бара жатып, оған кіріп, жаңа бәтеңкелерімнің кереметтігін айта шыққым келген. Алайда... шеберхана орналасқан сол жерге жеткенімде, есік маңдайшасынан оның аты-жөнін көре алмадым. Есесіне терезе алдында баяғы би салтанатына киетін әдемі жылтыр туфли мен атқа мінуге арналған қонышты қоңыр етік көзге оттай басылып, әлі де өз орнында тұр екен.

Көңілім алабұртып ішке кірдім. Кішкентай екі шеберхана қайта біріктіріліп, тұтас біреуге айналыпты. Мені жастау бір жігіт қарсы алды, түріне қарағанда ағылшын секілді.

— Маған Геслер мырза керек еді? — дедім мен. Ол маған сұқтана, таңырқай көз салды.

— Жоқ, сэр, — деді сосын. — Жоқ. Ал біз сізге қуана қызмет етеміз. Шеберхана енді бізге қарайды. Сіз көршідегі маңдайшадан біздің аты-жөнімізді қалайша оқымағансыз! Біз тек аса мәртебелі адамдардың тапсырысы бойынша ғана жұмыс істейміз.

— Жөн, жөн, — дедім мен. — Ал Геслер қайда?

— Ол өлген.

— Қалайша!? Мен мына бәтеңкені одан өткен сәрсенбіде ғана алдым ғой.

— Ой, бұл сұмдық енді! Бейшара шал аштан өліпті.

— О, құдайым-ай!

— Дәрігердің айтуынша, бүкіл ағзасы тозып бітіпті. Сондай жағдайда да жұмыс істей берген ғой! Сөйтіп жүріп шеберхананы да әдемі ұстай білген: бірде-бір жұмысқа біреудің қолын тигізбей, бәрін өзі істеген. Тапсырыс алған кезде, оны орындау үшін өте көп уақытын жұмсаса керек. Ал адамдар оны күтіп жүре ме! Сөйтіп келушілерден айырылып қалған ғой. Міне, ол мына жерде отырып жұмыс істеді... Көп жұмыс істеді... Өте көп істеді. Оны лайықты бағалауымыз керек, Лондондағы бірде-бір етікші дәл ондай етік тіккен емес. Дегенмен бәсеке дегенді ойлап көріңізші! Ал ол еш уақытта өз жұмысын жарнамалауды білмеді! Оның өзі өңдеген былғарлары қандай еді, шіркін! Солай бола тұра істің бәрі осылай аяқталды міне. Қайтесің, ондай түсінікті адамдардан басқадай бірдеңе күту қиын ғой...

— Ал аштан өлуді...

— Бұл сізге мүмкін асырып айтқандық боп көрінер, дегенмен ол соңғы демі біткенше күндіз-түні жұмыс істегені анық. Мен оны ылғи да байқап жүретінмін: ол еш уақытта дұрыстап тамақ ішуге де уақыт тапқан емес, үйінде де бір бақыр ақшасы болмайтын, тапқан-таянғанының бәрін шеберхана орнын ұстап тұру мен аяқ киімге материал сатып алуға жұмсады. Бұның өзін қаншама ұзаққа созғаны да таңқаларлық дүние. Ол тіпті каминге от жағу жағынан да үнемдеді ғой. Бірақ не істесе де ол жақсы аяқ киім тіге білгені рас.

— Иә, — дедім мен. — Ол жақсы тігуші еді, өте жақсы тігуші еді.

Мен кері бұрылдым да, шығып кеттім. Көз жасымды әзер тежеп тұрғанымды жас жігітке көрсеткім келмеген.

Орыс тілінен аударған Д. Әшімханұлы


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз