Шаруашылық құралдары туралы жұмбақтар – 3-бет

Соңғы жұмбақтар


Қараңғы үйде қабан күркірейді.

Диірмен


Аждаһа дию көрдім аузын ашқан,
Келгенде жем жерінде қарсыласқан,
Мінеді ағаш атқа темір қамшы,
Көр қазір қатты жүрсе тозаң шашқан

Диірмен


Ұзын-ұзын қос таяқ,
Өрмелейміз ұстап ап,
Келте-келте көп таяқ.

Саты


Өзінің жалғыз аузы бар,
Лебімен от шайнайды,
Гүрілдеп демін алғанда
Алтын ұшқын ойнайды.
Ағаштан күйген ас жейді,
Адамның қолы тигенде
Еңсеріле дем алып,
Кезек-кезек үрпейді.

Көрік


Бар екен бір айдаһар аузын ашқан,
Көргенде адам пенде заһар шашқан.
Кетеді ашуланса таудай болып,
Қайнатып қара тасты ашу басқан.

Көрік


Жалғыз тіс, екі қолы, қос құлағы,
Бар екен барлығының ынтымағы,
Иесі ашуланып айдаса оны,
Бұрқырап бөтен жерден жол салады.

Бұрғы


Керегенің басында кетпен құйрық,
Кесіп алса таусылмас кепкен құйрық.

Қайрақ


Бір қарыс қана бойы бар,
Әр нәрсеге айналса,
Аламын деген ойы бар.
Тізіліп тұрған тісі бар,
Бір ағаш бар мұртында,
Тістің бәрі сыртында.

Егеу


Екі адам аға-іні, ағайынды,
Бірі үлкен, бірі кіші бар айыбы,
Дос-жаран ағасы ұстап, інісі ұрып,
Қанын шашты, айтбады қояйын да.

Төс, балға, қызған темір


Базардан сатып алған боз арғымақ,
Белінде тартпасы бар будақ-будақ,
Басын артып, шылауын тартып қалсаң,
Кетеді жануарым зулап-зулап.

Шарық


Қу тізе қу ағашқа құндақтаймын,
Аузымда сегіз тісім жылмақтаймын,
Бірін мініп, біреуін қыстап алып,
Үстінде анда-мында ырғақтаймын.

Талқы


Үй артында жауыр бұқа.

Тез


Тәует бауыр,
Бота тірсек.

Тез


Үй артында бүкір терек,
Күресуге кісі керек.

Тез


Болғанда жалпақ табан, жалғыз тісі,
Қолында адамзаттың барлық күші,
Үстінен бірер қабат жүріп кетсе,
Нәрсенің астындағы кірер түсі.

Сүргі


Ыстықты да ұстайды,
Суықты да ұстайды,
Егер бұйрық болмаса,
Еш нәрсені қыспайды.

Қысқаш, кемпірауыз


Тістегені түспейді,
Отқа салсаң піспейді.

Қысқаш, кемпірауыз


Кішкене ғана келіншек,
Төбесінде түйіншек.

Шеге


Жансыз жарады,
Жанды ұрады.

Балта


Тоғайға барса ауылға қараған,
Ауылға қайтса тоғайға қараған.

Балта


Бір итім бар қабаған,
Маңдайына темір жамаған.

Шапашот


Жетпіс аяқ бауырында,
Екі қолы жауырында,
Тындырады істі ол,
Жеңілін де, ауырын да.

Ағаш кесетін үлкен ара


Тізіле өскен тісі бар,
Көп істеген ісі бар.

Қол ара


Қаңылтыр қара мейіз, мыстан шеге,
Келбеті бұл жұмбақтың келер неге?

Темір ара


Бас аяғы теп-тегіс боп біткен,
Селкілдесе денесі дір-дір еткен.
Өзіне қандай жуан кез келсе де,
Күшімен қақ айырып бөліп кеткен.

Темір ара


Елу аяқты,
Екі қолды.
Салады елу аяқпен
Жалғыз жолды.

Ара


Басы жоқ, екі беті, тісі бар,
Қақ бөлер бөренені күші бар.

Ара


Тісі көп, аузы жоқ.

Ара


Көк өгізім көл жапырып бара жатыр.

Орақ


Өзі бүкір,
Бүтін қырды таусады,
Қырдан қайтып,
Үйде бір жыл жатады.

Орақ


Ұзын-ұзын із кетті,
Ұзын бойлы қыз кетті,
Қабырғасы қалт етті,
Омыртқасы жалт етті.

Шалғының шөп шабуы


Жаһанда бір айдаһар иір тілді,
Серуендеп сахараға серуен құрды.
Нақақтан өз басына пайдасы жоқ,
Алдына бет келгеннің бәрін қырды.

Шалғы


Жалғанда бір нәрсе бар боз құнандай,
Өзінің ұзындығы оқ жыландай.
Жапырып шөпті бұзып кетеді екен,
Өзінен кейінгіге жол қылғандай.

Шалғы


Алдын ойпар,
Жанын жайпар.

Шалғы

Жұмбақ бөлімдері мен түрлері

Жұмбақ жауабымен: балаларға, логикалық, қызықты және тақырыптық бөлімдер.