Спорт бұйымдары, ойын туралы жұмбақтар

Бұл бөлімде Спорт бұйымдары, ойын туралы жұмбақтар бойынша қазақша жұмбақтар жинақталған. Қызықты және танымдық сұрақтар берілген. Әр жұмбақтың жауабы бірге көрсетілген. Мұндай тапсырмалар ойлау қабілетін дамытуға көмектеседі.


Байлаулы екі аяғым,
Қолымда екі таяғым.
Зырлаймын қардың үстімен,
Озамын атты кісіден.

Шаңғышы


Адасқанда ал қолыңа,
Бағыт берер ол жолыңа.

Компас


Шiк түстi,
Бүк түстi.
Алшы тұрды,
Тəйке тұрды,
Омпа тұрды.
Шеше алады
Ал кiм мұны?

Асық


Зулап түсiп төменге,
Шықпас менсiз төбеге.

Шана


Iшiн желмен толтырдым,
Қуалап жүрiп болдырдым.

Доп


Табанға тақтым,
Жалпаң қақтым,
Зырлап бақтым.(Коньки)

Коньки


Тебесің сен бір,
Тебемін мен бір.
Түсі теңбіл,
Көнбіс зат ең бір.

Футбол добы


Тебесің сен бip,
Тебемін мен бip,
Көнбіс зат ең бip.

Футбол добы


Қозғамасаң — құлайды,
Сүйемесең — сұлайды.
Құйымшақта ері бар,
Бұл не деген жануар?

Велосипед


Жазда жатса тыныстап,
Дейді қыста «жұмыс тап!»
Тауға шықсаң жетекте,
Қашады алып етекке.

Шана


Алпыс төрт тең бөлмеде
Отыз екі тұрғын бар:
Ақ, қара ғып бөлгенде
Бірін бірі қуғындар.
Ханы үшін де, жаны үшін
Бермейді олар намысын.

Шахмат


Жылға дер ем — ақпайды,
Жылан дер ем — шақпайды.

Арқан


Алпыс төрт бөлмеде
Отыз екі тұрғын бар
Ақ қарағып бөлгендер
Бірін-бірі қуғандар
Ханы үшін де, жаны үшін де
Бермейді олар намысын.

Шахмат


Табаныма байладым,
Қос таяқпен айдадым.

Шаңғы


Жазда қайрандайды,
Қыста сайрандайды.

Шана


Ойға қарай зулайды,
Сенсіз өрге бармайды,
Жетелесең қалмайды.

Қол шана


Шіркіннің өзіне обал-ақ,
Жүреді аяқта домалап.

Доп


Қыстай жегіп қос атты,
Көктем шыға босаттым.

Шаңғы


Әуеде
Дәу қарынды үрдім де,
Аузын байлап бүрдім де,
Төмен қарай сүйредім,
Ауада еркін биледім.

Парашют


Біздің үйде бір қыз бар,
Көзі бар, көрмейді,
Аузы бар, жемейді,
Қолы бар, ұстамайды,
Аяғы бар, жүрмейді.

Қуыршақ


Ақ шатыр,
Ақ шатырдың ішінде
Ақ ала көйлек қыз жатыр.

Қуыршақ


Жазда жатса тынысып,
Дейді қыста жұмыс тап,
Тауға шықсаң - жетекте,
Қашады алып етекке.

Шана


Қос аяқ жүрген қуып,
Жел шықтан үрген қуық,
Бірде жөн, бірде лағып,
Қашады зыр-зыр қағып.

Футбол


Ұрсаң қатты зырлайды,
Жерге қарғып тұрмайды.
Тиіп кетсе басыңа,
Еш бір зиян қылмайды.

Доп


Өзі кішкене дөп-дөңгелек,
Тапшы, қане біле алсаң.
Өзіңнен де биікке асады,
Мықтап жерге ұра алсаң.

Доп


Нәзік белі бұралған,
Ұшы біздей қадалған.
Қар үстінде жорғалап,
Басқан ізін бояған.

Коньки


Орай бұты, бөкен сырты,
Іші бар, ішегі жоқ.

Асық


Екі атасы бар,
Он сегіз анасы бар.
Он сегіз анасының әр қайсысында
Тоғыз-тоғыздан баласы бар.

Тоғыз құмалақ ойыны


Мен көрдім өзі жансыз сегіз еркек,
Келгенде аларманға адам тентек.
Ішінде сол қосынның төрт әйел бар,
Жүреді елу екі қол жетелеп.
Және де екі патша басында отыр,
Үкімі сол шіркіннің тым-ақ тентек.

Ойын картасы


Дүниеде бір нәрсе бар төрт бұрышты,
Топ кісі жиылып-ап келді, тұрысты.
Әр қайсысының төрт жүзден әскері бар,
Жиылды барлығы, қатты ұрысты.

Карта ойнау


Екі жүз он алты екен қара солдат,
Төсектен отыз алты өреді аңдап,
Балталы батыр бағлан қойған атын.
Олардан басым шыққан сегіз қатын,
Қолына дүние түрлі гүлдерді ұстап,
Түзетіп отырады екен салтанатын.
Бар екен сегізінің сегіз байы,
Төрт текше болады екен оның жайы
Қорқытқан ол сегізі төрт батыры
Олардың батырлықтан жоқты жайы
Бұл сөзім емеурінсіз емес жалған,
Әр жерде болмай ма екен осындайы.

Карта ойыны


Жайлаған бір аралда бір топ киік,
Жүрерге аяғы жоқ жерге тиіп,
Бәрінің қатар жүрсе бойы бірдей,
Біреуінен біреуінің көңілі биік.
Еш адам ол киікті жаратпайды,
Ішінде жалғыз мүйіз еркегі бар,
Бетіне еш біреуді қаратпайды.

Ойын картасы


Бір патша бар екен төрт көзі бар,
Атылас, шайы киген төрт қызы бар,
Қисабы бәрі өзінің отыз алты,
Сегіз ұлы бар жау жарақты.

Ойын картасы


Мен көрдім өзі жансыз сегіз еркек,
Оларға үйір болған адам тентек.
Сегіздің ортасында төрт әйел бар,
Жүреді жиырма төрт тай жетектеп.

Ойын картасы


Өз еркі ұшсын-қонсын мекеніне,
Алты ұра үйректерге тұр лайық.
Бүйірден бидайық кеп тиген кезде,
Табуы ұяны үйрек болар ғайып.

Биллиард


Таусыз жерде,
Сусыз шөлде,
Жансыз жаунгерлер,
Қарусыз соғысады.

Шахмат, дойбы


Ғажайып жамбыл көрдім төрт бұрышты,
Жиылып патша, солдат көп ұрысты.
Қолында қару-жарақ сайманы жоқ,
Ары-бері ұрысты да жай болысты.

Дойбы, шахмат


Дария үсті тақтай, асты тақтай,
Ұшады жиырма төрт үйрек қанат қақпай.
Жем сұрайды он екісі бөлініп ап,
Жайылмас өз бетімен адам бақпай.

Дойбы


Бір дөңде жиырма төрт жан төбелескен,
Қызығы төбелессе, қалмайды естен,
Жері бар отыз екі майдан ашқан,
Білмейді басқа кәсіп төбелестен.

Дойбы


Бір шаһар жаратылды бітеу қақпа,
Жүргізіп патша отыр алтын тақта.
Уәзірі он екіден -жиырма төрт,
Әр уәзір алыс жерде әр уақытта.

Дойбы

Жұмбақ бөлімдері мен түрлері

Жұмбақ жауабымен: балаларға, логикалық, қызықты және тақырыптық бөлімдер.