Октябрь төңкерісінің он жасқа толған мейрамында күллі «Ресейде кемпір-шалдардан басқа хат білмейтін адам болмасын» деген ұранды Кеңес үкіметі жариялап отыр.
Октябрь төңкерісінің он жасқа толуына енді үш-ақ жыл қалды, міне осы үш жылдың ішінде барлық Кеңес республикаларының Одағындағы қалың елдің кемпір-шалдарынан басқа хат білмейтін адамы болмасқа керек.
Әрине, мұны айтқандай қылып орнына келтіру оңай іс емес. Енді үш жылдың ішінде қалың елге хат таныту үшін жыбырлаған ауыл басына мектеп aшy керек. Және мойнына осындай ауыр, тарихи жүк, зор борыш артылғанын білетін көп мұғалімдер керек.
Ауыл басына мектеп ашуға, мектеп басына мойнындағы борышын білетін жақсы оқытушы тағайындауға әсіресе ақша керек, қаражат керек. Қаражатсыз еш уақытта ешнәрсе болған емес әм болмайды.
Халыққа әм оның үкіметіне қандай нәрсе керек болса, оның шешуі ақшаға, қаражатқа келіп тіреледі.
Ал бұлай болғанда, біздің Кеңес Республикалары Одағының қазіргі қолындағы қаражатына қарасақ, мемлекеттің, елдің, ауылдың байлығына қарасақ, қаланың әм ауылдың шаруасына қарасақ — көңілге уайым кіре бастайды.
Біздің жалпы Ресей халқының шаруасы күйзелген. Ауылдың да, қаланың да шаруасы бүлінген. Ел кедей, күйзелген, бүлінген шаруа әлі де бұрынғыдай оңалып жүріп кете қойған жоқ. Жалпы халық шаруасының бұрынғыдай болып түзеліп кетуіне әлі де көп уақыт бар. Жалпы ел кедей болған соң оның үкіметі де кедей.
Кедей болғандықтан талай маңызды игіліктерді қазір Кеңес үкіметі істей алмай отыр.
Міне, сондықтан да үш жылдың ішінде Кеңес Республикаларының Одағындағы қалың елге сауатсыздықты жою үлкен қиын жұмыс.
Ол әсіресе біздің Қазақстанға қиын. Қазақстанның шаруасы Кеңес Одағындағы өзге елдерден де нашар. Қазақ елінің жүз адамынан тоқсан жеті адамы сауатсыз, хат білмейді.
Бірақ сауатсыздықты жою ең керекті іс. Ол әсіресе халқы надан біздің Қазақстанға өте керекті іс. Жүз адамнан тоқсан жеті адамы хат білмейтін елдің еш уақытта қандай ісі болса да алға басқан емес әм бұл қалыппен тұрса ешбір ісі алға баспайды.
Өзіңді өзің тану үшін, жұртты тану үшін, жер дүниеде не болып жатқанын біліп отыру үшін, өнерлі елдерден қара үзіп қалмау үшін, өзіңнің адамшылық құқыңды білу үшін, Октябрь төңкерісінің әперген бостандық теңдігінің жемісін іс жүзінде шындап тату үшін, — ең алдымен хат білу керек.
Хат білмесең жоғарғы айтқан сөздердің еш мәнісіне де түсінбейсің. Не қылу керек?
Халық әм оның үкіметі кедей болса да, жалпы надандықты сол үш жылдың ішінде жеңу үшін барлық күшті осыған салу керек.
Күш қайда?..
Күш жалпы ынтада, күш қайратта, күш жалпы ниетте. Күш елдегі әм қаладағы еңбекшіл таптың азаматтарының бұл туралы мойындарына артылған жүктерінің зор мағыналы әм зор тарихи екенін анық білуінде. Күш — жалпы елдің бұл ұранға түсініп, барлық жігерін, жәрдемдерін аямауында.
Міне, сөйтіп, қызметтегі әм қызметте жоқ көзі ашық адамдар бұл істің ең зор, жауапты іс екенін түсініп, бұл іске өздері қолдарынан келгенше аянбай күштерін салып кірісуге міндетті екенін түсінсе және бұл істің жалпы Қазақстанға ен керекті зор іс екенін түсініп, ал халқы аянбай жәрдемін берсе әм жергілікті мекемелердегі отырған адамдардың бәрі де жанын аямай кіріссе, сауатсыздықты жою ісі көңілдегі жерден шықпақ.
Қаладағы әм ауылдағы азаматтардың жалпы ынтасы, жалпы жұмылуы керек.
«Шабан үйрек бұрын ұшады...»— ертерек қамдану керек. Енді үш жылда Қазақстанда хат білмейтін жас болмау керек.
Талпын, жас азамат! Күшіңді аяма! Жұмыла кіріс, көзі ашық азаматтар!
06.04.1924 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі