Өлең, жыр, ақындар

Көрісу күні

Көрісу күнін амал мерекесі деп те атайды. Қыстан амалдап, аман шыққан халық көктемге жетіп, қуана көріседі. Бұрын әр жерге қонған ауылдардың арасы шалғай, қыстың көзі қырауда қатынау қиын болған. Қыстай көріспеген жұрт жер жібігенде бір-біріне қонаққа барған. Батыс өңірінің тумасы, мәдениеттанушы Дәулеткерей Құсайыновтың айтуынша, бұл — ағайынның арасын жақындататын, мәні зор мейрам. Араздасқандар бір-бірін кешіріп, бауырына тартатын болған.

Кеңес үкіметі орнағаннан кейін, айлардың атауы өзгеріп, көптеген мейрамға діни, ұлтшыл деген айдар тағылып, жабылып жатқан кезде, жабылмай қалған, ұрпақтан ұрпаққа өткен мейрам болса, ол — көрісу. Жалпы «көрісу» деген не өзі, «көрісу» деп нені айтады? Адамдар сапарлап кеткен кезде қайта оралса, болмаса бұрын соңды көрмеген адамы келсе, сонымен кездесуді «көрісу» дейді.

14 наурыз таң атқалы ауылдағы әр үйде үлкен дайындық басталады. Аналарымыз бауырсақ пісіріп, мерекелік дастархан жайылып, үйдің кішілері үлкендеріне қол берісіп амандасамыз. Сосын көршілерге барамыз, ауылдағы үлкен кісілердің бәріне кіріп шығамыз. Бұл мерекенің тәрбиелік мәні зор деп ойлаймын. Себебі мереке кезінде бір-бірімен өкпе-реніші бар адамдар ұмытып, соның барлығы жуып-шайылып, қол алысып, иық қағысып, амандасып көріседі. Бүгінгі күні мұндай мейрамдарды ұлықтаудың бір себебі — ұлттық имунитетті нығайту. Салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыпты ұмытпау. Әсіресе, жас ұрпақтың санасына сіңіру маңызды. Көрісу, немесе қауышу, амал деп атасақ та, мейрам бауырмалдық пен ауызбірлікке шақырады. Әйелдер құшақтасып, ерлер төс қағыстырып, үлкендер батасын беріп, балалар соны көріп, санаға түйетін күн — бұл.

Ақсәуле Байменшина, Ғани Алшынбаев


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Азамат

Көрісу, наурыз құтты болсын

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз