Әкемтеатр биылғы маусымын абыроймен бастады. Мемлекет деңгейінде тойланып жатқан ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы сынды мерейлі тойға тарихымыздың ақтаңдақ беттерін түгендеуге арналған «Ақтастағы Ахико» спектаклін тарту етті. Спектакльді барып көрдік. Артынан пьесаны да оқып шықтық. Баспасөз беттерінде жақсылы-жаманды сыни пікірлер білдіріліп жатқанына қарамай, бұл спектакль Қарлагтағы азапты кездердің шежіресіндей әсерге бөлегені тағы рас. Сахалин даласында ұсталып, Қарлагта қамауда болған Ахико өмірде бар адам. Сол Ахикомен қоса, барша құрбандардың тәлейін баяндайтын спектакльдің режиссері Асхат Маемиров болса, пьеса авторы — Мәдина Омарова. Әкемтеатрдың табалдырығын аттағандағы мақсатымыз да автор Мәдина Омаровамен әңгімелесу еді...
— Бұл кабинетте Қалихан Ысқақ, Асқар Сүлейменов отырған.
Мені әлдеқандай толқулы күй құрсап ала қойды. Жадыма Қалиханның «Сыбағасы» оралған. «Жәкем өзінен бес жас үлкен Қорлығайынға қыз кезінен ғашық болған...»
— Асқар Сүлейменовтің кезінде толған жылқының картиналары ілініп тұрады екен.
— Созақтың жылқылары болу керек...
Көзімнің қиығымен қабырғаны бір адақтап шықтым да, «Асқар Сүлейменов кабинетінде...» деп басталатын естеліктерге шома бастаппын.
— Кофе ішесіз бе, әлде шәй дұрыс па?
— Шәй ішейік.
Шәй тым қою демделіпті. Тілім уылып кетті.
— «Ақтастағы Ахико» қашан жазылды?
— Қарлаг тақырыбын зерттеуші Нұрлан Дулатбеков театр директоры Ерлан Біләлға осы идеяны айтқан екен. Қарлагқа қатысты осындай уақиға бар, келіп, көзбен көріп, танысыңдар дегесін, ол кісі Қарағандыға барып қайтқан болатын. Келген бойда штаттағы драматург болғандықтан, маған жазуға ұсыныс тастады. Ауыр тақырып. Жазып көрейін дегенмен де, жазатыныма аса сенімді емес едім. Менің негізгі тақырыбым басқа ғой, мистика, адамның психологиясындағы иірімдер... Шыны керек, тарихи тақырыпқа бару, Алаш азаматтарын қозғау түсіме де кірген емес. Қорқа-қорқа кірістім де, іздендім, зерттедім. Ақыры осы дүние шықты. Бір жағынан менің жазғаным да дұрыс болған сықылды. Өз басым тарих қатты қызықтырады деп айта алмаймын. Бірақ, Алаш тақырыбын зерттеп жүрген «Абай.кз» сайтындағы жігіттер секілді азаматтар баршылық қой. Олар бұған қатысты архив материалдарын да, тың ақпараттарға да қанық болғандықтан, бірден көркем кескінін жасай алмас па еді, кім біледі. Ал маған барлығы жаңалық болды. Оқыған кезде денем түршікті. Қазақтарды жек көріп кеткендей күйді де өткердім жан әлемімде. Тереңірек зерттеген сайын жыладым. Алаш қайраткерлерінен бастап, қарапайым халықтың шеккен жапасына төзу мүмкін емес! Психологиялық үлкен соққы болды маған. Сол әсердің үстінде жазылғандықтан, әрі сырт көз ретінде өзім үшін тың жан арпалысына бөленгендіктен көркем дүние жазылды. Театрда, әдебиетте жүрген көп кісілер: «Көрерменді бір жарым сағат бойына қалай ұстап отырасың? Қарлагты қалай жазбақшысың? Уақиғаны қай арнада тоғыстырасың?» — деп жатты. Мен басқа қырынан келген сияқтымын. Жалпы картинаны басқаша сезініп, басқаша көргендіктен, образдарға ортақ бір тыныс тапқан болуым керек.
— Пьеса аясына сыйғызылған кейіпкерлердің өмір жолы мен өмір сүрген жылдарында сәйкессіздік байқала ма, қалай?
— Көркемдік шындықты ұмытпайық. Негізі Ақайдың Қасені отызыншы жылдары атылып кеткен. Қырық бес-елуінші жылдары ол кісінің түрмеде отыруы туралы әңгіме жоқ мүлде. Қасен ақсақалдың тағдырына қатысты бірнеше дерек бар. Бір дерек отызыншы жылдары Шәкерім секілді сұраусыз, сотсыз атылып кетті десе, енді бір дерек «Ресей жерінде көрген кісілер бар» дегенге саяды. Сол жақта аштықтан бұратылып өлген екен. Ерлан Төлеутайдың айтуына қарағанда, Арқадағы атақты байлардың бірі болған Қасен ақсақал: «Сансыз байлығымнан қалғаны мынау», — деп дорбасындағы бір тілім нанды көрсетіпті дейді. Ол кісінің түрмеге отырғаны — көркемдік дүние. Қарлаг Сарыарқада болғандықтан, сол даланың киесі ретінде абыз ақсақал қылып жиынтық образ жасадық. Сәдуақас, Сейфоллалардың Қарлагта отырғаны анық. Бірақ, төрт күн ғана отырыпты. Сол аз күннен соң дереу атып тастаған. Бұларды неге қостық? Пьесада Ахмет деген ақын бар. Ол бірде өз өлеңі ретінде Сұлтанмахмұттың жырын оқиды, бірде Байтұрсыновтың жырын оқиды. Бұл да жиынтық бейне. Сол тарихи кезеңде жапа шеккен халықтың, азапталған зиялылардың тәлейін жинақтап, көркем дүние жасауға талпындық. Егер әрқайсысының тағдырына жеке-жеке тоқталсақ сериал болғалы тұр. Сондықтан, сығымдап, сомдап, осы қалыпқа келтірдік.
Қызыл күрең шәйдан бір ұрттады да, менің де шәйға қарауымды сұрады. Тағы да тілім уылып қоя берді.
— Қаламгер үшін тарихи кезеңнің көркем сұлбасын сомдау маңызды деңіз...
— Бұл тарих пәніне қосымша емес қой. Яки, деректі драма емес. Біздің негізгі мақсатымыз рухты беру. Соның жаңғырығымен қазіргі қазаққа кім болғанын, нені кешкенін сезіндіру болды. Меніңше, қазақ жаралы халық, жарасы әлі жазылмаған. Жарасына ем болсақ, сол зұлмат заманалардың сұлбасын көз алдарына әкеліп, мына бейбіт ғұмырдың қадіріне жетуге үндесек деген мақсат қолға қалам алғызды.
— Сіздің шығармашылығыңызбен жақсы таныс адам ретінде маған нағыз кейіпкеріңіз суретші Степан секілді көрінді...
— Расымен менің кейіпкерім. Басында айтқандай Қарлагтағы жантүршігерлік жағдаяттардың тарихи келбеті мен үшін жаңалық болды. Степан осы зұлматтың символдық кейіпкері. Бұл жерде түрлі саланың ғалымдары, өнер майталмандары, тіпті, Нобель сыйлығының лауреаттары отырған. Сүт бетіндегі қаймақтар, яғни әлем элитасы отырған. Олар мұнда не көрді? Адам төзгісіз азап пен жауыздықтан өзге не көрді?! Қарлагтың музейіне барғанымда, адам адамға осыншалық қиянат жасауы мүмкін бе деген ойға қалдым. Ақылға сыймайтын озбырлық болған. Мұндағы жағдай толығымен абсурд. Сахнада мұның бәрін тәптіштеп түсіндіре алмайсыз. Қалай көркемдеп бергіңіз келсе де жеткізе алмайсыз. Бұны бір кейіпкердің аясына түгендеу ғана қалды. Степан сондай кейіпкер. Суретші Степан образы арқылы сол кездің елесін театр көрермендерінің тұла бойынан өткізгіміз келді. Бұл ойдан шығарылған кейіпкер. Неше түрлі оқымыстылар қауіпті қылмыскерлермен бір камерада жатты. Өйткені, зиялыларды дымын білдірмей жоқ қылу, азаптау деген жымысқы саясат та болды. Сол зұлматты қалай көрсетудің амалы бұл.
— Спектакльде Степан намаз үстіндегі Қасен ақсақалдың алдына жатып алады, тиіседі. Өлтірмек боп пышақ ала бергенде намазын аяқтаған қария «астапыралласын» қайталап қолынан ұстап қалғанда Степан жынданып кетеді. Яғни, жыны қозады. Ал пьесада бұл жері жоқ қой...
— Пьесада бұл жері жоқ екені рас. Бұл — режиссерлік шешім. Пьесаны жазу барысында көп нәрсе өзгерді. Жетпіс пайызы тұғыры ретінде қалды да, отыз пайызы өзгерді.
— Маған жолдағаныңыз соңғы нұсқасы ма?
— Соңғы нұсқасы сол. Премьера алдында аздаған өзгеріс тағы болды. Мен жасаған Степан зұлымдықтың, яғни Ібілістің елшісі. Ол Қарлагта салтанат құрып отыр. Қарамағындағы адамдарды мазақ етіп, қорлаудың әбден шегіне жеткен кезде, сол даланың киесі ретінде абыз ақсақал келеді. Ақайдың Қасенін әруақ ретінде алған болатынмын. Пьесада ол тірі адам емес еді. Түрмеге келіп адамдарға күш-қайрат беріп жүретін-ді. Ақсақал намаз оқып отырғанда Степан үш рет пышақ сұқса да, құламай намазын жалғастырып отыра береді. Үрейленген Степан айғайлап күзетшілерді шақырады да, келген күзетшілерге де пышақ сұға береді. Бұған төзбеген күзетшілер Степанды өз қолдарымен жаһаннамға жөнелтетін. Пьесадағы нұсқасы осылай негізі. Ал, соңғы нұсқа режиссердің шешімі. Асылында, режиссердің шешімі ұтымды болған болуы керек. Себебі, әдебиет бөлек те, сахнаның заңдылықтары бөлек қой.
— Ахмет есімді ақын кейіпкеріңіз бар. Қасен кіріп келгенде сол Ахмет қарияны құшақтап жылайды ғой. Сонда Сәдуақас «ақынжанды нәзік жігіт, көңілі босап жатыр» деп мүсіркегендей болады. Ақынды неге бұлай бердіңіздер?
— Менің қолжазбамда шынында да ақын сондай кейіпте бейнеленді. Бұл кейіпкерді режиссер Ахмет деп атады. Ал мен жәй ғана Ақын деп алған едім. Бұл сол замандағы Алаш зиялыларының жиынтық образы. Енді... ақынның аты ақын ғой. Сіз де, біз де олармен араласамыз. Олардың расымен жаны нәзік келеді емес пе? Ақын деген — ақын, батыр емес. Асан Әли деген жігіт спектакль жайлы рецензиясын жақсы жазыпты. Мен Асанның сөзімен жауап берейін. Оның пікірі «біз ақын жігітке қарап, Алашордашыл ақындардың да ет пен сүйектен жаралғанын, сонша азапқа қарамай өз позициясынан, азаматтық принциптерінен таймай жанкештілікпен күрескенін түсіндік» дегенге саяды. Егер сахнада арпылдап атылып тұрса өтірік болар еді. Өзіңіз де білесіз, Сәкеннің мұртын бір талдап қалай жұлғанын. Керзі етікпен аяусыз тепкеннен беті адам танымастай көгерген Сәкен «қайда қол қой десеңіздер де қояйын, тек әйел-баламды мұнда кіргізбеңіздер, менің бұл түрімді көрмесін» деп жалынған екен. Ақын — әуелі адам. Соны ұмытпауымыз ләзім. Кейіпкер шынайы қалпын сақтап қалған сықылды...
Кенет менің жадыма Асқар Сүлейменовтің кабинетінде отырғаным түсті. Сосын көбіне журналист ретінде әңгімелесушінің ығына жығылу ләзім екені қаперімде сәулеленді. Сөйткенше болған жоқ, кеш батып бара жатқанын ойладым. «Мәдинаның «Ақын» әңгімесі қызық, ә». Үнсіздік орнап қалыпты. Шәйдан бір ұрттадым...
— Жалпы шығармашылығыңызға қатысты сұрасам, сіздің баяндау тіліңіз қандай тіл? Сөйлемдерді ұзартып дейміз бе, теңеулер арқылы жазудан мүмкін... саналы түрде бас тарттыңыз ба, әлде бұл стиль ме?
— Саналы түрде бас тарттым деуге келмейтін шығар. Бала кезімде «Ұлан» газетіне жас тілші болғам. Аудандық газетке, «Қазақстан пионеріне» апта сайын шығатынмын. Кішкентайымнан жазуға бейімдігім байқалды. Бірінші сыныпта оқып жүргенде өлең жазатынмын. Қалай хат таныдым, солай жазуға деген қажеттілік маза бермейтін болды. Сол кезден бастап осылай жазам. Ұзақ жазуға келсек, ол адамның ішкі ырғағына, ішкі мазмұнына байланысты. Сол сенің жазу стиліңе айналады.
— Әдебиеттегі кейіпкерлеріңіз арқылы не айтқыңыз келеді?
— Басынан бастайын. Прозаға алғаш рет жиырма жасымда келдім. Оған дейін мақала жазатынмын. Кішкентайымда ертегі жазатынмын. Кейін мұны да қойдым. Алғашқы әңгімемді Жұмабай Шаштайұлына алып бардым. Ол кезде «Жас Алашта» істейтін. «Бұл әңгімеңді түзеп әкел. Бірақ сенде бірнәрсе бар» деді. Қайта түзеп тағы апарған едім, ол кісі бірден газетке басты. Содан менде сенім пайда болды. Ізденісім кеңейді. Қысқа әңгімелерімді жазып бастағаным сол кез. Артынша «Ғажайып көл» деген повесть жаздым. Ең көлемді шығармам сол. Бертінгі кезеңдерде әдебиетте өзімді жоғалтып алғандай күй кештім. Ендігі жерде қысқа әңгімелер жазу қызықсыз. Кез келген жерде, кез келген жағдайда отырып қысқа әңгіме жаза алатындай шеберлікке жеттім. Бұл алынып болған асу секілді мен үшін. Фэнтези жанрында жазуға құлшыныс болды. Оны да жаздым. Ары қарай не жазам дегенде, театрға келдім. Театрға келгесін драматургияда екінші тынысым ашылғандай болды. Алғаш жазылған пьесам Чехов шығармашылығының әсерінен туған экспромт еді. «Қадір түні» атты бес-алты беттік пьесам да бір отырғанда жазылған дүние. Қарасам пьеса да жаза алатын сияқтымын. Бұл да оңай ма сонда? Ал маған оңай нәрселер ұнамайды. Кейін театрға келгесін оңбай қателескенімді түсіндім. Тіпті, драматургияны шындап ұғына бастағанда шошыдым. «Тор» және «Квартиранттар» деген екі пьесам Орал театрында Алма Кәкішеваның режиссерлігімен қойылды. Бұлар менің кейінгі кездегі ізденістерім. Осы ізденістеріме өзім ерекше мойындайтын Серік Асылбекұлы сыни пікір білдірді. «Бірақ сенен түбінде жақсы драматург шығады, иншалла» деді. Ол кісі тәжірибелі драматург, ғалым, ұстаз қой. Сөзіне сендім. Енді тек жұмыс істеймін. Ал, мен әлі үлкен деңгейге жету жолындағы ізденуші автормын.
— Киносценарий жазатын ойыңыз жоқ па?
— Ұсыныс боп жатса, неге жазбасқа?!.
— «Қазақ жазушыларының киносценарийлер жазуға тәуекелі жетпей жүр» деген пікіріңізді оқыған едім...
— Біздің жазушыларға қатысты, әдебиетке қатысты ұнамсыз тенденция қалыптасқан. Депрессиялық күй деп те атауға болатын шығар. Кітап оқылмайды, кітап шығарудағы сапа мен жүйенің бейберекетсіздігі бар, жазушының сөзін ешкім тыңдамайды да. Әдеби әлемде не болып жатқаны ешкімге қызықсыз. Әлем өзгеріп кеткен секілді. Ақша, атақ, қызыл-жасыл әлем, шоу... Елді қызықтырып отырған әншілер өмірі. Кім кіммен тұрады, кім не істепті, пәленше бала туыпты деген сықылды дүниелер модаға айналды. Халықтың түсінігі осы тар шеңберге шырмалып қалған. Ал, жазушылар өздерінің күңгірт, сырлы әлемінде қалып қалған сияқты. Аянышты хәл ғой... Қоғамды ма, адамды ма, кімді кінәлайсыз?! Кінәмшілдіктен түк ұтпаймыз. Жазушылар әрекет етуі керек. Танылудың да, ол маңызды емес десеңіз, өз потенциалыңызды танытудың да бірден-бір төте жолы — кино. Киносценарийлер жазу. Ол үшін телеарна басшылары, киностудия продюсерлері қазақтың жанын танытуға мүдделі болуы да маңызды.
Осыны айтты да, қайнаған самаурынның аптығын басып алайын деген болуы керек, қайтадан шәй демдеуге кірісті. Мен жымиып қойдым...
— Шығармашылық лабораторияңызбен бөліссеңіз...
— Мәселен?
— Қадыр Мырза Әлидің «автордың шығармашылығын тану үшін оның өміріне қатысты ұсақ-түйектің бәрі маңызды» дейтіні бар еді ғой...
— Күнделікті күйбеңде мән бермейтін дүниеміз көп. Асылы, барлық жазушы бірдей. Өз әлеміңде жүресің. Өз әлемің ғана шын секілді. Әсіресе, жазып жүрген кезіңде... Жазып жатқан дүниеңнің өз формасы болады. Санаңдағы уақиға өтіп жатқан кезеңге сапар шегесің, әр кейіпкеріңмен жеке-жеке танысасың. Ситуацияға байланысты әрекеттерін бақылайсың. Қабақ шытасың, мұңаясың, қуанасың... Мұның бәрі санаңда жүріп жатқан процесс. Сөйтесің де жазасың. Мұндай кезде сол әлемнен өткен шындық жоқ. Ондайда мына біздің әлем, біздің тіршілік сағым секілді бет көрсетеді. Бұл жайында көп айта беруге де болмайды-ау. Өйткені бұл тым интим нәрсе. Демек, жазу барысында сіз басқаны ұмытып қаласыз. Қиын. Әсіресе, отбасың үшін қиын. Балаларым, жолдасым үшін жоқ сияқтымын. Көріп тұрсам да, көрмеймін. Естіп тұрсам да естімеймін. Бұл бірнеше айға созылуы мүмкін. Әрине, күнделікті тамағын дайындап, кірін жуып, үйді жинап жүресің. Жар ретінде, ана ретінде атқаруға тиіс міндеттеріңнің бәрін атқарып жүресің. Ал жаның, ойың басқа әлемде. Шығармашылық лаборатория деген осы. Өнер адамының, оның отбасының трагедиясы осы шығар, бәлкім. Жазуымның қысқалығына, стиліме келсек, ол менің мінезім шығар.
— Жастанып жататын жазушыңыз бар ма?
— Көп жазушыларды үлгі тұтамын. Үш жазушы: Хемингуэй, Фазил Искандер, Акутагава — идеалдарым. Солардың деңгейіне жеткім келеді. Мен тіпті деңгейіне жетуді армандауға тәуекелім жетпейтін шығарма — «Мастер и Маргарита». Булгаковтың барлық шығармасы шедевр дей алмаймын. Осы «Мастер и Маргаритасы» бұл әлемге тән емес секілді, бұл әлемнің шеңберінен шығып кеткен секілді.
— Қазақ прозасына келсек...
— Ардақ Нұрғазының шығармашылығына қызығам десем де болады. Прозасы да, поэзиясы да ерекше әсер етеді. Бірақ, қазір мойындала ма, білмедім. Оның адалдығы, жанкештілігі тәнті етеді. Біз көбіне коммуникациялық әдеп сақтаймыз. Ол бет-жүзің демей шындығын айтады.
— Өзіңізді дәстүршілмін деп есептейсіз бе, әлде, жаңашылсыз ба?
— Осы екі түсініктің өмір сүруі заңды. Классика бәрібір тұғырында қалады. Дегенмен, экспериментсіз даму жоқ. Әдебиетте қозғалыс болмаса не болғаны?! Дәстүршілдер мені қабылдай ма білмедім, бірақ өзімді дәстүршілмін деп есептеймін.
Біз де дәстүр бойынша жылы қоштастық. Дәстүр бойынша қол алыстық. Дәстүр бойынша ол кісі мені шығарып салды. Дәстүр бойынша рахметімді айттым. Дәстүр бойынша күртешемді қымтанып алып, ілбіп барамын. Жаңашылдық... Әңгіме барысында бір ғана жаңашылдық болды: мен кесемдегі шәйді тауыспай кеттім...
Үсен ТОРТАЙ
«Ақ желкен» журналы
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі