Қойлыбай Шағырайдың қойлы байының баласы. Әкесі қойлы бай болған күнінде ақ патшадан отыз орыс Абылай ханға елшілікке келген. Қар жауып, қыс түсіп кеткен соң:
— Осы отыз мейманды бірінен-бірін айырмай, бөлектемей, ала қыстай күтіп, аман-есен аттандыруға қайсың қонаққа аласың? — дегенде, Қойлыбай бай:
— Өмірінше боламын десе де біздікінде болсын, — деп, Құдайдың құтты күні бір ақ-қара бас қой сойып күтіп, қыстан ашықтырмай, тарықтырмай шығарған екен.
Ақ патшаға барған соң:
— Қазақ жұртының бір-біріне сыйының алды не болады екен? — деп сұрағанда:
— Қазақ рәсімінде «жетім» болады екен, — деген соң, Қойлыбайға бір қыз жіберген екен және ит терісіне алтындатып жаздырып, достық (дослық) хат жіберіпті.
Сол қыздан екі бала туып, бірінің аты — Малтабар, бірінің аты — Қосжетер. Осы екі баланың тұқымы осы күнде өсіп-өніп өз алдына ел-жұрт болыпты, «орыс ауылы» деседі.
«Орыс ауылы» атанғандық мән-жайы — осы. Терісаққан бойында, Тасбекеттен төменірек Тәки қажының ауылдары. Тілеуқабыл мырзаның өзінің белінен бес бала: Әділ, Еділ, Елемес, Жаманқара, Шешенқара.
— Өзім өлгенде алпыс келінге «атамдатып» жоқтатамын, — деп қалмаққа да, қырғызға да, шүршітке де қатын алып беріп, мал малдандырып, жан жандатқан.
Өзі тоқсан үшінде өлген, алпыс келіні «атамдаған». Бұл күнгі Тілеуқабыл тұқымының көбі қалмақ, сарт, қырғыз, шүршіт, анық қазағы аз. Тілеуқабыл мырзаның өз кіндігінен байлық қашқан. Себебі Жаманқара, Шешенқараның қыздары «қуыршақ» ұзатқанына ту бие сойып, той қылған екен. Ақ патшадан келген алтынды қағаздарды турап-турап «қуыршаққа» киім қылған екен. Аппақ шаңқан боз биені бірыңғай саудырып: «етіміз ақ болсын» деп боз биенің сүтіне шомылады екен. Сол қыздар Ақиіс, Қалқаман, Бұланбай байдың бәйбішесінің балалары Байзақ, Жанзаққа ұзатылып еді дейді. Ол Бұланбайдың байлығы өлеңге қосылған:
Әкем аты — Шағырай, атым — Балдай,
Бұлакемнің жылқысы қара жардай.
Шиқұтыны бұтымда дамбалым бар,
Әлің келсе, тістеп шеш, Қарақалтай!
Бұрынғы заманның байлары қыздарына шиқұтыныдан дамбал кигізеді екен. Жаугершілік болып «еріксіз жұмыстаймын» деген жанның түсе қалса, дамбал сыртынан жұмыстамақшы болса кедергі болуға әбден сенімді бұйым болғандығы сондай.
«Бұланбайдай, Бұланбайдың жылқысы қара жардай» деп ауызға ілінген жылқы Ерейменнің сыртындағы Қарағайлы шоқыға келіп, қаны-жыны сонда қалып, тағалы торы қайтып бармайды екен. Тілеуқабыл мырзаның немере, шөбере қыздары Бұланбайдай байға келін болып түскен келіншектер кемпір болған күнінде арқасына қап салып, қайыршы болғандығын жұрт көзі көріпті. Екі дәулетке бірдей кесірі тиіпті. Жаслықтағы ересен біткен дәулетке ерсі жұмыс қылғандығын естіп, білгендер:
— Саған не қылса да, обал жоқ, — деп, таяқпен түртіп кететұғын болды дейді.
Дүниенің басы — анау, аяғы — мынау.
Күлік Байғана мырзалығын Күлік шежіресінде сөйлеп өттік. Қанжығалы Төлеген мырза ас-жиынға алты атанға қымыз артып барады екен. Жазғытұры таудан көшерде қыстауына қырық сан қалдырып кетеді екен. Мырзалығын сынамақ үшін көш-жөнекей болып қалған қонақтарға көшін тоқтатып, биесін байлатып, тайлақ сойып, биесінің сүтіне ет асып береді екен.
Қаракесек Баймұрын мырза, Ақбура Қарқынбай мырза, Қаржас Мырзағұл баласы Тәти мырза. Бұл айтылған мырзалардың қылған істері — бәрі жат, бөтен жұмыс. Өз тұсымыздағы адамзаттың құлақ есіткенде, мырзасы Тобықты Құнанбай болды. Ол кісінің мырзалығын бір рысале (ірсәле) қылып сөйледік. Қожа, молда, дуагөйге мырзалық қылған да Шорманұғлы Мұса болды. Құдай үшін, Құдай жолына, Құдайды өзінен артық ұстап, мырзалық қылған Қоңырқұлжа төре немересі, Бикелі баласы Жәңгір болды. Бұлардың бәрінікі — мақтан емес, ақтан.
Ақтан үшін емес, мақтан үшін мырзалық қылған әр жерде бар шығар. Олардікі — орыстың оразасы сықылды. Өзім ат арқасына мініп, үш жүздің баласын көріп жүргелі Күлік Әкімбек Алдабек баласындай, Қаракесек ішінде, түбі-тегі қожа Құрбан қожа Жүсіп (иосиф) қожа баласындай — осы екеуіндей сахиды бала жасымнан бұл күнгеше көргенім жоқ.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі