(Сексен жылдығындағы сөз)
Қазақ совет поэзиясының дүлдүл жүйрiктерiнiң бiрi, туған әдебиетiмiздiң ыстық-суығын бiрдей көрiп, оның азабына төзiп, базарына балаша қуанып, жеңiлiнен жерiнiп, ауырына жауырынын төсеп келе жатқан ақпейiл азамат ақынымыз Әбу Сәрсенбаев сексеннiң сеңгiрiне шығып отыр. Осынау тар жол, тайғақ кешулi, шың мен шаңыраулы үлкен ғұмырды басынан өткiзген дарқан дарын Әбу Сәрсенбаевтың өз халықына рухани қызмет етiп келе жатқанына табаны күректей жарты ғасырдан астам уақыт өтiптi. Риясыз рухани бейнет етiп келе жатқан осы талантты ғұмырдың дүниеге әкелген шынайы шығармалары халқымыздың рухани асыл қазыналарына айналып кеткелi қашан. Бұл шағын тоймақалада Әбу Сәренбаев қаламынан туған дүниелердiң бәрiн қамтып сөйлемек түгiл, тек сырттай шолып айтудың өзi мүмкiн емес. Өйткенi бүкiл өмiрiн қастерлi қағаз бен қасиеттi қаламға арнап келе жатқан қаламгердiң бiтiрген творчестволық шаруасы ұланғайыр. Осы ұланғайыр творчестволық шаруаның тек бiр пұшпағына ғана көз жiберiп, тек соны сөз етудiң өзi үлкен жауапкершiлiктi талап етсе керек. Өйткенi Әбу Сәренбаев шығармалары халқымыздың бiр емес бiрнеше ұрпағына рухани қызмет етiп тастады. Яғни ол шығармалар халықтық мәннен халықтық сипатқа ие болды. Ал халықтық мәннен халықтық сипатқа ие болған дүниелер жайлы сөз сөйлегенде, кiм-кiмнен болсын аса үлкен жауапкершiлiктi сезiне отырып, Әбекеңнiң ақындық жолына, оның iшiнде жауынгерлiк жырларына аз-кем тоқтала кеткендi жөн көрдiк.
Бiз, әрине, Әбекеңнiң ақындық жолының соғыс жылдарындағы жырларын тектен тек таңдап алған жоқпыз. Оған Әбу Сәрсенбаев творчествосына арналған мақалалар мен сын еңбектердегi кейбiр пiкiрлер себеп болды. Ол мақалалар мен сын еңбектердегi пiкiрлер, негiзiнен Әбекең әуен мен әуездi, түтiлген түбiттей биязы ақын деуге бейiм тұрады. Әбу Сәренбаев шығармаларын мұқият қадағалап, оның өлеңдерiмен сұхбаттаса сырласып жүретiн адам, сөз жоқ, ол пiкiрлермен ешуақта да келiспес едi. Өйткенi оның оқырман қауымға белгiлi алғашқы жырларының өзiнен үлкен азаматтық жүректiң дүрсiлi мен азаматтық дауыстың үнi естiлiп тұр. Ол өлеңдерден биiк рух пен өршiл пафос, қайтпас жiгер мен қайтпас қайсарлық сөз алады.
Соқ, дауыл, тұманды қу, толқынды
Тақытты талқан етер нөсер қайда?
Кел, менiң азаттықты арман еткен
Қанжардай лирамның жүзiн қайра!
Бұл жолдар ақынның 1939 жылы жазылған «Пушкин Қара теңiз жиегiнде» деген өлеңiнен алынып отыр. Лирасының жүзiн қайрамақ ақынның творчестволық мiнезiн, қане, кiм түбiттей биязы дей алар екен?! Тағы да, лирасының жүзiн басқаға емес, дауылға қайратпақ болған ақын өршiлдiгi қандай десеңiзшi! Найзағай жарқылы сiңiп кеткендей, оқылған кезде шатырлап ойнап шыға келетiн оның сол жылдары жазылған «Ескерткiш» өлеңi де бұл сөзiмiздiң толық дәлелi бола адады.
Әбу Сәренбаев творчестводан тыс, қарапайым өмiрде бұрқақ мiнезсiз, биязы, тiптi, бiр қарағанда, бетсiздiң бетiне де жел болып тимейтiндей сыпайы жан. Бiрақ ол бұйығы биязылық емес, керек кезiнде, қынабынан қылышын суырып, белiнен сойылын шешiп жатпай-ақ, кiм-кiмдi болсын мақтамен бауыздап тастай алатын принциптi, табанды биязылық. Ал ондай мiнез iшкi сабыры мен қайраты мол жандарда ғана кездеседi. Әбу Сәрсенбаев дәл осындай жан. Сондықтан да оның өлеңдерiндегi лептi екпiн, динамикалық қозғалыс сол iшкi қажыр мен iшкi қайраттан туып жататын болса керек. Теңiз толқынындай тереңнен лықсып көтерiлiп, ақжалданып бұрқырап жататын жолдар Әбу Сәренбаевтың соғыс жылдарында жазылған жырларында тiптi молынан кездеседi.
Тула, Балтық, тула, Балтық!
Тула, толқын, жарды қарпып.
Жау келедi, жау келедi,
Түн қойнынан өлiм артып.
Жойып жiбер жын ойнағын,
Толқыныңмен тебе тартып.
Шыңырауыңа батыр оны.
Тула, Балтық, тула, Балтық!
Крондштат, Крондштат!
Өмiр бердi Отан-штаб.
Көкiрегiңмен қақ дұшпанды,
Ұлы орыстың өзiне ұқсап.
Бақытымызға қамал бол сен,
Өр кеудеңдi жоғары ұстап.
От бер ауыр зеңбiректерге,
Крондштат, Крондштат!
Бұл жолдар, сөз жоқ, қазiрдiң өзiнде жүрек үнiндей, жүрек ұранындай естiлiп тұрған жоқ па?! Жалыны сөнiп, жаны қалғып кеткен жан болмаса, бұл жолдардан кiм-кiм де күн күркiрiндей қуатты рух сезiнерi сөзсiз! Шiркiн, өлеңнiң өлеңдiгi рухында ғой! Рух лебi шарпып жiберсе, көзге түсе бермейтiн ең бiр елеусiз қарапайым сөздердiң өзi қоламтадағы қып-қызыл шоқтай көзiн жарқ еткiзiп ашып алатыны бар-ау. Шынында да, әлгi жолдарға тағы бiр назар аударыңызшы. Жай көзбен қарағанда бәрi де қарапайым жолдар. Ал оқып көрiңiзшi. Әр сөздiң астарынан құйын үйiрiлiп, дауыл көтерiлiп бара жатқандай. Бiр қарағанда қой мiнездi қоңыр сөздердiң ақын аузына түскен бойда арыстан айбат пен жолбарыс қайратқа ие болып кететенi-ай!
Балтық пен Крондштадқа осылайша дем берген ақын өзiнiң ақжал Атырауына да алабөтен мiнез бен қайрат тiлейдi.
Қош, еркiн кәрi Атырау толқындары,
Ақынның қиялындай толқымалы.
Қалқан қып жүрегiмдi тостым алға,
Дабылын соқ майданның, толқы, қане!
Атырауға арналған өлең осылай аяқталады. Байыппен қараған адам бұл өлеңдегi ақын ойынан өзгеше тосындық көрер едi. Әдетте майданға аттанып бара жатқан ақын табиғат құбылыстарынан дем мен күш, қажыр мен қайрат сұрап тiлемеушi ме едi. Ал бұл өлеңде керiсiнше, ақын майданға аттанып бара жатып Атырауға дем мен күш берiп тұр. Бұл – Атырау арқылы елi мен жерiн жiгерлендiру. Ал елi мен жерi жiгерлi ақынның әр уақта да маңдайы ашық, мерейi үстем.
Әрине, ақын азаматтығы тек елi мен жерiне жiгер беру ғана емес. Егер ақын азаматтығын осы тұрғыда, осы арнадан ғана iздейтiн болсақ, онда оның аясын тым тарылтып алар едiк. Ақын азаматтығы, ең алдымен, ақиқатты айтуында, ал ақиқатты айту нағыз патриоттың ғана қолынан келмек. Әйтпесе, тек ұран тастап, үндей беру түптiң түбi жауыр жадағайлыққа, кебiр көлгiрлiкке алып келуi кәдiк. Ал ол күрессiз күпсу мен жалынсыз бықсуға алып барары сөзсiз. Мiне, осыны дер кезiнде ұға бiлген Әбу Сәрсенбаев соғыс тақырыбын барынша, терең, барынша дендеп игеруге кiрiстi. Ол соғыстың драмасы мен трагедиясын бүкiл болмыс-бiтiм, жан дүниесiмен сезiне бiлдi. Сондықтан да оның қаламынан мына төмендегiдей өлең жолдары дүниеге келдi:
Мазасыз Украина түнi!
Түн түнерiп,
Тағы да төбемнен үңiлдi.
Ай мен жұлдызы артқа жасырып,
Түн қара түнегiн киiндi.
Қатерлi елiм көлеңкесi
Менiң жүрегiме келiп үңiлдi.
Мазасыз Украина түнi!..
Мен окопта отырмын,
Батыстан алмай көз қырын.
Тынысымды iшке тартып, тыңдаудамын
Әрбiр жапырақтың сыбдырын.
Тiмiскiлеген сұм ажал!
Сұм ажал төңiрегiм.
Мен окопта отырмын.
Бұл жолдарда «Тула, Балтық» пен «Атырауға» тән бұрқақ лептi ырғақ жоқ. Түтiлген түбiттей биязылық та атымен сезiлмейдi. Осы өлеңдi оқи бастағаннан тұнжыр тылсым түнекке енiп бара жатқандай болатының сөзсiз. Соғыстың сұп-суық сызды демi бетiңдi шарпып жiбергендей. Тағы да бұл, өлеңнен қалыпты өмiрдiң қалыпты ырғағы, әуенi мен әуезiн таба алмайсыз. Ол ырғақ пен әуен-әуездi соғыс түнегi жалмап, жұтып қойғандай, өлең де өзiнiң үздiгiп тұрған гармониялық үйлесiмiнен аяқ астынан айрылып, тоналып қалған. Өлең жолдарындағы үн бiрде рабайсыз созылып, ендi бiрде шорт кесiлiп, омырылып естiледi. Осы өлең соғыс зұлмат алып келген ажалдың сұп-суық лебiмен сөз алған. Әрине, онда қорқыныш та, үрей де жоқ. Бiрақ онда тұла бойыңды дiр еткiзетiн соғыстың ауыр, нақты картинасы бар.
Осы өлеңнен кейiн көп ұзамай-ақ дүниеге даңқты «Ақша бұлт» өлеңi келдi. Қазiр «Ақша бұлт» десек, Әбу Сәрсенбаев, Әбу Сәрсенбаев десек, «Ақша бұлт» көз алдымызға келерi сөзсiз. «Ақша бұлттың» Әбу Сәрсенбаев творчествосының символына айналып кеткенiн қашан. Өзегiңдi өртеп, көкiрегiңдi қарс айырып жiберетiн бұл өлеңдегi сағыныш ғұмыры, сiрә, мәңгiлiк болса керек.
Жалпы айтқанда, жауынгер Әбу Сәрсенбаевтың соғыс жылдарындағы жырлары сыншылар мен зерттеушiлер үшiн үлкен тиянақты зерттеудi тiлеп тұрған рухани тың алқаптарымыздың бiрi. Ол тыңды мұқият зерттеу жұмысы көп ұзамай басталарына да сенiмiмiз мол. Сонда ғана бiз ақынның «Өлiм ойпаты», «Жатырқама, жас сәби», «Солдат», «Солдат шинелi», «Сен құрметте оны», «Генерал кеуде», «Жеңiс жолы», «Жалғыз емен», «Түн», тағы да басқа толып жатқан тамаша өлеңдерi жаңа бiр қырынан жарқырап көрiнер едi дей аламыз. Мәселен, ақынның «Жатырқама, жас сәби» өлеңiн тағы бiр қайталап оқып көрiңiзшi. Бiздiң қазақ совет поэзиясында соғыс трагедиясын дәл осы өлеңдей көрсетiп бере алатын өлең қатары өте сирек.
Өлеңдегi картина кескiлескен ұрыстан кейiн селоға кiрген солдат көзiмен берiлген. Солдат жас сәбиге кездестi. Ол немiстер бұтаққа асып кеткен анасының аяғынан құшақтап: «мама, мама, жерге түсшi», – деп зар қағып еңiреп тұр. Бiрақ анасы «екi көзiн алартып, тiл қатпастан тербеледi». Бұл сұмдық үрейлi картинаны түсiндiрiп талдап жатудың қажетi бар ма? Әрине, жоқ!
Асылы, ақынның ақындығы көруiнде емес, көрсетуiнде ғой. Сонда ғана творчество баянды болмақ. Сонда ғана ол халықтың рухани қажеттiлiгiн өтемек. Егер бiз өлеңге осы талап тұрғысынан келер болсақ, онда әлiгi өлең өзiнiң ең басты миссиясын орындап тұрғаны сөзсiз!
Әрине, Әбу Сәрсенбаевтың соғыс тақырыбына жазылған шығармалары тек соғыс жылдарында жазылған жырларымен аяқталып қалмайды. Соғыс тақырыбы – ақын үшiн мәңгiлiк тақырып. Бейбiт өмiрдiң сан салалы тiршiлiгiне, белесiне араласа отырып, оның сан салалы тақырыптарын жырларына үздiксiз арқау етiп келе жатса да, ол бiр сәт те өзiнiң жауынгерлiк мiндетiн естен шығарып көрген емес. Ақын бұл ретте де тамаша-тамаша дастандар мен өлеңдердi дүниеге келтiрдi. Ол дастандар мен өлеңдер қазiр баршамыздың рухани игiлiгiмiзге айналған. Олардың iшiнде әсiресе «Ақырғы гранаталар» мен «Соғыс жұлдызы» поэмаларын ерекше атаған жөн. Бұл поэмалар, сөз жоқ, тек ақын табысы ғана емес, бүкiл әдебиетiмiздiң де үлкен табыстары.
Жоғарыда айтып кеткенiмiздей, ақын творчествосын бiр мақалада түгел сөйлету мүмкiн емес. Бiз тек сан арна, сан алқапты творчествосының бiр саласын – соғыс тақырыбына жазылған жырларын ғана аз-кем сөз еттiк. Ал ақын туралы сөз ешуақта да таусылып, тамамдалмақ емес. Оның жалғасы келер ұрпақтардың еншiсiнде де жатқаны сөзсiз.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі