Өлең, жыр, ақындар

Уақыт

Біздің үйге танитын адамдар келгенде қабағы қарыс жабылып кететін, әсіресе менің туысқандарым келгенде көбірек шытынап, солар қолдарын сүртетін сүлгіге дейін әңгіме етіп, біраз жерге апарып тастайтын Сәніштің көңіл күйі бейтаныс адамдарды ертіп келгенде жайнап сала береді. Сіздің үйдегіге керісінше, біздің үйде тағы бір қызық жай бар. Мысалы, кейде үйімізде ақша жоқта, керісінше дастарқанымыз тасып-төгіліп жатады да, ал екеуміз Сәнішті айтып отырмын, одан басқа тағы біреуі бар деп ойлап қалып жүрмеңіздер) жалақы алған кезде кейде шай мен нанға қарап қаламыз. Әрине, сіздер мұның сырын білмейсіздер. Осындай оңашада өзіңізге сол сырды бір ақтарып тастамасам болатын емес.

Сәніштің туысқандарынан менің туысқандарым аңқаулау ғой деп шамалаймын. Өйткені олар Сәніштің айтуына қарағанда, ылғи үйде ақша таусылып қалғанда келеді. Бәрін өзі білетін Сәніштің сөзінше олар аузының салымы жоқ керауыз, тайқы маңдай, ырысқа лайықсыз тағы-тағылар. Мен болсам Сәніш сөзінің растығын қоштап үйренген жанмын. Қоштамауға бола ма, ол менің көзімді жеткізбей қоймайды. Бір рет өзім де байқағаным бар.

Жалақы алғанымызға екі күн болған. Үшінші күні маған Сәніш қалта түбін қағып көрсетті.

— Miнe, нан мен шайға ғана жететін ақша қалды. Уақыт өтіп барады, таусып барады.

— Иe, уақыт өтіп барады, таусып барады,— деп қайталаймын мен. Демей көрші ер болсаң. Сәніш шаңыңды жіберсін. Япыр-ау, қызық. Менің ауылдағы жалғыз бауырым Бәрімбек сол күні үйге сап ете түскенін көрдіңіз бе? Енді Сәнішті әулие демей мен не дейін. Ауызының салымы жоқ, өзінен көрсін-дағы. Әйтеуір ақ нан мол, ағама сонымен шай бере отырып Сәніш:

— Уақыт солай болды, қонақасы жей алмадыңыз,— деп жайбағыстап тігісін жатқызды. Мен оны қоштай кеттім. Егер Сәніш әдемілеп өйтіп әдемілеп айтпаса мен не істей алар едім.

— Қонақасы жей алмадыңыз,— дедім мен де. Бірақ Сәніш ала көзімен атып жіберді. Қайтып жауапқа келе алмадым. Аузының салымы жоқ Бәрімбек шаймен аттанды. Уақыт өткенде келген өзінен көрсін.

Арада күн өтпей-ақ Сәніштің немере апасы келді. Бұлардың жөні басқа екем. Кешке қарай дастарқан жасалып, аспаннан Ыбырайым пайғамбарға түскен көк қошқардай бірдеме біздің үйге пайда бола кетсе керек. Үйдің астыңғы қабатындағы дүкеннен бір қойдың етін Сәніш бір-ақ көтеріп келді. Етті былқытып асып әкеліп қойған кезде Сәніштің апасының салымды аузына қарап едім, біздің Бәрімбектің аузынан бөлектеу ештемесі де жоқ, сияқты. Салпиып-ақ жатыр. Әсіресе, астыңғы ернін айтсайшы, кәдімгі қорабының артқы жағын түсіріп қойған жүк машинасындай. Әлде салымын келтіріп тұрған керқызылдап тұрып жаққан далабы ма екен? Қап, біздің Бәрімбек байғұс оны өзі түгіл, жеңгеме де жаққызбайды-ау! Онда Бәрімбекке де бірдеме жұғар еді.

— Аузының салымы қай жерінде тұр?—дедім сыбырлап Сәнішке, шынымен көргім келіп. Ол санымды шымшып алды. Онысы несі? Немене салымы санында тұр ма? Оған риза болмай қайта сыбырладым:

— Салымы қай жерінде дедің?

— Бұл уақытқа тап келді ғой. Нағыз теріс азу өзі, бір қойдың еті келе кеткенін көрмеймісің?

Енді не істейін. Ауызыңды көрсет демекпін бе! Тыныш отырдым. Бірақ жаным тыншымады.

— Уақытысында келдіңіз, ауызыңыздың салымы бар екен,— деді Сәніш апасына. «Біздің Бәрімбектің аузынан түк те айырмасы жоқ, омырылған астаудай болып тұр ғой» дегім де келді. Бірақ айта алмадым.

Бәрінен де қорлығы ертеңінде болды. Бәрімбектің институтта оқитын баласы келіп еді. Әлгі «салымды ауызға» келген ет соған ере кетіпті. Қайтейін, Сәніш «уақыт солай»,— деді. Мен де тез-ақ қозғалып «мен-ақ дүкенге барып келе қояйын» деп едім, «немене бала құсап, елпілдей қалдың!» деп Сәніш қайырып тастады.

Шынында бала емес, үйдің иесі сияқты едім ғой. Отыра бердім. Уақыт болмаса керек. Бәрімбектің баласы да аузына қызыл тимей қайтты...

Бұл біздің үйге таныс адамдар келгендегі жағдай. Енді таныс еместер келгенде қалай? Мұны айтқым да келмейді. Өйткені бұл жерде жарым-жартысы өзіме де байланысты еді. Дегенмен бір сыр болсын.

Айдың аяғы жақындап, уақыт өте келгенде, ақша бар болғыр ада-күде бітетін әдеті ғой. Нақ осындай кезде-ақ мен үйге бейтаныс үш кісіні ертіп сау ете түссем, біздің Сәніш сау желіп, жырық қара қапшықты алып дүкенге жөнеледі. Ондайда жырық қараның езуінен көк мойындар қылтиып, қылтиып көрініп келіп тұрады. Тістің құрты ұстағандай әр жері бұлтиып-бұлтиып шығып білеуленіп кетсе-ақ болғаны оның бәрінен-ақ консерві қалбырлары, жылытпа қуырдақ, майлы шұжық өрби берді. Ауызға аздап ақаң тиіп, арғы жаққа ел қонған кезде мен қонақтарыма қарап:

— Сыза отырмаймыз ба?— деп қоямын. Осы сөз аузымнан шыққан кезде біздің Сәніш бордақы, борпылдақ, денесін тез жинап, сүйінші сұрағандай көк мойын шөлмектің бөріктерін жұлып-жұлып алады. Олар лақылдатып-лақылдатып жібереді. Көк су көмейді қырып, ішті жидітіп жібере жаздап, өңештерді тіліп, төмендеп кетеді. Пак, осы бір сәтте қонақтар қоштамай тұрып-ақ Сәніш бәрін жөнге келтіріп жібереді. Жөн білетін әйелдер бөлек қой, шіркін. Сәніштің осы бір кездегі күлкісін кореец етті. Оның езуі бір жиылмайды, «қайнымдап» жігіттердің есін алып та жібереді. Сәніштің қайындарын мен «темныйлатып» отырып, ыңғайыма айдап түсіре беремін. Екі-үш рет көз жұмбайға салып барып, тарттырып-тарттырып жібергенде көңілге болмаса қонақтарым тотиып-ақ қалады. Мұндайда Сәніштің дастархан шығынының шамасы өзіме мәлім, содан төрт-бес есе асып түскен кезде қапысын тауып қабақ қағамын. Осы бір жайды байқағанда бағанадан бері бетіне қатық жағып сөйлемей отырған Сәніш:

Уақыт болса өтіп барады, ертең жұмыс бар,— деп зарлап жүріп береді. Қанша дегенмен де маған жаман кісі еріп келеді деп ойлайсыз ба, мәдениетті жігіттер. Сәніштің емеурінін тани қояды. Бір жақсы жері осы жігіттер «енді осы үйді көрсем, әйелімді көрмейін» деп ант беріп кете ме деп қайтып есік ашпайды. Мұндай бейтаныстарды ертіп келгенімді, шығып бара жатқандарын көргендер:

Пәлі, пәлі, жігіт-ақ Балбақ! Үлкен есікті үй деген ем Жұртқа күнде қонақасы беріп жатады,— деп мақтап жүреді. Бәрін де ішім біліп тұрады. Сонымен уақыт өтіп жалақы уақыты да келеді. Кеше де жалақы алдық. Бұл жолы қонақасының қалай боларын қайдам. Әрине уақыт көрсетеді. Лайым Сәніштің уақыты болғай деңіз!

1957


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз