Өлең, жыр, ақындар

Қарлаг хикаясы (Ақтастағы Ахико)

(авторлық нұсқа)

Үш эпизодты драма

ҚАРЛАГ

Қарлаг — Қазақстанның Қарағанды облысындағы ГУЛАГ-тың ең ірі еңбекпен түзеу лагерьлерінің бірі болды. Ол 1931 жылдың 19 желтоқсанында ұйымдастырылып, орталығы Қарағанды қаласынан 45 шақырым жердегі Долинка ауылында орналасты. 1940 жылғы Қарлагтың аумағы: 1 780 650 гектарды құрап, солтүстіктен оңтүстікке дейін 300 шақырым, шығыстан батысқа дейін 200 шақырым жерді алып жатты. Қарлагтың жан-жағы 200–400 шақырым радиуста биік қоршаулармен оқшауланған.

Қарлагтың құрылымы мейілінше күрделі еді. Оның көптеген бөлімшелері болды: әкімшілік-шаруашылық, есепке алу, бөлу бөлімі; бақылау жоспарлау бөлімі, мәдени-тәрбие бөлімі, кадрлар, жабдықтау, сауда, жедел чекистік, қаржы, көлік және саяси бөлімдер. Қарлаг басқармасы тек қана ГУЛАГ-қа, Москваға бағынды. Республикалық және облыстық партия, совет органдары лагерь қызметіне ешқандай ықпал ете алмады. Оның өзіндік шынайы өкіметі, қару-жарағы, көлік құралдары, поштасы мен телеграфы болды. Көшпелі сот алқасы жұмыс істеді. Сот үкімі мекеме қабырғасында орындалып жатты. Айыпты деп танылған адамды тізеге отырғызып, қазылған шұңқырдың алдында атып тастаған. Осылайша атылған адамдарды «қайтыс болды» деген грифі бар тізімге енгізе берген. Қарлаг тозағына бір миллионға жуық адам түскен. Олардың арасында қазақтар, немістер, украиндар, поляктар, еврейлер, шешендер, француздар, итальяндықтар, жапондар, латыштар, эстондар секілді көптеген ұлт өкілдері болды.

Қарлаг 1959 жылдың 27 шілдесінде таратылды.

Қатысушылар:
Ахико Тэцуро
Степан
Ертегіші
Карташы
Абыз қария
Ақтамақ
Гүлшат
Катя – неміс келіншек
1-жендет
2-жендет
1-қазақ
2-қазақ
3-қазақ
Түрме күзетшілері

БІРІНШІ ЭПИЗОД
Бірінші көрініс

Ахико. Мен Карлагқа түскенде он бес жаста едім. Тажал машина жаңа туған сәбиден бастап, еңкейген, мүгедек кемпір-шалға дейін шімірікпей жұтатын. Қарлагтың қапасында 22 мың жапон отырды, еңбек етті, өмір үшін күресті. Солардың бірі мен едім. Тұтқынға Оңтүстік Сахалинде алды. Орыс әскері жапондықтарды Сахалин аралынан тықсыра қуып, Жапонияға жөнелткенде, мен әке-шешем, бауырларымнан адасып, жалғыз қалдым. Әкемді күттім. Күнде жағалауға келіп, көкжиекке телміремін. Әкем балықшы болған. Қайығының сұлбасы әлі көз алдымда. Мені іздеп кері келе жатқандай. Әне-міне қара толқынды қақ жарып, жүйткіп жететіндей. Бала қиялым сан саққа жүгіріп дегіберімді алады. Сахалинде күн суық. Әскерилерден қалған күртешені тауып киіп, жағалауда тентіреп жүргенімде орыстар ұстап алып, абақтыға қамады. Бірден «жапон тыңшысысысың» деді. Мен олай емес екенін түсіндіруге тырыстым. Бірақ көп ұзамай шындықты айтқаннан гөрі жапон тыңшысы болғанның анағұрлым қауіпсіз екенін ұқтым. Осылай тергеушілерге қарсыласқанды тоқтаттым. Мойындадым. Олар маған қалың папка ашып, бума-бума қағаз арнады. Мен бәрімен келістім...

Тергеу бөлмесі. Екі жендет Ахикодан жауап алып жатыр.

Ахико. Мен 1930 жылы Хонто портында дүниеге келдім. Әкем жергілікті балық зауытының директоры. Он жеті жасымда Хонтодағы Императорлық әскери училищеге түстім. Бірақ сабақ алып үлгермедім, соғыс басталып кетті. Бізді таратып жіберді.

1-жендет. Неге еліңе оралмадың?

Ахико. Жапондар аралдан асығыс көшірілді. Мен соңғы пойыздан қалып қойдым.

1-жендет. Не үшін тұтқындалдың?

Ахико. Білмеймін.

1-жендет. Қандай жағдайда тұтқындалдың?

Ахико. Орыс әскері келгеннен кейін училище жабылды.

1-жендет. Орыс емес, Кеңес әскері деп сөйле.

Ахико. Иә. Кеңес Одағының...

1-жендет. Қандай жағдайда тұтқынға алындың деймін. Сондай күнәсіз болсаң, сол жердегі әскерилер басқа жапондармен қосып сені неге Жапонияға қайтармады? Неге дәл сені тастап кетті?

Ахико. Менің үстімде әскери училищенің кадет формасы болды. Олар мені әскери деп қабылдады.

1-жендет. Ал сен әскери емес едің...

Ахико. Ал мен курсант едім.

1-жендет. Түсінікті. Кеңес әскері ақымақ болғандықтан сені тұтқынға алып, сенің тамағың мен жолыңа шығын шығарып, мында, Қарағанды лагеріне топастықтан жіберді ғой сонда?

Ахико. Жоқ, әрине. Түсінбеушілік болды.

1-жендет. Түсінбеушілік? Сен - самурайсың ба?

Ахико. Қазір самурайлар жоқ қой.

1-жендет. Самурайлар жоқ дейді ғой. Сенің кім екеніңді айтайын ба? Сен бар болғаны, қарабайыр шпион ғанасың. Шпионсың!

2-жендет. Айт, мен шпионмын де.

Ахико. Жоқ, шпион емеспін.

2-жендет. Бәлкім санаң шатасып, жадыңнан қағылып тұрған шығарсың. Бірақ сенің жадың мен санаң әзірше біздің мүмкіндіктен бейхабар болып еркелеп тұр. Саспа. Барлығы орнына келеді. Сенің бабаңдай адамдардың ақыл-есін орнына түсіріп, мойындатқанбыз.

1-жендет. Соғыс тұтқындарының бас басқармасында ісің жатыр. Кім болсаң да бұл жерден енді қайтып шықпайсың.

Ахико. Жоқ, мен шпион емеспін.

1-жендет. Біле білсең қазақтың талай апталдай жігіттері, мына жұдырығымен бұқаны бастан персе, жануарды есінен тандырып, талдырып түсіретін палуан жігіттер жапон тыңшысы екендіктерін мойындап, тізерлеп отырып мынандай қағазға қол қойған.

2-жендет. Есіңде ме, кеше ғана әлгі әнші жігіт жапоннан келген тыңшымын, жансызбын, бірақ ең болмаса жапон дегеннің не екенін айтып өлтіріңдерші деп еңіреп жылап еді ғой.

1-жендет. Е, әрең сындырдық қой. Жаны сірі екен қақпастың.

2-жендет. Екі апта қараңғы карцерде жатты, арқасына спирт жағып өртедік, тағы не істеп едік?

1-жендет. Әйтеуір әлгі кішкентай нәресте баласын көз алдыңда бауыздап, қанын ауызыңа құямыз дегенде барып мойындады ғой.

2-жендет. Сонда да көрмеймісің, ең болмаса жапон дегеннің не екенін айтыңдаршы деп кекетуін қоймады.

1-жендет. Иә, контрреволюционерлер жағында сондай қайыспайтын жігерлі жандар бар. Шындығын айту керек.

2-жендет. Қайыспайтын жігерлі болғанын қайтейін, атылып кетті.

1-жендет. Атылды ма?

2-жендет. Мойындай салысымен атып тастады ғой, әй-шайына қараған жоқ.

1-жендет. Е, жарайды. Дұрыс болған.

2-жендет. Ал мынаны қайттік? Әй, миғұла, мойындайсың ба өзіңнің жансыз екеніңді? Биттей болып бұл да қырсық. Бір қойсаң жалпасынан түсейін деп тұр.

Ахико. Жақсы, мен бәрін мойындаймын.

1-жендет. Қалайша?

Ахико. Қол қой деген жерлеріңізге қолымды қояйын.

2-жендет. Қалайша?

Ахико. Мен мойындаймын.

1-жендет. Жоқ, бұлай тез болмайды.

Ахико. Енді өздеріңіз айтып отырсыздар ғой.

1-жендет. Иә, бірақ сен басында мойындамауың керек. Сосын біз сені мәжбүрлейміз.

2-жендет. Иә. Барлығы тәртіппен болуы керек.

1-жендет. Болмайды. Сен әлі мойындамай тұра тұр.

Ахико. Қашан мойындауға болады?

2-жендет. Біз өзіміз белгі береміз.

1-жендет. Иә-иә. Сен тұра тұр.

Ахико. Тек азаптамаңыздаршы...

2-жендет. Егер кінәңді мойындамасаң, азап түрлерін пайдалануға тура келеді. Сонымен сен Оңтүстік Сахалинде, үстіңе жапон әскериінің киімін киіп, жағалауда жүрген жеріңде қолға түстің. Сен алысқа, теңіз көкжиегіне телміріп қарап отырдың. Есіл-дертіңнің көкжиектегі қарайған ноқатқа ауғаны соншама жаныңа келіп құжаттарыңды сұраған қызыл әскер жауынгеріне еш мән бермедің, ол сені жұлқылағанда ғана назар аудардың. Бірақ жаныңда жеке тұлғаңды анықтайтын бірде бір қағаз болмай шықты. Өзің орысша тіл білмейсің. Рас қой?

Ахико. Рас.

2-жендет. Сонда көк теңізге телміріп не белгі күтіп отырдың?

Ахико. Әкемді. Мен әкемді күттім. Оның мені тастап кетуі мүмкін емес. Ол мені ешқашан тастамайды. Сіздер егер менің әкеме хат жазсаңыздар ол мені келіп алып кетеді. Өтінемін сіздерден...

1-жендет. Тыныш, тыныш... Сен сонымен өзіңнің жапон жансызы екеніңді мойындамайсың ғой?

Ахико. Жоқ, мен жансыз емеспін. Мен әкемді күтіп жүрдім.

2-жендет. Суық суға салып көрейік. Бәлкім сонда тәубасына келіп, шынын айтар.

1-жендет. Иә, амал жоқ, мұздай суда жарты сағат ұстауға тура келеді. Әй, балақай, балақай, өз өміріңді өзің қиындатпасаңшы.

Ахико. Мен сіздерге жаңа айттым ғой, мойындаймын, мойындаймын деп.

2-жендет. Мәә, мынау не деген санасыз, а? Еркексің бе, қатынсың ба өзің? Жаңа ғана келістік қой. Мойындайтын кезіңді өзіміз айтамыз деп.

1-жендет. Басынан бырш еткізіп ата салғым келіп тұр. Жыныма тиіп тұр.

2-жендет. Тұра тұр.

1-жендет. Сен-ақ мені тоқтата бересің.

2-жендет. Осы аптада үшінші адамды атсаң, есеп бергенде түсіндіре алмай қаламыз. Шыдашы. Бар суық су әзірле одан да.

1-жендет. Жақсы.

Әйел сияқты қылымсып кетеді.....

2-жендет. Ахико, кішкентай самурай, сен қызыл армияның құдіретін сезінуге тиіссің. Оңай құтыламын деп ойлама.

Шығып кетеді. Ахико жалғыз қалады.

Ахико. Олар алдымен бір қарияны алып келді. Мені нұсқап көрсетіп, мынау сенің сыбайласыңмын деп тұр, екеуің бірігіп, Жапония үкіметіне жұмыс істепсіңдер деді. Қария маған бір, екі жендетке бір жаутаңдайды. Ол менің әкеме ұқсайды екен. «Бұл баланы танымаймын» деді басын шайқап. Сол-ақ екен жендеттер оның қасына жетіп барып, соққыға алды. Олар қаусаған қартты адам кейпінен айырылып, құтыра ұрды. Сол сәтте олар жынға айналғандай еді. Ақыр аяғында қария қорғануға шамасы келмей үнсіз қалды. Тек кәрі сүйегіне тиген таяқтың тақ-тақ еткен дыбысы ғана тыныштықты бұзады. Қарияның қып-қызыл қаны жендеттерге де, маған да шашырады. Мен түс көргендей мең-зең күй кештім. Әбден сілесі қатып шаршаған қос жендет шалдың өлі денесін сүйреп әкетті.

Аздан кейін жендеттер бір әйелді алып кіреді.

1-жендет /Ахиконы нұсқап/. Міне, мынау айтып отыр. Сені танимын, менен ақпаратты осы алып кететін дейді. Рас па?

Әйел. Құдай ақы, мен бұл баланы бірінші рет көріп тұрмын.

1-жендет. Бұл бала емес, жасы елуде. Осындай елеусіз кейіпте жүріп ақпарат жинайды, Кеңес одағын күйретпек.

Әйел /шошып/. Не айтып тұрсыңдар?

2-жендет. Ол сені танимын деп тұр. А, Ахико, айт жаныңның барында.

Ахико /жапонша/. Білмеймін, білмеймін. (Ширанай, Ширанай)

2-жендет. Әне, бұл қатын менің көңілдесім деп жатыр.

Әйел. Жоқ, жоқ!

1-жендет. Жаз, беттестірген кезде екеуі де бірін-бірі таныды деп жаз. Мойындады де. Қолдарын қойғыз. Болды.

2-жендет әйелді алып шығып кетеді. Аздан соң азаптан әбден титықтаған еркекті алып кіредіі. Ол ыржалақтап күледі.

Еркек. Мына бөлме хош иісті гүлге тұнып тұр ғой... Кереметін-ай.

1-жендет. Мынау немене кайптан шықпаған ба? Сенде бір, ескірткі үнемдеу дегенді білмейсің. Әкеңнің үйіне келген қонақты сыйлағандай тойдырып қойыпсың ғой.

2-жендет. Қоя берші.

1-жендет. Содан кейін екі саусағымызды екі танауымызға тығып тағы да «жоқ» деп отырамыз.

2-жендет. Бұл деген пәле. Тырнағының көбесіне ине тықсақ та мойындамай қойды ғой. Қазір көрдің бе бәрін мойындап отыр. Сосын... сосын... сондай тамаша өлеңдер оқиды...

1-жендет. А, ақын екен ғой.

Еркек. /өлең оқиды/

Күлдей күңгірт шашы бар, Тоқсан бесте жасы бар, Көз дегенің – сұп-сұр көр. Тасбиқ санап бүгіліп, Жерге қарап үңіліп, Көрше ауыр күрсінер, Менің бір қарт анам бар, Неге екенін білмеймін – Сол анамды сүйемін! (М.Жұмабаев)

Еркек қарқылдап күледі. Екі жендет те, Ахико да үрпиіп қалған.

1-жендет. Так. Алашорданың мүшесі Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін оқыды деп жаз. Құйыршық!

1-жендет еркекті таяқпен ұрады. Еркек оған тек сақылдап күледі.

2-жендет /мазасызданып/. Атып тастайыншы. Жалынамын. Күлкісін естігім келмейді. Үнін өшірейінші. Жалынамын.

1-жендет. Тұра тұршы, а, қыстырылыспай. Тағы не айтасың?

Еркек. Көзінде көк нұры жоқ, Аузында жұмақ жыры жоқ, Жалынсыз, усыз құшағы, Иірілмейді жыландай, Сөзі де жоқ құрандай, Білгені – қазан-ошағы. Жабайы ғана жарым бар, Неге екенін білмеймін – Сол жарымды сүйемін! (М.Жұмабаев)

Тағы да қарқылдап күледі.

1-жендет /сасқалақтап Ахикоға/. Мына албастыны танып тұрсың ғой. Бұл да сенің ақпарат жеткізушің.

Ахико /жапонша/. Жоқ, жоқ! Чигау, чигау!

2-жендет. Дұрыс. Таныды, мойындады де. Құрт көзін, әкетші, бұл жерден.

1-жендет еркекті жұлқылап алып кетеді. Сахнада еркектің оқыған өлеңдері жаңғырып қалады.

ЕКІНШІ ЭПИЗОД

Бірінші көрініс

Акико. Қарлаг - ажал мекені. Қанішерлер мен ақыл-есінен адасқандар үшін жұмақ. Мәйіттер тау болып үйілетін, оларды иен далаға апарып, таяздау қазылған шұңғырларға тастап жататын, денелерін де шала-шарпы жасырады. Түз тағыларының несібесі. Бізбен бірге, бір баракта сондай бір қанішер тұрды. Ол суретші болатын. Өнер адамы еді.

Степан. Әй, жапон бала, бері кел.

Ахико. Иә?

Степан. Әлгі әніңді айтшы. /тағы бір тұтқынға/. Ал сен бері кел. Мында отыр. Тыңда әнді. Жыла. Иә. Осылай. Дұрыс. Шырқа, жапон!

Ахико ән салады.

Ахико. Усаги ойши ка но яма
Кобуна цуриши ка но кава
Юмэ ва има мо мегури те
Васурэгатаки фурусато
Ика ни имасу чичи-хаха
Цуцуганаши-я томогаки
Амэ ни казэ ни цукетемо
Омоидзуру фурусато
Кокорозаши о хаташите
Ицуно хи ни ка каэран
Яма ва аоки фурусато
Мизу ва киёки фурусато...

Ахико. Біз ауыр жұмыстан оралғаннан кейін, аш, жалаңаш, құр сүлдері қалған ауру адамдар оның қалауы бойынша түрлі бейнелерге еніп, өнерге деген қажеттілігін қанағаттандыратынбыз. Кейде бірнеше адамды бауыздап, денелерін тау етіп үйетін, кейде дене мүшелерін бөлшектеп, түрлі қалыптар жасайтын. Осындай туындаларын кейде апталап бұздырмайтын. Ондай күндері камера іші өлексе сасып, қалған тұтқындарды жан төзгісіз азапқа түсіретін. Бірақ оны ешкім тоқтата алмайды. Себебі түрме басшысының өзі оның өнеріне табынушылардың бірі. Сонымен бірге ол түрме басшылығы үшін арнайы тапсырмалар орындайтын.

Таң атады, миды тесетін темір дабыл шыңылдап шырт ұйқыдан оятады. Осылай лагерь тірлігі басталады. Әр жерден тұтқындар қыбырлап бас көтере бастайды.

Степан. Әй, жапон, етігім қайда?

Ахико жүгіріп отырып етігін кеуіп тұрған жерінен тауып әкеледі. Тағы бір жасөспірім бала оның шұлығын орап отыр. Ахико соны тосып тұрып қалады.

Степан. Денем ауыр тартып тұр. Ауырып қалған сияқтымын. Жапон, сен арқаны жақсы уқалайсың. Түк әлің жоқ, битше жыбырлайсың, бірақ сенің қолың тиген соң сергіп, жақсы болып қаламын. Сен бүгін жұмысқа шықпайсың. Менің қасымда бол. Қалғандарың кетіңдер.

Карташы. Карта ойнағың келсе ше? Бұл жапон карта ойнай алмайды ғой.

Степан. Иә, онда сен де қал.

Ертекші. Мен ше?

Степан. Иә, картадан жалықсам, ертек тыңдаймын сен де қал. Болды қалғандарың кетіңдер.

Күзетші. 109-шы барак. Сыртқа бетте.

Степан. Әй, бала, бері кел. Мен бүгін үш адамды алып қаламын. Бізге тамақты камераға әкел.

Күзетші. Түсіндім. Жақсы.

Барлығы шығып кетеді. Камераны үнсіздік басты.

Күзетші. Міне, сендерге тағы бір адам қостық.

Қолында түйіншегі бар қазақ қария келіп кіреді.

Қария. Амансыңдар ма? Менің төсегім қайсы?

Степан. Мына шал қайтеді?

Күзетші /қолын сілтеп/. Оған дауа жоқ.

Күзетші басын шайқап шығып кетеді. Камера үнсіз. Барлығы Степанға қарайды.

Степан. Бос төсек жоқ.

Қария. Беті-аузымды қайда шайып алсам екен?

Ахико. Ата, бұнда су жоқ қой. Айдың соңында моншаға апарады.

Қария. Қап, намазды қалай оқимын?

Степан. Шал, ауызыңды жап. Басым әкетіп барады. Ахілеп, үхілеп қанымды іштің.

Шал аулақтау жерге барып отырады. Қолындағы түйіншекті жайып, жайнамазға айналдырып, намаз оқи бастайды.

Степан. Нет, я так не могу. Күзетшілерді шақыршы.

Күзетші. Неге шақырдыңыз?

Степан. Мына шал құдайына жалбарынып жатыр. Сен білесің ғой, ондай нәрселерді менің суқаным сүймейді. Алып кет басқа жерге.

Күзетші. Енді ол былай ғой... Оны әдейі осы камераға салып отырмыз ғой.

Степан. Да?

Күзетші. Әдейі сізге, өзіңіз бір жөнін табады деген үмітпен. Сізді, сіздің әдістеріңізді біз жоғары бағалаймыз ғой, оны өзіңіз білесіз.

Степан. Дәл бүгін жағдайым болмай отыр еді. Басымның сақинасы қысып барады.

Күзетші. Арақ ішесіз бе?

Степан. Әкел.

Күзетші шығып кетеді.

Степан. Әй, шал сен өзің маңызды шишка болдың ғой. Екінің бірін маған әкеле бермейді.

Қария оған қарамайды, намазын оқып жатыр.

Степан. Жарайды, жалбарынып ал құдайыңа. Бүгін түннен қалмай барасың оған. Саспа. В лучшем виде доставим. Жарайды, жапон, арқамды уқала. Бері кел.

Етбетінен жатады. Ахико арқасын уқалауға кіріседі. Шал намазын оқып болып орнынан тұрады. Камераны аралап қарай бастайды. Етбетінен жатқан Степанға, оның арқасын уақалап отырған жапон балаға қарайды. Карта ойнап отырғандарға қарайды.

Ертегіші. Шал, қалай қызық па?

Карташы. Кел, отыр, үшінші боласың.

Қария /мырс етіп/. Жоқ.

Степан кенет қарқылдап күліп жібереді. Барлығы аң-таң оған қарап қалған.

Степан. Шал, қане отыршы, қолыңа карта ал.

Карташы /естілер естілмес күбірлеп/. Тағы бастады, құдай-ай.

Ертегіші оны тек дегендей түртеді.

Степан. Мында отыр деймін, шал.

Қария. Айналайын, қолыма қарта ұстаған жан емеспін. Қыстама.

Степан. Мынаған түсіндіріңдерші.

Ахико. Ата, ойнамайсыз, жай отырыңыз.

Қария. Қарағым, жай да отырмаймын. Буынсыз жерге пышақ ұрма.

Степан. Нет, я так не могу.

Қанжарын шығарып шалға беттейді.

Степан. Отыр деймін жаныңның барында.

Қария. Қарағым, қанжарыңды қоқаңдатпа. Сен сияқты әумесердің талайын көргенмін. Қорықпаймын.

Степан. Нет, я так не могу. Мен қазір қанның иісіне шыдай алмаймын, жүрегім айнып барады. Соны пайдаланып тұрсың сен шал.

Қария. Қарағым, бар, ана жаққа барып ойна, мені қайтесің.

Степан. Ақылынан алжасқан шалды неменеге әкеледі маған. Өздері-ақ өлтіре салмай ма, өңшең арамтамақ, жатыпішер. Қандай сәтті бұзып тұрсың сен шал... Мына екеуінің қасында осы қалпыңмен қолыңа карта ұстап сен де отырсаң, ал жапон бала, сен қолыңа шелек ұстап, мына жерде состиып тұрсаң, қандай картина болар еді... Барак, карта ойнап отырған діндар шал, екі тұтқын, үрпиген жасөспірім. Ахико, сен періште болар едің, азған, азғындаған, қоқыс әлемге өз көзіне өзі сенбей есеңгіреп қарап қалған періште... Ал сен шал қолтығыңа құранды қысып аласың былай...

Қария. Астапыралла... /дұғасын күбірлеп кетеді/.

Степан. Барлығын бұздың. Енді мен сені бұзамын. Етіңді бұзамын.

Қария. Ой, тоба-ай...

Степан барып өзінің төсегіне жатып қалады. Камера ішін үнсіздік басқан. Аздан кейін Степан қайта басын көтереді.

Степан. Менің қандай адамдардың қанын ішкенімді білесің бе?

Қария. Білемін.

Степан. Басым, басым, басым-ай. Күзетшіні шақыршы.

Күзетші келіп кіреді.

Степан. Арағың қайда?

Күзетші. Қазір алып келе жатыр. Келе салысымен сізге жеткіземін.

Степан. Жақсы. Дәрігерді бері жіберші. Тұла бойым мұздап, қалшылдап барамын. Суықтап қалдым білем.

Күзетші. Қазір.

Қорқақтай басып дәрігер келеді.

Дәрігер. Қай жеріңіз мазалап тұр?

Степан. Басымның сақинасы ұстады. Бүкіл денем мұздап, қалтырап барамын. Ұйықтатын дәріңнен салшы. Бір ұйықтап тұрсам басылушы еді.

Дәрігер. Міне, қазір. Дайындап әкелдім өзім де.

Степан. Давай.

Дәрігер дәріні салады. Степанды барлығы әспеттеп жатқызып, үстіне көрпесін жамылдырады.

Степан /дәрігерге/. Қасыма күзетші қойсын.

Дәрігер. Жақсы.

Степан. Ертегіші, ертек айтшы.

Ертегіші қасына отырып, оны басынан сипап, аялап ертегі айтуға кіріседі.

Ертегіші. Ғұмырын өнерге арнаған суретшінің әр сәті қимылдан тұратын. Ол тоқтаған емес. Кеудесі салқын әуенге толы, ал жүрегін жалын орап жатыр. Ессіз саусақтары шапшаң қимылдап, бояудан ертегі құрайды. Мұңға оранған сұлу күздің ақтық демі, түн құпиясын шашқан шегіртке шырылы, алыстан шақырған әтеш, күн құрғатып үлгермеген балаң шық – бәрі суретші меншігі, суретші әлемі... Бірде кеудесін кернеген тәтті қайғыдан қажыған ол ұйықтап кеткен. Түс көрді. Аптап дала, құм. Шексіз белестер. Тыныштық. Өзін-өзі жұтып, үнсіз ыңыранған өлі тыныштық. Мұнда еш нәрсе жоқ еді. Айналасына есі кете жалтақтап, тобығынан құм кешіп келе жатқан суретші төбесінен өткен ыстықтан басының айналғанын сезді. Құрғақ тілі аузына сыймай сыртқа шықты. Тыр жалаңаш әлем аспанмен арбасады. Меңіреу құм патшалығы. Суретші оянған жоқ. Оның ендігі мекені осы болатын...

Дәрігер. Болды, ұйықтады. Күзетшіні шақырыңыз.

Күзетші келіп кіреді.

Дәрігер. Оянғанша қасында болыңыз.

Күзетші. Жақсы.

Әркім өз бұрышына барып, өз істерімен айналысады. Қария жерге отырып, алысқа қадалып ойланады.

Қария. Тоғай, тоғай, тоғай су,

Тоғай қондым, өкінбен.

Толғамалы ала балта қолға алып,

Топ бастадым, өкінбен,-дейд.

Бүгін, соңы өкінбен

Өкінбестей болғанмын.

Ер Мамайдың алдында,

Шаһит кештім, өкінбен, -дейд... (Доспамбет жырау)

Ахико. Ата, қатты сөйлемеңіз. Ана кісі оянып кетсе, жаман болады.

Қария. Жақсы, балам. Сөйлемей отырамын. Е, алда байқұс бала-ай, көзі шүңірейіп, қазақтан аумайды. Қалақтай ғана. Атың кім?

Ахико. Ахико. Жапонмын.

Қария. Жапон деген қай жақта?

Ахико. Қай жақта қалғанын өзім де білмеймін...

Қария. Ештеңе етпейді.

Ахико. Иә...

Қария. Ештеңе етпейді...

Бір уақытта дабыл қағылып, жұмысшылардың қайтқанынан хабар береді. Камераға қаптап тұтқындар кіре бастайды. Барлығы азып-тозған, жүдеу.

1-қазақ. Япырым-ай, қазақпысыз? Ассаламағалейкүм, ата.

Қария. Уалейкүмассалам, балам. Қай жақтың ұлысың?

1-қазақ. Арқадан, осы жақтан.

Қария. Әәә.

1-жігіт. Сізді де тұтқындаған екен ғой. Құдайдан қорықпайды бұлар. Жасыңыз қаншада, ата?

Қария. Тоқсанның үшеуіне келдім, балам.

1-жігіт. Әй, Ақан, бері кел, мында ақсақал кісі отыр. Қазақ екен.

Ақан келіп амандасады. Көрісіп, жылайды.

Қария. Босама, балам. Жылама.

2-жігіт. Жыламайтын шама қалмады ғой, ата.

1-жігіт. Үйінен хат алып отыр. Бала-шағасымен әйелі тұтқындалыпты.

2-жігіт. Халық жауының отбасы депті...

3-жігіт. Ассаламағалейкүм, ата.

Қария. Уәлейкүмассалам. Бар бол, балам. Қазақ балалар бар екенсіңдер ғой... Мұнда қазақтарды ұстамайды деуші еді.

3-жігіт. Бармыз...

2-жігіт. Некен-саяқ кездеседі. Әйтпесе қазақтарды Сібірге айдайды ғой бұлар...

1-жігіт. Нысыпыңыз кім, ата?

Қария. Ақайдың Қасені дегенді естуің бар ма? Мен сол Ақайдың Қасенімін.

1-жігіт. Япырым-ай. Алдына 17 мың жылқы біткен, қазақ-орыс мектебін ашып, болыс болған Ақайдың Қасені ме?

2-жігіт. Ол кісіні отызыншы жылдары-ақ қызылдар атып тастады дегені қайда?

Қария /күліп/. Атса, осылай отырамын ба.

3-жігіт. Жел сөз болғаны ғой, япырым-ай.

Қария. Мына тура біз отырған жерде 4 мың киіз үй тұрды, жалпақ жұрт жатты. Сексен мың адам мекен еткен шалғыны шұрайлы, берекелі ел еді. Халықты қынадай қырып, тірі қалғанын атамекенінен түре қуғанда көрде жатсам да тұрып келетін едім. Ұлардай шулаған елімді көргенде бұғып қала алмадым, қарақтарым.

1-жігіт. Сонда қалай, қарсы шықтыңыз ба?

Қария. Түрме басшысына келіп, мына жерді босатыңдар, кетіңдер, әйтпесе сендерді аруақ атады, қарғыс атады дедім. Содан тұтқынға алды... Міне, енді дәм-тұз айдап өздеріңмен кездесіп отырмын.

2-жігіт. Көрмегенім жоқ десеңізші...

Қария. Бізді қойшы, сендерге, көзі ашық, көкірегі ояу жастарға қиын. Қайсыбірін айтасың.

3-жігіт. Құл басқарған ел қай оңады. Қырып-жойғаннан басқа қолынан не келеді.

Қария. Ертеден қалған мынандай бір аңыз бар. Елу жыл бойы жорықта жүрген сақ жауынгерлері еліне қайтады. Ұзақ жылдар ерлерін күтіп хабар болмаған соң, әйелдері өздерінің соқыр құлдарына тиіп олардан бала туады. Сақ жауынгерлері елдің шетіне жеткенде құлдан туған ұлдар қолдарына қару ұстап шығып елге кіргізбей соғыс салады. Айқас ұзаққа созылып, құлдарды жеңе алмаған сақтар кеңес құрады. Сонда бір данагөй қария: «Ей, сақ жауынгерлері, осы біз не істеп жүрміз? Біз өз құлдарымызбен соғысып жүрміз. Біздер қарумен соғысқандықтан олар өздерін тең санап, жеңіс бермей жүр. Бар қару-жарақтарыңызды тастап, оларға қамшы алып шығыңдар. Олар қамшының сусылын естіп, өздерінің құл екенін есіне түсірсін» депті. Сақтар бұл кеңесті мақұл көріп, қамшымен құлдарға қарсы шығады. Қамшының ысылын естіген құлдар айқасты ұмытып, қаша жөнелген екен.

3-жігіт. Бұл сол құлдар ғой.

2-жігіт. Құл екендері екібастан, салған мына сойқандарын көрмеймісің...

3-жігіт. Ата, сізді мұнда әдейі жіберіп отыр. Мына жаналғыш, жендет сізді түнде буындырып өлтірсін деп әдейі жіберіп отыр. Бұлардың әдісі осы.

1-жігіт. Өздері өлтірсе қазақтар көтеріліп кетеді деді ме екен.

2-жігіт. Қазір көтерілетін қазақ қалды ма...

3-жігіт. Сүйегімізді жасытып бітірді ғой...

Қария. Басқа түскенді көрермін. Уайымдамаңдар. Жатыңдар, әбден титықтап біттіңдер. Ұйықтаңдар.

3-жігіт. Қарияны қайтеміз, анау екі көзі қызарып біз жақты аңдумен отыр.

1-жігіт. Әй, онда бүгін шама жоқ. Басының сақинасы ұстап домалап жатыр. Ақсақалды ертең есін жиған соң... нетеді...

3-жігіт. Бәрібір түнде кезектесіп күзетейік, жақындатпайық. Басқа не амал бар?

2-жігіт. Жүрегім сезеді, карцерден бір-ақ шығамыз-ау.

1-жігіт. Көрерміз не болса да.

Ахико. Атаны мен де күзетісемін.

1-жігіт. А?

Ахико. Атаны түнде мен де күзетемін. Рұқсат етіңіздер.

2-жігіт. Бұл баланы араластырмайық, жігіттер. Обалына қаламыз.

3-жігіт. Болды, уәде осы болсын. Атаны барлығымыз кезектесіп күзетіп шығамыз. Әр екі сағат сайын ауысып отырамыз. Бірақ мызғып кетуші болмаңдар. Анау мысық сияқты пәле. Қай жағыңнан шыққанын сезбей қаласың.

Түн. Бір уақытта Степан орнынан орнынан тұрады. Күзетте отырған 1-жігіт те орнынан қозғалып оған қарсы жүреді. Арпалыс болады. Ақыр аяғында 1-жігіт қозғалмай қалады. Степан барып қолына жастық алып, шалдың үстінен төнеді.

Ахико. Ата, ата!

Бүкіл камера оянады, шам жанады.

2-жігіт. Ойбай, бауырым!

1-жігіттің өлі денесін күзетшілер алып кетеді. Шал да қимылсыз жатыр.

Степан. Немене болды соншама дүрлігіп, жатыңдар! Мына шалды да алып кетіңдер. Өліп қалыпты!

Қария /жылап/. Алда, қарағым-ай! Боздағым-ай! Ерім-ай!

Степан. Ойбай, шал тірі ғой!

Ахико. Ата, ата!

Барып шалды құшақтай алады. «Подьем» басталады. Жұрт киініп, сыртқа беттейді.

Күзетші /Степанға қарап нығырлап/. Степан, сен денсаулығыңа байланысты камерада қаласың. Қария, сен де жұмысқа шықпайсың. Қалғандарың есікке беттеңдер, жандарыңның барында аяқтарыңды басыңдар! Өңшең сүмелек!

Тыныштық. Камерада Степан мен қария ғана қалған. Шал намаз оқуға дайындалады.

Степан. Ей, шал, прекращай!

Қария еш назар салмастан жайнамазға жығылады.

Степан. Ей, придурок, прекращай деймін!

Шал естімегендей. Степан оның жанына жетіп барып тепкінің астына алады. Шал бүк түсіп жатып қалады. Степан оны буындырып, сілкілеп, тепкілеп, құтырып кеткен. Шал бос қап сияқты былқ-сылқ. Степан біраздан соң барып қана тоқтап шалдың өлі денесін лақтырып жібереді. Өзі барып төсегіне жатып қалады. Біраздан соң шал орнынан тұрып намаз оқуын жалғастырады. Үрейленген Степан жастығының астынан пышақ алып барып шалды бауыздайды. Бірнеше мәрте пышақ салып, өлі денесін қалдырып, камераның есігін қағып күзетшілерді шақырады.

Степан. Алып кетіңдер! Мынаның көзін құртыңдар!

Күзетші. Істі неге тындармағансыз?

Степан. Не айтып тұрсың?

Артына бұрылса, шал түк болмағандай намазын оқып жатыр.

Степан /жынданып кеткен/. Алып кетіңдер! Құртыңдар көзін! Маған кімді жібергенсіңдер! Менімен ойнайын деген екенсіңдер! Мен сендерге көрсетемін!

Күзетшіге кездігін ала жүгіреді. Өлтіреді. Басқа күзетшілер келіп, оны алып кетеді. Атқан дыбыс естіледі. Шал намазын оқуды жалғастыра береді.

ҮШІНШІ ЭПИЗОД

Бірінші көрініс

Ахико. 1954 жылы мен рақымшылыққа ілігіп, лагерь қапасынан босап шықтым. Біздің баракта жұмбақ қария пайда болып, Степан жынданып өлгеннен кейін көп өзгерістер орын алған. Түрме басшылығы кенет тәубасына келгендей еді, тұтқындардың күнделікті тамағы да, киім-кешегі де тәуірленді. Осының нәтижесінде көп адамның өмірі сақталып қалды. Бәлкім олардың ішінде мен де бармын... Қария Степан өлгеннен кейін ғайып болды...

Мен Қарлагтан шыққанда жасым 25-те, ал салмағым 24 келі болды. Тірімін деп те, өлімін деп те айта алмайтын бір өліара күйде едім. Арғы дүние мен бергі дүние тұтасып, шекара сызығынан ажырайтын бір күй бар. Қалтамда – «Ахико Тецуро - Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінде 58-бап бойынша «халық жауы» деген айыппен 10 жыл отырып шықты» деген қағаз ғана бар. Қай халыққа жау болдым, қалай жау болдым - беймәлім күйінде қалды. Ұсталғанда өзім мойындаған «жапон тыңшысы» деген жала ше? Он жылға созылған қапастың қай тұсында сусып түсіп, қалай «халық жауы» деген мүлде басқа бапқа өзгеріп шықты? Білмеймін. Бұл маңызды да емес. Қарлагтың темір торының бергі жағындағы жайнаған әлемге, көкпеңбек аспан мен мөлдір тұнық ауаға мас болып, бетім ауған жаққа жүре бердім...

Ақтамақ. Балам, көзіңді аш, балам, көзіңді аш.

Гүлшат. Апа, өліп қалған шығар.

Ақтамақ. Жоқ, демі бар деймін. Әй балам, мә, шалаптан ұртта. Ұртта. Қомағайланып ішпе, ішпе деймін, болды. Жата ғой. Әй, қыз, мына жерге шатыр тігейік. Екі-үш күн қозғамайық орнынан. Кірпігі ғана қимылдап жатыр. Жаны шығар-шықпас. Үйге сүйресек, көтере алмас.

Гүлшат. Апатай, қу сүйегі қалыпты, өліп қалатын сияқты ғой. Ана жолғы Август ағам сияқты. Қорқам, апа.

Ақтамақ. Неменеге қорқасың. Өлсе өлер. Әзір жаны бар, далаға тастаймыз ба? Әй, сен қыз да бір, ештеңе жоқ, затың - әйел, көре бер. Сорлы әйелдің басына түспейтін зұлмат жоқ мына дүниеде...Көре бер шетінен, көре бер...

Гүлшат. Қайта бастадың ба Асан қайғының жырын? Шатырды әкеліп осында тігейін бе сонда?

Ақтамақ. Иә деймін, о тоба! Мына екі зәлім келе жатыр. Бұлар қайдан шықты.

Екі жендет келеді.

1-жендет. Мә, мына апам қайтпайды, ей. Тағы біреуін тауып алыпты.

2-жендет. Әй, Ақтамақ, мынауың кім тағы?

Ахико сандырақтап жапонша сөйлеп жатыр.

Ахико. Окаасан, окаасан... Анашым... Анашым...

1-жендет. Немене деп кетті... Сен, кемпір, ана жолы ғана немісше сандырақтаған біреуді күтіп жүр едің ғой? Ол қайда?

Ақтамақ. Өліп қалды...

2-жендет. Ал мынау кім? Қалтасын қарашы құжаттары бар ма екен?

1-жендет. Қарлагтан шығыпты. Ммм... Ахико Тецуро дейді, жапон... 58 статья. Ата салайын ба?

Ақтамақ. Әй, ит, зәлім, жендет! Кет былай баламның қасынан.

2-жендет. Алжыған қақпас, ол сенің балаң емес, ол - жапон, шпион, халық жауы!

1-жендет. Бұл кемпірді де ата салу керек.

2-жендет. Әй, тұра тұршы. Атқан соң бұлар тыриып өліп қалады, сосын бізге бұл қызықты кім береді.

1-жендет. Сен-ақ тоқтата бересің осы мені.

Ақтамақ. Көздеріңді құртыңдар.

2-жендет. Әй, қақпас, сен өзіңді аямасаң да андағы қаршадай қыз, немереңді аясаңшы. Кесірің ана балаға тиеді ғой. Ылғы халық жауына қамқор болып, басына шатыр құрып отырасың. Біз бұл жапонды алып кетеміз.

Ақтамақ қолына айыр алып, жендеттерге кезенеді.

Ақтамақ. Екі көк ми, жандарыңның барында кетіңдер бұл жерден.

1-жендет мылтығын шығарып Ақтамақге кезенеді.

1-жендет. Болды, тоқтатпа мені. Өлтіремін.

Ақтамақ. Шалымның да жанын алып едіңдер, немене сендерден қорқады деп тұрсыңдар ма? Немене менің жанымды баламның жанынан артық деп тұрсыңдар ма? Жастығымды ала жатамын, иттің балалары.

Айырын алып тұра ұмтылады. Ана екеуі қашады.

1-жендет. Таста айырды!

Ақтамақ. Ұлым қайда? Ұмыттыңдар ма, ит жендет, Аппақ деген ұлым болған. Қайда сол Аппағым? Қандай өлең жазушы еді, ол өлеңдерін қандай етіп айтушы еді. Той-томалақтың көркі еді, жайраңдап далаға шыққанда қыз-қырқын шеттерінен қырылып жатушы еді, сол перзентімді де осы екеуің емес пе ұстап әкеткен. Ең болмаса келін түсіріп қызығын көрмедім? Атыңдар, атып тастаңдар мені.

1-жендет. Бізді немене бекерден бекер адамдарды ұстап, қыра береді дейсің бе? Шалың да, ұлың да халық жауы болған соң ұсталды, айдауда өлді. Бізге неғыл дейсің? Тыныш жүрген адамға тиісіп бізді жын қағыпты ма?

Ақтамақ. Жын қаққан сендерді, жын да, пері де барлығы қаққан... Баламның жалғыз жазығы – дарындылығы еді, ал шалым, шалым осы ауылда молда болды, өлген адамның жаназасын шығарды, жастардың некесін қиды. Бар жазығы сол оның. Ал сендер... Сендер шайтанның жандайшаптары, сендерге ол қалай жағады? Құран ұстаған адам қалай жағады сендерге, жын иектеген өңшең қанішер сол... Ойбай-ай...

2-жендет. Қой, құрысын кеттік, бұл жынды кемпірмен жынды болып тұрмайық.

1-жендет. Ана шпион ше?

2-жендет. Әй, Ақтамақ, ана шпионды шыжғырып, майын басыңа жақ, андағы шаштарыңа жақ!

1-жендет. Әй, тоқта, осылай кете береміз бе?

Ақтамақ. Азғындар өңшең! Неге мені атпай кетіп бара жатырсыңдар деймін, тоқтаңдар, дәттерің барып жайқалған жауқазын ұлымды үзгенде мына мені, сорлы кемпірді өлтіруге шамаларың неге жетпей қалды? Найсаптар! Атыңдар мені!

Гүлшат. Апатай, апатай! Болды, қойыңызшы. Қойыңызшы, қорқып барамын.

2-жендет. Андағы қызың қорыққанынан бұтына жіберіп қойды.

Ақтамақ. Не дейді? Әй, Гүлшат! «Ауызың толы қан болса да, дұшпаныңның алдына төкпе» дейтінім қайда?

Гүлшат. Апатай, қорқып барамын, сізді атса, мен не боламын?

Ақтамақ /Гүлшатты құшақтап, тербетіп/. Бұлар атпайды, бұлар сондай қорқау ғой, балам, астыртын, білдірмей, түн жамылып, жымысқы жүреді бұлар. Бұлар сондай. Атаңды да сөйтті ғой. Аппақты да сөйткен.

Гүлшат. Детдомға оралғым келмейді.

Ақтамақ. Оралмайсың, оралмайсың, болды, қойдым, айнам, қойдым. Қойдым.

Жендет. Жүр, ақырын-ақырын шегініп кетіп қалайық.

1-жендет. Иә, кеттік.

2-жендет. Көзінен көзіңді айырма.

1-жендет. Иә, тура көзіне қарап тұрмын.

2-жендет. Бұл жапон сен кемпірдің түбіне жетеді әлі.

1-жендет. Екі көзіңнен қанды жас ағызады әлі. Андағы шыжың қызың да жетістіреді сені. Тірі болсақ көреміз әлі.

2-жендет. Ұлтының өзі түсініксіз. Гүл-шат деп қояды.

Ақтамақ. Ах, атаңа нәлет жауыздар!

Ақтамақ тұра ұмтылғанда, екеуі тұра қашады.

Екінші көрініс

Ақтамақ пен Гүлшат Ахиконы орнынан тұрғызып, сүйемелдеп алып келеді.

Ақтамақ. Альберт, Альберт! Бронислав! Қайдасыңдар? Мынаны кіргізіңдер.

Альберт және тағы бір адам шығады. Мыналарды көріп жанталасып сүйемелдеп екі жақтап алып кіреді.

Ақтамақ. Альбертжан, тура сен жатқан жерде жатыр екен, бұл да түрмеден шығыпты. Өңі қазаққа ұқсайды, бірақ қазақ емес, тілі басқа.

Бронислав. Не дейді? Қытайша сөйлейтін сияқты.

Альберт. Жоқ, жапон.

Гүлшат. Иә, жапон, жапон, жаңағы жендет те солай деді ғой.

Бронислав. Жаны шығар-шықпас...

Ақтамақ /жылап/. Енді бір нәрсе етіп адам қылайық, балалар, өлтіріп алмайық... Қабірің жарық болғыр отағасынан, Аппағымнан, кеше ғана Августен онсыз да айырылдым...

Гүлшат. Апа, апатай, жыламашы...

Бронислав. Барлығы жақсы болады, апа, уайымдамаңыз, демалыңызшы, өзіміз қараймыз.

Альберт. Иә, апатай, шайыңызды ішіп алыңызшы.

Барлығы сүйемелдеп алып кетеді.

Үшінші көрініс

Гүлшат. Апа, Ахико келін әкеле жатыр! Келін! Келін! Менің енді жеңгем бар, менің енді жеңгем бар! Алақай, алақай!

Ақтамақ орнынан үш ұмсынып, тұра алмай қалады. Оны қыз-келіншектер тұрғызып қолына бір табақ шашу береді. Келінді алып кіргенде барлық дәстүрі жасалады.

Ақтамақ /мақтанып кетеді/. «Өшкенім – жанды, өлгенім тірілді». Міне. Біздің шаңыраққа да келін түсті, той болады. Міне. Айна-ла-йын.

Ахико мен Катяны барып сүйеді. Ахико нағыз жапонша салмақты, сыпайы. Осы жерде үйлену сәтінің қазақша, жапонша, көптеген басқа ұлттардың салты аралас болса... Қазақстанның көпұлттылығын, ұлттар арасындағы өзара сыйластықты көрсететін көрініс.

Төртінші көрініс

Ақтамақтың үйінің іші. Катя аяғы ауыр, іс тігіп отыр. Ақтамақ қазан-аяқ басында күйбеңдеп жүр. Мамыражай сәт. Кенет пошташы келіп кіреді.

Пошташы. Ассалаумағалейкүм!

Ақтамақ. Кел, балам, төрлет.

Пошташы. Жоқ, рахмет, нан ауыз тиейін. Ахико, сені бір минутқа бола ма?

Ахико. Иә, әрине.

Екеуі оңашаланады.

Ахико. Не болды?

Пошташы. Саған бір одағай хат келді.

Ахико. Одағай деген не?

Пошташы. Конвертінің өзі біртүрлі, қарашы.

Ахико. Жүрегім атқақтап барады, бұл жапонша жазу ғой.

Пошташы. Онда сүйіншімді бер.

Ахико. Берем сүйіншіңді.

Пошташы. Онда алдымен биле.

Ахико. Ей, кетші, әкел хатты.

Пошташы. Бермеймін.

Ахико. Мынау жынды ғой. Әкел бері.

Пошташы. Алдымен сүйіншімді бер.

Ахико /қалтасынан ақша шығарып/. Мә, мынау жете ме?

Пошташы. Ойбай, тым көп қой.

Ахико. Әй, хатты таста да, жоғалтшы көзіңді.

Ахико. Жапониядан. Жапонша жазуды да көретін күн бар екен ғой. /Иіскейді/. Теңіздің, тұздың, балықтың иісі шығады. Кім, не жазды? Мені іздеп жатыр ма сонда! /хатты ашады/. Әкем... әкемнің жазуы...

Қадірлі ұлым, Ахико. Сонау алмағайып кезеңде өзіңнен көз жазып қалған едік. Анаң не өлі деген, не тірі деген хабарыңды білмей, құсадан өлді. Сені іздемеген жеріміз жоқ. Жуырда Қарлагта, Қазақстан жерінде өзіңмен бір камерада отырған жерлесіміз келіп, дерегіңді айтты. Басыңа қанша қиыншылық түссе де, өміріңді сақтап қалғаныңа ризамын, құлыным. Енді сені Жапонияда күтемін. Бауырларың да, кәрі әкең мен де өзіңді дегіберсіздене күтіп отырмыз.

Ахико. Анам, анашым... Жатқан жерің жарық болсын... Әке, әкетайым, тірі екенсің ғой, бар екенсің ғой...елге оралу...елге оралу... Катя ше? Апам ше? Әке, ол не дегенің? Барлығын таста... Ақтамақ артымда ұл бар, шаңырағымды ұстап қалатын атқа мінерім бар деп алаңсыз жүр емес пе? Оны қайтемін, әке?

Бесінші көрініс

Ахико. Мен, әрине, Жапонияға барып қайттым. Әкемді, бауырларымды көрдім. Бүкіл жапон елі аяқтарынан тік тұрып қарсы алды. Әуежайда гүл шоқтарын ұстаған, «Туған жеріңе хош келдің, Ахико» деген жазулары бар плакат ұстаған жұрт. Барлығы шаттанып жатыр. Жат жерде лагерьде қалған соңғы жапон елге оралды деп ұлан-асар той жасады елім. Репортерлар бірімен бірі жарысып сұхбат алып, суретке түсіріп жатыр. Өзімді қаһарман сезіндім. Керемет болды... Көзім көріп тұрса да, көңілім сенбеді. Еңіреп жыладым. Мауқымды басу қиын болды. Лагерьде көрген тауқыметім, содан кейінгі қиындықтар – барлығын осы бір сәт басып кетті. Елге дәл осылай оралу үшін барлығынан қайта өтуге бар едім. Сөзбен айтып жеткізе алмаймын... Әкем балаша қуанды. Бауырларымның да көздерінде жас... Бірақ мен айттым. Мен оларға былай дедім. Әке дедім... Әке... Өзіңнің самурайыңды қасымда қал деп қыспа, отанына опасыздық жасатқызба. Қазір менің отаным – Қазақстан. Онда кәрі шешем, ұлым, жарым қалды... Батаңды беріп, еркіме жібер... Тағдырдың шешімімен сол бір елге байландым. Он бес жасымда Жапониясыз қалып жүрегім күл-парша болып еді, енді екінші мәрте сол кепті кешкізе көрме маған, әке дедім... Әкем күйресе де, іштей бордай тозса да, қайғыдан қап-қара болып түтігіп кетсе де, босатты... Осылайша Қазақстанға, Қарағандыға, Ақтасыма оралдым...

Ән айтады. Алдында айтылған жапонша әннің қазақшасы:

Қояндардың артынан қуып өскен сонау тау,
Шабақ балықтарды аулап өскен сол бір өзен,
Сол кездерді әлі де түсімде көремін.
Ұмыта алмаймын ата мекенімді.
Әке-шешемнің қал-жағдайы қалай екен?
Ескі достарым аман-сау ма екен?
Жауынның жауғаны да, желдің соққаны да,
Барлығы ата-мекенімді еске түсіреді.
Мақсаттарымның бәріне жеткеннен кейін
Бір күні үйге қайтармын.
Таулары жасыл атамекенім,
Сулары мөлдір атамекенім.

Соңы.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз