(әзіл)
Әйел — математик.
Әйелге шешуі күрделі есепті ілгерідегі қара шалдар тастап кеткен: "ұзын арқан, кең тұсау".
— Ау, ата, айта кетіңіз, арқан ұзын болғанда да — оның бір өлшемі болатын шығар, ал тұсаудың кеңдігі қанша болмақ?
— Оны өздерің есептеп шығарыңдар, өздерің ойланыңдар, — дейді қара шал қуланып.
"Құрысын, мына еркек деген қандай халық, арқанды тартып ұстасаң — қазыққа оратылып қалған бұзаудай көздері ақшыраңдап қалады, ал бос жіберсең болды — қашаған жылқыдай ұстатпай кетедi, мұның нақты өлшемін есептеп шығарудың өзі оңай емес екен ғой". Әйелдер осылай дағдарады.
— Бір үйге тойға барғанда, адамды ұятқа қалдырмай жүрші, — дейді келіншек күйеуіне, — аулаға кіре бергеннен — жұрттың көзінше сүрінесің.
— Енді өзің емес пе, тұсауды тым тарылтып жіберген.
Келіншек осыдан кейін әлгі тұсауды бос жіберсе болды — еркек би алаңының ол шетіне бір шығып, бұл шетіне бір шығып, қыздармен алаңсыз билеп, ұстатпай кететін көрінеді. "Мына байғұсқа не көрінді соншама ойнақтап? Тұсауды бос тастасаң — көретін күнің осы, мұның дәл есебі қанша болды екен, үйге барғасын қағаз-қалам алып отырып, есептеп шығарайыншы". Бұл — келіншектің ойы.
Бір жаңа үйленген жас жігіт бір күні жасы үлкен сыйласып жүрген ағаларына мақтаныпты:
— Үйлену мен бойдақтықтың арасында айырмашылық жоқ па деп қалдым, еркінбіз! Келіндеріңіз бос ұстайды.
— Әй, бала, асы кетпе, — дейді ағалары, — сендей кезімізде бәріміз де солай дегенбіз, қайран жастық-ай! Айтып ауыз жұмғанша, жігіт:
— Тартылды, — дейді, — тартылып жатыр!
— Тартылды ма арқан? Айттық қой — тартылады деп.
Ағалары көздерінен жас аққанша күледі.
— Ойбай, мынаның білегі нәзік пе деп жүрсем, мықты ғой мынауың?
Ағалары бұл сөзге одан сайын күлетін көрiнедi:
— Баяғыда бәріміз де солай айтқанбыз. "Ой, мына нәзік білек қашанғы тартып тұрар дейсің, арқанды үзе-мүзе шығандап кетеміз ғой" дегенбіз. Қайдаа? Бұлардың білегі асауға бұғалық тастайтын жігіттердің білегінен де мықты. Орталарында отырған бәрінен жасы үлкендеу ағасы былай депті:
— Әй, бала, бұл арқан дегеніңнің өзі — отбасының жауапкершілігі, біле білсең.
— Сол арқанға жігіттердің өзі барып ұрынатынын қайтерсің?
Мұны айтқан жігіт ағасының сөзі өзгелерді ду еткізеді. Расында да осы ағалары айтқандай, жігіттердің әлгі арқанға өздері бас сұғатыны бар. Нәзік болмысты, талдырмаш арудың соңынан сонша жүгірген қараторы жігіттің сол аруға арнап айтатыны бар еді:
— Үйленейікші, маған тұрмысқа шықшы!
Әлгі ару теріс қарап тұрып күлетін көрінеді: "мына байғұс ноқтаға өзі келіп басын сұқты-ау".
— Ау, ойланайын да, — дейді қыз, — сен де әлі де ойлан.
— Жоқ, мен ойланып болдым, — дейді жігіт, — жауабыңды бүгін айтшы!
Қыз тағы да жымияды: "әй, еркек деген — аңғал халық, деп апам бекер айтпайды екен ғой, болмаса бұғалық тимеген бойдақ күндер артта қалып, ноқта киілетінін сезіп те тұрған жоқ". Иә, әйел — математик. Егер елге сыйлы, сырбаз ағаның жанынан шуақ жүзді, шырайлы жеңге көрсеңіз, әлгі есептің түйінін дәл тапқан математигіңіз осы кісі деп есептей берiңiз.
Әйел — құрылысшы. Егер әйелерді құрылысшылар күнімен құттықтаса — не болар еді, әрине, әйел бұған таңданып: "Рахмет, әйтсе де менің мамандығым мүлде басқа мамандық қой" — деуі де мүмкін. Алайда әйел — құрылысшы. Егер әлдебір тұрғын үй жаңадан салынып, оның болашақ тұрғындарына "кіргелі отырған үйлеріңді өздерің құрылысшылардан қадағалап, қабылдап алыңдар" десе, сол үйдің болашақ тұрғындары оны тіпті жай көзбен емес, түрлі-түрлі көзілдірікпен үңіліп, қарап алар еді. Сол сияқты тұрмыс құрғалы жүрген бойжеткен ару да болашақ тұрмыс — үйінің кем-құтықсыз болғанын қалайтыны анық, тұрмыс — үйдің келешектегі басты тұрғыны өзі болатындықтан, тұрғын атануға бірден келісімін берместен — "әуелі көріп, бақылап алармын" дер. Оның осы мінезін жақсы білетін тұрмыс — үйді өткізушілер де мұндайда лыпылдай түседi емес пе? — О не дегеніңіз, айтқаныңыз әбден орынды, қарап алыңыз, жіті назармен қадағалаңыз, тұрмыс — үй деген тұрғын үйден де маңызды, өміріңізде бір-ақ мәрте кіресіз, тұрмыс-үйді тұрғын үй секілді сатып жібере алмайсыз, сыйға тартуға тағы да келмейді, айырбас жасап жіберуге де болмайды, асықпай қараңыз, асықпаңыз, — дер еді.
Ақылды бойжеткенге де керегі осы емес пе, қырағы көзбен әбден-ақ байыптап қарап жүріп, кемшілігі бар тұрмыс — үйде өмір сүріп жатқан әпкелерін де бір еске ала кетуді ұмытпайды: "осылай мен құсап уақытысында жіті назар аударса ғой, әй, өз тағдырларына өздері тым жеңіл қарайды-ау, қайран әпкелерім-ай!" Қатал сыншы бойжеткен ару осыдан кейін барып қана салқын түрде жымиып, тәкаппарлана бас изейді: "жарайды, келістім!". Тұрмыс — үйді өткізушілерге де керегі осы сөз ғой, лып ете қалады:
— Келістіңіз бе, тамаша! Ендеше мына жерге "тұрмыс — үйдің болашақ тұрғыны болуға келісімімді бердім" деп қол қоя қойыңыз, бәрі де заңды болсын, заңнан аттап кетпейміз, айттым ғой бір мін таппайсыз деп, айтқаным айдай келді емес пе, бұдан артық тұрмыс — үйді қанша іздесеңіз де таба алмасыңыз анық. Сірә да, Адам ата мен Хауа ана жаралғалы бері кемшіліксіз, бір міні жоқ тұрмыс — үйдің тұрғыны атанғалы отырған нөмірі бірінші бойжеткен өзіңіз болғалы тұрсыз-ау. Мұндай қуанышты енді тек "Тойың тойға ұлассын" кафесінде сіздің құрметіңізге арналған сыңғыр-сыңғыр тілектердi тыңдай отырып, атап өту ғана қалды.
Бойжеткен ару өзін "нөмірі бірінші бойжеткен" атағанына жымиып езу тартар. Несі бар, жаман емес! Арада уақыт өте келе, әлгі бойжеткенге тұрмыс — үйдің кем — құтықтары байқала бастайды. "Ойбай-ау, мына үйдің шатырынан су тамшылай ма немене, масқара, мына терезеден кәдімгідей-ақ жел улеп тұр ғой, құдайым-ау, еденнің сықырлағанына жол болсын, мәссаған, есіктің қиюласып жабылмайтынын қалай ғана байқамағанмын десеңші, ал, нөмірі бірінші бойжеткен, жаса, жөнде енді осы кем-кетiктердi". Осылай өз-өзіне бір күліп алған ол әлгі кемшіліктерді сырт көзге байқатпас үшін, тұрмыс — үйдің ендігі белсенді құрылысшысына айнала бастар. Күндердің күнінде әлгі тұрмыс — үйді көру үшін қыздың анасы келеді.
— Мына жерден су тамшылаған сияқты ма қалай?
— Мам, қайдағы су тамшылаған, ешқандай да су тамшыламаған, әп-әдемі-ақ боп тұр.
— Мына жердің сылағы түскендей көрінді ме немене?
— Қайдағы сылағы түскен, мам? Әне өзің шұқылап түсіріп отырсың. Одан өздерің жайлы айтсаңдаршы, інім қалай, жұмысына барып жүр ме, өткенде жұмыс істеген жері еңбекақысын түгелдеп берді ме?
Анасы төмен қарап отырып жымияды: "мені ештеңе білмейді дей ме екен, баяғыда мен де шешеме осылай деп, сөзді басқа жаққа аударып жiберуші ем".
— Мам, келсең кетуге асығасың?
— Ойбуй, ана ағаңның кішкентай ұлы менi іздейді ғой, жаныма алып жатпасам, ұйықтамайтыны бар едi, кеше қызулап тұрды, әйтпесе ала келейін деп ем, ана қыз да бірінші сыныпқа барғанмен еркелігі бар, екеуі де маған арқа сүйейді ғой, мен кеткесін ана әке-шешелері өздерінше педагог боп жатқан шығар, екеуi бетіме келіп айтпаса-дағы "балаларды мамам тым еркелетіп жібереді" деп айтатын көрінеді, мені педагогиканы білмейді деп ойлайды ма екен, педагогиканы білмесем — осы ұл-қыз қайдан шықты, педагогика түгіл психологиясын да жақсы білем.
— Біздің мама — мықты, менің мамам — мықты.
— Шолжаңдама, шолжаңдама, ойбай, бір әулеттің келіні болып отырғаныңды білесің бе? Әлдебір түрік сериалы кейіпкерінің аузынан "Ұяны құстың ұрғашысы салады" деген мақал шығушы еді. Құстың ұясына қарап отырып, оны қайсысы салып жатқанына былайғы адамдар мән бере бере ме? Сөйтсе ұяны терлеп-тепшіп құстың ұрғашысы салып жатады екен ғой. Ал еркек құс шылымын бұрқыратып, қанатымен сымға iлiнiп тұрып, ақыл айтып отыратын көрінеді:
— Қарлығаш, Қарлығаш, ұяң сәл-пәл былай қарай қисайып кеткен сияқты.
Ұрғашы құстың бұған жыны келеді:
— Шылымыңды шегіп, қанатыңмен iлiнiп, салбырап, ақыл айтып не істеп отырсың, одан шөп пен батпақ тасысайшы, айналып келгенде осының ішінде сенің балапандарың ғой жататын.
Солай десе, еркек құс:
— Ертең балапандарым жұмыртқаны жарып шыққанда, сендерге тамақ тасимын ғой, сол кезде маған оңай дейсің бе, айнала толған жыртқыш құс, солардан қашып, зу-зу етіп ұшқанымда, көз алдымда сендер тұрасыңдар, "қап, балапандарымды да қанаттандырып кетпедім, мен жыртқыш құстың тырнағында кетсем, балапандарым жетім, Қарлығаш жесір қалады-ау" деп шыбын жаным шырқырап, бар пәрменіммен ұшам — дегенінде, ұрғашы құстың көзіне мөлдіреген жас келіп:
— Жаным, сол, бізді ойлаған! Аман жүрші, әйтеуір, ұяны да өзім бірдеңе қылып салармын, батпақ та тасымай-ақ қой, шөп те әкелмей-ақ қой — дейтін көрінеді.
Сонымен әйел тұрмыс — үйдің белсенді құрылысшысы екендігі анық. Ендеше, құрылысшылар күнімен әйел — азаматшаларды да құттықтап қойса несі артық?!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі