Адамдығын өзінің түсінбеген
Адамдығын өзінің түсінбеген,
Кім сөйлесер түйсіксіз кісіңменен.
Ұлыққа да айтамыз кішік бол деп,
Болмай жатып қорқамын ісінгеннен.
Адамдығын өзінің түсінбеген,
Кім сөйлесер түйсіксіз кісіңменен.
Ұлыққа да айтамыз кішік бол деп,
Болмай жатып қорқамын ісінгеннен.
Барымды айдап, тасып қалың малдай,
Жалбақтап жүрсем дағы жаным қалмай.
Жақпадым кейде жақын тартқаныма,
Бейне бір кіріптар боп табылғандай.
Есепсіз күнде адаммен жолығамын,
Таныстар көше бойы тобыр ағын.
Кездесіп біреуіне – жадырасам,
Кездесіп біреуіне – торығамын.
Біріңе, балам, көзімнің оты дарыған,
Сұрқиялар мен сұмдардың жүзін қарыған.
Біріңе, балам, дарыған пейілім жарыған,
Пейілі кеңдер арыған емес, арыған.
Ұмытсам деймін,
Дұшпанның таба жаласын,
Дұшпансыз кімді табасың?
Керегі қанша жаңғыртып,
Қайдасың, асау арыным,
Қайдасың, алау жалыным.
Суып та, сусып кеттің бе,
Дарыным менің, дарыным.
Сыйыса алмай өз ойыммен өз кеудеме сыя алмай,
Шалынысып шаршап талып, жеттім саған қияннан.
Ақ батаңды беріп маған қасиетті ақ орда,
Алатаудың асқарына ұшыр демеп ұяңнан.
Қадалып көкке жатырмын,
Жұлдызым менің қай тұста?
Жұлдызы қандай ақынның,
Ақындай мұңлы байғұс па?
Көңілің жүдеу, жүзің пәс, бұл күнде жаның шерлі екен,
Құландай қунақ денеге қу сырқат қайдан келді екен?
Ат басын бұрып арнайы халіңді білдік, қамықпа,
Дос тілегі дертіңе мыңда бір дауа ем десең.
Жасаймын деп менмендік, сыйласардан айырылдым,
Тәкаппарлық етем деп, қанатымнан қайрылдым.
«Ұлымын» деп өзімді, ұлтан бола жаздадым,
Мен де бірі екенмін қатардағы жай ұлдың.
Ей, табиғат, еркелеткен көп ұлыңның бірі едім,
Көкірегі – күй мен күмбір, тұла бойы жыр едім.
Саған деген ынтызарым бір басылмай қойды ғой,
Қалай ғана мамыражай кірпігімді ілемін.
Сынайсың ба, кел маған сүрінгенде,
Досың кетіп, дұшпаның түңілгенде?
Кім болсаң да көтерем сеніменен,
Саған түскен тағдырдың жүгін мен де.
Тойым жоқ-ау бұл шіркін көңілге де,
Сонша жомарт болды екен өмір неге.
Алтын тапсақ, кетеміз айырбастап,
Қолаға да, мысқа да, темірге де.
Сыбызғы сырлы көктемім,
Сылқылдап күліп жеттің бе?
Селдете құйып кеткенің,
Сағыныш жасын төктің бе?
Жасанды бола алмадым,
Қасанды бола алмадым.
Аяқтан мені шалғанды,
Аяқтан шала алмадым.
Оқушым, көптен бері кезікпедік,
Демеңдер талантына сезікті едік.
Өзге үшін болса дағы өлең үшін,
Мен де әдет болған емес ежіктерлік.
Сенімді дос құм етсе жігерімді,
Қан ағызып тістермін бұл ерінді.
Амал қанша, таба боп дұшпаныма,
Еңсем түсіп, білемін, жүрерімді.
Сыртымнан кесек атпаңдар,
Сыртымнан мені сатпаңдар.
Жан болсам жұртқа жағымсыз,
Көзімше ғана даттаңдар.
Құмар деме біреуді жылатуға,
Жұбатуға дайынмын, сұра, тума.
Әуестігім тағы жоқ, әлсіреген,
Дұшпан екеш дұшпанды құлатуға.
Қызықсың-ау, ақындар, қызықсың-ау,
Қызып кетсең, қияңқы, бұзықсың-ау.
Бірақ, қимай жауды да жамандыққа,
Шақырасың арамды адамдыққа.
Ақындардың айнасы – жалтылдаған жанарлар,
Сенбесеңдер – өмірге ақын болып қараңдар.
Қараңдаршы, әнекей, ана көздің сырларын,
Сыршыл бол да, қанекей, соны барып тыңдағын.
Көргенімнен көп екен көрмегенім,
Күйкі тірлік, көңілімді бөлме менің.
Сезім бермей, көз беріп тірлігіңде,
Менен өзге аз ба еді жерлегенің?
Ақынмын жаны бір тылсым,
Өзім де кейде түсінбен.
Жаза алмай жанның қыртысын,
Жалындап жүрем ішімнен.
Өтіпті жылдар, ұмыт та болған секілді,
Ең алғаш сені көргенім гүлдей шағыңда.
Қалқалап сонда алқызыл арай бетіңді,
Дірілдеп қана тұрып ең үнсіз жанымда.
Тәтті күндер тербеткен бесігінде?
Тебіренбеймін мен неге өмір жайлы.
Өкініш те тиіпті несібеме,
Өмір – бақыт, қуаныш, өмір – қайғы.
Толғана берем, толғану үшін жаралғам,
Толғанту үшін жеткізбей кеткен сан арман.
Үмітті үрлеп жылт еткен түнгі оттардай,
Тәтті екен күндер қиялға қайта оралған.
Бой түзеп жапан далада,
Қайындай жалғыз сыңсыған.
Мен кейде жеке қалам да,
Ойлардан ойға тұншығам.
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Салтанат Айдарбекова
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі