Техника, көлік, шеберхана құралдары туралы жұмбақтар – 4-бет


Қос жағы бар,
Бір сабы бар.
Бассаң тілін,
Сарт етіп жабылар.

Қақпан


Сояудай әр тырнағы,
Шөпті жияр қырдағы.

Тырма


Басы — қылыш нұсқасы,
Сабында бар тұтқасы.

Шалғы


Қылышты өткір шайқадым,
Қырдың шашын жайпадым.

Шалғы


Көп-ақ тісі,
Күні бойы шөп жесе де
Шықпайды іші.

Орақ


Айға ұқсас түрі бар,
Қатар өскен бірі бар.

Орақ


Алақандай жоным бар,
Үстіне сап соғыңдар,
Жалыннан ап шалқыған,
Сом темірді балқыған.

Теміртөс


Қалпақты шымырды,
Төбесінен ұрады.
Түзетуге қыңырды,
Дәйім дайын тұрады.

Балға


Басы — құрыш,
Сабы — шырыш.

Балға


Үшкір қазық,
Дөңгелек қалпақты,
Біріктірер бөлекті.

Шеге


Аяғы үшкір,
Басы доғал.
Ұрсаң шөгеді,
Ұрмасаң обал.

Шеге


Есіктегі құлыпқа,
Ұя жасау — өнерім.
Шаңырақтан уыққа
Үңгір қазып беремін.

Қашау


Болат түкті,
Көсеу мықты.
Тозаңдатып,
Темірді үкті.

Егеу


Кедір-бұдыр тақтайды,
Тегістейді тілімен,
Жеген асын татпайды,
Шығар желке Түбінен.

Сүргі


Табанында тілі,
Жалап өткен жерінің,
Болмайды міні.

Сүргі


Сабы бар жұмыр,
Еріні мықты.
Шегені шымыр,
Суырып шықты.

Кемпірауыз


Мойны жар бермей,
Желкеден қыса бастайды,
Жөнге жүрместі,
Сереңдетіп жұлып тастайды.

Кемпірауыз


Күші білінбес жүзінен,
Қақ бөлінер әйнегің,
Сызып өткен ізінен.

Алмас


Ағаш көрсе қышынар,
Сояу-сояу тісі бар.

Ара


Маржан тісі ақсиып,
Ызылдап ән шырқады.
Көк тіреген қақшиып,
Қарағайды қырқады.

Ара


Қарасаң,
Жай зат сияқты күші кем,
Бірақ та,
Бүтінді қақ бөледі тісімен.

Ара


Екі тас беттескен,
Жұтады бидайды.
Бір дәнін Бірақта,
Жеуге өзі қимайды.
Майдалап қайтадан,
Адамға сыйлайды.

Диірмен


Орнатылған шығырға,
Қанаты бір талмайды.
Тұрғанымен тұғырда,
Жел соңынан қалмайды,
Айналады зырылдап,
Жанармайсыз бірақта.
Күні бойы шырылдап,
Ұша алмайды жыраққа.

Жел диірмен


Құс ұясы секілді,
Үйшігі бар биікте.
Өрілген қос кекілді,
Тұрар мойын иіп те.

Кран


Үш көзді батыр,
Жолды аңдып жатыр.

Бағдаршам


Бірнеше тармақты,
Лақтырсаң қармақты.
Жүздірмей тастайды,
Кемені салмақты.

Зәкір


Шымыр білек қайыспай,
Көтергенде ауыр жүк,
Тік тұрады майыспай.

Домкрат


Төбесінде кіндігі,
Жалғанған желіге.
Қабырғада күндігі,
Нұр шашқан төріне.

Троллейбус


Қатар жатқан қос білек,
Үстінен келер күш үдеп.

Теміржол


Жер асты даңғылы,
Көлігінің зулаған,
Естіледі саңқылы.

Метро


Әкемнің тор тайы,
Май жалап, су ішсе,
Тоқтамай жортады.

Машина


Жер қатпарын қашайды,
Тау да,
Сай да жасайды.
Қыршылдатып тістерін,
Топырақты асайды.

Экскаватор


Жылжымалы баспалдақ,
Сатыларын бассаң нақ,
Не жоғары, не төмен,
Сырғимын да жетем мен,
Көзді жұмып, ашқанша-ақ.

Эскалатор


Көктен көзін алмайды,
Ғарыш сырын барлайды.

Телескоп


Тоққа қоссаң зырылдайды,
Бір бағыттан бұрылмайды.
Жуан жұмыр темірді,
Қырнап, жонып кемірді,
Өлшеп берсең кеседі,
Керек етсең теседі,
Артық болса қашайды,
Қажет тетік жасайды.

Станок


Тақылдатып таңдайды,
Егінді тез жалмайды.
Дәнін берер тазалап,
Өзі түкте алмайды.

Комбайн


Құстан аумайды,
Көкте заулайды.

Ұшақ


Қатар, қатар, қаздай-ды,
Нар түйеше боздайды.

Телеграф бағанасы


Түйесі қатар-қатар бір озбайды,
Ішінде ботасы жоқ құр боздайды,
``Шөк`` деп қап бұйдасынан сілкіп қалсаң,
Не түрлі жаңалықтан сөз қозғайды.

Телеграф бағанасы


Қатар-қатар жігіттер,
Қарасаң қайда міні бар,
Бір-біріне ұштасқан,
Арасында қылы бар,
Ешбір тамақ ішпейді,
Қолдарында шыны бар.

Телеграф бағанасы

Жұмбақ бөлімдері мен түрлері

Жұмбақ жауабымен: балаларға, логикалық, қызықты және тақырыптық бөлімдер.