Бір керуен қатарында өңшең түйе,
Аузынан жалын шығар қара күйе,
Жүрмейді ұрса-дағы басқалары,
Бәріне жалғыз бура болған ие.
Бар екен бір нақты зат түсі қара,
Сүйрейді неше мың пұт іліп ала.
Болғанмен жүгі ауыр, жүрісі тың,
Таңданады көрген жандар тамашаға.
Топтанып келе жатыр қара қабан,
Ойлаған жерлеріне тынбай барған.
Аузынан қара көбік бұрқ-бұрқ шығып,
Болдырып шаршамайтын сондай айуан.
Дүниеде бір жүйрік бар,
Жалғыз көзі жайнаған.
Мың кісі сансыз темірді
Арқасына байлаған.
Дем алмастан бақырып,
Жердің жүзін шарлаған.
Тау-тасты қопарып,
Мұрнынан лебі парлаған.
Жоқ оның моторыда, қанаты да,
Сонда да ұшқыштардың санатында.
Бір қалта бар қабат-қабат,
Айналасына жұрт таң қалад.
Көктен жерге лақтырсаң да,
Алып түсер сау-саламат.
Пырылдар көкте инелік,
Инелік емес үй делік.
Бар екен үлкен жорға қайқаңдаған,
Тұяғы жерге тимес тайпалмаған,
Сағатта мың шақырым жерге барып,
Көңілін еш пенденің қайтармаған.
Бір балық көк жолында еткен сайран,
Дамылды көрінеді келді қайдан .
Аузына бір шабақты тістеп алып,
Деп айтар жата алмаймын тапсаң ойлан.
Заулайды қайда барса ізі түспес,
Мақсаты-тигізем деу көпке пайдам.
Бұл жалғанда жаны бар,
Міндім қайық.
Көз көрімге кетеді болып ғайып.
Әне кетті өзі,
Көрінбейді ізі,
Кімнің күші,
Кімнің ісі?
Бір қыран аспанда ұшып қалықтаған,
Күндіз-түн жердің жүзін шарықтаған.
Қанаты ағаш, кеудесі темір болат,
Ұшса да қанша алысқа талықпаған.
Бір жайын көк жүзінде еткен сайран,
Көргендер қызметіне болар қайран,
Зымырай зулағанда ізі түспес,
Қайткенде тиеді деп көпке пайдам.
Құс сияқты, құс емес,
Самғап ұшқан биікке.
Қанаты бар қақпайды,
Жүрсе де сондай биікте.
Қанаты бар, жаны жоқ,
Табаны бар, аяғы жоқ.
Өзі ұшады, аспанда жүреді,
Теңізден де, таудан да өтеді.
Құмды жиған —
Тұмсығы диван.
Қызыл ішек
Дөңгелек сайда жатыр.
Ақ шәйнек,
Бұрқылдап қайнап жатыр.
Құрама темір,
Қолқабысы көп—
Ғұлама темір.
Өзеннің қос жағасын,
Жалғастырған жол жатыр,
Тура өтіп шығасың,
Су кештірмес қол шатыр.
Жазда айдында жүзеді,
Қыста үмітін үзеді.
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі