Түн түсінер ай мұңын
Түн түсінер ай мұңын,
Кім түсінер қайғы үнін?
Көзқарас пен кешегі
Сезімімнен айныдым...
Түн түсінер ай мұңын,
Кім түсінер қайғы үнін?
Көзқарас пен кешегі
Сезімімнен айныдым...
Ұқсайды екен алау жүзің айға анау,
Сұлулықты қылмыс шығар ойламау.
Қарап саған керегі не айнаға,
Айнасыз да әдемісің, айнам-ау!..
Қайда күндер? Бір түрлі тым-тырыспын.
Таратады кім келіп бұлтын іштің?
Жанға батып барады болмағаны
Бойымда бір шабытты бұлқыныстың.
Даладай даладағы ән кең келеді,
Сезімнің қырат-белдер пернелері.
Толқиды іштен шыққан ырғақпенен
Жер-ана — алтын бесік тербеледі.
Тамсанам мына өмірді жаңа танып,
Қиялым қанатты үннен қанат алып.
Кеткендей қас қағымдық көзіме бір
Жаңбырдың тамшысымен әуе тамып...
Түн бойы ысып-өртенем,
Таппадым соның бір емін.
Оянсам таңда ертемен,
Тұрады ауырып жүрегім.
Айналды ма бір кезгі сағымға арман,
Күрсінесің жастықты сағынғаннан.
Қатыгезді көрмедім уақыттай
Бойыңнан күш, жүректен жалынды алған.
Қалай ең, ұмыттым ба, таныс әуен,
Толқындай ырғағыңмен табысар ем.
Қалқысын көңіл аппақ шағаладай,
Ашылып қарсы алдымнан алыс әлем.
Қалған мезгіл болар, бәлкім, таң атып,
Ажал мерген құлатыпты мені атып.
Қос жанары жабылмаған басымды
Таулар жаққа койған екен қаратып...
Дос көңілін қылаусыз арман етем,
Арманыңды үмітке жалғап өтем.
Көптен күткен менің бір жеңісіме
Қуанатын қол соғып жан бар екен.
Ән салқын, айналаның салқын бәрі,
Тірліктің алдамайды жарқылдары.
Өмірдің бұрқылдаған қазанында
Қайнаған ойым неге салқындады?
Шөлдедім мен, келеді сусындағым,
Үндемейді бұлбұлды сыршыл бағым.
Аласұрған арман боп, сағыныш боп,
Жырларымның жолында жүрсің, жаным.
Сабыр қайда, япыр-ау, тыншу қайда,
Көңіл көгі ұқсайды мұңшыл айға.
Тірлігімнің келемін тілін таппай,
Бал сұрай ма, білмеймін, су сұрай ма?
Жеткенше өріне осы отыз бестің,
Алмасқан ыстық-суық не күн кештім.
Арманның жалғыз аяқ жолдарымен
Жолықсам саған, досым, өкінбеспін.
О, көктем, келдім саған барымды алып,
Өзің біл, өте шықсаң сағымданып.
Үміттің жиырма бесте жансам деген,
Отыз бес, бересің бе шамын жағып?
Тыншымаймын сөнбей жүрек шырағым,
Тұла бойдан толқып-тасып бір ағын.
Қанша өлең жазсам-дағы, мен әлі
Түк жазбаған сияқты боп тұрамын.
Әсемсің, сәл нәрсеге елеңдесең,
Көріксіз болсаң көзге еленбес ең.
Шебер қол табиғаттың өзі жазған
Ұқсайсың керемет бір өлеңге сен.
Бұл өмірден біреулер жерінеді,
Ерінеді, зерігіп, керіледі.
Кәрі дүние баланың көздеріне
Жаралғандай жаңадан көрінеді...
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі