Төрт аяғы бар,
Артқы аяқтарының тұяғы бар.
Сирағы темірден,
Тұяғы болаттан.
Май ішеді бензиннен,
Бұл не деген жануар?
Денесі ирек-ирек жалғыз тісті,
Бір өзі бітіреді сонша істі.
Тісіне қанша салмақ салса-дағы,
Созылғыш, әрі сынбас, әрі күшті.
Қара азбан дем алыс жоқ бақырады,
Қолы көп сансыз саусақ батырады.
Тісімен қара жерді быт-шыт қылып,
Жер үстін борандатып шарқ ұрады.
Қара атан тынбай жүріп ақырады,
Артынан ертіп алып төрт-бес жанды.
Қыртысын қара жердің қақ айырар,
Күшті де көріп пе едің мұндайларды?
Салалы саусағы бар сабақ тарақ,
Тықпалап біреуіне бірін таяп.
Былғаныш қара күйе қарны айналып,
Текшелеп жиып береді сандықтай-ақ.
Шың, етсе шыңқылдайды әлек-шәлек,
Жыбыр-жыбыр шимайы бөлек-бөлек.
Шырай беріп шимайы барлық жанға.
Несі барын білмеймін көз телміреді.
Бір үйде бір құс отыр мекен еткен,
Он жігіт кезек-кезек қызмет еткен.
Қолына қалам алмай хат жазады,
Келіп тұр түрлі әріп әрбір шеттен.
Жоқ даусы, жоқ сөзі,
Жарқырайды көп көзі.
Жолыңды ашып тұрады,
Бұйрығын жұрт ұғады.
Төбесі сымға тимесе,
Ол ешқашан жүре алмас.
Өз иесі басқармаса ,
Оны ешкім бұра алмас.
Жүйіткіген дәу үйінде,
Жүйрік деп ел сүйінді.
Тас жолда жұртты тасып жүр,
Жылдамдыққа басып жүр.
Тау басында кібіт көрдім,
Оны ашатын кілт көрдім.
Екі басты жүйрік-ті,
Ортасына мініп көрдім.
Кеудесінде жаны жоқ,
Тамырында қаны жоқ.
Май жейді,
Су ішеді.
Бір жануар домаланған екі көзді,
Адамның ықпалымен жүреді өзі.
Сияды ішіне оның төрт-бес кісі,
Жарқырап түнде жортса екі көзі.
Төрт аяқты, екі көзді,
Өзі жансыз жүреді.
От пен майдан жемі бар,
Құрыш болат жүрегі.
Жаһанда бір жолаушы аузын ашып,
Аяғын келе жатыр жылдам басып.
Жарқырап маңдайында екі көзі,
Қлезде жеткізеді жерге қашық.
Ақырып айқай салар аузын ашып,
Жеп қояр деп ойлама үркіп, сасып,
Адымы бір күншілік жерді басқан,
Жолынан жан мақұлық тұрар қашып.
Жүйрік бар жер бетімен самғайтұғын,
Жол салса жері бар ма бармайтұғын?
Аяғын жазды күні жерге баспай,
Қыста да қар үстінде талмайтұғын.
Соңына ертіп алған серігі көп,
Зымырай бірге ілесіп қалмайтұғын.
Жануар су ішсе де шөп жемейді,
Шын жүйрік шабысынан танбайтұғын.
Ұзын-ұзын жолы бар,
Жолмен жүред жануар.
Дауысы зор әндетсе,
Денесі болат жануар.
Өзі жүрсе ертеді,
Жолдасын бастап жануар.
Ойланып мен жұмбақты енді жазам,
Дүниеде бар бір күшті қара қазан,
Үстіне жанды-жансыз толған мүлік ,
Ән салып кетіп жатыр азан-қазан.
Қара нар қатарынан бір озбаған,
Боз інген ботасы жоқ құр боздаған.
Қызыл ат желмей, жортпай алысқа ұзап,
Аяғын анда-санда бір қозғаған.
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі