Өлең, жыр, ақындар

Олжалы өлең өміршең

Берсе қолынан, бермесе жолынан алуға дайын өңмендеген өлермендер заманы туған шақта қашаннан ибалы мінезі бар қазақ жырының хәлі кіріптарлыққа түскендей. Өйткені, бұған дейін жақсы өлеңдер кітабын шығаруды міндетіне алып келген мемлекеттік баспалардың есігі ендігі жерде сирек ашылып-жабылатын болды да, қолы ұзын, қалтасы қалың "өлеңшілдер"қарадүрсін дүниелерін қандай кітап етіп шығарамын десе де қолынан қағар ешкім жоқ. Оның жақсысы қайсы, жасығы қайсы — айырып болмайды. Сөз құнын өз құнына теңгерген қазақ секілді халық үшін бұл да бір кесепат-кесел. Көркемдік нышандары пұл құдіретінің алдына келіп тізерлеген тұста, қолға түскен әр тәуір кітап тұтас бір олжадай болып көрінеді. Оқырманының тілін тұшытатын сондай бір соңғы олжамыз — Сәкен Иманасовтың екі томдық таңдамалы шығармалары. Біздің мақсатымыз — ақынның шығармашылық есебі секілді қос кітаптың төңірегінде аз-кем пікірлесу. Біреуді мақтасақ, үстіне су тигізбей, алты қырдан асырып, сынасақ, іске алғысыз етіп тастайтын қазақы мінезіміз бар. Осының екеуі де Сәкен шығармаларына лайық емес. Өйткені, өзінің бүкіл өлең көшімен, сол көшінің сән-жарасымымен де, кем-кетігімен де Сәкен — бүгінгі қазақ жырының елеулі бір тұлғасы, ажырамас бөлшегі.

Біздің аңғаруымызда, Сәкен Иманасовтың поэзиядан саяқ жүрген жылдары болған. Соның салдарынан көзден таса болғандай күй кешіп, іркіліп барып, барша болмыс-бітімімен қайтадан жарқ ете қалған. Меніңше, Сәкеннің сол сырт көзге баяулаған кезі — тоқырағаны емес, өзіне-өзі қатал талап қойып, "өзін-өзі іздеген" тұсы. Көңілінің таразысына кезін салған сол ішкі бақылаушысы ақынға бір кезде өлеңді аз жаздырғанымен, оның нағыз маржандар сүзуіне де игі ықпал жасап, шеберлік өлшемдерін биікке көтергендей. Бүгінгі Сәкен кітаптарынан нашар өлеңдер көрмесеңіз — бұл сол ішкі сарапшының өресі биіктеп, талабы тым қатайғанынан деп білеміз. Яғни, ақынның баспа жүзін көрген өлеңдерінің арасында "сіркесі су көтермей тұрған" көтерем өлең жоқ.

Қай-қайсысы болса да сезім пернелерін ең болмаса бір ызың еткізетін бапқа жеткен қалпында ақындық толғаныс-тебіреністің перзентімін деп тайынбай айта алатын қабілеті бар дүние. Қазақ поэзиясы секілді арғы-бергі дәстүрі мол өнер үшін бұл аз жеңіс емес.

Осындай біркелкі сапаның сыры — шеберліктің неше иірім, қанша қайырым құпияларын қапысыз меңгеруде ме деп ойлаймыз. Сәкеннің өзі Ілияс ағасының шәкіртімін деп мойындағанымен, нағыз өнерлі өлеңдерінде ешкімге еліктеп — солықтауы жоқ, дара бағытын анық тапқан сара ақын оқырманына көз жаздырмайды. Сол себепті де бұрыннан таныс өлеңдеріңді қайта оқығаныңа өкінбейсің, жүйрікпен қайта жолыққанындай бір серпіліп қаласың.

Туған жер,
Бір ұлыңнан кем көрінбей
Өтсем деп,
Өлеңдеттім мен де ерінбей.
Көркіңнен күні-түні көз алмадым
Қазақтың тас қашаған зергеріндей, —

деп өзі айтқандай, шабыты шалқыған шақтарында ақын да нағыз зергерге айналып, әншейіндегі жұмыр басты пенденің көзіне түспес, көңіліне шалынбас небір нәзік құбылыстар мен күрделі күрмеулерді жыр жолына түсіре қоятыны ғанибет.

Күнде ертеңмен күніне жүз бөгеліп
Қандай ғана сылтаулар іздемедік.
Жинай алмай жатқанда жазғы егінді
Қалғаны ма қыраулы күз де келіп!
Күз де келіп қалыпты-ау, қыраулатып,
Қонайын деп, қона алмай жүр-ау бақыт.
Қырдың қызыл түлкісін қақсам ба екен
Кебік қарға алғашқы бір аунатып.
Бақыт құсы төбемнен ұшып өтіп,
Құлагерді жүргенде кісінетіп,
Қара суық килігіп,
Қары жауып,
Қалмас па екен кеудемнің қысы бекіп!

С. Иманасовтың өлеңдері осындай: кейде селт ете қаласың, кейде ішің мұздай болады, кейде жүрегің атқақтап соғып, әлдебір өкініш, мұң қармағандай болады. Нысананы тап басу деген сол шығар.

Сәкеннің:

Таппақ болып менен де ақыры мін,
Тар, — деп те жүр біреулер тақырыбың.
Қалай ғана тақырыптар болады,
Жаһаныңды жаңғыртып жатыр үнім...

деп басталатын бір өлеңі бар. Шынында да, партия бағыт нұсқап, көсемдер жол сілтеген кешегі бір жылдардағы өлшеммен қарасақ, С. Иманасовтың тақырыбы шынында да "тар". Өйткені оның жалғыз-ақ тақырыбы бар. Ол — адам. Адамның тағдыры, қуаныш-сүйініші, өкініш-өксігі, арман-мұраты, мінезі, қылығы, ой кешулері. Шынтуайтына келгенде, осыдан кең, осыдан құнарлы, осыдан мәңгі тақырып бола ма? Мәселе сол тақырыпты қалай меңгеруде болса керек. Ешкімге ұқсамай, өз нәшіңмен, өз үніңмен жырлай білсең, сол — қазына.

Шешен жоқтай
Менімен теңдес тілге
Қара сөзден жанға дес бермеспін де,
Дедім де бір
даралау кеткім келді,
Өткім келді ұқсамай енді ешкімге.
Сынамақ та ем біржола бағымды әрі,
Қазақта жоқ сөз бірақ табылмады.
Тұмсығы тасқа тиген бекіредей
Осы болды-ау тауымның шағылғаны.
Басылып бірте-бірте асылық сәт
Өмірдің ақырын кеп нәшін ұқсақ,
Қашан да турады екен
Қазағыңның
Біріне бас, біріне қасың ұқсап.
Көнді деп,
Қанша жүйрік сез ырқына,
Кетсең де елден ерек тез ұмтыла,
Ұқсамақ мүмкін емес екен тегі
Өмірде,
Өлеңде де өз ұлтыңа!

Иә, Сәкен Иманасовтың Адамы — таза ұлттық бітімімен, пішін-түрімен, қылығымен, тіпті, сөйлеген сөзімен де өз қандастарына, өз жерлестеріне — қазақтарға ұқсап тұратыны, ұқсағаны несі, солардың өзі екені рас. Меніңше, ақынның анық бір олжасының өзі сол. Көптеген сюжетті, оқиғалы өлеңдерінің ұзақ есте қалатыны да өлеңнің сол ұлттық болмысынан болса керек. Сәкеннің "Еліктеу" дейтін өлеңін үнемі сүйініп ойға алып жүремін... Лирикалық кейіпкер бала кезінде сотқарлау, бірақ, әділетшіл, өркөкірек жолдасына еліктеп жүреді. Жолдасының жалғыз міні — сақау екен.

Ызыңдатып,
тісті мен де үрледім,
Сақауланып:
"жүр"демедім,
"зүр" дедім.
Өзіңді-өзің бүлдірудің осындай
Еліктеуден шығатынын білмедім!
Баласының еліктеп-солықтап жүргенін байқаған әкесі оны шақырып алады.
— Балам, шақшаң бар ма? — деді нар кісім,
— Зоқ! — дегенім есімде,
одан арғысын
айта алмаймын.
Жарқ етті де көз алдым,
ұшып түстім.
Жасаған-ау, бармысың'"
Шапалақпен тартып қалып жағыма:
— Балам, миың бар ма? — деді тағы да.
— Жоқ-жоқ! — дедім — жоқ! — дедім мен қайтадан, шүкіршілік айтып іштей барыма.
— Дұрыс! — деді, —
Шақшаң да жоқ, жоқ миың,
Балам онда кімге дәрі тоқ күйің.
Сен егерде қоймасаң бұл әдетті,
Менің берген өнегем де көк тиын!
Осылай бір ұшырды да зәремді,
— Бұдан әрі көрсетпе! — деп, — пәленді! —
Күле қарап, жіберді әкем жөніме,
— Ұққан болсаң, ызылдамай, бар енді!
Содан кейін... өзіме-өзім сеніп тек,
бір адамға көрген жоқпын еліктеп.
Өзің болып қалу керек екен-ау
Досың үшін жаныңды қи, өліп кет!

Этюд тәрізді әдемі еленді оқып шыққан соң сақау-сотқар баланы да, оған еліктеген кейіпкерді де, қаталдау әкені де жақсы көріп кетесің. Ең бастысы, осылардың үшеуін де өзіңе етене таныс етіп, қазақы қалпында көрсете білген ақын шеберлігіне ырза боласың. Бұл келтірілген өлең С. Иманасов туыңдыларының сәттісі емес шығар. Алайда, кішкентай құбылыстан үлкен ой түйе білетін сенімді қолтаңба ақынның қапысыз меңгерген тәсілі екеніне дау жоқ. Адамшылық әрқилы қасиеттер, мінездер, адалдық пен қараулық, достық иен сатқындық, махаббат пен өшпенділік турасындағы, бірін-бірі толықтырып, еселеп отыратын райдағы, түрлі шырайдағы өлеңдер — соның айғағы.

Табиғат көркін тамашалаған, әсіресе, туған жер — Жетісу, ағынды Ақсу, айналы Алакөл туралы сәтті жырлар — Сәкеннің оң жамбасына келген қуатты жолдардың көрікті тұстары.

Танымал ақынның бұрыннан белгілі жыр шумақтарымен қайтадан жүздесе отырып, менің бір аңғарғаным — С.Иманасовтың кейбір ажарлы өлеңдері өзінен кейін біраз жаңғырықтар туғызыпты. Әдетте әдебиетте, оның ішінде, өлеңде ұқсас нұсқалар, вариациялар бола береді. Дегенмен, әуелгі тегі қайдан шыққанын біле жүрген теріс емес. Айталық;

Жаңа бір сарын бастадым,
Төгілсем деумен сел боп кіл.
Естісең қырдан асқақ үн
Сені іздеп жүрген мен деп біл!
Жарқылдап ойнап бар тұлғаң
Толқынға шомыл, теңізді өп.
Шағала көрсең шарқ ұрған,
Мен деп біл жүрген сені іздеп.

немесе:

Көктемнің гүлін көрсең, мені ізде,
Толқын-толқын бұрымды өрсең, мені ізде
Кешкілікте қатар жүрген құрбыңнан
Кино жаққа бұрып келсең, мені ізде, —

деген тәрізді сәтті өлеңдердің кейін қалай түрленіп, қалай жалғасқанын көзі қарақты оқырман анық аңғарады. Алғашқы нұсқаның тосын өрі сұлу тұлғасы өзге ақындарды неге бейжай қалдырмағанын әбден түсінуге болады.

Өз басымыз әлемдегі ең озық жыр көші деп есептейтін қазақ жырына жаңа үрдіс, қонымды соны дәстүр енгізу — небір дүлдүл ақынның пешенесіне бұйыра бермейтін, тіпті қажет те емес бақыт. Шынында, ғасырлар бойы қалыптасқан әдемі де оңтайлы сара пішіндер тұрғанда, қайтадан жаңалық ашудың не керегі бар? Алайда, сәтімен табылып, жарасымымен жаңғырып жатса, қолға түскен олжадан қашудың да жөні жоқ. Айтайын дегеніміз, Сәкен Иманасовтың өзіндік қолтаңбасына айналып кеткен ішкі ұйқастың жатықтығы сонша, қазір осы амал да оның кейбір қаламдастарын қызықтыра бастады. Мысалға бірер шумақ келтірейік:

Өзгермеді ештеңе, өзгермеді,
ауыздыға арсыздар сөз бермеді.
Ыңыршағы көрінген атты айдаумен
Қақпайлаумен келеді ездер мені...

немесе:

Мұнымды мықтылардай ұқтыра алмай
шынымды жайын ауыз жұтты қандай?
Айналып күні — түнге үмітім де
ақырын ери-ери бітті қардай.

немесе:

Бәрібір оған нанбайтыныңды,
Қалмайтыныңды бұл елден,
ұсынып үшкіл балдай тілінді,
алдайтыныңды білем мен! —

деген секілді табиғи қалпымен құйыла салған құйма шумақтардың орындалу шеберлігінен олардың күшпен, зорлықпен қиюластырылғанын емес, құдайдың күшімен жаратылғанын әріптестері сезбей жүрген жоқ. Түбінде осы пішіндер өзге ақындардың да оңтайлы қаруына айналып жатса, оған Сәкен өкпелей қоймас.

Бұл шағын пікірде С. Иманасовтың қос том жыр кітабының барлық қадір-қасиетін, артық-кемін біз түгелдей алмаспыз. Әйтпесе, арнайы тоқтап, талғап-талдауды тілейтін тәуір өлеңдер Сәкенде аз емес. Кезінде жұртшылықтан орынды бағасын алған "Айтыс" поэмасы да — бөлек әңгіменің тақырыбы. Ақынның тіл өрнегі, сөз саптасы, кейде асып, кейде кем түсіп жататын екпін-ексімі, образ сурет секілді көркемдік құралдары да әдеби сынның объектісі болуға әбден лайық. Сәкеннің өз жазғанын өзі қызық керіп, өзіне-өзі сүйсініп отырып, өлеңді орынсыз созбақтап, дәмін кетіріп алатынын да нақты дәлелдермен сөз етуге болар еді. Ең бастысы, екі кітапқа топтасқан мол қазына — бүкіл болмыс-бітімімен ендігі жерде талғампаз оқырманның еншісіне көшіп кетті. Жазылған жыр, шыққан кітап — ақын үшін өткен шақ. Шабытының шаңқай түсіне қадам басқан қарымды қаламгерлердің қазіргі аяқ алысына сүйсіне отырып, алдағы күндерінен де дәметеріміз көп екенін жасыра алмаймыз. Жазар көбейсін!

'Қазақ әдебиеті" газеті, шілде, 1994 жыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз