Өлең, жыр, ақындар

Ана мектепке - 65 жыл

Қазалы ауданындағы № 25 қазақ орта мектебінің құрылғанына қазіргі шақта 65 жыл толып отыр. Аталған уақыт ішінде алтын ұяны сандаған түлектер бітіріп, олар өмірдің әр саласында жемісті еңбек етуде. Білім мен тәрбиені қатар ұштаған тағлым орнында осы түлектердің көңіл түкпірінде жатталып қалған көптеген аяулы ұстаздар қызмет етіп, дәріс берді. Мектептің өткен тарихында оқу ордасын әр кезеңде басқарып келген Қ. Бәкішев, М. Қожабаев, А. Қартбаев, І. Нағашыбаев, А. Есетов сияқты мектеп басшыларының есімдері бұл күнде ұрпақ жадында жаңғырып, оқу орнының тарихынан лайықты орнын иеленді.

Мектеп түлектерінің арасынан әр түрлі мамандық иелері өмір айдынында абыройлы белестерді бағындыра алды, өз салаларында жетістіктерге жетті. Солардың қатарында медицина ғылымдарының докторы, профессор Б. Әйтпембетов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын С. Боранбаев есімдері ілтипатпен аталады. Оған мектеп тарихында жазылып қалған "Алыстан аңсай бүгін жеткен дара, түлегін қарсы алды Мектеп-Ана" және "Ел болып өлең-жырдың тақырыбы, қауышты мектебімен ақын ұлы" атты білім ұясының аталған белгілі түлектерімен өткен мазмұнға толы жас ұрпақ жүздесуі дәлел. Оқу орнын бітірген шәкірттер арасында ғалымдық және қаламгерлік жолды ұстанған түлектер легі әр кезде жалғасын тауып отырды, сонымен қатар мектепті алтын және күміс медальға бітіріп шыққан талапты ұл-қыздар да өз ұстаздарының мерейлі мақтанышына айналды. Осындай аға-апаларының жетістікке толы жолдарын көрген тәрбиеленуші жас буын әр уақытта оқу мен қоғамдық істерде, спорт пен өнер жарыстарында лайықты табыстарға жетіп жүрді.

Мектеп тарихында тұңғыш рет республикалық білім бәйгесінде-оқушылардың ғылыми жобалар байқауында-шәкірт Г. Байназарова бақ сынады. Аудан оқушыларының арасынан қазақ әдебиеті саласының бағыты бойынша алғаш рет жазылып, қорғалған оқушының ғылыми жоба жұмысы ("Халық ақыны Байназар Өтепов шығармашылығындағы ел тағдыры және ақын өлеңдерінің көркемдік мәні", жетекшісі Ғ. Қожахмет) оқушылардың республикалық ғылыми жобалар байқауында жүлделі екінші орын иеленді. Отанды сүю өзінің туған жерін сүюден, өзі оқыған алтын ұя мектебін сүюден басталмақ. Мектептің өз вальсі осы мақсатта дүниеге келген еді. "Мектеп вальсін" (өлеңін жазған Ғ. Қожахмет, әні К. Өтеп) шәкірт шырқады, сандаған түлектің қияға самғар жолындағы әнұранына айналды. Бүгінде тарихына сай дәстүр қалыптастырған білім ордасы алдағы көктемде өзінің 65-түлектерін өмір айдынына шығарып салмақ. Мектеп қабырғасында шәкірттік шақтарының соңғы белесін өткізіп жатырған оларға да алдыңғы буын аға-апаларының табысты жолын берсін дейміз. Осы жолдар авторының мектеп тарихына арналып бұдан бұрын жазылған жыр-толғауындағы айтылған тілектің үзілмей жалғаса беретін бүгінгі түйіні де сол болмақ. Айта білсек осыны, Шәкіртке бар әлі сын. Мектебінің өткенін, Тарихын біліп танысын. Мақтаулы шықсын шәкірттер, Өмірдің көріп жарысын. Көтере берсін әр жерде, Мектебінің намысын!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз