Төпә мұндай сәтте газет оқиды. Газет дегенді ойлап тапқан адамның өзі әу баста еркектерге арнап ойлап тапқан құрал болу керек. Төпәнің газет дегенде - "Лениншіл жас" деген жалғыз ғана газеті бар еді. "Ойбай-ау, бұл өзі қай заманнан қалған газет?" деп бұған таңданудын еш реті жоқ. Мәселе газеттің ескі немесе жаңа екендігінде емес, мәселе газеттің дәл қазіргі сәтте, өз ролін мүлтіксіз атқарып шыға алатындығында еді. Төпәнің әйелі өзі институт бітіріп алған жан болса да, газет оқымайтындығы қандай жақсы десеңші. Егер Төпә жоқта әлгі газет еденге түсіп жататын болса, әйелі оны жерден көтеріп алып жатып та, "Лениншіл жас" деген жазуына үңілмес еді, үңіле қалған жағдайда да, мән бере қоймас еді. Әйтеуір, газеттің етек жағында әлдеқандай "Төсекте түлен түртсе. . . Әйелдерге он кеңес" деген жазудың болмайтындығын айт. Онда газет жинаған абырой, беделінен айрылып қалар еді.
Төпә газетті ашып, спорт бетіне үңіледі. Сол беттегі "Қайрат" "Пахтакорды" осы жолы ойсырата ұтты. Ордабаев қорғаған қақпаның қонақтар кілтін таба алмады. Әр кілтті бір салып көріп, ақыры еңселері түсіп, Тәшкендеріне қайтып кетті" деген жазуды оқиды. Газеттің қай шамадағы газет екенін осыдан-ақ біле беріңіз. Газеттің ескі немесе жаңа екендігін Төпә, әрине, өзі біледі ғой, бірақ әлгі хабарды қанша мәрте қайталап оқыса да, оқып болысымен "Әп, бәрекелді, біздің жігіттерге!" деп қалар еді. Егер Төпә осы көңіл-күймен әйеліне "Қайрат" "Пахтакорды" осы жолы ойсырата ұтыпты ғой" десе, әйелі бәрібір де "А, ұтыпты ма? Ұтқан екен ғой. "Қайрат" деген біздікі ме сонда?" дер ме еді, кім білсін. Төпә асқа да осы көңіл-күймен отырады. Бірақ Төпә ақылды ғой, үйдің атмосферасын сол ызғырық күйінде қалдырып шығып кетпейді, оған жылымық орнатып кетуі тиіс. Төпә мұны қалай істейді? Әйеліне жәркелештене күліп, әлгіндегінің бәрін жуып-шая бастамақ па? Жоқ, Төпә өйтпейді, Төпә ешқашан олай істеген емес. Төпә сол түнеріп отырған қалпы:
— Осы жексенбіде Сайлаудың үйі қонаққа шақырып жатыр екен, — дейді. Төпә осыны айтқанда "осы жексенбіде заманақыр болғалы жатыр екен" дегендей қылып айтады. Бірақ әлгі хабарға әйелі елең ете қалады:
— А, осы демалысқа шақырып жатыр ма екен?
— Осы демалысқа дейді ғой.
Төпә бір жері ауырып отырған адамша кіржиеді. Бірақ мұнымен де тынбайды. Сәлден кейін әйеліне қарап отырып:
— Сайлаудың үйіне қай киімімді киіп барсам екен? — дейді. Осыны айтқанда, дәл қазір ұшып тұрып, Сайлаудың үйіне кеткелі жатырған адамша сұрайды. Төпә мұны әдейі сұрайды. Осы кезде әйелі:
— Ана киіміңді киіп барсаңшы, — деп, бір киімнің атын айтар еді. — Сол киімің өзіңнің тұлғаңды ашып, байытып көрсетіп тұрады, — дейді.
Әйелінің "ана киім" деп отырғаны-өзінің таңдауымен, өзінің қалауымен сатып алынған бір киім еді де, Төпә оны үстіне киіп көрген болатын, өзіне қонымды болып тұратынын білетін. Бірақ Төпә амалы құрып, шарасы таусылған, шегінерге жер таппай қалған жанша сөйлейді:
— Кисем киіп барайын енді. . .
Төпә осыны айтқанда "қайтейін, бұл жолы сен жеңдің, үстем түстің, тыңдадым сөзіңді, тыңдамасқа лажым да қалды ма" дегендей қылып айтады. Киімді киіп баратын Төпә, тойға барса, әдемі болып баратын Төпә, бірақ әлгі сөзден кейін әйелі басын изеп, жымыңдап қалар еді. Себебі бұл сөздің аржағында "сенің де талғамың талғам-ақ қой, бәйбіше. Ризамын ғой талғамыңа! Затты сатып алғанда, көзің танып тұрады ғой" деген сөздер де жатады ғой. Әйелі Төпәні осы күні аяқ киімін белдеуден ағытқалы тұрған жеріне шейін шығарып салады. Төпә дәл осы сәтте жауға аттанып бара жатқан батыр секілді еді де, әйелі соны шығарып салып тұрған жары секілденіп, "мына жеріңе әк жұғып қалған ба?" деп Төпәнің тап-таза тұрған иығын қаққыштайды, әлдебір қыл-қыбырларды теріп алып тастаған болады. Төпәнің осыған іші жылиды, Төпәнің осыған іші жылып тұрады. Әйелін белінен ұстап, бауырына тартқысы келеді. Бірақ Төпә өйтпейді, Төпә ешқашан олай істеген емес. Сол тұрған қалпы: "Кешкісін қазаныңа ас салып қоя бересің бе, ертерек келермін", — дейді. Төпә осыны айтқанда, қазанына ас салынбай жүрген, үйінен тамақ ішпей жүрген жандай сөйлейді. Бірақ түсінген адамға ертерек келіп, бала-шағамның ортасында жарқырап бір отырайыншы деп отыр ғой Төпә. Төпә мұнымен де тынбайды. Сәлден кейін әйеліне жұмбақ кейіпте, күлімсірей қарап тұрып: — Жатқаннан кейін жауырыныңды уқалап жіберемін бе. . . , — дер еді. Ойбай, Төпә немене емші ме?! Қолының биотогы бар кісі ме?! Бірақ неге екені белгісіз, әлгі сөзден кейін әйелі үлбіреген күйі төмен қарар еді.
— Қайдағыны айттыңыз-ау, — дейді. Қайдағыны айттыңыз-ау, отағасы-ай.
Төпәға әйелінің осы қалпы ұнайды, езу тартады. Осы сөзден кейін әйелі:
— Орамал алсаңшы, — дер еді. — Қалтаңа беторамал салып алсаңшы.
Төпә таң қалады:
— Беторамал дегенді кеше бермеп пе едің?. .
— Қой, ол кіршең тартқан шығар, — дейді әйелі. — Ол кіршең тартып кеткен шығар.
Ойбай-ау, кіршең тартатындай Төпә кешеден бері шахтаға түсіп шығыпты ма?! Әйелі сол күйі барып, су жаңа беторамалды алып шығады.
— Қазір, қазір, — дейді лыпыл қағып.
— Қазір, қазір. Төпәнің қалтасындағы беторамалды алып жатып, Төпә мұны не істегелі жатырсың деп сұраған адамша: "Шайып тастай саламын ғой, — дейді. — Шайып тастай саламын ғой".
Төпә үйден алшаң басып шығады. Есіктің алдына аялдап, оттығына қол жүгіртіп жатырған, сол — Төпә ғой. Шылымын бұрқ еткізіп тұтатып жатырған кім десеңіз, Төпә деген — сол. Жарты әлемнің тұтқасын ұстап тұрған адамша, кеудесін керіп, аяқты салмақпен тастап келе жатырған адамды көрсеңіз, соны Төпә деп ойлай беріңіз. Егер Төпә әлгі жерде ашумен әйелін салып қалып немесе нұқып қалса, не болар еді? Бұдан кейін не болатынын ешкім де болжап айта алмас еді. Әйтеуір, Төпә үйден осы көңіл-күймен шықпас еді. Шыққан жағдайда да жүзіне ызғырық тепкен қалпы шығар еді. Мүмкін, Төпәнің сондықтан шығар, "әйелді ұрмаңдар, жігіттер" деп айтып жүргені, кім білсін. Төпәнің ішіне кім кіріп-шығып жатыр дейсің. Себебі Төпә да көлденең көк аттыларға сырын алдыра бермейтін жігіттердің бірі ғой.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі