От пен жарық туралы жұмбақтар – 2-бет


Жапанда бір бәйтерек жалғыз біткен,
Басына бір азамат мекен еткен.
Пайдасы жұртына бар, өзіме жоқ,
Басынан алтын шоғы ұшып кеткен.

Шам


Бір нәрсе әділ етті,
Әділ етті де өліп кетті.

Шам


Ояғы дуалша,
Бұяғы дуалша.
Ортасында молда бала.

Шам


Ақ тауға бір бәйтерек қарсы біткен,
Басына бір адамзат мекен еткен.
Әділдігі елге бар, өзіне жоқ,
Ақырында өз басына өзі жеткен.

Шам


Бір тон бар өте әлді болған түзік,
Ешкімге қарамайды түсін бұзып.
Жаман-жақсы пайдасы көпке бірдей,
Сол себепті біз көрдік қанша қызық.

Шам


Дүниеде бір сұлу бар жылтыраған,
Көргенде жел мен суды қалтыраған.
Сен оны қасына алып жүре қалсаң,
Нәрсе жоқ қараңғыда табылмаған.

Шам


Іші қара,
Тысы ақ.

Мұржа


Жұмбағым жұты қара,
Таба алмаған кісінің беті қара.

Көсеу


От басында ұзын темір.

Көсеу


Үйге кіріп ақ бала,
Болып шықты қап-қара.

Көсеу


Кілті жоқ суырмалы бір сандық бар,
Ішінде елу екі тайлағы бар.
Тайлақты қасына алып еңбек еткен,
Адамға оның өте керегі бар.

Сіріңке


Бір нәрсе төрт бұрышты білесіз бе,
Жаны жоқ қимылдауға денесінде.
Ішінде жансыз шоқпар тығулы тұр,
Қажетін кешке жақын білесіз де.

Сіріңке


Іші алпыс, екеу екен сырттан қабы,
Байланыс тіршілікпен мұның жаны,
Сырты да әкесінен ажыраса,
Ешқандай болмайды екен мұның сәні.
Пайдалы адамзатқа болғаннан соң,
Қолынан тастамайды елдің бәрі.

Сіріңке


Қамалып бір сарайда солдат жатқан,
Далаға шыққандары мылтық атқан.
Салмағы аз бұл сарайдың солдатында
Ойланып милы кісі мұны тапқан.

Сіріңке


Өзі ала,
Жан-жағы қара,
Ортасында бала,
Баласының басы қара.

Сіріңке


Сен өзің сандықсың ба, сарайсың ба,
Қайтадан мүлік болып жарайсың ба?

Сіріңкенің қорабы


Ағаштан үй салдырдым аузы ашық,
Ішінде елу жігіт қылар кәсіп,
Біріне ажал жеткен уақытта
Кетеді жанып, елге пайда шашып.

Сіріңке


Бір үйде тұрады екен жетпіс батыр,
Үй сыртына сүйкенсе-ақ өліп жатыр.

Сіріңке


Бір бөлмеде көп тентек,
Әрқайсысы отпен тең,
Жатпайды олар біз-сіз деп,
Шыға келер шыж-быж деп.

Сіріңке


Кішкене ғана мүсәтір,
Ол мүсәтір жоқ болса,
Елдің бәрі мүсәпір.

Сіріңке


Кішкентай ғана арық,
Іші тола балық.

Сіріңке


Елу тентек тып-тыныш,
Бір сарайда жатады.
Тысқа шықса біреуі,
Жарқ етіп от шашады.

Сіріңке


Бір қорада қамалған сансыз жануар,
Әрқайсысының басында тұрған панар.
Аңдаусызда сүйкеніп тиіп кетсе,
Тыз етіп сол жануар от боп жанар.

Сіріңке


Кішкентай ғана сандығым,
Өмірге керек жабдығым.
Сандығыммен бітірем,
Керегімнің барлығын.

Сіріңке


Тас таяқ қағысар да соғысар,
Ортасында бөдене, қырғи келіп қағысар.

Шақпақ тас


Пеш ішінде отырмын,
Өзім шикі қотырмын,
Қотырыма тимеңдер,
Өлейін деп отырмын.

Шала жанған қоламта


Болат жапырақ,
Батпан топырақ.

Шоқ, күл


Көк көйлекті жеңешем
Көлбең-көлбең етеді,
Артындағы баласы
Елбең-елбең етеді.

Түтін


Қарны жуан қампайған,
Серейіп бойы талтайған.
Ерте-кешке бір жазық,
Тапа-тал түсте жантайған.

Түтін


Үй үстінде ақ аю билеп тұр.

Түтін


Жұмбағым жұтылды,
Көкке қарай тұтылды.

Түтін


Ана ауылдың бурасы,
Мына ауылдың бурасы,
Желкілдейді шудасы.

Түтін


Көк итім көкке қарап ұлиды.

Түтін


Көк өгізім жүреген,
Мүйізін көкке тіреген.

Түтін


Көк лағым көлеңкеде сүйретіліп барады.

Түтін


Ұзыннан ұзақ,
Көкке тұзақ,
Балапан жапырақ,
Батпан топырақ.

Түтін мен күл


Атасы аяғын кигенше,
Ұлы базарға барып қайтар.

Түтін


Шешесі мәсісін кигенше,
Қызы Мәскеуге барып қалды.

Түтін


Ұзыннан ұзақ,
Көкке тұзақ.

Түтін


Арқаға міндім, хан болдым,
Үйге келдім, құл болдым.
Отқа жандым, күл болдым.

Отын

Жұмбақ бөлімдері мен түрлері

Жұмбақ жауабымен: балаларға, логикалық, қызықты және тақырыптық бөлімдер.