Сайда тұрған қу ағаш
Тармақтарын бұрасаң,
Жер шарымен шамалас.
Бір жылан жердің жүзін орап жатқан,
Сұрасаң сөз айтады бір тараптан.
Ау, жаным, тапқын мұны көп ойламай,
Шығады деп айтып тұрмын көңіл шаттан.
Атсыз, жансыз бір нәрсе жаяу жүрген,
Қарына неше жерден шоқтар ілген.
Әрі атсыз,әрі жансыз болса-дағы,
Халықтың неше түрлі тілін білген.
Білмеймін аяқтарын неше мыңнан,
Бір нәрсе арқасында жалғыз қылдан.
Өзінің иелері әмір қылса,
Жер жүзін бір сағатта сайран қылған.
Алыстан хабар алған,
Айтқан сөз жазылған.
Қаз қатар қатарынан бір озбайды,
Аяғын анда-санда бір қозғайды.
Бозінген желіп кетсе желден жүйрік,
Жоқ оның ботақаны құр боздайды.
Қатар-қатар қоздаған,
Бірінен-бірі озбаған.
Ботасы өлген інгендей,
Аңырап тұрып боздаған.
Жапанда біткен көп ағаш,
Көгермейтін қу ағаш,
Асты топырақ, үсті тас,
Бір бұтағына қарасаң,
Петербормен шамалас.
Бір бұтағына қарасаң,
Бұқарамен аралас.
Жаны жоқ десең жырламас,
Жаны жоқ деп біреуін,
Қылышпен ұрсаң қанамас.
Жел жұтады бүйірінен,
Қақалуды білмейді,
Құлағынан май құйса,
Сықылдайды, күледі,
Төбесінен жарқылдап,
Жалындатып күйрейді.
Бәсеңдесе жалыны,
Инеменен түйрейді.
Бар екен бір азырақ іште суы,
Бұл өзі бір талайдан екен қуы.
Бір-ақ қарыс темірді түртіп қойсаң,
Шығады ашуланып сыртқа буы.
Бір нәрсе қатпар қарын гүрілдеген,
Ішінде қуаты бар көрінбеген.
Адамзаттың қолында ықтияры,
Жұмыстан өзі ешбір ерінбеген.
Тамыр-тамыр тамаша,
Тұрған бойы аласа.
Дүниенің жүгін бітіреді,
Адамға барып жанаса.
Шұбар ала қызым бар,
Тұмсығында бізі бар,
Келіп кетер тоқтамай,
Артынан түскен ізі бар.
Ой желке, қамыс құлақ, жібек жалды,
Иесі мәпелейді жануарды,
Суарып анда-санда бір шалдырса,
Білмейді қысы-жазы арығанды.
Базардан келген бір тайлақ,
Басын қойдым байлап.
Байласам да тұрмады,
Ор текеше ойнап.
Күміс құйрық, жібек жалды,
Ой желке, қамыс құлақ, серке санды.
Әрі бері жауменен шапқыласып,
Бәрін де қырып-жойып басып алды.
Бар екен бір жеңешем қап-қара тас,
Жемейді, ішпейді де, болмайды мас.
Халықтың бәрін тегіс киіндіріп,
Дүниеден өткен өзі жалаңаш.
Ғажайып кемпір көрдім жалғыз аяқ,
Аузына тістегені жалғыз таяқ.
Табаны жалтыр мұздан бір таймайды,
Зырлайды күні-түні аянбай-ақ.
Жансызды жалғыз аяқ зарлатады,
Аяғын бір көтеріп, бір басады.
Апырмай бұл не екенін біле алмадым,
Айында тітімдей-ақ нәр татады.
Жоғарыда айдадым,
Белін жіппен байладым.
Сыпыра тақта астында,
Шалып, қағып ойнадым.
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі