Өлең, жыр, ақындар


Үсті тақтай, асты тақтай,
Балалары ойнайды,
Барып тоқтамай қоймайды.

Паром



Тарыға торғай қонса сақпан біледі,
Түлкіні түнде жорытқан қақпан біледі.
Бір жұмбақ мен айтайын сіз тыңдаңыз,
Ат құсап шалқасынан жатқан біледі.

Қайық



Тап-тап, табаны ақ,
Табаны жалпақ қоян ақ.
Басып кетсе ізі жоқ,
Бауыздаса қаны жоқ.

Қайық



Тоғайда туып, суда өмір сүреді.

Қайық



Бар екен екі басты бір мақұлық,
Жүреді аяғы жоқ ырғатылып.
Жаз болса сары қымыз сапырулы,
Қасығын бір шығарып,бір батырып.

Қайық



Екі басты белі бар, омыртқа жоқ,
Сүбелік бүйрегі бар, қабыртқа жоқ.
Жүргенде құс табаны жерге тимес,
Бақай, тірсек, толарсақ, тобық та жоқ.

Қайық



Сойсаң қаны жоқ,
Жеуге еті жоқ.

Қайық



Шапсаң жаңқасы жоқ,
Жүрсең ізі жоқ,
Кессең қаны жоқ.

Қайық



Адам істеп шығарған бір жануар,
Құрғақ жерде жаны жоқ,суда болар,
Жаз болса күні-түні су ішінде,
Бұл не еткен жануар табыңыздар.

Қайық



Тап-тап,тап басқа,
Табаны жалпақ көк қасқа,
Үйірге салсаң кісінемес,
Шөптің басын тістемес.

Қайық



Бір нәрсе өзі жансыз ырғытылып,
Өзінің аяғы жоқ бір мақұлық.
Жаз болса көк шалапты сапырады,
Шөмішін бір шығарып, бір батырып.

Қайық



Бір заттың салмағы ауыр сансыз тонна,
Ұстаған емес оны ешкім қолға.
Пайдасы барлық заттан артығырақ,
Сәнменен кере тартып жатар жолда

Рельс



Бір жолда екеуі жарысады,
Бір-бірінен оза алмай алысады.

Темір жол



Бір қырман ұп-ұзын қып қойдым шауып,
Помощқа елдің көбін қойдым жауып,
Аспанда бұрқырады,топан ұшты,
Алмады жалғыз дәнді адам тауып.

Қара жол



Адамзаттың баласы,
Менсіз кәсіп қылмас та,
Басымды мен көтерсем,
Аспан көкке жетермін.

Қара жол



Жусаннан аласа, таудан биік.

Жол



Ұзын-ұзын, ұзын жіп,
Ұшы қайдан табылар?

Жол



Ұзын-ұзын ұз келер,
Ұзын бойлы қыз келер.

Жол



Ұзын терек,
Саясы жоқ.

Жол



Екі бөліп жотаны,
Сұлап жатқан семсердей.
Тас қайрақтай табаны,
Жатады бір теңселмей,
Құмырсқадай қаптап жай,
Машиналар мың қилы,
Тізбектеліп тоқтамай,
Үстіменен сырғиды.

Жол


Пікірлер