Өлең, жыр, ақындар


Алпыс терек,
Адамға керек,
Алпыс теректің бәрі-ұя,
Тұрған жері - қия.

Алпыс басты киіз үй



Бір топ құс бір қалбада арқандаулы,
Ол құстың қол-аяғы бәрі баулы.
Ішінде бірақ сұңқар, басшысы бар,
Болыпты сол сұңқарменен бәрі даулы.

Киіз үй, уық, шаңырақ



Дәудің іші өртеніп,
Көзінен бу шықты.

От жағылған киіз үй



Айуанға екі қолын артып тұрған,
Белбеуін екі жерден тартып тұрған.
Алдына не тастаса соны жалмай,
Заһарын төбесіне шашып тұрған.

Киіз үй



Буын-буын қалтада,
Буы шыққан насыбай.
Мұны тапқан кісінің,
Жүз жиырма жасы бар.
Құлындары құла ала,
Құлақтары кез ала.

Киіз үй



Бір құс бар қанат жайса дөп-дөңгелек,
Адамнан ешқашанда жүрмес бөлек.
Ұшса да, қонса-дағы еркі адамда,
Жатасың ыстық болса көлеңкелеп.

Киіз үй



Қарыптары каф-дыр білсең оны,
Қанаттары қатар жатар жаны.
Сүйегі толып жатыр пара-пара,
Терісін сыдырып алса, шықпас қаны.

Киіз үй



Апан-апанды көрдім,
Жаман шапанды көрдім,
Алпыс аяқтыны көрдім,
Адам жұтқанды көрдім.

Киіз үй



Бар екен бір мақұлық қаны қашқан,
Сақылдап адам келсе аузын ашқан.
Болғанда отыз омыртқа, қырық қабырға,
Мұны тапқан адамның ақылы асқан.

Киіз үй



Айдалада атамның үлкен тақиясы түсіп қалыпты.

Киіз үй



Тұрады жетпіс кемпір жерді басып,
Баласын арқасына арқаласып,
Рахмет ол баланың атасына,
Баласын бағып отыр қолмен басып.

Киіз үй



Ол не екен аузы үңгірдей, қырық қолы,
Адамды тірі жұтты көрдік оны.
Терісін сыпырып ал, тамбас қаны,
Сүйегі салдырап тұр, жоқ қой жаны.

Киіз үй



Бұғы-бұғы ұзын,
Бұғыдан да бойы ұзын,
Алтын қошқар мүйізі
Аба киік терісі.

Киіз үй



Бір нәрсе өзі берік, іші қуыс,
Ол заттың сүйегі көп айқыш-ұйқыш.
Көзі бар жарқыраған төбесінде,
Жайса үлкен, жиналғанда бір-ақ уыс.

Киіз үй



Ауып едім,
Ептедім, септедім,
Қара жерді түптедім.

Киіз үй



Ұрса жаны шықпайды,
Сойса қаны шықпайды.
Терісін сыдырып алса,
Тырысып-тырысып қалады.

Киіз үй



Өзі жүкті,
Сырты түкті.

Киіз үй



Дүниеде бір айдаһар білесің бе,
Жаны жоқ қимылдауға денесінде.
Қшінде сүйектері бақша-бақша,
Жарқылдар жалғыз көзі төбесінде.

Киіз үй



Төрт қарны бар,
Бір аузы бар.

Үй



Басы жоқ төрт аяқты жансыз бір зат,
Құлағы жоқ, көзі жоқ бейне ол ат.
Жүк артсаң белі тағы майыспайды,
Құйрық-жалсыз ол неткен меңіреу зат?

Үстел