Бізде, сахнада тарихи және фольклорлық тақырыпқа жазылған шығармалардағы қазақ әйелдерінің бейнесін көргенде «Ой, бұл ол кездегі әйелдерге тән емес» деген күңкіл өз арамыздан шықса, жалпы шығыс, әсіресе, мұсылман шығысынан хабардар өзге көрермендер бұрынғы қазақ әйелдерінің бойынан арап, фарсы, түрік әдебиеттерінде ғасырлар бойы қалыптасып көңілге ұялаған, көз үйренген Ләйлінің, Зухраның, Шіріннің үлгілерін іздейді. Алғашқы күңкіл өзімізді-өзіміз терең білмегендіктен туса, екіншісі сыртқы көзге дұрыс сияқты. Өйткені дін атаулы ұлтына қарамай өзінің қатал ережесімен «дін қарындастық» деген ұғым сенімге бағындырады, сондықтан өзге көрермендер көбінесе осы тұрғыдан қарайды. Ал енді осы өлшем бұрынғы қазақ қауымындағы әйелдердің атқаратын азаматтық орнына сай келе ме? Әлбетте, келмейді. Неге дейсіз ғой, осыған орай мынадай пікір айтқым келеді.
Өз басым күні бүгінге дейін санамызға сіңіп, қалып алып кеткен «Қазақ әйелдері бұрын қор тірліктің құрбаны болып келген, әлеумет өміріне араласа алмаған» деген пікірге түгелдей қосыла бермеймін. Рас, ислам діні Орта Азияға тарағалы отырықшы елдерді тез баурап алғанмен, бар тірлігі мал шаруашылығы мен көшпелі өмірге байланысты қазақ халқының әлеуметтік ортасына дендеп, өзі ойлағандай ықпалын тигізе алған жоқ. О бастан әртүрлі наным, сенімдердің (шаманизм, буддизм сияқты діндердің) элементтері болған елде ислам діні кең шеңберін жая алмады. Негізгі бір дінді ұстамаған халықтың әйелдеріндегі мінез-құлықтың қалыптасуы да өзгеше болғанын аңғарамыз. Оған біздің әдеби мұраларымыздағы әйелдер образының ерекше тұратындығы айғақ. Егер біз мұсылман шығыс әдебиеттерінде мұң-зардың, қор тірліктің құрбаны болған әйелдерді кездестірсек, қазақтың революцияға дейінгі ауыз әдебиеті мен ішінара жазба әдебиеттерінде әйелдердің әрі ақылшы, әрі опалы жар, ердің ең сенімді серігі екендігін дәлелдейтін тамаша образдарға тап боламыз.
Ескі әдеби нұсқаулардың қайсы бірінде болмасын әйел образы ұнамды, сүйкімді, тартымды суреттеледі. Аңыз-ертегілерден бастап, тарихи жырларға дейін қазақ әйелдерінің орны ерекше. Халықтың әйгілі шешені Жиреншенің жары ақыл-парасаты жағынан қысылғанда жол табатын Қарашаштың бейнесі ғажап үлгі емес пе? Бағы заманнан халық ішінде кең тараған «Жақсы еркек жаман әйелді қатарға қоса алмайды, ал жақсы әйел жаман ердің басын елге теңейді» деген мәтелдің түпкі негізіне зер салсақ, қазақ қауымында әйел атқаратын рольдің қаншалықты мәнді, маңызды екенін көреміз.
Қазақтар дүниеге келген қыз баланы ерекше бағалаған. Ол ең алдыменен өріс кеңейтер ұрпақтың ұйтқысы саналса, кей жағдайда жастайынан еркешора атанып, ұл орнына бағалаған. Мысалы, «Қыз Жібек» поэмасындағы Сырлыбай ханның қызы Жібектің ақыл-парасаты айналасындағы өз ағаларынан да әлдеқайда биік көрінеді. Қазақ әйелдері ешуақытта ислам ережесіне бас иіп, беті-жүзін жасырып көрген емес. Ол өзін ермен тең санап, ел намысын қорғауда әрдайым көзге түсіп отырады. Қазақ қыздары сәннің де, салтанаттың да, табиғаттың бар бояуларының сұлулығын сезіне өсіп, ән-күй, жырлардың бас кейіпкері, кейде соның иесі — авторы болып келеді. Керек кезінде қол бастаған қыздардың да бейнесі ауыз .әдебиетінде баршылық. Ру тартысының қиян-кескі кезеңінде бір рудың туын ұстап, сөзін сөйлеген би қыздардың бейнесі — осы күнге дейін жеткен көп әдеби мұралардың негізгі өзегі. Бекежан Төлегенді өлтіріп келгенде: «Атадан туған алты аға, тірімісің қайдасың?» — деп ұран тастаған Жібек өз махаббатының намысын қорғауға шақырады. Төлегенмен әзіл-қақтығыс үстінде ойнақы мінез, өр қимыл танытатын Жібек өз бас бостандығы үшін, сезім азаттығын қорғай білер қуат иесі екендігін байқатады. Бір көргеннен ғашық болған Төлеген Қыз Жібекті ашындыру мақсатымен:
Қыз Жібек мінген күймесін,
Күймеге тағып түймесін
Қайдан білдің, Жібек-ау,
Іздеп келген Төлеген
Мал беріп сені алмасын.
Ақ қойныңа енбесін,
Ақ төсіне мінбесін, —
дегенде Жібектің жалма-жан:
Жақсы айтасың, Төлеген,
Сіздей-сіздей әр жерден
Неше жігіт келмеген?
Бәрі де айтқан «Жібек-ау,
Сені алмасам» — демеген!
Көбісі келмей шеніме
Іңкәрда болып жөнеген.
Келсең кел, шындап қасыма,
Шәй мамығым басыңа
Жатпас па едім қасыңа.
Алуа шекер беремін
Ішеті-ғұн асыңа.
Келсең келгің, Төлеген,
Құрметің мұндай мінеки.
Келмесең арман кете бер,
Бар дамбалың басына, —
деген жауабында қыз мінезінің өткір өктемдігімен қатар, жігіт жігерін сынға салудың сыры жатқан жоқ па? Мұндай ашық ақиқат әңгіме бетпе-бет қақтығысу қай Ләйлінің, қай Шіріннің, қай Зухраның өңі былай тұрсын түсіне кіріп еді. Мұндай мінездер Шекспир әйелдерінің әсіресе «Асауға тұсаудағы» Катаринаға тән қылықтар емес пе? Төлеген мен Жібектің осы кездесу сәтінде ерке назға аралас қаншалық ерлік, тәкаппарлық, асқақтық жатыр десеңізші.
Осындай бейнелердің бірі «Қобыланды» жырындағы Құртқа. Ол Қобыландыға ақылшы болумен бірге, «Түтікпенен су ішіп, түндікпенен күн көретін» ер қанаты Тайбурылды баптаған ат иесі болып танылады. Құртқа әрі көреген, алдын болжап, мегзеп отырады. Сондықтан да халық, «алып анадан туады» дегенді бекер айтпаса керек. Асылында, әйелге деген ілтипат, оған деген зор құрмет қазақ қауымында культке айналған.
Бүгін түскен келіншектің бетін ашарда ол келген босағаның барлық қадір-қасиетін баяндай отырып, ағайын, жекжаттың, туыс-қарындастардың, ата-ененің мінез -құлқындағы міндер де беташар кезінде айтылады. Жаңа келген келіннен ештеңе жасырмайды. Өйткені, ол бұл үйдің бұдан былайғы дастархан иесінің бірі ата-ананы сыйлай отырып, әрі тәрбиеші, әрі қамқор, әрі ердің өзімен тең серігі саналады. Беташар үстінде оған көптеген үлгі тұтар жақсы қылық-мінездерді тәптіштеп, есіне сала отыра бойды аулақ ұстайтын рабайсыз қылықтарды да шенеп, мінейді. Қысқасы, беташар жырының өзінде тәлім-тәрбиенің, әдеп-өркеннің бар ережесі ескеріліп, қазақ қауымында әйелдің алатын орны ерекше көрінеді. Мұндағы қозғалатын мәселе жаңа түскен келіннің алғаш дербес тірлікке алған сабағы сияқты болып көрінеді. Жаңа келіншектің келуі бір үйдің ғана емес, бір ауылдың ғана емес, бүкіл елдің жапсарлас жатқан екі рудың ортақ қуанышына айналады. Отыз күн ойын, қырық күн тойын деген сөз әйел бақытына деген халықтың қуаныш махаббатын анықтайды. Арғы-бергі қазақ қауымының тарихында келін түсіріп, қыз ұзатудан артық той думан болған емес. Кыз баланың өз босағасындағы орны ұзатылғаннан кейін де бағасын жоймайды. Жақсы қыз тәрбиелеген ана әрдайым ардақты. «Анасын көр де қызын ал, аяғын көр де асын іш» деген мақал қыз тәрбиесінің, ана мұратының қаншалықты жоғары бағаланатындығын дәлелдейді.
Қазақ жырларында өз махаббаты үшін ешнәрседен тайынбайтын, әділет үшін басын тігетін ақыл иесі, өр мінез қыздар бейнесі көп кездеседі дедік. Солардың «Ер Тарғындағы» Ақжүніс өзінің соңынан қуып келген әйгілі батыр Қарт Қожақты ақыл-парасатымен тоқтатады, «Ей, Қарт Қожақ, Қарт Қожақ, атыңның басын тарт, Қожақ», — деп басталатын өктем сөздер осы батырдың балалық шағынан бастап өмір жолын баяндап, ерлік-серілігін жоғары бағалай отырып, қазір қартайып қалғандығын, өзіне тең еместігін дәлелдейді. Сөйте тұра өзінің асқан арулығын, тек қана Тарғындай ерге лайық екендігін жасырмайды.
Бұқар барсаң қолаң бар,
Қолаңды көр де шашым көр.
Зергер барсаң. қасында
Алтыннан соққан түйме бар,
Түймені көр де басым көр.
Немрам барсаң пісте бар,
Пістені көр де мұрным көр.
Әр шахарға қарасаң,
Құрулы тұрған күзгі бар.
Күзгіні көр де көзім көр.
Самарқан барсаң мендел бар
Менделді көр де тісім көр.
Ұсталар барсаң қасында
Тартулы жатқан сымдар бар,
Сымды көр де қолым көр.
Тоғайға барсаң тоғайда
Домаланған қоян бар.
Қоянды көр де жоным көр,
Қара жерге қар жауар,
Қарды көр де етім көр.
Қар үстіне қан тамар,
Қанды кер де бетім көр! —
деген сөздерде қаншалық сұлулық сыры жатыр. Мұндағы теңеу, бояу, суреттер ару жүзін көз алдыңызға елестетеді. Өз бойының осынша сұлулығын баяндай білген қыздың өр мінезіне зәредей күмән келтіруге болмайды. Бұл — қандай күрестен де тайынбас, өз мақсат-мұратына жетуге құрбан болуға даяр қыздың қылығынан туған ғажайып көрініс. Қыз баланың қазақтың әлеуметтік өміріндегі тағы бір ерекше орнын танытатын «сөздің түбін шын бекітер, судың түбін шым бекітер, даудың түбін қыз бекітер» деген ғажайып мақал бар. Ғасырлар бойы көшпелі өмір кешкен қазақтың ұлттық тілінің, жақсы әдет-ғұрпының, мәдениетінің қалыптасуында тамаша бір сыр бар сияқты. Өйткені, біздің тілімізде өзгеше жатқан диалектілік айырма шамалы. Меніңше, Арқадан қыз алған Сырдың елі сол қыз арқылы келген әдет-ғұрып дәстүрлерін, тілді өзіне сіңірсе, Арқаға қыз берген Сырдың елі арқылы бұл елдің де кейбір тіл ерекшелігі сонда барып сіңіседі. Осылай қыз алып, қыз берудің арқасында қазақ тілінің бір-бірімен жымдасып, ұғымдасып қалыптасуына жағдай туған ба деп те ойлаймын. Өйткені, жеке сөздер болмаса, осы күнгі батыс қазақтары мен шығыс қазақтарының әдеби тілінде айырма жоқтың қасы. Бұл сапарда әйел қауымының атқарған рөлі мықты болса керек. Ұлттық тілімізді «ана тілі» дейтініміз де содан емес пе.
Біздің әдебиетіміздің қырғызды, қарақалпақты былай қойғанда, көп халықтардың айырмасы мол саласы — айтыс. Оның ішінде қыз бен жігіт айтысы. Бұл айтыстарда қыз да, жігіт те екі рудың немесе екі елдің туын ұстай сөйлейді. Ел намысы мен ер намысы бұлардың қолында. Асқан ақылдылық, ақындық, шебер-шешендік, көсем-көргендік осы айтыс үстінде танылады. Екі жақтың, батыр бағланы да, сән-салтанаты да кең сөз болады. Көп жағдайда қыздың жеңілуі жасынан айттырып қойған күйеуінің мініне барып соғады. Бұл сәтте қыз өз ел-жұртына арызын айтып тоқтайды. Кей айтыстарда жеңілген жігітіне жар болып кеткен қыздар аз емес. Мұның өзі — қазақ, қауымындағы әйел бостандығының ерекше бір көрінісі. Әлгі барар жері нашар болған қыздар зар — мұңын ағайын-туғанына айтады. Кеншімбай мен Айсұлудың, Біржан мен Сараның айтысы осы төңіректе.
Қазақ қоғамындағы әнші әйелдер, күйші әйелдер, ерекше құрмет, сый-сияпаттың иесі. Қай жерде оның-той болса, соның сән-салтанатын, әрі ажарын келтіреді. Он саусағынан өнері тамған қазақ әйелдері — біздің бай қол өнеріміздің де негізгі авторы. Кілемнен бастап, түндікке дейін, басқұр мен шиден бастап босағаның бауына дейінгі ғажайып өрнек-оюлар — қазақ әйелдерінің ғасырлар бойы қалыптасқан ұшан-теңіз өнерінің негізгі белгілері. Қазақ әйелдері үйдің иесі жолаушы кеткенде тек қана отбасының иесі емес, бүкіл ауылдың басшысы, көзі болып қала береді. Aт басын тіреп келген қонақ та үй иесін жоқтамайды. Білгip, көсем әйелдер бар жабдығымен қонағын қабылдап, жол-жоралғысынан жығылмай, барынша риза етіп аттандырады. Ислам дініндегі елдердің әйелдерінде мұндай еріктілік қазақтан басқа ұлттарда кездесе бермейді. Бір елді аузына қаратқан бәйбішелер, ердің құнын екі ауыз сөзбен бітірген сұңғыла шешен қыздар, жаудың жігерін құм еткен, желігін жүндей түткен адуын асқақ батыл әйелдер қаншама десеңізші!
Дала өміріндегі еркіндік, табиғатпен тікелей өмір кешкен қазақ қауымының қыздарының мінезі де ерекше қалыптасқан. Енді бір сапарда олар бір жағынан шабандоз, кейде мерген болып келеді. «Еңлік — Кебек» хикаясындағы Еңлік қыздың мергендігі талайды таң қалдырады. Мұндай мысалдар әдебиетімізде жиі кездеседі. Батыр қыздың, тапқыр, ақылды қыздың, ақын қыздың, зергер-шебер қыздың, би, көреген қыздың нешетүрлі үлгісі қазақ әдебиетінде өте мол. Осы үзілмей келе жатқан үрдіс мирас жолдар кейін жазба әдебиетте де мықты көрінді. Әсіресе «Абай жолы» романындағы ару ақылды қыз-келіншектер мен байсалды, би бәйбішелердің тобына кездескенде, сонау ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа үлгі болып келе жатқан әйелдер қауымы еске түседі. Ешбір жаудан беті қайтпаған, осы жолы сүрінер жеріне келіп отырған Арқаның адуын, аға султаны Құнанбайды да өлімнен күшті ұяттан құтқаратын. Сара апаңның бір ауыз сөзі. Жыл өткізіп Бөжейдің асына келген Құнанбайға Бөжей қыздары мін айтып, айып таға бастағанда:
Мына да қарлар не дейді?
Жақсыдан жаман көбейді.
Ескінің асыл көзі еді —
Ұрлап та көмдің Бөжейді, —
деп қарсы шабуылға шыққан Сара апаң Құнанбайды осы бір қиын кезеңнен алып қалады. Өмірі әйел қауымына жылы ұшырамаған Құнанбай: «Бақсаң Сара апаңды бақсайшы» ден ризалығын білдіреді. Сәбиттің Сұлушашы мен Ботакөзі, Ғабиттің қыз-келіншектері — сол айтулы арулардың шөберелері, жақсы ұрпақтары.
Қазақ әйелдерінің бойындағы ғасырлар бойы қалыптасқан әр мінез, өктем қайраттың бір көрінісі — кешегі Отан соғысының кезінде ерге тән ерлік танытқан Әлия мен Мәншүктің қимылы. Бүкіл Советтер Одағындағы мұсылман халықтардың ішінде майдан қаһарманы аталған екі әйелдің екеуінің де қазақ қызы болуы кездейсоқ емес. Осының өзі сонау бағы заманнан аңыз, ауыз әдебиетінде қалыптасқан тірлік, өмір ерекшелігі туғызған еркіндік, азаттық, ерлік үлгілеріндегі қазақ әйелдерінің дәстүрлі бейнесінің жалғасы деп білемін.
«Қазақ әйелдері қор тірліктің құрбаны ғана болды» деген сөзге қосылмайтын себебім осы. Сондықтан қазақ әйелдерінің фольклорлық тарихи тақырыптағы бейнесін жасауда бүкіл халықтың әлеуметтік тірлігіне байланысты, ұлттық мінезге, психологияға сыйымды, нанымды бояулар іздеу керек. Жалпы мұсылман шығысына тән үлгіге жүгіру, жүгіну сөз жоқ сахналық жалғандыққа әкеп соғады.
Біз үлгі алар өнегелі апаларымыз бен аналарымыз көп болған. Олар заман тарлығына, қоғам қапастығына қарамастан өз намысын қорғап, әдептілік пен ақылдылықтың кезінде үлгісін көрсетті. Біздің бүгінгі қыз-келіншектеріміз сол аналардың асыл қасиеттерін қалай қабылдап отыр? Октябрь революциясы алып берген жаппай теңдікті қалай түсініп жүрміз? Меніңше осындай ортаға салар өзекті әңгіме көп сияқты. Бұл саладағы ашық әңгіменің әлеуметтік өмірімізге тек қана пайдалы болары сөзсіз.
1971
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі