Бір күні Кенесары ерігіп отырып, кешке жақын балуан күрестірсе, Әжібай батыр күрескендерді жыға береді. Наурызбайдың жас өспірім күні екен. «Менімен күрес», — деп Наурызбай тап-тап береді. Әжібай: «Қой, төре баласымен күреспеймін», — деп екі рет қайтарады. Наурызбай: «Жоқ, күресем», — деп үшінші рет тап бергенде, «Шиаяқ бота сияқтанған төренің баласы, бергелші», — деп Әжібай алып ұрады. Наурызбай сұрланып жүре береді. Сонан кейін Әжібай Наурызбайдан сақтанып жүреді.
Бір күні Кенесары Ақмола қаласын шаппақ болып, салдаттарды бекіністі казармаға қуып тығады. Салдаттардың ішінде Қоңырқұлжа төре болады. Салдаттар бекіністен оқ атып тұрып: «Мыналар қоятын емес, берілсек қайтеді?» — деп ақылдасқанда, Қоңырқұлжа: «Мына менің жез аузыммен адамын дәлдеп атып жықсаң, әнтектен соң жау қашады», — деп өзінің мылтығын бір атқыш салдатқа береді. Салдат ең алдымен таянып келген Басығара батырды атып жығады. Кенесарының қолы Басығараның сүйегін алып кейін қарай қашады. Салдаттар артынан қуып ұзақ жерге барған кезде, Домбырашы ханымды қолға түсіреді, онымен ұрысты тоқтатпай қуа береді. Бір мезгілде Кенесары ханның аты оққа ұшып жығылады. Сол кезде батырлар өлгеніне қарамай атты қойып келіп, Кенесарыны өлген аттың үстінен көтеріп алып кетіп, ер-тоқымын да қалдырмай алып шығып, басқа атқа мінгізіп салдаттардан құтылдырды. Бір жерге келіп адам түгендесе, Домбырашы ханым жоқ. Кенесары:
— Кел, батырлар, жау қолында тірі қалдырып кеткен соң, тірліктің не сәні бар? — дегенде, шұбыртпалы Ағыбай батыр:
— Тақсыр, оққа ерліктің әлі жетпейді, Басығараны көрмедік пе, басқа адам сау болса, бір адам ешнәрсе етпес, ертең осы уақытқа дейін Домбырашы ханымды қайтарып алып келу ме- нің міндетімде болсын, — дегенде,
— Көсе, мақұл, ендеше, — депті.
Ай қараңғы екен. Ағыбай жалғыз өзі түнде келсе, салдаттар мылтықтарының аузын жоғары қаратып, біріне-бірін сүйеп, қос-қостатып тігіп қойып, ортасында жағып қойған от бар, тегіс ұйықтаған екен. Екі жаяу салдат қолында мылтығы бар ұйықтаған салдаттарды кеңінен қарсы айналып өтіп, күзетіп жүр екен. Атын кейін тастап Ағыбай жаяу келіп, екі салдат қарсы келіп екі жаққа қарай айқасып өткен жерінен ішке кіріп кетіп, іздеп жүрсе, Домбырашы ханым басын көтеріп шошайып отыр екен. Басқа жан тегіс ұйқыда екен. Бір бұлық қапқа салып алып, күзетші тағы айқасып өткенде, арқалап алып шығып кетеді. Ханымды алып келген соң, Кенесары құдайы қылып, жұрт алқа қотан жиналып отырғанда, Кенесары: «Е, жұрт, таршылықта жағаласқан жауды аңду керек еді, біздің батырлар бірін-бірі аңдиды, осымен жүріп ел бола аламыз ба?» — дегенде, Наурызбай тұрып келіп: «Аға, қолыңызды беріңіз», — деп Әжібайдың қолын ұстайды. Мұның себебі, кеше Кенесарыны батырлар жаудан айырып алуға батырлар жанталасып шауып келе жатқанда, Әжібайдың құйрығынан найза сарт ете түседі, артына жалт қараса, Наурызбай бүлдіргелі найзасымен Әжібайды атқан екен, найза төмендеп келіп ердің артқы қасын бөліп түсіп, құйрықтан қадалған сол екен. Әжібай мұны сыр беріп ешкімге айтпапты, басқа жұрт білмейді, жығылған аттың үстінде отырып Кенесарының көзі ғана шалыпты. Әжібай сол уақытта: «Құйрығым сыздап отырғызбай отыр еді, тек білдірмей отыр едім. Сол қол ұстағаннан кейін ғана Наурызбай бар жерде алаңсыз бел шешіп ұйықтайтын болдым», — деген екен.
Оқуға кеңес береміз:
Наурызбайдың жолбарысты өлтіруі
Құрманқұлдың Наурызбайдың ерлігіне риза болуы
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі