Ал ұшайық
Көртышқанның қылығына налыдың,
Жамап алдың жүрегіңе тағы мұң.
Оның түнек кеудесінен жалғанның,
Іздеп әуре болмай- ақ қой жарығын.
Мен бе екем ұға алмайтын сөз қадірін,
Білемін сөздің мен де заттанарын.
Ендеше осы жырды жазған бүгін,
Жүрекке сақта, жаным.
Тозаңдай ем... қара тас боп бекідім,
Тастар мендей жаралады тозаңнан.
Көлік-тірлік жүргіземін тетігін,
Шаршағаным сезіліп сәл жанардан.
Тақ мініп шың мен құзынан,
Қағатын кездей қанатын.
Қанаттыларға қызығам,
Жерден көтеріле алатын.
Тойға бара жатқандай тым сәндене,
(Күн иегін бүкір дөңге сүйепті).
Көкжиектер көйлек киіп алды, әне,
Күлгін түсті, етегі қызыл жиекті.
Жусан жұлдым желге ырғалып қылқиған,
Ат тұяғының мың-сан дүбірі қиқулап.
Қойтастарға да, обаларға да,
Запырандай ащы күй тұнған.
Батысты біреу «мәдениеттің қақпасы» деді,
Сол қақпадан енуден сақтасын.
Батыстың саталақ бояудан баттасқан өңін,
Қызықтап, көзімді сатпаспын.
Түйелер шөккен төбелер менікі,
Қарсақ қашқан құмдар менікі.
Талыстай белдер менікі,
Күмістей көлдер менікі.
Ғұнның мын-сан найзасындай,
Күннің инесі жерге шаншылды.
Таң құшағын жайғанда бай,
Шөпке қондырдым шық қылып тамшымды.
Әлдекімдер мені тіпті жаңқа құрлы көрмеді,
Әлдекімдер құрақ ұшып орнын берді төрдегі.
Әлдекімдер садақ тартты сыртымнан,
Ал мен бірақ өлмедім.
Жарығымды деймін жалғыз, жартымен бөліссем,
Нұрменен егіз жанымда менің жарық көп.
Жанына бірдің ондық шамдай боп төгілсем,
Мыңдарды мейлі тастамасам да қарық қып.
Мен өзенді айна қылдым,
Бір періште жанары алаң.
Шағылыстырып Айға нұрын,
Айнасынан қарады маған.
Күннің алтын инелері төбеме қадалды,
Ақ торғын шаңың демімді тұншықтырды.
Сонда дағы сүйемін, даламды,
Моншақ сыйлағаның үшін мың шықтан түрлі.
Жарығымды талай жарықсыз жанға туралап,
Адастым білем көз байланатын іңірде.
Сәулемді іздеп, жүректерге кіріп сыналап,
Жоғымды таппай, сонда да мүлдем түңілмей.
Алты айшылық жолдан ассын деп,
Уақыт мені асықтырмады.
Жаттан жиреніп, жанына қашсын деп,
Жақындатпады қашықтың бәрі.
Жатқанда қырқа гүлдеп, арша гүлдеп,
Ән салдың әуелетіп, «Аршалым» деп.
Жете алмай әуеніңе талдым, қалқам,
Жете алмай қалған менің аңсарым көп.
Шыр айналып жанымда шарқ ұрған,
Көрсеқызар біреу ме ең барып тұрған.
Кінә артпайын, көз алмай қарады – деп,
Сәулем шығар көзіңді қарықтырған.
Қобызымды кеште сарнаттым,
Халқымның мұңын паш қылған.
Сыңғырлаған сауытындай сарматтың,
Сарыала саф алтынды жапсырған.
Қара тасқа таңбаланып қашалған,
Айдан анық ақиқат бар Алашта.
«Дөңгеленіп Күн батқанда – деді анам, –
Ұйықтама, күрең Күнмен таласпа!».
Жөңкіліп жүрегінде жыр аунаған,
Түсіме кірді бүгін жырау бабам.
О дүниеге көшкен-ді Көктегі ана,
Қайтқан құсқа ілесіп тыраулаған.
Мен тауларға қарадым,
Одан да шыңдай биік сені көрдім.
Ойларымды ормандай тарадым,
Ойыма да қосылып өріле бердің.
Бір пайғамбар бір өзі,
Таусылмайтын жыр өзі.
Ел аузында - бір аңыз,
Фаризаның мінезі,
Жаңбырыма шомылған дәптерім-ау
Шам боп, түнге жағылған сәттерім-ау!
Жырымды оқып, баға берген – текті елім-ау,
Жасын боп, түстім, бүгін!!!
Қуанышыма гүл шаштың ба екен,
Ақық, маржаннан жыр шаштың ба екен?
Сенімен нәзік сырластым ба екен,
Пәкизә көркемім!
Ғажайыптардың мекенін бетке алғанда,
Лала-раушан гул жол қарап.
Ғайыптан келген қуаныш жүрек жарғанда
Боласың, сұлу, таңнан ақ!!!
Сен қандай ұлықсың!
Сен деп ем, бақ гүлдеді,
Мендегі шоқтың демі –
Жылытар, күллі әлемді
Теңіз астын тұншығып, мың шарлағам,
Тар болып, жер-шар маған.
Әлемнен бір сый алдым, ханша алмаған,
Күн болдм бүгін!
Күннің күлкісінен тамып түстің бе?
Кемпірқосақтан жарып түстің бе?
Әлемді оятқан – алып күшсің бе,
Найзағайдай – поэзиям менің!
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Салтанат Айдарбекова
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі