Кенесары қолға хабар қылды: «Сартқа шабыншылыққа жүреміз, қам қылсын!» — деп. Қол шеру тартып жол жүрді. Сарттар Кенесары қол тартып келе жатқанын естіп, майдан жеріне жиналып тұрды. Бұл жағынан Кенесары келді, екі қол бірін-бірі аңдып тұрғанда, бір күрең арғымаққа мінген қызыл жабуы бар, қолында найзасы, жанында қылышы, қанжары, сол қолында қалқаны бар бір сарт «жеке-жеке!» — деп айғай салып: «өлтірсем — қазымын, өлсем — шәйтпін!» — деп айғайлап тұрды. Күрең арғымақ секіріп астында тұрмайды.
— Бұған қарсы кім шығады? — деп тұрғанда, Шыңбай мінгені Ағыбайдың күзеулі кері жайдақ ер-тоқым жоқ, астына салғаны қостың түндігі, қолында тоқал найзасы, жетіп келіп:
— Ағыке, найзаңды бер? Мен шығамын! — дегенде, Ағыбай айтты:
— Ей, аусар, жаугершілік уақта кісіге асбап береме екен? — дегенде, басында темірі жоқ тоқал найзамен сартқа қарсы шауып бара жатқанда, Ағыбай шақырып алып, найзасын берді. Шыңбай да, сарт та бір-біріне қарсы шабысып найза салысқанда, сарттың найзасын қағып жібергенде, найзасы жерге сынып түсті. Сартқа қылыш, қанжарын алғызбай найзалап, есін шығарғанда, сарт сырт айналып қаша бастады. Өкпеден де, сырттан да найза салғанда, тайып шыға берді. «Ау, мұның шарайнасы бар екен», — деп сарттың көкжелкесінен найза салып, сартты жерге құлатып, астындағы күрең арғымақты іліп алып, қайта өз қолына қарай шапты. Сарт құлаған соң сүйекк сарттар да, Кенесары қолдары да шабысты. Сарт өз сарттарына таяу жығылып қалған екен, бұлар бұрын келіп сүйекті алып кетті. Шыңбай өлген сарттың сүйегінде жұмысы жоқ, күрең арғымақпен әуре болып жүр.
Кенесары, Наурызбай, Ағыбай сарттарды қашырып, басын қосып тұрғанда Шыңбай күрең арғымақты Ағыбайға жетектеп келіп: «Мынаған мініңіз!» — деп ұсынды. Сонда Ағыбай айтты: «Ханға апарып тарт!» — деп. Шыңбай: «Иә, иә, ханы не? Мен өліп қалсам, Кенесарының несі кетеді?» — дегенде, Кенесары естіп, Ағыбайдан сұрады:
— Бұл кім? — деп.
— Бұл — менің аусар Шыңбай деген інім. Кенесары:
— А, а, жарайды! Балам, өзің мін, ешкімге берме, мұндай ердің алғашқы олжасын өзіне берсең, екінші бата қылмайды, — деп өзіне берді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі