Қазақстан Республикасы халық депутаты, жазушы Әбіш КЕКІЛБАЕВ пен жазушы Ахат ЖАҚСЫБАЕВТЫҢ сұхбаты
Ахат ЖАҚСЫБАЕВ: — Әбеке, осыдан дәл екі жыл бұрын — ақпанның аяғы мен наурыздың басында Сіз бен біз Павлодардың Баянауыл, Екібастұз аудандарында болыппыз. Осы екі ауданның жұртшылығы Сізді Қазақстан Жоғары Кеңесіне депутаттыққа кандидат етіп ұсынған еді. Сенімді өкіл ретінде Сізбен бірге мен де бардым. Есіңізде ме, сол жылы қар қалың болды. Қыдыратын кез емес. Жол алыс, жер шалғай. Ақ қар, көк мұзда барлық совхоздарды түгел аралап шықтық. Қаншама кездесулер өтті. Сіз де сөйлеп бердіңіз, ел де ықыластанып, риза боп отырды. Қариялар батасын берді. Қазақтың белгілі жазушысы, республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаты екеніңізді де біледі. Дегенмен, сайлау қорытындысы шыққанға дейін көңіл күпті болғаны рас қой. Себебі, баламалық негізде бір орынға үш кісі таласып, сайлаудың соңғы сағатына дейін тіресіп келді. Ал сізбен таласқа түскен екі кісі де — сол елдің бетке ұстар сыйлы азаматтары. Екеуі де өз елі, өз жұртында, қалың ағайынның ортасында отыр. Арғы атадан бері көз көргендері де көп. Аралас-құралас тұстастары да жетерлік. Бәрі жабылып қолдап кетсе, басқаға есесін жібермеуі мүмкін. Елге рахмет. Сізді Баянауыл мен Екібастұздан үш мың шақырым жердегі Маңғыстаудың тумасы екен деп бөлектемеді. Сайлау күні өз аулының екі адамын бөгеп, жолды Сізге берді. Сізге көбірек сенім артты. «Қанына тартпағанның қары сынсын», — деген жоқ. Азаматтың қадірін білетін бір қазақтың баласы екенімізді дәлелдеді. Бұл да ерліктің, өреліктің белгісі шығар. Ал депутат ретінде Сіз қазір сол елге не жақсылық жасап жатырсыз? Содан бері арада екі жыл өтіпті...
Әбіш КЕКІЛБАЕВ: — Дұрыс айтасыз, Ақа. Расында, тарихымызға қосқан үлесі зор, тағдырымыздан алған тағылымы мол жоралы жұрт елдік пен бірлік жолында өнеге болатындай өрелі мінез танытты. Соған сенгендіктен де, мен ол аймақтан дауысқа түсуге тәуекел еткенмін. Сайлаушылармен алғашқы сұхбатымыздың өзі-ақ жаңа парламенттің қандай болмағы төңірегінде өрбіді. Демократиялану мен имандану туғызатын тарихи мүмкіндіктерді ұтымды пайдалана білуге көбірек көңіл бөлінді. Депутаттыққа ұсынылатын азаматтардан бұрынғыдай жыртыққа жамау дәметпей, шынайы елжандылық, сол жолда істі насырға шаптырып алмайтындай білімдарлық, шалымдылық талап етілетіні ашық айтылды. Өз басым шама-шарқым келгенінше, ең алдымен, республикам мен халқымның көкейкесті мүдделерінің ойдағыдай жүзеге асуы жолында күш салуға сөз бердім. «Мұндағы Баянауылдың, ондағы Ұлытаудың, сонау Маңғыстаудың ұпайы тек сонда ғана түгенделеді деп түсінемін», — дедім. Жұртшылықтың: «Сол дұрыс. Қалған шаруаны өзіміз де бірдеңе етерміз», — дегенін өзіңіз де талай естігенсіз. Баянауылдықтар мен екібастұздықтар сол мәрт мінезінде тұрды. Шөп маған түсті. Әйтпесе, менімен бірге ұсынылған Сайлау Байділдин мен Қылышбек Баязитов қай додаға да лайық атпал азаматтар екен.
Обалы не керек, парламент сол халық дәметкен өреден шығу жолында еңбек етіп жатыр. Ондай іске біздің көп ұлттың өкілінен тұратын, құрамында ғылым, мәдениет, әдебиет пен өнердің көрнекті қайраткерлері бар ұлт саясаты, мәдениет пен тілді дамыту комитетінің айрықша ыждаһатпен қарайтыны, айтпаса да түсінікті. Кейінгі жылдардағы саясат теңізіндегі барлық сұрапыл кешегі баға қымбаттағанға дейін, негізінен, ұлт мәселесі төңірегінде өрбіп келді ғой. Ол тіпті де тегін емес еді. Унитарлық мемлекет жүрген жерде бір ұлттың мүддесін екінші ұлттың мүддесінен жоғары қою етек алады. Этакратиялық қоғам жүргенде бір қауымның тасы өрге, екінші қауымның тасы ылдиға домаламай тұрмайды. Ол екі сипаттың екеуіне де тосқауыл қойылмай, ешқандай демократия, ешқандай имандылық (гуманизм) орнамайды. Сондықтан да, унитаризм мен этакратия тұсында үстем ықпалдарға ие боп қалған саяси, этникалық, әлеуметтік қауымдардың әумесер жағы демократиялануды болдырмауға, айлакер жағы оны кешегі артықшылықтарын одан әрі орнықтырып қалуға пайдаланад
Советтер Одағы деп аталған саяси кеңістіктегі әлеуметтік дүмпулерді туғызып жатқан да осы екі күш. Ол екі күш унитаризм мен этакратизмнен көресіні көрудей-ақ көрген Қазақстандағы «жылы жұмсақтарынан» оңай айырылып қалғысы келмейтіні түсінікті. Әулекі жағы ашық экстремизмге ұрынып, жер даулайды, кешегі автократия тұсындағы ғана емес, баяғы самодержавие көзіндегі артықшылықтарына қайта ие болғысы келеді. Айлакержағы «демократия», «имандылық», «адам құқы» дейтін ұғымдарды тек өз пайдасына ғана теліп, басқалардың ұлттық мүддесін, тарихи қалыптасқан мемлекеттік егемендігін, өзін-өзі билеу құқын, тіпті, тілі мен мәдениетінің көкейкесті мұң-қамын мойындағысы келмейді. Мұндай жағдайда саяси-экономикалық, әлеуметтік-мемлекеттік реформалар жүргізу оңайға түспейді. Оны былтырғы егемендік декларациясын, биылғы тәуелсіздік азаматтық, конституцияға өзгерістер енгізу заңдарын талқылаған тұста өздеріңіз де байқаған шығарсыз. Сондықтан да, біздің комитетке парламент қабылдайтын бір де бір заң жобасын әзірлеу мен талқылау процестерінен қағыс қалуға болмайды. Қай комитетте, қандай мәселеде заң әзірленсе де, біз оған Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігін нығайту, ұлтымыздың мәдени-рухани, саяси-мемлекеттік қайта өрлеуін қамтамасыз ету, республикадағы жарастықты ахуалды орнықтыра түсу тұрғысынан күнбе-күн өз үлесімізді қосып отырамыз. Оның үстіне, республикада ұлтаралық қатынастармен шұғылданатын бір де бір үкіметтік ұйым жоқ. Сондықтан, бұл мәселеде басқа аймақтарға да, өз ішімізде де болып жатқан процестерге уақтылы талдау жасап, баға беру, пәтуа айту да біздің мойнымызда. Бұл салада күнбе-күн туындап жататын сан қилы ситуацияларға республика егемендігіне нұқсан келмейтіндей позиция табу оңай шаруа емес. Комитет көзінде әлеуметтік қобалжулар туғыза жаздаған тіл туралы заңды қайта қаратуды, ол жайында мемлекеттік бағдарламаны қабылдатпауды, көпұлттылықты сылтау етіп территория даулап, автономиялар талап ету, этникалық бөліне-жарылушылықты, басқа тараптарда болып жатқан саяси тартыстар мен ұлтаралық кикілжіңдерге бізді де араластыруды, өз ішімізде де алалық туғызып, информациялық, идеологиялық шабуылдар жасауды көздеген іріткі әрекеттер турасында тиісті табандылық таныта білді.
Әрине, Баянауыл, Екібастұз аймағының тағдырына енжар қарай алмаймын. Алдыңғы жазда Павлодар облысының полигоннан зардап шеккен аудандары жөнінде келген жұртшылық делегациясына өз қолғабысымды тигіздім. Майқайыңдықтардың тапсырмасымен президент кеңесі, үкімет орындары алдына мәселе қойып, Бөгенбай батырдың тойының өткізілуіне атсалыстым. Қазір Сұлтанмахмүт Торайғыров тойы жөніндегі шешім әзірленуде. Ақын зираты тәртіпке келтіріліп, күмбез орнатылды. Кейбір шаруашылықтардың мәдениет орындарын жабдықтауға, Павлодар қаласындағы, Жүсіпбек Аймауытов ауылындағы жаңа мәдени бастамаларға қолдан келгенінше көмектесіп жүрмін. Бұқар, Мәшһүр Жусіп, Жаяу Мұса, Шорман әулетінің зираттарының да әлі тарихи маңыздарына лайық кейіпке келіп болмағандарын білемін.
Міне, мынау сайлаушылардан, жекелеген ұйымдардан түсіп жатқан хаттар. Айтылатын өтініш-қолқалар да әр алуан. Қайғылы әке жұмбақ жағдайда жоқ болған баласының тірі болса өзін, өлі болса мүрдесін іздейді. Уайымды екі жанұя, бірі — әскердегі, бірі — түрмедегі баласының жағдайын айтып жабырқайды. Басқа республикадағы бауырларымыз баспахана, мектеп, оқулық, тіпті азық-түлік мәселесінде көмек сұрайды. Тарихи-мәдени қорық жасау, ұлттық ісмерлікке көмек, сырттағы қазақ жастарын бізде, біздегі қазақ жастарының кейбірін сыртта оқыту — қойылмай жатқан мәселе жоқ. Бұл жағынан көптеген басшы мекемелер үшін ең бір мазасыз депутаттың бірі менмін. Міне, бұрынғы партия тарихы институтының кітапханасы мен кітап қоймаларын кітапханамызға алып беру жөніндегі үкіметке қойған ұсынысым. Мемлекеттік билік орындарының біреуі мені қолдаса, екіншісі жаңадан ашылатын политолоғия, менеджмент мектебіне беруді қолдайды. Қысқа жіп қол байлайды деген осы. Қаржы жұтаңдығы тиісті орындардың Баянауылдағы ұлттық паркке байланысты маған берген уәделерін әлі жүзеге асыртпай келеді. Оның үстіне, билік, меншік бөлісудегі жаңа жүйе депутат аманаттарын қарауда қолбайлауды көбейтпесе, азайтқан жоқ. Бірақ, бұл мәселеде бәрібір қол қусырып қарап отырмасымыз белгіл.
Ахат ЖАҚСЫБАЕВ: — Бүгіндері елдің жоқ-жітігі көп қой. Әсіресе баға дегеніңіз аспанға шығып, бой беретін емес. Дегенмен, өзіңіз сайланған екі ауданға қатысты бірталай игілікті істерді қолға алған екенсіз. Бәрі баянды боп, жақсылығымен жалғаса берсін. Бір айтайтын дегенім — қазір заман ағымы өзгерді, түсінік басқаша. Бұрынғы қалыптасқан дағды бойынша, депутат өзі сайланған жерге ғана «бақ» орнатып, тек соның мұң-мұқтажын ойлауы керек болатын. Депутаттың кіріспейтін мәселесі, араласпайтын ісі кемде-кем еді. Өйткені, «депутат — халық қызметшісі» делінеді. Халық қит етсе шағымданып, депутатқа жүгіріп, көмектесуін өтінеді. Сөйтіп, тікелей жергілікті орындар атқаруға тиіс жұмыстар депутатқа аманат етіліп, сұраушы да, қозғаушы да сол болды. Біз қазір мұндай көзқарастан арыла бастадық. Әсіресе, Жоғарғы Кеңес депутатының өз міндетін қалай атқаратыны Жоғарғы Кеңес сессиялары көзіндегі және тұрақты комиссиялардағы қызметімен, сондағы тындырған істерімен бағаланатынын түсіндік. Бұрынғы уақыттағы сессияларда тыңдап қана отырып, дауысқа салғанда үнсіз қол көтеріп «бірауыздан қабылданды» дегенге үлес қосып, қара көбейтіп қайтатын депутаттық «міндет» келмеске кеткен сияқты. Жасыратын несі бар, депутаттық куәлікті иеленудің рақаты да, жеңілдігі де көп еді. Ендігі жерде депутат болу — ақыл-ойың да, білгірлігін де, мінезін де молынан сыналатын ауыр міндет екені белгілі. Осы күні теледидардың, баспасөздің арқасында республика Жоғарғы Кеңесі сессиясы кезінде көп жайдан хабардар боп, көзбен көріп отырмыз. Талай депутатты танып та қалдық. Өзіміздің Собчактарымыз да бар. Халық сыншы ғой. Кімнің қандай екенін де аңғарады. Кімнің не оймен, қандай мақсатпен таласып жатқанын да үйде отырып ішіміз сезеді. Қояр сұрағым: біздің парламенттің мінезі қандай? Кейде басы ашық мәселеде неге сонша таласасыздар?
Әбіш КЕКІЛБАЕВ: — Иә, қазір еш мәселе пікір сайысынсыз шешілмейді. Ол, әрине, бас шұлғи салатын бірауыздылыққа қарағанда әлдеқайда ғанибет. Көпе-көрнеу қиянатқа жол бермейді. Алайда, парламент нағыз демократияға ойдағыдай бауыр басып болды деп айта алмаймын. Ол үшін шынайы азаматтық қоғам қалыптастыруымыз керек. Біріміздің мүддемізді біріміз сыйлап үйренуіміз керек. Сонда кейбір басы ашық мәселелер қазіргідей таласқа түспес еді. Кейбіріміз кешегіні көксейміз. Кейбіріміз дүниеде мүдделер бөлісі жүріп жатқандығын, өз мүддемізді осы бастан ойдағыдай қамдастыра алмасақ, ертең қапы соғып қалатынымызды әлі аңғарып болған жоқпыз. Үшінші біреулер әліге дейін ұлттың қамы, ұлттың мүддесі дегенді тек қана ұлтшылдық деп түсінеді. Төртінші біреу дәлелге жүгінудің орнына беттен алуға дайын тұрады.
Дей тұрғанмен, кейбір мәселелерде соншалықты «қазымыр» парламент кейбір мәселелерде соншалықты «аңқау», соншалықты енжарлық танытып жүргені рас. Әсіресе, жаңа экономикалық қарым-қатынастарды орнықтыру мәселесінде. Әрине, әкімшіл-төрешіл үлестірмелі экономикамен қоштасатын уақыт жетті. Алайда, бұл істе кешегі ведомстволық өзімшілдіктен көресіні көрудей-ақ көрген Қазақстанның кейбір «өзіндік» сипаттарын ескермей болмайтын еді. Бәрінен бұрын, ертең жекешелендіру көзінде кімге не тиеді дегенді мықтап ойланғанымыз дұрыс еді. Дамыған индустриялық секторда аса бай табиғи ресурстарға ие территорияның байырғы еңбек ресурстары тым мардымсыз қамтылған. Ал олардың жетпіс проценттейі тұратын ауылдағы шаруашылықтардың хәлі мүшкіл. Мұндай жағдайда көбіне-көп қайтарымды жолмен, еңбек ұжымдарының еншісіне беру жолымен жүргізілетін жекешелендіру кешегі ведомстволық экономикалық саясаттың алақолдығын одан сайын асқынта түспесе, жұмсартпайтыны аян. Көптеген әлеуметтік топтарға, әсіресе білім, денсаулық сақтау, мәдениет саласында еңбек етіп жүргендерге мұндай игілік бөлісуден тиер пайда шамалы. Әуелі экономикалық қатынастар әділеттілендірілмей тұрып, қоғамдық қатынастардың да демократияландырылмайтыны түсінікті. Сондықтан да өз басым меншікті қайтарымды жекешелендірумен қоса цивильдендіруді (азаматтарға тегін бөліп беруді) жақтаймын. Жекешеленетін игіліктің басым бөлігі екінші жолмен жүзеге асырылғаны дұрыс. Өйткені, оның бәрі әуелде жекеден алынған меншіктің негізінде ендірілген игілік. Екіншіден, ол игілікке бастау болған табиғи байлықты иелену мен қорғауға ата-бабамыздың талай ұрпағының ғұмыры сарп болды. Үшіншіден, совет жылдарында жоспарлы экономикаға еткен талай буынның еңбегі зая кетіп отыр. Ендеше, нарық экономикасына көшерде кім-кімнің де іскерлік пен кәсіпкерлік қабілетін танытааларлық бірдей старттық мүмкіндік талап етуге моральдық хақысы бар. Бұл мәселеде азаматтардың байырғылық стажын, еңбегін, жасын, жастар мен сәбилердің болашағын айрықша ескеру тіптен әділетті болар еді. Ондай саясат жалпы бұқараның іскерлік бастамашылдығының күшеюіне, біреуге біреу көз алартпай, әркім өз күш-жігеріне сенетіндей ахуал орнауына жағдай туғызар еді.
Бұл жайында өзім де, талай әріптестерім де, қанша рет сөйлеп, қаншама дәлелдер келтірсек те, біреу түсінді, біреу түсінбеді, біреу түсіне тұрып, түсінбегенсіді. Алайда әлі де кеш емес деп білемін. Меншіктің дені әлі мемлекет қарамағында. «Шағын жекешелендіру» әлі қарқын алып кете қойған жоқ. «Орта», «үлкен» жекешелендірулер әлі алда. Республикалық, коммуналдық меншік бөлісу енді басталды. Қабылданған заңға сәйкес «шағын», «орта», «үлкен» жекешелендірудің республикалық, аймақтық бағдарламаларын жасақтау енді қолға алынбақшы. Сол тұста мемлекетіміз бен аймақтарымызды, аудандарымыздың әкімшілік, кеңес орындары жекешелендіру түрлерін белгілегенде цивильдендіруге басым сипат берсе, халықтың барша демографиялық сипаттамаларын мұқият ескерсе, оған әлеуметтік әділет тұрғысынан ғана келсек, көптеген асығыстықтарды түзетіп, жағдайды асқындырып жібермеуге әбден болады деп есептеймін. Унитарлық мемлекет, этакратиялық қоғам салқынынан әлі арылып болмаған тұста қабылданған кейбір байыптамалар мен бағыттамаларды жаңа тарихи жағдайды ескере отырып, қайта пысықтап, қайта пісіргеннің еш айыбы жоқ деп білемін. Құдайға шүкір, төбедегіміз келді, тәуелсіздікке иеміз. Оны, ең алдымен, қоғамымыздың бүгінгі жарастығы мен ертеңгі бола-ағын қапысыз қамдастыруға қызмет еткізе білуге дағдыланатын кез жетті.
Ахат ЖАҚСЫБАЕВ: — Әбеке, өзіңіздің сөзіңізбен айтсақ, «төбедегіміз келді». Біз бүгін — тәуелсіз Қазақстан Республикасымыз. Айтып жеткізе алмас қуанышқа бөлендік. Ғасырлар бойы басылып келген еңсемізді көтеріп, көппен теңестік. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болсақ, біздің мемлекетімізді дүние жүзінің көптеген елі мойындап, елшілік қатынастар орнатып жатса, халықаралық аренадағы өзіміздің лайықты орнымызды алғанымыз емес пе?! Біз жер көлемі жағынан дүние жүзі елдері арасында тоғызыншы орында екенбіз. Жер қойнауындағы қазына байлықтарымыз өз алдына. Осының өзі-ақ қиялыңды шарықтатып, көңіліңді тасытып, небір жақсы ойларға жетелейді. Ендігі жерде тәуелсіз Қазақстан елімен санаспау, мойындамау мүмкін емес. Енді өзіміздің жеке басымызға келетін болсақ, біз әлі де өзіміздің қандай елдің азаматы екенімізді толық сезіне алмай жатқан секілдіміз. Тәуелсіз елдің азаматы өзінің іс-әрекетін, жүріс-тұрысын, сейлер сөзін республиканың бүгіні мен ертеңі тұрғысынан саралап, елдік қасиет, ұлттық намыс, ұрпақ қамы деген белгілермен өлшеуі керек қой. Көп ұлтты ел екеніміз рас. Лайым, тыныштық, достық қатынас болсын. Қазақ қашан да ел намысын алдыңғы орынға қойған. Байқайсыз ба, бізде осы асығыстық бар. Кейде мәселенің байыбына бармай, анық-қанығына көз жеткізбей дабыраға, құр айқайға жол береміз. Ұраншыл болу да жақсы емес. Бәрін де тез тындырып, тез қалпына келтіруге құмармыз. Сөйтіп, қазіргі жағдаймен санасуды, өзіміз оңаша отырмағанымызды, өзгелердің де сөзімін сыйлап, көңіліне қарауды естен шығарып аламыз. Содан бір тектес мәселелер төңірегенде қайта-қайта таласып, қайталап айта беру басым. «Бүгін неге жер атын өзгертпейді, көше атын бермейді» деп мазасызданып, «осылардан қашан құтылар екенбіз» деп кіжініп, әншейін кикілжіңге себепші боп жүрміз. Ілінісе кетуге, қызынып сөйлеуге үйірміз. Өз билігіміз өз қолымызға тиген уақытта үлкен сабыр, төзім керек шығар. Ойлап қарасақ, ертең-ақ орнына келетін, кемі толатын, уақыттың өзі-ақ шешетін мәселелерді бүгіндер зорайтып көрсетіп, зорлықпен орындағымыз келеді. Президентіміз Нұрағаң бір сөзінде «Енді еңселі ел болу жолына шындап түсуіміз керек» деген еді. Ол кісі тағы да «Асықсақ та, аптықпайық» деген болатын. Басты мәселе шешілді емес пе — біз енді тәуелсіз елміз. Іргелі елдің баласына ірілік жарасады. Көбіне шыдағанда азына шыдайық та. Сіз қалай ойлайсыз?
Әбіш КЕКІЛБАЕВ: — Асықпаймыз деп бейқам қалудан да, асығамыз деп, ағат қимылдап, онсыз да біткелі тұрған шаруадан ши шығарып алудан да мейлінше абай болғанымыз дұрыс. Қазіргі тарихи кезең бәрімізден де айрықша зерделілікті, айрықша зергерлікті талап етеді. Мұндай кезеңде не айтсақ та, не істесек те, байыбына барып істегеніміз дұрыс. Әсіресе, жөнді-жөнсіз бәсекенің қажеті шамалы. Өзіңнің жақсы іс тындырып жүргеніңді айту үшін өзгенің істеп жатқанының бәрін мансұқтамаудың, басқа көшелерде айтылып жатқанның бәрін біздің көшеге әкеп айқайлаудың, басқа мінбелерде айтылып жатқанның бәрін біздің мінбеден қайталаудың да тигізер пайдасы шамалы. Соны ескермегендіктен халқымыз үшін кезек күттірмес мәселелерді алдын-ала байыптауға аз мән беріп келеміз. Көптеген жаңалықтар, оның бүге-шігесін әлеумет әлі әбден түсініп үлгермей, орнап қалып жатыр. Қауымды сондайға әзірлейтін уақыт, қоғамдық пікір, әлеуметтік бастама барлық уақытта ұтымды пайдаланылмайды. Нарықтық экономиканың, демократиялық конституциялық құрылыстың праволық мемлекет пен азаматтық қоғамның көптеген мәселелеріне бұқараны былай қойғанда, мамандардың өздері жеткілікті қанық емес екендіктері байқалып қалып жүр. Сондықтан да, атқарушы өкіметтің істейтін ісін заң шығарушы өкіметтен, заң шығарушы өкіметтің билігіндегі мәселелерді қоғамдық бірлестіктерден, қоғамдық бірлестіктер парызын заңның орындалуын қадағалайтын соттық билікпен шатыстырушылық етек алуда. Мұндай әлеуметтік белсенділік заңдылықты күшейтпейді, әлсіретеді. Әділет іздеуде билік жолындағы күрестің ойыншығына айналдырады. Қабылданған заңның орындалмайтыны да содан туады. Жұрт әлі заңның орындалуын атқарушы өкіметтен, оны қадағалауды соттық өкіметтен талап етуге үйренбеген. Шырқ айналып табатындары — заң шығарушы орын. Қит етсе, соған жүгіріп, соған қысым жасайды. Бұл бізде әлі нығайып болмаған парламентаризмді әлсіретпесе, күшейтпейді.
Тағы бір назар аударатын мәселе — биіктегі президент пен парламенттік демократияның аяқ алысын көз жазбай қадағалай жүре, қасымыздағы жергілікті өкімет пен муниципалдық демократияның қалай өркендеп жатқанымен ісіміз болмайды. Көп ұзамай кезекті муниципалдық сайлау. Бұлай жүре берсек, муниципалдық мандаттар жолындағы күресте ұпайымызды түгендей алмай қалуымыз әбден ықтимал.
Ахат ЖАҚСЫБАЕВ: — Әбеке, тағы бір сөзім бар. Біздегі өз ұлтымызға тән бұрыннан бар, бірақ ұмытыла бастаған қатынастарды жандандырып, қайта қалыптастыру өте қажет. Бұл, әсіресе, келешек ұрпақ үшін және қазақтың бүгіндері өз ана тілін білмейтін 40 процент бөлігі үшін қажет. Ұлтының айрықша белгілерін қай қазақ әдейі ұмытты дейсіз. Ұмыттырған — отарлау саясаты, берідегі әміршіл, зорлықшыл жүйе, коммунистік идология емес пе! Бұл қатынастар, меніңше, тек әдет-ғұрып, салт-дәстүрді қайта оралтумен шектелмейді. Ұлттық сана, ар-ождан, тәрбие, өнеге қалыптары, адамшылық қарым-қатынастар деген сияқты түбегейлі тақырыптарды, сондай-ақ тілді, дінді қамтыған жөн. Қазақтың үлкенді сыйлауы, сөзге тоқтауы, қонақжайлылығы неге тұрады. Ата-ана, ұрпақ алдындағы борышын сөзінуі ше? Өз шаңырағына, ата салтына адалдығы ше? Бүгінгі «кәрі қыз», «тастанды бала» мәселесі қазақ қауымына тән бе ед? От басының азып-тозуы да қазақ үшін құлақ естімейтін жат қылық емес пе еді?! Олай бола қалған күнде ел жақсылары ондайларды тезге салып, түзеп алмаушы ма еді?! Ата-бабамызда жоқ әдет — ішкілік жайын айтпаса да болады. Тост сөйлеуден басқа қызығы жоқ, ән айтылмайтын тойларды да көріп жүрміз. Жезде-балдыздың, жеңге-қайынның, құрдастардың жарасымды әзіл-қалжыңдары да — қазақтың бір қызығы еді. Ал қазақи әдеп өз алдына бір үлкен тақырып... Айта берсе, «Біз осы не боп барамыз?» деп, қатты қынжылтатын мәселелер көп...
Әбіш КЕКІЛБАЕВ: — Бұл мәселенің күн тәртібінен түспей, айтылмаған көзі жоқ шығар. Қазіргідей өтпелі кезеңде өте-мөте тебірентетіні де рас. Айтарым: өз қағымыздан өзіміз таңдай қата болып, өзімізге өзіміздің көзіміз өтіп, өзімізге өзіміз тіл тигізіп алу да абырой әпермейді. Мемлекетіміз жаңа дәрежеге ие болды. Демек, ұлттығымыз да жаңа сапаға ие болғаны жөн. Жаңа биікке өзіңді өзің мақтап көтерілмейсің, өзіңді өзің мұқияттап көтерілесің. Өз күніңді өзің көру — өте қиын шаруа. Ол үшін өзгелерден кем білікті, кем өнерпаз, кем еңбекқор болуға болмайды. Біздің ұлтымыздың үш ғасырлық езгінің салдарынан ұтылғаны аз емес. Еті тірі жағымыз білікке таласудың орнына билікке таласын, заманның қабағынан гөрі адамның қабағына қараңқырап, намысшыл болудың орнына шамшыл болып, ақылдан гөрі айлаға жүгініп үйрендік. Қалың бұқарамыздың сол әлі аңқау, бейқам қалпы «көп айтса, көнді, жұрт айтса, болды», — дейтін қағидамен жүріп жатыр. Мұндайда бүгінімізден бөзініп, кешегімізге қайта жүгіргеннен гөрі, жан-жағымызға қарап, былайғы жұрттардың кеше нендей болғанын, бүгін неге жеткенін ескере отырып, кешегімізден де, бүгінгімізден де тиісті қорытындылар шығарып, ертеңге ұмтылғанымыз дұрыс шығар. Өйткені, қанша тәуелсіздік алғанымызбен, бәрібір зиялылық жағдайында, бәрібір күллі азаматтық қауымдастық ортасында өмір сүреміз. Кешегі қалпында қалдырмаған былайғы дүние ертең қалдырады ғой дейсіз бе?! Сондықтан да, өзгелерден кем де, артық та емес, тең тұруға тырысқан жөн. Ондай теңдік жалпы адамзатқа ортақ демократиялық саяси үрдісті, имандылық тәр-тәртіпті, технологиялық, праволық мәдениетті қапысыз меңгерген жағдайда ғана жүзеге асады. Басқалардың қолдарынан келіп жатқан барлық нәрсе өз қолыңнан түгел келмей тұрып, бәрібір тең бола алмайсың. Сондықтан, өзімізді өзіміз алдарқата бермей, көп нәрсеге жаңаша қарап, жаңа тәуекелге бел бууымыз керек. Қолынан көп нәрсе келмейтін көп қазақтың бірі ретінде мені осы жағы көбірек толғантады.
Ахат ЖАҚСЫБАЕВ: — Әбеке, жалтақтамай, білтелемей турасын айтсақ — біз енді көбеюіміз керек. Өз жерімізде өз ұлтымыздың саны өссе, көп мәселенің шешімі қолымызға тиер еді. Бұл біздің ешкімнің ортағы да, өкпесі де жоқ табиғи әрі заңды тілегіміз. Әйтеуір, қашанда қазақтың басқадан бір бағы кем боп келді. Өз еркінен тыс небір зобалаңға ұшырап, саны кеми берген, кеми берген. Осынша ұланғайыр жерді иеленіп, осынша аз болуымыз — біздің кінәміз емес, қасіретіміз. Егер бізге тиіспегенде, тәуелсіз ел ретінде өз тірлігімізбен өмір сүріп, еркін дамыған жағдайда қазір халқымыздың саны кемі 40 миллионға жетеді екен. Әлі күнге дейін жан-жаққа ауған елдің басы бірікпей жатыр. Қазақтың үштен бір бөлігі бүгіндері Қазақстаннан тыс жерлерде тұрады. Шеттегі қазақтар үшін Қазақстан — үлкен үйі, қарашаңырақ, әрі-беріден соң, атамекен, Отан. Алыстағы адамның сағынышы мол. Туған жердің бір уыс топырағына зар. Егер қолына тие қалса, бой тұмар етіп сақтайтынын да білеміз. Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің өткен сессиясында Қазақстан азаматтығы туралы Заң қабылдадыңыздар. Сол Заңда шеттегі қазақтардың бәрі де Қазақстан азаматы болуға ерікті делінгенін оқығанда өзіміз үшін де, алыстағы танып-білмеген қандастарымыз үшін де қатты қуандық. Енді бұдан былай өз жерінен өгейсітпей, өз азаматымыз деп, келсе қабылдауға әзір екенімізді Заң жүзінде жария еттік. Шеттен көшіп келетін бауырластар — біздің бас біріктіруіміздің, көбеюіміздің бір жолы. Бір өкініштісі, «ата жұртым, елім» деп, көшіп келе бастаған сол ағайындарды кей жерлерде баяғы сол қазақи бейқамдықпен дұрыстап қабылдай алмай жатырмыз. Заңды қабылдадық екен, орындау міндет қой. Тіпті елдігімізге мін емес пе! Алдағы уақытта бұл мәселе қалай реттелуге тиіс? Алыстан келген ағайын жер-жерде әлдекімнің қас-қабағына, көңілінің қалауына тәуелді болмағаны жөн.
Әбіш КЕКІЛБАЕВ: — Бұл арада да шындықтың бетіне тура қарауымыз керек шығар. Дәл бүгін таңда ел аңсап, көшіп келгісі келген бауырларымызға Қазақстан тарапынан ешқандай праволық бөгесін жоқ. Оған керек зандық нормалардың негізгілері алынды. Соларға сүйеніп қоныс аударушылар болса, оған мүмкіндігінше көмек көрсетуді көздейтін үкімет қаулысы да шықты. Алайда, жан-жақтан келіп жатқан бауырларымыздың бірден күрп ете қалып жатпағанын да білеміз. Қолда бар праволық мүмкіндікті ұтымды пайдалануға тиісті билік орындарының өнері жетпей отыр. Бұл — бір. Жоқтық жомарттың қолын байлап отыр. Бұл — екі. Тарихтың мұндай сәтті қабағын қапы жібермей пайдаланып қалу үшін кейбір қиындық пен қысылшаңдыққа төзуге тура келетінін іштегі де, сырттағы да бауырластарымыз түгіл түсініп болмай жатыр. Бұл — үш. Әйтпесе, есіміз барда елімізді тауып алу үшін дәл бүгінгіден қолайлы жағдай туа береді деп ойлау, арқаны тым кеңге салушылық болар еді. Өйткені, келгендердің жағдайын күрт жақсартып жібере алатындай экономикалық ахуал тым шұғыл орнай қоймасы қазірдің өзінде-ақ белгілі. Көші-қонға қолайлы жағдай жасайтын мемлекетаралық қатынастың бұдан гөрі жақсара түсер-түспесі тек біздің қолымыздағы шаруа емес. Советтер Одағының ыдырауына байланысты қайта жіктелу, қайта ықпалдасу процестерінің қай бағытта өрбитінін өз басым ашып айтып бере алмаймын. Ендеше, барша қандастарымыз болып, басымызды көбейтуде қазір қапы соғып қалмайық. Ол үшін «Көші-қон заңын» күтудің де қажеті шамалы. Ол заңның бұл мәселеге керекті баптары тәуелсіздік, азаматтық заңдарында қамтылған. Ендігі жаңадан қарастырылатыны — қазіргідей жаппай көші-қон тұсында Қазақстанды қайтадан аяқасты қылып алмаудың жағдайлары. Өйткені, бұрын да сан рет айтқанымыздай, біз «жабық» та, «жайдақ» та қоғамға айналмағанымыз жөн.
Ахат ЖАҚСЫБАЕВ: — «Көбеюіміз керек» демекші, осыған орай тағы бір мәселені алға тартқым келеді. Өсер ел ұрпағын ойлайды. Шымкент облысының Отырар (бұрынғы Қызылқұм) ауданына барғанымда бір ауданда 500-ден астам Батыр Ана барын естіп, бір қуандым. Өткен жылы Жезқазғанның Жаңаарқа ауданының «Жеңіс совхозында болғанымда «осы ауылда 56 Батыр Ана тұрады» дегенді естіп қуандым. Енді ойланып көрелікші, әр ауыл, аудан, облыста, Қазақстан көлемінде қанша Батыр Аналар бар. Балалары өсіп-өніп, үйлі-баранды болған жағдайда әрбір Батыр Ана біртұқымнан өрбіген бір-бір ауылдың Анасы екен-ау. Көп балалы аналар, оның ішінде, әсіресе, Батыр Аналар — біздің ұлттық байлығымыз. Сол Батыр Аналарға біздің бүгінгі қамқорлығымыз қандай? Қазіргі қымбатшылық заманда күн көрістері тым қиындап кеткен жоқ па екен?! Солардың ер жетіп, есейген балаларының біразы оқу-білім іздеп, мамандық қуып үлкен қалаларға, астанаға ұмтылады. Жақсы талаппен ілгері басып, қатарға қосылуға талпынуын қуаттамасқа болмайды. Бірақ солардың біразы қалаларда, астанамыз Алматыда қанша тырысқанымен тұрмысын түзей алмай, пәтер таппай, «баспанасыздар» қатарын көбейтуде. Осылардың арасындағы көп балалы шаңырақтың, Батыр Ананың балаларына ерекше көзқараспен жеңілдіктер жасап, кезектің алдында қойсақ қайтеді. Батыр Ананы ел анасы дәрежесінде бағалап, айрықша қамқорлыққа алсақ, осыдан ел ризығы ортаймайтын шығар. Қазақ барын бөліп баласына берген ғой.
Әбіш КЕКІЛБАЕВ: — Бесігі бостың тері қайдан толы болсын?! Бастың көбеюіне үй болып, барының аман жетілуіне ел болып қам жасамасақ, базарымыз азая бермек. Әлгі айтып отырғанымыздың әрқайсысы бір-бір байыптама жасақтауды талап ететін мәселе, бір бағыттама жасап, жүзеге асыруды қажетсінетін шаруа. Нағыз ел қамы. Балалы аналарды ардақтайтын ордендер де, құрметті атақтар да болады. Дербес зейнетақылар да, басқа жәрдемдер де беріледі. Меніңше, бұл мәселені тек бұнымен шектемегеніміз жөн. Ұлттық санатымыздың толығуының жан-жақты жолдары қарастырылған ұзақ мерзімді бағдарлама қажет сияқты. Онда табиғи өніп-өсу, көші-қон, тәрбие, білім беру, территориялық жайғастыру, кәсіби жетілу, экологиялық қауіпсіздік этникалық жарастықты орта жасақтау, шектес, аймақтас, құрлықтас, әлемдес саяси-мәдени кеңістіктермен рухани-әлеуметтік байланыс мәселелері орайлас қамтылса қандай дұрыс болар еді. Жалпы, тәуелсіздік және ұлттық фактор, тәуелсіздік және адамдық ая мәселелерін жан-жақты қарастырмай, ұрпақ көбейту, ұрпақ жетілдірудің ұтымды жолдарын табу қиын. Қысқасы, билік орындарына қапысыз ойластырылған демографиялық саясат қалыптастырмай болмайды.
Ахат ЖАҚСЫБАЕВ: — Әбеке, Сіз «Үркер», «Елең-алаң» романдарын жаздыңыз. Екі романның да басты кейіпкері — Кіші жүз ханы Әбілқайыр. Сұрайын дегенім: қазіргі уақытта романдағы тарихи оқиғаларға қатысты көзқарасыңыз өзгерді ме? Егер романды енді ғана қолға алсаңыз қалай жазған болар едіңіз? Күні кешеге дейін «Қазақстан Россияға өз еркімен қосылды» деп келдік. Осы тарихи оқиғанын 250 жылдығын да дүрілдетіп тойлағанбыз. Сондай-ақ, Әбілқайыр ханға қалай қарайсыз? Кейінгі кезде «Әбілқайыр хан қазақ жұртының орысқа бодан боп қалуының бірден-бір себепшісі» деген пікірлер айтылып жүр. «Жұрт оған көзінің тірісінде-ақ қазақ еліне жік салушы, опасыз, сытқын ретінде қарай бастаған» дейді. Шындығында солай ма? Өз басым, әркім өзіне тартып, бір ханды көтеріп, екіншісін тәмендету, бір батырды соншама дәріптеп, екіншісін әдейі елеусіз қалдыру «науқаны» басталмаса екен деймін.
Әбіш КЕКІЛБАЕВ: — Бар нәрсеге байып керек. Әсіресе, өткенді бағалауға керегірек. Менің әлгі кітаптарды жазғандағы мақсатым да халқымыз бұдан үш ғасыр бұрын тап болған өткелектің қыр-сырына үңілу еді. Оны мен көрші отырған екі халықтың бір-біріне ет жүрегі елжіреп бара жатқандықтан болды деуден аулақпын. Бірақ қай халықтың тағдыры да тек өзінің не көксейтініне ғана емес, өзін қоршаған ортаның не ойлап, қай пиғылда жүргендігіне байланысты екендігі белгілі. Егер қазақ халқының тәуелсіздікке қолы бүгін ғана жетіп отырса, бұған дейін азаттықты көксеменгендігінен, ол жолда күреспегендігінен емес. Жекелеп келгенде, ешқайсымызға әл бермеген әлемдік империяны күллі адамзат боп замана ырқына көндірудің орайы бүгін келіп отырғандығынан. Демек, тарихи заңдылықта. Жақсылық та, жамандық та содан өрбиді.
Мен де халқымыздың соңғы үш ғасыр ішінде өткен өткелегінің бастапқы кезеңін бейнелейтін шығармамда аталмыш құбылысқа тап қылған жағдайларды жан-жақты ашып көрсетуге тырыстым. Өйткені, өткендегінің ащысын да, тұщысын да бірдей білу керек. Көбі азына, күштісі әлсізіне әлімжеттік жасамай тұрмайтын ала-құла дүниеде тек іштегі ынтымақты сырттағы ықпалдастықпен орайластыра алған елдің ғана көсегесі көгереді.
Әлі түгел аяқталып бітпеген, тек екі кітабы ғана жарық көрген тарихнаманын негізгі айтпағы осы.
Әдебиет «Құрмет тақтасы» да, «мазақ тақтасы» да емес. Ол тек бір жақты мақталуға, не бір жақты датталуға лайық адамдардан гөрі, өз басындағы драма халық басындағы драманы ашып бере алатын, өз тағдыры халық тарихына ұласып жататын, күрделі де қайшылықты тұлғаларға көбірек көңіл бөледі. Менің кейіпкерім де — дәл сондай тұлға. Трагедиялық тұлға. Ондай адамның тауқыметті тағдарының қыр-сырын ашпай тұрып, дәріптеу де, мансұқтау да ұшқарылық болар еді. Менің білуімше, оның тағдыры — суреткер үшін шұқшия зерттеуге, бүгін де оңай емес, ертең де оңай бола қоймайтын саяси талайымызға тағылым бола аларлық көп сыр табуға болатын тағдыр. Ол жайында қысқаша айтуға болатын болса, мен бірнеше кітаптан тұратын еңбек жазуға талаптанбас едім ғой.
Ахат ЖАҚСЫБАЕВ: — Әбеке, Жоғарғы Кеңесте Сіз ұлт саясаты, мәдениетті, тілді дамыту жөніндегі комитеттің төрағасысыз. Жоғарғы Кеңестің сессиялары кезінде Сізді теледидардан жиі көреміз. Таласып та, тіресіп те қаласыз. Сөзіңізді өткізіп те, ойыңызды дәлелдеп те жүрсіз. Президентіміз ант берген салтанатты жиында киелі биік мінбеден алдымен құттықтап, сөз сөйледіңіз. Сайлаушыларыңыз да Сізге риза шығар деп ойлаймын. Қалай, жұмысыңыз ауыр ма? Сіз — қазақтың үлкен жазушыларьгның бірісіз. Депутаттық жұмыс творчестволық қызметке кедергі келтірмей ме?
Әбіш КЕКІЛБАЕВ: — Жұмыстың ауыр, жеңіл болуы өзіңнің оған қандай маңыз беруіңе байланысты. Қазір арлы азаматтың қай-қайсысы да өзі үшін емес, елі үшін қиналып көруге тура келеді. Мұндай өтпелі кезеңде не көп, шырғалаң мәселе көп. Солардың бәріне дұрыс жауап табу қиын.
Мұндай өтпелі кезеңдерде, заманалар тоғысында ғалымдар да, жазушылар да тарих соқталаңындағы халқы мен қауымына қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, тікелей көмектесіп көрейін деп, сүйікті кәсіптерінен бір сәт аулақтай тұруға мәжбүр болған. Мен де сондай күйде сияқтымын. Ел еңсесі кетеріліп келеді. Балаң тәуелсіздігіміз де жетілер, жетісер. Жоқшылықтың да тырнағынан құтылармыз. Сонда қалам мен қағазға оралмағанда, қайда оралармын дейсің! Әзір, шама-шарқымның жеткенінше ел жыртысын жырта тұрайын...
«ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ», 1992 ж.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі