Үлкен қала. Зәулім, сәнді үйлер. Аула толы мәшинелер. Көпшілігі шетелдік — «Ланд Крузер», «Тойота», «Лексус», «Мерседес»...
Ортаңғы подьезден шыққан арық қара бала мен тойған қозыдай томпиған сары ұл ойнауға кетіп бара жатып, тоқтай қалып бірөңкей жап-жаңа мәшинелерді тамашалап, қарай бастады.
— Мына тұрған «Лексус» менің папамның көлігі, — деді тойған қозыдай томпиған Әлихан есімді бала. Дәу «Жипке» жақындап, сыйпап қойды.
— Мақтанып тұрсың ба? Менің папамның мәшинесі де күшті.
— Қане көрсетші?
— Мына жерде жоқ... Жұмысына мініп кетті...
— Маркасы қандай?
— Мерседес! Төрт фары бар... Түрі әппақ...
— Нөмірі ше?
— Z 001 КВМ... Ондай нөмірді алу қиын... Менің папамның жол полициясында досы жұмыс істейді.
— Бөс! Бөсіп қал... Тағы не айтасың?
— Мерседес тасжолда ызғытқанда 200-ден артық жылдамдықпен зулайды... Сендердің «Лексустерің» қоқайып алып, қалып қояды біздің мәшинеден...
— Мақтана бер...
— Білесің бе сен, Мерседес қатты жүргенде жерге жатып алады... Сондықтан анау-мынау бұрылыстарда жылдамдығын көп азайта қоймайды. «Лексус» түйе құс сияқты... Ызғытып келе жатып бұрылса, аударылып қалуы мүмкін...
— Мә, саған бөспе неме! — Әлихан қызғаншақ болатын. Нұртайдың мақтанғанына шыдай алмай ішінен ыңқ еткізді. Бір үйдің еркесі Нұртай қарап тұрсын ба? Ол да томпиған ұлды кеудесінен итеріп қалды. Екі бала айқаса кетіп, жерге құлап түсті. Тап-таза жейделері мен шалбарлары былғанып, шаң болды. Бірін-бірі аямай жұдырықтап, аздан соң ырсылдап шаршады. Әлиханның мұрнынан қан ақты. Нұртайдың жұдырығы батып кеткен сияқты.
— Қазір көрсетем... — Әлихан жерде жатқан жұмыр таспен досының басынан бір перді.
Екі баланың ерсі қылықтарын көріп отырған Ізбасқан қария орнынан ұшып тұрды.
— Тоқтатыңдар төбелесті!
Тас тигеннен көздері жарқ етіп, басын ұстай алған Нұрбол мен абдырап тұрған Әлихан жалт қарасты. Анадай жерде таяғын көтеріп бір қария тақап келеді.
Қабағы қатулы.
— Бері жақындаңдар!.. — Екі бала жақын келді.
Біреуінің мұрны қанап, екіншісінің басы ауырған ұлдар жуасып қалыпты.
— Не жетті сендерге? Ал сөйлеңдер?
Екі достың ауыздарына құм құйылғандай, үнсіз.
— Ақсақал сөзін сабақтады.
— Бағанадан бәрін көріп, естіп отырмын... Қай сыныпта оқисыңдар?
— Бесіншіде...
— Ой-бу, ұят-ай!.. Үлкен жігітсіңдер ғой!.. Он жастан асыпсыңдар!.. Сабақ үлгерімдерің қалай?
— Жақсы... — деді екі дос ақырын ғана.
— Бір сыныпта оқисыңдар ма?
— Иә...
— Қанеки, менің көзімше бір-біріңнен кешірім сұрап, татуласыңдар! Бүлінген ештеңе жоқ. Атам қазақ «бас жарылса, бөрік ішінде» деген..
Біріне-бірінің атарға оқтары болмай тұрған ұлдар, қарияның уәжді сөзіне тоқтап, қол алысты.
— Естеріңде болсын! Болар-болмас нәрсеге бола төбелесіп, жұдырықты ала жүгіргенді қойыңдар! Заман талабына сай жақсы үйде тұрған, жақсы киінген, жақсы мәшине мінген жақсы. Біле білсеңдер, сендер тәуелсіз еліміздің елордасы — Астанада тұрасыңдар. Соған лайық білімді, білікті, ұлтжанды, мәдениеті, иманды азамат болуларың керек. Жөн бе, менің айтқаным?
— Дұрыс ата...
— Онда жаман қылықтарыңды тастаңдар. Қазіргі балалар бақытты. Компьютердің құлағында ойнайды. Ғаламтор арқылы білмейтіндері жоқ. Бірақ кітап бетін ашпайтындары жарамайды. Өздерің көркем әдебиетті оқисыңдар ма?
— Аздап...
— Соңғы оқыған кітаптарың не туралы?
Екі достың мойындары төмен түсті...
— Оқымайсыңдар-ау, тегі. Тұрыстарың ұнамайды... Айтыңдаршы, Абай деген кісі кім?
— Кім дедіңіз?
— Абай, азан шақырып қойған есімі — Ибраһим.
Екі дос қосарлана: — Білеміз, — деп міңгір ете қалды.
— Білсеңдер онда Абайдың бір өлеңін айтып беріңдерші, — деді қария екеуіне кезек қарап.
Екеуінде үн жоқ.
— Мыналарың тіпті ұят!.. Шынымен білмейсіңдер ме?
Тағы да үнсіздік.
— Е-ей, балаларым-ай!.. Қайтейін... Машиналардың атын жаттап алғанша, Абайдың бір өлеңін жаттап алсаңдаршы...
Балаларға басқа не айтарын білмеген қария, басын шайқап, бұрылып кете барды. Ренжіп кетті. Ал ана екеуі болса, мелшиіп орындарында тұрып қалды.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі