Киіз үй және оның жабдықтары туралы жұмбақтар – 2-бет


Көзі көп қабырға,
Білінбес жамауы.
Тұмсығын шатырға,
Тығады сабауы,
Байланар ақырға,
Бұйдалы танауы.

Киіз үй


Айқайлаған жау келсе,
Айыр сақал атам тоқтатады.

Бақан


Есікте екеу отыр өлемін деп,
Төрде төртеу отыр төремін деп,
Ортада біреу отыр көмемін деп.

Босаға, кебеже, құман


Жүруге аяғымен ерінеді,
Нәрсеге өз-өзінен телінеді.
Адамға қашан болса пайдасы бар,
Бір мезгіл жарық болып көрінеді.

Терезе, әйнек


Біреу екен анасы,
Жиырма бес баласы.
Іс жағына қарасаң,
Қан шаһардың қаласы,
Маңдайында ағы бар,
Түрлі қажет табылар.
Түгел екен тұрманы,
Керек жағы тағы бар.

Үйдің іші, тамағы


Жансызда бір нәрсе бар формалданған,
Аузын кейде ашып, кейде жұмған,
Ішінен жылтыраған мөлдір көзі,
Өмірде ұйықтамайды бұл не қылған?

Үй, әйнек ,есік


Екі басы жұмырықтай,
Ортасы қылдырықтай.

Тұтқа


Есік ашады,
Есіктің артына қашады.

Топса


Күндіз салбырап тұрады,
Түнде тесігін табады.

Есік ілгіш


Жол бермес жүрейін деп жалынсаң да,
Естімес айтқан сөзді бағынсаң да,
Қақпақты қаққан қазық иір тұмсық,
Ешқандай жақындамас бөтен жанға.

Кілт


Алыстан қаңғыр-күңгір,
Жақыннан бұрау темір.

Кілт


Шырт-шырт етеді,
Шыртылдап барып, кіріп кетеді.

Кілт


Жоғарыдан айдаған,
Белін берік байлаған.
Сидам құлға жолықсаң,
Өз еркіне қоймаған.

Кілт


Шешесі үйде қалады,
Баласы кісіге ереді.

Құлып, кілт


Ә, керемет, бір ит бар,
Үй бағады, үрмейді,
Аяғы жоқ, жүрмейді,
Көмейіне тықсаң, сөйлейді,
Тілін адам білмейді,
Ұрықсатсыз ол иттен,
Адам үйге кірмейді.

Құлып


Жолда бір бұзау өліп жатыр,
Аузына қолын тықса, күліп жатыр.

Құлып


Қаппайды, шаппайды,
Үйіңді қорғайды.

Құлып


Аяғы жоқ жүрмейді,
Үй бағады, үрмейді.

Құлып


Аузын ашсаң,
Өкпесі көрінеді.

Есік пен от


Арыстан аузын ашса, арс етеді,
Таңдайы жұтып қалса, тарс етеді.
Омыртқасы тұтас та қабырға жоқ ,
Екі көзі маңдайында жарқ етеді.

Есіктің ашылып, жабылуы


Үлкен өгіз бар,
Жалғыз көзі бар.

Там үй, оның есігі


Қызыл сиырымның жоны жалпақ.

Есік


Көк итім қабаған,
Артына киіз жамаған.

Киіз есік


Күндіз сырп-сырп,
Түнде жым-жырт.

Есік


Мекені жол үстінде тұрар жері,
Бар екен алты жерде қаққан зері ,
Қандайлық қызметті атқарады,
Адаммен бірге жүрер әрі-бері.

Есік


Әрі лап-лап, бері лап-лап,
Қанша үлкен болса да,
Орнына келер жапсақ.

Есік


Адам кірсе ашылады,
Сыртқа шықса жабылады.

Есік


Дүниеде бір нәрсе бар өзі жансыз,
Жоқ оны ұрмайтұғын адамзатта.

Есік


Ұзын, ұзын, ұздар-ай,
Ұзын бойлы қыздар-ай.
Бізді құдай айдады,
Белімізден байлады,
Тірідей сорым қайнады.

Ши


Баяғыда бай едім,
Ақ сақалды шал едім.
Мұнда келіп сондай болдым,
Қысылған қындай болдым.

Ши


Мен елімде дегендім,
Жирен атты бек едім,
Елімнен келіп мұндай болдым,
Белімді байлаған құлдай болдым,
Тонымды жырттырдым,
Сақалымды қырықтырдым.

Ши


Әуелінде шөп едім,
Жерге өскен көк едім.
Қолға түстім, ойылдым,
Он жерімнен буылдым.

Ши


Өз елімде бек едім,
Желкілдеген жек едім.
Келдім де қыспаққа түстім,
Отыз екі тұзаққа түстім.

Тоқыған ши


Үй үстінде төрт шыбық,
Төртеуі де тең шыбық.

Түндіктің төрт бауы


Ана ауылдың қойларының бәрі ала аяқ.

Уық бау


Үй айнала қан төктім.

Басқұр


Ала күшік үй айнала жүгіреді,
Екі басы ішке кіреді.

Басқұр


Үйде бір жұдырық,
Сыртта бір жұдырық.

Керегенің көгі


Артыңда әкең жұдырығын түйіп тұр.

Керегенің көгі


Үйдің іші толған мыс кене.

Керегенің көгі

Жұмбақ бөлімдері мен түрлері

Жұмбақ жауабымен: балаларға, логикалық, қызықты және тақырыптық бөлімдер.