Қазақ әдебиеттануында соңғы жылдары арнайы тақырыпқа айналып, жиі-жиі әдеби пікірталас тудырып жүрген қазіргі прозадағы қаламгер қыздар қолтаңбасы қайта құру кезеңімен бірге келген жаңа көркемдік кеңістік пен уақыттың лебін танытады. Бұрындары да өмірдің құндылықтарына қатты көңіл бөлетін қыздар прозасы бүгінде махаббат, отбасы, ұлт пен ұрпақ қамы, әке мен бала, ер мен әйел, ана мен бала, қыз бен жігіт т.б. сынды дәстүрлі тақырыптардан биіктеп, олардың мәнін психологиялық тұрғыдан тереңдетіп, философиялық мазмұнын арттырып, кейіпкерлерінің ішкі жан әлеміне, санадағы сапалық өзгерістерге өзгеше өң беруге әуес. Қазіргі әдеби кеңістікте көрініп жүрген сан алуан бағыт пен тақырып төңірегінде талпыныс жасап жүрген жас прозашылар кәдімгі дәстүрлі көркем прозадан гөрі мистикалық сарындағы туындыларымен оқырмандарын баурауға бейімделіпті.
Дәл қазіргі рухани құндылықтар қадірі құлдыраған заман бейнесін берерлік қатыгездікті осындай әфсаналық сипаттағы мораль кодекстері, ойлы дүниеге опасыздық танытқандарға ой саларлық оқшау оқиғалы, оғаштау ойлау жүйелері, жаңаша жазу стилдері бүгінгі көркемдік танымдағы өзгеше өрнекті, тың талпыныстарды танытады. Қазіргі прозадан біз көбіне өзіне де өміріне де, қоғамға да көңілі толмайтын өздерін әлеуметтік ортадан шеттетілген, керексіз дүниедей сезінетін кейіпкерлерге кез боласыз. Олардың сорақы сандыраққа толы, қауіп-қатерге толы тағдырлары авторларының бүгінгі өмірге деген көзқарастарын танытады. Үрей мен үмітсіздікке толы тіршілік, ондағы адамзат тағдыры өзінің рухани да табиғи да құнды қасиеттерінен айырылу алдында екендігін ескертетіндей. Таптық идеологиядан, не жақсы, не жаман болып бір жақты бейнеленетін бүгінгі прозада қаһармандық қасиет деген қалмады. Идеал деген жоқ. Қаһармансыз кейіпкерлердің романдағы көрінісі жалпы қазіргі қоғамға тән жалпы көріністі өрнектейді. Осы ретте ұлы жазушы Л.Н.Толстойдың: «Көркем өнер дегеніміз суреткердің өз жанына терең үңілу арқылы көпке ортақ құпия сырларды ашып, көрсетіп беретін микроскоп сияқты» деген сөзін еске алсақ, қазіргі қазақ прозасының көркемдік міндеті де бүгінгі болмысты, өмір құбылыстарын жұрт жүрегін жаулап, санасын улап жатқан ақпараттар ағыны арасынан микроскоппен талмай зерттеп, зерделеп, соны халыққа таныту болып табылады (О литературе.М.,1955,стр.310).
Аталған қаламгерлер де, әдебиет әлемінде жүрген өзгелер де өз заманының рухани қажетіне сай ықшам жазылған, тез қабылданып, жедел оқылатын аз көлемді шағын жанрдағы психологиялық мәтіндерді жазуға мәжбүр. Көркем өнердің мәңгілік құндылығынан гөрі бүгінгі өмір ырғағына көшкен, көңіл көтеруге бейімделген, барлық жастағы оқырманға бағышталған көпшілік әдебиеттің — детектив, триллер, мелодрама, фантастика, бестселлер т.б. сынды жанрлық түрлерінің дәурені де бүгінгі дәуір. Жазылу мәнері жағынан түрлі ізденістерге толы көркемдік танымдағы тәмсіл-толғаныстар, эссе-суреттер бүгінгінің болмыс бейнесін бедерлейді.
Мадина Омарованың жарты беттен аспайтын эссе-этюдтары, әдебиеттану ғылымында қалыптасқан теориялық қағидаға қисыны келіңкіремейтін әңгімелері (егер соған келсе) енген. Шағын мәтіндердегі автор мақсат тұтқан идея екі ауыз сөзбен шешіліп жатады. Қаламгердің тек өзіне тән жазу өрнегі, бейнелеу дағдысы оның дүниені танудағы тосын танымын танытады. Өмірдің өзінен ойып алған бір ғана сәттік суреттер кейіпкер тағдырындағы ұзақ жылғы шердің шешуші сәтіндей сезіледі. «Ақша іздеген бала» деген әңгімесінде аты жоқ ағасы мен жеңгесі, аты аталмайтын анасы, өзінің де есімі белгісіз кейіпкер баланың тағдыры бір ғана жиырма теңге іздеу аясында баяндалып, бүткіл бір әулеттің тағдыры, бүгінгі ауылдағы ана мен қаладағы бала отбасында кездесетін кәдімгі көпшілікке аян тағдырлар, тіршіліктер сөз болады. Бүгінгі өмірдің еш жасандылығы жоқ шындығы, шынайы өмірі осы азғантай абзацтарға сыйып кеткен. «Қысқалық таланттылықтың белгісі» деген А.П. Чеховтың атақты сөзін еске алсақ, шынында да бір повестке жүк боларлық сюжеттің сөлін сығымдап бірер сөзбен қайыру әрі өте дәлдікпен, кәсіби шеберлікпен берілуі қуантарлық. Бүгінгі уақыты жоқ, ынтасы жоқ оқырмандардың талабы мен заман зәрулігіне сай ықшам да қысқа жазудың жетік жолын тапқан қаламгердің даралығын танытар тәсілі құрғақ баяндап отырып-ақ жаныңды жауратар ауыр жағдайды, сүйек сырқыратар сезімді сыйлайды. Мадина дәстүрлі ұлттық ойлау, жазу машығынан мүлдем ажырап кетпесе де, бүгінгі дәуір мен адамның тынысын, тіршілігін, табиғатын танытарлық таптаурын емес өзіндік тілді, өрісті, тәсілді тауып алған. Титтей туындымен де талай тарихи оқиғаларды ойға алып, талай тағдырлар тауқыметін тұспалдап, тастай түйін жасап, тап-тұйнақтай етіп әңгіме шертуге болады екен.
ХХ ғасыр басында Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Міржақып Дулатов т.б. сынды суреткерлердің көркем прозалары шағын болса да шымыр ойлы, шырынды сөйлемдерімен ерекшеленсе, қазіргі қаламгерлерде де қысқалықпен құнарлы ой айтуға, шағын мәтінге бүкіл бір көлемді туындының мағынасын сыйдыруға, адам жанының арпалысын ашуға т.б. деген талпыныстар жетерлік. Оны әр қаламгер өмірмен бірге өзгеріп жататын дүниетану түйсігі мен кәсіби шеберлік мүмкіндіктері арқылы айшықтап келеді. Және олардың көпшілігінің көркемдік әлеміне мистикалық сипат тән. Қазіргі заман прозасында тез құбылғаш адам жанының ішкі әлемі эпикалық тұрғыда кең тыныспен баяндалмаса да оқиға түсінікті, ойлы.
М.Омарованы қызықтырған өз өресіндегі өнер, қиял әлемі, өз танымы мен өмірді тануындағы, қабылдауындағы өзгерістер мен дүниені бақылауындағы тосын тәсілдері таңба береді. Оның азғана жолдан тұратын туындылары бүгінгі заманның талабы. Бұл бүгінгі ойлау формасының, көркемдік-эстетикалық талғамның бүтіндей өзгергенінің куәсі. Жастардың өз үнін шығарып, өз өрнегін танытуы да өз заманының талабына сай заңды да. Өйткені, әр дәуір өзінің таңбасын тарихта өшпестей етіп қалдырары хақ. Ал, оны қай қаламгер қалай қабылдап, қандай ізденіс, форма мен мазмұн, түр мен әдіс арқылы айқындап, бейнелейді, ол өзінің жеке кәсіби шеберлігі мен шығармашылық табысына байланысты. Қазіргі қаламгерлердің осы жолдағы ізденістері мен жаңашылдықтары жұртшылықты жақсылыққа жүгіндіріп, үздіктен үміттендіреді. Қалай болғанда жастардың талпынысы мен табыстарына ақ ниеттілікпен қолдау білдірген оң.
Жалпы қазіргі қазақ прозасында өзіндік тілдік, стилдік, көркемдік, жанрлық өзгешеліктерімен өзіндік өрнек танытып, танылған жазушы Мадина Омарованың бұл туындысы шынында да тәуелсіздіктен кейін келген көркем ойдың жаңашыл шығармалар шоғырынан табылары сөзсіз.
Мадинада әңгімешінің интригасына құрылған микросюжеттер жиі кездеседі.
М.Әуезовтің: «...Адамзаттың көп ғасырлы мәдениеті бізге қалдырылған мұра да өз дәуірің туралы жауапты, терең ойлан дейді. Ал біздің әдебиетіміз анық күткен қадірлі замандасымыздың өзі де өзінің дәуірін барлық қайшылықтарымен, бар кең көлемінде даналықпен қамтып тани білетін адам... Қай жерде, кім болып, не кәсіппен айналыспаса да, оның жұмысы болмайтын мәселе жоқ. Себебі оның иығына артылған жауаптылық күші. Ол — тарих арнасында, сол тарихтың тізбегіне өзі де кіретін жан. Міне, әдебиеттік шығарманың ең қасиетті міндеті-дәл осындай адамның жүрегін, жанын, жалынды ойын кең де терең күйде ашып бере білуде» дегеніндей, Мәдинаның кейіпкерлері де өз заманының барлық қайшылықтарын танитын, өзінің келешегі мен ұлтының тағдырына жауапкершілікпен қарайтын көкірегі ояу, көзі ашық жандар («Уақыт және әдебиет».А. 1962. 410б). Сондықтан да олар жан-жағындағы құбылыстарға селқос қарай алмайды.
М.Омарованың бұл кітабында пьесалар орын алған. Көркем шығармалары қандай шып-шымыр, шағын көлемді болса драматургиялық туындылары да өзінің қысқалығымен назар аудартады. «Коньяк қосылған кофе» атты екі актілі драмасы Шәмен атты 25-30 жастағы әйел мен 35-40 жастағы Батыр есімді жігіт ағасының арасындағы махаббатқа құрылған. 1-актіде жалғыз ұлының үйленгелі жүрген қызы Шәменді ата-анасына таныстыру рәсімі суреттеледі. Мұндағы кейуананың сөзі шығарманың түп қазығын, негізгі идеясын ашады: «Әй, балам-ай, қазақ «Аяғын көр, асын іш. Шешесін көр, қызын ал» деп бекер айтты дейсің бе. Текті жердің адамы -оқымаса да, шоқымаса да басқаша болады. Қоңыз теріп жанын бағып жүрсе де басқаша болады» Осы сөзде терең мағына, өшіп бара жатқан ұлттық таным мен қасиет бар. Туындының тұтқасын ұстаған ой тірек те осында жатыр.
Бұл кейіпкер-кейуананың ғана емес бүгінгі бүкіл ұлттың көксегені, арманы. Бабалары қол бастаған батыр, арғы аталары сөз бастаған шешен, аузы дуалы би болған қазақ қазір сол құндылықтарынан айырылып барады деген жан айғайы тұспалданып берілген. Ұлдарымыз ата-аналарының, кейуана әжелерінің асыл сөздеріне, кемеңгер кеңестеріне құлақ аспауы салдарынан ұрпағымыз азып, қыздарымыз қылықтарынан айырылып, жатқаны өзек өртер өкініштер. Алайда, кешегі ата-баба дәстүрін тәрк еткен ғалымсымақ әкенің: «Батырдың қандай қызға, қашан үйленетінінде тұрған еш мағына, мән жоқ. Сондықтан, апа, сен бекер уайымдайсың» деуі, оған баласының: «Рахмет, әке» деп қолдауы біздің тектілігіміздің құрып бара жатқанынан сыр береді. Ұлтты осындай орашолақ, азғын ойлар ойран етерін автор осы отбасындағы қайғы-қасірет арқылы айшықтайды. 1-актідегі бір отбасында өткен оқиға, бір дастархан басындағы диалогтарда драманың дәмін дамытатын көркемдік дәлелдеу, қыстырма эпизодтар баршылық. Шығарма мәтініне көрік сыйлайтын мұндай көркемдік компоненттер кәсіби шеберлік деңгейінде қолданылған. Үйленген дейінгі өмірі бейнеленген 2-көріністегі екі жастың арасындағы әңгіме көп азғындықтың астарын ашады. Автор Әкесіз жетім қыздың жеті атасы түгілі өз өмірінен де хабары жоқтығын біле тұр, мән бермеуі жігіттің «кең пейілдігі» емес, кемістігі екендігін ескертеді, автор. Өзінің оқымағандығын, дүкенде сатушы екендігін, күйеуде болғандығын, оның жүрек талмасымен қайтыс болғандығын (оны ерекше салмақ сала күдікті паузамен айтуы айтылмай жатқан көп сырды аңғартқандай Г.П.), шешесі екеуінің қандай қиындықпен өмір сүргені секілді мүләйім сөздер арқылы жігіт сезімін арбап, мүсәпірлікпен өзіне жанашырлық тілеген Шәменнің шын бет пердесі үйленгеннен кейін ашылып, шешесінің жетім балалар үйде тәрбиеленгенін, өзінің әкесінің кім екендігінен хабарсыз, тексіз екендігін, анасының жеңіл жүрісті екендігін, өзінің де одан құр алақан еместігін, күйеуінің жүрек талмасымен қайтуының құпиясының ашылуы, Батырды өз қызы Әйгерімнен қызғанып, алқаш шешесіне апарып тастауы т.б. секілді сорақы әрекеттері оның психикалық сырқатынан сыр береді. Оның бүгінгі теледидарды тұсап алған үрейлі кинолардағы маньяк кейіпкерден еш айырмасы жоқтай. Сөзі де тірлігі де адам шошытарлықтай. Ал, Батырдың тағдыры да бүгінгі өмірге тән қоғамдағы қасіреттің бірі. Әке-шешесі жақсы қызметте болып, үй бетін көрмеуі, балаларына білім берді, жақсы қызметке қойды. Не ішем, не кием демеді. Бірақ бала Батыр өзіне тиесілі табиғи тілегін заңды құқығын көре алмады. Ол бала болып не ананың, не әкенің мейірімін, қарапайым, адами құлай сүюіне, таза сезіміне, адал махаббатына ие бола алмады. Бала болып ана құшағында жатпады, сәби болып әке мойнына мінбеді. Бір отбасының етжақын адамдарындай, бауыр еті баласындай бір-бірін бауырға тартып шүйіркелесіп, шаттыққа бөленбепті. Олардың орнына: «...Күтуші қыздар келеді, тамақты бөтен біреу жасайды, тағы біреуі келіп кірімізді жуады. Ананың жылы алақанын сезінген кезім, ана әлдиіне маужырап ұйықтаған кезім есімде жоқ. Қарындастарым да солай, жабайы мысықша өсті. Бәлкім, сондықтан да шығар... Сенбі-жексенбіде бізге қонақ келеді немесе олар қонаққа кетеді» 70 жыл бойы мемлекеттің жұмысы деп үй бетін көрмей, қызметтің қызығын қуған қалалық шенеуніктердің тағдыры, соның жемісі. Қанша баршылықта болса да ата-ананың мейірімінсіз қалған бүгінгі ұрпақтың тағдыры жетімдер үйінде өскен жеңіл жүрісті қыздың тағдырынан да кем түсіп жатуы қаншалықты қанық бояумен, нанымдылықпен бейнеленгені тәнтілік танытады. Өмірдегі көп көріністердің ішінен дәмді детальды дәл тауып жазады жазушы. Драманың шешуші сәтін айқындайтын бұл актіде тартыс, интрига, коллизия, қимыл қақтығыстары мен пікір қайшылықтары орынды орын алған. Шағын жанрдағы шоқтығы биік шығарма бүкіл бір кезеңдегі тұтас қазақ өмірінің өкінішті сәттерінен сыр береді. Кішкентайынан қам-көңіл болып өскен баланың ата-анасына деген өкпесі өмірлік өкінішке айналып, өшпенділікке ұласуы да қазіргі өткір мәселенің бірі. Осындай опынарлық әрі ойланарлық оқиғаларды айта отырып, оқушысына ой салуы сөз жоқ жазушының шеберлігін танытса керек.
Оны Батырдың сөзімен береді: «Сондықтан, Шәмен...мен жаңа айттым ғой, сенің Бәтес екеуіңнің араңдағы әңгімені естіп, қызықтым, ішім күйіп, жыладым деп. Мен сендердің араларыңдағы жақындықты сездім. Екеуіңнің күлкілерің, сенің оны құшақтағаның...Сондағы айтып отырғандарың — анаңның көңілдестері...Менің әке-шешем естісе, беттерін басып, беттерін шымшылап бастары ауған жаққа безіп кетер еді. Ал мен жыладым. Қызғаныштан жыладым. Мен де әке-шешемді жақсы көремін ғой, Шәмен. Бірақ кешіре алмаймын. Білмеймін. Ішімде, жүрегімде әлдебір ыза, өкпе бар. Кеше алмаймын.
Шәмен: Саған қарағанда, менің балалығым бақытты екен. Дүние төңкеріліп түскен тәрізді. Енді түсінікті неге мұндай болғаның...». Міне, бүгінгі өмірдің өрнектері, қоғамның қасіреті. Ащы ақиқаттар әлемі біздің ішкі жан дүниеміздегі қылмыстарымызды әшкерелейді. Таразының екі жағындай екі топтағы тағдырлар тауқыметі бұрынғы бабалар қалыптастырған әже әлдиін, ертегі айтқан ата тебіреністерін, бар махаббаты мен мейірімін төгіп жасаған тамақтарымен нәр берген, тәрбие берген аналардың аялы алақандарын аңсаған балалардың бақылаусыз қалу мәселелері бүкіл мемлекетті, ұлтты толғандырар толғақты жәйттер. Осынау олқылықтарды автор оқушысына бір отбасына екі түрлі тағдырды түйістіріп, оның соңын өліммен аяқтауы да құрдымға кетіп бара жатқан қазақи тәрбиені тұспалдайды. Тектіліктің түп-тамырынан айырылып бара жатқанын жан айғайымен береді.
Көркем шығармаларын көбінде микросюжетке құратын жазушы бүгінгі дәуірдің дертіне айналған ата-ана мен бала арасындағы адалдық, таза махаббат, мейірімділік, қарапайым әрі шынайы қарым-қатынас мәселесіне кеңірек кеңістік пен уақыт беріпті. Драмадағы динамикалық мотивтер оқиғалардың даму барысына белсенді қызмет көрсетіп шарықтау шегі мен шешімін дұрыс табуға дәнекер бола білген.
«Қадір түні» атты бір актілі пьесада қадір түні ойда жоқта үйге енген қайыршы шал мен пәтерші қыздың тағдыры әңгімеленеді. Қайыршы шалдан қорықпай қызмет етуі әлі де болса имандылықтан кете қоймаған қыздың тағдыры да қыл үстінде тұрғандығын тұспалдайды. Олардың үстіне кенеттен келген құдайы қонақ та өзінің ерекшелігімен елең еткізеді, оқушысын. Отбасылы Еркебайдан аяғы ауыр болып енді одан аластауды ойлап отырған күні және Қыдыр түні келген Келіншектің: «Сені ол да қалап отыр. Әйтпесе айтпас еді. Асығыс, ағат әрекет жасама. Өмір-таңғажайып, Өмір — сыйлық. Алла қалап алмаса, өз қолыңмен қылмыс жасама. Маған жауабын бер» деуі, қыздың оны «Әпкетай» деу, әлгі қайыршы шалды Қыдыр ғой деуі тілегін берген күннің шынында да Қадір түні екендігін және Г.Мопассанның «Өмір» атты шығармасындағыдай өмір қаншалықты азапты болса да таңғажайып құдірет деген даналықты дәлелдейді, бұл драма. Осы жасампаз әуез бүкіл жинақ бойында оқырманын әдемі әлдилейді...
Гүлзия ПІРӘЛІ
филология ғылымының докторы, профессор
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі