деп амандасқан замандастың сауалына жауап
1. «БҰЛ ӨЗІ ҚАЛАЙ БОЛДЫ?»
Қазір басқаны қойғанда, қазақтың өзі амандасқанда баяғы «мал-жанды» қойып, бірден заманды сұрайтын болды. Жуырда ел аралап жүріп, көптен кездеспеген көз таныс құрбыма жолықтым. Ол да сәлемдесіп үлгермей жатып: «Апырай, Әбеке, ең болмаса, сен шыныңды айтшы. Мынаның шамалыда таусылатын түрі бар ма? Бұрын өзімізді өзіміз жұбатқанда: «бұдан да жаманымда тойға барғанбыз» деуші едік. Енді ескі әнді қайталап: «едім ғой биылғыдан былтыр тәуір»,— дейтін болдық. Сонда мұның шегі мен шеті бола ма? Әлде әлгі «бетерден де бетер бар» деп жүргеніміз осы ма?!» дегені.
Ал, ойланбай көр. Бұл сұрақты біреу қойса, бір жөн ғой. Күн сайын өзімізге қырық рет қоятын болдық емес пе? Өмірдің өзі аттаған сайын сол сауалды көңіліңде кілкітіп, көмейіңе әкеп тығып отырған жоқ па?! Бұрын сәл ренжитін нәрсе болса, адамнан көретін едік: «анау өйтіп отыр, мынау бүйтіп отыр...» Ал, қазір олай емес, бірден заманнан көруге тура келіп тұр.
Өйткені, күні кеше тарих деп жүргеніміз бағзыдағы бір ертегі, ал тарихи процесс дегеніміз тек санамен ғана ұғынбасақ, көзбен көріп, қолмен ұстап болмастай, алыс ұғымдар сияқты еді ғой. Енді, міне, көз алдымызда дүние күрт өзгеріп шыға келді. Оған қуанатындар да, ренжитіндер де, не қуанарын, не ренжірін білмейтіндер де толып жатыр. Біреулері: «Апырай, бұл өзі қалай болды?»— деп желкелерін қасыса, екіншілері: «Қайда кетіп барамыз?»— деп аңтарылады. Көз алдымызда күннен-күнге күшейіп бара жатқан экономикалық құлдыраудың, әлеуметтік күйзеліс пен саяси дағдарыстың бұлайша абыржытпауы, әрине, мүмкін емес еді. Бірақ, қоғам да, адам да қандай қиындыққа тап келіп, қандай тығырыққа тірелсе де, одан шығар амал іздейді ғой.
Бұл ретте, қазіргі жағдайда көз салған адамның ең алдымен шүкір ететін бір мәселесі — тағы да бір әлемдік империяның күйрегені, соның арқасында Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның ондаған халықтарының ұлттық тәуелсіздікке, мемлекеттік егемендікке қолы жеткендігі.
Құлаған империяның әлі тазарып болмаған күл-қоқысының арасынан бүр жарған тәуелсіздік гүлдерінің тағы да аяқ асты боп жаншылып қалмай, бірден бой көтеріп кетулері үшін, жоғарыда айтылғандай, қазір жұрттың жанын жегідей жеп жүрген екі сауалдың екеуіне де жауап іздемей болмайды. Әуелі біріншісінің себебін екіншісіне жауап іздемей, қоғамды сары уайым мен әрі-сәріліктен шығарып, саналы әрекетке жұмылдыратын, әлеуметтік тәуекелге ие қылуы аса қиын.
Басын ашып алатын мәселе: Кеңестер Одағының ыдырауы, қазір көп айтылып жүргендей, тек социализм қисындарының, коммунистік қиялилықтың күйреуі ғана емес. Тағы да қайталап айтамыз, бұл да — баяғы сол атам заманнан бар күштісі әлсізін, көбі азын жаныштай отырып, өзі де рахатқа кенеледі-міс, өзгелерді де рахатқа кенелтеді-міс империялық даңғойлықтың күйреуі. Күллі дүниені бір қолға бағындырып, бір үрдіске көшіріп, түгел бақытты болады-мыс әлемдік империя қисынының жеңілісі.
Түптеп келгенде, әлемдік империя қисыны империялардың өзінен де бұрын туып, адамзат тарихының күні бүгінге дейінгі бөлігін түгел қамтыды десек ешқандай асыра айтқандық болмас еді. Бірақ, ол ешуақытта өз дегеніне жетіп көрген емес. Өйткені, табиғат та, тарих та еленер-еленбестей ұсақтықты қандай жақтырмаса, шектен шыға далиған тым ебедейсіз үлкендікті де сондай жақтырмайды. Ұсақтың бірігуге, үлкеннің ыдырауға мәжбүр болатындығы да сондықтан. Көбейгісі келген табиғат жүптасудан басталатын бірігуге ұмтылса, жарық дүниеге жаңа келген жаратылыс төлі өсіп-жетілу үшін қайтадан дербестікке ұмтылады. Бірақ, өзін дүниеге әкелген құбылыстар мен себептердің ықпалынан біржола шығып кетпейді. Бірақ, тарих бар мәселеде табиғаттай боп ықтималдық пен мәжбүрліктің алдында бас шұлғи бермейді. Сондықтан да тарихи дамудың жолы табиғи дамудың жолына қарағанда тым қайшылықты, тым күрделі.
Табиғи дамуға қарағанда тарихи дамуда драмалық, тіпті трагедиялық сәттердің көп болатындығы да сондықтан. Оның арғы түбі — тарихи дамудың әрі нысанасы, әрі түп иесі, әрі объектісі, әрі субъектісі болып табылатын адамның әрі табиғи ортаның, әрі әлеуметтік ортаның төлі болып табылатын екіұдайылығында жатыр. Табиғи орта төлі ретінде ол табиғи дамудың заңдылықтарына бағынбай тұра алмайды, әлеуметтік орта өкілі ретінде ол заңдылықтардың өз-өзінен жүзеге асуын қол қусырып тосып отыра алмайды, өзі де әрекет етеді. Ол әрекет бар-бар уақытта діттеген жерден шыға бермейді. Әлеуметтік волюнтеризмге ұрындыратыны да бар. Әлемдік империя қисыны да сондай волюнтаризмнің бір түрі. Өзін қоршаған табиғи ортаның байлығы мен жасампаздық мүмкіндігін иелену арқылы дамитын адамзат қауымдастығы қоршаған ортаны игеру де күшке тәуелді екенін бірден байқады. Қауымдастықтың көлемі артқан сайын күшінің де артатынын көзі көрді. Күш көбейту үшін қауымдастықты ірілендіру — әлемдік империяға ұмтылудың ең бастапқы қадамы болды. Сол қадам бірте-бірте ұлғайды. Ұлғая-ұлғая табиғи ортаны игерудің мәні мен мақсатын атымен бұрмалап, астамшылыққа ұрынды. Астамшылыққа ұрыну қоршаған ортаны игеру жолындағы бірлесудің қандай ақылға сыйымды қағидасын да ақыр аяғында ақылға сыйымсыз тантыққа айналдырып, мансұқ етілуге мәжбүр етті. Өзін қоршаған табиғи ортаны неғұрлым мол, неғұрлым терең игеру үшін қандастық жолымен қауымдасудан бастаған рулық қоғам өз жендетін өзі дайындаған құл иеленуші қоғамға ұласты. Сөйтіп жүріп, табиғи ортаның қарсылығымен қоса әлеуметтік ортаның да қарсылығына килікті. Өйткені, табиғи ортаны игеріп-иеленудің мөлшерінен адасып қалды. Бүгінгі тұтынуы мен ертеңгі дамуына жеткілікті шамаға қанағаттанбай, басқалардан асып түсетіндей қып баюды мақсат тұтты. Сол мақсатты қамтамасыз ететіндей мемлекеттік құрылымға — құл иеленуші империялар жасақтауға ұмтылды. Ол империялар әуелі бір қабатқа бір қабат қосылған алып пирамидаларды еске түсірсе, кейін бір пирамиданы екінші бір пирамидаға күштеп жалғастырғандай қайдағы бір ақылға сыймас архитектуралық құбыжыққа айнала бастады. Бар байлық пен бар биліктің жоғарғы қабаттарға шоғырлануы төменгі қабаттардың шамадан тыс жанышталуына әкеліп соқтырады. Ол тұғырлардың әлсіреуіне, содан алтынмен апталып, күміспен күптелген әшекей төбелердің ғана емес, күллі архитектуралық денелердің күйреуіне ұрындырды. Байлық пен билік тек неғұрлым жоғарғы қабаттарға ғана емес, неғұрлым орталық ғимараттарға да шоғырланатынды шығарды. Бұл орталық пен шеткерілік арасындағы байланыстарды шиеленістірді. Ол шиеленістер тіршілікті қамтамасыз бөгеп, архитектуралық алып құбыжықты өз-өзінен тұншықтыра бастады.
Алғашқы империялардың тап осындай қалыптасу, шарықтау, құлдырау, күйреу заңдылығын феодализм, капитализм тұсындағы империялар да аттап өте алмады. Алғашқы қауымдасулар нәтижесінде асыра дәулетке ие болған тектілер төңірегіндегі топтасуды тек қандастық жолымен ғана емес, аймақтастық жолымен де жүзеге асыруға тырысқан феодализм келе-келе абсолюттік монархияға ұмтылды. Абсолюттік монархия ебедейсіз монархиялық империяларды туғызды. Ол империялар да архитектуралық жағынан ежелгі құл иеленуші империялардың құрылымын еске салды. Ондағы тіршілікті қамтамасыз ету жүйесі де келе-келе ежелгі құл иеленуші империялар тұсындағы зақымдарға ұшырай бастайды.
Капитализм тұсындағы империяларды да күйреткен капиталдың әлемдік экономикалық үйлесімділікке ұмтылатын мінезі емес, сол мінезді пайдалана отырып, әлемдік үстемдікке ұмтылатын, сол арқылы тек метролопия мен доминиондар арасында ғана емес, бір империя мен екінші империя арасында да текетірес туғызбай қоймайтын империалистік тойымсыздық еді. Әлемдік билік пен әлемдік байлыққа ұмтылған ашқарақтық еді.
Қысқасы, озбырлық қай хайуанды да ақыры не өз-өзінен жарылып, не өз-өзінен тұншығып өлуге мәжбүр ететіні сияқты әлемдік империя құру далбасасы қандай қоғамдық құрылыстың да өз түбіне өзін жеткізіп тындырды. Әйтпесе, өз заманында Кеңестер Одағынан кем құдіретті, кем ықпалда болмаған Мысыр, Эллада, Рим, Вавилон, кейінгі Киелі Рим, Араб халифаты, Шыңғысхан, Ақсақ Темір, Моғолдар империяларының күйреуін ол кезде әлі қарасы да болмаған социализм мен коммунизмнен қалайша көре алмақшымыз?!
Енді, міне, құл иеленуші қоғам да, феодализм де, капитализм де қамтамасыз ете алмаған әлемдік империя құру ниетін социализм мен коммунизм де жүзеге асыра алмайтыны аян болды.
Социализмнің трагедиясы дүние жаратылып, су аққалы адамзатқа арман болып келе жатқан, тіпті аспаннан түсіпті-міс бес кітаптың бесеуінде де айтылатын әлеуметтік әділет, теңдік, туысқандық қағидаларын әлеуметтік болжамнан тарихи шындыққа айналдырғысы келгендігінен емес, сол жолда өзі мансұқтаған қоғамдық құрылыстардың қайшылықтарын өзі көп қайталағандығында.
Егер екі дүниежүзілік соғыс халықаралық капиталдың шығуын, жалпыға ортақ технологиялық, тұрмыстық және әлеуметтік стандарттардың қалыптасып, күннен-күнге күшейіп келе жатқан әлемдік ықпалдастықтың таза экономикалық сипаттарын бір жақты желеулетіп, әлемдік үстемдікке тырысқан империализмнің әлемдік қауымдасудан гөрі әлемдік ыдырасуды тездетіп бергеніне айғақ болса, Кеңестер Одағының екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңісті пайдаланып, социализмді күллі планеталық құбылысқа айналдыруға, әлемдік ықпалдастықтың таза әлеуметтік сипаттарын бір жақты желеулетіп, күллі ғаламды таптық мүдделестік тұрғысынан бір ыңғайға икемдеуге тырысқандығы, тағы да әлемдік империя орнатқысы келгендігі, оның әлемдік саясат сахнасынан кетуін анағұрлым тездетті.
Оның үстіне, социализм әлемдік дамуды біртіндеп жетілдіретін эволюциялық жолдан шығарып, күрт қимылдап, түбегейлі өзгертіп жібереді-міс революциялық жолға, әр түрлі шешімдер мен тәсілдердің салыспалы-жарыспалы жүйемен сұрыпталуына негізделген бәсекелестік үрдіске емес, әр ұжым, әр этникалық қауымнан бастап, күллі адамзатқа дейінгі әлеуметтік ортаның бәрін екіге жарылтпай қоймайтын егестік үрдіске түсіріп жіберді. Сөйтіп, дүние жаратылып, су аққалы адам санасы жеңе алмай келе жатқан, З. Фрейдтің тілімен айтқанда, ressentiment, «қызғанышты өшпенділік», есесі кеткендердің ыза-кегі — қоғамдық дамудың бірден-бір қозғаушы күші, шешуші факторы саналды. Әу баста әлеуметтік әділетсіздіктен туындайтын әлеуметтік ыза, одан өрбитін әлеуметтік қызғаныш, одан өршитін әлеуметтік өшпенділік одан өрістейтін әлеуметтік қатыгездік, моральдық тұрғыдан ақталып, саяси тұрғыдан қуатталды. Сөйтіп, ол орнатқан қоғам мен мемлеткеттік құрылыс өз-өзінен жазалаушы қоғамға айналып шыға келді. Ондай қоғам қандай жаңа іс бастаса да, әлеуметтік белгілі бір бөлігі қалайда жойылуы, қалайда жойылуы, қалайда қуғынға ұшырауы бұлжымас шартқа айналды. Баяғы «қызыл террор» күндерінен бастап, кешегі қайта құрудың бастапқы кезенінде де қалай да іскері кедергі жасайтын «зиянкестер» іздеп табу үрдіске енді. Әр тұстың өзінің «кертартпасын», «қара ниетті күштерін», «халық жауларын» желеулетіп, кесе-көлденең тарту, әлеуметтік психология ретінде қалыптасты. Мұндай қоғамда қандай әлеуметтік тұлғаның мінез-құлқы да креативті (істің жөніне бас иетін) сипат алмай, реактивті (текетіресе жөнелетін) сипат алатын еді.
Мұндай қоғамда «әлеуметтік мақұлықтардың» бәріне тән бәсекелестік іскерлік жарысқа емес, бірін-бірі аяқтан шалуға, мұқатуға тырысатын шамшылдыққа айналар еді.
Әрине, әлгіндей қоғам өзіне іштен де, сырттан да наразы күштерді көбейтеді. Іштегі наразы күштермен айқас оны тоталитаризмге, сырттағы наразы күштермен айқас империализмге ұрындырмай тұра алмасы өз-өзінен түсінікті. Қысқасы, мұндай қоғам әлеімдік мүдделікке емес, әлемдік үстемділікке ұмтылады. Ал үстемдікке ұмтылыс бар жерде қиянаттың жүрмеуі, қиянат бар жерде наразылықтың болмауы қандай мүмкін болмаса, қиянаттың ұмтылуы, оған кешірімнің болуы сондай мүмкін еместігі тағы белгілі. Кешегі қайта құру күндерінде сонау «Кронштадт мұзына» төгілген қаннан бастап істелген барша зорлық-зомбылықтың, араға әлденеше ұрпақ түссе де, қайтадан ауызға алынуы — әлгінің айғағы еді. Әуелден де егестікке құрылған қоғам әрбір жана бетбұрысты өзін одан әрі жетілдірудің бейбіт қадамына емес, өткен үшін есеп айырысын қалуға қолайлы өштестік сәтіне айналдырмай тұра алмайды. Оның үстіне, әлемдік үстемдікке ұмтылған қоғам әлемдік қауымдастық тарапынан да аз наразылық шақырмасы мәлім.
Міне, сөйтіп күні кеше күндей күркіреген Кеңестер Одағы өз-өзінен құлай салған жоқ. Жетпіс жыл бойына әлемдік үстемдікке ұмтылған тойымсыздығы туғызған ішкі, сыртқы қайшылықтардың тым мол қордаланып, тым терең шиеленісіп кетуі салдарынан күйреді. Ол жетпіс жыл бойы ішкі, сыртқы наразылықтардың дүмпуінде болды. Атлантадан бастап, «қырғиқабақ соғысқа» дейінгі ашық шабуылдың бәріне төтеп бере алған тоталитарлық, агрессиялық қоғам өзі көп айтқанмен жөн-жосығын жақсы білмейтін бейбіт қатар емір сүру тұсында әуелі тоқмейілсуге (эйфорияға), сосын тоқырауға ұрынды. Ол тоқыраудың сырын қоғамдық дамудың саяси-әлеуметтік астарларынан қарастырмай, таза экономикалық себеп-салдардан іздеді. «Жабық есік саясаты» тұсында қазіргі халін өткендегі халімен салыстырып, өзіне-өзі мәз болып келген кеңес қоғамы енді «ашық есік» саясаты тұсында өз тұрмыстарын өзгелердің қалай тұратынымен салыстырып, өзінен-өзі қарны ашатынды шығарды. Әуелден біреудің бағын күндеуге, бардыкін жоққа тартып әперуге негізделген қоғамдық көзқарас капитализммен тікелей жарысып кәріп, одан ештеңе шығара алмады. Экономикалық нигилизм саяси нигилизмді өрбітті. Билеуші топта экономикалық реформаны көксейтіндер көбейді. Соғыс тұсында беделге ие болған технократия саяси билікті де өз қолына алып алды. Ол қоғамдық дамуды демократияландыруды назардан қағыс қалдырып, әртүрлі экономикалық әрекетке барғанмен, саяси-әлеуметтік бостандықтың жоғы экономикалық бостандықтың да аяғын тұсады. Мұндай жағдайда қалыптасатын экономикалық прагматизм бүкіл қоғамды түлететін жасампаз күшке айналмай, тек өз ұпайын түгендей білетін саяси утилитаризмді ғана өршітеді. Ал, ол барлық уақытша билік иелеріне тән дәурендеп қалу психологиясымен ғана тынбай, сол дәурендеуді көзі жұмылғанша созуға жанталасады. Ол барып геронтократияға (саясаттағы ақсақалдар үстемдігіне) ұштасады. Геронтократия тұсы қоғамның төменгі қабаттары үшін орнықтылық ахуал сияқты болып көрінгенмен, билік пен дәулетке таласқан жоғарғы қабаттар үшін мігірсіз күрес ахуалына айналады. Билік сахнасына келген жас күштер мансап үшін бір жағынан «саяси кәрияларға» жағынса, екінші жағынан олардан тезірек құтылуы да асық болады. Ол күрестің тоталитаризм жағдайында ашық жүрмейтіні, астыртын сипат алатыны белгілі. Ондай күрес саясатшылардың да құлқын өзгертеді. Жартылай қылмыспен ұштасып жататын мансап-қорлық күшейеді. Ондай мансапқорлық экономикада коррупциядан, сыбайластықтан, саясатта сектантшылдықтан, жікшілдіктен аулақ тұра алмайды. Жоғарғы қабаттарда әбден орнығып қалған мұндай психология билік ауысар тұста болмай қоймайтын өзгерістерді қоғамдық дамудың түбегейлі мүдделері арнасында өрбітпей, билікке таласатын саяси күштердің қалыптасқан арасалмағынан туындайтын «аппараттық ойындар» түрғысынан өрістетеді.
Оның үстіне, тоталитарлық қоғам тұсында әлеуметтік белсенділікті алдымен бас изеу деп түсініп қалған төменгі қабаттар ондай күреске бірден араласа алмайды. Ал баяғыдан алақандары қышып отырған билікке таласушы күштер процесс тізгінін дереу өз қолдарына ала қояды. «Жоғарыдан істелетін революцияның» көбі дерлік осындай заңдылықтан туындайды.
Түптеп келгенде, ондай революцияны билігі жоқтар емес, билігі барлар бастайды. Билігі барлардың революциясы билік жүйесін өзгертуден гөрі өзге билігі барлардан билік асыруды көбірек көздейді. Сондықтан да қоғамдық дамуды түбегейлі жетілдіруден гөрі билік басындағы күштердің қалыптасқан арасалмағын түбегейлі өзгертуге көбірек мән береді. Ал бұл алдын-ала ойлап-пішілген, әбден таразыланған бағдарламалардан гөрі табан асты тәсілдерге, аяқ асты айла-амалдарға көбірек бейім тұрады. Билік басында тұрмаған оппозициялық күштер бұндайда қапы қалмауға, қате жібермеуге, бәрін де алдын-ала өлшеп-пішіп алуға тырысса, билік басындағылар билігіне сенеді, анау-мынау кедергілерді күшпен-ақ жеңіп кетуге есеп құрады. Жасампаздық жолмен емес, жойымпаздық жолмен ұтысқа шығуға ұмтылады. Саяси бәсекелесінің басына бар пәлені үйіп-төгеді. Сол себепті де, мұндай «революция» тұсында пайым-парасаттан гөрі пәлеқорлық басым түседі. Күрес күйкі сипат алады.
Қайта құрудың бастапқы кезеңінде тоқырау тұсында әркімге-ақ белгілі боп қалған тамыр-таныстықпен, сыбайластықпен, парақорлықпен, еңбекпен келмеген табыспен, кадр іріктеудегі субъективизммен күрес алдыңғы шепке шықты. Өйткені, бұл құбылыстарға қоғамның бар саласында да, бар қабаттарында да зығырданы қайнайтындар көп еді. Сөз жүзіндегі тең праволылық пен іс жүзіндегі сыбайластық кім-кімнің де шамына тиетін еді. Бұл салада ұпайын түгендегендерден гөрі ұпайын түгендей алмай жүргендердің мол болатыны аян. Мұндай күрес қоғамның ең білімді, ең белсенді топтарында — интеллигенция арасындағы, жұмысшы аристократиясы арасындағы егестік отына май құя түседі. Біреулердің дәмесін күшейтпесе, екіншілердің күдерін үздіреді. Біреулерді мансапқорлық тағатсыздығына ұрындырса, екінші біреулерді қорқынышқа бөлеп, жанкешті қимылдарға бастайды.
Қысқасы, тағы да Фрейд айтқандай, ressentiment, ресситимент — есесі кеткендердің ыза-кегі іске қосылады. Қоғамда тағы да алауыздық, бір-біріне сенбеушілік тіпті бір-біріне бас салушылық күшейеді. Өз уағыздарына өздері сеніп, тоталитаризм арқасында ғана орнықты тұрған кеңес қоғамын граниттей берік мызғымас сом тас деп санап қалған билікке таласушы күштер өз дегендеріне жету үшін әуелі соған жарықшақ салып, әлсіретіп алу керек деп ойлады. Ол үшін билік пирамидасының жоғарғы қабаттарынан төменгі қабаттарына қарай қопарылыс оттығын түтатып, жаңадан жаппай жазалау қаупін айтып қорқытып, сол арқылы төменгі қабаттардың жоғарғы қабаттарға деген мансапқорлық наразылығын оятып, белсенді қарсылық шақыруды көздеді. Бұндай жолмен билік басында ұзақ отырып қалғандарды және оларды қолдаушылардың үрегей жағын тезірек тайдыруға, батыл, шешімді жағын тезірек әшкерелеуге жағдай туады деп ұқты. «Сіздер төменнен, біздер жоғарыдан қимылдап бағайық!»— дейтін ұрандардың да көксейтіндері сол еді.
Сөйтіп, қоғамды одан әрі жетілдірудің орнына барлық қабаттағы мансапқор сайыпқырандардың семсерлесуі басталды да кетті. Ол сайыс, расында да, мушкетерлер сайысын еске салатын еді. Қарсыласушы екі жақ өз бойына семсер дарытпау үшін маңайындағының бәрін қиратып, оны еңсере қимылдап жүрген бәсекелесінің жолына бөгесін қылуға тырысты. Қирамаған дүние, күйремеген ештеңе қалмады. Ең ақыры өздері отырамыз деп таласып жүрген таққа дейін паршалап тындырды. Бұған дейін олардың іш есебін білмей келген былайғы көптің алдында қалай өздерін жалаңаштап алғандарын қапелімде өздері де байқамай қалды. Жоғарыдан революция бастағандар жеңіліске ұшырады. Дер кезінде қосалқы позицияларға жалтарып кеткендер мен қапталдан қосылғандар жеңіске жетті.
Мұндай жағдайда, әрине, бұрынғы мемлекеттік құрылым архитектурасын ешкім сақтап қала алмайды. Өйткені, оның өзінің де еш саутамтығы қалған жоқ еді. Оның экономикалық қаңқасын құрастырып тұрған жоспарлы бөліспелі экономиканың түп қазық қағидалары әуелі еңбекпен келмеген табысқа қарсы, сосын шаруашылық есеп, мердігерлік кооперативтік қозғалыс жолындағы әрі тарт та бері тарт күрестер тұсында солқылдай-солқылдай суырылуға шақ тұрған-ды. Билік жолындағы күрес кадр іріктеу, тәрбиелеу, орналастырудың үйреншікті тәжірибесін әлдеқашан үрдістен шығарған-ды. Тек осының өзі-ақ коммунистік партияның қолындағы саяси монополизмді ойсырата әлсіреткен-ді.
Сөйтіп, империя өз қаңқасын құрап тұрған саяси-экономикалық тіреу-таяныштардың бәрінен айырылды. Оның үстіне билікке неғұрлым тез жетуге асыққан мансапқор күштер сыбайластықпен, парақорлықпен, арам табыспен күресті империяның ең талмау тұс, осал жерлерінен бастады. Әрине, аталмыш індеттер әлеуметтік байланыстардың ең тәуелді жүйелерінде кеңінен етек жаяры белгілі. Ондай тәуелділіктің ең күшті жері — метрополия мен доминиондар арақатынасы еді. Сондықтан да қайта құрудың «пионерлері» өз әрекеттерін ең алдымен республикалардан бастағанды. Сол арқылы «ұлтшылдықты» біржолата талқандап, ендігәрі ешқандай ауыз аштырмаймыз деп ойлаған-ды. Бұл ниеттерін жүзеге асыруда табысқа оңай жететін жерлерді іздеген-ді. Бұл салада оңды-солды «мінез шығарып» жүрген аймақтарға әдейі тиіспей, айтқанынан шыға қоймайтындай, қалпақпен басып ала қоятындай қойдан қоныр можантопай жерлерді қарастырған-ды. Өйткені, ондай жерден, біріншіден, айта қаларлықтай қарсылықтар туа қоймайды-мыс. Екіншіден, ондай оңай табысты ұлтшылдыққа ойсырата берілген соққы деп бағалау қиынға түспейді-міс. Үшіншіден, бұл арқылы әлгіндей құбылыстың шын қаупі бар жерлердің алдын-ала көзін қорқытып тастауға болады-мыс. Төртіншіден, бұл арқылы этникалық айырмашылыққа енжарлықты біржолата мемлекеттік сипатқа айналдыруға жағдай туады-мыс. Ондай жерді табу да оңай сияқты еді. Ол, әрине, пәлен жылдар бойы халықтар достығының лабораториясы болып келе жатқан Қазақстан болмағанда, кім болатын еді?! Бірақ, бұл ағат таңдау болып шықты. «Лабораториядағы қопарылыс» тек қолба ішінде қалмай, бүкіл қоғамдық болмыс ғимаратын түгел қамтуы мүмкін екендігі ескерілмепті. Ақыры солай болып шықты да.
Біріншіден, қойдан қоңыр аймақ та мінез көрсетті. Екіншіден, оған тағылған айыптардың қисынсыздығы ақ матаға қара жамау жапсырылғандай өз-өзінен көрініп тұрды. Үшіншіден, қойдан қоңыр «тіл алғыш Қазақстанның» өзінің мұндай көріп жатқан күні қалған аймақтарға дер кезінде ой салды. Сыбайластықты, парақорлықты, халықтар достығына қияпасты — бұрынғы империяның арқауы болып тұрған қасиеттердің бәріне келер кесепаттың бәрін тек қана ұлттық аймақтардан іздеу орталық пен шет аймақтар арақатынасының көп мәселесін түбегейлі қайта қарауды талап етті. Бұл қоғамдық қатынастарды демократияландыру мен ізгілендіру тұсында ерте ме, кеш пе — бәрібір кетерілмей қалмайтын мәселе еді. Оны жөргегінде тұншықтыру үшін алдын-ала істелген амал-шарғылар қайта тыныш жатқан жыланның құйрығын басты, бәрібір болмай қоймайтын процестерді тіптен тездетіп жіберді. Жеке адамға табыну мен тоқырау тұсында өте-мөте асқынып кеткен унитарлық қысым қайта құрудың бастапқы көзінде осылай үйреншікті астамшылыққа басып, асығыс жағылған аңғырт шырпыдан аяқасты қопарылыс берді. Ол қопарылыс тек Еуразияны өн бойлап жатқан әлемдік империяны ғана емес, оны түзіп тұрған саяси-экономикалық құрылысты да біржолата қопарып түсірді.
Сондықтан да империя түбіне социализм жетті ме, жоқ социализм түбіне империя жетті ме — ол әлі зерттей түсуді қажет ететін мәселе. Кеңестер Одағының күйреуі — жер бетінде алғаш жүзеге асырылған социалистік тәжірибенің табиғаты ма, жоқ әлде әуелден сәтсіз басталған қадамы, жартыкеш жаратылған тағдыры ма еді — бұл жайында да әзір үзілді-кесілді қорытынды шығару ертелік етеді. Өйткені, қоғамдағы әлеуметтік те, экономикалық та қайшылықтар өрши түспесе, әлсіреген жоқ. Ол экономикалық мүдделердің жіктелуін күшейтеді. Ол жіктелу саяси жіктелуі де тереңдетпей тұрмайды. Әсіресе, еңбекші топтардың өз мүдделерін қорғайтын жаңа саяси күштер тудыруы жаңа саяси қозғалыстарға жұмылуы әбден мүмкін. Ол күштер күні кеше жеңіліске ұшыратқан қисындарды малдана ма, жоқ атымен жаңа сипатты саяси бағдарламалар ұстана ма — екі жағы да ықтимал.
Әзірге белгілісі — қандай да құдіретті-күшті империя болмасын, ол қандай да соны әлеуметтік әділет ілімінің жүзеге асуына қолайлы жағдай туғыза алмайтыны, ал қандай да соны, жаңашыл әлеуметтік әділет ілімі болмасын, ол әлдеқашан өмірсіздігін көрсеткен әлемдік империя қисынын бәрібір өміршең құбылысқа айналдыра алмайтындығы...
Ендеше, Кеңестер Одағының күйреуін қайдағы бір ішкі-сыртқы әрекет күштерден көру, немесе бар пәлені ұлтшылдық пен бөліне жарылушылыққа жаба салу тек өмірдің бетіне туралап қарай алмайтын, сөйтіп өзін-өзі алдартқысы келетін күштерге ғана керек болар. Әйтпесе, империялық даңғойлықтың күндердің күнінде өзін-өзі қопарып түсірмей қоймайтын жарылғыш бомба екенін тарих әлденеше рет дәлелдеп бергенді.
Сондықтан да, сонау Аристотельден бермен қарайғы әлемдік саясатнама өткендегі тәжірибелерге сүйене отырып, империялық даңғойлық сынды саяси ебедейсіздіктерді қалай аластаудың әлденеше жоспар-жобаларын білетінді. Оларды ешқандай не сыртқы, не ішкі астыртын қозғалыстар емес, әлемдік тарихи тәжірибенің өзі жасақтағанды. Бір ғана Томас Гобсстың «Левиафанында» мемлекетті ешқандай соғыс ашпай-ақ, қалай әлсіретіп, қалай құлатуға болатындығының бір-бірінен туындайтын әлденеше жолдары егжей-тегжейлі баяндалады. Ондай ежелгі Римнің қалай құлпырып, қалай құлдырауы негізінде түзілген дайын сценарийлерді баяғы Тацит пен кешегі Монтескьеден де молынан табуға болатын еді.
Ол үшін, әрине, ежелгі авторларды да, оған иек артатын бүгінгі саясатшыларды да еш жазғыра алмайсың.
Айыптасақ, тек саяси анохронизыге айналған әлемдік империя қисынының өзін ғана айыптай аламыз.
Оның үстіне, күллі планетадағы табиғи ресурстардың сарқыла бастауы мен тұтынушылық тәбеттің шектен тыс асқынуы қоршаған ортаны игеру мақсатында қауымдасуды мөлшерлік жағынан шектеу мен өзара сабақтастық жағынан қайтадан үйлестіру мақсатында атымен соны әлемдік тәртіп керек екендігіне көзімізді жеткізе түсті. Кеңес қоғамындағы өзгерістер дәл сондай жаңа тәртіпке жақындата түсе ме, жоқ қайтадан алыстатып жібере ме — ол қалыптасып отырған жағдайлардың бұдан әрі қандай жолмен дамитынына байланысты болары хақ.
2. СОНЫМЕН БОЛАР ІС БОЛДЫ. АЛ ЕНДІ ШЕ?..
Иә, гәптің өзі де осында. Бәлкім, бұдан он жыл бұрын теледидарды бұрап қалсаң болды, жағы босап, сөйлей алмай, былпалдап, немесе аяғын аттап баса алмай қалтылдап тұрған алтын омырау ақсақалдарды көрген сайын: «Бұлар қашан кетеді? Жаңа адамдар қашан келеді? Мына комедия қашан тынады?» деп, шала бұлініп жүргенімізде, ақыр аяғында тап осылай боп шығады деп, қай-қайсымыз да ойлай қойған жоқ шығармыз. Көбіміз әбден тозығы жетіп тұрған немесе суық қолдарға түсіп, сиқынан айырылып біткен билік жүйесін, ең байлықты итжемеске айналдырып, қор қылып отандық орашолақ технологияны бір жағынан өндірістің жолын байлап, екінші жағынан тұтынушылардың тандайын аққа жарытпай, қаралай омалып қалған экономикалық қатынастарды осы заман жетістіктері тұрғысынан қайта қарап, түбегейлі жаңартып, келеңсіздіктердің бәрін тездетіп жойып, көзге ұрып тұрған артта қалушылықтан шұғыл арылуға болады деп ойладық. Баяғыдағы «ұлы көсем» айтып кеткендей, бәрін де кадр шешеді деп санадық. Кадр мәселесі түзелсе, бәрі түзелетінге сендік. Сондықтан, жоғарғы қабаттардағы болып жатқан ауыс-түйістердің бәріне ерекше үміт арттық. Кәрі-құртаң кетіп, орнына жігерлі жастар келсе, бәрі де бізше ойлап, бізше қиналатын шығар, бәрін де түзететін шығар деп түйдік.
Кім біліпті, қайта құру ұранын алғаш көтергендер де іске әуелде тап осындай сеніммен кіріскен шығар. Әйтеуір, ә дегенде олар да жеделдете даму бағытын ұстанды ғой. Бірақ, көп ұзамай, түлкі бұлтаң көбейді. Кешегі турашылдық, принципшілдік дегендерін ертеңіне жойымпаздық деп жатты. Кешегі еңбекпен келмеген табыс қуалаушылық деп жүргендері әншейін іскерлік қана болып шықты. Сөйтсе, жаңалық жолында күрес емес, билікке талас қызып жатыпты. Оның аясы кеңейіп, оған қоғамдық дамуды шындап өзгертуді жақтайтындар да, ол күресті өз пайдасына шешіп қалуды көздеген әрқилы саяси алаяқтар да, өткен үшін есеп айырысып қалуды көксеген ызалы топтар да, тек бір мемлекеттегі емес, дүниежүзілік арасалмақты өз ыңғайына лайықтап өзгертіп алуға мүдделі сыртқы күштердің де білек сыбанып, белсене араласуына қолайлы жағдай туғаны кейін барып белгілі бола бастады.
Өйткені, қайта құруға ет қызумен кірісіп кеткен болдық. Оның қоғамдағы шын ахуалды егжей-тегжейлі талдаған, оны дүние жүзінде қалыптасып отырған жағдаймен жан-жақты салыстырып-салғастырған, одан туындайтын әрекеттер мен ықпалдардың қалай өрбіп, қалай өрістейтінін алдын-ала болжамдаған, соған орайластырып, өзгертуші әрекеттер мен қарсыласушы әрекеттердің арасалмағын дұрыс мөлшерлеп, дұрыс байыптаған, қимыл-әрекетті дұрыс жүйелеп, дұрыс бағытталған жетекші тұлға да, жетекші бағыттама да болмай шықты. Басшы болды. Қосшы болды. Сол екі ортадан туындайтын субъективтік ықпал-ықыласқа қоғамдық күрестің заңдылықтары құрбандыққа шалынып кеткен тұстары аз болмады. Жариялылық жағдайында жұрт оны біліп отырды. Пысықай топтар сырттай бақылап отыруды місе тұтпай, тікелей араласып кетуге жол тапты. Басшылықтағы арасалмаққа сырт әсер ете алатындай, басшылықтағы алауыздық сыртқа жік салатындай жағдай туды. Өндірістік инженерияда ғана емес, әлеуметтік инженерияда да тым артта қалып қойғанымызды аңғарған топтарға оқиға барысын өз мүддесіне икемдеп кетудің оңтайы көбейді. Әуелден мақсат саралылығының жоқтығы күресті жүйелілік пен ырғақтылықтан айырады. Ол нәтижесіздікке ұрындырады. Нәтижесіздік күрестегі тұрлаусыздықты күшейтеді. Ағат шешімдер, жаңылыс қимылдар көбейіп, одақтастар таңдауда талғам азаяды. Оның бәрі, ақыр аяғында, жоғарғы қабаттарда саяси авантюризмнің, төменгі қабаттарда охлократиялық көзсіздіктің бел алуына әкеп соқтырады. Процесс бақылау мен бағыттаудың ырқынан шығып, аума-төкпе оқиғалар тізбегінің тұтқынында қалады.
Сөйтіп, оқиға саяси-экономикалық агонияға ұшыраған қоғамдардың бәрінде болған үйреншікті құбылыстардың ізімен кетеді. Сондай тұста талай көрініп жүрген күштер мен әдістер іске қосылады.
Томас Гоббстың «Левиафанындағы» мемлекетті бейбіт жолмен әлсіретіп, құлдырауға әкелетін жағдайлардың бәрі де көрініс берді.
Оның айтуынша, мақсаттың айқын еместігінен саяси еріктің табансыздығы туындайды, ол мемлекеттік билікті әлсіретеді. Қоғамдық әрекеттерде жеке адамдардың жауапсыз қалуы мен сөзге ергіш тобырдың талғамсыз қолдауы үстемдік құрады. Әлеуметтік шешімдер талдау мен пайымдаудан гөрі көңіл әуеніне көбірек бой алдырады. Өкімет жауапкершіліктен қашып, өз билігін өзі үлестіре бастайды. Бөтен елдер мен ежелгі мемлекеттерге еліктеу күшейеді, Жарыспа билік етек жаяды. Биліктің әлсіреуі экономиканы әлсіретеді. Жоқтық пен жарлылық кім көрінгенге сенуді тудырады. Жеке адамдардың дақпыртына табыну үрдіске енеді. Шектен аса үлкейіп кеткен қалалардағы орнықсыз ахуал бүкіл елге ықпал ете бастайды. Өзін дербес мемлекеттен кем көрмейтін саяси корпорациялар көбейеді. Жоғарғы өкіметтің сөзін аяққа басу оңайлайды. Сөйтіп, басқыншылыққа ұшыратқан елде өз мемлекетіңе өзіңнің іш тартуын шарт болмай қалатыны сияқты өз мемлекетіннен өзің қаралай жерініп шығатындай ахуал орнайды. Монтескье де тап осыны айтқанды. Ол: «Демократия қағидасы тек теңдік рухы жойылғанда ғана емес, ол тым шектен асып, әр адам өзі сайлаған билік иесімен бірдей болуға тырысатын кезде де бұзылады. Ондай тұста халық өзі сайлаған өкіметтен бас тартып, бәрін өзі шешіп, өзі істегісі — сенаттың орнына өзі мәслихат құрғысы, төрелерінің орнына өзі төрелік, қазылардың орнына өзі қазылық еткісі келеді.
Ондайда республикада ізгілік атаулы естен шығады. Халықтың билеушілерін сыйламағаны — билікті өзі алғысы келгендігі... Сенатқа сенбеу — үлкендерге сенбеу деген сөз. Үлкендерге сенбеу — әкеңе сенбеу, күйеуіңе көнбеу, мырзаларға бой ұсынбау, жаппай өзім білемдікке түсу деген сөз. Біреуге бағынуға құлықсыздық қалай өршісе, билеу, басқару ісі де солай әлсірейді. Балалар, әйелдер, құлдар біреуге құлақ асу дегенді атымен ұмытады. Имандылық, тәртіп сүюшілік, ізгілік көзден бұлбұл ұшады.
Ксенофонттың «Дыр-думанында» халықтың теңдікті әсіре түсініп, әсіреңкілікке түсуіне душар болған республика ахуалы бейнеленеді. Тойға қатысушылар неге өздеріне өздері риза болатындарын кезекпе-кезек айта бастайды. «Менің өзіме-өзім риза болатыным,— дейді Хармид,— мен кедеймін. Бай көзімде қайдағы бір жалақорлардың ауыздарын аламын деп шала бұлінетінмін. Өйткені, олар маған не пәле істеймін десе де, істей алатын. Ал мен оларға түк те істей алмайтынмын. Республика үсті-үстіне ақша талап ететін. Ешқайда аттап шыға алмайтынмын. Кедей болып ем, өзіме-өзім қожамын. Ешкім мені қорқытпайды. Қайта өзім басқаларды қорқытамын... Байлар мені көрсе болды, орындарынан тұра бастайды, құл едім, патшаға айналдым. Бұрын республиканы мен асырайтын едім, енді ол мені асырайтын болды. Біреуден бірдеңе жырып қалмасам, жұтап қалам, кедейленіп қаламын деп қорықпаймын».
Халық мұндай бақытсыздыққа сеніп жүрген билеушілерінің әуелі өздері әбден азып, сонысын жасыру үшін кейін күллі елді әдейі аздыра бастайтын тұстарында тап болады. Олар өздерінің бақ құмарлығын жасыру үшін елді билікке таластырып үйретеді. Өздерінің дүниеқоңыздығын жасыру үшін өзгелерді дүниеқоңыздыққа үйретеді... Азғындау әбден асқынады. Азғындатушылар да, азғындаушылар да мүлде шектен шығады... Халық өз бостандығынан пайда тауып қалуға неғұрлым құныққан сайын, сол бостандықтан біржолата айырылып қалатын сәтіне солғұрлым жақындай түседі... Өздері ұсақ болғанмен, дәмелері үлкен озбырлар көбейеді. Көп ұзамай кешегі бостандық ауыртпалыққа айналады. Сол кезде бәрі қайтадан бір озбырдың уысына түседі. Міне, Монтескьенің айтуынша, шалағай реформа, тайыз демократия бақ орнына сор әкеледі. Біздің тұсымыздағы жағдай тап бұлай боп кете қоймағанымен, шын демократияның жеңіске жете алмай жатқаны, сондықтан әрі-сәрі ахуалдың күшейе түспесе, әлсіремегені даусыз.
Бұл күллі дүние жүзінде абыржушылық туғызуда. Бұрынғы Кеңестер Одағындағы процестердің бұдан әрі қалай өрбитінін бағдарлау — көптен бері әлем саясатшыларының «сүйікті» тақырыбына айналды.
Фин саясатшысы Сеппо Реместің 1990 жылы Түрку қаласынан шыққан «Кеңестер Одағының болашақ дамуының ықтимал жөн-жобалары» атты кітабында Кеңестер Одағының келешегі «ашық нарық экономикасы», «жабық нарық экономикасы», «төрешілдік-либералдық даму», «хаостық даму» деп аталатын төрт қилы бағытта өрбуі мүмкін деген болжам айтады.
Бірінші жолға түссе,— дейді ол,— Скандинавия елдеріне ұқсап, Батыстың көмегіне сүйене отырып, экономикасын түбегейлі өзгертеді; бұрынғы одақтан тек Ресей, Белорусь, Украина, Қазақстан арасындағы ықпалдастықты сақтап қалады; КОКП-нің билігін құлатып, ұлы державалық мәртебеден өз еркімен бас тартады.
Ал екінші жол шеттің капиталына иек артпай, тек ішкі күштермен нарықтық қатынастарға көшуді, өкіметті, ұлы державалық мәртебені, шекаралар мен конверсия көлемін өзгертуде мейлінше абай болуды көздейді.
Бұл екі жолдың екеуінің тұсында да 10— 15 жылға дейін әлеуметтік, ұлтаралық шиеленістер бәсеңдей қоймайды.
Үшінші жол ұлы державалық мәртебені, КОКП саяси билігін, КСРО-ны сақтай отырып, ішінара өзгерістер жасай отырып, нарыққа біртіндеп кешуді ұсынады. Қысқасы, қайта құрудың алғашқы бес жылындағы екі ұдай жағдайды сақтауды жақтайды. Бірақ, С. Реместің айтуынша, бұндай жағдайды көп болса, 50 жылға дейін созуға болады, бірақ оның ар жағында қоғам не кездейсоқ апатқа ұрынады, не капитализмге шұғыл бетбұрыс жасауға бәрібір мәжбүр болады.
Ал төртінші жол, «хаостық даму», КСРО-ның ішкі экономикалық жағдайының мейлінше құлдырауы мен әлеуметтік қатынастардың мейлінше шиеленісуінен туындайтын еді. Монополиялардың жағдайы берік қалпында қалады, нарықтық тепе-теңдік әлсірейді, күрт өршитін, инфляцияға ұласатын тауар алмасатын табиғи айырбас етек жаяды... ел ішінде аймақтық протекционизм өрістеп, таможнялар (бәлкім бейресми жолмен) іске кіріседі, экономикалық қайшылықтардың асқынуы аймақтар арасында қақтығыс туғызуы ықтимал. Өндірілетін өнімдердің басым көпшілігі ресми жүйелерді айналып өтіп, көлденең жолмен сатылады. Инфляция ереуіл қозғалысын өршітіп, табиғи айырбасты күшейтеді, өндірістік тәртіптің жұқанағы да қалмайды... Сөйтіп, экономика тығырыққа тіреледі. С. Ремеске айтқызсаңыз, оқиғаның бұлайша өрістеуі қоғамда «жарылыс» туғызбай қоймайды. Ол ұлттық немесе халықаралық апат, мемлекеттік төңкеріс түрінде көрініс тауып, біржолата капитализмге бөт бұрғызуы ықтимал.
Егер С. Реместің бұны 1990 жылы айтқанын ескерсек, онда ақиқаттан тым алшақ кетпегенін аңғарар ек. «Әлгі сценарий, С. Реместің айтуынша, күллі мемлекеттік меншікті жеке меншікке көшіреді. Компартияның өкіметі құлайды, державалық мәртебеден бас тартылады, кеңқарымды конверсия өрістейді. Кеңестер Одағының орнына жаңа орталығы бар Ресей Федерациясы орнайды».
Фин ғылымыныц болжамынша, оқиғаның бұндай арнаға кешуі әлеуметтік қамсыздандырудан айырады, адамдардың табатын табыстарындағы кереғарлық ұлғаяды, жаппай жұмыссыздық пен кедейлік өрістейді.
С. Реместің кітабы шыққаннан бергі екі жыл жағдайды бұрынғыдан да бетер қиындатпаса, түзеткен жоқ. Бұрынғы Кеңес қоғамының қазіргі халі әңгіме болған төрт жолдың алдыңғы үшеуінің үшеуіне де ұқсамайды. Ұқсаса, төртінші жолға көбірек келіңкірейді. Бірақ, бұл төрт жолдың ар жағында тұрған төрт мүдделі күштердің төртеуі де әзір жеңістен күдер үзген жоқ. Бүгін таңда істі түпкілікті өз пайдасына шығаруға ешқайсысының да күштері жетпейтінін біліп, төртеуі де осы бір итжығыс халді сақтай тұруға тырысуда. Бірақ, мұндай хаос мәңгілік ахуал болып қала алмайды. Ал, хаостың тағдырын көп жағдайда заңдылық шешпей, кездейсоқтық шешіп кететіні бар. Ең қорқыныштысы да сол. Өйткені, қоғамда сенім азайды. сенімнің азаюы бір жағынан торығушылықты, әлеуметтік енжарлықты күшейтсе, екінші жағынан саяси алаяқ, саяси жаны қас, саяси желөкпе күштерді желіктіреді. Бұл, түптің түбінде, әлеуметтік қатынастарды бәрібір шиеленістіреді.
Байқап қарасаңыз, соңғы жетпіс жыл ішінде, жалпы алғанда, бұрынғы кеңес қоғамы, жекелей алғанда, әрбір кеңес адамы планетадағы өзге пенделердің қай-қайсысына қарағанда да идеологиялық қалыптамаларға (клишелерге) оңай сенетін, әлеуметтік прагматизм түсініктерінен мейлінше кенде, дербес шешім алу мен өз бетінше әрекет етуге мейлінше шорқақ екендігін әлденеше рет байқатты. Оның бәрін тек идеологиялық қысымнан көре беруге болмас. Одан гөрі де тереңірек тарихи, этнографиялық себептері де бар шығар. Қатаң табиғат бұрынғы Кеңес Одағын құраған халықтардың көбін бірігіп күресіп, бірігіп күн көруге мәжбүр етті. Сондықтан да олардың мінез-құлқында жеке мүддеден гөрі қауымдық мүддені жоғары қою, индивидуалистік пиғылдан гөрі көптің ыңғайына жығылу сипаты басым түсіп жатты. Соның нәтижесінде де батыстық, шығыстық деспотияның ең ұзақ сақталған аймақтарында тұратын бұл халықтардың саяси мәдениетінде жекебастық көзқарас, жекебастық баға өз дәрежесінде көріне алмай жатыр. Көптің ығында кету бұрынғы жағдайда қоғамдық көңіл күйдің ақылға сыймастай көнбістігін, сол арқылы орнайтын тұрақтылығын қамтамасыз етіп келсе, кейінгі жылдарғы сілкіністер ақылға сыймастай сенгіштік пен аумалы-төкпелілікті күшейтті.
Турасын айтсақ, әсіре қауымшылдық бір-біріне тәуелділікті, ол көптің ыңғайына көнгіштікті, ал ол жоғарыдан берілер ақыл-кеңес пен нұсқауға сенгіштікті дамытты. Өйткені, кеңес қоғамын құрап келген адамдардың көпшілігі тарихи-мәдени жағынан идеялық-басыбайлылық рухында тәрбиеленгендер еді. Олардың өмірге деген сенімі, рухани тұрақтылығы, негізінен, әркімнің өз қабілетіне, өз мүмкіндігіне деген нақты сенімі мен нақты түсінігіне емес, қоғамдық даму ылғи да жақсылыққа қарай өрістейді, оны бағыттап отырған объективті күш бар, жоғары идеяларды да сол туғызады деген ұғымға негізделген еді. Бұл жағынан қарағанда, олардың қоғамдық сенімі ғылыми сенімнен гөрі мифологиялық сенімге көбірек келіңкірейтін еді. Ғылыми дүниетанымда бір сенімнен екінші сенімге көшу үшін қанша рухани күш-жігер жұмсау керек болса, мифологиялық дүниетанымда бір сенімнен екінші сенімге көшу үшін бір-ақ нәрсе — көпшіліктің қай ыңғайға жығылып бара жатқандығын уақтылы аңғарып отырудан басқа ештеңе қажет болмай қалады.
Кейінгі жылдар бұрынғы кеңестік дүниетанымда мифке сенудің басым жатқанын байқатты. Сондықтан да ол кейінгі он жыл ішінде әлденеше рет эйфорияға түсіп, әлденеше рет аузы күйді.
Бірінші рет, тоқырау тұсында герентократия кетсе, аса бай елдің бар мүмкіндігін пайдаланып, социалистік жолдың өзімен-ақ әл-ауқаты тасыған қоғам орнатуға болады деп дәмеленді. Андропов бастамаларына айрықша ықыласты болғандығы да сондықтан. Бірақ, көп ұзамай, біреудің соңынан біреу шырақ алып түсетін үрдіс қайта басталған кезде қоғамның шын мәнінде демократиялануын жақтайтындар көбейді. Бұл процесті КОКП өзі бастайды дегенге сенді. Горбачев билігінің алғашқы жылдарындағы энтузиазм содан өрбіді. Алайда КОКП өз бастамасын өзі дәйектілікпен қорғай алмай, реформаторлық жолға түспей, билікке таласатын күштердің өңшең бір ит жығыс сахнасына айналып кетті. Партия басшылығында болғандардың қазіргі Конституциялық сотқа берген айғақтарына қарағанда, тоқырау тұсындағы ахуалды бұрынғыша қалдыруға болмайтынын бәрі де қолданғанмен, оны қалай өзгертуге болатындығы жайында басы ашық байыптамалар ешқайсысында да болмағанын байқатады. Жоғарғы қабаттағы күрес ашық позициялар мен концепциялық тенденциялар арасындағы тартысқа емес, билік жолындағы тартысқа, жоғары лауазымды адамдардың бір-біріне деген әсіре секемшілдігі мен әсіре сенімпаздығынан туындайтын иті қылжыңдарға айналып кеткендігі де сондықтан болса керек. КОКП ұзақ жылдарғы дербес билікке әбден үйреніп, ішкі оппоненттер мен аппараттық ойындар арқылы, сыртқы оппоненттермен қағаз бетіндегі құрғақ дау арқылы есеп айырысып үйреніп, шынайы саяси күрес машықтарын ұмытып қалғандығы анық байқалды. Ол, әсіресе, соңғы съезд тұсында ерекше көзге түсті. Жұртшылықтың бұл партия әуелі өзін-өзі реформалап, сосын қоғамдық реформаларды ойдағыдай бастап кете алады деген сенімі азая бастады. Мәселені тамыз оқиғалары одан әрі ушықтырды. Ол тұста ашық позиция көрсете алмағандығы КОКП-ның беделін біржолата түсірді. Пәлен жылдар бойы ең ұлы державаның біреуін дербес билеп келген, миллиондаған адамдардың басын құрайтын партияның бірер күннің ішінде саясат сахнасынан аласталып шыға келуі, оған ешқандай арашашы күштердің табылмауы — бұл құрылымның өз ғұмырын әлдеқашан өзі құртып қойғандығын байқатса керек. Билік басына келгесін де, астыртын күрес жағдайында жүргендегі негізгі жарғылық қағидаларын өзгертпей, авторитаризм тұтқынында қалып қойған партия реформация тұсында да өз шідеріне өзі маталып, әуелі биліктен қалай айырылып қалғанын, артынан өз басына өзі сор тілеп алғанын өзі де байқамай қалды. Соңғы қырық жылдан астам уақыт бойына жеке адамға табынуды сөз жүзінде мансұқтап келе жатқан бұқаралық партия іс жүзінде бір кісінің айла-шарғысының соңынан салпаңдап ерді де отырды. Ондай құрылым күллі қоғам Конституцияға емес, партиялық жарғыға бағынатын жаппай басыбайлылық жағдайында болмаса, пікір әр алуандығы мен саяси позициялар әр алуандығы тұсында ел басқара алуы еш мүмкін емес еді.
КОКП трагедиясының тағы бір сыры — тым орталықтандырылып жіберілгендігінде еді. Шын мәнінде, ол бұқаралық партия болмай шықты. Оның тағдырын санаулы адамдардан тұратын элита шешіп келген болды. Ал, миллиондардың партиялық бұқарасы солардың пиғылын көпшілік пиғылы қып көрсетуге бағытталған құлақкесті механизм ғана болып шықты. Сөйтіп, күні кешеге дейін өз қоғамымызға өнегелі еңбек етіп келдік деп ойлап жүрген миллиондаған жандар бірер күннің ішінде өз қоғамына өздері өгей болып шыға келді. Бұл — тек солардың ғана емес, күллі қоғамның моральдық ахуалына әсер етпей қоймайтын фактор еді. Ондаған миллиондаған жандарды сүтке тиген күшіктей қылуды армандайтын күштер күллі қоғамдық-психологиялық диссонансты күшейтпесе, бәсеңдетпейді. Біздің бүгінгі ахуалымызға коммунистік реваншизм қандай қатерлі болса, коммунистерге қарсы реваншизм де сондай қатерлі. Бірақ коммунизмнің идеялық та, практикалық та жеңілгені рас. Ең алдымен, өзі ұстанып келген қағидалардың өміршеңдігін дәлелдей алмады. Екіншіден, өзін жетілдіре отырып, қоғамды да жетілдірмек бастамасын аяғына дейін апара алмады. Сөйтіп, бұқара сенімінен айырылып қалды. Алайда, мұндай даусыз моральдық жеңілісті пайдаланып, бірден жойымпаздыққа ұрыну билік сахнасына шыққан жаңа күштерге тиімді болды деп айта қою қиын. Саяси монополизмді емес, конституциялық құрылысты, саяси доктрина үстемдігін емес, құқық үстемдігін жақтайтын күштер жойымпаздыққа бой алдырмағаны дұрыс еді. Ол қоғамның тезірек сауығуына, демократиялық үрдіске тезірек көшуіне қолайлырақ болатын еді.
Кеңес адамдарының үшінші рет эйфорияға ұрынып, үшінші рет аузы күюі, міне, осы арадан, тамыз оқиғаларынан кейінгі желпіністерден басталады. Қазір бұл екі ортадағы өзгерістерді бір жақты әспеттейтіндер де, бір жақты мансұқтайтындар да толып жатыр. Бірақ нақты жағдай іске пайымдырақ қарауды талап етеді. Бұдан бір жыл бұрын, 1991 жылдың қазанында инфляция 6 процент, өндірістің құлдырауы жылына 15 процент, ақшаның курсы — 1 доллар 160 сом еді, ал биылғы қазанда инфлияция айына 28 процент, өндірістің құлдырауы жылына — 15 процент, курс — 1 доллар 368 сом болып отыр. Парламентаризм социолоғиясы институтының тарауларына қарағанда «өмірге риза еместер»: 27.02.92 — 65 процент, 05.03.92 — 68 процент, 12.03.92 — 69 процент, 19.03.92 — 73 процент, 29.09.92— 62 процент, 15.10.92 — 71 процент болып отыр. Мәселен, мәскеуліктердің арасында тек соңғы бір айдың ішінде өзін кедейлік шегінен де төмен тұрамын деп есептейтіндер 42 проценттен 47 процентке өскен, орта деңгейде күнкөрісім бар дейтіндер 55 ироценттен 49 процентке дейін төмендеген, тек бар болғаны 1 процент халық қана өзін ауқаттымын деп санайды.
Бәлкім, біреулер мұнда таңғалатын не тұр деп есептер. Э. Гидденстің есептеуі бойынша, 1987 жылы Ұлыбритания халқының 1 проценті жеке байлықтың 21 процентін, 5 проценті акциялардың 90 процентін, жалпы табыстың 16 процентін, ал халықтың тек жарымы бар болғаны акцияның 4 процентін және жалпы табыстың 5-ақ процентін иемденген ғой дер. Ал бірақ, сол елу процент халықтың кез келгені мен қазіргі өз өміріне риза емес жетпіс бір проценттің кез келгенінің орташа күнкөріс деңгейін салыстырып көріңізші, қайсысының пайдасына шығар екен?! Оның үстіне, дәулет кереғарлығы Ұлыбританияда ғасырлар бойы қалыптасты. Кейінгі ғасыр онда дәулет кереғарлығын түбірімен жойып жіберу жолында емес, халықтың әл-ауқатының орташа деңгейін көтеру жолында еңбек етті. Ал, біздің бұрын жаппай орташа қоңторғай күн кешіп келген қоғамымыз тез арада дәулет кереғарлығына ие боп шыға келді. Тағы бір ескеретін жағдай, тоқыраудың кейінгі жылдарынан бастап біздің қоғамымыздың барлық топтарында не тікелей, не жанама түрде капитализмді әспеттеу орын алды. Әлеуметтік құрылысты өзгертуге деген жалпы келісім де сол әл-ауқаттың тезірек жақсаруына деген жаппай сенімнің нәтижесінде қамтамасыз етілгенді. Оның орнына одан сайын құлдыраудың тап болуы күйзелісті күшейте түсері хақ.
Не де болса, бүгінгі таңда тек экономикалық күйзеліс қана емес, үлкен әлеуметтік күйзеліс те бар. Жұрт тағы да сенімнен айырыла бастады. Кешегі сеніп келгендерінің көпшілігі тағы да әлеуметтік мифке айнала бастады. Тоталитаризмнің күйреуі демократияны орната салған жоқ. Кешегі билеуші топтар арасындағы тартыс бүгін билік институтының арасындағы тартысқа ұласты. Демократия әдейі мақсат болудың орнына билікке таласқан топтар мен саяси институттардың қолындағы күрес құралына айналып барады. Ондай күрес экономикалық талан-таражды күшейтпесе, азайтқан жоқ. Бұл күйзелістерді желеу етіп, қалыптасып отырған жағдайды өз пайдасына шешіп қалуға тырысатын күштер де аз болмай отыр. Біреулер бүгінгі қиындықтардың арқасында кешегіні, бұрнағы күнгіні, тіпті баяғыдағыны көксеушілікті күшейтуге тырысып бағуда. Екінші біреулер кейінге жүрмей, ілгері ұмтылуға үндейді. Бірақ тезірек өркениетті ел болу үшін жаңа авторитаризм, өркениетті авторитаризм керек дейді. Коммунистерден кейінгі өркендеуді қамтамасыз ету үшін де тегеурінді режимсіз болмайды дейді. Бұл екі қисынның ар жағында да сол баяғы империялық даңғойлықты қайта тірілту мақсаты жатқанын аңғару қиын емес. Өткенді аңсайтындар не кешегі Одақты, не большевиктерден бұрынғы империяны қайта тірілткілері келетіндіктерін жасырып жүрген жоқ. Ал, жаңа тегеурінді режимді жақтайтындар кешегі кеңес империясының орнына Еуразия Құрама штаттары сипаттас жаңа Өркениетті Империя орнатудан кет әрі еместігі байқалады. Не де болса, олар бұрынғы кеңестік саяси кеңістіктегі демократиялану, өзін-өзі билеушілік процестерін бұдан әрі тереңдетуге құлықты емес.
Батыс зерттеушілерінің бұдан бірер жыл бұрын болжамдаған сценарийлері бұл салада да әлі белгілі бір айқындыққа жете алмай отыр. Варшава университетінің профессоры Ежи Вятр былтыр шыққан «Күні батқан күйе, Шығыс Еуропадағы демократиялық социализмнің тарихы мен болашағы» атты кітабында бұрынғы социалистік жүйедегі елдердің жағдайы енді мынандай жолдармен өрбуі ықтимал деген болжам айтады:
Бірінші жол — көп партиялы, алуан пікірлі демократия бастапқы кезде болмай тұрмайтын тартыстар мен қайшылықтарды жеңіп, батыс еуропалық демократия сипаттас үрдіске көшеді. Алғашқы кездегі әртекті оппозициялық қозғалыстар салауатты партияларға айналып, саяси өмір сабасына түседі. Әуелі оңшыл және оңшыл орта партиялар қызу қолдау тауып, кейін мүдделердің мейлінше саралана жіктелуіне байланысты биліктер құрылып, олардың өзара өкімет алмасуы тәжірибеге енеді. Мұндай тәсіл жүзеге асуы қиын болғанмен, демократияны құлатпайды. Бірақ, бұл жолдың Кеңес Одағы, Югославия, Чехо-Словакия секілді құрама мемлекеттерде өте үлкен кедергілерге кездесуі мүмкін.
Екінші жол — қоғамдық-экономикалық күйзелістің күшеюі, ұлт мәселесінің уақытылы шешілмеуі, автократиялық саяси күштердің, әсіресе кек қайтаруға тырысушы күштердің тарапынан ұдайы қысым көрсетілуі мемлекеттік төңкерістерге, көше соқтығыстарына, төтенше жағдайларға ұрындыруы кәдік. Латын Америкасы, кейбір Азия, Африка елдері тәжірибесі көрсеткендей, мұндай саяси әуре-сарсаң ондаған жылдарға созылуы мүмкін. Әсіресе қару пайдадану оқиғаны «ливандандырып», азаматтық соғысты тұрақты ахуалға айналдырып жіберуі ғажап емес.
Үшінші жол — автократиялық режим орнауы. Ол теориялық жағынан мынандай үш жолмен: кешегі коммунистік тоталитарлық режимнің қайта оралуымен, әскери диктатура немесе ұлтшылдық бағыттағы режим орнатуымен жүзеге аса алады.
Төртінші жол — авторитарлық режимнің демократиялық социализммен алмасуы. Мұндай режим жерге пейіш орнатпақшы қиялдан саналы түрде бас тартады. Аралас экономиканы дамытады. Меншік саласында қоғамдық меншік басым түседі. Экономика нарықтық қатынас қағидалары негізінде дамиды. Мемлекет экономикаға тек әлеуметтік әділет мақсатында ғана аралас алады.
Мемлекеттік меншік сақталғанмен, оған өкімет билік етпейді. Кәсіпорын дербестігі қадағаланады.
Бұл жолдың ықтималдығына Батыс Еуропадағы социалистік партиялар мен кәсіподақтардың жеңісі дәлел бола алады. Бірақ, бір кездегі «кемелденген социализм» қалған жағымсыз әсерлер аталмыш үрдістің жеңіске жетуіне көп кедергі болатыны да сөзсіз.
Бүгінгі таңда реформа бұл төрт арнаның төртеуіне де анық түсе қойған жоқ. Экономикалық реформа жүргізудегі асығыстық пен дүдәмалдық әлеуметтік күйзелістерді күшейте түсуде. Ол күйзелістердің шамадан тыс асқынуы аталмыш әрі-сәрі хәлді одан әрі созып жібере ме, жоқ оқиғалардың даму барысын әлгі жолдардың біріне, не бүгін ешкімнің көкірегіне әлі қонақтай қоймаған басқа бір жолдарға түсіріп жібере ме — оны кесіп-пішіп айту мүмкін емес.
Біздің басымызға тәуелсіздік құсы, міне, осындай алмағайып кезде қонып отыр.
Оны қайта ұшырып алмаудың, аңсаған арманымыздан қайта айырылып қалмаудың жолдары бар ма? Бар болса — қандай?
3. ИӘ, ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ЖОЛЫ ЖІҢІШКЕ, ЖҰП БАТПАН ЕКЕН....
Олай болатыны, ол орасан мықтының әбден ойсырауы арқасында ғана жүзеге асатынын жоғарыда айттық. Бір жағынан күйреп жатса, бір жағынан орнап жатады. Бір жағынан күйзелгеніңмен, екінші жағынан тәубе деуіңе тура келеді. Көңілге дәт қылатының да сол. Ең жаманы — үміттің үзілгені ғой. Құдайға шүкір, біздер үшін ондайдың беті аулақ.
Күйзелгенде көбіне неден күйзеліп жүрміз? Экономикалық таңқылық пен тапшылықтан, әлеуметтік әрі-сәріліктен, саяси екіұдайылықтан. Ең бастысы, соның бәрінің біздің ырқымыздан тысқары болып жатқандығынан. Біліп отырып, білгенімізді жүзеге асыруға мүмкіндік тумай қойғандығынан.
Ал, бірақ, тереңірек ойлансақ, күйреген жерде күйзелістен басқа не қалушы еді?! Күйзеліске дейін құлдырамаса, жарты жаһанды жамбасына басып отырған империя құлар ма еді? Ол құламаса — ғасырлап күткен тәуелсіздігіміз орнар ма еді?!
Ендеше, соған шүкіршілік етелік те, енді қайтпек керек екендігін мықтап ойланайық. Ол үшін өткен-кеткенге де, бүгін жан-жағымызда не болып, не қойып жатқанына да байыптай көз салайық.
Тарихта тап бұлай боп отырғаны бірінші рет емес. Қазіргі тәуелсіз мемлекеттердің көпшілігі әлемдік империялардың куйреуі нәтижесінде пайда болды. Ол әдетте әлемдік үстемдікке ұмтылған астамшылдықтың тым асқынып, ішкі қарсылық пен сыртқы қарсылықтың тым күшейіп кеткен кезеңдеріне тап келеді. Мұндай ахуал, көбіне көп, не дүниежүзілік соғыстар нәтижесінде, не былайғы дүниеге қауіп төндіре бастаған тоталитарлық үрдістің басына іс түскен кезеңде орнайды. Еуропаның, Африканың, Азияның көптеген елдері екі дүниежүзілік соғыстың нәтижесінде тәуелсіздікке ие болса, Латын Америкасы елдері әлгі соңғы айтқандай оқиғалар тұсында азат болды. Шығыс Еуропа мен Кеңестер Одағы құрамында болған мемлекеттер басындағы ахуал да осы соңғы мысалға келіңкірейді.
Бірақ империя түзағынан енді-енді құтылған елдердің басында болатын жалпы ахуалдың арасында тап анау айтқандай айырмашылық бәрібір бола қоймайды. Екі жағдайда да енді тәуелсіздік алған елдердің тартатын қиыншылықтары көбіне бірдей.
Сондықтан да біз тәуелсіздікке бүгін ие болып отыр екенбіз деп, ондай мәртебеге бұрын жеткен елдердің тәжірибесіне иек артпай отыра алмаймыз. Ол біреудің тағдырын солайымен қайталап шығу деген сөз емес, өз басымыздағы көпке тереңірек түсіну үшін, одан туындайтын шешімдер мен шараларды қапысыз нақтылай түсу үшін қажет.
Сонымен, тәуелсіздік алған мемлекеттер мұндай кезеңде қалай әрекет еткен еді?
Біреулері тәуелсіздік ала сала өз ішінде кешегі отаршылдық тұсында кімнің қандай мінез танытқаны үшін өзара есеп айыруға көшті; сондай дау-дамайдан абырой тауып, сол арқылы билік алуға тырысқан іріткі күштердің ырқында кетті. Бұл азамат соғысына ұрындырды.
Екінші біреулері бұрынғы метрополиямен шұғыл есеп айырысуға кірісіп, онымен ашықтан-ашық қырғи-қабақ саясат ұстанды. Бұл жаңа отаршылдық (неоколониализм) қаупін күшейтті.
Үшінші біреулері сөз жүзінде тәуелсіздік алғанмен, іс жүзінде бұрынғы метрополияның жетегінде жүре берді. Мұндай жандайшап саясат бүгін болмағанмен, күндердің күнінде тәуелсіздіктен қайта айырылуға мәжбүр етуі мүмкін.
Төртінші біреулер бұрынғы одақтастарына атымен кереғар одақтастардың бауырына кіруге асығады. Ондай оңай жалтармалық әлемдік геосаяси шытырмандар мен шырғалаңдардың көзсіз тұтқынына айналдырып жіберуі де ғажап емес.
Бесінші біреулер тәуелсіздіктің жөні осы екен деп, есік-терезесін бірдей қымтап алатын томаға-тұйықтыққа түседі. Ондай мемлекеттердің оңай нығайып, тез арада құлпырып кете қойғанын ешкім көрген емес. Өйткені, дүниеде еш мәселеде ешкімге ісі түспейтін, бәрі өзінен табылатын, төрт жағы төрт құбыла мемлекет жоқ.
Алтыншы біреулер тәуелсіздігін пайдаланып, аймақтық астамшылыққа ұрынып, жан-жағына тиісіп, жергілікті жанжалдарға бой алдырады. Ондай мемлекеттер жақын көршілері үшін сүйкімсіз, былайғы дүние үшін сенімсіз болып шыға келетіні бесенеден белгілі.
Жетінші біреулер алыстағыларға иек артып, жақындағыларға мән бермейді. Мұндай тәкаппарлық та аймақтық ұрыншақтықтың кигізетін кебін кигізері сөзсіз.
Сегізінші біреулер тек шектес көршілерінің ғана қас-қабағына қарап, былайғы дүниемен ықпалдаса алмайды. Ол аймақтық томаға-тұйықтықтың көзсіз көбелегіне айналдырады.
Тоғызыншы біреулер тек діни-мәдени тамырластық немесе таптық сипаттағы ыңғайластыққа бір жақты бой алдырады. Бұл жол діни-мәдени жікшілдік пен таптық жікшілдік матауында қалдырып, былайғы дүние тарапынан мүдделестік пен құлықтылық тапқызбайды.
Оныншы біреулер қалыптасып отырған тарихи жағдайды пайдаланып, өзінің табиғи, әскери, саяси, геосаяси, экономикалық мүмкіндіктерін дәл мөлшерлеп, соған лайық сыртқы ықпалдастыққа ұмтылып, ішкі жарастықты ыждаһаттайды.
Бұл жол іште ынтымақ орнатып, сыртқы дүние тарапынан шынайы ықылас оятады.
Алдыңғы тоғыз жолдың жас егемендіктердің қалай тауын шаққандығына екінші дүние жүзілік соғыстан кейін тәуелсіздік алған мемлекеттердің өмірінен талай мысал тауып беруге болады. Ал, оныншы жолға түскендердің тап өйтіп ауыздары күйе қойған жоқ. Басқаны айтпағанда, күйрей жеңілген Германия мен Жапонияның өзі айналасы жиырма жылда экономикалық кемелділігін, отыз-қырық жылда саяси дербестігі мен тұтастығын қалпына келтіре алды. Егер кешегі айрылып қалғанын ойлап, әсіре кекшілдікке, халқының саны мен тарихының байлығын ескеріп, әсіре шамшылдыққа ұрынса бұл жағдайдың ешқайсысына да жете алмас еді. Онымен қоймай, әлемдік тайталасты одан әрі ушықтырып, қырғи қабақ ахуалдың бүгінге дейін созылуына себепші болар еді. Бұл екі мемлекеттік екеуінде де өзара есеп айырысуға сыртқы ортамен қайтадан есеп айыруға шақырған кекшіл күштер де, оған еруі ықтимал күштер де табылды. Бірақ, саяси ұстамдылық пен көрегендік басым түсті. Олар ұстанған саяси прагматизм өз жағдайларында дүниежүзілік саяси ахуалды да жақсартып алуға мүмкіндік берді.
Біздіңше, кейінгі жылдары тәуелсіздікке ие болған мемлекеттер де осы оныншы жолды — саяси прагматизм жолын ұстанғаны жөн болыңқырайтын сияқты.
Прагматизм — әрине, максимализм емес. Пәлен ғасырлар бойғы кетіп келе жатқан есе бірер жылда қайтпайды. Ендеше, кекшілдік өзіңе де, өзгеге де шөп шығармайды. Асығыстықтың да тапқызар абыройы шамалы. Әлің жетпес мақсат қойсаң, ертең өзіңнің қаралай сілең қатады. Былайғы жұртқа күлкі боласың. Ал, саясатта да абырой керектігі әркімге-ақ мәлім. Прагматизм — бірақ не болса, соған иліге беретін соқыр көнбістік те, не болса, соны шүкіршілік ететін жайдақ тәубешілдік те емес. Оған да тәуекел керек. Алайда, өз мүмкіндігің мен қалыптасып отырған жағдайдың сәті мен ыңғайын дәл мөлшерлеп, дәл үйлестіре алатын икемшіл тәуекел керек. Мақсатынан қайтпайтын, бірақ сол жолда тек ұпай жіберіп алмайтын ұрымтал әрекеттерге ғана иек артатын тәсілшіл тәуекел керек. Ондай тәуекелге, ең алдымен, сабыр мен шыдам қажет. Ол екеуі өзіңнің де, өзгенің де жағдайы мен жай-жапсарын әбден пайымдап алуға мүмкіндік береді. Осы реттен келгенде, әсіресе, Қазақстанға саяси прагматизм қағидаларын ішкі саясатта да, сыртқы саясатта да табандылықпен ұстанбасқа жағдай жоқ. Оның орналасқан жері де, ішкі демографиялық ахуалды да, табиғи ресурстары да тек соны талап етеді.
Өйткені, Қазақстан аса бай табиғи ресурстары болғандығына, олардың тек өзін-өзі қамтамасыз етуіне ғана емес, әлемдік экономикада елеулі орын иемденуше мүмкіндік бере алатындығына қарамастан күні бүгін бірден өз күнін өзі көріп кете алмастай халде. Бұған дейін экономикасының жеті-ақ процентін өзі қадағалап келген алдамшы дербестік Қазақстанды тұтынатын бұйым шығару жағынан да, азық-түлік өңдеу жағынан да, технология мен энергетика жағынан да басқа аймақтарға мықтап тәуелді етті. Шикізат өндіруші аймаққа айналды. Сол шикізат өндіретін технологияның өзі де бүгін әбден ескірді. Инфрақұрылымдардың жабдығы да әбден тозған. Өз ақшасы жоқ. Қаржымен қамтамасыз етілуде бөгде станокқа ғана емес, бөгде өлшемдік жүйеге де, демек бөгде бағалық саясатқа да тікелей кіріптар. Мұндай жағдайда экономикалық дербестік бір күнде қалай орнай қалмақшы?!
Қазақстанның жері батыстан шығысқа үш мың шақырымға, солтүстіктен оңтүстікке екі мың шақырымға созылады. Шекара сызығының ұзындығы он үш мың шақырымға жуықтайды. Сонша шекара бойында не шалқар теңіз, не асу бермес тау сияқты табиғи кедергілер жоқ. Бәрі де жылмиған жазық. Мұндай шекараны тиісті дәрежеде күзетіп тұрудың өзі үшін қанша адам, қару, техника қаржы керек?!
Бұған Қазақстанның қазір дүние жүзіндегі қай мемлекеттің де көзін қызықтыратын минералдық байлықтардың ең мол қордаланған аймағы екенін қосыңыз. Ондай аймақ шетте жатқандығын ежелден бір-бірімен тайталасып келе жатқан екі әлемдік империяның екеуімен де шекаралас жатқанын ескеріңіз. Ендеше, мұндай бірінші дәрежедегі стратегиялық кеңістікті қорғау үшін бұрынғы Кеңестер Одағы секілді милитаристік елдің қанша әскер, қанша қару-жарақ ұстауға мәжбүр болғанын өзіңіз есептей беріңіз. Ал онымен тайталасып келген көрші ірі мемлекеттің бұл шекараға қанша әскер, қанша қару-жарақ төгетіні айтпаса да түсінікті. Бұл екеуі жетпегендей, республиканың күнгей жағындағы таяқ тастам жердегі әскери-саяси ахуалға назар салыңыз. Нағыз соғыс аймағы. Мұндай жағдайда түпкілікті қорғаныс дербестігі жайында қалай сөз ете аласыз?
Тарихи тәжірибенің айтуынша, мемлекетгік төуелсіздіктің мықтылығының ең бір сенімді кепілі — халқының этникалық бір еңкейлігі. Қазақстандағы ғасырлар бойы бірде дербес, бірде басқаларға кіріптар, бірде басқалармен одақтас жағдайда өмір сүріп келе жатқан мемлекеттің тарихи егемендері, заңды құқ иелері болып келе жатқан қазақтар қазір өз елі, өз жерінде 42 проценттен зорға асады. Қалғандары — тек осы ғасырдың ішінде ғана жан-жақтан өз еркімен, не еріксіз кешіп келген бөгде 130-дан астам этникалық топтардың өкілдері. Дін, тіл, мәдениет жағынан ала-құла. Бірақ, өз территориясынан шалғай жүрген халықтардың қай-қайсысы сияқты олар да өз тіл, өз мәдениетімен қоса екінші бір ортақ тіл, ортақ мәдени үрдістерге бейімделген. Ондай тіл, ондай мәдениет ретінде өздері көшіп келген жаңа аймақтың табан жұртының тілі мен мәдениетін алмай, оның өзі құрамында болып келген бұрынғы одақтың ең көп, ең басым ұлтының тілі мен мәдениетін таңдап алған.
Бұл тек бұл ма? Түпкілікті емес этникалық топтардың басым көпшілігі шектес-шекаралас жатқан мемлекеттерден шыққан. Олардың сыртында өздерінің тарихи отандарынан күллі ұлтымен күштеп айырылғандар, өздерінің ұлттық-территориялық дербестігін әліге дейін қалпына келтіре алмай жүрген этникалық топтар қанша? Оларды мұндай халге ұшыратқан мемлекет жойылды. Енді олар әлгі заңды талаптарын кімге қоймақшы?
Мұндай жағдайда қандай демографиялық бір өңкейлік, бір ыңғайластық жөнінде дәметуге болды?!
Еуроазияның қақ кіндігіне орналасқан Қазақстанды бүгін таңда қай жағынан да әбден қалыптасып үлгерген орнықты саяси режим қоршап тұрған жоқ. Теріскейі мен батысы — әлі демократия жағына мықтап шығып болмаған, кешегі коммунистік империя мен аяғы патшалық монархия үрдісін қайта орнатуды армандайтындардың күшті қоқан-лоққыларына бірдей ұшырап, әрі-сәрі хәл кешкен үлкен ел; күнгейі — енді-енді қаз тұрып келе жатқан, бірақ анық-танық саяси келбетін әлі тауып болмаған балаң мемлекеттер, ал олардың әлі бір жағынан — діни фундаментализмнен, екінші жағынан — шығыстық деспотиялық саяси дәстүрлерден, үшінші жағынан — ұлтараздығынан уақтылы қол үзіп үлгермеу салдарынан қиындықпен келген тәуелсіздіктің жемісін әлі жей алмай, орнықсыз ахуалда отырған елдер; шығысында — қайдан қайда бағыттап бара жатқанын әлі басын ашып айта қоймаған, халқының саны жағынан дүние жүзіндегі ең үлкен мемлекет.
Бұндай жағдайдағы жаңа мемлекеттік геосаяси ахуалының қаншалықты күрделі болатыны айтпаса да түсінікті.
Бір кезде Қазақстанның отаршылдықтан ең көп зардап шегуіне мәжбүр еткен де оның осы геосаяси орналасуы еді. «Бұл қонысқа қондырған ата-бабам оңбасын тауда сират басында»,— деп Махамбет ақын күйінгендей, ашынса ашынатын-ақ жағдай. Тап сол жағдай Қазақстанды батыс отаршылдығының алғашқы құрбандығына айналдырды. Тап сол жағдай Қазақстанның демографиялық келбетін елден алабөтен ала-құла етті. Тап сол жағдай қазақ ұлтының ұлттық болмысына да ауыр зардаптар салды. Тап осы жағдай бүгінгі Қазақстанға төніп тұрған жаңа отаршылдық қаупінің былайғы мемлекеттердің қай-қайсысына қарағанда да мейлінше зор екендігін байқатады. Тап осы жағдай қазір саяси прагматизм былайғы мемлекеттерге жүз есе керек болса, Қазақстанға мың есе керек екендігін түсіндіреді.
Олай болса, бұрынғы тәуелсіз мемлекеттер бастан кешкен жоғарыда айтылған жолдардың алғашқы тоғызы Қазақстанға атымен келмейді. Ол жолға түскендердің шеккен тауқыметі Қазақстан жағдайында тым шектен асып кетуі ықтимал. Егер ол өз ішінде өткен үшін есеп айырысуды бастаса, ұлтаралық тыныштықтан да, ұлтішілік тыныштықтан да бірден айырылады. Кекшілдіктің кез келген көрінісі түпкіліктілер мен түпкілікті еместердің қақ жарылып, қарсылас майдандарға бөлініп кетуі мүмкін екенін әлденеше рет аңғартып жүр. Ол ұлт ішілік бірлікке де орасан нұқсан келтіреді. Пәлен ғасыр отаршылдықта болған елдің басындағы билеуші топтардың қай-қайсысы да ұлан байтақ елдің қай аймағының да көңілін бірдей тапты деп ешкім айта алмайды. Оның үстіне отаршыл саясат қай ұлттың болмасын өз ішіндегі қайшылықты шебер пайдаланатыны белгілі. Көп ғасыр бойына көшпелі мал шаруашылығын үрдіс еткен елдің жинақы отыра алмағаны рас. Әрқайсысы әр пұшпақта шашырап жүріп, отырықшы елдердегідей бір-бірімен мидай қайнасып, араласып кете алмағаны тағы белгілі. Сондықтан да, оның бойында қоныстық, тектік жіктелудің жікшекарасы әліге дейін анық сайрап тұр. Патша да, кеңес диктатурасы да бұл сипатты шебер пайдаланды. Біреуі аталастыққа қарап ауыл, болыс, уезд құрды, жүзіне қарап әрқайсысын әр губернияға бағындырды. Екіншісі, тап сол қағиданы басшылыққа ала отырып, колхоз, совхоз, аудан, облыс құрды, кадр іріктеді. Қазақ екеуінің тұсында да «бір-біріне көз алартудан», «бір-біріне айдап салушылықтан» арыла алмады. Енді соның бәрі қайта қопсытылып, ежелгі инстинктер қайта оянар болса, меншік бөлісу мен билік бөлісудің қайта қызып жатқан көзінде баяғы суға талас, қонысқа талас, шарға талас қайта тірілсе, қазақтың соры бұрынғыдан да қалыңдап шыға келеді.
Оның үстіне қазақ сүйегіне кеңес жылдарында ғана салынған жаңа жік жаңа дақтарды қосыңыз. Жеті миллион қазақтың бәрі коммунист болған жоқ. Болмағандары да бар. Бәрі бірдей номенклатураға іліккен жоқ. Ілікпегендері де бар. Бәрі бірдей қазақша оқыған жоқ. Орысша оқығандары да бар. Бәрі бірдей өз қандасына некелескен жоқ, басқа тектермен қойындасып кеткендері де аз емес...
Қазіргі жаппай тайталас ахуалды желеу етіп, болғандар мен болмағандар, сенгендер мен сенбегендер, іліккендер мен ілікпегендер, қалада туғандар мен ауылда туғандар, қазақша оқығандар мен орысша оқығандар, «тазалар» мен «шаталар», тағысын тағылар боп, өзара сілкілесіп кетсек, елдіктен не қалады, егемендіктен не қалады?
Қазақтың жерін кең қылып берген тағдыр, соған байланысты сорын да аз қылып бермеген. Шөлі де, нуы да, құйқалысы да, тақыры да аз емес. Біреуінде өзі отыр, біреуінде өзгелермен аралас отыр, біреуінде өзі басым отыр, біреуінде өзге басым отыр. Қазіргі әлеуметтік экономикалық жіктелуде бұл да ескерілмей қалмайды.
Осыншама кең байтақ аймақтың бір пұшпағы құлпырып, екінші пұшпағы құлазып тұр. Ауыл мен қала тұрғындарының көрген нәпақасы мен тартар тауқыметі бірдей емес. Бәрі де көзге ұрып тұрған қайшылық.
Дүние жаратылып, су аққалы құдай да, пайғамбар да, хандар да, патшалар да, социализм де, қайта құру да бір жағына шығара алмаған бұл қайшылықтарды әлі қаз тұрып болмаған тәуелсіздігіміз қайдан бір күнде бір тегіс қып жөндеп шыға алсын?!
Егер қайсымыздың да шымбайымызға бататын осы бір келеңсіздіктің әрқайсысын әрқайсымыз айтып, ұрандап шыға келсек, көп тауқыметін енді түсініп, көрінгенімізді көктен түскен Қазіреті Әлідей көріп отырған көңілшек халқымыз бала-шағасының аузынан жырып, әрқайсымыздың қалтамызға бір-бір миллионды салып, бір-бір қоғамдық қор мен қозғалысқа басшы қылып шыға келеді. Бірақ, ондай жолмен қай шөлді көл етіп, қай қырсықтың алдын бөгей алып жатырмыз? Айтсақ, баяғыда болып, бояуы сіңіп кеткендерді айтып, абырой тауып жүрміз. Ендеше, ел басындағы әралуан сорды айтып, бір-бір желмаяға мінген бір-бір Асанқайғыдай бет-бетімізге зарлап, кісі басына бір-бір партия құрып алғаннан не ұтамыз? Кешегі бірлікті, нағыз топтасқандықты көрсетеміз деп жаппай ауыз ашпай қалғандығымыздың заңдастырылған құлақ кесті құлдық болып шыққаны сияқты бүгінгі кісі басына бір-бір ту ұстап, ұйым құрып, ұрандап шыға келгеніміз де ертең заңдастырылған алауыздық болып шығып жүрмесіне кім кепіл бола алады? Өзгеге дегенде жым-жырт басымыз өзіміз дегенде осыншама айқайшыл болып кететініміз қалай осы? Ұйымдассақ, ұйтқымыздың қойыла түсуі үшін, халқымыздың құлағы тыныш болу үшін ұйымдасқан жөн емес пе? Бар қозғалыстарымыз бен партияларымыздың саяси белсенділігі мен салиқалылығын арттырып, алдағы сайлауларда ұпайымызды жібермеуге әзірлей білсек, соның өзі-ақ дәтке қуат емес пе?
Қысқасы, тәуелсіздігіміз бекем болсын десек, Қазақстанда да, қазақта да бірлік болғанына тырысуымыз қажет.
Ол үшін қауым болып, өз ұйытқысын өзі шайқамайтын парасат жолында қам жегеніміз дұрыс.
Ал мемлекетіміз сол ұйтқыны қалыптастыра алатындай ұқыпты саясат жүргізуге міндетті. Ол үшіы ұлт пен территорияның барлық құрамдас бөліктерінің бәрінің де мүдделерін бірдей әділ ескеріп отыруға күш салғаны шарт. Өйткені, егемендіктін ең үлкен жаулары — жікшілдік те, алауыздық та тек әділетсіздіктен өрбиді. Баяғыдан бері келе жатқан көне өкпе-бопсаларға жаңа желеу, жаңа сылтау іздей бергеннен ұтыларымыз көбеймесе, ұтарымыз көбеймейді. Ол ұстамдылықты емес, желөкпелікті күшейтеді. Ал ондайдың кейде онсыз да қолы қышып, жаланып отырған жаңа отаршыл, ізі суымай тұрып, кек қайтарғыш пиғылдардың қолдарына өзің барып бомба ұстатқандай болып шығып жатқан жерлері де аз емес.
Егер жоғарыда сөз болған тоғыз жолдың екінші жолына түсіп, бұрынғы метрополиямен есеп айырысуға тырыссақ, қатерлі қуғыншыдан енді-енді құтылдым ба, жоқ па деп отырған қоянның, соңындағы қасқырдың сурініп құлағанын көріп, қасына қайта жүгіріп барып, құлағынан тартып ойнағанындай болар еді. Ашулы да, азулы империя жеңілген сайын ызақор, жеңілген сайын кекшіл болатыны естен шықпасын.
Ендеше әлгіндей еркелікті мультфильм көтергенмен, саясат көтермейді. Оның үстіне біздің бұрынғы метриполиямызда империяны көксейтін, ол үшін кек қайтаруға ынтық күштердің көп екені және аз ықпалға ие емес екендігі көрер көзге көрініп тұрғаны ақиқат. Олардың қайта-қайта сыртта жүрген миллиондаған отандастарды айтып қақсауы да тегін емес. Бір кезде бірнеше жүз орыс жауынгерін тұтқында ұстап отыр деп өздері таратқан лақапты өздері желеу етіп, Қазан мен Хиуаға басып кірген империалистік психология кез келген қандасының кез келген өкпе-бопсасын малданып, кез келген авантюраға бара алатындығы байқалмай қалып жүрген жоқ.
Бұл мәселеде шорқақтар санатына қосыла қоймайтын маман, бұрынғы АҚШ министрі Дж. Шлессинджердің жуырдағы «Литературная газета» тілшісімен әңгімесінде (14.10.92): «Басқа республикалардың үкіметтеріне өздеріндегі орыс азшылықтарына жақсы қарау керек екендігін, өйтпей, орыс азшылығына жаман қарап жүрсе, өртке өздері май құйған болып шығатындарын ескеріп қою керек»,— деуі де сондықтан. Оның сұхбаттасы белгілі саясатшы З. Бзежинскийдің тәуелсіз мемлекеттердің әлденеше себептер бойынша Ресеймен біреулерінің тығыз, біреулерінің өте тығыз, ал біреулерінің атымен аулақтанушылық қарым-қатынас ұстануға мәжбүр болып отырғанын мойындай келіп, олардың ұлттық санасының оянуы мен тәуелсіздікке қақылы екенін айғақтай келіп, шекараларының ашық болуын, сауда-саттықтарының еркін болуын, экономикалық қарым-қатынас, транспорт пен байланыс жүйелерінің үзілмеуін жақтайтындығы да осыдан. Неге өйтеді? Үлкендердің үлкендерге іш тартуы ма? Ол да бар шығар. Бірақ, олар бұрынғы Кеңестер Одағы территориясының тездетіп демократиялық кеңістікке айналғанын қалайды. Ал бұрынғы доминиондармен екі ортадағы кез келген текетірес Ресейдегі солқылдақ ахуалды империяшылдық пен кекшілдік жағына ауытқытып жіберуі ғажап емес. Ол аталмыш кеңістіктің демократиялануына кедергі келтіреді немесе мүлдем кейінге қалдырып қояды. Ол Ресейдің де, көршілердің де пайдасына шықпайды. Ресей демократиядан айырылса, көршілерінің тәуелсіздіктеріне тікелей қауіп төнеді. Бұл — бүгін таңда бұрынғы Кеңес Одағы аймағында тұратын әрбір саналы адамға бірден түсінікті аксиома. Сондықтан да, Қазақстан өзінің тарихи көршілерінің ешқайсысымен де, әсіресе Ресеймен қырғиқабақ қатынас жүргізуге мүдделі емес. Керісінше, онда демократиялық үрдістің жеңіп шығып, баянды тату көршілік орнауына мүдделі.
Бірақ үшінші жолға түсіп, бір ыңғай жандайшап саясат ұстанғаннан да ұшпаққа шықпайтынымыз тағы белгілі. Ол қазірдің өзінде көрініп тұр. Экономикалық реформада, баға саясатында метрополия өз ықпалын күштеп таңып отыр. Соның қырсығынан Қазақстан тұрғындары өз мүмкіндігіне лайық өмір сүре алмай, ортақ баға кеңістігіндегі қолдан жасалған қымбатшылықтың құрбаны болып отыр. Метрополия өз бортынан суға түсірілген шлюпкаларды арқанын үзбей жатып, сүйрей қашқан кемедей жас егемен мемлекеттерді көздерін ашар-ашпаста экономикалық келеңсіздіктердің сұрапыл толқындарына тұншықтыра бағуда. Мұндай ырықсыз ықпалды ырықтандыру үшін ортақ экономикалық кеңістік ортақ аңша, олардың барлық жаққа бірдей тиімді жүйесі жолында амалсыз күресуге тура келеді. Әйтпесе, осы бағытпен тұңғиық түбінен бір-ақ шығуың мүмкін. Оны түсінбей, «Ресейге неге осынша кіндігіміз байланып қалды»,— деп күйзелетіндер ниеті дұрыс болғандарымен, қалыптасып отырған жағдаймен есептескісі келмейтін адамдар.
Ал енді төртінші жолға түсіп кетудің әлгіндей жағдайда атымен мүмкін емес екенін былай қойғанда, ол бағзыдағы бір ақын ағамыз айтқандай, ақ аюдан қашып, қара аюдың бауырына барып тығылу сияқты көрінер ме еді.
Егер екінші дүниежүзілік соғыстан кейін көптеген тәуелсіз мемлекеттер әлгіндей етсе, ол кезде екі әлемдік жүйе болды. Капитализмнен бозінгендері социалистік жолды жақтады. Ал қазір ше?! Жаңағы айтқандай, ақ аюдан қара аюға ма? Екеуінің де түрі бөлек болғанымен, түбі аю ғой.
Бесінші жол — «томаға тұйықтық» жолы бүгін таңда экономикалық дербестікке де, дербес қорғанысқа да жағдайы жетпейтін жас мемлекет үшін бесікте жатып-ақ асылып өлумен бара-бар құбылыс болар еді.
Сонда немене? Көршілеріміздің бәрі де елден ерен ірі екен деп, қай-қайсынан да санымыз кіші екен деп, бұға берсеқ қалған жұрт соны дұрыс ұға қояды деп ойлайсыз ба?
Жарайды. Ұқпай-ақ қойсын. Сонда ұқпағанда өзіміз барып ұрынуымыз керек пе? Әлде ешқайсысымен де шаруам жоқ деп теріс қарап отырып аламыз ба? Мүдделестік тапса, ісі түссе, сенен үлкен, сенен күшті бәрібір сені тыныш қоймайды. Күшті мен көп өз дәмесіне жетудің жолын бәрібір таба алады. Сондағы амал қайсы? Амал сол — өзгелердің сенімен мүдделес болар жерін ол таппас бұрын өзің тап, ол ұсыныс жасамас бұрын өзің ұсыныс жаса. Сонда өзің бастамашыл жақ боласың да, былайғылар қостамашыл жақ болады. Бастамашыл жақтың, ең құрығанда, бір ұпайы артық болады.
Ал, алтыншы, жетінші, сегізінші, тоғызыншы жолдарды алатын болсақ, оған ең алдымен, осы тұрғыдан келу керек, жаңа отаршылдық қауіп жағынан ең талма тұста отырған Қазақстан үшін ең басты назарды сыртқы саясатқа аудару керектігінің қаншалықты маңызды екенін түсінуге болады.
Жаңа отаршылдыққа жалғыз төтеп бере алмасымыз аян. Ондай жағдайда ең жақын одақтасымыз ең жақын көршілеріміз болғаны лазым екендігі де белгілі. Ендеше, олармен ең мүдделес қарым-қатынастар орнату керектігі де түсінікті. Ал, бірақ жаңа отаршылдықтың шығуы мүмкін бағыттарды жан-жақты ескерер болсақ, тектестік, діндестік жолмен ықпалдасумен ғана тыну тым аздық етер еді. Біріншіден, ол қалған дүниемен кермар қатынастарға желеу болуы кәдік, екіншіден — жаңа отаршылдықтың ықтимал ошақтарына ондай одақтастықтардың төтеп бере алуы екі талай. Өйткені, біз қиял дүниесінде емес, шындық дүниесінде отырмыз, кімнің қандай экономикалық, әскери, саяси ықпал мен қауқарға ие екенін мөлшерлей аламыз.
Олай болса, Қазақстан жағдайында тектік аймақшылдық та, территориялық аймақшылдық та, тарихи-мәдени аймақшылдық та ықпалдастықтың ең тиімді жолдары болып табыла қоймайды. Қазақстанның бүкіл тағдыры әлемдік ықпалдастыққа тездетіп және жан-жақты қол жеткізе білуіне байланысты. Бұдан, бірақ ол аймақтық ықпалдастықтың қай түріне де қалай болса солай қарауына болады деген сөз шықпайды. Ол аймақтық ықпалдастықтың барлық түрін де пайдалана білуі керек. Ешқайсысынан да бас тартпауы керек. Бірақ, тек сонымен ғана шектелмеуі керек. Аймақтастарымыз әрқилы.
Әрқайсысы бізбен әртүрлі дәрежеде ғана мүдделес бола алады. Біреулердің мүдделестігі — қазіргі өтпелі кезеңнен өткенше, екінші біреулерінің мүдделестігі — баянды. Біреуі ертең қолыңды қысқарту үшін мүдделес болса, екіншісі ұзартуына тілектес. Шарт біреу — аймақтық томаға-тұйықтыққа ұрындырмау. Егер аймақтас ықпалдастық әлемдік ықпалдастықпен екі ортага көпір бола алса, онда, әрине, оны пайдалануың керек, ал егер екі ортаға кесекөлденең жатып алар кедергі болса, онда әрине, өз мүддеңнен бас тарта алмайсың.
Әлемдік ықпалдастыққа тырысу — Қазақстанның сыртқы саясатының басты басымдығы болуға тиісті. Өйткені, оның басына төнуі ықтимал жаңа отаршылдықтың ауқымы тым ересен. Сипаты тым айқын. Оны бір тоқтатса — тек әлемдік ықпалдастық қана тоқтата алады. Әлемдік ықпалдастық тек жаңа отаршылдықтан абай болу үшін ғана емес, тәуелсіздігімізді нығайтатын ең басты фактор — дүниежүзілік экономикада лайықты орын ала алатындай болып дамуымыз үшін де өте-мөте қажет. Біздің экономикамызға ең қат нәрсе — қаржы, технология, кадр. Алдыңғы екеуінің сенімді көзі — қазіргі әлемдік даму мен халықаралық саясаттың бұйдасын ұстап отырған дамыған елдер. Ал кадр мәселесі де кіммен ықпалдаса білуге байланысты екенін тарих көрсетіп берді. Табиғи байлықтарды игеруде таза демократиялық үрдіске көшіп үлгермеген, империялық өр көкіректікпен қоштаса қоймаған шектес мемлекеттермен ықпалдассаң — қаржысымен, технологиясымен қоса, дайын кадрларын да әкеледі. Жергілікті табиғи ресурстар есепке алынғанмен, жергілікті моральдық ресурстар — кадрлар есепке алынбайды. Ал алыспен ықпалдастық қаржы мен технология әкелгенімен, вагон-вагон кадрларын шұбыртып бірге әкелмейді. Жергілікті жердің өзінен дайындауға мәжбүр болады. Бұл кез келген тәуелсіз мемлекеттің ең басты қамы болып табылатын — өзінің саяси егемендігі мен мәдени дербестігін сақтай білудің есепке алмай болмайтын елеулі шарты болып саналады. Екі жаққа бірдей тиімді халықаралық экономикалық қатынас аймақтық шиеленістердің де жолына тосқауыл бола алады. Ол үшін ондай қатынастарды тек экономикалық тиімділік тұрғысынан ғана емес, егемендік мүдделер тұрғысынан да мұқият қарап, үйлесімді өрістете білу шарт. Әсіресе, егемендікке төндірер қаупі зор шептерге әлденеше тараптар үшін бірдей тиімді халықаралық экономикалық мүдделестік өрістете білудің стратегиялық та, тактикалық та мәні зор.
Бір өкініштісі, әлі де болса әлемдік ықпалдастықпен ойдағыдай қол жалғасып кете алмай жатырмыз.
Біріншіден, Кеңестер Одағының күйреуі халықаралық ықпалдастықтың қайтадан жүйеленуіне ұрындырары сөзсіз. Бұрынғы ашық текетірестегі қоскіндікті дүниенің орнына бір ыңғайлас, бір кіндікті дүние орнай ма, жоқ, әр ыңғайлы, көп кіндікті дүние орнай ма? Ондай жағдайда Қазақстан қай ыңғайда болуы мүмкін?
Әлемдік ықпалдастық оған көзі жетпей тұрып, бірден әмпейі бола салмайды.
Екіншіден, бұрынғы Кеңестер Одағы деп аталатын саяси-экономикалық кеңістікте қандай ахуал орнары әлі дүдәмал. Әсіресе, сондай ахуалға бірден бір себепші болатын Ресейдің жағдайы тым жұмбақ. Кімнің жеңеріне, қандай сипаттағы күштердің түпкілікті жеңіске ие боларына әлемдік ықпалдастықтың көзі әбден жетіп отырған жоқ. Оның Ресеймен қарым-қатынасы қандай дәрежеде, қандай сипатта өрістейтіні тек осыған байланысты болатыны белгілі. Ресеймен шектес мемлекеттермен ықпалдастықтың сипаты мен мөлшері де тек содан соң барып қана айқындалмақ.
Мұндай жағдайда, әлемдік ықпалдастықтың көздейтіні — бұрынғы Кеңестер Одағы территориясында қайтадан империялық даңғойлықтың тірілуіне жол бермеу. АҚШ президенттігіне таласта болған Дж. Буш пен Б. Клинтонның сайлау алды бағыттамаларына қарағанда, екеуінің де Кеңестер Одағының ыдырауына қуанбаса, ренжімейтіндерін байқау қиын емес. Ал, бір жағынан АҚШ-тың, екінші жағынан Жапонияның экономикалық үстемдігіне бірлесіп тойтарыс беру үшін өзара бірлесіп жатқан Батыс Еуропа тап іргесінен үшінші қуатты империя тірілгеніне тіпті де тілектес болмайтындығы өз-өзінен түсінікті. Ендеше, әлемдік ықпалдастықтың арғы аңғары белгілі. Ол соңғы сөзін Ресейде қандай күштердің басым түскеніне көзін әбден жеткізген күні айтады. Оған дейін ешқандай тәуелсіздік әлемдік ықпалдастық тарапынан айта қаларлықтай көмек дәмете алмайды. Бірақ, солай екен деп одан біржола күдер үзу немесе кейбір менмен мемлекеттерге ұқсап, дөң айбат таныту Қазақстан үшін өз үмітін өзі жерлеу, өз мүмкіндігін өзі тәрк етуі болып шығар еді. Әлемдік ықпалдастық дүние жүзінің қалған мемлекеттері сияқты Қазақстанның да саяси шыдамдылығы мен саяси көрегендігін әбден сынап бағады. Өйткені, ол оның бай екендігіне бола сыйлауы, есептесуі әбден мүмкін, бірақ одан қорықпайды. Себебі, ол Қазақстанның табиғи байлығына қандай зәру болса, Қазақстан сол байлықты игеруге ауадай қажет қаржы мен технологияға одан кем зәру емес. Ендеше, қандай да болмасын сабырсыздыққа ұрынып, мүдделестік арқауына зақым келтіруге болмайды. Ондай мінездің кімнің пайдасына шығары екіталай. Бәрінен де бұрын бір аймақтас үстем күштердің пайдасына шығып кетуі ықтимал. Ал, ол тәуелсіздігіміз үшін ең үлкен қатер болып шығар еді. Ендеше, әлемдік ықпалдастыққа, тағы да айтамыз, аймақтық ықпалдастықтардың қандайынан гөрі де басым маңыз бергеніміз жөн. Өйткені, жаңа отаршылдық қаупінен, аймақтық үстемдікке басыбайлылықтан бір шығарса, тек әлемдік ықпалдастықпен тиімді ара қатынас қана шығара алады.
Ондай ұтымды мүмкіндікке қолбайлау болып отырған бәрімізге ортақ саяси кеңістікте әлемдік тәжірибеде атымен сирек кездескен хаостық ахуалдың тым ұзарып кеткендігі, күннен күнге өшу орнына, өрши түскендігінде. Мұндай жағдайда әлемдік ықпалды күштердің асыға қоймауы әбден түсінікті. Әйтпесе, ықпалды күштер бола алмас еді. Олар кім жеңсе де, онымен тіл табысқысы келсе, тіл табыса алады. Біздің аймақта ондай мүмкіндікке кімнің көбірек ие екенін де жақсы біледі. Бірақ, оның арқасынан да қақпайды, аяғынан да шалмайды. Осындай бейтарап халдің өзін жас егемендіктерге жасап отырған ең үлкен қолдауымыз деп санайды. Оны кім қалай пайдалана алады? Кім әлемдік ықпалдастықпен қалай ықпалдаса алады? Бұл жас егемендіктердің өміршеңдігіне басты сын болып отыр. Ал әлемдік ықпалдастықтың жас егемендіктерге қандай талаптар қоятыны Хельсинки, Париж, Вена, Мадрид құжаттарында анық көрсетілген. Мәселені олардың адам құқыларына, нарықтық экономикаға, демократиялық қоғам мен праволық мемлекет орнатуға қаншалықты құлықты екендігі шешеді.
Біз егер, ертең көсегеміздің көгергенін қаласақ, бүгінгі ауыртпалықтардың бәріне де шыдап, бұғанасы қата қоймаған балаң тәуелсіздігімізді аман алып қалу жолында жасайтынның бәрін жасауымыз қажет. Әйтпесе, өтпелі кезеңнің жан шыдатпас тауқыметтеріне бола, қолымызға зорға түсіп отырған егемендіктен айырылып қалар болсақ, толғақ азабына төзе алмай, не өзіне, не шарана перзентіне зақым келтіріп алғая бейбақ ананың бейшара кебін киер едік. Бетерден де бетер бар деген, шын мәнінде, сол болып шығар еді. Ал қалған қиындық пен ауыртпалықтың бәрі — арманға жетудің азапты жолы. Кім қашан арманға оп-оңай жетіп еді?!
Не де болсақ, шыдап бағайық. Бүгінгі ұрпақтың соған тәуекелі мен төзімі жетсе, кейінгі келер барлық ұрпақтың азаттығы мен бостандығы қамтамасыз етіледі.
Бүгінгідей жағдайда тек осы сенім ғана жанға медет, көңілге тіреу бола алады.
Өйтпеген күнде, ішкі жағдайдың қаншалықты титықтағанын ғана жіпке тізіп, оның тығырықтан алып шығу үшін ішкі мүмкіндіктермен қоса, сыртқы ықпалдастықты да ойдағыдай іске жұмылдыру керектігін түсінбейтін күштердің ырқында кетіп, саяси ұрдажықтыққа ұрынуымыз ғажап емес.
Қалыптасын отырған тауқымет жағдайды пайдаланып қалуға ынтық солшыл радикализм демократиялық асығыстыққа, демек анархияға итермелесе, оңшыл радикализм күллі реформа атаулыны жылы жауып қойып, кешегіге, тіпті бұрнағы күнгіге қайтып оралудан кет әрі емес. Кеше немесе бұрнағы күні қаншалықты мүйізіміз шыққаны белгілі ғой.
Мұндай екі жақты эскалация бізден күш түгелдеуді, одақтастар іздеуді талап етеді. Біз үшін ең бастысы — тәуелсіздікті сақтап қалу. Ол үшін ең бастысы — қазіргі тығырықтан шығу. Ал қазіргі тығырық — хаос. Одан оң мен солды, бұрыс пен терісті іздеп тауып, біреуіне жақ болуға тырысу бекер әуре. Бұған дейін бейтарап келген күштерді саясат сахнасына шығарған лазым. Либеральды демократия сонда ғана қимылға көшеді. Хаос жағдайында тұрған, немесе сондай жағдайдың қаупі төніп тұрған қоғамды бір құтқарса, тек саяси прагматизм ғана құтқара алады. Ал саяси прагматизм оңшыл да, солшыл да радикализмнің емес, демократиялық либерализмнің ғана қолынан келеді. Ал демократиялық либерализм топтық та, жіктік те мүдделерді емес, бүкіл халықтық мүдделерді, бір басының ғана, өз тобының ғана басын оздыратын биліктің мүддесін емес, күллі ұлт, күллі қауымның болашағын қамтамасыз ететін тәуелсіздік пен игілік, бостандық пен әділет мүдделерін жоғары қояды.
Ендеше, ол шындықтың бетіне тура қарауға, қалыптасып отырған жағдайда не мүмкін болса, соны істеуге, бірақ оны жұртшылықтың неғұрлым көп, неғұрлым әр алуан бөлігінің мүддесінен шығатындай қып істеуге міндетті. Егер халықтың көп бөлігі экономикалық қиыншылық, әлеуметтік күйзеліс көріп отырса, оны асқындатпай, бәсеңдететін амал тауып, әрекет етуі керек. Саяси прагматизмнің керектігі де сондықтан.
Шын мәніндегі саяси прагматизм дәл бүгін бастап қойған реформалардан күрт бас тарту да, немесе оларды еш өзгертпестен бұрынғыша жалғастыра беру де бірдей қауіпті екенін түсінер еді. Бірақ, ол өзгерістер реформаға мүдделі күштерді мейлінше көбейтуге тырысқаны жөн. Әйтпесе, әлеуметтік бәсеңдік ахуал орната алмайды. Ал жаңа ғана тәуелсіздік алып отырған елде ондай бәсеңдік сол тәуелсіздікке ешқандай қауіп төнбейтіндігіне көз жеткен жағдайда ғана орнай алады. Тәуелсіздікке қауіп төніп тұрған жағдайда ешқандай іскерлік ахуалдың да, демократиялық ахуалдың да жүзеге аса алмасы белгілі. Ендеше Қазақстандағы шынайы нарықтық қарым-қатынастар да, демократиялық үрдістер де тек балаң тәуелсіздіктің нығаюына қызмет ете алса ғана, өз мақсаттарына жете алады. Ол үшін нарық, демократия, тәуелсіздік жеңісіне мүдделі күштердің бәрі күш біріктіріп, өз мақсаттары арасындағы сабақтастықты шыңдай түсуге атсалысқандары лазым. Бұл басталып қойған экономикалық, саяси реформаны мұқият қайта қарауды, оны әлгі тұрғыдан қайта пайымдауды талап етеді. Оған әлі кеш емес. Оған әлі мүмкіндік бар.
Сонда бізге қандай саяси, қандай экономикалық реформа керек? Ол өз алдына әңгіме.
4. КЕҢІСТІКТІ КЕҢІНЕН ШОЛЫП АЛМАЙ УАҚЫТТАН ҰТУ МҮМКІН БЕ?
Кез келген әрекеттің кеңістік пен уақытқа тәуелді екендігі белгілі. Ол екеуінің біреуінің бойындағы белгілі бір өзгерістер өрбиді де, оған екіншісі де қолайлы жағдай туғызғанда ғана ойдағыдай өрістей алады. Ал екеуінің арасындағы, немесе біреуінің ғана бойындағы қайшылық не оған кедергі келтіреді, не атымен мүмкіндік бермейді. Саясаттағы уақыт — заман да, кеңістік — қоғам. Мүлде уақыт та, мүмкіндік — кеңістік. Екеуінің арасындағы терең үйлесім ғана істі ілгері бастырады.
Қазіргі күн тәртібінде тұрған демократиялық қоғам, нарықтық экономика, праволық мемлекет орнату белгілі бір тарихи алғышарттардан туындап отырғандығын жоғарыда айттық. Олардың қалай туындап, қалай өрістеп жатқандығын да сөз еттік. Ілгерілеуден кідіру, жеделдеуден мүдіру көп. Ол неге байланысты? Уақытқа ма, кеністікке ме?
Біздіңше, екеуіне де. Олай болатыны кез келген әрекетті объективті сипаттар тудырғанмен, субъективті мүмкіндіктер жүзеге асырады. Жақсының қолына түскен іс болады да, жаманның қолына түскен іс мыш болатындығы да сондықтан. Уақыт бүгін ретінде біздің нақты зәруліктерімізге, өткен ретінде психологиямыз бен санамызға, ертең ретінде психологиямыз бен санамызға, ертең ретінде мақсаттарымыз бен армандарымызға қоныс тебеді. Әр адамның өзін тарихи процеске тікелей қатынасы бар ырықты субъект ретінде қарастырсақ, оның алдына қойып отырған мақсатына әлдеқашан қалыптасқан психологиясы мен санасы, немесе бүгінгі жағдай қалыптастырып отырған мүмкіндіктері қолбайлау жасауы мүмкін. Бір кісінің басындағы мүдде мен мүмкіндік арасындағы осындай кереғарлық болатынын ескерсеқ тарихи дамудың одан да үлкен қоғам, қауым, ұлт, мемлекет сынды субъектілерінің ба-сындағы қиыншылықтар мен қайшылықтарды айтпай-ақ түсінуге болады.
Кеңестер Одағы деп аталған күрделі құбылыстың басындағы күрделі халдің өзі әу баста осы мүдде мен мүмкіндік арасындағы, мақсат пен алғышарттар арасындағы үйлесімге тиісті мән бермеуден туындағанды. Мүддеге баса мән беріп, мүмкіндікке назар аудармағаннан туындаған-ды. Ол көздеген мақсаттан атымен кереғар нәтижеге ұрындырды. Сөйтіп, қолданылған тәсілдің бұрыстығы көзделген мақсаттың дұрыстығын бекерлеп шығатындай жағдайға жеткізеді. Әділетті адамдардың бостандығы мен әл-ауқатын, туысқандығы мен теңдігін тікелей мансұқтайтын бір мемлекет жоқ, ол жолда күрескім келмейді дейтін бірде-бір қоғам жоқ. Соны ескеріп, тек айтылған мақсатқа ғана иланып, оның қалай орындалып жатқанына қалай болса, солай қарасақ, онда кешегідей боп, ертең тағы тақыр жерге отырып қалуымыз ықтимал.
Қазіргі күйзелістердің ең басты себебі неде? Экономиканың құлдырап кетуінде. Өндірістік тәртіптін бұзылуында. Өнімділіктің төмендеуінде. Бұған кешегі әкімшіл-төрешіл басқару жүйесі мен жоспарлы-бөліспелі тәсіл айыпты деп айту «менің бүгінгі жөтеліп жүргеніме баяғыдағы әкем мен шешем айыпты, егер олар құлантаза сау болса, маған ешқандай ауру жоламас еді»,— деп түсіндіруімен бара-бар. Кешегі құлан таза денсаулық та күтінбегеннен бұзылуы мүмкін ғой. Егер ата-анаң шыңжу жаратса, денсаулығыңды өзің күтіп, өзің шыңдамайсың ба?
Сонда қалай? Кешегі қоңторғай тұрмысымызды, дамыған елдерден көпе-көрнеу артта қалып қойғандығымызды жоспарлы экономикадан, еңбек пен игілік бөлісудің социалистік қағидасынан көрдік. Социализмнің басқа елдерге де бақ орнатып, қарқ қылмағанын тілге тиек еттік.
Ал бүгін ше?.. Нарықтық экономика да дұрыс күнкөріс қамтамасыз ете алмай ма? Ендеше, ауыздарымыздың суы құритын басқа мемлекеттер қалай алға шығып кетті? Әлде олардағы адам саны бізден көп пе? Әлде олардың табиғи байлығы бізден асып тұра ма? Басқаларын былай қойғанда, шикізат атаулыдан мақұрым құрдым аралдарды жайлаған жапондар қалай көктеп-көгеріп жатыр?
Басқасын былай қойғанда, қазір нарыққа көшпеген кім қалды? Шығыс Еуропаның социалистік елдері елден бұрын көшіп алды. Қытай мен Монғолия оң жолға түскелі біраз болды. Куба екеш Куба да экономикалық реформа жасау үшін шеттен мамандар шақыра бастады. Сонда кім қалды? Солтүстік Корея ма?.. Ал қалған дүниенің әуелден шалабын шайқай қоймағаны, ең кемі аралас меншік жағдайында өмір сүріп келгендігі белгілі.
Ендеше, гәп жібекте емес, жібекті түте алмай жүн етіп алып жүрген өзімізде болмасын. Өзіміздің осы болмысымызды осылай ғып қалыптастырып жүрген уақыт пен кеңістікте болмасын. Мақсат көбіне көп кеңістікке, сен жайлаған ортаға, ондағы қым-қиғаш қатынастарға байланысты. Оны ұмытсақ, бәрін заманнан, тағдырдан көріп, өзімізді, өз төңірегіміздің әрекеті мен ықпалын ескермейміз. Көбіне баяғы сол әуенге басып, мақсат пен тәсіл, мүдде мен мүмкіндік арасынан тиісті де тиімді үйлесім таба алмай жүргеніміз де осы жәйтты есепке алмаудан.
Әйтпесе, кейінгі жетпіс жыл ішінде осындай алтын жастанып, жібек тесендірердей, табиғи байлығы жағынан аса қолайлы өлкеде өз етегімізді өзіміз зорға жауып, түлкі құрсақ күн кешіп келгеніміз, бір кезде Имануэль Кант айтқандай, «ер азаматтың өз әл-ауқатын басқаның бостандығы мен мүддесіне зияны тимейтіндей қып, өз жол, өз әдісімен қамтамасыз етіп алуына жол берілмеген жерде, күллі өндіріс атаулының күйі мүшкіл болатындығынан» екендігіне көзіміздің жететіндей-ақ көзі болып еді ғой.
Барлық гәп тағы да қандай іске болмасын кірісер алдында уақыт пен кеңістіктің тосар мүмкіндіктерін ескеріп, ұзақ ойласып алудың орнына өз пиғылдарымыздағы айырмашылықтарды айтып, ұзақ дауласып алып барып, ақыр аяғында айтылғанның бәрі далада қалып, көзжұмбайлыққа ұрынатындығымыздан болмасын?
Кейінгі бір жылға жуық уақыт оған дейінгі алты жылдың босқа еткенін, соның қырсығынан экономикамызды осы замандандыруға тым кеш кіріскенімізді, ал ондай дер көзін өткізіп алып барып бастаған реформа, Нобель лауреаты, нарық экономикасының белгілі теоретигі Я. Тинберген айтқандай, күйзелген экономиканы одан сайын күйзелте, артта қалушылықты одан сайын асқындыра түсетінін, Сөйтіп, әлеуметтік жағынан аса қолайсыз, моральдық жағынан көңілге қона бермейтін ебедейсіз реформа болып шығатынын дәлелдеп отыр.
Біздің нарықтың алғашқы қадамдары қазіргі реформаторлардың емес, капитализмнің баяғы теоретиктерінің ескертпелерінің дұрыстығына көзімізді жеткізіп отыр.
Макс Вебер айтқандай, жаңа қалыптаса бастаған іскерлік пен кәсіпқорлық әп дегеннен ашқарақтықпен, пайдакүнемдікпен, экономикалық тиімділіктің орнына оңай олжаны ойлаңқыратын обырлығымен көзге түсті, соның арқасында жүзеге асатын «жабайы капитализм» қоғамының нарыққа деген құлқын жоғалтып, әлеуметтік орнықтылыққа көрер көзге үлкен қатер төндірді. Іскер топтарда өркениетті экономикаға тән саяси мәдениет, құқықты сана, бүгінгіден гөрі ертеңгі пайданы көбірек ойлайтын парасаттың жетіспеуі жұрт арасында «ортақ өгізден оңаша артық» дейтін сенімнен гөрі «бүйткен оңаша бұзаудан ортақ өгіздің өзі артық еді» дейтін сенімді күшейте түскен сияқты.
Бірақ, біздің елімізде ондай өркениетті кәсіпқорлық әп дегеннен қайдан табыла қойсын?
Қаншама жылдар бойы бергенге мәз, тигенге қанағат қылып келдік. Қанағат қылмай, лай судан балық аулағандай, көлденең табыс табуға тырысқандар ылғи астыртын жағдайда әрекет етіп, заң бұзуға машықтанып алды.
Олар бүгінгі күреп алар олжа тұрғанда обал, сауапты, ертеңгі тиімді іскерлікті ойлап, бас ауыртып жатпайды. Біздегі іскерлік бармақ басты, көз қыстылықсыз, алдап соғар айла-шарғысыз, біреуге көл, біреуге шөл алақолдылықсыз өмір сүре алып көрген емес. Ол жалпы іскерлік деп істі әрге бастыруды, сол арқылы қоғамға танылуды емес, ұрлап-зорлап мал табуды түсінеді. Сөйтіп, сыпайылап айтқанда «көлеңкелі», расын айтқанда, қылмыскер экономика қалыптасты.
Сондай іскерлікке жеккөрініш рухында тәрбиеленген қалың бұқара елі төбедегі әкімдер мен кешедегі алыпсатарларды жерден алып, жерге салып, сонымен шаруа бітті деп, қол қусырып қарап отыр. Кәсіпқорлықпен де, нарықпен де шаруалары шамалы.
Ал, біздегі бүгін таңдағы орташа тап жасауға ықтимал күштер, мамандардың айтуынша, негізінен кешегі экономикалық штабтың өкілдерінен, ведомстволық экономикалық эгоизм тұсында айрықша қамқорлыққа ие болған кейбір салалардың жоғары жалақылы мамандарынан, сауда мен тұрмыстық қызмет, экономикаға тікелей ықпалы болған партия-кеңес аппараттары өкілдерінен ғана түзіле алады. Олардың көпшілігі — «табиғи сұрыптаудан» өтпеген, кешегі «бұзылған әлеуметтік лифт» режимі тұсында «пайдалы орындар» мен «абыройлы орындарға» таза тамыр-таныстықпен, ағайын-жекжаттықпен іліккендер. Реформаның бірден іске кіріспей, әлі «балық үлестіру» сатысында тұралап тұрып алуы да осыдан. Бөліске үйренгендер өндіріске құлықты бола қоймайды. Өндірмей-ақ олжа табудың жолын іздейді. Өндірістің орнына делдалдықты өрбітіп жүрген де солар. Тауар шығарудың орнына тауар айырбасының күшейіп кетуі де сондықтан. Сол себепті де біздің экономикалық реформа әлі күнге кешегі «көлеңкелі экономика» мен бүгінгі ашық алыпсатарлықтың қолындағы қуыршаққа айналып отыр.
Біздің ең басты қатеміз — әуелі қоғамда орнықты ахуал орнатып алмай тұрып, реформаға кірісіп кеткендігімізде. Сөйтіп, кешегі тоқырау тұсындағы әлеуметтік әділетсіздіктің салдарларының өз-өзінен заңдасып кетуіне жағдай туғызып бергендігімізде. Қоғамдық қатынастарды ырықтандырып алмай тұрып, экономикалық қатынастарды ырықтандыруға асыққандығымызда, өндірістік қатынастарды ырықтандырып алмай тұрып, бағаны ырықтандырғанымызда. Бұл кешегі көлеңкелі экономиканы біреу байқап, біреу байқамайтындай қып, жігін байқатпай ақтап жіберуге аса қолайлы болғанмен, жалпы экономика мен жалпы іскерлікке сондай қолайлы болып отырған жоқ. Әрине, көлеңкелі экономиканы да көзге шұқи бермей, легальдандырған дұрыс. Бірақ, оны жалпыға ортақ тең старттық мүмкіндіктерді қамтамасыз етумен бірге, үйлестіре шешкен дұрыс еді.
Таптық тайталас рухында тәрбиеленген қоғамда іскерлікті жаппай өрістетуге жағдай жасамай тұрып, ол үшін азаматтардың нарықтық қатынастарға көшердегі старттық мүмкіндіктерінің тепе-теңдігін қалыптастырмай тұрып, халықтың тек белгілі бір тобына ғана тиімді реформалық шаралар қабылдау — бүгінгі аса шиеленісті экономикалық күйзелістердің, аса шетін әлеуметтік дағдарыстардың бірден-бір себепшісі болып отыр.
Қазіргі тартыстардың асқынуына тек бүгінгі солақай риторика ғана емес, кешегі солақай реформа да жауапты.
Расында да, реформаның қызығын кім көріп отыр? Өндірушілер ме? Тұтынушылар ма? Жоқ, делдалдар. Алыпсатарлар. Ал, олар қайдан шықты? Әуелден де ақшасы барлардан, немесе кейінгі жылдары өнімділікті төмендетіп, бағаны жоғарылатып, қолдан дефицит жасап байығандардан шықты. Олар бұрнағы күні жалгер, кеше кооператор болды. Бүгін майда жекешелендірудің майын қалқып ішіп отырса, ертеңгі орташа жекешелендіру мен бүрсікүнгі ірі жекешелендірудің жылы-жұмсағына да елден бұрын солар сұғынады. Сөйтіп, біздің сырт көзге жайбарақат кезең-кезеңге бөлінген сатылы реформамыз түптеп келгенде бір-ақ мақсатқа — кешегі ұпайын түгендеп алғандарды ертеңгі экономикалық бостандықтың көшбасшы тобына айналдыруға ғана қызмет етіп отыр. Әрине, бүгін ұтысқа шығып отырған топтар үшін бұлайша ойлағанымыз ұнамды емес. Бірақ, шынайы іскерлік үшін, шынайы нарықтық қатынастарға көшуді бұндайдан бастау ең тиімді жол болып табылды деп қайтіп айта аласың? Экономикалық реформа үшін, әсіресе, оның бастапқы көзі үшін әлеуметтік орнықтылық тіпті экономикалық тиімділіктен де керегірек еді.
Өйткені, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, экономиканы осы замандандырған кезде, іскерлік мәдениеті неғұрлым төмен болса, артта қалушылық неғұрлым күшті болса, өтпелі кезең неғұрлым ұзаққа созылса, халықтың солғұрлым көп бөлігі солғұрлым көп зардап шегеді. Тіпті басқасын былай қойғанда салқынқандылығымен аты шыққан, этникалық тегі жағынан бірыңғай ағылшын қоғамының өзінде экономикалық жаңғыру отызыншы жылдары шаруалар тарапынан, кейінгі кезеңде — көміршілер тарапынан мықты қарсылыққа ұшырасты. Ал біз қайда, Англия қайда? Оның үстіне, индустрия мен ауыл шаруашылығының, өндіруші өнеркәсіп пен өңдеуші өнеркәсіптің, өндіріс пен әлеуметтік саланың, әрқилы аймақтар мен әрқилы әлеуметтік топтардың экономикалық ахуалының арасындағы кереғарлық аспан мен жердей ғой. Соның бәрін мұқият есепке алмай, әр алуан мүдделерді реформаға бірдей ынталы қылудың жолдарын тыңғылықты қарастырмай тұрып, істің мәніне әлі біреудің түсініп үлгеріп, біреудің түсініп үлгермей жатқанын пайдаланып, уақыт ұтып қалуға тырысу бүгін таңда әділеттің де, экономиканың да пайдасына шығып отырмағаны белгілі.
Бұл арада басын ашып алатын мәселе: экономиканы жаңғырту әрине керек; нарықтық экономика тек белгілі бір қоғамдарға жарасады, ал екінші бір қоғамдарға атымен келмейді деген де ұшқары түсінік. Тіршілікке келген әр мақұлықтың — малдан бастап адамға дейін — өз қорегін өзі айырмағы — табиғаттың ежелгі заңы. Әркім өз бақытын өз еңбегімен табуы — қай халықтың да қатты қастерлейтін моральдық қағидасы. Күллі адамзаттан алабөтен бөлек жолмен даму қарекеті дегенге жеткізген жоқ. Жеткізсе, социализм жеткізбес пе еді?!
Демек, жағдайды шиеленістіріп тұрған нарыққа көшу емес. Нарыққа парықты көше алмау. Қарадүрсін көшу. Өзгелердің өнегесін малданғанға мәз болып, өзіміздің шын мүмкіндіктерімізбен есептеспеу. Уақыт талабына құлақ асқанмен, нақты кеңістіктегі нақты жағдайға жете мән бермеу.
Қандай мемлекет болмасын, экономиканы жаңғыртқан кезде қоғамның тізгінінен айырылып қалмауды, жедел де икемді жаңа құрылымдар түзуді, сыртқы экономикалық ортамен ықпалдастықты нығайтуды, жаңа бастамаға қолда бар қуат пен мүмкіндіктердің бәрін жұмылдыруды қатты ыждаһаттаған. Қысқасы, ондай жауапты кезде қоғамда шынайы әлеуметтік жарастық болуына ерекше мән берген. Бірақ, ондай мәмілені қалай жүзеге асыруға болатын еді? Бұл арада амалсыз өзгелердің тәжірибесіне үңілуге тура келеді.
Батыс Еуропада мемлекет меншігі тым аз болды да, халықтың қолындағы қаржы тым көп болды. Соның өзінде британдықтар сексенінші жылдардағы жекешелендіруді мысық табандап, аса сақтықпен жүргізіпті.
Германия, Жапония, Корея оккупациялық режим тұсында қатаң тәртіптің арқасында ғана көшті. Испания, Гонконг, Сингапур да авторитарлық жүйенің өктемдігін пайдаланды. Күллі Латын Америкасы, «күштеп келістіру» әдісіне жүгінді.
Жекешелендіруге саяси күш қолдану, кейінгі жылдары диктат, қысым атаулыдан әбден мезі болып отырған біздің қоғамды қандай салдарға апарып соқтыратыны белгісіз. Ал оны экономикалық есеңгірету арқылы жүзеге асырудың нендей нәтижеге жеткізетінін Шығыс Еуропа мен өзіміздегі реформамыздың барысы көрсетіп берді.
Сонда, мұндай жағдайда қоғамдық жарастық табудың жалғыз ғана жолы қалады — қайткен күнде де жаңа экономикалық қатынастарға халықтың неғұрлым көп бөлігін ынталы ете білу.
Мемлекетті меншіксіздендірудің мұндай жолын табуға талаптанған Австрия мен Израиль ғана екен.
Австрия «жартылай жекешелендіру» дейтін әдіспен, меншіктің едәуір бөлігін коммуналдық өкіметтердің қармағында қалдырса, Израиль меншіктің басым бөлігін кәсіподақтарға беру арқылы ерекше экономикалық үлгі жасады. Сол арқылы шын мәнінде, жекеменшік деуге де, мемлекеттік меншік деуге де болмайтын жаңа бір меншік иеленудің түрі шықты.
Ал біз қайтеміз? Турасын айтсақ, бұл сауалға жоғарғы қабаттарымыз да, төменгі қабаттарымыз да көңілге қонымды жауап таба алмай отыр.
Төменгі қабаттардың басым бөлігі әлі де болса, жекешелендірудің топтық түрлеріне іштері бұрады. Онымен, әрине, есептеспей болмайды. Әсіресе, шөл, шөлейт аймақтарда басқа түгілі өзін-өзі ақтай алатын фермерлік шаруашылық ұстау бір отбасының қолынан келе бермеуі мүмкін. Су жетпейді, шөп жетпейді, техника пайдалануға қаржы жетпейді. Ондай жағдайда шағын фермерлік шаруашылықтың экономикалық тиімділігі тым төмен болуы ықтимал. Бәлкім, әзірге одан гөрі механикаландыруға ыңғайлырақ ірірек кооперацияларды сақтай тұрған дұрыс шығар. Меншіктенудің мұндай топтық түріне түсінгенмен, бар салада топтық түрге бірдей іш бұрудан сескенуге тура келеді. Кім біліпті, бұл арада экономикалық тиімділіктен гөрі үйреншікті психологиялық стеротиптер басым түсуі де ғажап емес қой. Ондай жағдайда, бірінші сәтсіздіктерден кейін бәрінің де өз орнына қайтып келмесіне кім кепіл? Өйтпеген күнде де, жекешелендірудің кезекті бір кезеңінде әлгіндей үркесоқ үйірлес меншіктерді кәсіпқорлықтың жаңа аждаһалары оңай қылғып кетпес пе екен? Топтық меншікке адалдықтың мұндай түрі әншейін өзін-өзі алдарқатушылық болмасын? Оның үстіне, бұл — әлеуметтік ахуалды орнықтыру мен экономикалық белсенділікті нығайтатын орта топты қалыптастырудан гөрі бірден ірі капиталдың тууына көбірек ыңғайлы боп шықпайтынына кімнің көзі жетіп отыр?!
Сондықтан да, қолда бар кәсіпкер күштер мен қаржыны айқындаумен тыну аздық етеді. Ең бастысы — тез қайтарым беретін нарыққа тек материалдық-қаржылық қуаттарды ғана емес, моральдық-іскерлік қуаттарды да мейлінше кеңінен жұмылдыру.
Ол жекешелендіруді қазіргіден гөрі икемдірек жүргізбей жүзеге аспайды. Пайдаланылып жүрген конкурстық-аукциондық жол шындап келгенде, алалаушылық жол боп барады. Құр қалта халық үшін ондай аукцион іскерлікке құмарлықты емес, қызғанышты ғана оятады. Өйткені, күні кешегі біреуді әрі, біреуді бері итерген тоқырау тұсындағы бөліспеліліктен ұртын майлағандар неғұрлым тездетіп, ірі капиталға ие болады да, былайғы халық неғұрлым тездетіп, жалдамалы жұмыскерге айналады. Себебі: қазір адал табылған дәулетінен бизнес бастап кету кім-кімнің де қолынан келмейді. Ал бүкіл нарықты көлденеңнен табылған дәулеттің қанжығасына біржолата өңгеріп жіберу әлеуметтік әділетке сыймасы аян. Халықтық игілік атанып келген ортақ дәулетті олай олжалап кету нарыққа деген ынтаны күшейтпейтіні былай тұрсын, әлеуметтік ахуалды шиеленістіріп жіберуі де кәдік.
Ал мемлекеттік меншікті еңбек ұжымдарына бөліп беру кешегі ведомстволық тонауды біржолата заңдастыру болып шығар еді. Әсіресе, өз атамекендерінің ғасырлар бойы жинақталған ұлттық байлығынан өздері ауыз тие алмай, көздерін сатып, сыртқары отырған байырғы тұрғындар тарапынан бұндай «жекешелендірудің» қолдау таба қоюы екіталай. Ондай жағдайда табиғи қалыптасқан жергілікті еңбек қолдары кәсіпқорлық бастауға жететін мәрелік сыбаға түгілі, әлгіндей жолмен мемлекет меншігінен аласталатын кәсіпорындарда жалданып жұмыс жасау мүмкіндігінен де айырылады.
Ендеше, Қазақстан сияқты экономикасының басым бөлігін индустрия құрайтын республикаларда халықтың неғұрлым басым бөлігі мұндай жекешелендіруден иманды ауыздары сылп етпей, құр қалады да, ал, керісінше, әлдеқайда аз бөлігі бар байлықтың иесі болып шыға келеді. Бұл кешегі ведомстволық экономиканың кемсітушілік саясатын түзету емес, қайта одан әрі тереңдету болып шығар еді. Мұндай жағдайда қайта құрудың бастапқы кезінде көп айтылған жұрттың бәріне тең мәрелік мүмкіндіктер жасаймыз деген әңгіме жайына қалады. Индустриялық салада жекешелендірудің ұжымдық түрлерін біржақты ынталандыру Қазақстан жағдайында жерді сауда-саттық бұйымына айналдырумен барабар қылмыстық қиянат болып шығар еді.
Жекешелендірудің мұндай тәсілдері әлеуметтік әділет сөзімі әбден ұмытылған немесе әуелден әркім өз меншік, өз сыбағасымен ғана күн көріп келе жатқан елдер жағдайында ғана өзін-өзі ақтай алады.
Ал, біздей жетпіс жыл бойы құлақтарына «бәрің теңсіңдер» деп құйып баққан, кейінгі жеті жылда «бұрын тең емес екенсіңдер, шын теңдікті енді көресіңдер»,— деп үсті-үстіне уәде естіп қалған қоғамда таластық тудырмаса, жарастық тудыра қоймасы хақ.
Сонда қайтпек керек? Нарықтан, меншік түрлерін алуандандырудан, меншікті мемлекет қармағынан алудан атымен бас тартамыз ба?
Ол мүмкін емес. Орысша айтқанда, пойыз әлдеқашан жүріп кетті. Бірақ, ең болмаса, бастапқы кезде, біреулердің бірден жеті қат аспанға көтеріліп, екінші біреулердің бірден жер шұқып қалмауына жол беруге болмайды ғой. Бұл басқамыз түгілі, нарықтың өзінің пайдасына шықпайды ғой. Бірден қалың бұқанары қатуландырып алса, тек экономикалық реформаны ғана емес, қалған реформалардың бәрін де қара су алмай ма?!
Ендеше, ортақ меншікті жекешелендіру мақсат болмау керек. Нарықтық экономиканы нығайтатын кәсіпқорлықты ынталандыру үшін жұрттың бәрін меншік иесіне айналдыруды мақсат ету керек. Барлық және әрбір азамат бәрі бір кезде мемлекет меншігінен алынған дәулеттен бірдей сыбаға алып, бірдей меншік иесіне айналғаны лазым. Өйткені, біз тарихта бірінші боп әркімге тиесілі жекеменшікті ортақтастырдық. Сол кезде күллі территорияда әлденеше өлі, тірі ұрпақтардың еңбегімен, қанымен, терімен жасалған байлықтың бәрін ұлттық дәулет, халық меншігі деп жарияладық. Халық оны ортақ қорға, ортақ көбейтіп, ортақ пайдаланады,— деп түсіндірдік. Ендеше, сол ортақ дәулетті сол халықтың қазіргі тірі ұрпағы өзара тең бөліп алып, жеке-жеке пайдалансын. Тек сонда ғана ортақ дәулетті әлдебір топтардың оңаша олжалап кетуіне тыйым салынады, әрі әрбір адамның өз бойындағы іскерлік қабілет пен экономикалық бастамашылдықты іске қосуына нақты мүмкіндік беріледі. Шын мәніндегі іскерлік бәсекелестік сонда қызып, шын мәніндегі тауар молшылығы сонда орнайды. Ал іскерлік тізгіні өте аз топтың қолында отырғанда бәсеке де болмайды, тауар да көбеймейді, баға да арзандамайды.
Бұл әрине, бұдан әлдеқайда ертерек жасалғанда жақсы болатын еді. Сонда әркімге тиетін үлес қазіргіден әлдеқайда көп болар еді. Солақай реформа талай дәулетті талай пысыққа су тегінге беріп жіберді. Сөйтіп, шын мәнінде іскерлік танытуы ықтимал талай адам ондай мүмкіндікке әлі ие бола алмай келеді. Сондықтан да ваучер (жекешелендірудің сыбаға қоры) төңірегінде әңгіме көп. Біреулер оны кешігіп қалғаны үшін кекетеді. Екінші біреулері кешегі жоспарлы-бөліспелі экономикаға біртіндеп қайтып келеміз бе деген дәмені жүзеге асырудан күдерді біржолата үздіретін әдіс деп жек көреді, Үшінші біреулер экономикалық реформаны сылтауратып, миллиондарға тиісті сыбағаны өзара пышақ үстінен бөліп алуымызға кедергі келтіретін болды деп ызаланады. Төртінші біреулер, ауызы күйіп қалғандықтан, кезекті бір айла-шарғы емес пе екен деп сөзіктенеді.
Ал, біздіңше, ештен де кеш жақсы. Құр алақан қалғаннан, бірдеңеге қол жеткізіп қалған дұрыс.
Бірақ, бұдан ертеңнен бастап, ортадағы дәулеттің бәрін қанталапай жасап бөліп алайық деген қорытынды шықпауға тиісті.
Жекешелендіру экономикалық процестердің бәрін бір кезде қамтымаса, кезең-кезеңге бөліп, сатылап жүрері белгілі. Жас егемен мемлекеттік тәуелсіздігіне нұқсан келіп жүрмес үшін әлі де талай саланы мемлекет меншігінде ұстай тұруға тура келері де түсінікті.
Не де болса, жекешелендіруді кешегіше, одақ ыдырамай тұрған кезде қабылданған Заң бойынша нақты қиыншылықтарды ескермей, нарықтың алғашқы кезеңінің ащы сабақтарымен санаспай, басқа көзге төпелеп, жеделдетуге болмайды.
Ұлт мүддесі мен ел игілігі ондай екі тепкі, бір қамшы белсенділікті көтермейді.
Бірақ, жекешелендіру қанша уақытқа созылса да, қанша кезеңге бөлінсе де, мейлі өндірісті, мейлі ауыл шаруашылығын қамтыса да, әлгі жолмен — барлық азаматтарға бірдей сыбаға беру жолымен жүзеге асырылғаны дұрыс.
Және бір ескеретін жағдай: қазіргі дәулет тек кейінгі бір ғасырдағы еңбекпен жасалған жоқ. Оның негізін жасауға, ол түзілген өлкені қорғауға әлденеше ұрпақ үлес қосты. Ендеше, мұндағы әділет өлшемі бөлекше болғаны жөн. Бабалары бағзы ғасырлардан осы дала үшін алысқандар мен оған күні кеше ғана аяқ басқандардың сыбағаларының арасында айырма болса болсын, бірақ бесіктегі сәби мен асарын асап, жасарын жасаған қарияның сыбағасының арасында айырма болмасын. Болса, бұл даладан татар ырзығын әлі ойсырата қоймаған жас ұрпақтың ырыс-несібесінің артығырақ болғаны дұрыс.
Әйтеуір, экономикалық еркіндік туған кезде әркімнің өз талабын өзі сынап көруіне жағдай туғаны жен болар еді.
Бұл, әрине, бүгін сыбаға алғандардың бәрі ертең шетінен миллионер болып шыға келеді деген сөз емес. Капитал шоғырлана түседі. Қоғам жіктеле түседі. Ірі меншік иелері де, мамандандырылған жалдамалы қызметкерлер де, талантты кәсіпқорлар, менеджерлер, эксперттер мен мамандардан тұратын экономикалық элита да пайда болады. Өйтпесе, нарық бола ма?!
Бірақ, соның бәрі жекешелену басталған кездегі біреуге сұйық, біреуге қою құятын алақолдықтың емес, өмірдің өзі туғызған шынайы бәсекенің нәтижесінде сұрыпталғаны дұрыс. Әйтпесе, әлеуметтік ертеңгі жіктелуін де кешегі бөліспелі экономиканың әділетсіздіктері қалыптастырып беріп кеткен болып шығар еді.
Ең бастысы, мұндай мәресіз, меншік иеленудегі кереғарлықты бәсеңдетпейінше бүгінгі іскер топтың, ертеңгі орта таптың қатарын көбейте алмаймыз, сөйтіп экономикалық жағынан тиімсіз, әлеуметтік жағынан орнықсыз, «ақылға қонбайтын, көңілің тоймайтын» тағы бір күлді бадам қоғам орнатқан болып шығамыз.
Нарық тек әркімнің өз ісін тауып алуына, әркімнің өз ісімен өзі болуына жағдай жасай алса ғана, өзін-өзі ақтай алады.
Бұл адамдардың күш-жігері мен уақытын өзінің мүддесін қанағаттандыруға, сол арқылы қоғамның мүддесін қанағаттандыруға бағытталған жемісті еңбекке жұмсауға мәжбүр етеді. Сөйтіп, халықтың көңіл күйін іскерлікке, жасампаздыққа бағыттап, орнықтылық ахуалды нығайтады.
Қазіргі қалыптасып отырған жағдайда әуелі инфляцияны тоқтатпай тұрып, басталып кеткен істі жолдан кідіртпей-ақ, ешкімнің жанына жаңа үрей салмай-ақ, ешқандай жаңа жойымпаздыққа ұрынбай-ақ, нарыққа көшудің тактикасына бейбіт жолмен түбегейлі өзгерістер енгізбей тұрып, өндіріс те түзелмейді, өмір де түзелмейді.
Сонымен, экономикалық жаңғыру — уақыт талабы. Оны кідіртіп отырған — бір кездегі одақ жағдайында, қайта құрудың мақсаты әлі екіұдай болып тұрған кезде басталған реформаның, оның бер жағында түбірімен өзгеріп кеткен саяси кеңістікте қалыптасып келе жатқан атымен соны сипаттармен, заңдылықтармен жете санаса алмай жатқандығы. Тәуелсіз мемлекет жағдайында болуға тиісті басқа да реформалармен табиғи түрде өзектесіп кете алмай отырғандығы. Көп ұлттылық жағдайында меншік бөлісуден басталатын реформаның тек әлеуметтік топтар арасындағы ғана емес, этникалық топтар арасындағы күрделі қарым-қатынастарға да тікелей байланысты екендігінің бәрі-бәрі уақытылы мұқият ескеріле бермейтіндігі.
Экономикалық реформа тек енді тәуелсіздік алып жатқан ұлттық мемлекеттің, оның кешегі саяси экономикалық орталықтандыру тұсында әбден қағажу көріп баққан байырғы халқының шын мәніндегі әділетке қолын жеткізе алса ғана ойдағыдай өрістей алмақшы. Өйткені, түпкілікті халық өмірлік мүдделерін қанағаттандыра алмай, қоңторғай отырған жерде кез келген реформа үшін басты шарт болып табылатын қоғамдық жарастық ахуалы орнамайды. Сондықтан да кешегі әділетсіздіктерді мықтап ескеру, олардың жаңа экономикалық қарым-қатынастарға көшу тұсында этникалық дүрдараздық өртіне себепші болып жүрмеуіне қам жасау — шынайы реформаның ең басты мақсаты болуға тиісті. Шын экономикалық реформа өзінің ойдағыдай өрістеуіне ыңғайлы ахуал орнатуды алдын-ала ескеріп отыруға тиісті.
Бұл ретте, Қазақстанды жарастықты реформа кеңістігіне айналдыра білуге бір кісідей атсалысу көпұлтты қауымның барша құрамдас бөліктерінің басты парызы болып табылады.
Ондай кеңістік жасаудың бірден-бір кепілі — аталмыш территорияда әлденеше ғасырдан бері тарихи қалыптасқан мемлекет пен оның негізін салған байырғы халықтың қай саяси, әлеуметтік экономикалық мүддесіне де түсіністікпен қарай білу, олардың жүзеге асуына қолынан келгенінше көмектесу, оны басқа этникалық топтардың мүдделеріне нұқсан келтіру деп қарамай, қайта тәуелсіздік жағдайында жалпыға ортақ орнықты ахуал орнатудың ең тиімді алғышарты деп ұғу. Онсыз ешкім үшін де қолайлы бола қоймайтын қопарылмалы жағдайдан құтыла алмайсыз. Басқа аймақтардағы қатерлі ахуал ең алдымен осыны ескермеуден туып жатыр. Жаппай шамшылдық, жаппай егес ешкімді өрге бастырмайды.
Енді қалыптаса бастаған егемен елде тәуелсіздік мүддесі ең бірінші орынға қойылуға тиісті. Ол — әрине, ең алдымен жаңа конституциялық құрылым түзуде басты назарда болатын шарт.
Егер біз қазіргі орнықты ахуалды одан әрі нығайтудың құқықтық жолдарын тауып, оны іске қоса алсақ, онда басталып кеткен реформаның тактикалық жолдарын қайта қарауға мүмкіндіктер ала аламыз.
Оған әлі де кеш емес. Шағын жекешелендіру енді жүріп жатыр, мемлекеттік экономиканың негізін жасайтын салаларды жекешелендіру әлі бастала қойған жоқ. Ауыл шаруашылығын жекешелендіру ішінара жүруде. Осыны пайдалана отырып, қазіргі ІІІығыс Еуропада, Қытайда жүріп жатқан реформалардың тәжірибесін ескере отырып, әуелі экономиканы дағдарыстан шығарудың жолдарын қарастырған жөн. Реформаны содан кейін барып өрістеткен тиімді. Көршінің не одан арғының қолданып отырған әдісін үйрену бір басқа да, соның бәрін назарда ұстай отырып, өз кеңістігімізді нақты мүмкіндіктер мен проблемаларды мейлінше жан-жақты және терең ескере отырып, өз жолымызды табу бір басқа. Бұл арада әрбір әдісті алдын-ала сынақтан өткізбей болмайды. Көңілге қонымды деген әдістердің өзін Қазақстанның әр аймағының табиғи, әлеуметтік демографиялық жағдайларына қаншалықты үйлесімді болатынын арнайы тәжірибе арқылы анықтап алу керек. Әр саладағы реформаның әр аймаққа ыңғайлы ықтимал жолдарын тауып барып экономикалық реформаны ойдағыдай өрге бастыруга болады.
Әйтпесе, қазіргі реформа — негізінен экономикалық штабтарда туындаған реформа. Онда таза технократиялық реформашылдықтың, өндіріс мүддесі деп, белгілі бір топтар үстемдігінің басым түсіп кетуінің негізгі сыры да сонда, сондықтан да оның мемлекетіміздің тәуелсіздік алуымен, ұлттық санамыздың оянуымен, әлеуметтік қарым-қатынастарымыздың демократиялануымен тығыз ұштаспай жатқан тұстары да аз емес. Қалың бұқараға түсініксіз, көптеген саяси топтар үшін даулы болуы тұрмыстағы дағдарыстардың күшеюіне ұштасып, тек нарық төңірегінде ғана емес, қоғамдағы барлық өзгерістер төңірегінде күдік-күмәнді көбейтіп отыр.
Саяси прагматизм мұндайда үсті-үстіне қамшылау жолымен емес, бір сәт жан-жағына байыптай көз салып, бағыт-бағдар мен қимыл-әрекеттер сипатын қайта пайымдау арқылы ғана ілгері басу мүмкін деп санайды.
Кеңістіктің кедір-бұдырларын дер кезінде байқап, одан неғұрлым мүдірмей өтудің амалдарын дер көзінде қарастырмай тұрып, уақыттан ұту мүмкін емес.
5. ИӘ, КӨП НӨРСЕНІ АСЫРА СІЛТЕУ МЕН АСЫҒЫСТЫҚ ӨРГЕ БАСТЫРМАЙ ТҰРҒАНЫ РАС
Ал ол екеуінің тек өз мақсатынан басқа ештеңені ойламай, тек өз мүддесінен баса ешкімнің мүддесімен есептеспейтін топтық, таптық, этникалық кеудемсоқтықтан өрбитіні әркімге аян. Кеше содан құлдырасақ, бүгін содан күйзеліп отырмыз. Ондай кеудемсоқтық басқаны былай қойғанда, тарихтың өзін де, тарихи процестердің өрбу, өрістеу заңдылықтарын да көзге ілмейді.
Кез келген тарихи процестің тұсында тек кеңістік факторы — бір ғана аймақ, бір ғана мемлекетте қазіргі қалыптасып отырған жағдайды сол қалпында сақтап қалу пиғылы — біржақты ескеріліп, уақыт факторы — қалған әлемнің қалай дамып бара жатқандығы — назардан мүлдем тыс қалса, тұралап тұрып алудан басқа ештеңе болмайтынын тоқырау дәлелдеп берді. Ал тек уақыт факторы ғана — былайғы әлемде не болып жатқаны ғана — ескеріліп, кеңістік факторына — сол жаңалықтарды дарытуға өзіміз отырған аяның қаншалықты дайын екеніне, дайын болмаса, қалай дайындалуымыз керек екеніне — ешқандай немесе жеткілікті мән берілмесе ше?
Онда кеңістік факторы атымен жоққа шығарылуы, тіпті мүлде ғайып болып кетуі де ықтимал екен, ал уақыт факторы өз-өзінен мәнсізденіп шыға келеді екен. Бұған соңғы жеті жыл ішіндегі оқиғалар айқын дәлел бола алады. Оларға түп бастау болған әлеуметтік импульстар қайда, қандай елде, қандай табиғи-тарихи, саяси-әлеуметтік мәдени-этникалық аяда өрбіп жатқандарын ескермеуден өздері өркен жайған кеңістікті — Кеңестер Одағын — тарихи болмыстан аластатып тынды.
Әуелден де мұндай пиғыл болды ма, әлде ойламаған жерден солай болып шықты ма — гәп онда емес.
Гәп басқада. Қоғамды қайта құрудың әлгіндей бір саяси кеңістіктің түюіне жетіп тынған әдістерін дәл сол қалпында жаңа саяси кеңістікке — енді-енді қаз тұра бастаған тәуелсіз мемлекет жағдайына — көшіре салғаннан, ол жойымпаздық, сипаттарынан айырылып, бірден жасампаздық сипаттарға ие бола қоя ма?
Әй, қайдам... Қайта құрудың әу бастан жарыса атсалысып келе жатқан күштері түгел әрекет еткен жерде не болатынын Кеңестер Одағының келеңсіз күштері бел алып кеткен аймақтардың да әуселесі белгілі. Солшыл радикализм шектен шыға астамсыған жерде өз қарсыластарын өлердей өшіктіріп, Грузияда азамат соғысына, Мәскеу шаһарына немен тынары белгісіз текетіреске жол ашып берді. Оңшыл радикализм астамсып еді, әзірбайжандар мен армяндар қанға бөгіп шыға келді. Екі радикализмнің не екеуін бірдей, не біреуін-ақ пайдалана отырып, конституциялық билік институттарының арасына от жаққаннан шиеленіс Ресейде әбден шегіне жете ширықса, Тәжікстанда өзі мен өзі отырған жұрт жан-жаққа тартқылаған алауыздықтың отына үйітілуде.
Сонда бұған не кінәлі? Мақсат па? Мүмкіндік пе? Уақыт па? Кеңістік пе? Ешқайсысы да емес. Экономиканың қазіргідей тұралап қалғанына нарық қандай кінәлі болмаса, саяси ахуалдың тап бұлай насырға шауып кеткеніне демократия да дәл сондай кінәлі емес.
Кінәлі — әдіс. Мақсат пен мүмкіндікті, уақыт факторы мен кеңістік факторын үйлестіре алмайтын, не үйлестіргісі келмейтін асығыстық пен асыра сілтеу. Әуелде де осындай ниет болды ма, жоқ оқиғаның даму барысы өзінен-өзі соған әкеліп тіреді ме, кейінгі жеті-сегіз жыл ішіндегі саяси-экономикалық әрекеттердің жасампаздық сипаттарынан гөрі жойымпаздық сипаты басым түсіп жатыр. Өйткені, олар қандай да саяси дене болмасын, әуелі оның ақауын түзетіп, ауруын емдеп алып, одан әрі өзінің тыңаюы мен шынығуына жағдай жасаудың орнына, әуелде сызат түсіп тұрған жерін қалайда ырсиған жікке айналдыру, ал ырсиған жікті біржолата айырып, әбден ыдыратып, күйретіп барып, атымен жаңа саяси дене жасауға ұмтылып бақты. Одан ештеңе шықпаған кезде: «бұрынғы байланыстар мен құрылымдар үзілді, қирады, ал жаңалары әлі іске қосыла алмай жатыр»,— деген сылтау айтылды. Мәселенің бұлай өрбуіне біздің әрқайсымыздың, күллі қоғамымыздың бойына мықтап сіңіп қалған революциялық рух пен жойымпаз психология да аз себепші болып жүрген жоқ. Құлағанға қуандық, орнында не пайда болғанында шаруамыз болған жоқ. Көппен көрген ұлы той деп тарта бердік. Оның үстіне, осы процестердің бәріне бас-көз болып отырған жоғарғы жақ жоба үстіне жоба, бағдарлама үстіне бағдарлама ұсынып, бастары қатып жұмыс жасап жатқан кейіп танытты. Әуелден әлеуметтік оптимизмге баулынған біздер басталып кеткен демократиялық процестер қоғамдық қатынастардың ірік-шірігін өзінен-өзі тазалайды, әлеуметтік топтар мен кадрлардың озық-тозығын өзінен-өзі сұрыптайды, саяси-экономикалық дамуды өзінен-өзі сабаға түсіреді деп сеніп бақтық. Төменнен айтылған ұсынысқа қарсылық білдірген жоғарғы жақ болған жоқ. Сөз бостандығы ма — мә! Шаруашылық еркіндігі ме — мә! Ауылды дамыту бағдарламасы ма — мә! Төбеден түскен батпан құйрықтай көл-көсір уәдеге мәз болып жүргенде, өмірде өтіп жатқан процестерге ғылыми тұрғыдан талдау жасап, жүйелеп отырған күштер бар, олар кешегіге дәндеп қалған кадрларды бірте-бірте тазартады; жаңа рухтағы кадр корпусы қоғамдық тәртіп пен өндірістік тәртіпті қалпына келтіреді; орнықтылық ахуал орнайды; кешегі әлеуметтік әділетсіздіктер салдары жойылады; қоғам бірыңғай, бір ырғақты қалыпқа түседі; сосын қолда бар игіліктің егжей-тегжейлі есебі алынады; оларды тиімді пайдаланудың ықтимал жолдары белгіленеді; сонымен қатар, қолда бар моральдық ресурстың да есебі алынады; олардың тұтынушылық, өндірушілік мүмкіндіктерінің арасалмағы ғылыми тұрғыдан жіктеп-жіліктелінеді; экономикалық дамуды орналастыру мен жүйелеуде жергілікті моральдық ресурстардың дұрыс есепке алынбауы салдарынан игілік бөлісуде өндіріс пен ауыл шаруашылығы, қала мен ауыл, құнарлы өлкелер мен шөл аймақтар, тіпті ұлттар арасында орын алып келген кереғарлықтарды түзетудің тетіктері іздеп табылады; жекешелену сосын барып басталып, әркімнің жаңа экономикалық қарым-қатынастарға көшудегі мәрелік мүмкіндіктері мейлінше теңестіріледі; сөйтіп, процестердің бұдан арғы дамуы әлеуметтік шиеленістерге ұрынбайтындай саяси-экономикалық кепілдіктерге ие болады деген дәмеміз көзімізден бір-бір ұшты.
Табиғатта тап мұны мақсат қылып, басы қатып отырған саяси басшылық болмағанына тамыз оқиғалары біржола көзімізді жеткізді. Сөйтсе, бір кездегі билік пен тоқырау тұсында қолға түсіп қалған дәулеттен айырылып қалмау үшін күрес енді қайта құру тұсында қол жеткен билік пен еселеп көбейген дәулетті түпкілікті заңдастырып, одан әрі орнықтырып алу жолындағы күреспен алмасыпты. Сенімпаз жұрттың көңілінде ондай күш бұрын болмаса, енді болады, әлеуметтік әділет пен жаңа нарықтық қатынастарға көшердегі мәрелік мүмкіндіктерді ақылға сыйымды деңгейге жеткізетін саяси прағматизм бұрын бел алмаса, енді бел алады деген дәме қайта оянды.
Ондай дәме орынды еді. Одан біржола күдер үзуге болмайды. Бірақ, әзір жүзеге асып жатқан жоқ. Басталып кеткен процестер сол баяғы қарқынмен, сол баяғы жүйесімен жалғасуда. Егер бұдан әрі де тек осы жолмен, осы әдіспен өрістей берсе, олар көшіп-қонған жаңа тәуелсіз кеңістіктер де көз алдымызда ғайып болған бұрынғы жалпы кеңістіктің кебін кимесіне ешкімнің көзі жетіп отырған жоқ. Жаппай бөліне жарылушылық осы бетімен өрби берсе, оны ең ақырғы бөлшектенуі мүмкін емес әлеуметтік денеге жетіп тірелгенше ешкім тоқтата алмауы ғажап емес. Ондай ақырғы әлеуметтік дене — адам. Әрбір пенденің қара басы. Бір адамның бір басын орталық пен шет аймаққа, одақтас пен қарсыласқа бөле алмайтынымыз рас. Алайда, тек қана жойымпаздық пен наразылық, өзімшілдік пен секемшілдіктен басқаның бәрінен адаланып біткен сана күндердің күнінде сол ақырғы әлеуметтік кеңістік — адамның өзін де күйретіп тындырары сөзсіз. Олай болса, бар үмітімізді артып отырған бүгінгі сенімдеріміз де кешегі социализмнің кебін киіп шыға келмесіне кім кепіл?!
Дүниеде асыққаннан, асыра сілтеуден, астамсудан ұтатын құбылыс болуы мүмкін емес. Ол егер ұтса, тек ықпалдастық арқылы ғана ұта алады. Ал ықпалдастық неден тәуелді екенінді айқын сөзінуден басталады.
Сондықтан да, уақыт дегеніне жеткісі келсе, кеңістікпен есептесе білуі керек. Кеңістік көсегесін көгерткісі келсе, уақытпен есептесе білуі керек. Мүддедегі есептестік әрекетті ықпалдастық туғызады. Есеп жүрген жерде өлшем жүреді. Сол себепті де дамуға революциядан гөрі эволюция қолайлырақ. Өйткені, біреуі мөлшерлеп, біреуі мөлшерді белден басып әрекет етеді. Адамзат тарихына қарасаңыз, алдыңғысының құр алақан қалдырып, соңғысының шексіз бақытқа кенелтіп жатпағаны белгілі.
Сонда қайтпек керек? Қайта құрудан бас тарту керек пе? Жоға, тәйірі... Бар болғаны — қайта құрудың өзін қайта құру керек. Ең алдымен, революциялық арнадан эволюциялық арнаға түсіру керек. Бұдан әрі де радикализмнің айтқанына еріп, революциялық әдістерді малдана берсек, кешегі кеңес мемлекетін шайып кеткен жойымпаз күштер тәуелсіз мемлекеттерді де шайып кетуі ықтимал. Ал эволюциялық даму жолы саяси прагматизм қағидаларынан ауытқымай, өзіне тиянақ болатын мемлекеттік кеңістікті сақтай, тіпті нығайта отырып, адамдар мен халықтардың, таптар мен әлеуметтік топтардың арасындағы қайшылықтарды шиеленісті шекке жеткізбей, бәсеңдететін жолдар іздеп, бәрінің бір күнде емес, жүйелі түрде сатылап шешілуіне жағдай жасай алатындығын дәлелдеп отырған елдер аз ба?
Бұл реттен келгенде, Кеңестер Одағының келеңсіз тағдыры бізге саяси-экономикалық реформаны одан әрі өрістетуімізде бір сәт те естен шықпайтын ең басты сабақ болуы тиіс.
Қай мәселені де, ең алдымен, біздің тәуелсіздігімізге қандай ықпал ете алатындығымен бағалауымыз керек.
Ең әуелі басын ашып алатын мәселе: уақыт пен кеңістік арасындағы жарастықтың нәзіктігін жіті ескеріп отыру. Ол үшін экономиканы нарықтандыру мен қоғамды демократияландырудың этникалық жағынан бірыңғай, біртекті мемлекеттерге тән жалпылама үлгісі біз секілді әр ыңғай, әр текті ала-құла мемлекет жағдайында қалаған нәтижеге жеткізе қоймауы да ықтимал екенін ұмытпаған жөн. Бір өкініштісі, бұл салада ең үздік табыстарға жетіп жатқандар — өңшең біртектес мемлекеттер. Ал тағдыр мен тарих бізді нарық пен демократияның көп нәсілді мемлекет жағдайындағы үлгісін жасақтауға мәжбүр етіп отыр. Мұндай жағдайдың күрделілігін түсінетін күштер қайта құру басталмай жатып-ақ, бізді мемлекеттік дербестік мүмкіндігінен айыруға тырысты. Демек, біздің саяси кеңістігімізді шайқалтуды көздеп бақты. Ол ниет әуелгі ортадоксальды интернационализм қағидаларын пайдалана отырып, ашық түрде қимылдаса, қазір ортодоксальды демократизм қағидаларын пайдалана отырып, көрер көзге байқала бермейтін көлгір сипат алып отыр.
Кеңестер Одағы секілді қырық құрақ елде нарық пен демократияны бірден өрістетіп кету қиын екенін ескерген «қайта құрудың әкелері» әуелі интернационалистік догманы, таптық максимализмді, төменгі жақтың жоғарғы жаққа, бұқараның аппарат пен номенклатураға наразылығын, кадр таңдаудағы ала қолдыққа, арнайы жеңілдіктерге деген жаппай ренішті пайдалана отырып, үгітшілік алауыздық туғызуды, оған иек артып, этникалық немқұрайдылықты одан әрі өршітіп, әркім ұлттық мүдде түгілі өз басымен өзі қайғы болып кететін ахуал өрбіту арқылы ұзақ жылдар бойы жүргізіліп келген территорияларды этникалық жағынан бейтараптандыру саясатын түпкілікті нәтижеге тезірек жеткізуді көздеді. Оны баяғыдан бері армандап келе жатқан «шынайы интернационализмге» жетсек енді жетеміз деп ойлаған догмат күштер де, мұндай бейтарап кеңістік атымен жаңа саяси-экономикалық қатынастар орнатуға ыңғайлырақ болады деп санаған реформацияшыл күштер де қызу қолдады. Екі жағы да процесті мейлінше шұғылдатуға тырысты. Алматы, Сумгаит, Қарабақ, Ферғана, Жаңа Өзек, Рига оқиғалары — бәрі бір көгеннің қозылары. Жергілікті әлеуметтік қайшылықтарды жасанды жолдармен шиеленістіріп, оған жасанды түрде ұлтаралық сипат беріп, соны пайдаланып, «интернационалдануды» күштеп, зорлап тездетуге жағдай туады деп есептеді. Қашан мұндай тәжірибеден ештеңе шықпайтынына көздері жеткен кезде барып, солшыл радикализм империяның күйреп тынғанына да пейіл болды.
Тек осының өзі-ақ қайта құру тұсында ұлт мәселесі, ұлтаралық қатынастар қандай да көп сөз болғанымен, оны ұлттардың пайдасына шешуді көздеген ешкім болмағанын байқатады. Солшыл радикализм оны қалыптасып алған шовинистік империяны күйретуде қопарғыш зат ретінде ғана пайдаланса, оңшыл радикализм асқынып барады-мыс «ұлтшылдықпен» қорқытып, унитарлық империяны біржолата заңдастырып алуға тырысты.
Бұны тек қайта құру басталғалы қатты шабуылға ұшырап келе жатқан Қазақстанға байланысты пікірлерден де мықтап аңғаруға болады. Г. Колбин Қазақстан басшылығынан қалай кетті, солай кейбір орталық басылымдар зарлап қоя берді. Әуелі үйреншікті әдетпен «ұлтшылдықтың қайта жандана бастағанын» сөз етті. Кейін ондай байбаламды тастап, Қазақстанның мемлекеттік дербестігіне, территориялық тұтастығына күмән туғызбайтындай қисындар іздестіріле бастады. Бір қызығы, бұл мәселеде әншейінде бірінің жағасынан бірі алып жүрген тайталас ағымдар кісі таңғалатындай бір ауыздылық көрсетті.
Өзіңіз ойлаңызшы! Сонау сексен тоғыздың күзінде «Московские новости» газетінде Г. Попов Қазақстанға көп территорияны И. Сталин озбырлықпен тартып әперді десе, дәл сол тектес пиғылды тоқсаныншы жылдың жазында А. Солженицын қоздатты. Тоқсаныншы жылдың желтоқсанында президенттіктен кетіп бара жатып М. Горбачев Қазақстан тың игеру көзінде Ресейдің бес облысын иемденіп кетті деп жар салды. Жуырда «Правда» газетінің бетінде дәл сол алуандас пікірді Ресейдің халық депутаты М. Челноков қайталады.
Бұл төрт «дуалы» ауыздың ар жағында біреулері жұрттың бәрін өздеріне ұқсату үшін, біреулері жұрттың бәрін өздеріне ұқсатпау үшін егемендікті мансұқтап, ұлттық тәуелсіз мемлекет қағидасын жоққа шығаратын екі тұрғыдан туындайтын төрт пиғыл тұр: біреулеріне бұрынғы Кеңестер Одағының орнына ұлттық сипатқа атымен мән бермейді-міс Америка Құрама Штаттары сияқты Еуразия Құрама Штаттары керек; екіншілеріне сәл жаңартылған немесе тіптен жаңартылмаған баяғы ресей империясы керек; үшіншілеріне сәл жақсартылған және жаңартылған кешегі Кеңестер Одағы керек; төртіншілеріне ешқандай жақсартылмаған да, жаңартылмаған да кешегі Кеңестер Одағы керек; бірақ, ешқайсысына да өз даму жолын өзі таңдап алған азат, тәуелсіз, егеменді ұлттық мемлекет, соның ішінде Қазақ мемлекеті керек емес. Сондықтан да, біріншілері ұлттардың өзін-өзі билеу құқығын, ұлттық мемлекетті күні өткен қағида деп, екіншілері большевиктердің ойлап тауып кеткен зиянкестігі деп, үшіншілері қыстақтардан бастап егемендік талап ететін аймақшылдық менмендіктің бір көрінісі деп, төртіншілері сырттан келген зиянкестер мен іштен шыққан отансыздардың «ұлттық надандықты» желіктіруі деп, жоққа шығарып бағуда. Ол аз болғандай, кеше тәуелсіздік алып кетуі мүмкін, бүгін тәуелсіздік алып қойған Қазақстанның саяси дербестігінің заңдылығына күмән туғызатындай іліктер іздейді. Оны территориялық даулар арқылы тапқысы келеді. Бұл арада аталмыш авторлар қалыптасып отырған көпұлттылық ахуалды пайдаланып, тарихқа көзапара зорлық жасамаққа, кейінгі кезеңдер туғызған заңсыздықты әуелден де солай жаратылған мәңгілік ақиқат қып өткізуге тырысады.
Шын мәнінде, мемлекетті тарихи қалыптасқан ұлттық-территориялық сипаттар түзейтіні — ежелден белгілі қағида. Территориясы жоқ, немесе территориясынан кешіп кеткен халық аспан мен жердің арасындағы ауадан мемлекет жасақтай алмайтыны даусыз. Тек өз тарихи территориясында отырған ұлт қана мемлекетке ие бола алады. «Туған жердің табиғатын бәтеңкенің табанына жұққан топырақпен ілестіріп алып кете алмайтының қандай ақиқат болса, туған еліңнің тәжі мен тағын да не басыңа киіп, не атыңа бектеріп алып кете алмайтының сондай ақиқат»,— деген сөз содан қалған. Ол үшеуі халқының негізі қайда отырса, сонда қалады. Белгілі бір ұлттың белгілі бір бөлігінің бір кезде үдере көшіп кеткен жерінен жер даулай алмауы, үдере көшіп келген елінен мемлекет даулай алмайтыны, тек өзінің ұлт боп қалыптасқан тарихи отанында ғана мемлекет талап ете адатыны — көптен бері талассыз қағидаға айналды. Ал әлгіндей саяси күштер іргесіндегі Қазақстанға үсті-үстіне қисынсыз дау, қисынсыз талаптармен киліге береді. Бір кезде Ресей империясының құрамына кіргені үшін бе? Кірсе — күллі мемлекетімен кірді, шықса — күллі мемлекетімен шықты. Егер, кейбер тарихшылар айтып жүргендей, өз еркімен қосылса, өз еркімен шықты. Егер, екінші бір тарихшылар айтып жүргендей, жаулап алынса, XX ғасыр кез келген аннексия мен отаршылдықты заңнан тысқары деп тапты. Бұл ретте тілге тиек таба алмайтын болғандықтан, әлгідей қисыншылар қазақтарды әуелде ешқандай мемлекетті білмейтін, бетімен лағып көшіп-қонып жүрген жабайы тайпа қып, қазақ жерін ресейлік қоныстанушылар келгенге дейін иесіз жатқан иен дала қып түсіндіруге тырысады. Бұны, басқаны қойғанда, Ресей тарихының өзі жоққа шығарады. Егер оның шығыс жағында ешқандай мемлекеті жоқ елсіз дала жатса, XII— XVI ғасыр арасында үш ғасырдан астам Ресей кімнің қол астында отырды. Алтын Орданың емес пе еді? Қазақ хандығы да Ресейдің өзі сияқты бір кезде Алтын Орда құрамында болған Ақ Орда, Көк Орда, Ноғай ордасы негізінде пайда болды ғой! Егер ол хандықтарды мемлекет деп танымаса, сонау Иван Грозный заманынан неге елшіліктер алмасылған? Егер иен дала болса, сол екі ортада сонау Қиыр Шығысқа дейінгі территорияны иемденіп үлгерген Ресей, орта жолдағы бұл аймақты нағып айналып өткен? Егер бұл аймақта ешқандай мемлекет болмаса, 1595 жылы Тәуекел ханды бодандыққа алған Михаил Федорович заманынан бастап орыс патшалары 1846 жылғы Лепсі, 1847 жылғы Меркі келіссөздеріне дейін қазақ билеушілерімен келіссөз жүргізумен келсе, көшіп жүрген қаңбақтармен келіссөз жүргізген бе?! Кейін Қазақстан шекарасының өзі сол келіссөздерге қатысқан елбасыларының қарауындағы ұлыстардың жайлап отырған территориялары бойынша белгіленбеп пе еді?! Шекара, М. Горбачев айтқандай, «сельсоветтердің деңгейінде» емес, атақты шығыс зерттеушісі академик В. Бартольд басқарған мемлекеттік комиссия деңгейінде, Ресей империясының сыртқы істер департаменті мен бас штабының құжаттары негізінде белгіленгенді. Тұсында екі одақтас республика парламентінде, одақтық парламентте конституциялық дәрежеде бекітілгенді.
Ұлттардың өзін-өзі билеуі қисынын большевиктер ойлап тапты деген де әнтек сөз. Өткен ғасырда бұл қисынды батыс саясатшылары көтерген-ді. Әсіресе, АҚШ Президенті Вудруф Вильсон көзге түскен-ді. Ол большевик емес-тұғын. Осы қағидаға сүйеніп, 1905 ясылы Норвегия Швециядан бөлініп шыққан-ды. Ол кезде болыпевиктер Швеция түгілі Ресейде де билікке келмеген-ді. Бұл қағиданың мықтап күшіне ене бастағаны 1941 жылы Африкадағы Касабланкада «Атлант хартиясы» қабылданғаннан кейін. Оның негізін салушылар Ф. Рузвельт пен У. Черчилль ешқашан коммунист болып көрген емес-ті. Осы қағиданы негізге ала отырып, біріккен Ұлттар Ұйымында 1960 жылы «Отар елдер мен халықтарға тәуелсіздік беру туралы декларация» қабылдағандардың да бәрі-бәрі коммунистер емес-тұғын. Ал сол құжатқа қол қойып ап, оны өткен жылдың күзіне дейін шындап орындамай келгендердің коммунистер екені рас еді.
Егер отаршылдықтың түпкілікті күйреуі, тәуелді елдердің егемендікке ие болуы, негізінен, XX ғасырдың екінші жартысынан бастап жүзеге асып жатса, ұлттық мемлекеттердің қалайша күні өткен болып шығады?!
Жер бетіндегі жүздеген халықтардың, Демек, миллиондаған, тіпті миллиардтаған адамдардың ең көкейкесті мүдделерін көздейтін азаттық пен тәуелсіздік мәселесін бұлай тұрпайыландырудың шынайы ізгілік пен демократия қағидаларына қырық қайнаса сорпасы қосылмайды. Ендеше, мұндай қисын соғып жүргендер өздерін кіммін деп атауға да ерікті, бірақ демократпын, ізгілікті ақыл иесімін деп айта алмаса керек. Оларды мұндай тығырыққа тіреп жүрген — өзгелердің басындағы ескішілдік емес, өздерінің басындағы ескішілдік. Күллі дүниені бір мемлекет санап, басқалардың басынан секіруді көздейтін әлемдік империя қисынын желеулеткен космополиттік қағидалар мен тап сол жолдағы таптық догманы желеулететін қасаң интернационализм қағидаларынан арылып болмаған отаршыл психология.
Мұндай пиғылдағылар адам құқығы мен бостандығы халықтар құқығы мен бостандығынан жоғары тұрады дегенді желеулетіп, кешегі отаршылдықтың салдарын сол қалпында сақтап қалуға болады деп дәметеді. Әсіресе, отаршылдықтан ең көп зардап шеккен Қазақстанға қайта-қайта шүйлігетіндігі де сондықтан. Олар қазақтардың өз тарихи отанында аз болып қалуын өз-өзінен орнай қалған заңды оқиғадан көріп, мұндағы қай мәселені шешкенде де процентке жүгінеді. Бір ғасырға жетер-жетпес уақыт ішінде жергілікті тұрғындардың жартысына жуығын не тікелей, не жанама жолмен қырын, аластап салып, сыртта одан бір жарым есе көп халық әкелуді қаншама «интернационалистік көмек» деп майлап-сырлағанмен, ол бәрібір саналы түрде әдейі жасалған отаршылдық болып қалады. Қажет десеңіз, «халықтар достығының» пайғамбарлары бұл саясатты ежелгі Қытай императорларының шет аймақтарға жүргізген саясатынан сол қалпында көшіріп алған-ды. Қытайлар да өздері басып алған аймақтардың жартысын жергілікті халықтардан, жартысын хандардан ұстаған. Ондағы мақсаттары, өздерінің түсіндіруінше: біріншіден, екі ұлт бірін-бірі аңдып, артық қимылдан тартындырып отырады; екіншіден, билікте екеуінің де өкілдері жүргендіктен, біріне-бірі көзапара зорлық жасай алмайды; үшіншіден, басқыншы ұлт бөлектенбейді де, жергілікті халыққа сіңіп те кетпей күллі елге бытырай жайғасқандықтан, өз империясын ішкі, сыртқы қастандықтан сақтандыра алады; төртіншіден, хандар жалпы алғанда көп болғандықтан, әлгіндей шет аймақтарды еріксіз ұстап отыра алатындай «тірі арқан» боп табылады. Кешегі «интернационализм» енгізген әлгіндей айла-шарғыны бүгін де орнықты ахуалдың кепілі деп, сорымыз емес, бағымыз деп санайтындар да кездеспей қалып жүрген жоқ. Оны әділеттілік демократия деп ұғады. Егер бұл әділеттілік болса, онда отаршылдық деген не? Әлде адамгершіліктің, ізгіліктің, бостандық пен азаттықтың заңдары қалған адамзат үшін бір бөлек, қазақтар мен Қазақстан үшін бір бөлек жазылған ба?!
Әрине, олай емес. Ендеше, санына қарап кіріптарлықты кеше интернационализм деп түсіндіргеніміз сияқты, бүгін демократия деп түсіндірудің еш қисыны келмейді. Әлемдік отаршылықтан кейінгі демократия тек адамдар теңдігін ғана емес, халықтар теңдігін орнықтыруды да өзінің басты шарты деп санай алса ғана, демократия болып есептелуі тиіс. Өйткені, халқы азат бола алмай тұрып, ешкім азат бола алмайды. Азат емес адам өзін ешкіммен тең сөзіне алмайды.
Мәселеге осы тұрғыдан келсек, қалған дүниедегі отаршылдыққа қарағанда аса көлгір «кеңес отаршылдығынан» адам айтып тауыса алмастай зорлық-зомбылық көрген Қазақстанда тек қазақ халқы ғана ұлттың өзін-өзін билеу құқысын талап ете алады. Өйткені, қалған жүз отыз ұлттың өкілдері ішінде тарихи отанында отырған тек сол ғана. Басқалары өздерінің тарихи отандарында ұлттық мемлекетке әлдеқашан ие болды. Сондықтан да одан тысқары жерде ұлттық-территориялық дербестік сұрауға қақылары жоқ. Алайда, қазақ халқының осындай құқын жүзеге асыртпау үшін қолдан жасалған көп ұлттылықты пайдаланып, ұлттық мемлекет орнына азаматтық қоғам орнатуды қайта-қайта сөз ететіндер бар. Мұндай талап — заңсыздығын былай қойғанда, қате талап. Өйткені, азаматтық қоғам ұлттық мемлекеттің баламасы бола алмайды. Біріншісі, қоғамдық құрылымның белгілі бар аясындағы қарым-қатынастардың жиынтық сипаты болса, екіншісі мемлекеттік түзілімнің түбегей мәні. Кез келген мемлекетте, оның ішінде ұлттық мемлекетте де азаматтық қоғам болады. Өйткені, ол — әлемдік саясатнама (политология) түсіндіруі бойынша, адамдар мен қоғамдық институттардың мемлекеттік институттардан тәуелсіз өзара қарым-қатынасының жиынтығы болып табылады. Оған азаматтардың отбасы, шіркеу, ақпарат құралдары, мәдени институттар, ғылыми, кәсіптік, саяси бірлестіктер аясындағы өзара қарым-қатынастары жатады. Ұғымдарды бұлайша әдейі шатыстыру да Қазақстанды этникалық жағынан әлдеқандай бейтарап кеңістік деп көрсетудің амалы. Ал бұл — Қазақстанда қазақтардың ғана өзінің ұлттық мемлекеттік құруға қақылы екенін жанама түрде жоққа шығару тәсілі болып табылады.
Күннен-күнге мұндай тәсілдің түрі көбейіп келеді. Кейінгі кезде жаңа мемлекетіміздің унитарлық сипатына шабуыл көбеюде. Қазақстанның унитарлық мемлекет болатындығы — оның бұрынғы бір ғана ұлттың этникалық территориясынан тұратындығы. Қалған ұлт өкілдерінің оған өз территориясымен бірге қосылмай, сырттан көшіп келушілер ретінде қоныстанғандығы. Тарихи қалыптасқан бұл ақиқат та әлдекімдердің шамына тиіп бағуда. Сол үшін де терминдерді әдейі шатыстырып, унитаризмді демократияға қарсы ұғым, тоталитаризмнің балама ұғымы қылып түсіндіруге талаптанатындар бар. Олай болса, Франция, Германия, Швеция, Финляндия сынды унитарлық мемлекеттер демократиялық мемлекеттер санатынан шығып қалар еді. Мұндағы мақсат — Қазақстан тұрғындарының этникалық ала-құлалығын пайдаланып, оған жасанды түрде федеративтік сипат беру. Федерация болу үшін мемлекет әр түрлі ұлт өкілдерінен ғана емес, әр түрлі этникалық территориялардан (Швейцария), немесе бір ұлттың бұрын әрқайсысы бөлек-бөлек мемлекет саналған терри-торияларынан (АҚШ, ГФР, Австрия) түзілуі шарт. Біздің кейбір радикалдар бұл заңдылықты да белден басудан кет әрі емес. Жоғарғы Кеңестің екі палатадан тұруын (біреуінің ұлттар палатасы болуын) талап ететіндердің көздегені, міне, осындай мақсат. Бұндай пиғылдарын қазір өткізе алмағанмен, болашақта өткізуге алғы шарт жасауға ұмтылып-ақ бағуда. Ол үшін астыртын бөліне жарылушылық пен «аймақшылдық» желісін тартуда. Олар қоғамда нарықтық қатынастар орнамай тұрып, кейбір кәсіпорындардың нарыққа көшуін жеделдетіп, экономикалық сепаратизмді өршітуде. Күні кеше одаққа бағынған кәсіпорындардың республика қарамағына өтпей жатып шұғыл түрде акционерлік қоғамдарға айналып кетуі де — соның бір түрі. Егер қолымызға тимей жатып-ақ, қайтадан кім көрінгенге үлестіріп беретін болсақ, бұл кешегі «ведомстволық менмендікті» құтыртқанымыз ба, тұқыртқанымыз ба?!
Республика егемендік алмай тұрып, аймақтарымыз бен кәсіпорындарымыз дербестік алып, басқа түгілі сыртқы қатынастарды өз бетінше жүргізе бастады. Құнды табиғи ресурстарымызды талан-таражға салғанымен қоймай, жұмыссыздық көбейгелі тұрғанда, көкөніс егіп, қоқыс төгетін жұмыс қолдарына шейін көрші мемлекеттерден шақырып, онсыз да асқындап тұрған этникалық ала-құлалықты одан сайын асқындырудың қажеті қанша?
Мемлекетіміз тәуелсіздік алмай тұрып, дәулетімізді республикалық коммуналдық меншікке бөлу аймақшылдық пен бөліне жарылқаушылықтың экономикалық мүмкіндіктерін нығайтып берді. Енді оларға саяси, құқылық жүйе жасап алудан кет әрі емес. Жергілікті өзін-өзі билеушілікті біржақты желеулететіндердің көздейтіні сол. Олар мұны орындаушы биліктің ықпалы төмендеген сайын құлдыратып, өкіметті биліктің ықпалын төмендеген сайын автономияландыра түскісі келеді. Президенттен басталатын мемлекеттік орындаушы билік жүйесімен жарыстырып, жергілікті орындаушы билік жүйесі деген қосалқы түзілімді тықпалайтындар да солар. Жергілікті референдумдар өткізуге құмар күштердің де көмекейі белгілі. Бәрі де — тәуелсіз мемлекетіміздің унитарлық сипатын қаз тұрмай жатып, әлжуаздандырып бағу. Ол үшін жоқ нәрсеге бола ілік шығарып, билік институттарын бір-біріне айдап салып, «тәжік», «кавказ» үлгілерін бізге де дарытуға ынтық күштер шақ бермей қалып жүрген жоқ. Бұл жолда тек ұлтаралық қана емес, үгітшілік кикілжіңдер туғызуға, оған ресми билік орындарындағы түсінбестіктерді де, бейресми ұйымдардың, ғылыми шығармашылық ұжымдардың ішкі таласын да, кәсіпорындар мен кәсіподақтардағы тәжікені де пайдаланып қалуға тырысатындар көрініп жүр. Оған ішкі оппозициялар да, сырттан тұрып сыбырлайтын алыс-жақын патернализм де аянбай атсалысып бағуда.
Түптеп келгенде, бұның сыры — саяси, экономикалық реформаны жүргізуде бүгінгі тәуелсіздік қамына жете мән бергізбей, кейінгі жылдары қалыптасқан процестердің үйреншікті ағымымен тарта беруге итермелеу.
Кешегі империяны шайып кеткен тасқынның ағынымен тарта берсек, онсыз да тәлтіректеп тұрған тәуелсіздігіміздің басына күн туғызып, империя үшін кек алушылар мен империяны қайта тірілтушілердің қолына абайламай қайтадан су құйып жүруіміз мүмкін.
Бұған әсіресе, мемлекетіміздің жаңа конституциялық құрылымын түзгенде ерекше абай болғанымыз жөн. Бұл ретте «күшті анау билік», «күшті мынау билік» төңірегіндегі керексіз дау-дамайды тыйып, президенттің жеке жауапкершілігін, парламенттің ұжымдық талапшылдығын, үкіметтің іскерлік пен ыждаһаттылығын қамтамасыз ете алатындай, өзара ықпалдасты билік жүйесін жасақтаған жөн. Тәуелсіз мемлекеттің ішкі, сыртқы саясатын президент қалыптастырып, үкімет бұлжытпай жүзеге асыруға тиісті. Президенттен басталатын орындаушы билік ең төменгі буынға дейін түгел жетіп, жергілікті жарыспалы орындаушы билікке жол берілмегені жөн. Конституциялық заңдылықтың жалпы мемлекеттік дәрежеде де, жергілікті билік дәрежесінде де бұлжытпай орындалуын қадағалауға бірден-бір заң шығарушы орын — парламентке құқық берілуге тиісті.
Қазіргідей әтпелі кезеңде мемлекетіміздің унитарлық сипатына ерекше сындарлылық бермесек, ертең қоғамымызда демократияны одан әрі тереңдетудің тиянақ кеңістігін жасай алмаймыз. Онсыз баянды, орнықты ахуал орната алмаймыз.
Егемендікті нығайту тек ішкі ахуалмен шектелмейді. Әсіресе сыртқы ықпалдастықты ерекше ескеруді талап етеді. Әлемдік ықпалдастықпен қоса аймақтық ықпалдастық керек екендігін ешкім жоққа шығармайды. Оған қорғаныс та, қаржы да, экономикалық байланыс та мәжбүр ететіні рас. Бірақ, бұл арада да өткеннің тағылымын ұмытпаған лазым.
Жылы да тәуелсіздік берілген. Бірақ, араға ай түспей жатып туысқан жұмысшы табына көмек дегенді желеулетіп, Петроград Украинаның ішкі ісіне араласты. Киевтегі Орталық Радаға жарыстырып, Харьковта халықтық Украин Республикасының үкіметі құрылды.
1920 жылы РКФСР Әзірбайжанмен, Армениямен «әскери және қаржы-экономикалық одақ» жөнінде келісім-шарт жасады.
Ал 1922 жылғы 26 қыркүйекте Горькийде ауырып жатқан Ленин мен Сталин екі сағат қырық минөт сөйлесіп, республикаларды қайта біріктіруге келісті. Артынша Ленин Каменев пен саяси бюро мүшелеріне хат жазып: «...Бірінші тармақта «РКФСР құрамына кіру» дегеннің орнына — «Еуропа мен Азия кеңес республикаларының РКФСР-мен бірге шартты түрде бірлесуі» деп жазу керек.
«Тәуелсіздікшілердің» қытығына тимей, олардың тәуелсіздігін жоймай, тағы бір жаңа қабат, тең құқылы республикалардың федерациясын құрудың мәні зор»,— деп түсіндірген-ді. Айрықша мән беретін нәрсе: дербес мемлекеттердің тәуелсіз одағының үстіне жаңа қабат құрылып еді, олардың дербес билігінің орнына орта билік, орталық билік үстемдік алып шыға келді. Сырт қарағанда, ортақ мүдденің қамы сияқты. Түптеп келгенде, не боп шыққанына араға жетпіс жыл салып барып зорға түсіндік қой.
Аймақтық ықпалдастық та жақсы. Бірақ, абай болған дұрыс. Аузымыз бір күйген жерден екінші рет күймегені жөн. Тәуелсіз мемлекеттер Достастығы ықпалдастық жолында Еуропалық жаңа қауымдастықтың ұстанып отырған қағидаларынан алыс кетпеуге тырысқаны лазым.
Өйткені, бізге жаңарған әлемдік империя емес, жанарған әлемдік тәртіп керек. Ал, ондай тәртіп шын ықпалдастық тек шын тәуелсіз мемлекеттердің ғана арасында болады деп ұғады.
К. Ясперс: «Әлемдік тәртіп тек күштілер өзін-өзі тежей алса ғана, жүзеге асады. Күштінің өзін-өзі шектей білуі — баршаның бостан болуының басты шарты»,— деп еді.
Бізге, әрине, нарық та керек, демократия да керек, бірақ тәуелсіздік бәрінен де керегірек... Өйткені, біз тек тәуелсіз болсақ қана нарық пен демократияға жете аламыз. Ал, тәуелділік жағдайында нарыққа жете алғанымызбен, демократияға жете алмаймыз. Себебі: демократия мен тәуелділік — сыйыспайтын ұғымдар.
Біз әлі тәуелсіздік тағылымын баяу үйренудеміз. Ұлтаралық мәселеде халықаралық құқтық қағидалардан гөрі үйреншікті интернационализм догмаларына көбірек жүгінеміз. Ал олар қалыптасқан жағдайды тапжылтпай сақтап қалуға мүдделі екенін ашық көрсетіп отыр. Кейбір төресымақтардың анда-мында шапқылап, пана сұрағансып жүргені де содан. Қазақстанда қазақ шовинизмі бар дегенге кім сенеді?! Өз жерінде өзі аз болып отырған халық қалай ондай үстемдік орната алады?! Егер жер бетіндегі қазақтарды түгел көшіріп әкелген күнде де, олар ондай ықпалды көпшілік құрай алмас еді... Қазақстанда қазақтар ертеңгі экономикалық реформада ең тиімді сала индустриядан басқаларды қуып шығып жатыр ма? Жоқ. Сауда мен тұрмыстық қызметтен, транспорт пен байланыстан басқаларды қуып шығып жатыр ма? Жоқ. Инженерия мен ғылыми-техникалық қызметтен қуып шығып жатыр ма? Жоқ. Әлде парламентте, үкіметте, президент аппаратында, барлық министрлік, салалық, концерндік аппараттарда өзгелерді есіктен аттатпай, бірөңкей өздері болып билеп-төстеп отыр ма? Жоқ. Әлде құм мен сордың ортасына барып, табаны тілініп, еріні жарылып, қой баққым келеді деген басқа ағайынның қолынан қағып отыр ма? Жоқ. Ау, сонда бұл қандай шовинизм? Қандай қысымшылық?..
«Қазақ ұлтшылдығын, сынайтындар қазақтардың біреулерге жасап жатқан зорлық-зомбылығын көтере алмай отырған жоқ, өз қамын өзі жеуге, өз тілін, тарихын, мәдениетін өзі білуге деген кеш басталған азды-кемді қарекетінің өзін көпсініп отыр. Бұл — ізгілікке, демократияға жатпайтындығын былай қойғанда, саяси көрсоқырлық. Қандай ақыл иесі адам демократия жағдайында түпкілікті халықтың өмірлік мүдделері шешілмей жатқанда, өз мүддеме жете алам деп ойлайды?
Бұл ахуалдан арылу үшін біреулеріміздің кешегі «интернационалистік» астамшылдық, екіншілеріміздің «интернационалистік» жасқаншақтық психологиядан арылуымыз қажет.
Кісі аралық та, ұлт аралық та қатынастарда идеологиялық қисындарды былай ысырып тастап, тек қана заңның, күллі адамзат ұстанып келе жатқан халықаралық қағидалардың жүйесіне көшкеніміз дұрыс.
Олай болса, бұдан былай қай қазақстандық та республикада, ұлтына қарамастан, өз қалауымен үш түрлі статустың бірін таңдап алуы керек. Не бұл мемлекеттің азаматы болады. Онда оған тиесілі азаматтық, саяси құқтар мен бостандықтардың бәрі беріледі. Ол да соған лайық қарыздары мен парыздардың бәрін өтейді. Не қалаған мемлекетінің азаматтығын алып, басқа ел азаматы ретінде тұрады. Онда Қазақстан оның өміріне, меншігіне, адамдық мүдделеріне нұқсан келтірмеуге кепілдік бере алады. Бірақ, өз заңдарын сыйлау мен құрметтеуді талап етеді. Не азаматтығы жоқ адам ретінде тұра алады, оған да ешқандай нұқсан келтірілмейді. Ол да заңды құрметтеуге борышты болады.
Ендігі жерде ана халықтың өкілі, мына халықтың өкілі деген артық тәжікені қойып, әркімге әлгі айтқан азаматтық статусына қарай қатынас жасалуы керек. Тек құқық тілі ғана ұлттық белгіні саяси сауда-саттықтан құтқара алады. Тек сонда ғана ұлтаралық қатынасты тәуелсіздігіміз бен егемендігімізге қысым жасаудың құралы ретінде пайдалануға бөгесін жасауға болар еді.
Бұрынғы идеологиялық жалпақшешейлікті тастап, нақты заң, құқық тіліне үйрене алсақ қана, елдігімізді еңселендіре аламыз. Бұл — әрине, біздің бұған дейін де талай айтқан пікірлеріміз. Парламент сессиясында да, төралқасында да, ұлт саясаты комитетінде де, конституция комиссиясында да талай ортаға салған ойларымыз.
Ал, бүгін соның бәрін жіпке тізіп, жалпыға шығарғандағы мақсатымыз — егемендік ахуалын саяси құжыраларда талқылаудың уақыты өткендігіне, бұл мәселеде жалпы ұлттық, бүкіл халықтық, бүкіл қауымдық көзқарастар мен қағидалар қалыптастыратын уақыт жеткендігіне назар аудару.
Аман болса, Жаңа Конституция екінші оқылымда талқыға түседі. Елдік паспортымызды тезірек қабылдау орнына, тағы да әрі тарт-бері тартқа түсіргілері келетін пиғылдар да байқалмай қалып жүрген жоқ.
Бұндай жағдайда елдікті ойлайтын барша саяси күштердің ауыздары түзелсе, әбден лазым.
Елдіктен асқан бас қатыратындай не бар? Елдіктен басқа не керек?..
Тәуелсіздігіміздің бір жылдығының қарсаңында қай-қайсымыздың да мықтап ойланып, өткеннен қорытынды шығарып, ертеңгі беталыстарға бағыт белгілегеніміз дұрыс шығар...
Қысқасы, қазір — бетерден де бетер бар деген осы екен деп, қорынатын да, торығатын да кез емес, қолда бардан қалай айырылып қалмау керек деп, ойланып-толғанатын кез. Әрқайсымыз боп, әр шаңырағымыз боп, күллі жұртымыз боп бұдан былай жоқтан өзгеге сене бермей, былайғы дүниенің бәрі сияқты, күллі адамзат сияқты тек өз ақылымыз бен өз еңбегімізге сүйеніп, ата-бабаларымыз бен тарих қалдырған дәулетке ұқыпты ие боп, ешкімге есемізді жібермей, өз қамымызды өзіміз жеуге біржолата тәуекел ететін кез.
Әйтпесе, ертеңгі ақыл кеш, ертеңгі әрекет еш боп шығуы мүмкін.
1992.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі