Сөз басында бiрден айтарым, Жұбан Молдағалиев сияқты өрiсi байтақ, құлашы мен қарымы өте кең, үнi мен дауысы аса зор, бояуы айқын, ажары айбарлы, айбыны асып тұратын ақын әлемiн бiр мақала, немесе бiр баяндама қамти алмайды. Өйткенi ол әлем – ақынның өз өмiрiндегi қатпар-қатпар жартасты-жарқабақтардан, алағай да бұлағай заманның аласапыранды кезеңдерiнен, аптап пен аязды сапырылыстарынан, адамдардың өздерi туғызып ап, өздерi шарпысып, қақтығысып жататын алақұйын мiнездерден тұратын аса күрделi әлем. Сондықтан мен Жұбан ақын шығармаларын тағы бiр қайталап оқып шыққандағы әсерiмдi ғана Сiздермен бөлiскiм келiп тұр.
Жұбан ақынның «Туған жер» атты поэмасында мынадай жолдар бар:
Оқушым, сен де қабылда,
Сөйлесем «Мен» деп, сөкпе де.
Кеудеме кiрiп дамылда
Сырымды бүксем өкпеле.
Өзiңсiң менiң «Менiм» де,
Өзiңсiз тұлмын, жетiммiн.
Демiм бар сенiң демiңде,
Бiр кесек жүрек етiңмiн...
Ақынның туған жер мен «менi» менiмен, демi демiмен бiрге болып тұтасып, қабысып, ажырамастай болып бiрiгiп кеткен осы бiр қарапайым жолдар ақынның өмiрiнiң де, өлеңiнiң де жердiң терең қабаттарынан нәр мен қуат тартатын күре тамырмен жалғасып жатқан тастай қатты, темiрдей берiк өзегi. Бұл жолдар тек ақынның кiндiк қаны тамған Жыланды туралы ғана жолдар емес. Оның ауқымы әлдеқайда кең, аумағы әлдеқайда масштабты, бiр ғана географиялық атаудан әлдеқайда зор. Бұл жолдар бүкiл қазақ жерiн, бүкiл қазақ елiн қамтып тұр деуге болады. Өйткенi Жұбан ақынның өзi әу баста Жыландыда туып, соңынан бүкiл қазақ елiнiң, бүкiл қвзвқ жұртының асыл перзентiне айналған жан. Яғни ол, географиялық кеңiстiктегi бiр нүктеде дүниеге келiп, әдеби-қоғамдық, әлеуметтiк-саяси оқиғалар мен құбылыстарда шындалып-суғарылған, тапталып-қайралған қазақ халқының өмiрiндегi шоқтығы биiк, орны бөлек, тұрпаты ерекше тарихи тұлғалардың бiрiне айналған, үлкен әрiппен жазылатын Перзент. Бiрегей, бiртуар Перзент.
Әлiгi мен мысалға келтiрген екi шумақ өлеңнiң соңғы жолы «Бiр кесек жүрек етiңмiн» деп аяқталады. Ал жүректен қуатты, жүректен батыл, жүректен адал, жүректен әдiл не бар? Елiңнiң басына бұлт үйiрiлiп, жерiңдi тулақтай сiлкiп жiберетiн қиын-қыстау, қатерлi кезең келгенде қандай бiр ғұлама ақыл да абдырап, қандай бiр зерделi сана да сарсылып, қандай бiр пайымды парасат та абыржып қалатынын тас керең боп қалғыр құлағымыз есiттi, көр соқыр боп қалғыр көзiмiз көрдi. Ондай кезде тек Жүрек қана сөйлей алады екен. Ол жүрек сөйледi де! Ол жүрек – Жұбан Молдағалиев болып сөйледi. Оны да дүниенiң әр сыбдырына түрiк болғыр құлағымыз есiттi, дүниенiң әр қимылына қарақты болғыр көзiмiз көрдi!
Ол дала перзентi едi. Сондықтан да ол өзiнiң бiр кiтабына жазған алғы сөзiнде: «... Жалғанда даладан, оның көкжиекпен көмкерiлген ұлан байтақ пен жазығынан, көк майса шабындықтары мен алтын дән теңiздерiнен жақсы көретiнiм жоқ. Даладағы түнгi дауыстарды айтсаңызшы, қандай құдiреттi, қандай асқақ келедi!» деген едi. Жұбан Молдағалиевтiң әдебиеттегi, қоғамдағы дауысы да, сол даладағы түнгi дауыстардай, соншалықты құдiреттi, соншалықты асқақ болды!
Жалпы, мен Жұбан-аға шығармаларын қарап отырып, оның ең киелi, ең қастерлi, ең абыройлы тақырыбы – туған жер, туған ел туралы екенiне көзiм жеттi. Тiптi, өзi бiр сөзiнде, менi ақын еткен майданда өткен жауынгерлiк кезеңдерiм десе де, расында да ол кезеңдерде жазылған ақынның бiрқатар қуатты жырларының бар екенiн мойындай тұра, бәрi бiр мен оның ең негiзгi өрiсi де, алтын қазығы да туған елi мен жерi дер едiм.
Ол туған ел мен туған жер дегенде бәрiн де ұмытады, бәрiн де мансұқ етiп, бәрiн де адыра қалдырады. Оның туған ел мен туған жерге деген махаббаты шексiз, ұлы махаббат.
Бұл тағдыр бабын алсын, бағын алсын,
Тiлесе тiптi тiл мен жағын алсын.
Тек қана туған жерден айырмасын,
Тұл қалған тiршiлiктi жалын алсын, –
деп жалбарынады ол. Осы жолдарда Жұбан ақынның бүкiл арман-мүддесi, азаматтық болмысы, ақындық мiнезi жатқан жоқ па? Оның кредосы да осы, философиясы да осы.
Ақын өзiнiң мамыражай мамық түнде маужырап жатқан ұлы даласымен кездескенде
Самалыңды – саумалыңды
Сiмiрейiн грамдамай, –
деп мүлде масайрап, мүлде масайып кететiн де содан болса керек. Ол өзiнiң осы бiр ыстық ықылас, ынтызар көңiлiн, лүпiлдеп лықсып толып тұрған сезiмiн
Желi анамдай маңдайыңнан сипасын,
Демi әманда ғашық жардай өртесiн, –
деп бұрынғыдан да күшейтiп жiбередi. Ақынның туған ел, туған жер туралы тағы бiр өлең жолдарынан мысал келтiрмеуге амалым болмай тұр. Өздерiңiз бiлесiздер, шет елге, жат жұртқа сапар шегiп бара жатқанда да, одан қайтып келгенде де паспортыңызға мөр соғылады ғой. Жай ғана ресми тәртiп. Мемлекет аралық деңгейде қалыптасқан ресми процедура: Осы бiр жай ғана өмiрдегi қарапайым деталь, ақын қаламына iлiнгенде үлкен философиялық поэтикалық қуатқа ие боп кетедi.
Теңiз кез, не шарықта өр аспанда,
Өзiңнiң босағаңнан төр асқан ба?
Үйiңнiң сыртқы есiгi сарт еткендей
Паспортқа «жол болсын» деп мөр басқанда.
Байқап отырсыздар ма, ақын алыс қиырдағы ел мен жер көруге, оның сәнi мен салтанатын қызықтауға бара жатыр. Оны, сөз жоқ, құрмет пен қошемет күтiп тұр. Оның алдынан, ендi сәл уақыттан кейiн, тосын өмiр, бұрын беймәлiм тiршiлiк ашылмақ. Мiне, ең болмаса, бiр сәтке артындағы қым-қуыт әрi берекелi, әрi берекесiз тiршiлiктi ойдан өшiрiп, естен шығарар болмас па? Ақын олай ете алмайды. Қайта, «үйiнiң сыртқы есiгi сарт еткендей», тұла бойын үрей билеп, алмағайып алақұйын сезiм құшағында қалады.
Ендi, мiне, ақын алыс сапардан қайтып оралды.
Теңiз кез, не шарықта өр аспанда,
Өзiңнiң босағаңнан төр асқан ба?
Елiңнiң барша есiгi ашылғандай
Паспортқа «қош келдiң» деп мөр басқанда!
Жаңа ғана тұнжырап, түнерiп кеткен тiршiлiк, қайтадан жарқ етiп, жадырап сала бердi. Ақын туған елiне оралды. Оған шет елден көрген көл-көсiр құрмет пен қошемет те, сән-салтанат та, таңдай тамсандырар тамаша да, көздi арбап, бас айналдырар қызық та, марқайған көңiл, ыстығы кетпей апталып-қапталған әсер де, туған жер алдында түк емес! Мұндай өлең жолдары өз елi мен жерiн барынша құлай сүйе бiлетiн қаламнан ғана туа алса керек.
Мен бұл жерде Жұбан ағаның туған ел, туған жерге деген ұлан-ғайыр ұлы махаббатын паш ететiн жолдарды шын ниетпен, ынтызар ықыласпен мысалға келтiргенде, мен оны мүлде фанатик етiп көрсетуден тiптi де аулақпын. Өйткенi фанатизмнiң қандай бiр түрi де iшке түскен құрт. Ол жегi құрт, түптiң түбiнде фанатизм дертiне шалдыққан адамды да, қоғамды да iштен үңгiп жеп, құртып бiтедi. Өйткенi ол өз кемшiлiгiн көрмейдi, осалдығын бiлмейдi, оспадарлығын ерлiкке, бейбастығын батырлыққа балайды, көргенсiздiгiн көсемдiк, даңғаза-дарақылығын шешендiк деп ұғады. Ондай жан, қашан көрсең, көкiрегiн керiп, кеудесiн қағып, бұтына толып, iсiп-кебумен болады. Айналаның бәрiне аспандап қарап, асқақтап сөйлеп, озбыр сөз айтып, есерсоқ әрекет жасайды. Сөйтiп ол өзiн де, елiн де жан-жақтағы жұртқа жиiркенiштi етiп көрсетедi. Яғни, өз елiне қиянат жасайды.
Жұбан Молдағалиевтiң туған ел мен жерге деген махаббаты естi, өрелi махаббат. Сүйер шапағаты мол, тиер шарапаты көп нұрлы да сәулелi махаббат. Әрi адал, әрi батыл махаббат. Қайталап айтам, әрi адал, әрi батыл махаббат.
Ал әрi адал, әрi батыл махаббат кiлең аспандап қарап, үнемi асқақтап сөйлей бермейдi. Халқының өткен-кеткен өмiрiндегi өкiнiштерге өзегi өртенедi, омырылып опынады. Қайғысынан қан жұтады, қасiретiнен қақырап сөгiледi.
Қазақ өлеңiндегi қайталанбас сирек құбылыстардың бiрi Қадыр Мырзалиевтiң аузынан тастамайтын Жұбан ағаның
Асан боп туып қазекең
Өлетiн Асан қайғы боп, –
дейтiн екi жол өлеңi бар. Осы екi-ақ жолда бүкiл қазақтың трагедиясы мен тағдыры жатыр. Шынында да, қазақтың қай кезде маңдайы ышылып, ол қай кезде қаннен-қаперсiз мамыражай өмiр көрiп едi? Қай кезде жұлдызы оңынан, айы солынан туып едi? Болса да қысқа, келте болды. Бүкiл ғұмыры аттың жалы, атанның қомында өттi. Мал бағып жүрiп, жан бақты. Жер iздеп жүрiп, ел күзеттi. Сондықтан да оның еңбек құралдарынан гөрi, қару-жарақ құралдары көп болды. Ата-бабамыз отырықшыл болмаған деп, басқаны былай қойғанда, өзiмiз кiнәлап жатамыз. Егер олар отырықшыл болса, осыншалықты ұлан-ғайыр даланы қорғап қалар ма ед?! Осыншалықты алып жердiң, қашан да елi көп болмаған. Сол жаужүрек азғантай ел оны желiп, шауып, жөңкiп көшiп, қоныстан қоныс өзгертiп, қыстаудан қыстау ауыстырып, жайлаудан жайлау аударып жүрiп сақтап қалған. Олай етпесе, бiздiң жерiмiз әлдеқашан тарылып, әлдеқашан қусырылып қалған болар едi.
Тiптi, бiздiң рухымыздың киелi ұлы иелерi Қорқыт пен Асанқайғылар да бiр жерде байыз тауып, барахат тауып көрмеген ғой. Бiреуi өлiмнен қашып, екiншiсi өмiр iздеп желдiртiп, жөңкiлiп өткен. Қайғырып, қапа шексе де бүк түсiп отырып қалмаған. Қайғырып жүрiп әрекет еткен, қайғырып жүрiп арпалысып өткен. Бiздiң рухани тiректерiмiздiң тағдыры мен талайы солай болған. Яғни, бiздiң кешегi тағдырымыз бен талайымыздың солай болуы да заңды құбылыс. Жұбаңның әр бiр қазақ Асан боп туып, Асан қайғы боп өлетiн едi деген сөздерiнiң астында осындай қатпар-қатпар ойлар жтыр.
Олай болса, Жұбан Молдағалиев та Асан боп туып, Асан қайғы боп кеткен қазақтың бiрi. Бiрi ғана емес, нақ өзi. Ол өз өмiрiнде, кешегi кеңес өкiметi кезеңiн жерiнiп қаншама рет жәбiрленгенiне, өзi де қорланып, өзi де жәбiрленбедi деп ойлайсыз ба?! Қорланғанда қандай, жәбiрленгенде қандай! Елiнiң тағдырын аяқ асты етiп, тарихын тор шолақтың құ-ры¬ғындай шолтитып жатса, ол қорланбай, ол жәбiрленбей, кiм қорланып, кiм жәбiрленбек?! Сондықтан ол:
Тарихы бар ел ғана
тарих жасай алады, –
деп түйдi. Яғни, тарихсыз ел – тұл екенiн, оның өткенi болмаса, ертеңi жоқ екенiн бiлдi. Егер бiз тарихымыздың тамырын әрiден, тым әрiден тауып, оны тереңдетпесек, шаң мен топырақтың астында қалып қойған батыр мен баһадүрларымызды, хандар мен билерiмiздi, көсемдер мен шешендерiмiздi аршып ап, олардың әруақтарын айбындатпасақ, сөйтiп дiңгегiмiздi аумақтандырып бекiтпесек, бiр қатты жел соққанда қаңбаққа айналып домалап ала жөнелетiн, жердiң бергi ғана қыртысын тырбық тамырларымен, ұстап тұрған ебелек-халық боп шығар ек. Яғни, тарихымызды тауып алмай, тарихи ел бола алмаймыз. Бүгiн бiздiң, мiне, асығып-үсiгiп болса да тарихымызға үңiлiп, ұлы да алып тұлғаларымызды тарихтың терең қойнауынан, ғасырлардың алыс түкпiрi мен қатпарларынан көтерiп шығарып, ескерткiштер орнатып жатқандарымыз да, еске алып астар берiп жатқандарымыз да содан. Бiз қазiр тарихымызбен табысып жатырмыз. Егер бiздiң осы табысу, осы қабысуларымыз ұрпақтарымыздың рухани өзегiн бекемдеп жатса, онда бiз тарихты жасай алатын елге айналамыз. Жұбан Молдағалиев соны армандаған, соны ойлап көкiрегi қарс айрылған. Олай болмаса, ұлт ретiнде жойылып,халық ретiнде құритынымызды сезген. Ұстараның жүзiнде тұрған алмағайып заманда, өзi де алмағайып күн кешкен. Содан болса керек:
Ендi бiрде жылап тұрам
Табытымның басында өзiм –
дейдi ол. Өзiнiң табытында өзi жылап тұрған ақынды көз алдыңызға елестетiңiзшi. Мiне, Жұбан Молдағалиевтiң тағдыры. Яғни, ол бiрде өлiп, бiрде тiрiлiп өткен. Ғұмыры өмiр мен өлiмнiң арасында жүрген. Пендешiлiк ғұмырында емес, әрине! Рухани ғұмырында! Сондықтан да оның, өзiн қазақпын деп сезiнетiн бүкiл қазақтың аузында жүрген:
Мен – қазақпын мың өлiп, мың тiрiлген.
Жөргегiмде таныстым мұң тiлiмен.
Жылағанда жүрегiм, күн тұтылып,
Қуанғанда күлкiмнен түн тiрiлген, –
деген сөздерiне илхамдай ұйып, имандай иланасың.
Мен бұл сөзiмде, өздерiңiз байқап отырсыздар, Жұбан Молдағалиевтiң үлкен ұлы мағынасындағы туған жер мен туған елге деген шын сүйыспеншiлiк, шын махаббатынан туған шығармаларына өз түсiнігіммен, өз қабылдауыммен шағындап-шектеп тоқталдым. Бұл тақырып ақын шығармашылығындағы үлкен, ауқымды тақырып. Оны мен түгел игерiп, тұтас қамтып шықтым деп айта алмаймын. Ол тақырып туралы әлi талай-талай таңдайлар тамсанып, талай-талай қызыл тiлдер суырылып сөйлейдi. Ол тақырыпқа әлi талай-талай ауыздар толып, талай-талай көмейлер бүлкiлдейдi.
Әрине, Жұбағаң шығармашылығында толып жатқан тақырыптар – табиғат, сұлулық, әйел, ана, ұрпақ, ғашықтық тағы да басқа тақырыптар жетерлiк. Оның бәрiне тоқталып жату мүмкiн емес. Олай ететiн болсам, бiр поэмасының өзiне бiр сағаттық баяндама жасауға тұра келедi. Онда да сиса!
Бұл жерде, менiң өзiмнiң алдыма қойған мiндетiм – бiреу-ақ болды. Сонау кешегi, өңменiңнен өтетiн желтоқсанның ызғарлы өтiнде, ызбарлы қабағының астында қасқайып тұрып қақыратып шындықты айтқан Жұбан Молдағалиевтiң шығармашылық болмысы оның азаматтық болмысымен үндесiп жата алды ма, ол үшiн ақын қандай шығармашылық жолдардан өттi, қандай шығармашылық процестерде қайнап, пiстi. Мен өз сөзiмде соны зерделемек болдым.
Жұбан Молдағалиевтiң халық тағдырымен тағдырлас ақын екенiн өз пайым-байыптауыммен айттым.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі