Өлең, жыр, ақындар

Заман-ай

Он тоғызыншы көктемі еді… Айзия кішкентайынан өте алғыр болып өсті. Отбасының ең кенжесі. Мектеп бітірем дегенше ағасы, екі әпкесі отбасын құрып, үйде мама-папасымен үшеуі ғана қалған. Болашақ шаңырақ иесі деп жалғыз ұлдары үшін бар күштерін салып,  осы күнге дейін ешкімнің ала-жібін аттамай, үйден-үйге көшіп, бар тапқанын сол баласын оқытуға, үйленуіне жұмсап, енді бейнеттің зейнетін көрер шақта перзенті әйелімен амалсыз бөлек шыққан… Кейде тым мейірімді болғанның өзі де адамның өзіне зарарлы…

Енді Айзия да Астанаға кеткелі отыр. Мектепті ауылда оқыды, үйде анасы екеуі ғана қалған еді. Ауылда жұмыс тапшы, папасы қалада құрылысшы боп істеп, үш баласымен сонда жер үй жалдап тұратын. Жеке қалғанда 6 жасар Айзия анасына “мен өз күшіммен оқуға түсемін, сендерді қартайғанда өзім асыраймын” дейтін. Құдай аузына салған шығар, Айзия Астанадағы ең үздік деген университетке оқуға түсті. Содан бері екі жыл зырғып өткен. Айзия қалаға үйреніп, оқуына да ойдағыдай үлгеріп жүрді. Келген жылынан бастап-ақ үй ішіне салмақ салмаймын деп, уақытша жұмыс істеп жүрген. Осы жылы уақыты да аз, жалақысы да мардымды жұмыс тауып алды. Өзінің оқып жүрген мамандығына сәйкес, мектепте математикадан 4-сынып оқушыларына қосымша сабақ береді.

Көктем келіп, далада қар еріп жатыр, сонда да ызғарлы жел бар. Жұма күні. Жаңа жұмысындағы алғашқы күн. Мектепті сағынып қалыпты. “Математика кабинеті” деп жазылған тақтайшаны адаспай тауып кірді. Кабинеттің еденін етігімен бүлдіргесін, тазалағыш заттар табу үшін тысқа шықпақшы болып еді, есікті ар жағынан бір денелі кісі ашты. “Кімсің, қайдан келдің” деп сұрақтың астына алды. Қысқаша жауап қайырып, көп кідірмей Айзия еден жуғышты әкеліп, тазалай бастады. Жаңағы ер адам осында математика мұғалімі екен.

— Несіне әуре болдың? Тазалықшылар өздері жуады. Өзің қай жақтыкісің? — деді ағай.

— Қызылордаданмын.

— Е-е, Қызылорданың қыздарының бәрі әдемі болады өзі, — деп қойды. — Қайда оқисың? Туысқандарың бар ма? Қай күндері сабағың болады мұнда? - деген сияқты сұрақтарды үсті-үстіне қойды.

Ойында ештеңе жоқ Айзия барлығына ақтарыла жауап берді. Біраз үнсіздіктен кейін өзі де болашақ математик Айзия, ағайдан өзі қызығатын әлем математиктеріне танымал жеті Миллениум есептері туралы сұрады. Ағай:

— Мен ондайларға қызықпаймын. Біздің жұмысымыз мектеппен шектеледі. Жақында ҰБТ жаңа форматы бойынша математикалық сауаттылықтан сұрақ кітапшаларын басып шығардық. Соның авторы мен, - деп кітаптарын көрсетті. Ағайдың атын Айзия сол кезде ғана кітаптың сыртындағы жазудан білді. Асқар Алтынбеков деп тұр, астында тағы бір әйелдің есімі жазылған.

— Сабағыңның басталуына қанша уақыт бар? — деді Асқар ағай.

— Он бес минут.

— Уақыт болса, мектепті бір аралатып келейін деп едім ғой. Телефон номерің қандай? Менің немерем бүгін саған жаңағы кітаптардың рекламасын жібереді, — деді.

Айзия мақұл деп, телефон номерін жазып берді.

— Мен де бір орталықта қосымша сабақ берем, сонда кеттім, — деп ағай қоштасып кетіп қалды.

Балалар келе бастады. Айзия алғашқы күннен-ақ оқушылардың көңілінен шықты. Айзияға бәрі ұнады. Келесі дүйсенбі күні Айзия әдетінше жарты сағаттай ерте келіп алды. Терезені ашып, бөлмені желдетіп алған соң, бір кісі келіп, ағайды сұрады. Ағай бұл жолы жоқ екен. Келесі жұма күні келгенде, ағай баяғы орнында отырған еді.

— Тоңып қалдың ба? Кел, жылытайын! — деп, Асқар ағай құшағын жайды. Айзияның тоңғаннан қызарған беті ұяттан одан сайын қызара берді. Ағай: — “Басыңды шайқадың ғой”, — деп күлді.

Басқаға бұл қалыпты жағдай боп көрінсе де, Айзияға бұл өте ерсі боп көрінді. Бұдан былай келгенде ағай кабинетте болмаса екен деп тілейтін болды. Тіпті, сөйлеспес үшін әдейі кешігіп келетін. Кезекті бір жұма күні ағай:

— Сағынып қалдық қой өзіңді. Бүгін өте әдемі боп кетіпсің. Жігітің бар ма? — деп сұрады. Айзия басын шайқады. - Жігіт тауып алу керек, — деді ағай. Сонша жасқа келген адамнан осындай сөз естуді күтпеген еді. Айзия ештеңе демей, жымиып отыра берді. Айтқысы келгенін айта алмай, үнсіз ішінен тезірек кетсе екен деп тілеп отырды. Өйткені, жасы үлкен адамға қарсы сөйлеу тәрбиесіне жат еді. Ағай курткасын киіп жатып:

— Кете берейін бе?! Әттең, сенің қасыңда отыра бергім келіп тұр, — дегенде де Айзия үндемеді. Кетіп бара жатып: — Айтпақшы, көктемгі демалыста қайтасың ба? — деп сұрады ағай. Айзия басын изеп қалды. Ақыры кетті. Бұған дейін Айзия бір рет администратор апайына кабинетті ауыстыруға өтініш айтқысы келіп, ағайдан ұят болар деп райынан қайтқан. Бұл жолы міндетті түрде администраторға айту керек деп бекітті.

Аралық емтихандарға дайындалып жүргенде бұның барлығын Айзия ұмытып кетті. Емтихандарын жақсы тапсырып, көктемгі демалысқа Қызылордаға, үйіне қайтты. Ата-анасымен туысқандарының, әпкелерінің үйіне барып, туғандарымен Наурызды тойлады. Жиендерін ойнатып жүргенде, таныс емес номермен біреу телефон соқты. Ар жақтан бір сыпайы ер кісінің даусы естілді:

— Саламатсыз ба, Айзия! Мен денсаулық орталығынан звондап тұрмын. Сіздің администраторыңыз Айгүл ескерткен жоқ па? — деп сұрады.

— Жоқ, түсінбедім.

— Онда, сізге түсіндірейін. Айгүл конкурстан екі сертификат ұтып алған. Соны сіздің атыңызға жазған еді. Бұл сертификат бойынша жапондық терапиядан тегін өте аласыз. Оның ішіне массаж, толық тексерілу, бумен емдеу кіреді. Өзіңіз екі рет өтсеңіз де болад, немесе қасыңызға тағы бір кісімен келсеңіз де болады. Бірақ, бұл сертификат бүгін немесе ертеңге ғана жарайды. Біздің центр, Достық оқу орталығын, Асқар Тоқмағамбетов атындағы театрды білесіз бе, сол жақта. Бүгін келе аласыз ба?

— Жоқ, маған бұндай керек емес. Екеуін де басқа адамға берсем бола ма? — деп сұрады Айзия.

— Иә, әрине. Бірақ өзіңіз міндетті түрде келіп, қол қоюыңыз керек.

Жаңағы айтқандарынан тек алғашқы екі-үш сөйлемін ғана түсінді. Өзі де тез сөйлейді екен. Бір жағынан бар ойы не үшін Айгүл апай мұндай сыйлық жасай қалды екен?! Оның үстіне ол Астанада. Бұл өзі Қызылордада.

— Жарайды, кейін хабарласамын, рақмет! — деп телефонды қойды.

Ойында еш жаман ой жоқ, қуанып, анасына келіп, осы хабарды жеткізеді. Бірақ, администратордан еш хабар ала алмайды. Не болса да барып көрейік деп, ертесіне анасымен бірге келіскен уақытта, келіскен маңайға келеді. Сол сәтте ғана Айзияның телефонына Айгүлдің абоненті қазір қолжетімді деген хат келеді. Дереу телефон шалып, Айзия Айгүлге денсаулық орталығынан звондаған ер кісінің айтқанын жеткізеді. Телефонның ар жағынан Айгүл:

— Мен ешқандай конкурсқа қатысқан жоқпын. Телефон номерімді жоғалтып алып едім, жаңа ғана қайта жаңарттым. Қызылордада ешқандай да танысым жоқ. Мүмкін, басқа Айгүл шығар, — деді.

Бірақ олай болуы мүмкін емес еді. Анасы екеуі дереу үйіне қайтуға асықты. Аман-есен жеткендеріне тәубе етті. Бұл іске тек бір күдікті бар е-тін...

Егер әлемде осындай азғын адамдар жоқ болатын болса, барлығы бала күніндегідей аңқау болып қалар ма еді?.. Ай, заман-ай...


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (3)

Ттт

Мағынасы бар-ау, бірақ бейнелеуіңіз, әңгімені жеткізуіңіз нашарлау екен

Ермекова Айым Абдумаликқызы

мен бұл ертегіні əлі оқыған жоқпын ұзаққой!

Ермекова Айым Абдумаликқызы

өте тамаша

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер