Өлең, жыр, ақындар

Девондық адам

(новелла)

Мұнда тыныштық, дәлірегінде тыныштықтан гөрі ұйқыда деген дұрысырақ: әйтпесе фермада ешқашан тыныштық болмайды да; оның үстіне табан астындағы теңіз желді күндері тіптен құтыра түсіп, азынаған сарыны қойнау-қолатты басына көтереді де жатады. Бұл арадан төрт мильдей жердегі Бриксемнен де, бес мильдей Кингсуэрадан да көңіл ауларлық ештеңе таба алмайсың. Ферма тау баурайынан қолдан қазып жасаған ұйық іспетті тасалау бір аңғарға қоныс тепкен; фермадан әрі биікке қарай жазыла түскен жасыл алқап, одан кейін кең беткей басталады. Бұл тұстан көзің тым жырақты түгел шолатындай дәмеде боласың, алайда бұның өзі алдамшы ой екенін алға біраз жүргенде білесің. Ал табиғаттың мына көрінісі тек Девонширге ғана тән болар: жоталар, жыралар, жал-жал бұталар, бірде еңіске құлдырай құлап, бірде биікке өрмелей ұмтылып жатқан сүрлеу-соқпақтар, әр жерде үйездеген шоқ-шоқ ағаштар, топырағы өңделген егістік танаптар мен сылдыраған тас бұлақтар; ал сарғалдақ пен папоротниктер тұтаса біткен жарлауыт беткейлерге адам баласының аяғы әлі тимеген. Аңғардың етегі сонау төмендегі құм-қайранды шығанаққа барып тіреледі, оның бір жағы — қара жартастар да, екінші жағы — мүйістің өзіне дейін созылып жатқан қызғылт түсті биік құздар. Сол тұста жағалау күзетінің бекеті орналасқан. Қазір, науқан уақыты туғанда бәрі де керемет енді: уылжып піскен алма да, қою жасыл ағаштар да — ғажап көз тартады. Күн ысып тұр, желсіз: теңіз де, жер де жылы шуақтан балқып жатқандай. Ферма алдында — жарты дюжин майқарағай өскен, бұлар әлдебір жақтан келген өгейлер секілді, ал желке тұстағы жеміс бағы құлпырып, жайнап тұр, бұдан артық баптауды қиялдаудың өзі артық. Үш жаппалы шатыры тұтастай қоңыр теңбілденіп алған ұзын ақ үй жерге тым шөгіп-ақ кеткен. Екі жыл бұрын шатырын қамыспен қайта жапқан екен де, сонымен барлық "жаңалау" жұмысы біткен көрінеді: темір тоспалы сыртқы емен есікке кемі үш жүз жыл болған деседі. Қолыңды созсаң төбесіне тиеді, терезелерін де үлкендеу етіп жасауға әбден болатындай; бірақ қалай десек те алманың, түтіннің, итмұрынның, сүрлеген шошқа етінің иісі аңқыған осы бір көнеден қалған көрікті жерге ескіліктің де бір көне иісі керек қой.

Қожайынның аты — Джон Форд. Жасы жетпіске тақаған, салмағы он жеті стоун1 ірі денелі, ұзын сирақты шошайған бурыл сақалды, көзі қоңыр, мойны қысқа, беті әрқашан қызара бөртіп жүретін адам; демікпе ауруы бар. Қарым-қатынаста өте сыпайы әрі қатал. Демалыс күндерінен басқа уақытта түрлі-түсті жібек костюм киеді, кейде оның шымқай қарасын да ұнатады; саусағынан жалпақ жүзік, мойнынан шынжырлы алтын алқа көресіз. Онда ешқандай ұсақтық, пендешілік деген болмайды, жанына көп ешкімді жақындата бермесе де, жүрегі жұмсақ болар деп шамалайсың. Шыққан тегі солтүстіктен, алайда бүкіл ғұмырын Жаңа Зеландияда өткізген. Ендігі қолда қалғаны — Девонширдегі осы ферма. Жаңа Зеландиядағы Солтүстік Аралда оның үлкен қой фермасы болған, тасы өрге домалаған кезі де сол уақыт, қонақтар үшін есігі қашанда ашық, көппен бірге үріп ішіп, шайқап төгуге бар жағдайын жасап алған болатын. Дәл қалай болғанын білмеймін, бірақ бір қырсыққа аяқ асты кезіккені анық енді. Естуімізше, жалғыз ұлы торф өндіруде бар байлығын шашып алып, әкесінің бетіне қарауға бата алмай, тапаншаны өз маңдайына тақап тұрып... басып салса керек; бұл қасіреттің қара таңбасын Джон Фордтың жүзінен анық көргендей боласыз. Сол жылы әйелі де дүние салады. Содан баласының қарызын қара тиынына дейін төлеп, өз еліне қайтады да, осы фермаға мүлде орнығып қалады. Алдыңғы күні кешкісін ол маған мына жарық жалғанда ендігі жалғыз көз қуанышы — өзімен бірге тұрып жатқан немере қызы екенін ағынан жарылып айтқан-ды.

О баста Пейснс Войси, кейін тек Пейшнс, ал мұнда Пэшьенс аталып кеткен сол қыз қазір, міне, есігі жеміс бағына қараған жабық галереяда менімен бірге отыр. Жеңін түріп алып, шайға салатын қарақат тазалаумен әуре. Үстелге ауық-ауық шынтақтай сүйеніп алып, еріндері шүртиіп, қарақатты бір-бірлеп ауызға тастап қояды.

Өзі кішкентай ғана дөңгелек жүзді, ұзын бойлы, қылдырықтай жіңішке, маңдайы тайқы қыз; дудыраған шашы қызыл-қоңыр, көздері қара, еріндері қып-қызыл әрі қалыңдау; мұрны сәл таңқиған, қимыл-қозғалысы ширақ та жұмсақ. Қызыл түсті өте жақсы көреді. Кейбір жағынан оның мысыққа ұқсайтыны да бар; бірде өзі еркелеп жабыса түседі, енді бірде біреу сәл жақындаса кірпідей жиырыла қалады. Әйтеуір қашанда бұрқ-сарқ қайнап жүретін бір жан, алайда, расын айту керек, сезімін сыртқа шығару онда жоқ. Мен кейде: жалпы осы қызда сезім дегенің бар ма екен деп күмәнданамын. Өзі скрипкада ойнайды.

Шал екеуін бір шаңырақ астынан көру қызық, қызық қана емес, сәл көңілсіз де. Шал оны өліп-өшіп жақсы көреді, ендігі қалған өмірінің бар алданышы мен жұбанышы тек осы қыз еді. Сөйте тұра солтүстіктік қатал шалдың өз сезімі алдында бейшара болып қалатынын да байқаймын — ол үшін Пейшнспен бірге өмір сүру — тағдырдан өзі тілеп алған азаптай көрінеді маған. Қыз жаратылысынан бірбеткей, нағыз қырсықтың өзі: бір сәт сабырлы, салмақты боп тұрады да, енді бір сәтте долданып, буырқанып шыға келеді. Бірақ қалай десек те, оның өз шамасынша шалды өте жақсы көретіні анық: бірде ол ұйықтап жатқан оны еркелей келіп сүйіп алғанын да көргенім бар. Жалпы, ол атасының ыңғайымен ғана жүреді, сол үшін де оған жыны келетін секілді. Оның алған білімі де қызық — тарих, география, математика негіздері, бар болғаны — осы; мектепке мүлде бармаған; біраз уақыт скрипкада ойнауды оқыпты, бірақ білгенінің барлығы дерлік өз бетінше үйренгендері. Оған құстар, гүлдер, құрт-құмырсқалар әлемі де жақсы таныс; қайда жүрсе соңынан қалмайтын үш мысығы бар; қысқасы, одан бәрін де күтуге болады. Бірде маған: "Сізге бір нәрсе көрсетейін, қолыңызды созып, көзіңізді жұмыңызшы" демесі бар ма! Сондағысы не боп шықты дейсіз ғой — ылжыраған ұлу! Ол — шалдың жалғыз қызынан туған бала екен. Шал қызын Торкиде оқыту үшін Жаңа Зеландиядан отанына жібереді, бірақ ол оқудан қашып кетіп, аң аулап жүргенде танысқан орта қол фермер Ричард Войси деген біреуге тұрмысқа шығып кетеді. Бұған Джон Форд қатты ашуланады; өйткені Ричардтың атасы Камберленд шекарасы жағындағы қарақшылар тобының басшысы болған көрінеді, сондықтан да шал "сквайр" Рик Войсиге жеккөрінішпен қараса керек. Ал оның "сквайр" аталу себебі: Чорт Хокинс атты жергілікті пірәдармен ол күн сайын кешкілік карта ойнаған деседі. Алайда Войсилерді жек көруге тұрарлық тексіз әулет деуге болмайды. Бұл ферманы Ричард Войсилердің бірі VIII Генрих патшалығы тұсында, 13-жылдың 8 қыркүйегіндегі құжатқа сәйкес сыйға алады да, содан бері уысынан шығармай келе жатқан көрінеді. Бұл құжат күні бүгінге дейін ферма бастығының әйелі Хопгуд ханымның қолында екен. Бұл өзі Пейшнске шексіз берілген, екі беті кепкен алмадай, жүрегі жұмсақ әрі әпенділеу кемпір еді.

— Бұл қағазға мен ғана ие боп келемін, — дейді ол. — Форд мырза тым тәкаппар адам ғой. Бұл жағынан басқалары да қалыспайды. Бәрі де текті, көне әулеттің ұрпақтары: әйел затының аты кілең Марджори немесе Мэри болып келеді, ал еркектері — Ричард, Джон не Роджер аталады. Иә, жемісін төгіп берер бәйтеректей әулет қой бұлар.

Рик Войси бұзық адам болған, оның үстіне аңшылықты өте жақсы көріпті; өзінің ескі фермасын ол қамыс шатырға дейін кепілдікке өткізіп жібереді де, қарызға белшесінен бата түседі. Джон Форд өз қаражатымен ол қарыздардың орнын жауып, ферманы тұтастай өзіне қаратып алады. Сосын қызы мен Войсиге ақы-пұлсыз-ақ осында тұра беруін өтінеді. Бұған екеуі де келіседі, сөйтіп бұдан сегіз жыл бұрын жол апатынан қаза болғанша олар осы жерде тұрған көрінеді. Арада бір жыл өткенде Фордтың өзі де кедейленіп шыға келіп, мұнда Пейшнс екеуінің ғана қара басы қалса керек. Менің байқауымша, қыздың атқақтап тұратын асаулығы мен қызба қандылығы — бойындағы екі қанның бір-бірімен тынымсыз күресіп жатуынан болса керек; егер ол тек осы жердің төл перзенті болса немесе Джон Форд секілді мүлде бөтен жақтан келіп қосылса, онда өзін қазіргіден әлдеқайда бақытты сезінер ме еді, кім білсін. Бұл өзі қолдан жасаған теориядай көрінуі мүмкін, алайда бұның шындыққа жақындығына өз басым кәміл сенемін. Бір мезет ол қолын омырауына басып, ернін жымқыра тістеген күйі тұрған орнында тастай қатып қалады; сосын кенет ойына әлдене түскендей қас-қағым сәтте көзі ұшқындап шыға келеді де, алдымен көңілді, сонан соң ызалы, улы күлкіге басады. Жасы он сегізде, қайыққа отырғанда ештеңеден қорықпайды, есесіне атқа сүйреп жақындата алмайсың, бұған шалдың күйіп-пісетіні бар. Өйткені оның өзі күні бойы уақытының көбін ап-арық, кіп-кішкентай, сонысына қарамай еңгезердей шалды қаңбақ құрлы көрмей көтеріп жүретін будан-пони үстінде өткізуші еді.

Олар Дэн Треффиге құрметпен қарағандықтан маған мұнда жақсы орын тауып берген; алайда менің миссис Хопгудпен жеке келісімім бар, оған аздап ақша төлеп тұрамын; өйткені үй иелері аса бай адамдар емес, округтегі ең үлкен фермаға ие болып тұрса да, одан табар табыстары шамалы. Ал Джон Фордтың тәкаппар, зор тұлғасына қарап тұрып, осы кісі ақшадан жарымай жүр-ау деп тіпті де ойламайсың.

Сағат сегізде бәріміз түгел ғибадат жасауға міндеттіміз, сосын таңғы ас, одан кейін не істесең де ешкімнің шаруасы жоқ, содан кешкі ас пен ғибадатқа дейін жазасың ба, әлде басқа бірдеңемен айналысасың ба, өз еркің. Ал түстік жайына келгенде, әркім өзі үшін қам жеуі керек. Жексенбі күндері үйден екі миль жердегі шіркеуге екі рет баруға тиіссің, әйтпесе Джон Фордтың назасына ілігіп қаласың... Дэн Треффридің өзі Кингсуэрде тұрады. Оның сөзіне қарағанда, жияр байлығын ол жиып алған; бұл жер оған ұнайды, ұзақ жылғы арпалыстан кейін нағыз демалатын орынды осы арадан тапқандай; Жаңа Зеландияда ол әлдебір кен орнында әбден байып алғанша бар азапты басынан кешірген секілді. Оның кәрі нағашысы Николас Треффри сіздің есіңізде қалмаған шығар, Дэн сол кісіге қатты ұқсайды: әр сөзін еріне сөйлейтін марғаулығы, сөйлеген кезде сіздің атыңызды атап отырар әдеті — бәрі-бәрі кәрі Николасты еске салып тұрады; ол сияқты — бұл да солақай, бұның да көз жанары жасықтау. Қара шоқша сақалы бар, беті қызыл-қоңыр, самай шашы аздап ағара бастаған, дегенмен күш-қуаты әлі темірдей мығым. Ол күн сайын дерлік сабалақ жүнді, керемет иісшіл қара спаниелін алға салып алып, атпен біраз жерге дейін серуендеп қайтып жүреді. Ол маған Джон Фордтың скваттерлік2 жас кезінен небір қызық жайларды айтып берген: әсіресе оның шу асау аттарды қалай үйреткені, маори тайпасымен соғысқа қалай қатысқаны туралы әңгімелері мені қатты қызықтырушы еді. Дэннің сөзіне қарағанда, ол "Ник нағашысының ерекше бағалаған адамы" болған секілді.

Олар — бір-бірін өте сыйлайтын тамаша достар; Дэн шалға үлкен құрметпен қарайтыны рас, дейтұрғанмен ол мұнда негізінен Пейшнс үшін келетінін сезетін. Қыз бөлмеде болғанда ол ауыз ашып, тіл қатпайды, тек көз қиығымен оған қызыға қарайды да отырады. Пейшнс оны кез келген сәтте қатал қайырып тастауы мүмкін, бірақ оның бар қылығына төзу керектігін ол да біледі, кейде есікті қаттырақ жауып шығып кетеді де, артынша амалсыз, бірақ батыл түрде қайта кіре береді.

Мысалы... кеше кешкілік тамақтан соң бәріміз галереяда отырғанда, Пейшнс скрипканы қолына алғаны сол, Дэн кенет одан бір музыка ойнап беруін өтінген. Бұл енді оның тарапынан болған асқан батылдық.

— Не-е? — деді ол көзі бақырайып. — Еркектердің алдында ойнау?.. Жоқ, рақмет пейіліңізге!

— Ау, еркектерде тұрған не бар?

— Ештеңе де жоқ, бірақ мен оларды жек көремін. Джон Фордтың жұдырығы ағаш үстелге тоқ ете қалды.

— Тәубаңды ұмытқан екенсің сен! Жөнел бар ұйықтауға!

Қыз Дэнге алара бір қарады да, кете барды; артынша оның бөлмесінен тым ойнақты желдірме әуен естілген; ол әуен, шүкіршілік, енді бітті-ау деген кезде, әлдебір жан шошырлық күлкіге ұқсас тағы бір музыка құлақ етімізді жеп жібере жаздап еді. Джон Форд бұдан әрі шыдай алмады-ау деймін, ізетпен бізден кешірім сұрап, орнынан тұрған да қыз бөлмесіне бет алған. Скрипка тына қалды: шалдың оған ұрсып жатқаны бізге ап-анық естіліп тұрды; сосын ол біздің жанымызға қайтып келіп, отыра бергені сол — жоғарғы бөлмеден құлаған бір зат жолай алма бұтақтарына соғылып, жерге күмп ете қалды.

Скрипка! Сол сәттегі шалдың түрін көрсеңіз! Дэн скрипканы алып келмекші болып еді, ол рұқсат етпеді. Арада біраз уақыт өткенде мен өз бөлмемнің терезесінен Джон Фордтың сыртқа шығып, скрипкаға еңкейіп қарап тұрғанын көрдім. Ол бір аяғын көтеріп, скрипканы таптап тастауға оқталғандай болды да, ақыры оны жерден көтеріп, тазалап, үйге алып кірді.

Менің бөлмем Пейшнстің бөлмесімен көршілес еді. Оның күлкісі, бөлмедегі заттардың орнын ауыстырып жатқандай қайдағы бір тықыр көпке дейін басылған жоқ. Не заматта көзім ілініп кеткен екен, бірақ әлдебір дүмпуден селк етіп оянып кеткенім. Сосын таза ауа жұтайын деп терезенің алдына бардым. Тас қараңғы, меңіреу түн! Ағаштардың қап-қара бұйра бұтақтарынан басқа ештеңе көрінбейді; жыбыр еткен жапырақ, сыбыр еткен бір дыбыс білінбейді, тек шошқа қора жақтан кейде ғана бір болымсыз қорсыл мен ауық-ауық жеңіл пысыл естіледі. Осындай жұп-жұмсақ мақпал түнде өзімді билеген қандай мазасыздық, қандай үрей екеніне таң қаламын. Бұл тегін емес, мұнда бір гәп бар — қалай десем де бір түсініксіз дүниеге тап болғандаймын. Өмірде мені дәл осы қыздан өткен аңдаусыз, аңғырт жанды да немесе ешбір ымыраға көнбес мынадай қырсық шалды да кезіктірген емеспін; оның скрипканы қалай сүртіп, тазалап жатқанын әлі ұмыта алмаймын. Жылт еткен ұшқыннан жалынның лаулап шыға келуі оп-оңай ғой. Бәріміздің төбемізге әлдебір қасірет түнере төніп келе ме, әлде... бұның бәрі Хопгуд шешей үйіп-төгіп алдымызға қойған кешкі астың қызуынан ба — әйтеуір, дәл қазіргі сәттегі мазасыздығымды өзім де түсінер емеспін.

Сейсенбі

II

... Менің жаңа танысым бар.

Бақ ішінде жатыр едім, аяғын таң қаларлықтай бірқалыпты, әрі сыбдырсыз жұмсақ басқан біреу мені байқамай тура жанымнан өте берді: орта бойлы, үстіне әбден ысылып, ақ жемі шыққан көк шалбар, галстуксыз фланельді көйлек, былғары күнқағары бар қара кепка киген; беті сопақтау, ат жақты, өңі күреңітіп күнге күйіп кеткен, маңдайы биіктеу адам... Мұрты қызыл-жирен, сақалы сүйірлеу, бүйрек бетті... Мұрын бітімі түзу, тік; көзі қоңырлау, жанары ашық; әр бетінде түзуінен түскен екі сызық бар: бірі — көз қиығы тұсында, екіншісі — танау түбін жиектеген; жасы — отыз бестер шамасында. Өңінен, кескіні мен қимылынан жарқын тірлік, жарасымды тәрбие, жасандылықтан аулақ табиғи мінез әрі қайсарлық сезіледі.

Ол бармақ басын тістеген күйі галерея алдында бір сәт ойланып тұрып қалған — өзінше он тоғызыншы ғасырдың теңіз қарақшысына ұқсаған бұл жігіт мына фермадан не іздеп жүр деп таңданамын. Кент тұрғынын сомерсетшир тұрғынынан айыруға болады деген сөз бар; бұл жерде, әрине, иоркширлікті де тану қиын емес, ендеше бұ жігітіңіз тек қана девондық болуы мүмкін; оның өзінде сол графтықтағы ең танымал екі әулеттің бірінен деп білген жөн. Ол ақырын ғана ысқырып қалып еді, сол сәтте-ақ үйден талшыбықтай майысып Пейшнс шыға келген — жоқ, талшыбық емес-ау, жел үрлеген көкнәр гүлін көргеніңіз бар ғой, ол да сол жіп-жіңішке көкнәр сабағындай болып жігіт алдында майыса қалған... Расында оның бүкіл болмысы адамдар арасындағы көкнәрдей көрінуші еді, қоп-қою қара шашының өзі көкнәр гүлінің ортасындағы үлпілдеген жүрекшені еске түсіретін көкнәр гүліндей оның да адамдарды өзіне тартып тұратын бір сиқыры, бір жұмбағы бар-тұғын. Ол әлгі жігітке қарай жақындай түскенде, кенет мені көріп қалып, тастай қатып тұрды да қалды.

— Бұл — Зэхери Пирс, — деді ол маған. Сосын мені оған таныстырып: — Ал мына кісі — біздің тұрғын, — деп бір қойды.

Бұны ол керемет бір биязы үнмен, бірақ ызалы түрде айтты. Және бұл сөзімен мені шымшып өткісі келіп еді, онысы ойындағыдай шықты да. Жарты сағаттан соң мен мал қорада жүргенде, жаңағы Пирстің өзі маған келіп:

— Сізбен танысқаныма қуаныштымын, — деді шошқаларға ойлана қарап тұрып. — Сіз жазушысыз ғой, солай ма?

— Иә, солай сияқты, — дедім мен.

— Егер сіз материал іздеп жүрген болсаңыз, мен сізге бір нәрселерді көрсетер едім, — деді ол күтпеген жерден. — Менімен жағаға жүріңіз, сонда бәрін айтамын: менің желқайығым зәкірде тұр, аса үлкен емес, бірақ осы өңірдегі ең ұшқыр қайығыңыз сол.

Күн шыжып тұр еді, төменге түсуге менің мүлде зауқым соқпаған, дегенмен жүріп кеттім. Біз бірнеше қадам ұзамай жатып, сүрлеу жолда Джон Форд пен Дэн Треффриді кезіктіріп қалдық. Жігітіміз сәл абыржығандай болды да, артынша тез өзін жинақтап ала қойды. Жолдың тура ортасында жолыққанбыз, бір-бірімізден бұрылып кетуіміз мүмкін емес еді. Джон Форд өзін өте тәкаппар ұстаған күйі пенснесін көзіне іліп, Перске сұқтана қарады.

— Қайырлы күн! — деді Пирс. Ауа райы қандай керемет! Мен Пейшнсті қайықпен серуендеуге шақыра келгем. Егер күн ашық болса, сәрсенбі күні теңізге шығамыз; мына кісі де бізбен бірге болады. Треффри мырза, бәлкім сіз де бізге қосыларсыз. Сіз менде еш уақытта болған жоқсыз ғой. Келіңіз, таңертеңгі асты бірге ішеміз, әкеммен таныстырамын. Ол екі сағат бойы жүзуге де шыдайтын адам.

Бұны бір түрлі қызық айтқаны сондай, оның дөрекілеу қылығына ренжудің өзі мүмкін болмай қалып еді. Джон Форд ашудан жарылып кетердей түтіге түскен; тек менен ұялғаннан ғана өзін әрең ұстағандай.

— Сіз өте кішіпейілсіз, — деді ол суық пішінде. — Алайда менің немеремнің басқа да жұмысы жетерлік. Ал сіз, мырза қайда барғыңыз келсе, сонда барыңыз. — Ол осыны айтты да, жай ғана бас изеп, салмақтай басқан күйі үйіне қарай жүре берді.

Дэн екеуміз бір-бірімізге қарадық.

— Барасыздар ма? — деп Пирс мұңая тіл қатты. Дэн міңгір-міңгір етіп:

— Құзырыңызға құлдық, Пирс мырза, — деді. — Мен қайықтан гөрі ерге отырғанды жақсы көруші едім, дегенмен құзырыңызға құлдық. — Тығырыққа тірелгенде ол сауысқандай сақ, әрі иіле де білетінін танытты.

Пирс ризашылықпен жымиып қойды.

— Ендеше сәрсенбіде, сағат онда. Өкінбейсіздер. Дэннің мұрын астынан: "Қадалған жерінен қан алмай тынбайды екен!" деп күңкілдей сөйлегенін естіп қалдым. Сөйте тұра ол Пирспен қатар жол сорабына түскен. Мен Пирстен:

— Менімен келіспей-ақ "барады" деп айтуға қалай батылың жетті, — деп сұрадым.

— Шал екеуміздің арамыз онша емес екенін байқадыңыз ғой, алайда оның сізді сыйлайтынын білдім де, дәл осылай десем тұйықтан шығып кетермін деп, белден басып жібергенім рас.

Біреудің ашуын басқа бірдеңемен басып жіберуге келгенде, ол алдына жан салмайтыны байқалған.

Біз етекке де жетіп үлгерген едік; бұл уақытта теңіз құм-қайраңды өзімен бірге ілестіріп, су астындағы жартастарды жалаңаштап, жағадан қайта бастаған. Жағалаудан ширек милдей жерде, қызыл-қоңыр желкенін түсіріп қойған шағын желкенді қайық майда толқындармен бесіктей тербеледі. Күн сәулесі қызғылт жартастарды сан түсті бояумен құбылтып, теңіз бетін де үйір-үйір алтын балық ойнағандай ғажайып бір нұрға бөлеп тұр. Пирс өзінің ескекті қайығына түскен де, қолтық астынан суға үңілген. Жүзінде ерекше масаттанғандық бар.

— Эх, шіркін, жалтылдаған мына күн сәулесін су бетінен сүзіп алып, алтынға айналдырса ғой! — дейді ол — Сонда алыстан жұмыс іздеп не керек... Иә, мен қазір бір қиял құшағында жүрмін. Ол туралы сіздерге сәрсенбіде айтармын. Маған журналист керек.

— Мен газетке материал жазбаймын, — дедім мен. — Басқа жұмыспен айналысам. Менің ерттеп мінгенім — археология.

— Ештеңе емес, — деді ол — Қиял неғұрлым ұшқыр болса, ол соғұрлым жақсы. Сіз үшін ол сұмдық пайдалы болады.

Оның соншама сенімді сөйлегені таңғаларлық еді, алайда кешкі астың уақыты болып қалған да, менің тамаққа деген тәбетім басқа бірдеңеге қызықтырғаннан гөрі жағаға қарай тарта берген. Артыма мойын бұрғанда, оның әлі сол орнында тұрғанын көрдім: өзі — қайықта, көзі — теңізде. Өте қызық жігіт, бірақ бір нәрсесімен адамды тартып тұрады.

Сол күні кешке ол туралы бір ауыз сөз болған жоқ, тек кәрі Форд Пейшнске ұзақ қарай отырып: "Жақсылықты білмейтін сары ауыздар!" — деді жай ғана сөз ыңғайында айта салғандай. Пейшнс әдеттен тыс салмақты бола қалған; біздің әңгімемізді жайбарақат тыңдап қойып, өзіне назар аударған кезде жымия күлген де болады. Ал ұйықтайтын кез болғанда, атасының әдеттегі: "Кел, балам, бетімнен сүй!" дегенін күткізбей-ақ оған өзі-ақ жақындай берген.

Дэн кешкі асқа қарамай кетіп қалған, содан бері төбе көрсеткен жоқ. Бүгін таңертең Хопгуд шешейден Зэхери Пирс деген кім деп сұрағанмын. Бұл кісі нағыз девонширлық қой, егер ол өмірде бір нәрсені ұнатпайтын болса, онысы — өзінен әлдекімнің нақты мәлімет сұрауы шығар. Бұл жолы да әр нәрсенің басын шалып, ұзақ айналшықтап жүріп алды да ақыры:"... Қара диірмен жақта тұратын кәрі Джон Пирс деген кәрі капитанның баласы ғой. Бұлар өзі — кезінде Дартмут пен Плимуттан келген көне әулеттен, — деп, сөзін сабақтай түскен. — Пирстердің бесеуі Фрэнсис Дрейкпен бірге испандарға барыпты деген сөз — әншейін бос сөз. Бұл туралы мен мистер Зэхеридің өз аузынан естігенмін; ал сіз бір нәрсе білгіңіз келсе, алдымен Хэ-эпгудтан сұрасаңызшы!"

Бұл кісі осы мінезімен бейшара шал Хопгудты күніне неше рет түсінік беруге мәжбүр етеді десеңізші! Осындай тәсілмен ол өзін бұдан басқа түк білмейтіндей көрсетіп алған да, сосын тағы мынаны қосып қойған:

— Капитан Джон Пирс ғұмыр бойы саяхат жасаған адам. Қазір қартайды ғой, жасы жүзге тақаған деседі. Ау, сіз бұны Хэ-эпгудтан сұрасаңызшы.

— Ал оның баласы? Сол туралы айтыңызшы, миссис Хопгуд? — деймін мен.

Оның көзінен әлдебір қулық ұшқыны жылт ете қалған. Артынша менің сөзімді естімегендей әңгімені басқа арнаға бұрып жіберіп еді:

— Бүгін түстікке не әзірлейін сізге? Үйрек бар; мүмкін нанға бұқтырылған бифштекс пен алма бәлішін қаларсыз? Немесе басқа бірдеңе... Жарайды, тағы бір нәрсе ойластырып көрерміз. — Сосын менің жауабымды күтпестен бұрылып жүре берген.

Ертең сәрсенбі. Әлгі бір жас Пирсті тағы бір көріп қалуға өз басым қарсы емеспін.

Жұма, 29 шілде

III

...Ау, маған көл-көсір сұрақ қойып, басты жұмысымнан айырып, неге сіздер мені тек осы адамдар туралы жазуға итермелейсіздер? Егер шынымен бәрін білуге қызықсаңыздар, сәрсенбі күні не болғанын айтып-ақ берейін.

Сол күнгі таң да таңғажайып нұрға бөленіп тұр еді. Көзімді тырнап ашысымен қарсы алдымнан Дэнді көргенде таңданып қалғаным рас; ол біреуге уәде берсе орындамай тынбайтыны есімнен шығып кетіпті. Джон Форд оның қолын қысуға сыртқа шыққан, бірақ ол не үшін келгені есіне түсе қалды ма, терең бір күрсініп алып, ештеңе айтпастан үйіне қайта кіріп кетіп еді. Пейшнс көрінбеді, сосын екеуміз етектегі құм-қайраңға қарай беттегенбіз.

— Джордж, тыңдаңызшы, маған анау Пирс дегеніңіз мүлде ұнамайды, — деді жолай Дэн. — Өткен жолы оған баруға келісе салғаныма қатты өкінемін, енді бас тарту ыңғайсыз. Не үшін керек болды екен бұл оған? Ол ештеңені ойсыз істемейтініне мен кепілдік беремін сізге.

Бәрін де барғанда білерсіз дегенді айтып, мен оны тыныштандырмақ болдым.

— Әй, қайдам, тым күдікті адам сияқты, мен оны көрген сайын есіме теңіз қарақшылары түсе береді.

Тендер3 көптен бері бір орында байланып қалғандай айлақта марғау тербеліп тұр екен. Зэхери Пирс те әдеттегідей екі ескекті қайығында отырғанын көрдік.

— Желге қарсы жылдамдығым — бес узел4. Сіздерді баратын жерге екі сағатта жеткіземін, — деді ол.

Пейшнс туралы ол ештеңе сұраған жоқ, бізді өзінің "желден жүйрігіне" отырғызып алды да, тендерге қарай ескегін есе жөнелді.

Тендерде бізді күнге күйген, торсық шеке, теке сақал мынау өзі нағыз теңіз көкжалы екен дейтіндей Прол деген біреу қарсы алған.

Тендерде мұнтаздай тазалық салтанат құрыпты: Бриксемдегі балық аулаушыларға арналып жабдықталған бұл кеме "ДХI13" деген нөміріне дейін сақтап қалған. Біз ала-көлеңкелеу кең каютаның ішіне кірдік; мұнда екі төсек және кішірек үстел қойылыпты; үстел үстінде бүйірі бұлтиған шишалар ыздияды: бір бұрышта киім-кешек ілетін ілгіштер тұр. Бізді мұнда алып келген Прол желкендерді бу күшімен көтеретін өз қондырғысына аса мақтанышпен қарайтындай көрінді. Бірнеше минуттан кейін палубаға біз қайта көтерілген кезде, кеме жапсарына көтеріп байлап қойған қайықта... Пейшнс отырғанын көрдік.

— Бұны білгенде, мұнда аттап баспас едім, — деді қызара қалған Дэн күңкілдей сөйлеп.

Қыз алдап соғыпты, енді бізге тек алға тарта беруден басқа амал жоқ еді.

Саяхат салған жерден жанымызды жадыратып жіберді. Оңтүстік-шығыстан леки ескен салқын самал. Шуақты күн. Ауа тап-таза, шыныдай мөлдіреп тұрды. Біраздан соң Пейшнс көңілді бір ән бастаған.

Колумб өлді, жатыр ұйықтап молада,

О! Хэй-хоу! Жатыр ұйықтап молада;

Отырғызды басына оның алма ағаш,

О! Хэй-хоу! Басына оның алма ағаш.

Алма пісті — үзілгелі тұр, міне,

О! Хэй-хоу! Үзілгелі тұр, міне;

Оны келіп жинап алар адамдар,

О! Хэй-хоу! Жинап алар адамдар.

Жиналды алма, жатыр әне, үстелде,

О! Хэй-хоу! Жатыр әне, үстелде.

Ал мен қойдым, ән салыңдар өздерің,

О! Хэй-хоу! Ән салыңдар өздерің.

Оның бозторғайдай шырылдап, аспанда қалықтап, дірілдеп тұрып алған ашық даусын жел әлдеқайда алып қашып жатты. Бір мезетте Пирс оған жақындап келіп, құлағына бірдеңе деп сыбырлап еді, ол әлденеден шошынған кішкентай тышқан секілді кілт жиырыла қалды да, артынша сықылықтай күліп, шашын артқа сілкіп тастады. Бұдан әрі ән салған жоқ, қолын жағына таянған күйі бүгіле түсіп, үнсіз отыра берді. Күн күйдірген бір жақ беті шабдалыдай қызарып, алабұртып көрінген.

Біз Дартмутты жанай өтіп, жарты сағаттан соң қалың ағаш көмкерген кішкентай бір шығанаққа келіп кірдік. Қызғылттау түсті жатаған жартастардың үстінде, қарағай арасында бір үй тұрды. Жартастардың етегінде әбден мүжіліп біткен әлдебір порттық құрылыстың жұрнағы қалған екен, тендер тұмсығын біз соған тіредік те, жағаға қарай беттедік. Жоғарыдан балыққа ұқсас бір шал түсіп, қожайынның орнына тұрды. Пирс бізді үйге бастаған, оның соңынан аяғын имене басып Пейшнс ілесіп еді.

Осы маңайдағы батпақты жердің қамысынан жасалған үйдің шатыры жерге қарай салбырай бітіпті. Бұдан басқа көзге ұрып тұрған ештеңе байқай алмадым. Үйдің өзі ескі де емес, жаңа да емес, әдемі, әрсіз де емес, сондай-ақ керемет күтім көрмесе де, тым қараусыз да қалмағаны байқалады; бүкіл терезесін теңіз жаққа қаратып, тау мен тастан түңілгендей, жоғарыға ту сыртын беріпті.

Ауыз үйде, орасан зор дүрбінің жанында, басына панама киіп, мүйізді таяғына сүйеніп отырған өте кәрі шалды көрдік. Шағаладай аппақ сақал-мұрты мен қою қара қасы оның жылтыңдаған кішкентай көздеріне әлдебір өткір нұр, қызық сыр ұялатқандай еді. Қызыл шырайлы беті мен мойнын тұтастай әжім торлаған. Қызық! Көздерін сығырайтып алып, күннің жарқыраған сәулесіне тік қарайды.

— Әке! — деді Зэхери. — Бұл Пейшнс Войси. — Шал көзін қызға бұрып, мұрын астынан мыңқ ете қалды.

— Мархабат, мэм. — Бұдан әрі оған назар салған жоқ. Бұған Пейшнс ренжіп қалса керек, сәлден кейін ауыз үйден шықты да, қарағай ішін аралап кете барды. Әлдебір кемпір тәрелкелер мен бірнеше шиша әкеліп, үстелге қойды: біз басымыз айналып қалғандай ләм деп ауыз ашпастан кәрі капитан Пирсті жағалай жайғастық.

Ас алдымызға келгенде, Зэхери Пирс пен Дэннің арасында аздаған қақтығыс боп қалды: әңгіме Пейшнсті кім шақырадыдан шыққан. Ақыры екеуі бірдей кетіп еді... біраздан соң өздері ғана қайтып келді: оған ешқандай тамақтың керегі жоқ, қарағай түбінде қала бергісі келген екен.

Үстел басында біз жаншып пісірген ет, жабайы көгершін, саңырауқұлақ, тұт қайнатпасын жеп, қарапайым стақандармен сондай бір тамаша мадера іштік. Мен шалдан бұл жүзім шарабын қайдан тапқанын сұрадым. Ол маған сұқтана қарап алып, басын сәл иген күйі:

— Бұның бір шишасына мен екі шиллинг жұмсадым, мұндай шарап бұл жерде ешкімде жоқ. Отызыншы жылдардың басында... бір шишаға екі шиллинг... бұндайды қазір түсіңде көрмейсің, ол кездің адамдары да бөлек еді ғой, — деп, Зэхериге көз қиығын тастап қойды.

Зэхери жымиды да:

— Әке, қазір мен дайындалып жатқан кереметтей істі сен түсіңде де көрген жоқсың, — деді.

Шалдың оны жаратпай қалғаны көзінен байқалып үлгерді.

— Байқаймын, Зэх, сен өзіңнің "Сиқырлы" қайығыңмен алысқа жүзуге жиналдың-ау деймін.

— Иә, — деді Зэхери.

— Сонымен жаман "кебісіңмен" қайда бармақшысың сен?

— Роккаға.

— Фу, — деді шал тыжырынып. — Онда не бар саған? Ол жерді мен бес саусақтай білемін, адам қызығатын ештеңесі де жоқ. — Ол өзінің түк басқан тарамыс қолын алға созды.

Кенет Зэхери жұлып алғандай қызына сөйлеп кеткен.

— Могадор түбінде бір адам бар... менің досым... екі жылдан бері... Концессия, контрабанда, оқ-дәрі... теңіз қарақшылығы, өзара соғыс, ақша... көсемдер, пулеметтер, сұлтан... қару-жарақ... көтеріліс... алтын... — Ол сауданың осындай қулық-сұмдықтары арқылы қалай саяси өмір тегершіктерін шыр айналдыруға болатыны туралы өзінің сұмдық жоспарларын бүге-шігесіне дейін жайып салды.

— Ол жерге жетпей желкеңді қиып жібереді сенің, — деді кәрі Пирс.

— Қиып жібереді? — Зэхери мырс ете қалды. — Айтады-ақ екенсің! Ол ешкімнің қолынан келмейді. Тек осы жерден шығып кетсем болғаны, сосынғысы өз қолымда. Билік ауысқан кезде мен шылқыған бай болып шыға келемін.

— Сен бара алмайсың, — деді оған шал.

Зэхери әр түрлі сандармен шимайланған бір парақ қағазды жұлып алды. Мұнда барлығы есептелген екен. Қанша жолға шығатыны, қанша тауарға кететіні, қанша концессияға беретіні, қанша кездейсоқ жағдайларға жұмсалатыны, бәрі-бәрі қағазға түскен.

— Қара бақырға дейін! — деді ол нығыздап. — Мыңнан бір тиын да кем емес. Кеме сақадай сай, егер бір айға дейін оған жете алмасам, онда барлық істің күйрегені.

Мұншама ашылып сөйлеуіне қарағанда, оған ақша керек секілді; мұндай жағдайда не деу керек болса, біз соған дайын отыр едік.

— Ессіздік, — деді шал теңіз жаққа қарай отырып.

— Жоқ, — деді Зэхери бір-ақ ауыз сөзбен.

Осы бір ауыз сөздің өзі манадан бергі айтылғанның бәрінен артық көрінген. Жоқ, бұл жігіт жай ғана арманшыл жастың бірі емес. Оның жоспары әрі тәуекелге бас тігу, әрі мүлде заңсыз болуы әбден мүмкін, бірақ ол бұл жолда қандай табысқа жететінін білетіні анық.

— Жарайды, — деді кәрі Пирс. — Мен саған өз қалтамнан бес жүзді санап беремін, болмағанда қандай іс қолыңнан келетінін білейін сенің. Мені енді үйге кіргіз!

Зэхери оны креслоға жеткізіп салды да, қайтып келді.

— Бес жүз фунтқа чек міне! — деді ол бір жапырақ қағазды көрсетіп тұрып. — Мистер Треффри, сіз де маған дәл осындай берсеңіз, пайданың үштен бірі сіздікі.

Дэн бұдан ат-тонын ала қашатын шығар деп ойлағам. Алайда ол:

— Сіздің жолға шығуыңызға осы ғана кедергі боп тұр ма? — деді жай ғана.

— Иә. Жетерлік ақшам болса, екі аптадан кейін теңізге шығып кетер едім, — деді ол.

— Жақсы! — деп, Дэн баяу тіл қатты. — Маған қолхат беріңіз. Он төрт күннен қалмай жолға шығуыңыз үшін және менің үлесімді адал беруіңіз үшін — бес жүз фунт, артық та емес, кем де емес.

Пирс мұндай ұсынысқа бірден құлап түсетін шығар деп ойлағам, алайда ол иегін ұстаған қалпы Дэнге қадала көз тігіп отырып қалған. Дэн де солай. Өстіп олар бір-бірімен арбасып отырғанда, сырттан... мысықтың баласын ұстап Пейшнс кіріп еді.

— Қараңдаршы! — деді ол. — Қандай сүйкімді, ә? Кіп-кішкентай мысық тырнақтарымен тырмысып, оның мойнына ұмтылады. Пейшнске бұрылған екі жігіттің осы сәттегі көзқарастарынан мен кенет олардың неменеге дал болып жүргендерін түсінгендей болдым. Мысық Пейшнстің мойнын тырмалап тұрып, бір сәтте төмен сырғып кетті де, көйлекті тырнап барып, жерге топ ете түсті. Пейшнс оны көтеріп алып, сыртқа шығып кетті. Дәл кім екенін білмеймін, екі жігіттің бірі күрсініп қалды. Сол арада Пирс:

— Әкел, қолыңды! — деген. Қол алысылды, іс бітті.

— Сау болыңыз, мистер Пирс, — деді Дэн. — Менен бар күткеніңіз осы ғой деп ойлаймын. Деревняда мені атым күтіп тұр. Сіз Пейшнсті үйіне өзіңіз жеткізіп саларсыз, Джордж?

Біз жолдан құйындата шапқан ат дүбірін естідік; Пирс кенет кешірім сұрап, көзден ғайып болды.

Оның қолға алған ісі романтика қуу немесе тіпті ессіздік болып көрінуі мүмкін, дегенмен өмірден ешқандай алшақ емес. Оңай олжа үшін жанын салуға бар! Дрейкті, Рэйлиді, Хаукинсті, Оксенхемді еске түсіріңіз. Бірақ іс неғұрлым романтикаға сүйенген сайын ол соғұрлым күмәнді де. Егер сол Дрейктер де оңай олжа қуса, не болар еді?..

Мен қарағайлар ішіне аяңдадым. Ондағы жер, араның жон арқасы секілді алтын-қоңыр жолақтанып жатады: төменде теңіз көгілдір түспен сан құбылады; ал аршалардың басында аралар гулеп, одан әрі аппақ бұлттар қалықтайды; қайда қарасаң да, әйтеуір, ерке-сылқым дүние. Девонда нағыз жадыраған жаз. Күтпеген жерден мен жар басында тұрған Пирсті көріп қалдым. Жар астындағы үңгірде жігітке қарап Пейшнс отыр. Пирс оны шақырып тұр.

— Пейшнс!.. Пейшнс!

Оның даусы мен қыздың әрі таңырқай, шөліркей қараған көздері менің жынымды ойнатқан. Осы жасында махаббаттан не түсінеді десеңші! Бұлардың арасында не бар екен осы?

Ол маған қыз үйіне қайтуға дайын тұрғанын айтты да, мені кәрі көк атқа мінгізіп, өткелге дейін әкеліп салды. Жолай таяуда айтқан ұсынысын тағы қайталаған.

— Менімен бірге жүріңіз, — деді ол. — Баспасөзді менсінбеуге болмайды; мүмкіндігіне қарай өзіңіз де талайды байқап көресіз. Ол дегеніңіз біз үшін есігі ашық санаулы елдің бірі ғой. Тек істі бастасам болғаны, оның қандай серпінмен құлаш жайып кетерін сіз елестете де алмайсыз. Сіз қайда барғыңыз келсе, сонда бара аласыз, не істеймін десеңіз де өзіңіз білесіз, әрине тек ақылмен.

Мен бұл істің ешқандай ақылға сыймайтынын шамам жеткенше батыл (дегенмен өзімді барынша тежеп) айтып салдым. Шындығында ол маған өте сергек ойдың адамындай көрінген; дегенмен алғашқы әсерде осынау жоспардың өзін қалай бағаласаң да оның мәні соны ойлап тапқан адамның мінез-құлқынан хабар бергендей еді.

— Ойланыңыз, — деді ол менің ойымды оқып тұрғандай қасарысып. — Қаласаңыз, өз мүмкіндігіңізді пайдаланып қалуыңызға да болады. Газет бетінде дегенім ғой. Әрине, бұл өз кәсібіңіздің мәселесі — тек сол үшін; егер уақытым болса, онымен өзім де айналысар едім. Басқа жағдайда... иә, басқа жағдайда өзіңізге өзіңіз қожайынсыз.

Не дейді!? "Өзіңе-өзің қожайын!" Белгілі болды, жас Пирстің бүкіл іс-тірлігінің мәні осы бір үш ауыз сөзде жатқандай. Мұнда еркектік намыс дейтін ұғымға сәйкес ешқандай тәртіп, ешбір заң, тіпті ақылға сыймайтын құпия бір түйін де жоқ. "Өзіңе өзің қожайын!" Ешқандай идеал; ешбір принцип; ешкімге табыну; ешбір кедергіні айналып өту жоқ! Алайда ағылшын догының қыңырлығы бұл жігіттің жанында түкке тұрмайды. "Жоқ" деген сөз онда жоқ!

— Міне, менің "сиқырлым"! Жылдамдығы — он екі узел! Жарайды, сау болыңыз! Келіп тұрыңыз! Жауабыңызды кез келген сәтте күтемін. Ал қазір бортқа асығып барамын.

Өзеннен өтіп бара жатып мен оның кебіс іспетті кішкентай қайығына қалай отырғанын, қамыс қалпағында күн сәулесінің қалай ойнап тұрғанын қызықтай қарап кете бардым.

Жол бойымен жарты милдей жүргенде, дуал түбінде отырған Пейшнсті кезіктірдім. Екеуміз папоротник, қара бүлдірген, ырғай көмкерген девонширлік биік жоталардың арасымен жүре бердік.

— Сіз Құдайға сенесіз бе? — деді ол кенет. — Атамыздың құдайы өте қорқынышты. Скрипкада ойнай бастасам болды, құдайды сеземін: ал бабалардың құдайы тіпті қатал... Не жөнінде айтайын дегенімді түсінген шығарсыз: теңіз де, жел де, ағаштар мен сан түрлі бояулар да — адамды сезіндіруге мәжбүр етеді. Дегенмен мен өмірдің мәні тек ізгілікте дегенге сенгім келмейді. Шынында бәрінен маңыздысы — ізгілікті, мейірімді болу ма? Өз басым мейірімді болған сайын алдымнан кедергілер көбейе түседі. — Ол жол бойына ұзыннан ұзақ дуалдай созылып жатқан гүлді бұталардың бір талын үзіп алып, гүл қауыздарын бір-бірлеп жұла бастады. — Егер сіз бір нәрсе істегіңіз келіп, бірақ одан жүрексінсеңіз не істер едіңіз? — деді ол сыбырлап. — Бірақ сіз ешқашан ештеңеден қорықпайтын да шығарсыз! — деп, сосын мені сөзбен қытықтағысы келген.

Мен кейде өзімнің де қорқатынымды, алайда бәрінен бұрын қатты шошудан қорқатынымды мойындадым.

— Қандай жақсы! Ал мен ауру-сырқаудан да, атамнан да, құдайдан да қорықпаймын: мен бар ғой... мен ешкімге тәуелсіз болғым келеді. Сөйте тұра әлдебір нәрсеге көңіл хошым шапқан кезде, ол болмай қала ма деп өте қорқамын. Мен Зэхери Пирстің тәуелсіздік туралы айтқан "өзіңе өзің қожайын!" қағидасын есіме алдым.

— Сіз неге маған бұлай қарайсыз? — деді ол.

— Тәуелсіз болу деген не осы сіздер үшін? — дедім мен.

— Бүгін түнде менің не істейтінімді сіз білесіз бе ? — деп сұрады ол менің сұрағыма жауап қайтарудың орнына. — Терезеден алма бағына түсем де, орманға барып ойнаймын!

Қылқан жапырақтарынан ылғи да қышқылтым иіс аңқып тұратын қарағайлы орманды жиектеп, біз тік жолмен төмен қарай түсіп келе жаттық.

Етекте қалқайып тұрған жатаған лашық алдында шаңды бұрқыратып, балалар ойнап жүр.

— Саламатсың ба, Джонни, — деді Пейшнс. — Аяғыңды көтеріп, қай жері ауырып тұрғанын мына ағаңа көрсетші!

Бала кір-кір аяғына оралған шүберекті шешіп, жарасын маған мақтанышпен көрсете бастады.

— Сұмдық қой, ә! — деп, Пейшнс өкінішті тіл қатты да, шүберекті аяққа қайта орай берді. — Бейшара бала! Саған не әкелгенімді көрдің бе, міне! — Ол қалтасынан шоколад, сүргіштен жасаған солдатқа ұқсас бірдеңе, сосын тағы алты пенстік қара бақыр алып, балаға берді.

Бұдан әрі мен мүлде басқа Пейшнсті көргендей болдым. Үйге қайтар жолда ол кішкентай Джонни өскен отбасы туралы айтудан жалыққан жоқ; әңгіме оның шешесінің өліміне жеткенде тіпті қызып кетіп еді.

— Ұят қой, масқара ғой бұл; олар сондай кедей тұрғанын қалай көрмеуге болады... кім де болса басқа біреудің өлгені дұрыс болатын еді. Мен кедей адамдарды ұнатамын, ал байларды иттің етінен жек көремін. Өз бақтарына мастанған доңыздар ғой олар!

Миссис Хопгуд қақпа алдында біз жаққа қарап тұр екен; тақия тәрізді дөңгелек бас киімі бір жағына қисайып кетіпті. Пейшнстің бір кішкентай мысығы оның көйлек етегін тырмалап жүр. Бізді көргенде ол қуанып қалды.

— Атам қайда? — деді Пейшнс. (Кәрі бикеш басын шайқады да қойды) — Ашуланып отыр ма ол?

Миссис Хопгуд майысып, бәлденіп тұрды да, ақыры:

— Көгершінім-ау, сен шай іштің бе өзі? Жоқ. Түу, қандай аянышты; тамақ ішпегеннің түрі құрысын... — Пейшнс басын еңкейтіп, мысықты жерден көтеріп алды да, үйге қарай жүгіре жөнелді. Мен Миссис Хопгудтан көз алмай әлі бір орнымда тұрғанмын.

— Айналайын-ай десеңші... — дейді ол міңгірлеп. — Қоңыр қозым-ау менің.Тағы не десем екен өзі... — Сөйтіп тұрып кенет түсі бұзыла қалған. — Қалшылдап отыр ашудан, тура қайнап кеткен секілді. Әй, құдай-ай десеңші!

Осы кештегі батылдығым мені өзгертіп жібергендей еді. Алдымен күзет стансасында болдым; ол жерде маған ақ ірімшік жапсырған нан және қайдағы бір нашар сусын берген. Сосын о жақтан қайтып келе жатып, асүй жанынан өткенмін. Ондағы шам әлі өлеусірей жанып тұр екен, алакөлеңке жарықта екі адамның сұлбасы құдды аруақтай көлбеңдеп, ешкім сезіп-біліп қоймасын дегендей аяқ ұшымен ғана қыбырлап жүргені байқалған. Бұлар — Пейшнс пен миссис Хопгуд еді: жұмыртқа мен сүрлеген шошқа етінің иісі танау жарып, тәбетіңді қытықтайды, осы бір түнгі бастаңғыларына олардың өзі мәз сияқты, ал мен ішегім шұрылдап келіп, төсегіме қисайғанмын.

Түн ортасында оянып кеттім, әлдебір түсініксіз айқай естілгендей болды; сосын ағаштарды жел шулатқан сияқтанды; одан кейін құдды алыстан дүрсілдете соққан барабан үні мен ышқына айқайлаған әйел дауысы құлағыма талып жеткендей сезілді. Артынша бәрі тып-тыныш бола қалды да, тек ыңырси, сыңси шыққан екі түрлі бір қызық үн біраз созылып барып, ақыры ол да тынды. Бұдан соң бір сағаттай тың тыңдап жатсам да, тырс еткен бөгде дыбыс ести алмадым.

IV

Жоғарыда баян еткен жайдан кейінгі үш күн мұғдарында елең еткізер ешқандай оқиға болған жоқ. Таңертеңгі мезгілде жартас басында не кітап оқимын немесе теңіз бетінде жылтылдап ойнап жатқан күн сәулесін қызықтап отырамын. Мұнда, биікте қараған бұталардың арасында, жаныңдағы жартастар басында күнге қыздырынып отырған шағалалармен бірге табиғатты тамашалау сондай рақат; жасаңдарда бөдене шақырады, төбеңнен кейде жұлдыздай ағып қаршыға ұшып өтеді. Ал түстен кейінгі уақытымды жеміс ағаштарының арасында өткіземін. Фермадағы тірлік те баяғыдай: біреу сиыр сауып, біреу нан пісіріп жатады; Джон Форд не анда, не мұнда жүреді, Пейшнс бақта лаванда5 жинайды немесе жұмысшылармен әңгіме-дүкен құрады; төңіректе жусанның, сиыр мен шөптің иісі аңқиды; тауықтар шақырып, торайлар қорсылдап, көгершіндер пыр-пыр ұшады; жайлап, ақырын сөйлеген дауыстар естіледі; ал алмалар күн өткен сайын пісе түскенін байқайсыз. Дегенмен өткен аптада Пейшнс таңертеңнен кешке дейін жоғалып кеткені бар, қашан шығып кеткенін ешкім көрмеген, қайда кеткенін жан баласы білмеген сол күні күн де таң қаларлықтай тосын мінез танытқан: күміс-сұрғылт аспанды бойлап ақша бұлттар асықпай көшіп жатты, ағаштар ұяңдау тыныс алып тұрды, теңіз бетінде майда толқындар бірін-бірі қуалап келіп, шылп еткізіп жағаны ұрады; жан-жануар мазасыз, құстар үнсіз, тек шағалалар ғана бірде шаңқылдай дауыстап, енді бірде мысықтай мияулайды.

Ауадан сұмдық бірдеңе сезіледі; құдды түсіңнен шошып оятатындай гүрілдеген бір сарын жоталар мен сайларды қуалап келіп, тура үйге ұмтылған. Бұл қыздың бірнеше сағат жоғалып кетуінің өзі бәрімізді осыншама дүрліктіреді деп кім ойлаған! Бір-ақ сәтте сең соққан балықтай сенделдік те қалдық; әншейінде алмадай қызарып, томпайып тұратын миссис Хопгудтың беті бірден қуарып, суалып шыға келген. Өзім кездейсоқ кезігіп қалған сауыншы, жұмысшы әйелдер де бұл туралы үрейлері ұша әңгімелеп тұрды. Тіпті жайшылықта ханға сәлем бермейтін тау тұлғалы Хопгудтың өзі де арбаға атын жегіп жіберіп, бұның бәрі бос әурешілік екенін маған айта тұрып, бәрібір де қызды іздеуге жүріп кеткен. Джон Форд осы бір жайсыздықтан хабары жоқ адамдай көпке дейін абыржыған түр танытпаған, бірақ кешке қарай мен оның екі қолын тізесіне салып, тура алдына қараған қалпы тастай қатып отырғанын байқадым. Мені көргенде ол орнынан ауыр тұрып, үнсіз сыртқа беттеген. Кешке мен жартастар маңын сүзіп шығуға рұқсат сұрау үшін жағалау күзетшілігіне жиналып жатқанымда, күтпеген жерде Пейшнстің де төбесі көрінген: аяғын ептеп басып, бізге жақындай берді. Беті күреңіткен, өте шаршаған, жылап жібермес үшін ернін жымқыра тістеп алыпты. Маған есік тұсында жолыққан ол ләм деместен жанымнан өте шықты. Қатты толқығаннан шалдың тіл-аузы байланып қалғандай, қызға бірер қадам жақындап келіп, қос қолымен бетінен қаусыра ұстап, маңдайынан мейірлене иіскеді де, шығып кетті. Пейшнс алакөлеңке ауыз үйге басқыштармен ептеп түсті де, екі қолына басын сүйеп отыра кеткен.

— Кетіңдерші әрі! — Бар айтқаны осы. Біраздан кейін ол өз бөлмесіне барған. Не заматта миссис Хопгуд маған келіп:

— Аузынан бір сөз шығар емес, бір түйір тамақ та жемеді, оған дайындап қойған паштетім қандай дәмді еді! — деді. — Бейшара балаға не болғанын бір құдайым ғана біледі... қазір коньяк сұрап жатыр. Сізде ондай бірдеңеңіз бар ма, сэр? Менің Хопгудым коньяк ішпеуші еді, ал мистер Форд гүл тұнбасынан басқаны ұнатпайды. Менде виски бар-тұғын.

Қамкөңіл кемпір шишаны алып, қойнына тыға жөнелді. Кейін оның жартысын ғана қайтарып тұрып:

— Мысықтың баласындай сылпылдатып сорды. Сондай күшті дүниені... бейшара балақаным-ай... бірақ содан кейін тіл бітті ғой әйтеуір. "Мен оны істедім, — деді ол маған. — Тс-с, мен істедім оны", сосын сықылықтап күлді есі ауысқандай; ал содан кейін, сэр, өкіріп жылап жіберді де, мені сыртқа қуып шықты. О құдай! Сонда не істеді екен ол?..

Келесі күні дамылсыз жаңбыр жауды, одан кейінгі күні де. Тек кеше бестер шамасында ғана басылды; мен Хопгудтың атына мініп, Кингсуэрдегі Дэн Треффримен жолығуға жүріп кеттім. Жол бойындағы ағаш, бұта жапырақтарынан су тамшылап тұрды; барлық жерде қаптаған құс. Менің есімнен Пейшнс шығар емес. Оның сол күнгі жоғалып кету себебі сол құпия қалпында қалған; оның не істегені туралы әркім әрқалай бас қатырған. Еш уақытта ес кірмейтін бір адамдар болады ғой — солардың ғана бірдеңе істеуге құқы жоқ. Әрбір істің артында қандай бір салдар болатынын біз білгенмен балалардың онда шатағы қанша.

Дэн үйінде болмай шықты. Мен кешкі асты қонақ үйден іштім де, асықпай кері қайттым. Ымырт қараңғысында, екі жағы бірдей құз-жартасты ұзақ жолда мен тек қана Пейшнс пен оның атасы туралы ойлаумен болдым. Алакөлеңке ішінде әлденелер елес боп ойнап, белгісіз бірдеңелерді көз алдымда көлбеңдете беріп еді. Ақыры мал қорасына жеткенімде, мүлде қараңғы түсіп үлгірген. Екі жас өгізше сілекейін ағыза келіп мені иіскеді, ұйқылы-ояу тауық ыршып түсіп, әлдеқайда қыт-қыттай қашқан. Мен атымды ақырға байладым да, бақ жақпен үйге қарай аяңдадым. Алмалар түбі көзге түртсе көргісіз дейтіндей қараңғы, терезелер жарығы өшкен, төңірек жым-жырт. Жаңбырдан кейін хош иісі аңқыған бақта біраз тұрып қалдым; кенет сыртымнан біреу аңдып тұрғандай сезіліп, бойымды бір жайсыз сезім билей қалған. Жеті қараңғы түнде дәл осындай жайға тап болып көрдіңіз бе сіз?

— Кім бар мұнда? — дедім ақыры.

Дыбыс жоқ. Қақпаға дейін бардым, ешкім жоқ! Тек жапырақтардан тырс-тырс тамған тамшы ғана білінеді. Ептеп басып үй алдындағы қалқаймаға жеттім, сосын жайлап ішке кірдім де, есік ілгегін іліп, төсегіме қисайдым. Бірақ ұйықтай алмадым, көпке дейін көзім жұмылмаған; не заматта кірпігім ілініп кеткен екен, әлдебір тосын дүбірден ояна келдім. Жап-жақын жерден тұншыға шыққан сыбыр естілді. Сосын бәрі де тына қалды. Арада бір минуттай өткенде, жерге бір ауыр зат құлап түскендей гүрс ете түсті. Орнымнан атып тұрып, терезеге ұмтылдым. Ештеңе көрінбеді, тек алыстап бара жатқан аяқ дүбірі құлағыма талып жеткендей. Үкі шақырды; сосын өз бөлмесінде Пейшнстің сызылта ән салғаны естілді. Бірақ өте баяу.

Алма пісті — үзілгелі тұр, міне,

О! Хэй-хоу! Үзілгелі тұр, міне...

Мен оның есігіне жүгіріп барып, тықылдата бастадым.

— Не жетті? — деп, ол айқай салды.

— Бірнәрсе боп қалды ма?

— Бірнәрсе боп?

— Иә, тыныштық па дегенім ғой?

— Ха-ха-ха! Алаңдамай ұйықтай беріңіз! — Ол өзінің алқынып, ауыр демалып тұрғанын қалайда білдіргісі келмегені сезіліп тұрды. Содан да болар, қайтып жұмған аузын ашқан жоқ.

Мен төсегіме келіп қайта жаттым, бірақ көпке дейін кірпігім ілінбеген...

Кешкісін Дэн келді; дастарқан басында ол Пейшнске шиыршықтап оралған нота берді; бұны ол Торктен сатып алған екен. Сатушының сөзіне қарағанда, бұл бір ғажап дүние секілді деді ол.

Бұл — Бахтың "Чаконнасы" болып шықты. Қыздың көзі қалай оттай жайнап шыға келгенін көрсеңіз ғой, тіпті нота беттерін парақтаған кезде қолдарына дейін дірілдеп кеткен. Ол Бах сазына беріліп кеткені сондай — ауыздығымен алысқан асау аттай басын шайқап қойып, еліре түскен; алайда бұның өзі қысқа күнде қырық құбылатын қыздан біз күтпеген қылық еді.

— Құдірет! — деп ол сәт сайын қайталай берген. Джон Форд қолындағы шанышқы мен пышақты сарт еткізіп үстелге қоя салды.

— Қандай әдепсіздік! — деді ол барқ етіп. — Пейшнс! — Селк ете қалған қыз бізге бажырая бір қарап алды да, алдындағы қағазды алып, шыға жөнелді.

Әрдайым кешкі астан кейін бірден оқылатын дұға үстінде қыздың өңінен әлденеге елеңдеп отырғаны сезілген. Содан да болар, ұйықтауға ертерек кеткен. Біз шалдың бірінші рет шешіліп айтқан скваттерлер заманы туралы әңгімесін ұзақ тыңдап, кеш тарасқанбыз. Дэн үйден шыға бере бірнәрсеге қол нұсқаған. Дәл осы мезетте ит үріп еді.

— Бұл Лэс қой, — деді ол — Пейшнсті оятып жатыр. Ит өршелене үре түсті. Дэн оны қойдырмақ боп, қараңғыға сүңгіп кетті де, сәлден соң қайта оралды.

— Бақ ішінде біреу жүргендей еді... Мүйіс жаққа түсіп кетті, — деді ол Деді де төмен қарай жүгіре жөнелді. Қатты абыржып қалған мен де соңынан тұра ұмтылдым. Алдыңғы жақтан, қою қараңғылық ішінен иттің үргені естілді; жағалау күзетінің болмашы ғана жылт-жылт еткен жарығы білінеді. Жағалауға мен бірінші жеттім; сол сәтте өзін кінәлі есептегендей құйрығын бұтына қысып алып, ит те жаныма жүгіріп келген. Ескектің суды сылп-сылп ұрғаны естілді; бірақ көбікті толқындардан басқа ештеңе көрінер емес. Желке тұсымнан Дэннің: "Қайран жоқ, қашып үлгерді" деген қырылдаған даусы шығады, құдды өкініштен көмейі бітеліп қалған сияқты.

— Джордж, — деді ол мүдіріп. — Бұл сол жексұрынның өзі. Атып тастаса, обалы жоқ еді!

Кенет тас қараңғы теңіз үстінен жарқ еткен жарық көрінді де, ол біраз жыпылықтап тұрып, ақыры жоқ болды. Біз бір ауыз тіл қатпастан қайтадан жотаға көтерілдік. Қақпа алдында тастай қатып, мәңгіріп Джон Форд тұрды — тосын жайдан ол әлі де бейхабар секілді.

— Қойыңыз! — дедім мен Дэнге сыбырлап.

— Жоқ, — деп ол қарсылық білдірді. — Мен сізге көрсеткім келеді. — Ол сіріңке жағып, дымқыл шөптің арасынан асықпай аяқ ізін іздей бастады.

— Міне, қараңыз!

Пейшнс терезесінің түбіне тақаған ол тағы бір тал сіріңке жаққан. Жерде... жоғарыдан біреудің секіріп түскен, әлде құлаған ізі ап-анық көрінеді, Дэн сіріңкені басынан жоғары көтерді.

— Ал енді мұнда қараңыз!

Жақтау тұсында алма ағашының бір бұтағы сынып қалыпты. Құдды ашу қысқан жыртқыштай Дэннің көзі қанталай қалғанын байқап қалдым.

— Жетті! Бас аптығыңды, Дэн! — дедім мен. Ол маған шұғыл бұрылып, бәсең дауыспен:

— Сіздікі жөн, — деді.

Сосын кері бұрыла бергенде, тура Джон Фордтың қолына түскен. Шал терезеге сүйенген күйі осы бір қара түннен әрмен түнеріп, балбал тастай серейіп тұр екен. Оған бірдеңе айтудың өзі ағаттық болар еді. Және өзі де бізді адам деп есептеп тұрмаған секілді; сәлден соң теріс бұрылды да, үнсіз, жүріп кетті.

— Қалмайық бұдан! — деді Дэн. — Құдай үшін, соңынан қалмайық бұның!

Біз оның ізіне түстік. Ол бүкірейіп, зорға басып, басқышпен жоғары өрлей жөнелді. Сосын Пейшнстің бөлмесіне жеткенде, жұдырығымен есікті қойып қалды.

— Аш! — деді ашулы.

Мен Дэнді өз бөлмеме қарай тарттым. Жайлап кілттің бұралғаны естілді. Қыз бөлмесінің есігі ашылды. Міне, өзі де көрінді: үстінде жатын көйлегі, қолында — майшам, ал жүзі... шіркін-ай, бұйраланған қып-қысқа шашымен, алмадай томпиған бетімен он екіде бір гүлі ашылмаған жастығын танытқандай. Жанында таудай боп тұрған шал оның иығына қол салған.

— Бұл не өзі? Сен... Сенің жанында еркек адам болған ба? Қыз оған тұра қараған қалпы:

— Иә, — деді. Дэн ауыр демалды.

— Кім?

— Зэхери Пирс, — деді қыз қоңыраудай сыңғырлаған ашық дауыспен.

Шал бар күшімен оны сілкілеп-сілкілеп жіберді де, қолын сылқ еткізіп төмен түсіре салды, сосын ұрып жығуға оқталғандай жұдырығын қайта көтерген. Ұрсаң ұр дегендей қыз оған бедірейе қарап тұрып алды; шал қолын түсіріп, ауыр күрсінді. Қыз сол бедірейген қалпы:

— Мен оның әйелімін, — деді. — Естіп тұрсыңдар ма? Мен оның әйелімін! Кетіңдер менің бөлмемнен!

Қыз қолындағы майшамды шал аяғына атып ұрып, есігін тарс жауып алды. Шал төбесіне жай түскендей бір сәт есеңгіреп тұрып қалды да, не заматта сүйретіле басып, басқышпен төмен түсе бастады.

— Дэн, — деймін мен. Мына қыздың айтып тұрғаны шындық па?

— О-о, әрине шындық. Өтірік болса, солай дер ме еді жаңа.

Мен оның түрін көріп тұрмағаныма шүкір дедім.

— Бұл қызбен іс бітті, — деді ол ақыры. — Енді шалды ойлауымыз керек.

— Ол не істеуі мүмкін?

— Дәл қазір аттанады анау бозөкпеге, — деді ол сенімді түрде. Мұндай сәтте өзі не істейтінін білген адам өзгені де түсінетіні рас қой.

Мен бұл жерде бөтен адам екенімді, сондықтан осы іске араласуымның жөні бар ма өзі дегендей бірдеңе айтқан болдым.

— Иә-ә, — деді ол даусын соза түсіп. — Дәл қазір мен де өзімнің бөтен екенімді сезем, дегенмен шал қажет деп тапса, мен онымен бірге кетуге тиіспін.

Ол осыны айтты да, төмен түсіп кетті. Арада бірнеше минут өткенде, олар ауладан шығып та үлгерген. Мен олардың қаздай тізілген шөмелер тұсынан қалай шауып өтіп, қап-қараңғы қарағайлар ішіне жылдам сіңіп кеткенін көріп тұрдым; сосын қою түннің қойнауында ат дүбірі біртіндеп алыстай берді де, ақыры ол да тынып еді.

Содан бері мен мұнда, өзімнің жатын бөлмеме жайғасып алып, бәрін-бәрін сіздерге жазып отырмын; майшамның да міне, тұқылы ғана қалды. Япырау, осының бәрі немен бітеді, өзімнің ешкімге септігім жоғы қалай деп қиналамын. Бірақ менің қолымнан не келеді? Оны аяйтыным рас, бұдан артық айтар сөзім де жоқ. Тып-тыныш түн, тырс еткен дыбыс білінбейді. Ол ұйықтап жатыр ма, әлде ояу ма? Жылап отыр ма, әлде мәз бе — бәрі маған белгісіз.

Қазір сағат — түнгі төрт; мен ұйықтап тұрдым.

Олар келген. Дэн менің төсегімде жатыр. Мен енді одан не естігенімді, шамам жеткенше бір сөзін өзгертпестен, өз аузынан сіздерге баяндап беруге тырысайын.

"Біз жіңішке соқпақтарға соқпай, жоғарғы жолмен жүріп отырып, Кингсуэраға жеткенімізде сағат он екі жарым болған, — деп бастады ол сөзін. — Паром тоқтап қалған. Өткелден өткізіп жіберуге біреуді жалдауымызға тура келді. Оған ақша төлеп, бізді күте тұруын өтіндік те, "Замкте" арба жалдадық. Қара диірменге сөйтіп көзге түртсе көргісіз қараңғыда, сағат бірден асқан шамада келгенбіз. Менің жобалауымша, қарсыдан соққан ескек желге сәйкес жігітіміз үйіне бір сағатта, тіпті әрі кеткенде бір жарым сағатта, жетіп қоюға тиіс-ті. Шал бүкіл жол бойы жақ кірісін ашпаған; ал мен болсам, көздеген жерге жеткенше-ақ ол жігітті үйінен табатынымыздан күдер үзе бастағам. Арба айдаушыны жолда қалдыра тұрып, біз кірер есікті табу үшін үйді бірнеше рет айналып шықтық. Тек не заматта іштен біреудің:

— Кім бұл? — деген қырылдаған даусы естілген.

— Джон Форд, — деді шал.

— Сізге кім керек? — Бұл кәрі Пирс еді.

— Маған Зэхери Пирс керек.

Біз таяуда ғана отырып кеткен ауыз үйдің ішіндегі биік есік ашық тұр екен, содан бас сұқтық. Бөлме түкпіріндегі тағы бір есіктен болмашы жарық байқалған. Джон Форд ішке кірді де, мен сыртта, қараңғыда қала тұрдым.

— Жаныңыздағы кім?

— Мистер Треффри.

— Кірсін!

Кірдім. Шал төсекте, жастыққа жантайып жатыр екен; жанында майшам. Адам емес, аруақ секілді, тек жылтыраған көздерінен ғана тірлік белгісі білінеді. Осы екі шалдың жанында өзімді біртүрлі сезінгендеймін".

Дэн әлденеге көңіл бөлгендей бір сәт үнсіз қалды да, артынша әңгімесін қайта жалғады.

— Отырыңдар, мырзалар, — деді кәрі Пирс. — Менің ұлымды көруге неге ынтыға қалдыңдар?

Джон Форд алдымен кешірім өтінді де, сосын Зэхеримен қалайда сөйлесуі керектігін және бұны кешіктіруге болмайтынын айтып өтті.

— Олар мүмкіндігінше өздерін сыпайы ұстауға тырысты, — деді Дэн жай ғана.

— Мүмкін сіз оған мен арқылы бірдеңе айтқыңыз келер? — деді Пирс.

— Жоқ, мен онымен жеке сөйлесуім керек.

— Мен оның әкесімін.

— Ал мен өз немеремнің жалғыз арқа сүйер атасымын.

— А-а! — деп кәрі Пирс міңгір ете қалды. — Ол әлгі Рик Войсидің қызы ма?

— Мен сіздің ұлыңызды көргім келеді.

Кәрі Пирс езу тартты. Оның осы бір болмашы күлкісінен әлдебір қулық пен жымысқылық сезілгендей еді.

— Зэхтің қай уақытта қайда жүргенін біреу білуші ме еді, тәйірі, — деді ол — Ол үшін мен өре тұрады деп ойлайсыздар ма? Жоқ, қателесесіздер. Өзін-өзі қорғауға Зэхтің шамасы бар.

— Мен біліп тұрмын, сіздің балаңыз осында, — деді Джон Форд.

Кәрі Пирс бізге күдіктене қарады.

— Сіздер менің үйіме ұрылар сияқты түн жамылып келесіздер, — деді ол. — Сөйте тұрып және мені өтірікші қылғыларыңыз келеді, ә?

— Ұрылар сияқты түн жамылып жүрген біз емес, сіздің ұлыңыз. Ол сөйтіп менің немеремнің бөлмесіне кірген. Сондықтан мен оны көргім келеді.

— Сосын, — деді Дэн. — Екеуі ұзақ үнсіз қалды. Ақыры Пирс:

— Мен түсінбей отырмын, — деді. — Ол сонда қалай, айуандық жасаған ба?

— Ол оған не үйленеді, не мен оны өлтірем! — деп Джон Форд белінен бір-ақ басқан.

Кәрі Пирс жастыққа жантая жатып бұл сөзді таразылап көргендей болды.

— Сіздер Зэхті білмейсіздер, — деді әлден уақытта.

— Әрине, сіздерді түсінем, Рик Войсидің қызына да аяушылықпен қараймын. Бірақ сіздер Зэхті білмейсіздер.

— Түсінем дейсіз. Сонда нені түсінесіз? — деп Джон Форд булыға сөйлеген. — Ол менің немеремді ұрлады! Осыны түсінесіз бе сіз? Жоқ, ол жазасын тартуға тиіс!

— Жазасын тартуға! — Кәрі Пирс айқайлап жібере жаздады. — Бізді, біздің әулетті ешкім де жазалай алмайды.

— Құдай жазалайды сіздерді, капитан Пирс, сізді және сіздің бүкіл әулетіңізді қарғыс ататын болады!

Кәрі Пирс тағы да жымиды.

— Бәрі де мүмкін, мистер Джон Форд; бірақ Зэхті жөнге салатын сіз емес екені және белгілі. Оны жазалаймын деп өзіңізге бәле табасыз, сондықтан бұл ойыңызды еш уақытта іске асыра алмайсыз.

Бұл сөздің де жаны бар еді.

Дэн әңгімесін одан әрі жалғастырған.

— Сонымен ұлыңыздың қайда екенін айтпайсыз ғой? — деді ақыры Джон Форд.

— Жоқ, — кәрі Пирс қатулана тіл қатты. — Естіп тұрсыз ба? Жоқ! Енді кете беріңіздер. Түні бойы кірпік ілмей жатқан түрім мынау. Аяғымда жан жоқ. Есік болса, ашық. Өстіп әне-міне ажалымды күтіп жатқан мына мен біреуден қорқады деп ойлайсыздар ма?..

Бұдан соң бізде айтатын сөз қалмаған; үнсіз шығып жүре бердік. Алайда жол бойы әлгі шалдың елесі көз алдымнан кетпеген. Неткен қайсарлық! Тоқсан екіге келіп, бір бөлмеде жападан-жалғыз қалу?!. Сұмдық! Бірақ ажалдың өзіне келсең кел деп жатқандай. Ол туралы кім не десе, о десін, оның баласы мейлі кім болса, ол болсын — ал шалдың мәрттігіне сөз бар ма!?. Мәселе оның ақылынан жаңылмай, ажалынан қорықпай жатқандығында емес — күндіз-түні жанынан кетпейтін жалғыздық деген иттің бетіне тік қарауында еді. Міне, қайда қайсарлық! Мұндай ерлікті мен ешқашан көрген емеспін..."

Әңгіме соңында біз көпке дейін үнсіз отырып қалдық; қалың жапырақтар арасынан таң сәулесі сығалай бастады. Тұс-тұстан сызылта сайраған құстар үні естілді. Дүние дүр сілкініп, оянып келе жатыр еді.

Кенет Дэн:

— Ол мені алдап кетті, — деді. — Мен оған ақша бергенде, алысқа аттанып кетіп, қызды жайына қалдырар деп ойлап едім... Қалай ойлайсың, Пэйшнс ояу жатыр ма?

Дэн осы әңгімесін айтып отырғанда, мені бірде-бір рет сөзге тартып, сыр бөлісуге ыңғай танытқан жоқ. Мұндай жағдайда менің кез келген бір сөзім оның жан жарасын тырнап алуы әбден мүмкін еді. Ол онсыз да қажып, жүйкеден тозып отырған.

— Иттей боп шаршадым, — деп ол ақыр соңында менің төсегіме барып жата кеткен.

Міне, қазір күн көтеріліп те қалды, мен де иттей боп шаршадым...

Сенбі, 6 тамыз

V

Кешегі әңгімені одан әрі жалғастырамын... Миссис Хопгудтың кофесін қанып ішіп алған соң Дэн екеуміз жолға жиналғанбыз. Кәрі экономка бұл жолы әдеттен тыс күмәншіл, күдікшіл, әр нәрсеге мән бергіш болып алған. Мәселен, абыржи тұрып айтқан мына сөзіне қараңыз: "Хэ-эпгуд қорылдағанын қоя қойды дегенше оянып кетті дей бер, соңғы күндері өстіп атар таңды көзімен атқызып жүрген ол бүгін түнде: "Ат дүбірі естіледі!" деп айқайлап жіберді. Ал біз оны естідік пе? Естімесек, қазір қайда жиналып жатырмыз? Таң атқасын... Хэ-эпгудтың айтуынша, бүгін қатты нөсер болатын көрінеді. Мисс Пэйшнстің скрипка ойнағаны да естілмейді, ал мистер Форд әлі өз бөлмесінен шыққан жоқ. Бұ қалай? Не болды? Неге бұлай?.. Үйбай-ау, мына кенені қараңдар. Бұлар үшін әлі ертерек еді ғой!..

Әрбір күдікті іс, күмәнді жүрісті қалай аңғарып қоятынына таң қаласың, сондай сәтте бетіне тура қарай да алмайсың. Енді, міне, кенені шымши ұстап тұрып, бізді де тексеріп баға бастаған. Бірақ істің мән-жайына жетіп үлгергенше біз кофемізді ішіп болып, жолға түсіп қойып едік. Сосын үйден әудем жер ұзай бергенімізде, ол көйлегінің етегін бір қолымен көтеріп алып, соңымыздан алқына қуып жеткен де, айналасын әжім торлаған ақылды да абыржулы көздерін бізге тіктей қадап:

— Сендер оны аяйсыңдар ғой, солай ма? — деген. Жауап орнына иығымызды қиқаң еткіздік те, жүре бердік.

Содан біз жіңішке соқпақ жолға түсіп, шошқалар мен кір-қоқысқа толы мал қоралардың, сосын сақал-мұртын әдемілеп түзеген шаруалардың жанынан өтіп, бозторғайлар шырылдап жатқан егіс даласына шыққанбыз. Сөйтіп Дэн жатқан қонақүйге жеткенше бірде өрге шығып, бірде еңіске түсіп, тізгінді бір босатпай жүрдік те отырдық.

Не заматта алдымыздан шұғылалы мұнар астында сан түске құбылып, жарқырап жатқан өзен шыққан. Құдды аспан мен жер астасып кеткендей. Мен ғұмыры Девоннан басқа ешбір жерден мұндай тұмса сұлулықты көрген емеспін. Мөп-мөлдір айдын үстінде жай ғана тербеліп тұрған, ескілі-жаңалы кез келген кеменің өзі мұнда ертегіден келгендей көз тартады. Жап-жасыл биік орман да, қызыл құмды жағалау да, ақ шағаладай әсем үйлер де, бәрі-бәрі ақ сағым арасында толқынданып, үлбіреп тұр. Бетіңе ірі-ірі жаңбыр тамшылары тиеді, бірақ қазбауыр бұлттар арасынан күн сәулесі сығалайды. Төбемізде шаңқ-шаңқ етіп шағалалар ұшады.

Біз екі қайықшыға "Сиқырлыға" жеткізіп салуды өтіндік. Олар қайыққа ойланбай-ақ отыра берді де, кенет естеріне әлдене түскендей ескектерін қоя салып:

— "Сиқырлыға" дейсіз бе, сэр? — деді таңданып. — Ол қандай кеме?

Біздің Батыс шаруаларының тұрған бойы осы! Ешқашан "жоқ" дегенді білмейді, еш уақытта нәпақасынан құр қалғысы келмейді, ешқашан да бір нәрсені я істей алмайтынын, я қолынан келмейтінін мойындамайды, әйтеуір қай уақытта да, өстіп өз күндері үшін құрақ ұшып тұрғандары! Біз оларға Пирстің атын атадық.

— Капитан Зэхери Пирс! — Олар бір-біріне әрі таңдана, әрі күле қарасты. — Сіздер анау "Күнбағар" туралы айтып тұр екенсіздер ғой. Ол солай аталады. "Күнбағар" оның аты!

Біз қара қаптал жақтан қайыққа міне бергенде, қайықшылардың бірі екіншісіне былай дегенін естіп қалдым:

— "Сиқырлы!" Табылған ат! Бұдан артықты іздесең де таппассың!

Бұған екеуі де мәз болып, күлісіп алды. Бізді "Күнбағардың" немесе, әлгі "Сиқырлы" дейтін кереметтің капитан көмекшісі қарсы алды. Бұл өзі күнге қап-қара боп күйіп кеткен, қайыңның безіндей шымыр, қолында көкшіл жазулары бар, ұзын бойлы жігіт екен.

— Үстінен түстіңіздер, капитан қазір осында, — деді ол. — Көріп тұрсыздар, жұмыс бастан асады. Әй, иттің балалары, неге қимылдамайсыңдар, ей, сендер! — деп, сосын екі жігітке айқайлап қойды. Палубаның әр жерінде шашылып жатқан жүктерді олар буып-түйіп, жинастырып жатыр.

— Бүгін жұма; сәрсенбі күні қалайда жүріп кетуіміз керек. Кәнеки, мұнда жүріңіздер. — Ол бізді төмен түсетін басқышпен каюткомпания деп аталатын бір қуысқа қарай бастады.

— Кім деп айтайын сіздерді?.. Иә, айтпақшы, сіз мистер Треффрисіз ғой? — деп, ол Дэнге бұрылды. — Біз компаньон емеспіз бе! — Оның балаша қуанғаны өңінен біліне қалды.

— Қараңыз, мен сізге мыналарды көрсетейін, — деп, ол каюта есігін айқара ашып жіберді.

Онда жоғарғы төсектен етегі салбырап түсіп жатқан үлкен брезенттен басқа ештеңе көрінбейді. Оны көтеріп жіберіп, төменгі төсекті бері жылжытқанда астынан атам заманғы ескі пулеметтің стволы көзге түсті.

— Бізде мұндайдың алтауы бар, — деді ол аса бір құпия мәселенің бетін ашқандай сыбырлай сөйлеп. Оның осы бір қылығынан табиғи тазалықтың иісі аңқып тұрғандай еді.

— Капитанның айтуынша, бұлар бізге қазір алтыннан қымбат. Бесатарларымыз да жаман емес, оқ-дәрі деген жетерлік. Ол мені де жанына қосып алды. Пароход компаниясында қызмет істеп, жолаушылармен палубада крикет ойнап уақыт өткізгенше мұнда жүріп ақша тапқаным артық қой. Капитанмен кездескен күні-ақ осы жұмыстың оң жамбасыма келетінін білгенмін, сонда ертеңгі күні қант плантациясын сатып алуды да ойластырып қойғаным бар. Несін айтасың, біздің капитан деген өте ақ көңіл адам ғой. Жә, енді оған барып айтайын кімнің келгенін. Түні бойы болған жоқ, ол келгенде сағат таңғы төртті соққан, қазір көз шырымын алып жатыр, бірақ сіз үшін оятуға болады, ренжімес.

Осыны айтты да, ол шығып кетті. Бұл жігітті Зэхери Пирс не үшін өзіне тартты екен деп ойладым. Бірақ бір дүниені сезгендеймін: осы бір кеңпейіл де аңғал жігіт — қайдағы бір ауылдық пастордың он екі баласының бірі — сәті түссе бірнеше негрді атып тастап жүре беруден тайынбайтын секілді.

Артынша ол бір құшақ шөлмек көтеріп, қайтып келді.

— Не ішесіздер? Капитан қазір келеді. Ал мен жоғарыға барайын, жұмыс бастан асады.

Расында, бес минуттан кейін Зэхери Пирстің өз төбесі де көрінді. Ол бізге қол ұсынып жалпақтаған жоқ, сол үшін де оған құрметпен қарауға болатындай еді. Өңінен әрі шаршағаны, әрі әлденеге қитығып тұрғаны білінген.

— Құлағым сіздерде, мырзалар, — деді ол.

— Бұдан әрі сіз не істемекшісіз? Біз осыны білуге келдік, — деді Дэн.

— Түсінбедім. Онда сіздердің не шаруаларыңыз бар? — Дэннің кішкентай көздерінен ызалы ұшқын жарқ ете қалды.

— Сіз менен бес жүз фунт ақша алдыңыз, — деді ол. — Қалай ойлайсыз, мен оны сізге не үшін бердім?

Зэхери саусақтарын сытырлата отырып:

— Онда менің шатағым жоқ, — деді. — Мен сәрсенбі күні жолға шығып кетем. Сіздің ақшаңыз өз орнында.

— Мен сіз туралы не ойлайтынымды білесіз бе? — деді Дэн.

— Білмеймін, білгім де келмейді, — деп ол өзіне ғана тән құбылмалы мінезбен бір түрлі жымиып қойды. — Қалай ойлаймын десеңіз де, негізінен өз еркіңізде ғой.

Дэн түнеріп кетті.

— Шындығыңызды айтыңызшы, — деді ол сосын. — Ол қызбен осы не істемекшісіз? Ниетіңіз қандай?

— Ешқандай. — Зэхери оны көз астымен бір шолып өтті.

— Оны әйел етіп тастағаныңызды жоққа шығаруға қалай дәтіңіз барады?

Зэхери оған жайбарақат қараған қалпы:

— Мен ештеңені де жоққа шығармаймын, — деп салды.

— Құдай үшін, неге өйттіңіз сіз?

— Сонда оның күйеуі болуға өзім ғана лайықтымын деп ойлайсыз ба, мистер Треффри?

— Аузынан ақ сүті де кеппеген қыз балаға қалайша бұлай істеуге болады? Қалай ғана батылыңыз барды бұған? Түн ішінде оған ұрланып бару деген не сұмдық!? Осының бәрі малдың тірлігі екенін қалайша түсінбейсіз сіз?!.

Қап-қара боп түтігіп кеткен Зэхери жұдырығын түйе түсті. Бірақ онысын білдіргісі келмегендей:

— Сонда оны сізге қалдыруым керек пе еді? — деді сабырлы пішінмен. — Мен оны өзіммен бірге алып кетуге уәде бергем. Сөйтіп біз сәрсенбіде жолға шықпақшы едік. Енді бәрі де кеш. Оған кінәлі, мына сіз. Иттеріңізді ертіп келіп, көрінген жерді тіміскілеп, бар жоспарымызды күйретіп кеттіңіз. Енді оны ала кетудің ешқандай жөні жоқ. Бұл сапардан мен оған өте бай адам боп келемін немесе мүлде келмеймін де.

— Қашанға дейін? — деп, мен де сөзге араластым. Ол мен жаққа сыпайы пішінмен бұрылып:

— Мен оны у-шудан құтылу үшін алып кетейін-ақ деп едім; сеніңіз, кінә менен емес, бүйтіп сырдың ашылып қалатынын қайдан білейін... Мен өте қауіпті сапарға аттанып барамын. Егер ол менімен бірге болса, ойға алғанымды орындауым екіталай. Өйткені мен онда ылғи да жүйке тоздырумен болатын едім. Мұндай жағдайда ол да қауіпсіз болмас еді.

— Жарайды, ал сіз алыста жүргенде, оның жайы қалай болады? — дедім мен. — Егер сіз өстіп қалдырып кетеріңізді білсе, ол сіздің әйеліңіз болып қалатынына сеніміңіз бар ма? Меніңше, сіз алған бетіңізден қайтқаныңыз дұрыс. Сонда бар жағынан жақсы болады. Оның өмірі сіздің қолыңызда. Бейшара, ол әлі жап-жас бала ғой!

Оның беті дірілдеп кетті; бұдан оның уайым жеп жүргені байқалғандай еді.

— Иә, алған бетіңізден қайтыңыз! — дедім мен табандап.

— Менің болашағым осы сапарға байланысты болып тұр ғой, — деді ол күрсініп. — Одан бас тартсам, бәрінен айырылғаным.

Ол ертеңгі күні не боларын бірінші рет ойлағандай маған әрі жалынышты, әрі күмәнді қарады, бұл оның табиғи болмысына сай келмейтіні де рас-ты. Осы сәтте мен оны арты былқылдап қалды-ау, енді бәрін қоятын шығар деп ойлағам, бірақ, өкінішке қарай, Дэннің күтпеген жерде:

— Ақымақтық жасамаңыз! — деп, бұрқ ете қалмасы бар ма? Пирс оған шұғыл бұрылып:

— Мен сіздің ақылыңызға зәру емеспін, — деді қатқылдау дауыспен. — Маған жол көрсететін сіз кімсіз?!.

— Соңғы деміңіз таусылғанша сол қыз үшін маған жауап бересіз! — деді Дэн де тайсалмай.

Зэхери күлді. Күлді де:

— Мына шыбынды көрдіңіз бе? — деді. — Бұған қазір не істесем, ертең сізге де соны істей салам. — Ол аппақ шалбарына қонып отырған шыбынды алақанымен қағып жіберді. — Сау болыңыз!

Біз мінген қайықтың ескекшілері суға ескекті салысымен-ақ қатты нөсер шелектеп құя жөнелді де, артымызда қалған "Сиқырлының" сұлбасы ғана көрінген; менің есімде қалғаны капитан көмекшісінің кеме қапталына жабыса тұрып, ұзап бара жатқан бізге фуражкасын қайта-қайта бұлғағаны ғана.

Біз, әрқайсымыз өзімізге де, өзгеге де ренішті күймен суға сүңгілесе отырып жағаға да жеттік-ау әйтеуір. Мен ешкімге тіл қатпастан үйге қарай беттедім.

Бақтың жанынан өте бергенімде, қатты желден алмалар дүрс-дүрс құлап жатты.

Алма пісті — үзілгелі тұр міне,

О! Хэй-хоу! Үзілгелі тұр міне.

Мен жүктерімді жинап алып, дереу осы жерден кеткім келген. Бірақ бір сәт маған осының бәрінде: күрессең — жеңе алмайтын, ойласаң — түсіне бермейтін әлдебір қызық жатқандай көрінді. Әрине, бұл адамдарды білмейтін сіздер үшін, олардың бірі ақымақ, бірі бейшара көрінуі мүмкін. Ал өмірде, я бағыңа, я сорыңа қарай, сізді тек бәрі де түсінікті, бәрі де келісті жайлар ғана емес, кейде бір миың жетпес түйткілдер мен санаңды сан саққа жүгіртер жұмбақтардың өзіне тартып тұратыны болады ғой.

Мен фермаға келгенде, күннің көзі ашылып сала берген; үйлердің сары қамысты шатырлары ағаш арасынан жарқырап көрініп, мені онда әлдебір қуаныш пен жайлы хабар күтіп тұрғандай сезілді. Маған есікті Джон Фордтың өзі ашқан.

Әу дегеннен-ақ ол сөзін кешірім сұраудан бастауы онсыз да ыңғайсызданып келген мені тіптен қысылдыра түсіп еді. Бірақ артынша осыны сезе қойғандай:

— Мен немереммен әлі сөйлескем жоқ. Дэн Треффриді күтіп отырмын, — деп ол ойымды басқа жаққа бөліп жіберген.

Оның кәрі жүзінен уайым жеген адамға тән қажыған кейіп, салқын сыз байқалып тұрды. Түні бойы кірпік ілмей шыққан секілді; киімдері мыж-мыж, соған қарағанда, шешініп жатуға да зауқы соқпағандай. Бірақ бұл өзі аяушылық білдіруді ұнатпайтын адам еді. Және осы оқиғалардың бәріне араласып кеткенім үшін мен де өзімді ыңғайсыз сезініп отырған жайым бар. Дегенмен кібіртіктей тұрып қайда болғанымызды айтып беруге мәжбүр болдым.

— Біз үшін қам жегендеріңізге рақмет. Азаматтық жасадыңыздар. Бұлай етпеске болмайтын да еді ғой. Бірақ бәрі де болар іс болып, бояуы сіңгеннен кейін...

Оның қатты қапаланғаны түрінен біліне қалды. Жан шыдатпас жүректегі күйзелісі тәкаппарлығымен бетпе-бет келіп, белдесуге түскендей. Тек біраздан кейін ғана:

— Сіз оны көрдік дейсіз бе? Ол бәрін мойындады ма? Қалай болғанын да айтқан шығар?

Мен оған Пирстің жоба-жоспарын мүмкіндігінше алдына жайып салғандай болдым. Парыз, міндет туралы қатып-семіп қалған қағидасы бар осы бір шалдың алдында мен не десем де өзімді Пирс жағына шығып отырғандай сезіндім.

— Бұны қалай түсінуге болады? — деді ол ақыры. — Сіздің айтуыңызша, ол осыны Пейшнстен айырылып қалмас үшін істеген екен, сөйте тұра енді екі аптадан кейін оны қалдырып кетуі қалай?

— Мен оны бірге алып жүргім келіп еді, — дейді ол...

— Сіз соған сенесіз бе?

Осы мезетте есіктен Пейшнсті көрдім де, жауап беруге үлгермей қалдым. О жерде оның қашаннан бері тұрғанын білмеймін...

— Оның менсіз кеткелі жатқаны рас па? — деді ол Мен тек басымды изедім.

— Бұны сіз өз аузынан естідіңіз бе?

— Иә.

Қыз аяғымен жер тепті.

— Ол маған уәде беріп еді ғой! Уәде берген. Уәде! — Джон Форд оған жақындай берді.

— Қол ұшыңды тигізбе маған, ата! Жек көремін мен сендерді. Не істесе, соны істесін, маған енді бәрібір.

Джон Фордтың өңі күреңітіп кетті.

— Пейшнс, — деді ол — Шынымен-ақ сен менен кеткің келе ме?

Ол бізге тік қарап тұрып:

— Кетем бе, кетпеймін бе, оны біліп қайтесің. Жүрек ауыртқаннан басқа түк те жоқ онда! — деді.

— Сонда сен... ит өлген жерден не табам деп жүрсің?

Пейшнс жынды адамдай сықылықтай күлді.

— Не табам? Білмеймін... ештеңе; болмағанда ешкім менің жүйкемді тоздырмас еді. Ал енді сен мені қамап ұстайтын шығарсың, өйткені мен ешкімге күші жетпейтін әйел затымын ғой, ал сендер... о-о, күштісіңдер!

— Доғар! — деді Джон Форд. — Мен оны зорлап тұрып сені алғызамын.

— Жо-жоқ, аузыңа алма! — деп қыз айқайлап жіберді. — Мен саған өйткізбеймін. Не істесе де ол өзі біледі. Естисіңдер ме сендер, өзі біледі! Бас еркі өзінде оның!

Ол есікке қарай жылыстай берді де, ақыры жоқ болды, Джон Форд аяқ астынан жер жылжып бара жатқандай теңселіп кетті. Мен де бөлмеден шыға жөнелдім. Сосын асүйде ірімшік пен нан жеп отырған Хопгудтың жанына келдім. Мені көрген ол орнынан тұрып, өте сыпайы түрде тоңазытылған шошқа еті мен бір тостаған шай ішуге шақырды.

— Сіздің мұнда бас сұғып шығатыныңызды біліп едім, сэр, — деді ол шайнаңдай отырып. — Бүгін үйде тамақ жайын ойлап жүрген біреу жоқ. Кемпір анау Пэйшнспен әуре. Жас қыздар әбден еркінсіп кетті ғой. — Ол аузын жеңімен сүртіп қойып қорқорына темекі тығындай бастады. — Бұлар өзі тұқымынан солай. Сквайр Рик Войси жігіттің төресі дейтін нағыз джентльмен болды; ал миссис Войси туралы тіпті сөз жоқ, көркіне көз тоятын ханшаның тура өзі еді, тек... — деп ол қорқорын бір езуінен екіншісіне ауыстыра отырып, бір нәрсенің шетін және қылтита түсті. — Тек сәл нәрсеге бұрқ-сарқ қайнап шыға келетін өте ашушаң болатын, жарықтық. Хопгуд, былай қарағанда, өте сұсты адам көрінгенмен оның жүрегі соншама жұмсақ, нәзік екенін білемін, бірақ, сөйте тұра онымен мұндай тақырыпта әңгімелесу артық еді.

Мен жоғарыдағы өз бөлмеме келдім де, жүктерімді жинастыра бастадым, артынша оны да қойып, қолыма кітап алып едім, ақыр соңында ұйықтап кетіппін. Оянған кезде сағатыма қарасам, бес болыпты. Төрт сағат бойы қыбыр етпей көз шырымын алыппын. Қиғаштай түскен күн сәулесі бір терезеден екіншісіне қарай ойысқан; шелек түбіне сүттің шылп-шылп құйылып жатқаны естіледі; сосын әлдебір гүрсілдеген тосын дыбыс пен қаттырақ жүрген аяқ дүрсілін құлағым шалып қалды.

Есікті айқара ашып жібердім. Хопгуд пен жағалау күзетшілерінің бірі Пейшнсті басқышпен жоғары көтеріп келеді екен. Қыз олардың қолында қыбырсыз сұлық жатыр, өңі бөздей бозарып кеткен, маңдайы жырылған, бетіне бірнеше тамшы қан қатып қалыпты. Қолдары болмашы діріл қағады, саусақтарын ақырын бүгіп-жазған болады. Еркектер оны жоғарыға көтеріп апарып, енді жатқыза бергенде, ол еріндерін әзер жыбырлатып:

— Осылай жақсы, мені түсірмеңдерші... Мен шыдап көрейін, — деді ауырсына.

Олар жанынан өтіп бара жатқанда, қыздың көзі сәл ғана күлімсіреп, маған бірдеңе дегендей болды, бірақ мен онысын ұқпай қалдым; есік жабылды да, төменгі жақтан тағы да абыржыған дауыстар естіле бастады. Мен бөтен адамдар шығып кетісімен Хопгудке жетіп бардым. Ол маңдайынан терін сүртіп тұрып:

— Бейшара бала-ай! — деді күрсініп. — Құлаған... Жардан ұшып кетіпті... Арқасымен түссе керек... Тауып алған жаңағы жігіттер көрінеді. О, құдай, жар бола көр! Мүмкін қауіпті де бола қоймас... Мистер Форд әзірге естіген жоқ. Мен дәрігерге барып келейін.

Бір сағаттың о жақ бұ жағында дәрігер де келіп жетті; тіпті бала деуге болатындай жап-жас жігіт екен. Бірақ қыз бөлмесіне кіріп шыққаннан кейін өңінен үлкен адамдарға тән аса байсалдылық сезілген.

— Жанындағы анау кәрі әйел.. оған шын берілген бе? Оны дұрыстап күте ала ма ол?.. Ол үшін жанын беруге әзір дейсіздер ме? Өте жақсы!..Білмеймін, ештеңеден үміттендіре алмаймын. Бар бәле омыртқада секілді, дереу консилиум керек! Неткен жүрек жұтқан қыз еді! Мистер Фордқа айтыңдар, Торкидегі ең керемет деген дәрігерді шақырсын мұнда. Онда К... деген дәрігер бар. Ертең бар жұмысымды тастап, өзім де осында келемін. Ауруға бар жағынан тыныштық қажет. Мен оған ұйықтататын дәрі тастап кеттім, түнде ыстығы көтерілуі мүмкін.

Ақыры Джон Форд та келді. Бейшара шал! Немересін мазалаудан қаншама жүрексінсе де, үйде отыра беруге соншама шыдамы жетпесе керек. Манадан бергі бірнеше сағатта басқыштан әлденеше төмен түсіп, қайта көтерілгенін мен оның аяқ тықыры мен ентіге дем алғанын біліп отырмын. Он бірлер шамасында мен енді демалғалы жатқан кезімде бөлмеме миссис Хопгуд бас сұққан.

— Сіз оған барып шықпайсыз ба? — деді ол — Сізді ол сұрап жатыр. Ештеңе, ештеңе білмеймін, тек сізді ғана көргісі келеді; мүмкін сандырақтап жатқан шығар, а? — Байғұс кемпірдің көзінен жас бырс-бырс тамады. — Мүмкін, сіздің кіргеніңіз оған зиян да болар, бірақ, білмеймін... ал кірмесеңіз, тіпті алаңдап біте ме...

Пейшнс жастық үстінде көзін жартылай жұмып, ауыр тыныстап жатыр екен. Оның осы жатысынан мені көргісі келгені де, тіпті жанына келгенімді сезгені де байқалмады. Төсек жанында өлеусірей жанып тұрған майшамның қара көмір тұқылы ғана қалған; есік пен терезелер шалқасынан ашық, бірақ сырттан болмашы таза ауа кіргені сезілмейді. Қараңғы бөлмеде сәл ғана қызарған тілдей от маңайына көмескі жарығын бір қалыпты шашып тұр. Төбе тым аласа. Тура еден түбінен басталатын кең терезенің арғы жағынан алма ағаштарының бұтақтары қарауытады. Қою қараңғылық ішінен бәрін де жақсылап көріп алу мүмкін емес еді. Төсектің төмен жағына қойылған сандық үстінде ерні жыбырлап, бірдеңе айтқандай болып миссис Хопгуд отырды. Болмашы күлімсі иіспен қатар алма ағашы мен әлдебір сабынның хош иісі білінеді. Еденде төсеніш жоқ, бөлмеде төсек тұсында ілулі тұрған скрипкадан басқа ешбір көзге бірден түсер зат көрінбейді. Кішкентай дөңгелек сағаттың бір қалыпты тықылы естіледі.

— Маған ана бір дәріні неге бермейсің, ма? — дейді Пейшнс әлсіз ғана үзіп-үзіп сөйлеп. — Менің ұйықтағым келеді.

— Өте ауырсынып жатырсың ба? — деймін мен.

— Иә, барлық жерім шыдатпай барады, — деп, ол маған жүзін бұрған. — Бұны мен әдейі істеді деп ойлайсыз ба?.. Жо-жоқ. Егер әдейі істесем, ойымдағыға оңай жеткен болар едім, сонда бүйтіп жаным қиналмас та еді. — Ол көзін алақанымен жауып алды. — Біреуге мұңын шаққан жақсы емес. Бірақ шыдай алар емеспін. Енді өйтпеймін... мен... өйтпеймін енді сіздің алдыңызда.

Ол ұйықтататын дәріні кішкентай бала сияқты бет-аузын ашырқана жыбырлатып, бар пейілімен ішіп салды.

— Қалай ойлайсыз, мен әлі көпке дейін ойнай алмаймын ба?.. Ой, мен не деп кеттім, қазір маған мүлде басқа жайды ойлауым керек қой. — Ол маған қолын созды. — Мына сақинаға қараңызшы. Мен күйеуге шыққан әйелмін, бұл қызық емес пе, ә? Ха, ха! Бұны ешкім ешқашан түсінбейді, бұл да қызық қой! Бейшара атам! Ешкім кінәлі емес, ешқандай себеп те жоқ, бәрін істеген өзім. Сізді шақырған себебім: осыны айтайын деп едім; ма осында отыр, бірақ, ештеңені түсінбейді; неге мені түсінбейсің, ма?

Денедегі діріл ұйқымен арпалысқа түскендей; Пейшнс көрпесін сырып, шілбиген ұзын қолын сәл жоғары көтерді, содан өзі жеңілдеп қалған секілді; осы сәтте көздері үлкейіп, жас баладай жаутаңдай қалған майшам жарығы алаулап, жарығы молая түсіп еді.

— Оған ешкім хабар бермесін, ешкім; осы тілегім болсыншы!.. Егер аяғым тайып кетпесе... онда не болар едім? Білмеймін, сіздер де білмейсіздер... Қызық! Мен оны сүйді деп ойлайсыздар ма сіздер? Махаббатсыз күйеуге шықпайды, солай емес пе? Мүлде сүймей дегенім ғой. Алайда, білесіздер ме, мен ешкімге тәуелсіз өмір сүргім келді; ал ол мені өзімен бірге ала кетуге уәде берген, сөйте тұра енді міне, қалдырып кетуді ойлапты. Ал мен қалғым келмейді, мүлде қалғым келмейді! Мен әлгі бір жерге, тұтастай қына басқан жар жақтауына келгенімде, теңіз тура табан астында жатқан; егер осы тұстан секірсем, барлық іс бірден бітеді деп ойлағам; сосын не де болса биігіректен құлайын деп тағы да жар қапталымен жоғарыға көтеріле бергенімде... аяқ басқан тасым домалап кетті де, төмен қарай бір-ақ ұштым... Енді міне, бар жерім ауырады. Ал ауырған кезде бірдеңе ойлау да мүмкін емес.

Оның есінен тана бастағаны сезілді.

— Өзің тілеген өлімнен ешкім құтқарып қала алмайды. Оған айтудың керегі жоқ... егер тіпті... жо-жоқ, керек емес, қажеті жоқ... сіздің кеткеніңіз, өйткені... — көзі жұмыла берді де, ұйықтап кетті.

Бұл күні таңертең оның беті бері қарады ма, әлде бұрынғыдан да ауырлай түсті ме, ешкім сезген емес.

Сейсенбі, 9 тамыз

VI

Мен осының бәрін жазғаныма үш күн емес, үш апта болған шығар. Үйде ауру адам жатқанда уақыт қалай баяу жылжиды десеңізші!.. Бүгін таңертең дәрігерлер келген, олардың айтуынша, оның татар дәмінің таусылуына қырық сағаттай қалған. Бұны естіген сәттен бастап ол не қиналғанын, не қайғырғанын титтей де білдірген емес. Түріне қарасаң — caп-cay сияқты; беті солып, өңі бозарғаны білінбейді. Жанын қатты қинаған ауру да байқалмайды, бірақ денесі біртіндеп қозғалудан қала бастаған... Оның бар шындықты біліп алғанына Джон Форд қатты өкініп еді. Өлетінін білген сәтте ол бар болғаны қабырғаға қарай теріс бұрыла беріп, күрсінген де қойған; сосын жанында мырс-мырс жылап отырған бейшара Хопгуд кемпірге басын бұрып:

— Ма, ма, жылама, маған енді бәрібір, — деген.

Олар жанынан кеткен кезде, скрипкасын сұрап еді. Оны өзіне ыңғайлы етіп ұстап тұруды өтінді де, ішекті жайлап ыса бастады; одан әлдебір өксіген, ыңырсыған, ырғақсыз дыбыс шыға берді, соған ыза болды ма, ысқышты тастай салып, өксіп-өксіп жылап жіберді. Осы мезеттен кейін қайтіп тілде қатқан жоқ, ыңқылдағанын да қойған.

Дегенмен сәл шегініс жасайын. Жексенбі күні, дәлірек айтқанда, сіздерге бұдан бұрын баян қылған оқиғаның ертеңінде, серуендеп қайтып келе жатқанымда, сырнайымен әлдебір мұңлы әуенді сыңсытып жүрген бір баланы кезіктіргенім бар.

— Ағай, жүріңіздерші! — деді ол. — Сізді мисс шақырып жатыр.

Мен оған бардым. Таңертең өңі тәп-тәуір еді, енді мүлде әлсіреп қалыпты. Қолында хат.

— Мынаны, — деді ол, — өзім оқи алар емеспін. Бір сыр бар сияқты мұнда... менің ойлауға да, көруге де шамам жоқ. Осыны маған оқып беріңізші, өтінем!

Хат Зэхериден екен. Мен оны ақырын сыбырлап оқи бастадым, өйткені жанымызда миссис Хопгуд Пейшнстен көз алмай тоқыма тоқып отыр еді. Оқып біткен кезде, ол маған хатты тағы бірнеше рет қайталатып оқытқан. Алғашында құдды риза болып жатқандай көрінді, тіпті аздап қуаныш сезімі де жылт берген, бірақ кейін көзіне әлдебір мұң ұялағандай болды да, онысы біртіндеп ызалы мысқылға ұқсай түскен; сөйтіп мен хатты үшінші рет оқып бітпей жатып, оның кірпігі ілініп кетіп еді. Хаттың ғажап жазылғаны сондай, онда адамның жан дүниесі қыртыс-қыртысымен, бар болмысымен жарқырап көрінгені рас-ты. Мен оны ақ жамылғыға оранып жатқан қыздың қол астына тықтым да, шығып кеттім. Сосын өз көзіммен көріп қайтайыншы деген ниетпен қыз құлаған сол бір жарқабақтың жанына келдім. Ол айтқан тұтастай мүк басқан төмендегі қия бет белдеуіндегі тар жақтауды да тауып алдым. Қыз қол созған жоғарыдағы жақпар тас менің сәл ғана оң жағымда тұрды — бұған қалай батылы барып өрмелегеніне қайран қаласың! Сол сәтте оның бойын қандай сұрапыл сезім билегенін мен енді ғана түсінгендеймін! Арт жақта — қызғалдақ көмкерген кең алқап, онда тіршілік қаракетімен қаптай ұшып жүрген шыбын-шіркей, одан әріде, астығы әлі орылмаған егістік, таңнан шыр-шыр еткен торғайлар үні естіледі. Төбемде — бір шеті сонау көкжиекке барып тірелген көгілдір аспан, ал төменде — қара жартас табанында сан түске боялып жатқан теңіздің бір қолтығы. Сай-салалы, қыратты-қырқалы кең даланың үстінен ұшқан будақ-будақ ақша бұлт. Мұндағы аспан шығыс жағалаудағы сияқты еш уақытта қызыл сары түске боялып жатпайды; бұл жерде ол әрдайым әлдебір жаққа көшіп бара жатқан ақ мамықтай ақша бұлттарға толады да тұрады. Зэхери Пирс хатының кейбір жолдары менің жадымда әлі де жаңғырып тұр еді. Қалай десек те ол өзі өмір сүрген ортаның, заманның, отбасында бойға сіңген дәстүрлі салт-сананың төл перзенті екені рас-ты. Тіпті ауасына дейін жұпар иісі аңқыған осындай жұмақ жерден қайдағы бір қиялшылдың шығуы мүмкін емес (ондай адам өз жанына рақатты өз қолымен жасауға тиіс ортада ғана дүниеге келмек қой); ата-бабалары мыңдаған жыл бойы күндіз-түні теңіз деген ғажайып дүниеден көз жазбаған — сол ғажайып дүниенің жұмбақ сырларын білуге деген өз құмарлығының мәңгілік құлына айналғандардың арасынан заң мен тәртіпті мойындай қояр адамды табу қиын-ау. Жалпы адам баласының хайуаннан айырмашылығы аз болар...

"Өмір дегенің өз еркіңмен қолға салған бұғаудан да қиын дүние ғой, — деп жазыпты ол. — Мені кінәламай-ақ қойшы. Егер сені толып жатқан қауіп-қатердің ортасына тастап жіберсем, сен онда бақытты болар ма едің? Мен ұлан-асыр табыс тауып, сені ең бай әйелдердің қатарына қойсам деймін; ал сені өзіммен бірге алып жүрсем, сәтсіздікке ұшырауым әбден мүмкін. Мен саған қарасам болды, жұмсара түсемін. Адам дүниеде өзіне не қымбат болса, теңізде соны ғана армандайды, ол сонда хош иісті аршаның гүлін де, балды да аңсайды, олар саған ұқсайды; ол сонда бақшадағы аппақ алма ағашы мен жап-жасыл шөпті де аңсайды, олар саған ұқсайды; кейде ол шалқасынан жатып алып тек армандауды ғана сүйеді, сол армандарының бәрі де алдымен саған ұқсайды..."

Мен осы жолдарды оқыған кезде Пейшнстің жүзі таңғаларлықтай жадырап, бал-бұл жанып, көзіне нәп-нәзік күлкі ойнап шыға келгені де есімде; артынша бірақ: "Осының бәрі жындының сөзі ғой, солай емес пе?" деген.

Ол хатында бұдан кейін: егер сәтін салып зор табысқа жетер болса, онда не істейтінін, қандай іске тәуекел ететінін, егер барлық жағдайда сабырлық сақтай алса, ойлаған мақсатына түгел жететінін сендіре, төндіре жазыпты.

"Мен бұл сапарда екі айдан артық болмаймын, — деп жалғастырады ол. — Өз үйіңде күте тұр, жаным немесе менің әкемнің жанына келіп ал. Бұған ол қуанбаса, ренжімейді. Онда менің шешемнің бөлмесі бар. Ешкім де сенің бетіңді қақпайды, теңіз жағасында емін-еркін ойнайсың: тас қараңғы түндерде аспандағы жұлдыздар теңіз бетіне түсіп, сен үшін мың бұралып билейтін болады. Сені ойлай отырып, мен оларға ылғи да қызыға қарайтынмын..."

"Бұны оқымай-ақ қойыңыз", — деп Пейшнс ауыр күрсінген, сосын келесі жолы бұл тұсты әдейі аттап өтіп отырдым... Хат бұдан әрі әдемі сезімге құрылған еді.

"Сенімен осы сырды бөліскенде, екеуміздің алдымыздан жалпақ әлем жарқырап сала бергендей болады. Мен сені қайда апаруды да ойша елестетемін. Не аса ыстық емес, не өте суық емес бір керемет жер бар, сен онда күні бойы көлеңкеде отырып, лиана жапырақтары мен кокос пальмасын қызықтайтын боласың, тып-тыныш, жым-жырт; ештеңе істеудің де, ештеңеден қам жеудің де керегі жоқ; ол жерде жайшылықта түсіңе ғана кіретін жеміс-жидектің бәрі бар; ол жерде құлаққа ұрған танадай тыныштық, тек анда-санда қайдағы бір зәңгінің суға жүзген шолпылы ғана естіледі. Иә, біз дәл сол жерге барамыз, Пейшнс! Сексен тонна суды толтырып алып еркін жүзе беретін ондай теңіз әсте жоқ. Ағысқа қарсы аласұрғандарға ғана бұл дүние ғажап қой! Бұл дүниенің бізге белгісіз жұмбақтары қаншама! Мен сені үлде мен бүлдеге тегіс орағанда, өзіңді-өзің танымай да қаласың. Еркек деген үйде отыру үшін жаралмаған ғой, жарқыным..."

Хаттың әрбір жолынан ондағы шын мәніндегі мөлдір сезімге қарамастан, бұл адамның өз мақсаты үшін дәлірегінде, пайда жолында ешнәрседен бас тартпайтыны ап-анық сезіліп тұр еді. Қызды жан-тәнімен сүйе тұрып, махаббатты басты мәселе деп есептегісі келмейді; есіл-дерті алдымен байлыққа кенелу. Бойы толған күш — тіпті сұрапыл күш! Оның алған бетіне қыздың неге тосқауыл болғысы келмегенін мен енді ғана түсінгендеймін.

Ол қарасаң көз тұндыратын қандай сиқырлы суреттерді қыз алдына тоспаған десеңші! Бұған, әрине, қыз да қызықпай қоймаған, алғаш Қара диірменге барған кезде-ақ мен оның көзқарасынан осыны байқап қалғанмын. Дегенмен оған беріле салуының өзі — оның басқа емес — Пейшнс Войси болғандығы еді: ал Пейшнс Войсиге тән қасиет — ылғи да бірдеңенің басын қисайтып алып, сосын оны қайта түзеуге , ұмтылуы ғой. Міне, ол өлгелі жатыр; енді оны сүйген жігіті де, басқалар да ешқайда алып кете алмайды. Ол өзінің қараңғылау каютасында, қызды өлімге душар еткен осы бір хатты жазу үстінде, оның қандай сезім арпалысын бастан кешкенін ойлаудың өзі қорқынышты еді.

"Мен бала күнімнен, — деп жазады ол, — далада сиыр жайып жүрген кезімде-ақ ылғи да аса бай адам болуды армандаушы едім. Енді соны сен үшін істеймін және оған жетем де, мен екі жыл бойы дайындалдым; маған не білу керек болса, қазір соның бәрін біліп алдым... Осы хатты жіберісімен Лондонға аттанамын. Әлі де көп нәрсені ойластыруым керек; сенен алыстамай, зәкірді көтермей, бұдан әрі мен өзіме сене алмаймын. Мен өз кемеме "Сиқырлы" деп ат қойғанда, алдымен сені ойлағам, сен менің сиқырлымсың..."

Хат соңында ол Пейшнске сәрсенбі күні (яки ертең) кешкі сағат тура жетіде шығанаққа келіп тірелетін сүрлеу жолға кел деп жалбарынады — сол жерде ол жағаға түсіп, онымен қоштасатынын айтады. Хатқа: "Сені сүйетін күйеуің — Зэхери Пирс" деп қол қойған.

Мен алқап жиегінде ұзақ жаттым; төңіректе тыныштық ұйып тұрды. Шіркеу қоңырауы соғылды. Шөмелелер көлеңкесі жайлап ұзара бастаған; орман кептерлері бірінен соң бірі ұяларынан пыр-пыр ұшады; батыс көкжиек қан қызыл, сай-сала, жыра-жылға күннің соңғы сәулесіне бөленген. Астық жинауға ауа райы тамаша-ақ; бірақ барлық жерді бір ауыр тыныштық басқан — әлденені күткендей тыныштық...

Фермадағы тірлік әдеттегідей: таңертең және кешкісін құдайға құлшылық ету. Джон Форд оны бар пейілімен оқиды, құдды құдай жолында өліп кететіндей. Аһылап-үһілеп таңертең, кешке немересіне кіріп шығады, одан кейін тура өз бөлмесіне тартады, тегі тағы да жаратқанға жалбарынатын болу керек. Бүгіннен бастап мен оған кезігуден қашатын боламын. Ол мықты шал, дегенмен мына қасіретке төтеп беруі екіталай.

Кингсэр, сенбі, 13 тамыз

VII

Бәрі бітті, мен ертең бұл жерден шетелге аттанамын.

Талмаусыраған тал түс, бейіт басында үп еткен жел жоқ. Мен ол жерге бәрінен ерте, тура жарты сағат бұрын келгенмін. Бірнеше қызыл сиыр көрші бақшаға түсіп шіркеу дуалына бастарын қаси берді. Мен ол жерде тұрған сәтте, бір кемпір келіп оларды аулаққа айдап жіберді де, ерте пісіп, үзіліп түскен алмаларды бүкшең қағып жинай бастады.

Алма пісті, үзілгелі тұр, міне!

О! Хэй-хоу! Үзілгелі тұр, міне;

Келіп оны жинап алад адамдар,

О! Хэй-хоу! Жинап алад адамдар!

...Пейшнсті өте қарапайым жерлеген — құдайға шүкір, көргенде жүрек мұздатар катафалка деген болған жоқ, оны ферма жұмысшылары көтеріп жүрді, ал шығарып салғандар тек Джон Форд, ерлі-байлы Хопгудтер, мен және жас дәрігер. Бейіт басында дұға оқылды. Джон Фордтың "Әмин!" дегені әлі құлағымда тұр. Бәрі біткеннен кейін ол жалаң бас қалпы шыжыған күннің астында үнсіз ұзап кете барған. Кешкісін мен бейіт басына тағы да келіп, мүрделер арасында ұзақ жүрдім. "Ричард Войси", "Джон, Ричард баласы және Констанс Войси", "Марджори Войси" — бір бұрышта қаншама ұрпақ! Бұдан соң... Ричард Войси мен Агнесса, оның әйелі, ал жанында сызы да әлі кеппеген жас топырақты жаңа төбешік.

Тағы бір жайды баян еткен соң менің әңгімем де тәмам болады...

Сәрсенбі күні күндіз Пейшнс мені шақырған.

— Көп болса сағат жетіге дейін ғана кешігер, — деді ол сыбырлап. — Ол міндетті түрде келуге тиіс. Ал егер... мен оған дейін өліп кетсем... ондай жағдайда сіз оған... менің аяныш білдіргенімді айта салыңыз. Олардың бәрі маған "Сөйлеуге болмайды, сөйлеуге болмайды!" деп қоймайды. Бұл ақымақтық қой. Сонда бүгін сөйлемегенде қашан сөйлеймін?.. Иә, бүгін кештен кейін мен еш уақытта сөйлемейтін боламын. Қазір... бәрі келсінші маған, мен оларды көргім келеді. Адам өлгелі жатқанда барлық кездегіден де өзін еркін сезінеді екен, мұндай жағдайда не десең де сені ешкім кінәламайды, оларға енді бәрібір... Маған тұрмысқа шыққан кезде сен не істегің келсе, соны істейсің деп уәде берген ол. Мен ондай еркіндікке еш уақытта сенбегем, ал қазір... не істегім келсе, соны істеймін, не ойласам — соны айтамын.

Ол басын жастыққа тастап, үнсіз қалған; өзінің ең асыл ойын — ондай ой біздің әрқайсымызда да бар ғой — тіпті ауызбен айтып жеткізу қиын сондай қасиетті дүниесін ол бәрібір ақтарып сала алмаған.

Мен оны әрдайым соңғы бір сәтімен еске аламын: жартылай жұмулы көзімен сәл-пәл ашыла түскен қан қызыл еріндеріне болмашы күлкі ұялай қалған, оның жоғары қарап жатқан кішкентай дөңгелек жүзінен әрі қуаныш, әрі өкініш, әрі мысқылға ұқсас бір қызық құбылыстың нышаны сезіледі; жарық бөлмеде жас гүлдердің жұпар иісі аңқиды, алма ағашының нәп-нәзік жасыл бүрі самал желмен тербеліп, терезені қытықтайды. Қабырғада ілулі тұрған скрипканы түнде алып, басқа бөлмеге әкеткен; бұны ол сезген де жоқ... Дэн келгенде, мен оған өз орнымды бердім. Ол бір ауыз тіл қатпастан қыздың кішкентай қолын өзінің жалпақ алақанына салып, аялай берді.

— Менің қолым... мұндайда кіп-кішкентай көрінеді екен ғой, — деді ол. — Өте кішкентай.

Дэн оның қолын жайлап төсегіне жатқызды да, өзінің маңдайын сүртті. Пейшнс бірден сыбырлай тіл қатқан:

— Мұнда тым ыстық па? Мен тіпті байқамаппын.

Дэн еңкейіп, оның саусақтарына ернін тигізді де, бөлмеден шығып кетті.

Ащы ішектей созылған мұндай ұзақ күнді мен ғұмыры көрген емеспін. Бір сәт ұйықтап кеткендей болады, енді бір сәтте ақырын күбір-күбір етіп, бірде шешесімен, бірде атасымен, мысықтарымен сөйлесе бастайды — құдды оның бүкіл санасын қайдағы бір ұсақ-түйек, түкке тұрғысыз, ретсіз-жүйесіз жайлар жаулап алғандай; бірақ Зэхери жөнінде бір ауыз сөз айтқаны есімде жоқ, тек уақыт қанша болғанын қайта-қайта сұрай берген... Ол сағат сайын әлсіреп бара жатты.

Оның жанында тастай қатып, терең тыныстап Джон Форд отырды. "Кейбір сәтте қыз оның қолын үнсіз ғана сипап қояды. Бұл — олардың екеуара күн кешкен бүкіл өмірлерінің соңғы түйіні, ақырғы минуттары еді. Енді бір мезетте шал өзінің қырылдаған даусын қаттырақ созып, ол үшін Құдайға жалбарына берген; содан кейін қыз маған аянышты кейіппен шыдамсыздана бұрылып:

— Тезірек, — деп күбірлеген. — Мен оны көргім келеді; бойым... суып барады.

Мен сыртқа атып шығып, жалғыз аяқ соқпақ жолмен шығанаққа қарай бар пәрменіммен жүгіре жөнелдім.

Зэхери қоршау қақпасына сүйеніп тұр екен, белгіленген мерзімнен бір сағат бұрын келіпті; үстінде — әдеттегідей көнетоздау көк костюм, басында — тері күнқағары бар фуражка; мен онымен алғаш танысқанда, тура осы киімдерімен көріп едім. Ол болған жайдан еш хабарсыз екен. Бірақ жаман ойлағысы келмесе де, мен ауыз ашқанша ол бәрін түсіне қойғаны анық.

— Мүмкін емес, мүмкін емес... — деп, ол қайталай берген. — Біраз күннен соң тәуір боп кетеді. Сіңірін қатты созып алған да. Қалай ойлайсыз, теңізге шығуға... қазір бірден аттанып кетуге шамасы жете ме оның?

Бойындағы болмашы үміті жаман оймен жанталаса күресіп жатқан оған тура қараудың өзі ауыр-ды. Маңдайы жіпсіп, булана қалған. Соқпақ жолмен жоғары көтеріліп келе жатқанда, ол артына бұрылып, теңіз жақты нұсқады. Онда оның желкенді кемесі майда толқындармен баяу ырғалып тұр еді.

— Мен оны қазір-ақ бортқа көтеріп алып кетер едім. Ал сіз... "болмайды" дейсіз. Неге? Не боп қалды со құрлы? Омыртқасы? О, құдай! Дәрігерлер... олардың қолынан бәрі де келуші еді ғой кейде!

Шындықты қалайда мойындағысы келмеген оған тек аяй қарағаннан басқа амалым қалмаған.

— Бұлай болуы мүмкін емес, ол әлі жап-жас емес пе! Біз неге ақырын жүріп келеміз осы.

Мен оның өлгелі жатқанын айттым. Сол сәтте ол қаша жөнелгісі келгендей көрінді маған. Сосын басын сілкіп тастап, үйге тұра ұмтылды. Басқыш тұсында менің иығымнан ұстай алған.

— Бәрі жалған! — деді ол — Оған енді жақсы болады, мен міне, келдім ғой. Мен енді ешқайда кетпеймін. Құрысын бәрі! Ешқайда кетпеймін мен.

— Оны шын сүйгеніңізді дәлелдейтін сәт туды ақыры, — дедім мен. — Берік болғаныңыз жөн, достым!

Ол селк ете қалды.

— Иә!

Оның бар айтқаны — осы-ақ.

Біз оның бөлмесіне кірдік. Ол өлгелі жатыр дегенге тіпті де сенгің келмейді: беті қызара бөртіп, ерні дірілдеп, онысы жаңа ғана сүйіскендей сәл ісіңкіреп, көздері ұшқын атып, қою қара шашы бұйраланып, уыздай беті үлбіреп кереметтей бір құлпырып жатыр екен...

Жарты сағаттан кейін мен ол жатқан бөлменің ашық есігінен ұрлана сығаладым. Ол бөздей бозарып, қозғалыссыз, сұлық жатыр екен. Төсектің төмен жағында мелшиіп Джон Форд тұрды; жанында, басын сүйеп, Зэхери Пирс отырды.

Өлі тыныштық. Терезе сыртындағы жапырақтар да енді сыбдырлағанын қоя қойған. Ең ауыр сәт туған кезде адам не үрей, не өкініш, не қайғыру дегендерді бірден сезіне қоя ма, ондайда тек санаңда: ойын бітті, тезірек енді кетсем деген тілек қана бәрінен басым тұрар еді.

Кенет Зэхери орнынан ұшып тұрып, мені байқамастан жанымнан өте шығып, басқыштан төмен жүгіре жөнелді.

Арада бірнеше сағат өткенде, мен де шығанаққа бастайтын соқпақ жолға түскенмін. Көзге түртсе көргісіз қараңғы; "Сиқырлының" қалтыраған жарығы әлі де өз орнында жылт-жылт етіп тұр екен. Құдды жалтырауық қоңыз секілді. Сәлден кейін алдыңғы жақтан өксіп жылаған еркек даусы естілген — бұдан өткен қорқынышты үнді бұрын-соңды естіген емеспін. Менен небәрі он шақты қадам жерде Зэхери Пирс төбеге қарай көтеріліп бара жатты...

Оның соңынан еруге батылым жетпеді де, қоршау түбіне отыра кеттім. Жерге жаңа бауыр басқан май тоңғысыз осы бір уыз түнде бейшара қызды әр нәрсе еске түсіргендей еді: жұп-жұмсақ құмды жоталар, ашқылтым ырғай иісі, папоротниктер мен қара бүлдіргеннің аяғыңды қытықтауы — бәрі, бәрі де... Өмірде өлмейтін кім бар, ажал жеткен күні бәріміз де кетерміз, ал бірақ артта қалған ағайын-туыс, достарға бұл қай уақытта да түйсік жетпес, түсініксіз бірдеңе ғой.

Біраз уақыттан кейін желкенді кеме екі рет ысқырып жіберіп, оң жақ қапталы түсініксіз жарқ-жұрқ ете қалды да, ақыры жоқ болды...

Торки, 30 қыркүйек

VIII

...Менің бұдан үш жыл бұрын Муэдегі фермадан жазған хатым естеріңізде ме? Бүгін сол жерге атпен барып қайттым. Жолай тамақтану үшін Бриксемге аялдап, кеме тоқтайтын айлаққа жаяу түстім. Менің алдымда ғана қатты нөсер құйып өткен екен, бірақ енді күннің көзі ашылып, теңіз бетін құбылтып, қызыл-қоңыр желкендер мен шиферлі шатырларды жарқырата түскен.

Онда үлкен бір траулер тұр екен, байқауымша, бұзылған жерін жөндеп алу үшін тоқтаған сияқты. Үстіне жыртық күпәйке, резеңке етік киген, теке сақал, жұқа ерінді жігіт жөндеу жұмысын басқара жүріп, маған:

— Оңдап жатырмыз, сэр, көргіңіз келе ме? — деген, әлдебір мақтанышпен. — Сосын көкшіл көздерін маған сығырайта қадап тұрып: — О-о,сіз екенсіз ғой, ұмытқам жоқ. Өткен жолы мен осы кемені алдарыңызға тосқанда, бортта жап-жас бикеш те болды ғой дегенді қосып қойды.

Бұл — Зэхери Пристің баяғы көмекшісі Прол болып шықты.

— Иә, солай, — деді ол жалғастырып. — Бұл сондағы кеме.

— Ал капитан Пирс?

Ол кеме жақтауына жантая тұрып, шырт түкірді.

— Нағыз еркек еді ғой; ондай жігітті бұрын-соңды көргем жоқ.

— Сапарларың қалай, сәтті болды ма?

— Сәтті дейсіз бе? Жоқ, басынан аяғына дейін аттап басқан жерде қырсыққа тап болдық та отырдық. Капитан бойындағы бар мүмкіндігін аяп қалған жоқ. Жолы болмағанды "Тағдырдың жазуы" деп жатамыз ғой. Оның бәрі бос сөз. Ал мен айтар едім, біздің заманымызда тынышсыз, мазасыз адамдар өте көп — дүние тым тарылып кетті.

Бұл сөздер менің есіме біздің қазіргі өмірімізге баса көктеп кіріп алған Дрейкті түсірген, өйткені дүние түгел төңкерістің топан суына батқандай; ал Дрейк — бюрократизм торы мен электр жүйелеріне, сондай-ақ өркениеттің басқа да небір ғажайып жетістіктеріне шырматылып әбден біткен. Адамзат баласы өз заманының осы бір топан суынан шынымен-ақ тұншықпай өте ала ма? Уақыт өткен сайын қусырылып бара жатқан мына қу дүниеде, ғасырдан ғасырға енді ғұмырын жалғауы мүмкін бе? Бүгін өмір сүре отырып кейде кешегіге ұмтылады... Бәрі де қиялдың ойыны! Солай емес пе?

— Сонымен жол бойы шашылып біттіңіздер ме? — дедім мен. Прол бас шайқады.

— Мен бұлай демес едім, сэр... Сөздің өзі адам өлтіреді ғой. Қарғыс атқыр! — Ол сөйлеп тұрып өз етігіне тесіле қараған. — Әрине, мұнда менің де кінәм бар. Бізді дұшпандар қоршап алған, сонда айқас үстінде мен аяғымды сындырып алдым. Капитан мені тастап кетпеді. "Біз екеуміз де Девоннанбыз, — деді ол маған. — Сондықтан бір-бірімізді тастауға тиіс емеспіз." Біз онда екі күннің орнына алты күн болдық; ал кемеге қайтып оралсақ... полиция оны заңсыз қару әкеле жатқаны үшін тәркілеп алыпты.

— Ал капитан Пирске не болды?

— Ол Қытайға кетті ме деп ойлаймын. Бірақ дәл айта алмаймын.

— Әйтеуір, тірі ме ол?

Прол маған біртүрлі жаратпай, ашулана қараған.

— Оны өлтіру оңай емес. Түбінде бәріміз де өлеміз, бұл — ақиқат. Бірақ капитан Зэхери Пирстай жанкешті жан бұрын-соңды болған емес.

Иә, оны өлтіру оңай емес, бұған сенем. Мен оны көз алдыма ылғи да аса ұстамды, өткір көзқарасты, қайтпас қайсар қалпында елестетемін; сәл бұйралау сақалы мен қою қара самай шашы да есімде; ол әрдайым сезім бұлқынысын тежей білетін, сол себепті де оны ешқашан ешкімнің жеңуі мүмкін емес еді, сондай-ақ өзін-өзі жеңуі де екіталай болатын.

Мен Пролға жарты крон тастадым да, кете бардым. Кетіп бара жатып мен оның әлдебір бикешке: — Кемені жөндеп жатырмыз, көресіз бе, мэм, — дегенін де естіп қалдым.

Тамақтанып алғаннан кейін Муэге жүріп кеттім. Ескі үй ешқандай өзгермепті: тек алма ағаштарында бұрынғыдай қып-қызыл боп салбырап тұратын алмалар жоқ, жапырақтары сарғайып жерге түсе бастаған. Бақ арасында Пейшнстің бір мысығы алдымнан жүгіріп өтті, мойнындағы бантигі әлі жүр. Джон Форд маған соңғы уақытта істеген әрбір жаңа жұмысын түп-түгел көрсетіп шықты, бірақ бұрынғылар жөнінде бірде-бір рет ауыз ашқан жоқ. Сөз арасында Дэн туралы да жай ғана хабардар етіп өтті, ол қазір тағы да баяғы Жаңа Зеландиясында тұратын көрінеді: шалдың ұйпа-тұйпа шашы мен сақалы әбден ағарып біткен; байқаймын, жүрісі де өте ауырлай бастаған, аяғы әр кез өзіне бағына бермейтіндей: таяғына сүйеніп, жиі-жиі тоқтап қалады. Өткен қыста қатты ауырып еді; жұрттың айтуынша, ол кейде ә дегенше ұйықтап кететін көрінеді.

Маған бірнеше минут Хопгудтермен де дидарласудың сәті туған. Біз асүйде ыдыстар қойылған сөре астында отырып, Пейшнсті еске алдық, бөлмеде сүрленген шошқа еті мен ашқылтым түтін иісі аңқып тұрды, ал иіс дегеніңіз қай-қайдағыны еске түсіреді ғой. Мейірбан кемпірдің тақия іспетті дөңгелек бас киімі астынан маңдайына иіріле түсіп тұрған екі тұтам шашы қырау шалғандай ағара түскен; бетіндегі әжімдері де сәл-пәл көбейгені байқалады. Өзінің қоңыр қозысы туралы әңгіме қозғағанда, көзінен жас әлі де парлап ағады.

Зэхери туралы ештеңе ести алмадым, бірақ кемпірден кәрі Пирстің өлгенін білдім.

— Оны сол.. күн қақтап жатқан жерінен тауып алыпты... әрине, өлі денесін. Бұ жөнінде мына Хэ-эпгуд жақсы біледі.

Ал Хопгуд әдеттегідей аузындағы мүштігін екі езуіне кезек ысырып қойып, салқын жымиыспен мұрын астынан мыңқылдап бірдеңе айтқан болды.

Бұл үймен қоштасып, сыртқа шыққан кезімде, ол мені қақпаға дейін шығарып салған.

— Мың жасайтын ешкім жоқ, сэр; жұмыр басты пендеге бір өлім хақ, — деді ол еңгезердей денесімен дертеге сүйене тұрып. — Мистер Форд, шүкір, қара нардай қайысар емес. Ақсақалдар әсте ажалдан қорқа ма!.. Иә-ә! Бәрімізді есеңгіретіп кетті ғой ол; менің кемпірім әлі күнге ес жия алмай жүр, әнеки. Бар жаңалық, міне, осы, тек бұны көп ойлаудың түкке де қажеті жоқ.

Жолай ат басын бейітке бұрдым. Қоян жоталанып жатқан жас қабірдің төңірегіне неше түрлі гүл өсіпті, қауашақтары үлбіреп, самал желмен ырғала толқиды; олардың бас жағында... ақ мәрмәрдан жасалған ескерткіш бой көтеріпті. Бетінде мынадай жазу бар:

"Пейшнс"

Зэхери Пирстің әйелі

"Құдай берді, Құдай алды"

Жанында баяғыдай қызыл қоңыр сиырлар жайылып жүр; аспанда ақша бұлттар қалқиды, екі-үш шымшық торғайдың сәл мұңға толы шырылы естіледі, ауадан сүрі шөп пен сары жапырақтардың иісі білінеді.

Орыс тілінен аударған Д. Әшімханұлы


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер